Ахметжанова, А. И. Орталық Қазақстан жағдайында мәдени түрге айналдырылған дәрілік өсімдік — Digitalis Lanata — түкті оймақгүлдің биоморфологиялық ерекшеліктері / А. И. Ахмет­жанова, Г. Ж. Жомартова



Дата30.06.2017
өлшемі45.35 Kb.
Ахметжанова, А.И.

Орталық Қазақстан жағдайында мәдени түрге айналдырылған дәрілік өсімдік — Digitalis Lanata — түкті оймақгүлдің биоморфологиялық ерекшеліктері / А.И. Ахмет­жанова, Г.Ж. Жомартова; Қарағанды мемлекеттік ун-ті // Экологияның өзекті мәселелері = Актуальные проблемы экологии: II Халықаралық ғылыми-практ. конф. материалдары 4-5 желтоқсан. – Ч.1 – Қарағанды, 2003. – 244-245 б.
Қазіргі таңда жүрек-қан тамыры ауруларына қолданылатын құрамында жүрек гликозидтері бар өсімдіктерді табу, сол сияқты Қазақстан флорасында жабайы түрде кездеспейтін кейбір түрлерін зерттеп, оларды мәдени түрге айналдырып, шикізат қорын қолдан жасау негізгі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осындай жұмыстардың қатарына жүрек ауруларына кеңінен қолданылып жүрген, мемлекеттік фармакопеяға енгізілген Digitalis — оймақгүл түрлері жатады.

Әдеби деректер бойынша, оймақгүлдің түрлері ТМД-ның кейбір аудандарында мәдени жағдайларда өсіріліп, зерттелді. Бірақ, Орталық Қазақстан жағдайында жүрек ауруларына пайдаланылатын дәрілік өсімдіктерді зерттеу, олардың ішінде Digitalis — оймақгүл түрлері туралы деректер жоқтың қасы.

Сондықтан біздің алдымызға мынандай мақсаттар мен міндеттер қойылды:

1. Digitalis — оймақгүл туысына жататын бір түрді Digitalis lanata — түкті оймақгүлді тұңғыш рет мәдени түрге айналдырудың мүмкіндігін табу.

2. Оның тұқымының биоморфологиялық ерекшелігін зерттеу.

3. Мәдени жағдайда өсірілген Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің биоморфологиялық ерекшелігін даму фазасына байланысты зерттеу.

4. Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің жапырағының құрамындағы биологиялық белсенді зат — жүрек гликозидтерінің сандық мөлшерін, жиналу динамикасын даму фазасына байланысты анықтау.

Жоғарыда айтылған мақсат пен міндеттерді орындау үшін эксперименттік жұмыстар екі бағытта, яғни лабораториялық және далалық жағдайда жүргізілді:

1. Лабораториялық жағдайда алдыменен әр түрлі мерзімде сақталған Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің тұқымының сапасы зерттелді (2,3,4 жыл сақтаудан өткен). Зерттеу нәтижесінде тұқымның өнімділігі мен өну қарқындылығының ең жоғарғы керсеткіші 1 жыл сақтаудан өткен тұқымнан алынды. Олардың өнімділігі — 97 %, ал өну қарқындылығы — 82 %-ті көрсетті. Ал 2, 3, 4 жыл сақталған тұқымдар өте төмен өнімділік пен өну қарқындылығын көрсетті. Сол сияқты лабораториялық жағдайда Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің тұқымының өсу биологисы зерттелді. Бұл эксперименттік жұмысты жүргізгенде дамудың алты фазасына мән берілді:

1) Тұқымның ісініп, ұрықтан алғашқы тамырдың пайда болуы.

2) Тұқым жарнағының қабықтан шығып, пайда болуы.

3) Тұқым жарнағының бір-бірінен ажырап, ашылуы.

4) Екі тұқым жарнағының толық ашылуы.

5) Алғашқы жапырақтың пайда болуы.

6) Алғашқы нағыз жапырақтың толық ашылуы.

Зерттеу нәтижесінде жарнақтық жапырақтардың пішінінің нағыз жапырақтардан айырмашылығының бар екендігі анықталды.

2. Сол сияқты далалық жағдайда Digitalis lanata — түкті оймақгүлді мәдени жағдайда себудің ең қолайлы мерзімі анықталды. Ол үшін ерте көктемде, көктемде, жазда, күздің алғашқы айларын-да, қар түсердің алдында тұқым себілді. Зерттеу нәтижесінде Digitalis lanata — түкті оймақгүлді мә-дени жағдайда себудің ең қолайлы мерзімі күздің соңғы айлары, яғни қар түсердің алдында екендігі анықталды. Демек, басқа себу мезімдерімен салыстырғанда қар түсер кезінде себілген тұқымдар қар астында қыстап, табиғи стратификация (шынығу) процесінен өтеді. Осындай жолмен себілген тұқымдардың далалық өнімділігі 73-75 %-ке дейін жететіндігі анықталды.

3. Тәжірбие учаскесінде қыстап шыққан Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің бірінші жылғы особьтарының даму фазаларының ұзақтығы вегетациялық кезеңнің аяғына дейін 180 күнге созылатындығы анықталды. Бірінші жылы Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің бір түптегі жапырақтарының саны вегетациялық дәуірдің соңында 8-12 болды. Олар розеткалы жапырақ күйінде қардың астында қыстап, сақталды. Ерте көктемде қыстап шыққан Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің даму фазасының алғашқы-вегетация дәуірі көкектің 10-нан басталды, ол кезде ауаның температурасы 9°-12° С болды. Ал көкек айының 15-нен бастап олардың сабақтануы басталды. Осы кезде әрбір түптегі жапырақтардың саны 14-ке жетті.

Өркеннің өсу конусының ұшындағы терминалдық бүршіктен пайда болған генеративтік өркеннің қарқынды өсуі бутон беру дәуірінің алғашқы кезеңінде айқындалды. Осы кезде генеративтік өркендегі жапырақтардың саны да көбейе бастады, саны —18-20, ал өркеннің биіктігі — 55-60 см. болды. Ал гүлдеу дәуірінде жапырактарының саны 24-26-ға жетті.Генеративтік кезеңде олардың жапырақ алақанының ұзындығы мен енінің өсу қарқындылығы да жоғарғы көрсекіштер көрсетті. Гүлдеу дәуірінің ұзақтығы 32-33 күн, бір түпте пайда болатын гүлдердің саны 26-28 болды. Генеративтік өркендегі гүлдердің ашылуы акропетальді түрде, яғни өркеннің төменгі жағынан басталды және бір гүлдің гүл шанағының ашық тұру ұзақтығы 7-8 күнге созылды.

Жемістің пайда болуы шілде айының аяғынан басталып, тамыз айының алғашқы он күндігіне дейін созылды. Жеміс беру дәуірінің соңында (5 тамызда) генеративтік өркеннің биіктігі 78 см. болды. Осы кезде өркеннің төменгі жапырақтары солып, түсе бастады. Сонымен, Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің вегетациялық дәуірінің ұзақтығы 2-ші жылы 140 күнге созылды.



4. Сол сияқты тәжірбие учаскесінде өсірілген Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің даму фазасына байланысты олардың жапырағында жиналатын биологиялық белсенді зат-гликозидтердің сандық мөлшері анықталды Digitalis lanata — түкті оймақгүлдің жапырағындағы гликозидтердің сандық мөлшері 1-ші жылғы розеткалы жапырақтарда 0,350 % болса, 2-ші жылғы жапырақтарында 0,380 %-ті көрсететті. Яғни, Digitalis lanata — түкті оймақгүл гүлдеу фазасынан өтіп, тұқым беру дәіріне көшкен кезде жапырақтарының құрамындағы гликозидтердің мөлшері жоғары болатындығы анықталды.

Сонымен, Орталық Қазақстан жағдайында тұңғыш рет құрамында жүрек гликозидтері бар дәрілік өсімдік — Digitalis lanata — түкті оймақгүлді тұқымнан өсіріп, оның биоморфологиялық ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде маңызды эксперименттік нәтижелер алынды. Алынған эксперименттік нәтижелердің көрсеткіштеріне сүйене отырып, Digitalis lanata — түкті оймақгүлді мәдени жағдайда өсіріп, оның шикізат көзін қолдан жасаудың толық мүмкіндігі бар екендігіне көз жеткізілді.
Каталог: download -> DBases -> Ecology of the CK -> Files
Files -> Мырзаханұлы Н. Экологиялық зерде/ Н. Мырзаханұлы // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз
Files -> Ақпамбетова, К. М
Files -> Бейсенова, Р. Р. Изменения сократительной активности изолированной подвздошной кишки крыс при отравлении нитрозодиметиламином / Р. Р. Бейсенова, М. Р. Хантурин, Р. З. Касенов
Files -> Айтымов, А. К. Теміртау қаласының экологиялық-гигиеналық жағдайына жаңадан қоныстанған оралман балалардың кардиореспираторлық жүйе қызметінің бейімделу үрдісі [Текст] / А. К. Айтымов, Д. М. Джанғозина // Қарағанды ун-тiнiң хабаршысы


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет