Ажырасудың бала психологиясына әсері



Дата12.11.2017
өлшемі109.26 Kb.
АЖЫРАСУДЫҢ БАЛА ПСИХОЛОГИЯСЫНА ӘСЕРІ
Салимжанова Д.Б.

Талдықорған қ-сы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университеті

diko_08.12.96@mail.ru

Ғылыми жетекші: Сыдыкова Б.Т.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Отан отбасынан басталады» - дана халқымыздың осы сынды мақал-мәтелдері ежелден күнделікті өмірде, салт дәстүрлерде өз көрінісін табады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғырпаған халық, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»- деп тұжырымдаған бабаларымыздың бұл жазылмаған заңдылықтары қазірде қаншалықты сақталуда? Неке қиятын орталықтардың мәліметтеріне сүйенсек, некеге отырғандардың 65 %- на жуығы көп ұзамай ажырасып кетеді, мектеп оқушыларының арасында 70 % - ға жуық бала әкесіз тәрбиеленіп отырған толық емес отбасыларының ұл-қыздары. Әкесінің аты төлқұжатында тіркелмеген балаларға да үйреншікті әдетпен қабылдайтын болдық. Сонымен қатар, анасы тастап әкесінің ғана тәрбиесін көріп өсетін балалар қазірде біздің елімізде аз емес.

Әртүрлі мәліметтерге қарағанда толық емес отбасылар, яғни баламен жалғыз қалған ата-ана 13%-дан 40-45 % аралығында болып отыр. Мұндай отбасылар: ажырасудың салдарынан ата-ананың біреуінің өлімінен, сонымен қатар егер олардың біреуі жұмыс барысымен басқа жақта жүрсе немесе ата-аналары мүлде бірге тұрмаған отбасылар.

Толық емес отбасының әрқайсысы өз ерекшеліктері мен бала дамуына да әсері әр түрлі болады:


  • ажырасқан отбасыларда жасөспірім көп жағдайда ата-анасының конфликтілі дисгармониялық қарым-қатынасына куә болады;

  • жесір қалған отбасыларда ата-аналарының бірге болғандарын еске түсіру көбіне жағымды эмоциялар тудырады;

  • анасымен ғана болатын балалар – нақты, реалды отбасылық қарым-қатынас, отбасылық қызметтерді сезінбейді.

Қазіргі кезде тек қана аналары бар отбасылар саны көбейіп келеді. 1980 жылы Қазақстанда тұрмыс құрмаған әйелдердің босануы 10,6 % болса, 1999 жылдан бері 27,9% -ды құрап отыр[4].

«Толық емес» немесе «ажырасқан отбасы» бұл сөзді естіген құлаққа үйреншікті дүние деп қабылданатын болды. Алайда, осындай отбасында тәрбие көрген баланың психологиялық денсаулығы, өмірді қабылдауы ерекшеленетіні сөзсіз. Бала үшін отбасы ол жылулық пен мейірімділіктің махаббаттың көрінісі, баланы ол жерде әрдайым күтеді, кез-келген жағдайда балаға қамқорлық көрсетеді. Бұл идеалды көріністегі отбасы. Толық отбасынан толық емес отбасына айналу ата-анаға да, балаға да ауыр соққы. Алайда, ата-ана қалыптасқан тұлға ретінде өз істеріне жауап бере алады. Ал бала даму үстінде, оның жан дүниесіне, өмірге деген көзқарасына кез-келген нәрсе әсер етеді. Толық емес отбасындағы бала үшін ең бірінші соққы, ол - ата –ананың жиі ұрыс-керісі,әкенің не ананың ішімдік ішуі, әкенің анасына қол көтеруі, бұл жағдайда отбасы өзінің қамқоршы функциясын жоғалта бастайды, ашу үстіндегі ата-ана өз өшін балаға ұрсып, балағаттаумен шығарады. Келесі соққы ол – ажырасу. Бала үшін ана – жарық күн болса, әке – асқар тау. Жанына жақын екі адамның бір –біріне деген ренішін көрген бала, екі оттың ортасында қалғандай болып өз-өзін кінәлі сезінеді, қолынан ештеңе келмейтіндей сезініп, өз ойын ашық жеткізуге жүрексініп, жасық болып өседі.

Толық емес отбасындағы балалар толық отбасындағы балаға қарағанда өзін кем санай бастайды. Сондықтан баланы ақыл-оймен, төзімділікпен, психологиялық тәрбиемен бағыттауы қажет. Тәрбиелікке жету оңай емес. Балаға ең бірінші әділетті қоғам мен өмір сүрген ортасының имандылық тәлімі қажет. Тәрбиелі адам – шынайы парасат пен мінезге бай болатыны белгілі. Екінші бір бала тәрбиесіндегі тәрбиелікке үйретудің пәрменді тәсілі адамдардың балаға тәлім етер жеке бастарының үлгісі, олардың өзара сүйіспеншіліктері, айналасындағы жандармен сыйластықтары, тіпті олардың табиғатқа деген көзқарастары. Сондықтан да халық даналығы «Адамнан адам тәлім алады, ағаштан ағаш мәуе алады» деп бекер айтпаса керек[1].

Ажырасқан отбасылардағы бала психологиялық көмекке зәру болады. Қазіргі тұрмыс-тіршілігімізде эмоциялық дауылдар мен кездейсоқ кереғарлықтар тым көбейіп отыр. Бүгінгі таңдағы ұрпақ тәрбиесін қиындатып отырған негізгі себептердің бірегейі деуімізге әбден болады. Баланың жанын жаралайтын ажырасудың нәтижесіндегі психологиялық жаман әсерлер үнемі жалғаса берсе оның ішкі қарсылығын оятып, бірте-бірте тұрақтанған қарама-қайшылықты мінез-құлқын қалыптастырады. Бұдан кейін ол ешқандай психологиялық хабарларды қабылдамайтын күйге ауысады. Жалпы ішкі қарама-қайшылықтары мол адамдар ашуланса да, өкпелесе де өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ әуреленеді[2].

Ата-анасының ажырасу жағдайына әсіресе жасөспірімдердің жанама реакциялары көп жағдайда өте күшті болады. Жасөспірімдердің өздерінің бағалаулары бойынша, стресс тудыратын өмірлік мәселелер ішінде ата-анасының ажырасуы (ата-аналардың, туған аға-әпкесінің, жақын достарынан айырылудан) кейінгі төртінші орында тұр. Ажырасу жағдайына байланысты жасөспірімдерде ең көп кездестін рекациялар:


  • Болған жағдайды терістеу, сенбеуге тырысады. Жасөспірім өзін ата – анасының арасында ешқандай шиеленістер жоқ деп сендіруге тырысады. Олардың түсіндіргенін тыңдағысы да келмейді, ата-анасының әлі де болса қайта ойланып, қосылып қалар деген үмітпен өмір сүреді. Көпшілік балалар өзінің ата – анасы қайтадан қосылады деген үмітпен өмір сүрулеріне байланысты мынандай мәліметтер келтіруге болады: 5 – 7 жастағы балаларда 65,7 % болса, жасөспірімдік кезде ол көрсеткіш азаяды, дегенмен де 16% - ды құрайды.

  • Үрей, қорқыныш, болашағына деген сенімсіздік, жасөспірімнің әлемді эгоцентрлік қабылдауы ретінде оны ең алдымен, жеке өмірінде болуы мүмкін өзгерістер қобалжытады. Сонымен қатар, тұратын жерінде, оқу орнында, материалдық жағдайда болатын ауысулар да алаңдатып, қобалжулар туғызады.Осыған қоса, жасөспірімдер өз қатарластарынан отбасылық мәселелері үшін ұялу сияқты қиындықтар туындайды[3].

Кейбір жағдайларда бала ата – анасының ажырасуында өзін кінәлі деп санап, әкесін (немесе анасын) ұстап қала алмағандығын қатты қайғырады.

Ажырасып жатқан ата-анасының өмірінде өзінің маңызды еместігін, ажырасуға қалай да болса бөгет жасай алмау, өзінің әлсіздігін сезінуінің барлығы ашу-ызаға әкеп соғады. Баланың ашу-ызасы ата-ананың екеуіне де бағытталуы мүмкін, мұндай ашу-ыза ата-ана үшін баланікіне қарағанда өздерінің жеке сұраныстары мен қажеттіліктері маңыздырақ болған кезде осы арқылы олар балаға ауырлық келтіретіндіктерін түсінген уақытта пайда болады.[4]

Ата-анасының ажырасуында өзін кінәлау сезімінің дамуы шын мәнінде ереже болып табылады. Валлерштейн және Келлидің айтулары бойынша, осыған ұқсас құбылыстар 30-50% жағдайларда кездеседі. Ал Ф. Гельмудтың айтуы бойынша, бұл кішкентай балалармен қатар жасөспірімдерде де сондай, кейде тіпті жоғары болуы да мүмкін. Баланың өзін-өзі кінәлау сезімі қорқыныш тудырады, яғни сазайын тарту және жеке басының биік күшінің алдындағы қоқыныштың пайда болуы Бірақ ата – аналарының ажырасуының себебінде өзін кінәлі емеспін деп есептейтін балаларда біршама күрделі қобалжу күйіне түседі екен. Мысалы, оларда: «егер мені анам немесе әкем бала – бақшадан алып кетпесе мен балаларға не деп айтамын» деген сияқты сұрақтар туындайды. Осыған қоса ажырасу жағдайына түскен балаларда болатын ең үлкен қорқыныш түрі - ол әкесін кейін тағы да анасын жоғалтып алу (немесе керісінше) қорқынышының пайда болуы.

Бір балада мұң басым болса, басқасында ол ашу-ызамен көмкеріледі, үшіншілері өздерін кінәлі сезініп, өз-өздерін ұяттымын деп ойласа, төртіншілері әкесімен қоса анасын да жоғалтып аламын ба деген қорқынышпен әкесінің кеткеніне не ашуланарын, не мұңаярын білмей қиналады. Эмоциялар әр индивитте әртүрлі көрінуі мүмкін – мұң, қайғы, ауырсыну сезімдері, ашу-ыза, кінә сезімі және қорқыныш – бұлардың барлығы баланың ата-анасының ажырасуына көрсететін қалыпты реакциялары.

Бұлар тек жай ғана реакциялар емес, егер бала психикалық жағынан сау болса, онда осы эмоциялардың біреуіне ғана жауап қайтару керек, яғни реакциясы бір түрде ғана болуы қажет [5].

Ажырасудан кейінгі күйзелісті барынша жеңілдету үшін баланың үйден бөлек кеткен әкесімен (анасымен) ашық сөйлесіп, бос уақыттарын бірге өткізуі, материалдық және рухани жағынан қамтамасыз етіп, баланың өзіне керек екеніне, қандай жағдай болмасын әкесі (анасы) баласын жақсы көретінін сездіртуі маңызды.

Баланың әкесімен интенсивті қарым-қатынас жасауының жалғаса беруінің маңыздылығы бала мен ана арасындағы қарым-қатынаста жеңілдік пайда болады және осымен байланысты балада өзіндік толық еместігін сезіну сезімі пайда болады. Көптеген балалар үшін ажырасу билікті жоғалту дегенді білдіреді. Басқа ата-анадан қорғаныш таба алмау мүмкіндігі бірге тұрып, бірге жатудан ата-анаға деген тәуелділік одан сайын күшейе түседі. Бұған қоса конфликтілермен күресу жолында сәтсіздік және қорғансыздық сезімі пайда болады. Түңілу, мұң және биліксіздік сезімі ажырасудан кейін балада өзінің толықсыздығын сезінуінің дамуына әкеледі. Керісінше, ажырасқаннан кейін де өз әкесімен жақсы байланыста болған балаларда өзінің адамгершілігін сезіну сезімі жоғары болады. Ал баласының қамқорын есепке алмайтын әкелердің балалары өздерін ешкімге керексіз сезініп, реніш сезімі басым болып, өз құрбыларынан әлеуметтік жетілу және өзінің адамгершілігін сезіну сезімінің дамуы жағынан кеш және артта қалады. Әкесімен жақсы қарым-қатынасты сақтаған ажырасқан отбасының балалары жаңа өмірлік жағдайларға өте жақсы бейімделеді. Отбасында жоқ ата-анамен «жақсы», «интенсивті» қарым-қатынасты қарастыруда оның «тек сандық», яғни сыртқы контактілерін айту жеткіліксіз. Жақсы, яғни ішкі қарым-қатынас осындай қарым-қатынастар жасауға іштей еркіндігін сезіну қажет. Ал бұл үшін тек баламен ғана емес, сонымен қатар ата-ана бір-бірімен қарым-қатынастарын жалғасымды түрде қолдап тұрулары керек.

Егер бұл іске қосылмай керісінше, ата-ананың әрқайсысы өз қызығушылықтарына баланы араларындағы ұрыс-керіске тартатын болса, онда балалар күрделі конфликтіге түседі. Мұндай ата-аналар өздерінің жұбайлар жайлы жақсы нәрсе айтпайды, баланы ата-ана көп жағдайда тыңшы ретінде пайдаланып, ажырасқан жұбайы туралы сұрастырады немесе керісінше, кейбір нәрселерді айтуға шек қояды. Балаға мұндай жағдай үлкен күйзеліс тудырады. Бір жағына ол бұрынғыдай ата-анасының екеуін де жақсы көреді, ал екінші жағынан – бала ата-анасының күткендерін ақтай алмай қалып, соның себебінен екеуінің біреуінің махаббатын жоғалтып алудан қорқады. Ажырасу мәселесіне байланысты неміс ғалымы Юдифи Валлерштейн дәлелдегендей, ата-аналар арасындағы агрессивті келіспеушіліктер балада тек күйзеліс конфликтілерін ғана туғызбайды, сонымен қатар, олар өздерін бақытсыз махаббаттан емес, жек көрушіліктен пайда болған баламыз деп ойлайды. Бұл балалар өзінің еліктеуші адамына қатысты сәйкестендіру процесінде де үлкен қиналысқа түседі, олар өздерін жақсы көрмейді және өз өмірінің мәні неде екенін көре алмайды, көргісі де келмейді[6].

Ерекше ұзақ мерзімді бұзылыстарға өзін толық сезінбеу мәселесі жатады. Егер балалар өздерін – тастанды және жеткілікті өлшемді махаббатты ала алмадым деп сезінсе; егер олар өз отбасын сақтап қалмауда өздерін кінәлі сезінсе; егер отбасынан кеткен адаммен бірге өздерінің маңызды бір бөлшегін жоғалтып алғандай сезінсе; егер өздерінің сексуалды сәйкестігінде сенімді болмаса; егер олар анасы үшін жетіспейтін жұптық орнын баса алмайтынын сезінсе; егер олар өздерін керексіз, ештеңеге жарамсыз екендігін сезінсе; егер олардың кінә сезімі өздеріне жаңа бір қате жасап қоюына қорқыныш тудырса және т.б. Балада өзі туралы көріністердің барлығы бейсаналы түрде болады. Сондықтан көп жағдайда ата - анасы ажырасқан балалар өмір бойы махаббатқа лайық емеспіз деп ойлап, сәтсіздікті қайта басынан кешіру қорқынышын алып жүреді[7].

Әсіресе, толық емес отбасында ұл балаларға өте қиын болады: олар қоғамды әйел билейді, ал ерлер ешкім емес деген ойға келуі де мүмкін. Осыған қарамастан олар өз аналарын қорғаумен болады да, өз жеке өмірлерін елестете де алмайды. Нәтижесінде, олар өздерінің гетеросексуалды құмарлықтарын сезінбейді де. Кейбір жағдайларда керісінше, жасөспірімдер аналарына қарсы шығып, үйден қашуы да мүмкін. Осының барлығының нәтижесінде жасөспірімдер әйелдерге жаман іс-әрекет жасауға бейім болып тұруы да осыдан.

Отбасыдағы ата-ананың ажырасу жағдайы тек ұл балаға ғана әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар қыз балаларға да біршама кері әсер етеді. Қыз балаларға да, ұл балаларға секілді әйел мен ер адамның қарым-қатынасы туралы бұрмаланған түсініктер тән болады. Нәтижесінде олардың жыныстық идентификациясы өте өзгермелі келеді[8].

Ажырасқан отбасындағы баланың жан дүниесі жарақаттанады. Үлкендер жағы өздерінің қателіктерін мойындаумен қоса, баланы тыныш қалпында қалдырғаннан артық шара жоқ. Ендігі жерде әке де, шеше де баламен достасуды ойлау керек. Осының бәрін табиғи қалыпта дамытуды ескерген жөн. Мұндай өзгерістер мен игерулердің жалпы жағдайы мөлшермен төмендегідей сипатта болуы мүмкін:

– баланы міндетті түрде тәрбиелеу қажет. Ал, қайыра жаңа көзқараспен тәрбиелеу үшін, үлкендер жағы үзілді-кесілді өздерін тексеру қажет. Баланың келешегіне керек ендігі тәрбие, соншама үлкен тазалықты талап етеді;


  • егер үлкендер жағы өзін-өзі баланың ыңғайына орай өзгерте алмаса, ары қарай баланы тәрбиелеуден өз ықтиярлығымен бас тартқаны дұрыс;

  • ешқандай күш көрсету тәлімін жүргізуге болмайды. Бұл – баланың келешігін сындыру мен құрту деген сөз;

  • үлкендердің қатаңдығы мен қатыгездігі арқылы баланы жасытып жөндеймін деу, барып тұрған надандық. Тек қана мейірімділік пен сүйіспеншілік екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін бірден ұққан жөн;

  • психологиялық түзету жүргізетін кезеңдердің бәрінде де, басынан бастап, тек қана төзімділік керек. Тәрбиелік іс-әрекет үстінде – сабырлы ілтипат, салқынқандылық, ұстамдылық қажет;

  • баланың саналы түсінгендігіне сенім көрсете отырып, өзара қарым-қатынастың жетістігі дәлелді де, мазмұнды болғаны жөн. Жеткен жетістіктер әділетті бағаланғанымен, тым асыра мадақтаудың да орын алмауын қадағалау есте болсын.Артық айтқан мақтау сөз, ешқандай жақсылық әкелмейді[9].

Қорыта келе, ажырасудың бала психологиясына әсері ауыр болатыны сөзсіз. Ол болашақ тұлғаның қалыптасуына кедергі келтіріп, әрі болашақта сол баланың отбасын құруға деген қорқынышына әкеп соғуы мүмкін. Егер баланың санасын таза кітапқа теңесек, оның авторы - ата-ана, редакторы - мұғалімдер мен психологтар, көркемдеуші редакторы - айналасындағы достары мен қатарластары. Сондықтан толық емес отбасындағы балалардың санының азаюы мен сапасының жақсыруы үшін, тек психологтар емес қоғам болып бірге ат салысуымыз, біздің қазақ бабаларымыздың асыл мұрасын жалғастырушы ұрпақ ретіндегі парызымыз. Отбасылық өмірге аяқ басқан ерлі-зайыптылар, бір- бірі үшін және болашақ ұрпақ үшін жауапкершілігі барын сезініп,балаларына үлгі-өнеге көрсете отырып, отбасын өмірінің бар байлығы, құндылығы ретінде қабылдаса, болашақ ұрпақ та, қоғам да жақсарады деп сенемін. Әлемді жақсы жағына өзгерткің келе ме, онда өзіңнен баста!
ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Калыш А.Б., Дети и подростки в разведенных семьях // Вестник КазГУ. Серия историческая. - 2002. - № 2 (25). - 65-67б.

2. Ғаббасов С., Халық педагогикасының негіздері. - Алматы: Әл-Фараби, 1995. - 450 б.

3. Аронс К., Развод: крах или новая жизнь? - М., Мирт, 1995. - 190-195б.

4. Вильнюс., Человек после развода. - 1984. - 254-267, 322-352б.

5. Райгородский Д.Я., Подросток и семья. Хрестоматия. - СПб:1995.-58-65б.

6. Зотова О.И., Кряжева И.К., Некоторые аспекты социально-психологической адаптации личности // Психологические механизмы регуляции социального поведения. - М., Наука, 1979. - 224-245б.

7. Сермягина О.С., Эмоциональные отношения в семье., Отв. редактор Л.Я.Гозман. Кишинев, Штиница. - 1991. - 25-32б.



8. Мацковский М.С., Социология семьи: проблемы методологии и методики. - М., 1999. - 350-355б.

9. Конвенция о правах ребенка: принята Генеральной Ассамблеей Организации Объединенных Нации 20 ноября 1989 г. - Алматы, 1997. – 5б.
Каталог: uploads -> files -> 2016-04
2016-04 -> ТалдықОРҒан қаласы бойынша жартылай дайын ет өнімдерінің сапасын анықтау
2016-04 -> ТҰТЫҚпаны түзету әдістері ерғалиева Гүлім Бексұлтанқызы
2016-04 -> Азаматтық ҚҰҚЫҚ Қатынастардағы заңды тұЛҒалар түсінігі имангалиев Самат Сайлаубекович
2016-04 -> РӨлдік ұстанымдардағы бейвербалды қарым қатынастың ерекшеліктері г.Ү. Түйебаева
2016-04 -> Символдың табиғаты ашимова Малика Гениевна
2016-04 -> Желтоқсан оқИҒасына қатысқан жастардың ерлік мұрасы арқылы жасөспірімдерге патриоттық ТӘрбие беру боранбай Қуат
2016-04 -> Стресске төзімділік психологиялық саулықТЫҢ кепілі б. Е. Күребай
2016-04 -> Балқаш ойысындағы рай көлінің емдік-сауықтыру туризмін дамытудағы алатын орыны
2016-04 -> Тері ауруларына қолданатын негізгі дәрілік өсімдіктердің ТҮр ерекшеліктерін, химиялық ҚҰрамын зерттеу. Б. Б. Мұхамедярова


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет