Ерте ерте ертеде орман патшасы арыстан тоғайдың қалың беделінде ұйықтап жатады. Бір тышқан ойнақтап, үстінен жорғалап жүргенін сезіпті. Арыстан ұйқысынан ызаланып оянып, тышқанды ұстап алып, өлтірмекші болғанда тышқан жалбарынып:
-Тақсыр, мені өлтірмеңізші, бір жолға кешіре көріңіз. Бір күні мен де бір қызметіңізге жарармын, - депті.
Арыстан оның сөзіне күліп:
-Сен өзің кішкентай бір тышқансың менің қандай қызметіме жарамақсың, - деп жаны ашып тышқанды қоя беріпті. Тышқан байғұс қуанып, «арыстан досым», - деп жүгіріп ойнап кете беріпті.
Күндердің күнінде арыстан жортып жүріп, аңшылардың құрған тұзағына түсіп қалыпты. Шарқ ұрып тыпырлап, ақырып-бақырып жатса да тұзақтан құтыла алмапты.
Сол жерден өтіп бара жатқан тышқан арыстанның бұл халін көріп, қасына келіп қарап тұрса, сонда арыстан тышқанға қарап:
-Лажың бар ма бұған қылар? – депті. Тышқан дереу тістерімен тұзақтың жіптерін кеміріп қиып кеп жіберіп, арыстанды тұзақтан құтқарыпты.
Тышқан арыстанға:
-Мені кішкентайсың, - деп мән бермеуші едің. Міне сені бір ажалдан алып қалдым, - депті. Осылайша арыстан жасалған жақсылықтың қайтарымы болатынын жақсы түсініпті.