2016 жылғы республикалық бюджеттің атқАРЫЛУЫ ТУРАЛы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебі



бет1/3
Дата21.12.2017
өлшемі0.7 Mb.
  1   2   3

№ исх: 6-17/3989-Б от: 21.06.2017

2016 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ЕСЕБІ

(ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ЕСЕБІНЕ ҚОРЫТЫНДЫ)

1. 2016 ЖЫЛЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫНЫҢ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫ

2016 жылға арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасы Үкіметінің (бұдан әрі – Үкімет) 2015 жылғы 29 тамыздағы отырысында мақұлданған (№35 хаттама) Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына негізделген.



Жағымсыз сыртқы факторларға қарамастан, есепті кезеңде елдегі макроэкономикалық жағдай сыртқы конъюнктураға тікелей тәуелді жекелеген секторларды қоспағанда, экономиканың өсуінің оң қарқынының сақталуымен сипатталды.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің (бұдан әрі – Статистика комитеті) алдын ала деректері бойынша, жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ) номиналды түрде 46 193,4 млрд. теңгені құрады, бұл жоспарлы мәннен (нақтылау - 2016 жылғы қыркүйек) 1 839,4 млрд. теңгеге жоғары.

ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2016 жылы нақты түрде 101% деңгейінде қалыптасты, бұл болжамды деңгейден 0,5 пайыздық тармаққа (бұдан әрі – п.т.) жоғары.

Ауыл шаруашылығындағы өсім болжамды мәннен 1,6 п.т.-ға асып, 105,2%-ға сәйкес келіп отыр. Өнеркәсіптің өсу қарқынының төмендеуі 1,7%-ға болжамданып, іс жүзінде төмендеуі 1,1%-ды, саудада 3,5%-ға болжамданып, 1,4%-ды, байланыста 4,5%-ға болжамданып, іс жүзінде төмендеуі 0,4%-ды құрады.

Құрылыстың өсу қарқыны болжамды көрсеткіштен 1,6 п.т.-ға төмен қалыптастып, 107,9%-ды құрады, көліктегі өсу қарқыны 0,3 п.т.-ға 103,7%-ға дейін төмендеді.

Шоғырландырылған бюджет түсімдерінде шикізат секторының үлесі қысқарды. Ол 2016 жылы 12,9 п.т.-ға (2015 жылы 41,9%-дан 2016 жылы 29%-ға дейін) төмендеді, бұл тау-кен өндіру саласынан түсетін түсімдер көлемдерінің 437,5 млрд. теңгеге немесе 20,7%-ға азаюымен байланысты. Өңдеуші өнеркәсіптен түскен түсімдер 222,1 млрд. теңгеге немесе 47,4%-ға өскен.

Есепті кезеңде экономикадағы оң серпінді қолдауға негізгі капиталға инвестициялардың 105,1%-ға (7,7 трлн. теңгеге дейін) ұлғаюы ықпал етті.

Жеке меншік қаражат есебінен инвестициялар соңғы 3 жылда 878,1 млрд. теңгеге ұлғайып, 2016 жылы 4 684,5 млрд. теңгеге жетті, бұл негізгі капиталға инвестициялар құрылымында 60,7%-ды құрап отыр.

Инвестициялардағы мемлекет бюджетінің қаражаты 91,3 млрд. теңгеге қысқарып, 2015 жылы тіркелген құрылымда (18%) 15,2%-ға дейін төмендеген.

Ұзақ мерзімді банктік ресурстар тапшылығымен байланысты банктер кредиттерінің есебінен инвестициялаудың 26,1 млрд. теңгеге (2015 жылғы 6,0%-ға қарағанда инвестициялар құрылымында 5,8%) қысқаруы, сондай-ақ басқа да қарыз қаражаты есебінен инвестициялардың 155,7 млрд. теңгеге (2015 жылғы 17,9%-ға қарағанда құрылымда 18,3%) өсуі ұзақ мерзімді банктік ресурстар тапшылығының тәуекелін және елдің борыштық міндеттемелерінің өсуін күшейтеді.

Бұрынғыша негізгі капиталға инвестициялар құрылымында анағұрлым көп үлесті тау-кен өндіру өнеркәсібі (35,7%), көлік және қоймаға жинау (15%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (12,2%) алып отыр. Өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар көлемі 3,3%-ға қысқарып, 834,1 млрд. теңгені құрады. Өңдеуші өнеркәсіпке салымдар үлесі негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінде 0,2 п.т.-ға төмендеп, 10,8%-ды құрады.

Инфляция 2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 2016 жылғы желтоқсанда 8,5%-ды (2015 жылы - 13,6%), 2015 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 2016 жылдың тиісті кезеңінде – 14,6%-ды құрады.

Азық-түлік тауарларына баға – 9,7%-ға (2015 жылы – 10,9%-ға), азық-түлік емес тауарларға – 9,5%-ға өсті, бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен едәуір төмен (22,6%). Ақылы қызметтер жыл ішінде 6,1%-ға қымбаттады.

Осылайша, инфляция жоспарланған дәліздің жоғары шегінен (6-8%) 0,5 п.т.-ға асты.

Инфляцияның өсуі халықтың нақты ақшалай кірісіне кері әсер етіп, ол 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы 4,5%-ға төмендеген, нақты жалақы 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы 0,9%-ға қысқарған.

Жұмыссыздық деңгейі 5,0%-ды құрап, болжамды көрсеткішке сай болып отыр.

Бес жыл ішінде мұнайға әлемдік баға 2,5 еседен көп (баррелі үшін 2012 жылы 112 АҚШ долларынан 2016 жылы 44 АҚШ долларына дейін), алюминийге – 1,3 есе төмендеген. 2015 жылмен салыстырғанда мұнай 26,8%-ға, мыс – 21,7%-ға арзандады.

Қолайсыз баға конъюнктурасы сыртқы сауда көрсеткіштеріне кері әсер етті.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2016 жылы 19%-ға қысқарып, 62,0 млрд. АҚШ долларын құрады.



Экспорт 20%-ға төмендей отырып (ЕАЭО елдеріне – 23,5%-ға, ЕО елдеріне –24,4%-ға), 36,8 млрд. АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты, импорт17,6%-ға төмендей отырып (ЕАЭО елдеріне – 13,7%-ға, ЕО елдеріне – 17,3%-ға), 25,2 млрд. АҚШ долларына қалыптасты.

Сауда балансы 23,8%-ға қысқарып, 11,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

Мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі шикізаттық емес экспорттың өсуіне ықпал етпеді. Статистика комитетінің деректері бойынша шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 2016 жылы 2015 жылғы деңгейге шаққанда 10,5%-ға (2,3 млрд. АҚШ долл.), 2012 жылғы деңгейге шаққанда 40,1%-ға (9,9 млрд. АҚШ долл.) қысқарған.

Бұл Индустриялық - инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – ИИДМБ) экономиканы әртараптандыру бойынша қойылған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізбеу тәуекелдерін тудыруда.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің таза экспортының қысқаруы 2015 жылмен салыстырғанда 2,7 млрд. АҚШ долларына өсе отырып, төлем балансының ағымдағы операциялары шотының теріс сальдосына (-8,5 млрд. АҚШ долл.) әкеп соққан.

Бес жылдық кезең ішінде мемлекеттік борыш 3 есе өсе отырып, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 11 436,6 млрд. теңгеге қалыптасты, бұл өткен жылдың деңгейінен 26,8%-ға көп.



Мемлекеттік сыртқы борыш 2012 жылмен салыстырғанда 6,1 есе өсіп, 4 896,7 млрд. теңге мөлшерінде тіркелді, бұл мемлекеттік борыштың жалпы көлемінің жартысына жуығын құрайды.

2016 жылы үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындар 523,2 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 1,8 есе немесе 226,7 млрд. теңгеге көп.

Үкіметтің сыртқы қарыздары бойынша сыйақы төлемдері 4 еседен астам өсе отырып, 147,5 млрд. теңге мөлшерінде тіркелді.

Үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар 2016 жылы 904,4 млрд. теңгені немесе Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет кірісінің 11,8%-ын құрады.

Осылайша, аталған көрсеткіш Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында (бұдан әрі – Ұлттық қор тұжырымдамасы) белгіленген 15%-ға шектеу шегінде тұр.

Қазақстан Республикасының жалпы сыртқы борышы (бұдан әрі – ЖСБ) 2015 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға ұлғая отырып, 2016 жылы 163,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде қалыптасты. 2005 жылдан бері алғашқы рет ЖСБ елдің ЖІӨ деңгейінен 22,1%-ға асты.



Квазимемлекеттік сектордың жалпы борышы 2016 жылы 6%-ға төмендеп, 13 326,4 млрд. теңгені құрады, соның ішінде сыртқы борыш 10%-ға 7 292,9 млрд. теңгеге дейін азайды.

Жалпы алғанда Үкіметтің борышы мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышы 2016 жылы долларлық эквивалентте 57,2 млрд. АҚШ долларына жетті, бұл Ұлттық қордың валюталық активтерінің 93,7%-ын құрайды.

Қарыз алудың өсу саясаты сақталған кезде Ұлттық қор тұжырымдамасында белгіленген шектеу (Үкімет борышының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының көлемі Ұлттық қордың валюталық активтерінің жалпы мөлшерінен аспауы тиіс) асырылуы мүмкін, бұл елдің макроэкономикалық тұрақтылығына қауіп тудырады.

Әлемдік тауар нарығындағы қолайсыз конъюнктура, мұнай секторында өндіріс көлемдерінің қысқаруы Ұлттық қорға түсетін түсімдердің қысқаруына әкеп соққан.

Ұлттық қорға түсетін түсімдер 10,8 трлн. теңгеге, немесе 2015 жылмен салыстырғанда 8 еседен көп төмендеген. Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кіріс 2016 жылдың қорытындысы бойынша 155,1 млрд. теңге сомасында теріс қалыптасқан, мұнай секторы ұйымдарынан тікелей салықтар 483,1 млрд. теңгеге азайған.

Республикалық бюджетке ағымдағы бюджеттік бағдарламалардың және бюджеттік даму бағдарламаларының шығыстарын қаржыландыруға бағытталатын трансферттердің ұлғаюымен қатар, Ұлттық қорға түсімдердің, сонымен қатар Ұлттық қорды басқарумен және оған аудит жүргізумен байланысты шығыстардың қысқаруы оның қаражатының 2016 жылдың соңында 23,9 трлн. теңгеге дейін төмендеуіне әкелген немесе өткен жылдың деңгейінен 1,9 трлн. теңгеге (7,3%-ға) аз.

Қаржы министрлігінің (бұдан әрі – Қаржымині) ақпаратына сай шығындар бойынша жоспардың орындалмауы – 145,9 млрд. теңгені, соның ішінде Үкіметтің пайдаланылмаған резерві – 75,6 млрд теңгені, үнем – 34,3 млрд. теңгені, игерілмеу – 36 млрд. теңгені құрады.

Үкіметтің шешімі бойынша толық пайдалануға рұқсат етілген, 2015 жылы бөлініп, пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) нысаналы даму трансферттерінің қайтарылған сомасы 617,7 млн. теңгені құрады.

Бюджетке сомасы 797,6 млн. теңге мақсатына сай емес пайдаланылған нысаналы трансферттер қайтарылды.

2016 жылы республикалық бюджеттен бөлініп, пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) нысаналы трансферттердің және 2017 жылы толық пайдалануға рұқсат етілмей (соның ішінде Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен) қайтарылған сомасы 13 071,6 млн. теңгені құрады.

Республикалық бюджеттен және жоғары тұрған бюджеттерден берілген пайдаланылмаған бюджеттік кредиттер 1 579,9 млн. теңге мөлшерінде қайтарылды.



Есеп комитетінің 2016 жылы жүргізген аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелері бойынша сомасы 1 211,5 млрд. теңгеге, соның ішінде 175,2 млрд. теңгеге – 2016 жылы бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде жол берілген бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 78,8 млрд. теңгені, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері – 44,1 млрд. теңгені құрады.

Бұдан басқа, Бюджет кодексіне сәйкес тиімсіз пайдалануға 113,1 млрд. теңге, соның ішінде 2016 жылғы республикалық бюджет қаражаты – 14,5 млрд. теңге көлемінде қалыптасқан квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға бөлініп, қазынашылықтың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында (бұдан әрі – ҚБШ) жатқан қаражат қалдықтары жатады.

Мемлекеттік тапсырысты орындауға бөлінген 12  млрд. теңге пайдаланылмай қалған (2016 жылғы қаражат қалдығы - 11,5 млрд. теңге).

2016 жылы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылған сомасы 267,9 млрд. теңгені құрады.


2. 2016 ЖЫЛҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҒАЛАУ

_________________________________________________________________

республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуын бағалау

2016 жылы республикалық бюджетке түскен түсімдер 8 775,9 млрд. теңгені немесе нақтыланған жоспарға шаққанда 99,1%-ды құрады, 75,7 млрд. теңге атқарылмаған. 2015 жылмен салыстырғанда түсімдер 1 045,3  млрд. теңгеге өскен.

2016 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері бойынша нақтыланған және түзетілген жоспар 7 648,4  млрд. теңгеге белгіленді. Кірістердің іс жүзіндегі түсімдері жоспарлы көлемнен 13,9 млрд. теңгеден асып, 7662,2  млрд. теңгені құрады.

Кірістердің жалпы сомасында салықтық түсімдер 357,9 млрд. теңге нақтыланған жоспарға шаққанда 4 275,9  млрд. теңгеге немесе 9,1%-ға асыра орындалды. Салықтық емес төлемдер түсімдері жоспарды 9,4%-ға асыра отырып, 298,2 млрд. теңгеге белгіленді. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер – 7,8 млрд. теңгеге немесе 18,1 %-ға атқарылмады.

2016 жылы кірістер құрылымында салықтық түсімдер үлесінің 1,5 п.т.-ға ұлғайғанына қарамастан, ол өзінің 2014 жылғы тарихи мәніне қол жеткізбеген.

Трансферттер түсімдерінің үлес салмағы 40,2%-ды, соның ішінде Ұлттық қордан – 37,3%-ды құрады. 2015 жылмен салыстырғанда төмендеуге қарамастан, трансферттер түсімдері әлі де едәуір болып қалуда, бұл бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін барынша азайту міндетімен үйлеспейді.

Түсімдер жоспары 8 бюджеттік сыныптама коды (бұдан әрі – БСК) бойынша орындалмаған, атқарылмаған жалпы сома 5,7 млрд. теңге.

Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасының аумағынан әкелінетін Кеден Одағы тауарларынан басқа Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын темекі өнімдеріне акциздер (85,1%); әкетілетін тауарларға кеден баждары (89,3%); Қазақстан Республикасы аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алым (91,7%) бойынша жоспардан елеулі ауытқушылықтарға жол берілген.

Мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі - КТС) түсімдері 2016 жылы 1 437,4 млрд. теңгені немесе 111,1%-ды құрады. 2015 жылмен салыстырғанда салық түсімдері 212,7 млрд. теңгеге өскен (2015 жылы – 1 224,6 млрд. теңге). КТС-ның асыра орындалуы әсіресе макроэкономикалық жағдайлардың жақсаруы, сондай-ақ алдыңғы кезеңдердің төлемдеріне аванс беру есебінен қамтамасыз етілген.

2016 жылы КТС-ның орташа айлық түсімдері жалпы 119,7 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте түсімдер сомасы кезеңдер бойынша маусымдағы 53,6 млрд. теңгеден (орташа айлық сомадан 44,8%) желтоқсандағы 281,3 млрд. теңгеге (орташа айлық сомадан 235%) дейін құбылуда.

2016 жылғы желтоқсанда түскен КТС сомасы жылдық түсімдердің 19,6%-ын құрады, бұл жыл соңында орташа айлық сомалардан тыс төлемдер төленгенін көрсетеді.

Заңды тұлғалар санының 12,9%-ға өскеніне қарамастан, табысты салық төлеушілер санының (4,9 мың бірлікке немесе 9,1%-ға) төмендегені, шығынды салық төлеушілер санының (16 мың бірлікке немесе 74,8%) өскені байқалады. Салық салынатын кірістің жалпы сомасы 1 855,9 млрд. теңгеге немесе 20,9%-ға азайып, шығындардың сомасы 7 220 млрд. теңгеге немесе 6 есе ұлғайған.

2016 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге қосымша құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) (ҚҚС-ның қайтарылуын алып тастағанда) 497,0 млрд. теңгеге жоспарланып, іс жүзінде 525,3 млрд. теңге сомасында түсті немесе жоспарға шаққанда 105,7%.



2015 жылмен салыстырғанда, «нөлдік» мөлшерлеме салынған айналымдар бойынша ҚҚС-ның асып кеткен сомасын қайтарудың азаюына байланысты, ҚҚС түсімдері 322,1 млрд. теңгеге немесе 2,6 есе ұлғайған.

2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚҚС-ның асып кеткен (дебеттік сальдо) жалпы сомасы 1 415,8 млрд. теңгені құрады, соның ішінде нөлдік мөлшерлеме бойынша айналымдар есебінен экспорттаушыларға – 708,3 млрд. теңге, өзге де айналымдар бойынша асып кеткен сома – 707,4 млрд. теңге.

2016 жыл ішінде нөлдік мөлшерлеме салынған айналымдар есебінен қалыптасқан ҚҚС-ның асып кеткен сомасы 25,6 млрд. теңгеге немесе 3,5%-ға төмендеді, өзге де айналымдар бойынша асып кеткен ҚҚС 111,7 млрд. теңгеге немесе 18,8%-ға ұлғайды.

Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) туралы шартқа сәйкес төленген кедендік әкелу баждарының түсімдері 2016 жылы 13,5 млрд. теңгеге қалыптасты, бұл жоспарға шаққанда 101,1%-ды құрайды (13,4 млрд. теңге). Алдыңғы жылмен салыстырғанда түсімдер 83,6 млн. теңгеге (13,6 млрд. теңге) немесе 0,6%-ға төмендеген.

2010 жылғы 1 қыркүйек – 2016 жылғы 31 желтоқсан аралығында кедендік әкелу баждарын бөлу нәтижесінде Қазақстан Республикасының пайдасына барлығы сомасы 87,5 млрд. теңге оң сальдо қалыптасты.

Республикалық бюджетке салықтық емес төлемдер түсімдерінің көлемі 2016 жылы 298,2 млрд. теңгені немесе жоспарға шаққанда 109,4%-ды құрады. Салықтық емес түсімдердің ең көп үлесі мемлекеттік меншіктегі мүлікті жалға беруден түскен кірістерге (45,5 млрд. теңге немесе 15,2%) тиесілі, оның ішінде 36,6 млрд. теңгесін «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін жалгерлік төлемнен түскен түсімдер құрайды.
Салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін бағалау

Салықтық әкімшілендіру

2017  жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық түсімдері бойынша бересі 183,5 млрд. теңгені (салықтар мен бюджетке төлемдер түсімдеріне шаққанда 2,4%) құрады, бұл 2016 жылғы 1 қаңтарға қарағанда (85,3 млрд.теңге) 98,2 млрд. теңгеге немесе 2,15 есеге көп, соның ішінде республикалық бюджетке түсетін салықтар мен төлемдер бойынша бересі 104,4 млрд. теңгеге немесе 2,8 есе өсе отырып, 161,5 млрд. теңгені құрады.

2015-2016 жылдардағы бересінің оң серпіні оның бір жолғы төмендегенін көрсетіп отыр, тек 2016 жылғы 1 қаңтарға ғана, кейіннен жылдың соңына дейін өскен, бұл берешектерді төмендету бойынша қолданылған әкімшілендіру шараларының қысқа мерзімді нәтижесін куәландырады.

2016 жыл ішінде мемлекеттік кірістер органдары салық берешегі 30,9 млрд. теңгеге 7 155 борышкердің билік етуі шектелген мүлкі тізімдемесінің 8 552 актісін жасады.

2016 жылы мемлекеттік кірістер органдары 76 794 салық тексеруін жүргізген, соның ішінде кешенді – 3 106, тақырыптық – 6 981, үстеме – 53 434, белгілі бір мәселелер бойынша тақырыптық – 10 682, хронометраждық зерттеулер – 2 591. Құжаттық салық тексерулері санының 2015 жылмен салыстырғанда 18,4%-ға немесе 9 869 бірлікке ұлғайғаны байқалды. Нәтижесіз тексерулердің үлесі өткен жылдан бастап іс жүзінде өзгермей, шамамен 27,9%-ды құрады, аз ғана қосымша есептеулері бар тексерулердің үлесі – 26,7%.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бөлінісінде мемлекеттік кірістер департаменттері қызметкерлеріне жүктелетін жүктеменің біркелкі еместігі анықталды, бұл салық тексерулерін жүргізу сапасының және тиімділігінің төмендеуіне, оларды уақтылы аяқтамауға және салық бақылауы шараларын уақтылы қабылдамауға әкеп соғады.

Салық тексерулерінің созылуы бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді қосымша есептеу үшін талап қою мерзімдерінің өтуіне ұшыратып, бұл олардың тиімсіз болуына әкеп соғады.

2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық төлеушілердің құжаттарды ұсынбауына, қылмыстық істердің қозғалуына және күмәнді контрагенттермен өзара есеп-айырысулардың анықталуына байланысты 570 салық тексеруі тоқтатылған.

Салық кодексінде салық төлеушінің түсініктемелерді, соның ішінде келіспейтіні туралы түсініктемені ұсыну жолымен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар туралы хабарламаны орындау мүмкіндігі туралы норманың (587-бап) болуы жалған кәсіпорындар контрагенттеріне бұзушылықтарды жоюдан жалтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекеттік кірістер органдары одан кейін салық бақылауын жүзеге асырмайды. Көрсетілген жағдай сыбайлас-жемқорлық тәуекелдерінің және экономика қадағаламайтын үлестің ұлғаюы тәуекелдерінің сақталуына ықпал етеді.

Қолданыстағы салық жеңілдіктері мен преференцияларының тиімділігіне бағалау жүргізілмегендіктен, оларды қолдану мәселесі өзекті болып қалып отыр. Олардың заңнама деңгейінде бекітілгеніне қарамастан, салық төлеушілердің мемлекет ұсынған салық жеңілдіктері мен преференцияларының есептелген көлемі туралы ақпаратты ресми растаулары жасалмайды.



Кедендік әкімшілендіру

Тәуекелдерді басқару жүйесінің ұсынымы бойынша 2016 жылы жүргізілген 16,8 мың кедендік тексерудің нәтижелері алынған экономикалық нәтижеден оларды жүргізуге арналған шығыстардың асып кетуіне орай олардың тиімсіз екенін көрсетті (сомасы 1 мың теңге қосымша есептеуге 1,05 мың теңге бюджет қаражаты жұмсалады).



Кедендік тексерулер нәтижелілігінің көрсеткіштері контрабандалық әкелу деңгейінің нақты көрінісін көрсетпейді.

«Тәуекелдерді селективті бақылау және басқару» ақпараттық жүйесі сатушы мен сатып алушының өзара байланысының болуын, соның ішінде олардың атауларында сәйкестіктер болған жағдайда тексеру мүмкіндігін қарастырмайды, бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кедендік төлемдер мен салықтарды (бұдан әрі – КТжС) төлеуден жалтару тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік бермейді.

Тәуекелдерді барынша азайту бойынша қолданылып жатқан шаралардың жеткіліксіз болуы және «Тауарларды кедендік тазарту» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бұзу салдарынан қытай автошиналарына, құбырларына, лимон қышқылына қатысты демпингке қарсы баждардың жеңілдетілген мөлшерлемелерін қолдану үшін өндіруші сертификатының анықтығын құжаттамалық растау қамтамасыз етілмеген. Нәтижесінде демпингке қарсы баждар бойынша толық түспеу – 213,5 млн. теңгені құрайды.

Аяқкиімдер және баждардың ерекше мөлшерлемелері салынатын басқа да тауарлар бойынша ыдыстың салмақ көрсеткіштерін асыру орын алған кезде тәуекелдерді барынша азайтудың формальды шаралары тауарларды анық емес декларациялауға қолайлы жағдай туғызады.



Тәуекелдерді уақтылы болжамдау, Иранға, Түркияға қара металдардан жасалған бұрын қолданыста болған бұйымдар экспортына және қытай аяқкиімінің, түрік трикотаж маталарының импортына талдау және бағалау жүргізу бойынша жеткілікті дәрежеде тиімді жүргізілмеген жұмыс КТжС бойынша сомасы 2,44 млрд. теңге болжамды шығындарға әкеп соққан. Бұдан басқа, жекелеген тауарлар (сүт, гүлдер, иіссу, полимерден жасалған бұйымдар, металдардан жасалған бұйымдар, құбырлар) бойынша кедендік құн индексінің (бұдан әрі - КҚИ) едәуір төмендеуіне байланысты 2016 жылы КТжС бойынша түсімдер 3,2 млрд. теңгеге төмендеген.

Жекелеген тауарларды «кедендік аумақтан тыс жерлерде қайта өңдеу» кедендік рәсіміне жатқызуға тыйым салу бойынша шаралардың жетілдірілмеуі және Кеден кодексінде «бірдейлендірудің өзге де тәсілдері» ұғымының нақты айқындамасының болмауы импорттаушылардың мәлімделген қайта өңдеу өнімдерін әкелудің анықтығын қамтамасыз етпейтін бірдейлендіру тәсілдерін пайдалануына әкеп соқты.



«Еркін қоймалар» қызметі өндірісті оқшаулау, жаңа технологиялық процестерді енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты оларды құрудың негізгі міндеттеріне сәйкес келмейді.

Аумақтық МКД-ның кедендік бөлімшелері 2016 жылы тоқтатылған 30 қылмыстық іс (экономикалық контрабанда және кедендік төлемдер мен алымдары төлеуден жалтару) бойынша сомасы 1 088,8 млн. теңгеге төленбеген КТжС-ны өндіріп алу бойынша шаралар қабылдамаған.

Экономикалық контрабанда бойынша аяқталмаған қылмыстық істерді тергеудің ұзақтығы заттай дәлелдемелердің тұтынушылық қасиетінің (құнсыздануы) жоғалу тәуекелін туындатады, сондай-ақ оларды сақтауға қосымша шығындарды туғызады.

Мәселен, экономикалық тергеу қызметі 2016 жылы жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) атына заттай дәлелдемелерді сату туралы 49 сот актісін шығарған, олар тиісінше регламенттелген тәртіптің болмауы себепті жалпы құны 1 982,0 млн. теңгенің мүлкін сатпаған.

Қырғыз Республикасының (бұдан әрі – ҚырР) 2015 жылғы тамызда ЕАЭО туралы шартқа қосылуынан кейін ҚырР-ға импорттық тауарлардың мәлімделетін мәліметтерінің және кедендік құнының анықтығына қатысты кедендік әкімшілендірудің жеткіліксіз деңгейі Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) аумағынан ҚырР аумағына қытай тауарлары импортының кедендік ресімделуінің ағынына әкелді.

ҚырР және ҚР тауарларының жекелеген топтары бөлінісінде КҚИ кедендік құн индексін талдау кеден органдары қабылдайтын олардың кедендік құнының алшақтығын көрсетеді. Алшақтық бірқатар жағдайларда ҚР кеден органдарының асыруы жағына қарай 79%-ға дейін жетеді.



Қазақстан Республикасында кедендік әкету баждарын салудан кету мақсатында мұнай және мұнай өнімдерін үшінші елдерге жасырын кері экспорттау тәуекелі орын алып отыр.

Қырғыз-қазақстан учаскесінде кедендік бақылау күшінің жойылуымен қатар, мұнай және мұнай өнімдерін бажсыз жеткізуге шектеулердің болмауы ҚырР-ға мұнай өнімдерін әкетудің ұлғаюына әкеп соқты. ҚырР-ға мұнай өнімдерін бажсыз әкетуден бюджеттің болжамды шығындары 2016 жылы 1 251,3 млн. теңгені құрады.

Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуын бағалау

2016 жылы бекітілген көлемдермен салыстыру бойынша (8 044,3 млрд. теңге) 986,5 млрд. теңгеге немесе 12,3%-ға ұлғаю жағына қарай түзетілген республикалық бюджеттің шығыстары 9 030,8 млрд. теңгені құрады.



Іс жүзіндегі шығыстар 2015 жылмен салыстырғанда 1 412,7 млрд. теңгеге немесе 18,9%-ға ұлғая отырып, 8 881,9 млрд. теңге мөлшерінде немесе түзетілген жоспарға 98,4%-ға қалыптасты.

ЖІӨ-дегі шығыстардың үлесі 2015 жылға шаққанда 0,9%-ға және 2014 жылға шаққанда 0,5%-ға ұлғая отырып, 2016 жылы 19,2%-ға тең болып отыр.

Шығыстар құрылымында борышқа қызмет көрсету үлесінің 2015 жылы 4%-дан 2016 жылы 5,9%-ға дейін едәуір өскені тіркелді, бұл қорғанысқа (4,9%), қоғамдық тәртіпке (5,1%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына (3,8%) жұмсалған шығыстардың үлес салмағынан көп.

Бюджеттің бірнеше мәрте нақтыланғанына және түзетілгеніне қарамастан, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты орталық мемлекеттік органдардың игермеуі36,0 млрд. теңгені құрады.

Үкіметтің ақпараты бойынша республикалық бюджет қаражатының игерілмеуіне бюджеттік бағдарламаны тиімсіз басқару (31,1 млрд. теңге), өнім берушілердің шарттық міндеттемелерді орындамауы (1,7 млрд. теңге), мемлекеттік сатып алу бойынша өтпеген конкурстар (54,6 млн. теңге), және басқалар (3 млрд. теңге) сияқты бірқатар субъективті себептер ықпал еткен.

2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің ҚБШ қаражат қалдығы 158,4 млрд. теңгені құрады.

2014-2016 жылдардағы дебиторлық берешектің өсу үрдісі байқалады, негізгі себептері тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге алдын ала төлем жасау, наразылық-талап қою жұмыстарының нашар жүргізілуі және сот шешімдерін орындаудың созылуы болып табылады. Қаражаттың игерілуін қамтамасыз ету мақсатында өнім берушілердің жыл соңында оны аудару практикасы орын алып отыр.



Дебиторлық берешек 2015 жылмен салыстырғанда 23,1 млрд. теңгеге немесе 11,2%-ға, 2014 жылмен салыстырғанда 59,8 млрд. теңгеге немесе 35,2%-ға ұлғайып, 2016 жылы  229,8 млрд. теңгені құрады.

Алдыңғы жылдардағыдай, дебиторлық берешектің ең көп көлемі (78%) мына министрліктерге тиесілі: қорғаныс – 127,7 млрд. теңге немесе жалпы көлемнің 55,6%-ы, инвестициялар және даму – 35,6 млрд. теңге немесе 15,5%-ы, ұлттық экономика – 15,9 млрд. теңге немесе 6,9%-ы.

2016 жылдың қорытындылары бойынша кредиторлық берешек 2015 жылдың деңгейіне шаққанда 39,1 млрд. теңгеге (86,1%) ұлғайды, жыл соңында 84,5 млрд. теңге мөлшерінде тіркелді.

2014 жылмен салыстырғанда кредиторлық берешек сомасы 21,2%-ға немесе 14,8 млрд. теңгеге ұлғайған. Кредиторлық берешектің қалыптасуының негізгі себебі активтердің жетіспеушілігі, сот актілерінің бар болуы болып табылады.



Республикалық бюджет шығындары

Шығындар 7 899,8 млрд. теңгені құрап, 98,2%-ға орындалды. 2015 жылмен салыстырғанда 16,3%-ға, 2014 жылмен салыстырғанда – 22,1% -ға өскені байқалады.

2016 жылы республикалық бюджет шығындарының атқарылуы 28 мемлекеттік орган әкімшілік ететін 345 бюджеттік бағдарлама бойынша 15 функционалдық топ бөлінісінде жүзеге асырылды.

Түзетілген бюджетте жоспарлы шығындар бекітілгеннен (сомасы 7 406,5 млрд. теңге) 639,2 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 8 045,7 млрд. теңгені құрады.

2016 жылдың соңында шығындар бойынша 145,9 млрд. теңге орындалмаған, соның ішінде орталық мемлекеттік органдар 36,0 млрд. теңгені (24,7%) игермеген, Үкіметтің пайдаланылмаған резерві – 75,6 млрд. теңгені (51,8%), үнемделген бюджет қаражаты – 34,3 млрд. теңгені (23,5%) құрады.

Көрсетілген фактілер Үкімет резервінің жеткілікті деңгейде сапалы жоспарланбағанын және оның шығындар құрылымының жеткілікті деңгейде анық еместігін көрсетеді, бұны шығыстарды шұғыл шығындарға жатқызудың нақты өлшемшарттарын регламенттеу арқылы жоюға болады.

Ең көп атқарылмауға мынадай топтарда жол берілген: «Өзгелер» – 77,8 млрд. теңге (9,1%), «Қорғаныс» – 29,3 млрд. теңге (6,5%) «Борышқа қызмет көрсету» – 28,1 млрд. теңге (5,1%).


Бюджеттік кредиттердің пайдаланылуы

2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау және түзету кезіндегі бюджеттік кредит берудің көлемі бекітілгеннен 135,4 млрд. теңгеге ұлғая отырып, 315 млрд. теңгеге жетті. Іс жүзінде 100% мөлшерінде бюджеттік кредиттер бөлінген.



Соңғы үш жылда бюджеттік кредит беру көлемдерінің, соның ішінде 2014 жылмен салыстырғанда 196,5 млрд. теңгеге немесе 2,6 есе, 2015 жылмен салыстырғанда 124,3 млрд. теңгеге (39,4%) ұлғайғаны байқалады.

Бюджеттік кредит берудің негізгі бағыттары – жылумен-, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу (27,6%); ИИДМБ жобаларын қаржыландыру (23,8%); агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау (19,0%) болып табылады.

Бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша түсетін түсімдер 2016 жылы 91,9 млрд. теңгеге жоспарланып, 93,6 млрд. теңгені (101,9%) құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 17 %-ға аз.

Бюджеттік кредиттер түсімдері жоспарының асыра орындалуы оларды өтеудің 792,8 млн. теңгеге ұлғаюы және сомасы 1,6 млрд. теңге пайдаланылмаған бюджеттік кредиттердің сомаларын қайтару есебінен болды.

Үкіметтің есебіне сәйкес республикалық бюджет қаражатынан бюджеттік кредит беру бағдарламалары бойынша 2016 жылдың қорытындысы бойынша атқарылмау 315,0 млрд. теңгені (100%) құрады.

ЖАО 763,2 млн. теңгені пайдаланбаған, оның ішінде үнем – 19,5 млн. теңге, қаражат қалдығы – 749,3 млн. теңге.

Бұл ретте ұсынылған ақпарат бойынша, ЖАО мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 2016 жылы бөлінген сомасы 100,3 млрд. теңге бюджеттік кредиттер пайдаланылмаған.



Жасалған кредиттік шарттардың талаптары пайдаланылмаған кредиттерді кейінгі кезеңдерде толығымен игеруге мүмкіндік береді, сөйтіп жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбеу және оларды орындау мерзімдерінен кейінге қалу тәуекелін ұлғайтады.

Кеш қаржыландыру салдарынан (2016 жылғы қазан) 2015 - 2019 жылдарға арналған ИИДМБ жобаларын қаржыландыру үшін бөлінген 75 000,0 млн. теңге (100%) мөлшеріндегі бюджеттік кредиттердің барлық сомасы да пайдаланылмаған.

072 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне тұрғын үй жобалауға және (немесе) салуға кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша 392,0 млн. теңге (13,8%) атқарылмаған. Жобалар мердігерлердің жұмыс жүргізу кестесін орындамауына байланысты аяқталмаған.

Бұл ретте есепті кезеңде жоспарға шаққанда тұрғын үйлерді беру бойынша жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуді бағалау мүмкін болмай отыр, себебі жыл сайын көрсеткіштің нақты мәні шеңберінде алдыңғы жылдары бөлінген бюджеттік кредиттер есебінен тұрғын үйлердің берілуі ескеріледі.

074 «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу үшін кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша түзетілген бюджет 11,9 млрд. теңгеге ұлғайған, ал «жылу-, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын төмендету» түпкілікті нәтижесінің көрсеткіші өзгеріссіз 63% деңгейінде қалды.

Есеп комитетінің тұжырымдары бойынша орталық деңгейдегі әкімшілердің бюджеттік кредит беру бағдарламалары бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу туралы есептеріндегі ақпарат ЖАО-ның деректерімен расталмайды.

ЖАО ұсынған ақпаратты талдау көрсеткендей, іс жүзінде берілген микрокредиттердің саны 9 935-ті құраған, бұл Үкіметтің есепті деректерінде көрсетілгеннен 375-ке көп. Көрсеткіштердің алшақтығы оларды мониторингтеуге бірыңғай тәсілдердің болмауына байланысты болып отыр.

Ұлттық экономика министрілігі 048 «Облыстық бюджеттерге моноқалаларда, кіші қалаларда және ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша ЖАО-ға 2 647,3 млн. теңге бөлген.

Үкімет есебінің деректері бойынша «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде микрокредиттеу бойынша қаржылық қолдау алған шағын және орта бизнес жобаларының саны» тікелей нәтижесі 539 жоба көлемінде орындалған немесе 275-ке асыра орындалған, «Өңірлік үйлестіру кеңесімен мақұлданған бағдарлама қатысушыларын микрокредитпен қамту» түпкілікті нәтижесіне қол жеткізілген.

ЖАО-ның ақпараты бойынша іс жүзінде шағын және орта бизнестің 587 жобасы бойынша кредит беру жүзеге асырылған.

Есепті кезеңде кредит беру бағдарламалары бойынша аудитпен қамтылған сома 63,9 млрд. теңгені құрады, 1,3 млрд. теңгеге – қаржылық бұзушылықтар, сомасы 8,3 млрд. теңгеге 25 рәсімдік бұзушылық анықталды, 300,0 млн. теңге тиімсіз пайдаланылған.
Мемлекеттің қаржы активтерін сатып алу

2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы1 едәуір өсу, алайда 2014 жылғы деңгейге шаққанда төмендеу серпінімен соңғы үш жылда қаржы активтерін сатып алуға республикалық бюджеттен 948,5 млрд. теңге бағытталды.

2016 жылға бекітілген республикалық бюджетте жалпы сомасы 80,5 млрд. теңгеге қаржы активтерін сатып алу көзделген. Шығыстар сомасы түзетілгеннен кейін 285,9 млрд. теңгеге дейін немесе бекітілген бюджеттен 3,6 есеге ұлғайған. 2015 жылмен салыстырғанда, ол 103,3 млрд. теңгеге немесе 1,6 есеге өскен.

Халықаралық қаржы ұйымдарының акцияларын сатып алуға 13,7 млрд. теңге, акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын ұлғайтуға – 272,2 млрд. теңге бөлінген.

Қазақстанның халықаралық қаржы институттарына, сондай-ақ өзге де халықаралық ұйымдарға қатысуының тиімділігіне бағалау жүргізілмеген.

Үкіметтің есебіне сәйкес, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаржы активтерін сатып алуға көзделген қаражатты толығымен игерген.

2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 26 квазимемлекеттік сектор субъектісінің ҚБШ-сында жарғылық капиталды қалыптастыруға және ұлғайтуға бөлінген жалпы сомасы 113,1 млрд. теңге қалдық қалыптасқан (соның ішінде өткен кезеңдердің қаражаты есебінен қалыптасқан қалдық 98,6 млрд.теңге мөлшерінде (87,2%). 2016 жылғы қаражат 14,5 млрд.теңгені немесе 12,8%-ды құрайды).

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ҚБШ-сында пайдаланылмаған қалдықтардың қалуына бөлінген қаражаттың кейінгі кезеңдерге қайта бөлінуі, өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша қаражаттың үнемделуі де себеп болған.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын толықтыруға Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен қосымша 32,3 млрд. теңге бөлінген.

бюджет тапшылығын және оны қаржыландыру көздерін бағалау

2016 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 723,4 млрд. теңге мөлшерінде бекітіліп, бюджетті нақтылау кезінде 902,7 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

2016 жылдың қорытындысы бойынша тапшылық іс жүзінде 741,2 млрд. теңге сомасында қалыптасты, бұл нақтыланғаннан 161,5 млрд. теңгеге төмен.



2016 жылы тапшылық мөлшері 2015 жылмен салыстырғанда 170,9 млрд. теңгеге төмендеді. ЖІӨ-ге шаққанда тапшылық үлесінің 2014 жылы 2,8%-дан 2016 жылы 1,6%-ға дейін тұрақты түрде төмендегені байқалады.

Ішкі нарықта қарыз алу үлесі қарыз алудың жалпы құрылымында 2016 жылы 17,7%-ға дейін қысқарған (2014 жылы – 60,6%, 2015 жылы – 28,4%). Сонымен қатар сыртқы қарыздар үлесі 2016 жылы 82,3%-ға дейін ұлғайған, бұл 2014 жылғы деңгейден 2 еседен көп асып отыр, ал 2013 жылы оның мөлшері Үкімет қарыздарының жалпы құрылымында тек 11%-ды құраған болатын.

Бұл ретте жекелеген жағдайларда қарыз алу туралы шешімдер қабылдау мезгілсіз сипатқа ие болып отыр, себебі есепті кезеңнің соңына (жыл басындағы қалдықтарды ескере отырып) бюджет қаражатының қалдығы 158,4 млрд. теңгені құраған. Осылайша әрбір алтыншы қарызға алынған теңге артық болған.

Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға 635,2 млрд. теңге пайдаланылды (тартылған қарыздар сомасының арасындағы айырма 1 016,4 млрд. теңге және оларды өтеу арасындағы айырма - 381,2 млрд. теңге).



Өтеу жоспары 3 млрд. теңгеге орындалмаған, оған негізінен бағамдық айырма себеп болған. Қарыз алу шеңберінде номиналдық құны
4 256,7 млрд. теңге мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздары ішкі нарық капиталында орналастырылған.

2016 жылы сыртқы мемлекеттік қарыз алу 4 620,6 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылдың деңгейінен 7,1%-ға көп.

2014-2016 жылдары Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (31,3%), Азия Даму Банкі (15,4%), Жапония Халықаралық Ынтымақтастық Агенттігі (3,7%) және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі (1,6%) сияқты халықаралық қаржы ұйымдары негізгі кредиторлар болып табылды.

Есеп комитеті Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытындыларда сыртқы қарыз алудың ұлғаюы, соның ішінде бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін қарыз алудың ұлғаюы еліміздің қаржы тұрақтылығы үшін қауіп төндіретінін соңғы жылдар ішінде бірнеше мәрте атап өткен болатын.

2016 жылға арналған Үкіметтік борыштың лимиті 9 570,0 млрд. теңге мөлшерінде белгіленген. Іс жүзінде Үкімет 8 877,3 млрд. теңге немесе 692,7 млрд. теңгеге аз қарыз алған.

Үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың өскені байқалады. Қызмет көрсету бойынша шығыны ең көбі еурооблигация (4-6,5%) болып табылады, оларға қызмет көрсетуге арналған шығыстар сыртқы үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың жалпы көлемінің 78,9%-ын құрады. Сыртқы мемлекеттік борыш құрылымындағы еурооблигациялардың үлес салмағы 46,9%-ды алып отыр.

Есеп комитетінің бағалауынша, еурооблигациялар шығару арқылы сыртқы қарыз алу жеткілікті дәрежеде тиімді болып табылмайды, себебі оның едәуір әлеуеті бола тұра (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, басқа көздер) ол борыштық құралдардың ішкі нарығының дамуын қамтамасыз етпейді (Бюджет кодексінің 205-бабы).

3. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН БАҒЫТТАР БОЙЫНША ПАЙДАЛАНЫЛУ  ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ

__________________________________________________________________


ҮКІМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ

Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама)

Бағдарламаның 1-кезеңінің іске асырылу (2013-2015 жылдар) нәтижелері бойынша сомасы 21,5 млрд. теңгеге – қаржылық бұзушылықтар, 35,9 млрд. теңгеге 484 рәсімдік бұзушылық, 53 млрд. теңгеге бюджет қаражатының және активтердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

Аудит барысында бюджетке 1 млрд. теңге өтелді, қызметтер көрсету арқылы және бухгалтерлік есеп бойынша 10,7 млрд. теңге қалпына келтірілді.

Бағдарламаның сапасыз әзірленгені, оның негізгі параметрлерінің теңгерілмегені атап өтілді. Бағдарламаның үш мәрте түзетілгеніне қарамастан, оны қабылданған шешімдерге және заңнамадағы өзгерістерге сәйкес тиісінше өзекті ету, индикаторларының, көрсеткіштері мен іс-шараларының теңгерімділігі қамтамасыз етілмеген.

Нысаналы индикаторларының және берілген параметрлерде оның нәтижелері көрсеткіштерінің жартысынан көбіне қол жеткізілмеген, іс-шаралардың 49,3%-ы орындалмаған.

Бірінші кезеңде жеті нысаналы индикатордың тек үшеуіне қол жеткізілген.

2016 жылы 4 нысаналы индикатордың бірде-біреуіне қол жеткізілмеген. 1-кезеңді іске асырғаннан кейін жоспарланған агроөнеркәсіптік кешенді (бұдан әрі – АӨК) кең ауқымды жаңғырту және әртараптандыру қарқынын арттыру байқалмайды.

Бағдарламаның индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіші АӨК-нің импортты алмастыру, өнімдердің экспортын арттыру бойынша дамуын көрсетпейді және статистикалық есептілікте қолданылатын ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібінің көрсеткіштерімен байланыспайды, бұл оның саланың дамуына тигізетін ықпалын бағалауды қиындатады.

Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеу мен бағалау, органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен айналымы, ауыл шаруашылығы кооперациясын және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері Бағдарламада оларды іске асыру тетіктерінің болмауына байланысты формальды сипатқа ие болған.

Бағдарлама іс-шараларының негізінен АӨК субъектілерінің шығындарын өтеуге және оларға жеңілдетілген кредит беруге бағытталуы, сондай-ақ оның жауапты орындаушыларының ағымдағы жұмыстарды жүзеге асыруы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған жоспарланған нәтижеге қол жеткізбеуге әкелген.

Ірі қара мал мен ұсақ малдың, құстардың орташа өсіміне қарамастан, ет, сүт, жүн өндіру, олардың мәні циклдық сипатқа (өсу/төмендеу) ие және Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік алған жылдарындағы санға және көлемге қол жеткізбеген.

Отандық тамақ өнімдерін өндірушілер жұмысы қуаттылығының төмен деңгейі байқалады. Қант қызылшасының жалпы түсімі өскенімен, отандық қант нарығы 90%-ға импорттық шикізатқа тәуелді, бұл шығарылатын түпкілікті өнімнің қымбаттауына әкелуде. Импорттық қант Қазақстанға әкелетін импорттық өнімдердің жалпы көлемінде ең көп үлесті құрап отыр.

Тамақ өнімінің барлық түрінің ішінен елімізде өндірілген тек бидай ұнының көлемі елдің ішкі қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткілікті болып, бір мезгілде азық-түлік тауарларының құрылымында экспорттың анағұрлым көп көлемін құрап отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу өндірісін жеткіліксіз дамыту салдарынан импортқа деген жоғары тәуелділік сақталып отыр.



«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама)

Сомасы 19,5 млрд. теңгеге қаржылық - бұзушылықтар, 59,4 млрд. теңгеге - қаражаттың тиімсіз пайдаланылғаны, 52 жүйелік кемшілік және 109 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Аудит қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірісіне 6,2 млрд. теңге, жергілікті бюджетке – 1,9 млрд. теңге өтелді, бухгалтерлік есеп бойынша және жұмыстарды орындау арқылы 11,1 млрд. теңге қалпына келтірілді.

2010 жылдан бастап Бағдарламаға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысу шарттарын өзгертетін өзгерістер мен толықтырулар 21 рет енгізілді, құжаттың форматы үш мәрте түбегейлі қайта қаралды. Қажетті нормативтік құқықтық базаның барлығы әзірленбеген (Бағдарламаның шарттарына жобалардың сәйкес келмеуіне және мақсатына сай пайдаланбауға байланысты субсидияланған сомаларды бюджетке қайтару тетігі жоқ), бұл Үкіметке 19 ұсыным, соның ішінде «жіберіп алынған пайда», «келтірілген залал» ұғымдарын енгізу бойынша ұсынымдар жіберуді алдын ала айқындады.

Ресурстарды сапасыз жоспарлау, жоспарланған қаржыландыру көлемдерінің бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті көрсеткіштеріне сәйкес келмеуі қаржыландыру көлемдерін бірнеше мәрте түзетуге, сомасы 14,2 млрд. теңгеге нысаналы трансферттерді негізсіз бөлуге әкеп соқты.

Бағдарламаның талаптарын бұза отырып, Мониторингтеу жөніндегі басшылықты әзірлеп, қолдануда, аталған құжат мониторингтеуге жататын кәсіпкерлердің тізбесін шектейді, мониторингтеуге жататын жобалардың шеңберін тарылтады, оны жүргізу мерзімділігін белгілейді, сондай-ақ банктер алдындағы міндеттемелерді орындаған жағдайда қаражаттың пайдаланылуына мониторинг жүргізбеу мүмкіндігін көздейді.

Бағдарламаның бірлесіп орындаушыларымен тиісті үйлестіру және өзара іс-қимыл жасалмаған, сондай-ақ жекелеген көрсеткіштердің статистикалық есебі жоқ, мемлекеттік органдардың, қаржы агентінің және операторлардың көптеген есептік деректерінде елеулі айырмашылықтар орын алған.

Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі жүргізілмейді. Бұл бірқатар мемлекеттік органдар мен ұйымдарда бірнеше тізілімдердің болуына және жалпы ұлттық статистиканы жүргізу үшін статистика органдарының кәсіпкерлерді өз бетімен шағын, орта немесе ірі бизнес субъектілеріне жатқызуына әкеп соқтырды.

Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бөлінісінде құрылған жұмыс орындары туралы ақпарат жоқ. Сонымен бірге жұмыспен қамту жөніндегі индикаторлар 8 мемлекеттік және үкіметтік бағдарламада көрсетілген.

Өндірістік инфрақұрылымның аяқталған 111 объектісі мүліктік құқығы тіркелместен және тиісті пайдаланушы ұйымдарға берілместен пайдаланылған, бұл бюджеттің салық салынатын базасының төмендеуіне әкеп соқтырған.

Сонымен қатар, инфрақұрылымның берілген объектілері бойынша құқық белгілейтін құжаттарды дайындау шығыстарын қаржыландыру рәсімі регламенттелмеген, сондай-ақ объектілердің мемлекеттік дерекқорда тіркелу есебінің уақтылылығына жауаптылық көзделмеген.

Бағдарлама құралдарына қолжетімділіктің жеткіліксіз болуын аудит барысында анықталған өңірлерде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Бағдарламамен өте төмен қамтылуы көрсетіп отыр. Мәселен, Бағдарламаны 2010 жылдан бастап іске асыру уақытында оған 5 448 кәсіпкер қатысқан, бұл жалпы алғанда еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің (бұдан әрі – ШОК) белсенді субъектілерінің жалпы санының кемінде 0,5%-ын немесе ШОК заңды тұлғаларының белсенді субъектілері санының 3,1%-ын құрайды.

Бастапқыда Бағдарлама шағын және орта бизнесті (бұдан әрі – ШОБ) қолдауға арналғанына қарамастан, ірі кәсіпкерлерге 13,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл ШОБ субъектілеріне қолдау құралдарына қолжетімділікті шектейді, себебі ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ИИДМБ арналған.

Жауаптылықтың және өңірлерде үйлестірушілердің болмауы бюджет және Ұлттық қор қаражатының «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қорына нақты қажеттіліктер ескерілмей отырып аударылуына мүмкіндік берген. Бұл Қорда 2010 жылдан бастап 2016 жылғы 1 қаңтарға 16 млрд.-тан астам теңгені құраған орнықты қалдықтардың қалыптасуына әкеліп, оларға екі жарым жыл ішінде 1 млрд.-тан астам теңге мөлшерінде банктік сыйақы алынған.

Екі жарым жыл ішінде Бағдарламаның әрбір жетінші қатысушысы бюджетке жеке табыс салығын төлемеген.

2014-2015 жылдары «Даму» қорында мемлекеттік қолдау алған әрбір сегізінші жеке кәсіпкерлік субъектісі «нөлдік» нәтижемен салық есептілігін тапсырған.

2014-2015 жылдары микрокредит алған тұлғалардың 30%-дан астамы салық органдарында тіркелмеген.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан көрсетілетін қызметті берушінің шығыстар құрылымына талдау жүргізбеген, кәсіпкерлерге консультациялық қызметтер көрсету үшін сервистік қызметтер көрсету бойынша шығыстарды оңтайландыру жөніндегі басқарушылық шешімдер қабылдамаған.



«Жасыл экономикаға» көшу мақсатында қабылданған бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысын талдау

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) іске асыру кезеңінде «жасыл экономиканың» қағидаттарын енгізу жөніндегі іс-шараларды, көрсеткіштер мен индикаторларды қамтитын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің көптеген құжаттары қолданылуда, олардың бірқатары қайталанады немесе сандық мәндері бойынша үйлестірілмеген.

Мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттардың орындалмау тәуекелдері барларын оларды табысты аяқтауға күш салудың орнына күші жойылды деп тануға бастамашылық жасау тәжірибесі байқалады.

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-шараларды орындау кезінде мониторингтеу мен салааралық өзара іс-қимыл тиісті түрде ұйымдастырылмаған. Тұжырымдаманың жекелеген нысаналы индикаторларының аралық мәндері жоқ, бұл оларға қол жеткізу барысын бақылауды қиындатады.

Іс-шаралар жоспарында Тұжырымдаманы іске асыру тетігінің бірыңғай көрінісі жоқ, іс-шараларды қаржыландыру көздері мен көлемдері айқындалмаған. «Жасылға» жатқызуға болатын шығыстардың өлшемшарттары мен түрлерін регламенттейтін әдіснамалық құжат жоқ.

Қаржыландыруды талап етпейтін іс-шаралар бойынша оларды орындаудың формальды тәсілдерді байқалады.

Уәкілетті мемлекеттік органдардың алдына қойылған елдің энергетикалық, азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін ескере отырып, олардың қызметінде Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі мәселелер іс жүзінде екінші жолға қойылған.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА БӨЛІНГЕН БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ПАЙДАЛАНЫЛУ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет