ӘОЖ 625.7/.8(574.5)
АҒЫЛШЫН ХАЛЫҚЫНЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІН ГЕОГРАФИЯ САБАҚТАРЫНДА ПАЙДАЛАНУ
Нәлібаев К.Қ.
ОҚМПИ, Шымкент, Қазақстан
Резюме
В данной статье рассматривается применение этнографических традиц англичан на уроках географий
Summary
This article discusses the use of the ethnographic tradition of the British on the lessons of geography
Әлем елдерінің этнографиялық дәстүрлерінің ішінде 100 млн. астам адам сөйлейтін тілдердің көшбасында келе жатқан ағылшын тілді халықтар болып табылады. Сол себепті осы тілдес халықтардың этнографиялық дәстүрлерін үлгі етіп отырмыз. Себебі бұл тілде сөйлемейтін халықтар тек Азиялық бөлікте ғана аз кездеседі. Бірақ бұл дәстүрлерге Азиялық бөліктің өзінде еліктеу жыл өткен сайын күшейіп келеді.
Этнографиялық дәстүрлерді 7-сыныптағы Материктер мен мұхиттар географиясы және 10-11 сыныптарға арналған география (әсіресе 11-сыныптағы Шетелдер экономикалық географияда) сабақтарында пайдалану өте тиімді болып, сабақтың сапасын арттыра түседі.
Жас нәрестенің дүниеге келуі ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшілікке зор қуаныш әкелумен бірге, борыш та жүктей келеді.Ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Ата-аналары жаңа туған жас баланың отанның, елдің асыл азаматы болуын аңсап, армандайды. Халықтың балаға арналған ырым бата-тілектерінде келешектен күткен үлкен үміт, аңсау арман бар. Тәрбиенің алғашқы қағидасы ата-ананың аңсау арманымен, баладан күтер үмітімен үндесіп жатады. Ағылшын халқында да бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптардың дамуы бала күннен басталады. Дүниеге жаңа келген жас шоқындыру (Christenings). Жас нәрестені шіркеуде шоқындырып, баланың есімін аса құрметті, сыйлы адамдардың атымен атаған.
Шоқындыру – христиан дініндегі халықтардың барлығына дерлік ортақ дәстүр, ең қасиетті борыш болып есептелінеді. Ал, ол жас нәресте үшін өміріндегі алғашқы, әрі маңызды мереке. Шіркеуде бала шоқындырумен қатар, кіндік әке мен кіндік шеше қоса тағайындалады. Егер жас нәрестенің болашақта әке-шешесі қайғылы жағдайға ұшыраса, баланы тәрбиелеу кіндік әке мен кіндік шешенің міндеті болып табылады.Шоқындыру бала өмірінің алғашқы алты айлық кезеңінде орындалады. Шоқындыру мерекесі өзінің отбасында ғана тойланады, бала өмір бойы қастерлеп ұстайтын сыйлықтар сыйланады, көбінде күміс қасық немесе кішкентай крест тарту етіледі. Ағылшын халқының мұрасында баланы тәрбиелеуге байланысты тұрмыс-салт жырлары мен өлеңдері, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, ертегілер т.б. бай мұралары бар.
Ағылшындар баланың өсу, жетілу барысындағы барлық мерекелері аталып отырады (мектепке бару, бітіру, туған күнді тойлау т.б.). Қазақ отбасында да дүниеге келген жас нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-той өте көп. Балаға ат қою, бесік тойы, баланы қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет тойы сияқты салт-дәстүрлер көптеген қазақ зерттеушілерінің еңбектерінде сипатталған [1].
Үйлену, өз алдына отау тігіп, түтін түтету ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан салт, қоғамдық құбылыс. Қалыңдық таңдау, құда түсу, үйленумен байланысты салт-дәстүрлер барлық халықтарда бар және мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас рәміздер. Қыз бен жігіттің бас қосып үйленуі сырт қарағанда олардың жеке өз істері сияқты көрінгенімен бұл бүкілхалық мүддесімен, оның болашағымен ұштасып жатқан қоғам өмірінің өзектес құбылысы екені айқын.Сондықтан да ежелден ата-аналар балаларын кезінде үйлендіріп, жақсы келін түсіруді мұрат тұтып, мұны тікелей өз қолдарына алып отырған. Орта ғасырларда ағылшын халқының салтында да екі жастың қосылуы ата-аналарының келісімімен болған. Текті жердің қызын алу немесе текті жердің ұлына тұрмысқа шығу отбасының материалдық жағдайын түзеуге, қоғамдағы орнын жақсартуға мүмкіндік берген. Сондықтан да, бай не кедей болмасын жас жұбайлар үйленгенде қаржы мәселесіне басты назар аударған.
Келін түсіру үшін алдымен қыз таңдау басталады. Жігіт өзінің ұнатқан қызын әке-шешесіне айтады. Әке-шешесі ұлының жолдастарының немесе отбасы мүшелерінің біреуін ұнатқан қызының үйіне жібереді. Келген адамның құда түсіп келгенін қыз үйінің есігіне қыстырылған долананың бұтағынан (a hawthorn branch) айқын аңғаруға болады. Егер де қыз жігітті ұнатса, ризалығын берсе долананың бұтағын қалдырған, ал долананың бұтағын гүл капустасымен ауыстырған болса қыздың жігітті қаламағанының белгісі деп саналған [2].
Қазақ халқында «Қыз көру» немесе «Жар таңдау» деп аталатын мұндай дәстүр өзіндік ерекшелігімен көрініс береді. Жігіт үйленер алдында өз теңін іздеп, ұнаған қызды әке-шешесіне айтып, құда түсуді өтінген. Қызды айттыруға келген жігіттің әкесіне қыздың шешесі: «Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді», «Қызымның ұнағаны рас болса, белгі тастап кет» дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп «құдалықтың басы осы болсын» деп бір жорға ат байлап кететін болған. Ал жігіттің шешесі: ұнатқан қызыңа сыйға тарт деп жасап берген үкілі тақия, сырға, сақиналарын жігіт бойжеткен қызға беріп кетеді. Осындай жоралғыдан кейін ол үйдің қызы – «басы бос емес, үкі таққан қыз» деп атанады. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір-бір жарым жыл жігіт жақтан жаушы келгенше күтеді, егер осы уақыт ішінде еш хабар болмаса, қыз әкесі жігіттің әкесіне қамшысын кейін қайтарып береді [3].
Жастар алдымен өздерінің сезімдерінің тұрақтылығын сынау ретінде сақина салады. Тұрмыс құру, жас отау иелерінің болашақта тату-тәтті өмір кешуі,әдетте жастардың бір-бірін жақсы білуін талап етеді. Екі жас алдамшы сезімнің құрбаны болмай ойы мен ниеті қабысып, өз болашақтарына сенген кезде ғана бас қосулары қажет. Сондықтан да үйлену мәселесі екі жастың үлкен жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Сақина салысу «некенің алды» деп есептелінеді. Болашақ жұбайлар өздерінің жақын туыстары, дос жарандары алдында сақиналарымен алмасады және де бұл сақиналар кейіннен үйлену тойында да қолданылады. Екі жастың некеге отыратыны белгілі болған соң, үйленетін күн белгіленеді.
Ағылшындарда тойдың айы мен күнін белгілеу өте маңызды. Мәселен, үлкен пост және мамыр айлары неке құру үшін сәтсіз, бақытсыздыққа әкеледі деп санаған. Қазіргі уақыттың өзінде Англияда мамыр айында жұптасқан жастардың өмірі бақытсыз болады деген наным өз маңызын жоймай келеді [4].
Біздің халқымыздың да «сәрсенбі сәтті күн» және сәрсенбіде бастаған іс сәтті болады деген ұғымдар мен ырымдардың осы күнге дейін өз маңызын жоймай келе жатқандығы мәлім.
Ағылшындар үйлену тойын атқару кезінде үрдістерін қатаң сақтайды. Тойдың алдында күйеу қалыңдықты көрмеуі керек, қызды анасы мен құрбылары немесе сіңлілері киіндіреді. Қалыңдықтың дос қыздары (әдетте алты адам) қалыңдық таңдаған көйлектерін киеді, ал қалыңдықтың анасы бұл көйлектердің ақысын төлейді. Күйеу жігіттің жолдасы тойды басқарады, священникке той ақысын төлейді. Ал қазақта да қалыңдыққа жасау жинау, оған ағайын-туғандардың үлес қосуы Заң болып саналған. Үйленетін жігіттің әке-шешесі де отауға керекті дүние-мүлікті ерте жиыстыратын болған. Дүние-мүлік жинамай бірден үйлену мәселесін қозғағандарды «Отауын сайламай, орнын сайлапты» деп мазақ еткен. Немесе қазақта «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген аталы сөз бар. Оның мәнісі денің сау болсын, өзіңе тең жар тап та, балалы-шағалы бол. Үй болу үшін мал тап, отбасыңды асырап-сақтарлықдәулетің болсын деген тілекті білдіру.
Таңертең үйлену тойы алдында болашақ жұбайлардың үйінде ағайын-туыстары жиналады. Қалыңдықтың ең жақын деген екі дос қызы кіре беріс есік алдын ақ гүлдермен әсемдейді. Қалыңдықтың өзіне бұл шаруаны атқаруға тиым салынған, себебі оның өмірі сәтсіз болады деп ырымдалған. Той күні таңертең қонақтар мен тойға жиналған ауыл адамдары әдемі безендірілген арбалармен шіркеуге барады. Жол бойында ән салып, арасында еркектер мылтықтан оқ атып отырады. Ондағысы, бұл әрекет зұлым күштерді шошытады, теріс пиғылдардан сақтайды деп сенген. Мұндай қызық дәстүр грузин, неміс халықтарында да бар. Немістерде қалыңдықтың ата-анасы қыз жасауымен бірге әтешке сыпырғыш байлап апарған. Әтешке алдын-ала арақ ішкізеді. Оның себебі әтеш тойда қатты ку-ка-ре-кулеп шақыруы, құйрығына байлаған сыпырғышпен аулада қойқаңдап жүруі керек. Сыпырғыш пен әтеш жын-шайтандарды қорқытады деп санаған. Қазіргі уақытта көптеген Еуропа елдерінде бұл дәстүр жаңа сипат алған. Зұлым күштер жоламасын деген наныммен қалыңдық пен күйеу жігіт отыратын машинаға сыңғырлаған бос қаңылтыр банкілерді іліп қояды.
Осы салттың элементі қазақ халқында да кездеседі. Келіннің шымылдығына үкі тағу, отпен аластау, отқа май құю рәсімдері де діни көзқараспен байланысты жас отауды жын-шайтаннан қорғау ниетінен туындаған рәсімдер. Жалпы қай халықтың болмасын үйлену салт-дәстүріндегі идеялық үндестік олардың дүниетану көзқарасымен, діни наным-сенімдерімен байланысты туып, шаруашылық-тұрмыстық кәсібімен тығыз ұштасып жататыны байқалады.
Мысалы, Mothering Sunday (наурыз) – Аналар жексенбісі немесе аналар күні. Аналар құрметіне арналған мереке ерте кездегі грек елінде құдайлардың анасы Кронос құдайының әйелі Рэидің құрметіне арналған көктем фестивалынан бастап белгілі. Б.д.д. 250 жылдары Римде Кибела (Cybele) атты құдай ана құрметіне арналған мереке болғаны мәлім.Бұл римдік діни мерекелер үш күн 15 наурыз – 18наурыз аралығында тойланады. ХVІІ ғасырдың бас кезінде Англияда постың төртінші жексенбісі аналар жексенбісі деп (Mothering Sunday)тойлана басталған. Бұл мереке Англияның барлық аналарының құрметіне арналған. Еуропада христиан дінінің кең қанат жаюына байланысты аталған жексенбі – рухани күш, өмір беруші, зұлым күштен сақтаушы Шіркеу Анасының мерекесі ретінде тойланды. Уақыт өте келе, бұл мереке өзінің діни маңызынан айырылып, халықтық мерекелердің біріне айнала бастады [5].
Ата-ананың бала өміріндегі орны ерекше. Ананың әдиі, бесік тербетіп өткізген күндер мен түндер, әкенің қамқорлығы бұл – еш нәрсемен алмастыруға болмайтын ғажайып сезім, таусылмайтын махаббат. Мейірімнің кәусар бұлағы - Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан Ананы ардақтамайтын халық та жоқ. Ислам жолы да Ананы бәрінен артық ардақтауды талап етеді. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдында парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» - деп аталады. Ол жөнінде халық: «Ана сүтін анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың», - деп түсіндіреді. Бұл ата-ана еңбегінің өлшеусіз екендігін көрсету үшін айтылған. Имандылық қағидаларында әкесі мен шешесінің ризашылығын алмаған адамға жәннаттың есігі жабық дейді.
Әлеуметтік-мәдени ақпараттарды әдет-ғұрып, дәстүрлер, ырым-жора, ойындар, мейрамдар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарату арқылы ұлттың бүкіл өмір бойы жиған қоғамдық-мәдени ақпараттардың шоғырлану процесі жүреді, соның салдарынын халықтың этникалық санасының және ұлттық-мәдени дәстүрлерінің жиынтығы халықтың көркем шығармаларының құндылығы болып табылады.
Салт-дәстүрлер халықтың тұрмыс тіршілігімен байланысты туған этнографиялық құбылыс болып саналса, екінші жағынан ұрпақ тәрбиесінің ритуалы болып саналады. Сондықтан салт-дәстүрлердің мән-мағынасын тәлімдік тұрғысынан қарастырып, тозығынан озығын айыра қарау, бүгінгі күннің талабына сай келетін прогрессивтік мәнді дәстүрлерді ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы ретінде орынды пайдалана білу қажет.
Ағылшын халқының ұлттық, діни мейрамдарынан келтірілген мысалдарынан наным-сенімдер, ырым-жоралғылар жастар тәрбиесінде, олардың бойындағы адамгершілікті, өнегелі сезімді, жалпы адамзат мәдениетінің сыйлауды, этиканы, эстетиканы қалыптастыруды мақсат ететіні байқалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Қалиев С., Аюбай К. Еуропа ғалымдарының қазақ мәдениеті туралы ойлары. - А.,1992.
-
Большой иллюстрированный справочик. – М., 2005.
-
Беркімбаева Ш.К. Қазақ тәлімінің тарихы. - А., 2006.
-
Брук С.И. Население мира (этнодемографический справочник).- М., 1981.
-
Кузнецов П. Страны, хозяйство, люди. – М., 1988.
Достарыңызбен бөлісу: |