Ауыр нәжістер арақ-шарап



Дата17.07.2017
өлшемі159.65 Kb.
#39967
АУЫР НӘЖІСТЕР



  1. Арақ-шарап. Аллаһ тағала Құран Кәрімде:

«Ей, иман келтіргендер! Расында, арақ-шарап, құмар, пұттар және бал ашатын тастар – шайтанның әдіс-амалынан болған лас нәрселер. Олардан шеттеңдер! Сонда құтыласыңдар»[1], – деп айтқан.

Аяттағы رجس – العذرة (нәжіс) және الاقذار (лас нәрселер) деген мағыналарды білдіреді. Кейбір ғұламалар аятта харам етілген төрт нәрсенің барлығы болмысы тұрғысынан емес, ауыспалы мағынада нәжіс саналады деген. Дегенмен көпшілік ғұламалардың, оның ішінде төрт имамның көзқарастарында нәжіс үкімін арақ- шарапқа тура мағынада қолданған. Ханафи ғұламаларының бірі имам өзінің «Бәдәәи` ас-Сонааи`» атты кітабында: «Арақ-шарапты аз және көп мөлшерде қабылдау үкімі – харам. Сондай-ақ ол нәжістің ауыр түріне жатады. Дирхамның көлемінен көбірек мөлшерде тиген киімде намаз оқуға тыйым салынады. Өйткені Аллаһ тағала оны Құран Кәрімде лас нәрсе деп атаған», – деген. Арақ-шараптың харам болуындағы айқын себеп – мас қылуы. Мас қылу қасиеті спиртке де тән болғандықтан, ішке қабылдау мәселесінде спирттің [2] де үкімі – харам. Ал медицина тұрғысынан спирт көпшілік қажетсінетін затқа айналғандықтан, дәрі егілетін орынды сүртуге, жараны тазалауға, шарасыз жағдайларда тек сырт ем үшін қолдануға рұқсат етіледі. Денедегі не киімдегі спирт тиген орынның намазға жіберу-жібермеуі ауыр нәжістің көлеміне тәуелді. Сыра да спирттік ішімдіктер қатарына жатады. Сол себептен оның да аз және көп мөлшері – харам.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мас қылатын әр ішімдік – шарап, сондай-ақ мас қылатын әр ішімдік – харам», – деп айтқан [3].

Тағы бір хадисінде: «Көп мөлшері мас қылатын ішімдіктің аз көлемі де – харам», – деген [4].

Сондай-ақ, «Мас қылатын әр ішімдік – шарап», – деген дәлел бойынша сыра болмысы тұрғысынан ауыр нәжіске жатқызылады.

Кейінгі уақытта пайда болған алкогольсіз сыраның үкімі жайында қазіргі заман ғұламаларының ижтиһадтары өзара қайшылық тауып, біреулері халалға, екіншілері харамға санайды. Халал деп пәтуа бергендер оның құрамында спирттің мүлде болмауына немесе қанша ішілсе де мас қылмайтын мардымсыз мөлшерде болуына негіздеген. Ал, «Көп мөлшері мас қылатын ішімдіктің аз көлемі де – харам», – деген хадис мас қылатын нақты спирттік ішімдіктің аз көлемін ішуге тыйым салынатын білдіреді деп түсіндіреді. Сондай-ақ олар тек өз елдерінде шығатынан сыра түрлеріне ғана кепілдік береді. Ал екіншілері, мас қылатын зат спирт болғандықтан, спирт аз көлемде араласса болғаны, ол харам үкімінен құтыла алмайды деген. Олар бұл хадистің мағынасын екінші хадиспен түсіндіреді.

Ол пайғамбарымыздың (ﷺ): «Мас қылатын әр ішімдік – харам. Фарқ [5] мөлшеріндегі мас қылатын ішімдіктің алақанды толтырар мөлшері де – харам», – деген [6] хадисі. Қазіргі кездегі ғұламалардың бірі Усама Абдулкарим ар-Рифа′и араб елдерінде шығарылатын алкогольсіз сыраның құрамын арнайы лабораторияға барып тексергенде оның құрамында 0,004г спирттің бар екендігін анықтаған.

Ал ТМД елдерінде эксперттердің айтуынша сатылатын алкогольсыз сыралардың құрамында 0,2 мен 1,5 аралықтағы пайызды құрайды. Сыраның құрамында спирт мүлде болмаса да, оның денсаулыққа тигізетін зияндары бар. Мысалы, ер кісілер сыраны жүйелі түрде қабылдай беретін болса, ағзадағы еркектік тестостерон жыныстық гормонының өнуі бәсеңдеп, оның орнына әйелдің жыныстық гормоны өне бастайды. Уақыт өте емшек бездері өсіп, жамбастары ұлғаяды. Ал сыра ішетін әйелдер рак ауруына шалдығады, дауыстары өзгереді. Аяғы ауыр әйелдер оны мас қылмайды ғой деп ішіп, бүгін ешнәрсе сезбеуі де мүмкін. Бірақ ол өз қатесін ертең дүниеге келетін нәрестесінің денсаулығынан көрмесіне кім кепіл?! Сондай-ақ алкогольсіз сыра нарықтан жоғалған күні сыра ішушілердің сыраның басқа түрлерін іздемеуіне, уақыт өте спирттік ішімдікке салынбайтындығына кепілдік бар ма?! Аллаһ тағала жақсырақ біледі.



  1. Сорғалап аққан қан. Аллаһ Тағала Қасиетті Құранда:

«(Ей, Мұхаммед!): «Өлімтікті, сорғалап аққан қанды, доңыз етін айтпағанда, мен өзіме уахи етілген нәрседе тамақтанушы кісі үшін арам нәрсе көріп тұрғаным жоқ...», – де»,[7] – деген.

Сорғалап аққан қан дегеніміз – бауыздалған малдың күре тамырынан, сондай-ақ тірі хайуанның жарақаттанған денесінен аққылаған қан. Ал «бисмилләмен» бауыздалған соң, еттегі, бауыр мен көкбауырдағы және тамыр бойында қалған қандар, сондай-ақ балықтың қаны абсолютті түрде нәжіс саналмайды.

Аллаһтың Елшісі (ﷺ): «Сендерге екі түрлі өлімтік және екі түрлі қан адал етілді. Екі түрлі өлімтік дегенім – балық пен шегіртке, екі түрлі қан дегенім – бауыр мен көкбауыр», – деп айтқан. [8]



  1. Адамның зәрі мен қиы, құсығы, денесінен ағып тұрған қан, ірің, мүшесінен бөлінген шәует, мәзи, уәди сулары, сондай-ақ әйел кісіге қатысты етеккір мен нифас қандары. Бұл қатарға сәбидің де зәрі мен құсығы кіреді.[9]

Аллаһтың Елшісі (ﷺ) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып: «Расында, бұл екеуі қабірлерінде азап шегуде және азапты үлкен күнә үшін көріп жатқан жоқ, бұл екеуінің бірі зәрден сақтанбайтын, ал екіншісі өсек таситын. Сосын көк бұтақты алып, оны қақ ортадан бөліп, әрқайсысын әр қабірге шаншыды. Адамдар: «Ей, Аллаһтың Eлшісі, бұны неге істедіңіз?», – деп сұрады. Ол: «Мүмкін, бұл екеуі қурап біткенше, екеуінен азапты жеңілдетер»; [10]

Тағы бір хадисте: «Ешбіреуің суға түсетін жерінде дәрет сындырмасын! Сосын онда жуынбасын!», – деген. [11]

Әли ибн Әби Талиб (Аллаһ тағала оған разы болсын): «Мен мәзи суы көп келетін адамдар қатарынан едім. Бұл жайында Аллаһ Eлшісінен (ﷺ) сұрауға ұялып, Миқдад ибн Асуадтың сұрауын өтіндім. Ол сұрап келді. Пайғамбар (ﷺ) : «Ол үшін дәрет алынады», – деді деп айтқан. [12]

Ибн Әби Шайба «Мусоннафында» (1/91): Ибн Аббас пен Айша анамыздың (Аллаһ тағала оларға разы болсын) және Мужаһид пен Икриманың: «Шәует, мәзи [13] және уәди сулары: шәует үшін ғұсыл құйыну парыз, ал мәзи мен уәди үшін мүшені жуып, дәрет алу парыз», – деген. Әйел кісінің қынабындағы әдеттегі табиғи дымқыл имам Әбу Ханифаның көзқарасында, шафиғилердің көпшілігінде және ханбали мәзһабында кең тараған көзқараста таза [14], ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарасында, мәлики мәзһабында, шафиғилердің бір сөзінде және ханбалилердің бір риуаятында нәжіс саналады.

Бізде және мәлики мәзһабында мәни суы адамдыкі болсын, хайуандардыкі болсын, мүлде нәжіс саналады. Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын) мәни суы жайында:

«Аллаһ елшісінің (ﷺ) киіміне жұққан шәуетті жуып кетіретінмін. Ол намазға шыққанда киімінің жуылған жері көрініп тұратын», [15] – десе,

Tағы бір сөзінде: «Аллаһтың елшісінің киіміне жұққан шәуетті, егер кебу болса, ысқылап кетіретінмін, дымқыл болса, жуатынмын»,[16] – деген.

Бұл хабарға сай бізде киімге жұққан мәни суы дымқыл болса, сумен жуып тазарту, ал кебу болса, жумай-ақ ысқылап тазарту – парыз. Ал басқаларда мәни суы нәжіс емес, таза саналады. Сол себептен оларда мәни тиген орынды жуып болсын, ысқылап болсын тазарту – мустахаб.[17]


  1. Доңыз. Доңыз бүкіл болмысымен нәжіс саналады. Аллаһ Tағала:

«(Ей, Мұхаммед!): «Өлімтікті, сорғалап аққан қанды, доңыз етін айтпағанда, мен өзіме уахи етілген нәрседе тамақтанушы кісі үшін арам нәрсе көріп тұрғаным жоқ...», – де», – деген. [18]

Әбу Хурайра (Аллаһ тағала оған разы болсын) Пайғамбардың (ﷺ):



«Расында, Аллаһ шарапты және оның құнын, өлексені және оның құнын, доңызды және оның құнын харам етті», – дегенін жеткізген. [19]

  1. Еті арам хайуанаттардың және жыртқыштардың зәрі, нәжісі және сілекейі. Бізде иттің сілекейі, зәрі, тезегі және мәни суы болмаса, жалпы болмысы мен денесі нәжіс емес.[20] Аллаһтың Eлшісі (ﷺ):

«Біреудің ыдысын ит жаласа, жеті мәрте жусын және бірінші мәртеде топырақпен [21] тазартсын!», – деген. [22]

Біздің мәзһабта ит жалаған ыдысты жеті мәрте емес, үш мәрте жуу – парыз. Ең маңыздысы, ыдыстың не басқа нәрсенің нәжістен нақты тазарғанына көз жеткізу. Үш мәртеден асыра жуу – мустахаб. ад-Дарақутни сахих иснадпен [23] Атодан – Әбу Һурайраның:



«Ыдысты ит жалаған кезде, ондағы нәрсені төгіп тастаңдар, сосын үш мәрте жуыңдар!», – деп айтқанын риуаят еткен.

Тағы бір хадисте: «Аллаһ Eлшісі () заманында иттер мешіттер аумағында зәр шығарып, келіп, кетіп жүрген. Сонда адамдар олар жүрген орындардың ешқайсысына су сеппеген», – делінген. [24]

Сондай-ақ адамдар оны күзетке, аңшылыққа, малды қайыруға, тағы да басқа қажеттеріне пайдаланады. `Ади ибн Хатим (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардан (ﷺ) сұрағанымда, Oл (ﷺ):

«Қолға үйретілген итіңді жібергеніңде, ол олжаны өлтіріп алдыңа әкелсе, жей бер. Егер өзі жесе, сен жеме, өйткені онысы өзі үшін ұстағаны», – деді. Мен: «Кейде итімді жіберген кезде оның қасынан тағы бір ит табылады», – дедім. Ол (ﷺ): «Онда жеме! Өйткені сен өз итіңді ғана «бисмилләмен» жібердің ғой. Ал басқа итке «бисмилләны» айтпадың», – деді», - деп айтқан.[25]


  1. Өлімтік. Ұрылып, пышақ шаншылып, сүзісіп, құлап, қылқынып, уланып, электр тогымен өлген құрлықтағы жануарлар, еді адал болсын, арам болсын, өлімтік саналады. Олардың өлімтіктері ауыр нәжіске жатады. Ал өзендерде, көлдерде және теңіздерде өмір сүретін хайуанаттардың өлімтіктері таза саналады. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын):

«Бір кісі Пайғамбардан (ﷺ) «Ей, Аллаһтың Елшісі (ﷺ), біз теңізге шықан кездерімізде өзімізбен бірге азғантай су аламыз. Онымен дәрет алсақ, шөлімізді басар нәрсе таппаймыз. Теңіз суымен дәрет алсақ, бола ма?», – деп сұраған. Аллаһ Елшісі (ﷺ) : «Оның суы – таза, өлімтігі – адал», – деді деп риуаят еткен.[26]

Шегіртке, шаян, ара, шыбын секілді қаны мардымсыз, ағатын қаны жоқ жәндіктердің өлімтіктері нәжіс емес. Бұлардың ішінде Пайғамбарымыз тек шегірткені ғана жеуге рұқсат еткен. Құрлықтағы өлекселердің жүндері, иленген терілері, кепкен сүйектері, мүйіздері, тұяқтары, тістері біздің мәзһабта таза саналады Өйткені бұл нәрселер жеке болмысқа ие болып, өлексе ұғымынан ажырады. Бисмилләмен бауыздалған еті арам хайуанаттардың сүйектері, сондай-ақ бауыздалмай табылған еті адал не арам болған өлексенің сүйектері, майынан толық тазаруы арқылы ғана таза саналады. [27] Абдулла ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) жеткен риуаятта:

«Аллаһ Eлшісі (ﷺ) өліп қалған қойдың қасынан өткенде: «Мынаның терісін илеп, пайдаға асырмадыңдар ма?», – дегенде олар: «Бұл өлексе ғой!», – деді. Ол (ﷺ): «Оның жеу ғана – харам», – деді», - деп айтқан. [28]

Әбу Дәуд пен Ахмадтан жеткен риуаяттарда Аллаһ елшісі (ﷺ) Сәубанға (Аллаһ оған разы болсын):



«Ей, Сәубан! Фатимаға сүйектен жасалған алқа және `ааждан жасалған екі білезік сатып әкелші!», – деген.

«`Ааж» сөзі арабтардың жалпы ғұрпында көбіне пілдің сыртқа шығып тұрған мүйіз секілді тістерін білдіреді. Алайда мухаддистер бұл хадисте оның екінші мағынасын, яғни тасбақаның қабыршағы көзделеді деп түсіндірген. Сондай-ақ олар бұл хадисті әлсізге шығарған. Алайда имам әл-Бұхари өзінің «Сахихында» Хаммадтың: «Өлексенің жүнін (қауырсынын, қылын) пайдалануда зиян жоқ», әз-Зухридің піл және тағы басқа өлекселердің сүйектеріне қатысты: «Алдыңғы ғұламалардан көп адамдарға кездескенмін. Олар сондай нәрселермен шаштарын тараған, оларда май сақтаған, бұл істі зиянға санамаған», Ибн Сирин мен Ибраһимнің: «`Аажды сату ісінде еш зиян жоқ», – деп айтқандарын келтірген.[29]

Ал, тері үкіміне қатысты Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Eлшісінің (ﷺ):

«Тері иленсе, таза болады», – деді деп айтқан. [30]

Ханафи [31], мәлики [32], шафиғи [33] және ханбали [34] мәзһабтары бойынша доңыздың бүкіл болмысы – харам және иленсе де терісі нәжіс саналады. Олардың дәлелдері: Біріншіден, доңыз бүтіндей, еті де сүйегі де терісі де нәжіс саналады. Терісі илену арқылы бәрібір тазармайды. Өйткені ол жұққан нәжіс үкімінде емес, болмысы тұрғысынан нәжіс үкімімен жаралған. Екіншіден, доңыздың жер бетіндегі тіршілігі оны нәжіс үкімінен ада етпейтіні секілді, илеу ісі де оның терісін нәжіс сипатынан арылта алмайды. Үшіншіден, доңыздың терісі – оның бір бөлігі, тірі кезінде қалай нәжіс саналса, өлгеннен соң тіпті нәжіс саналады. Сол себептен еті секілді терісін де дайым нәжіс деп санауымыз – парыз.

Бізде тек қана Әбу Юсуп доңыздың терісі илену арқылы тазарады деген көзқарасты ұстанған.[35] Оның дәлелі: Пайғамбарымыздың (ﷺ):



«Қандай тері болсын, иленсе, таза болады» [36] – деген хадисі.

Оның ижтиһадында бұл хадистің көрнекі мағынасы барлық хайуанаттардың терілерін жалпылап тұр. Ал басқаларда бұл хадис жалпылаушы үкімді білдіргенімен, доңыздың терісі ол қатардан шығарып тасталған. Сондай-ақ олар тірі кезінде болмысы нәжіс саналатын доңыз өлгеннен соң нәжіс саналуға тіпті лайықтырақ [37] деген көзқарасты алға тартады. Біздің мәзһабта адам мен доңызды айтпағанда, өлген хайуанның терісі илену арқылы тазарады. Ондай теріден тігілген киімде және үстінде намаз оқуға, сондай-ақ одан жасалған местегі сумен дәрет алуға болады.[38]

Бұл хадистің себебіне назар аударсақ, Муслимның «Сахихында» ол Маймуна анамыздың (Аллаһ оған разы болсын) өліп қалған қойына қатысты айтылған. Сол себептен доңызды нақты атаған Құран мен сүннет дәлелдері «Қандай тері болсын, иленсе, таза болады» деген хадистің мағынасынан нақтырақ және күштірек.


  1. Ауада емес, жерде жүріп тастайтын тауық, асыранды үйрек және қаз тәрізді құстардың саңғырығы. Фиқһ негіздерінде «′умум әл-балуа» деген мәселе бар. Бұл барша мұсылмандардың өмірінде құлшылықпен қатар жүретін қажеттіліктер мен әрдайым сақтануымыз қиынға соғатын нәрселерге қатысты жағдайымыздың үкімін айқындайтын мәселе. Аллаһ Tағаланың Құран Кәрімде:

«Аллаһ сендерге жеңілдік қалайды және Ол сендерге ауырлық қаламайды»;[39]

«Аллаһ кісіге шамасы келетін нәрседен басқасын жүктемейді»;[40]

«Ол сендерге дінде ауырлық қылмады»,[41] – деген аяттарына негізделген.

Белгілі себептерге сай жұма намазы парыздығын мұсылманның мойнынан түсуі, дәреттің орнына таяммумның жүруі, сапар үшін төрт рәкағат намазды екі рәкағатқа қысқаруы, зәрулік жағдайда, мысалы қатты аштықта тыйым салынған өлексенің етінен жеу секілді жеңілдіктер, яғни рұқсат үкімдер шариғатта заңдылық тапқан. Өйткені сапар, ауру секілді жағдайлар адам өмірінен еш ажырамайды.

Сол секілді ауылды мекендерде асыранды малдар мен құстардың зәрлері мен нәжістерінен әрдайым сақтану қиынға соғуы себепті олардың белгілі бір мөлшерде денеге не киімге тиюі мен жұғуы намазға жібереді деп есептеледі. Ол мөлшер нәжістің ауыр не жеңіл болып бөлінуіне сай белгіленген.

Шафиғилерде еті адал жануар бауыздалса, бауыздалуы арқылы бүкіл дене мүшелері таза болады. Оның терісін де пайдалануға болады. Ал еті арам хайуанат бауыздалса, нәжіс болып қала береді. Оның дене мүшелері де терісі де тазармайды. Ит пен доңызды қоспағанда, «Қандай тері болсын, иленсе, таза болады» деген хадистің негізінде еті арам хайуанаттардың терілері илену арқылы тазарады. Сосын оларды пайдалануға болады. Ал ит пен доңыздың терілері иленумен әсте тазармайды. Ас-Сархасидің айтуынша, үйрек асыранды және жабайы болып екі түрге бөлінеді. Асыранды үйректің саңғырығы тауықтыкі секілді нәжіс, ал жабайы үйректікі кептер пен торғайдыкі секілді таза саналады.[42]



  1. Еті адал жануарлар мен малдардың тезектері мен құмалақтары. Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын):

«Пайғамбар (ﷺ) әжетханаға келіп, маған үш кесек тас әпкелуімді бұйырды. Мен екі кесек тас таптым. Үшіншісін іздеп таппадым. Орнына бір тезек әкелдім. Ол екі кесекті алып, тезекті тастай салды да: «Бұл – нәжіс», – деп айтты деген.[43]

Осы хадистің негізінде имам Әбу Ханифа еті желінетін және еті желінбейтін малдардың тезектерін абсолютті түрде ауыр нәжіске жатқызған. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің келісімді көзқарасында мал ұстайтын мекендерде тұратын адамдарға нәжістің бұл түрінен сақтану қиынға соғуы себепті еті желінетін (қой-ешкі, сиыр, жылқы, түйе) және еті желінбейтін (қашыр, есек) секілді малдардың тезектері абсолютті түрде жеңіл нәжіс саналады. [44]



«Ислам ғибадаты» кітабынан

[1] «әл-Маида» сүресі: 90

[2] Спирт әртүрлі болады. Медицинада тазартылған 96% немесе 70%-тік этил спирті (этанол) қолданылады. Ол «медициналық спирт» деп аталады. Спирттің пайдалы қасиеті - инфекцияны жояды. Тағы ол тері илеуге пайдаланылады. Бүгінгі күнгі кейбір мүжтаһидтердің көзқарасында құрамында аз мөлшерде спирті бар дәрілерді ішке қабылдауға, спирті бар кремдерді, ауыз қуысын тазартушы сұйық құралдарды шарасыз жағдайларда пайдалануға болады.

[3] «Сунан Ибн Мажа»: 2/1124. Абдулла ибн Омардан (Алла оларға болсын). Дәрежесі: сахих.

[4]«Сунан Ибн Мажа»: 2/1124. Абдулла ибн Омардан (Алла оларға болсын). Дәрежесі: сахих.

[5] Фарақ дегеніміз – 9,3 л.

[6] «Сунан ат-Тирмизи»: 4/293. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен. Дәрежесі: сахих.

[7] «әл-Әнғам» сүресі: 145

[8] «Сунан Ибн Мажа»: 2/1102. Абдулла ибн Омардан (Алла оларға болсын). Дәрежесі: сахих.

[9] Ханафилер мен мәликилерде өздеріне тән фиқһ негіздері бойынша емшектен шыққан болсын, шықпаған болсын, бала ма қыз ба, сәбидің зәрі, мүлде нәжіс саналады. Тазалық жүзеге асуы үшін орны толық жуылуы шарт. Алайда мәликилер сәбидің зәрінен әрдайым сақтанып жүрген емізушіні бұл міндеттен босатып, немқұрайды қараған емізушіге үкімді бекітеді. Ал шафиғилер мен ханбалилерде өздеріне тән фиқһ негіздері бойынша емшектен шығуы және шықпауы, сондай-ақ бала мен қыз тұрғысынан, сәбиді айырып таниды. Емшектегі сәби бала болса, тек ана сүтімен қоректену шартымен, зәрінің орнына су себу жеткілікті. Ал қыз болса, орны толық жуылады. Ал емшектен шыққан сәбидің зәрі үкімінің нәжістігіне қатысты мәзһабтар арасында қайшылық жоқ.

[10]«Сахих әл-Бухари»: 1/54. Абдулла ибн Аббастан (Алла оларға разы болсын) жеткен.

[11] «Сунан Әби Дәуд»: 1/11. Абдулла ибн Муғаффалдан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен. Дәрежесі: сахих. Ал имам Ахмадтың риуаятында: «...Сосын онда дәрет алмасын! Расында, күмән туа беру уәсуәсінің бәрі содан туады», – деп айтылған.

[12] «Сахих әл-Бухари»: 1/46.

[13] «Мәзи» дегеніміз жыныстық қатынасты ойлау нәтижесінде шәһуаттың қозуымен атылмай бөлініп шығатын мөлдір су. «Уәди» дегеніміз зәрден кейін немесе ауыр көтергенде бөлініп шығатын бұлдыр әрі жылы, ақ түсті су.

[14] Сол секілді бізде жаңа туған нәрестенің денесіндегі дымқыл, әрине, егер қан араласпаған болса, таза саналады.

[15] «Сахих әл-Бухари»: 1/55.

[16] «Сунан ад-Дәрақутни»: 1/125. Дәрежесі: мурсал. әз-Зәһаби иснады күшті деген.

[17] «әл-Фиқһ әл-Ислами уа Адиллатуһу»: 1/315-316.

[18] «әл-Әнғам» сүресі: 145

[19] «Сунан Әби Дәуд»: 3/297. Дәрежесі: сахих.

[20] Шафиғи мен ханбали мәзһабтарында доңыз секілді иттің де денесі мен болмысы толығымен нәжіс саналады. Ал мәликилерде иттің денесі мен болмысы, тіпті ішкеннен қалған суы да таза саналады. Оларда ит жалаған ыдыс нәжістігі үшін емес, хадсике бойсұну тұрғысынан жуылады.

[21] Топырақтың арнайы аталу себебі – оның құрамында көзге көрінбейтін микробтар мен бактерияларды өлтіретін екі элемент бар екенін ғылым осы ғасырда ғана қол жеткізіп отыр. Олар: тетраксалин (тetraxoline) және татаралит (тataralit). Топырақтың ерекшелігі ол ыдысқа иттің сілекейі арқылы жұққан микробтарды сорып, оны өлтіреді. Аллаһ тағала жақсырақ біледі.

[22] «Сунан Әби Дәуд»: 1/27. Дәрежесі: сахих.

[23] Зайнуддин ибн Нужайм әл-Ханафи. «әл-Бахр әр-Роо٫иқ Шарх Канз әд-Дәқоо٫иқ»: 1/135. Бұл мәселеде басқалардың дәлелдерінен ханафилердің өзгешелігі Абдулмәликтің Әбу Хурайраның амалына қатысты «үш мәрте жуылады» деген хабары Әбу Һурайраның Пайғамбарымыздан риуаят еткен «жеті мәрте жуылу» үкімін насх етті деп қабылдауында жатыр. Өйткені біздің мәзһабта ахад хабарларды қабылдау шарттарының ішінде жеткізуішінің амалы риуаятына қайшы келсе, риуаяты емес, амалы алынады. Ал басқа мәзһабтарда, керісінше амалы емес, риуаяты алынады. Әбу Һурайраның амалында үш мәрте жуылады деген хабарды ат-Тохаауи мен ад-Дарақутни жеткізген. Абдулмәликтен – Атодан – Әбу Һурайрадан: «Ит жалаған ыдыс үш мәрте жуылады», – деген хабар. Тізбектегі Абдулмәлик ибн Сулайман ханафилерде сенімді саналған. Сол себептен ханафи мәзһабының кітаптарында сахих иснадпен жеткен хабар деп айтылған. Ол жайында әл-Хаафиз ибн Хажар: «Шыншыл, бірақ күдіктер бар», ал имам Ахмад: «Сенімді, бірақ қателеседі», – деп айтқан. Мухаддистердің зерттеуінде бұл тізбектегі Абдулмәлик ибн Әбу Сулайманға қателесті деген айып тағылып, оларда оның риуаяты бұл мәселеде қабылданбайды. Негізінде, бұл хабарды әлсіз не сахих деп үкім айту – мәтіннің көрнекі мағыналарының келіспеуімен ғана байланысты. Ал, ақиқатында, тізбек тұрғысынан біреудің әлсіз көрген хабары басқада сахих болуы мүмкін. Сол секілді Әбу Һурайраның айтқаны бізде иснады сахих деп қабылданған. Әбу Һурайраның амалының риуаятының алдына шығуыны жөні бар. Бұл ханафи мәзһабының тек тізбектегі Абдулмәликті сенімді көруімен байланысты емес. Сонымен қатар айғаққа қоятын жағдайымыз, әуелгіде пайғамбарымыз иттердің сілекейі қарауы былай тұрсын, тіпті болмысы тұрғысынан оларды өлтіруге бұйырған. Сондықтан ит жалаған ыдысты жеті мәрте жуу уәжіптілігін сөйлеген хабардың талабын біздің мәзһаб иттерді өлтіру бұйрығымен ұштасатырып қарастырады. Ал кейінірек Аллаһ елшісі иттерді өлтіруге тыйым салған. Бұл Әбу Һурайраның амалын баяндайтын үш мәрте жуу хабарымен ұштасады. Сол себептен бізде жеті мәрте жууды бұйыратын хадис әуелгі хабар болып танылады да, үш мәрте жууды бұйыратын хабар оның үкімін өішіруші хабар саналады. Өйткені Әбу Һурайраның кесімді дәлелге қайшы амал етуі мүмкін емес жәйт. Ол әуелгі дәлелдің үкімін өшіретін кейінгі дәлелді білуі арқылы ғана бұлай айта алған деп саналады.

[24] «Сахих әл-Бухари»: 1/56. Хамза ибн Абдулла әкесінен жеткізген.

[25] «Сахих әл-Бухари»: 1/56.

[26] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/100. Дәрежесі: сахих.

[27] «Бәдәә и′ ас-Сонаа и′ фи Тартииб аш-Шароо и′»: 1/63. Барлық мәзһабтардың бірауызды келісімінде бисмилләмен бауыздалған еті адал хайуанаттардың сүйектері таза саналып, оларды пайдалануға болады. Ал еті арам хайуанаттардың сүйектернен жасалған ыдыстарды пайдалану үкіміне келсек, шафиғилерде көбіне нәжіс саналады. Ал енді еті адал болсын, арам болсын, бауыздалмай табылған хайуанаттың сүйегі мәликилердің көпшілігінде, шафиғилерде және ханбалилерде нәжіс саналады.

[28] «Сахих әл-Бухари»: 7/96.

[29] «Сахих әл-Бухари»: 1/56.

[30] «Сунан Әби Дәуд»: 4/112. Дәрежесі: сахих.

[31] «әл-Мабсут»: 1/203, «Бадаи′ ас-Санаи′»: 1/86, «әл-Бахр ар-Раиқ»: 1/105, «Мажма′ әл-Анһур»: 1/32.

[32] «әл-Кафи»: 1/163, «әл-Қауанин әл-Фиқһия»: 33, «әз-Зәхира»: 1/166.

[33] «әл-Хауи»: 1/57, «әл-Мажму′»: 1/267, «Әсна әл-Маталиб»: 1/18.

[34] «әл-Муғни»: 1/89, «әл-Фуру′»: 1/101, «әл-Инсаф»: 1/86.

[35] «әл-Мабсут»: 1/202, «Бадаи′ ас-Санаи′»: 1/86.

[36] «Сунан ибн Мажа»: 2/1193. Дәрежесі: сахих. Абдулла ибн Аббастан жеткен.

[37] «ат-Тамһид»: 4/178.

[38] Төрт мәзһаб бойынша кез келген өлексенің терісі иленуден алдын нәжіс саналады. Ал иленуден кейінгі үкімге келсек, мәликилер мен ханбалилердің мәшһүр пәтуаларында нәжіс үкімі жалғаса береді. Олар: «Қандай тері болсын, иленсе, таза болады» деген хадистегі таза болады сөзімен шариғи мағынадағы тазалық емес, тілдік мағынадағы тазалық көзделеді, – деген. Сол себептен оларда мұндай теріден тігілген киімде және оның үстінде намаз оқуға болмайды. Ал мәшһүр емес пәтуаларында шариғи мағынадағы тазалықты білдіреді және намаз оқуға болады делінген. Имам Ахмадтың бір сөзінде: «Тірі кезінде таза саналған жануардың өлгеннен кейінгі терісі иленумен тазарады», – деп айтылған. Тағы басқа ғұламаларында осы мағынаны қуаттайтын риуаяттар жеткен.

[39] «әл-Бақара» сүресі: 185

[40] «әл-Бақара» сүресі: 286.

[41] «әл-Хажж»: 78.

[42] «әл-Мухит әл-Бурһани»: 1/110

[43] «Сахих әл-Бухари»: 1/42.



[44] «әл-Жауһара ан-Наййира»: 1/151


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет