Юнисеф және Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері Өтеген А



Дата22.02.2018
өлшемі114.64 Kb.
ЮНИСЕФ және Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері

Өтеген А., Сердхан А.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылы желтоқсан айындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» [1] - атты Қазақстан халқына Жолдауында балалар – қоғамымыздың ең қауқарсыз және ең қорғалмаған бөлігі деп атап өтілді және мемлекет Қазақстан жерінде туылған әр баланы қорғауға тиіс делінген. Сондай-ақ, халқымыздың сан ғасырлық даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты - балада» дейді. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Адамға нағыз бақытты - тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні - өз ұрпағы. Міне осы ұрпақты қорғап, дүние жүзінің балаларына көмек көрсететін және әлеуметтік қамтамасыз ететін БҰҰ аясындағы ЮНИСЕФ – халықаралық балалар қоры мәселесі маңызды тақырыптардың бірі.

Халықаралық деңгейде балаларды қорғау ХХ ғасырдың басынан, яғни Ұлттар Лигасында 1919 жылы Балалар комитетінің құрылуы бала құқығын қорғаудың бастамасы деуге болады. Бұл оқиғаға бірінші дүниежүзілік соғыстағы қарапайым тұрғындарға көрсетілген зорлық-зомбылықтар және Еуропаның бірқатар елдері мен Солтүстік Америкадағы балалар құқығына қатысты проблемаларға деген назар аударушылықтың артуы ықпалын тигізді. Аталған Комитет балаларға қатысты шараларды қолға алуға негізделген құқықтарды қарастыруда көптеген жұмыстар жасап, өзінің тарихи маңызын айқындады. Бұл кезеңде әлеуметтік стандарттарды қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдар, соның ішінде ағылшындық Эглантайн Джебб негізін қалаған «Балаларды құтқарудың халықаралық одағы» белсенді жұмыс жасады. Дәл осы ұйым 1923 жылы Бала құқықтары туралы декларацияның алғашқы жобасын дайындады. Сөйтіп, 1924 ж. Женевада Ұлттар Лигасының 5-ші сессиясында Бала құқықтары туралы декларация қабылданды. Бұл бала құқығын қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық сипаттағы ең алғашқы құжат болатын.

Дүниежүзі балаларының құқығын қорғау, көмек көрсету және әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, тамақтану, жанұя мен балалардың амандығы, білім беру және кәсіби тұрғыда оқыту салаларындағы арнайы жобаларды қолдау, ана мен бала орталықтарын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, осы салалар бойынша қызметкерлерді дайындауды қаржыландыру, эпидемияларға қарсы шаралар өткізу, су тасқыны, жер сілкінісі, құрғақшылық және тағы сол сияқты апатты аймақтарындағы құрбан болған балаларға көмек көрсетудегі халықаралық жүйесін қалыптастыруда уақыт көшінен қалмай, жұмыстарын әрі қарай жалғастыру міндеті адамзаттың ұрпақ алдындағы парызы екендігі белгілі. Осыған байланысты аталған жүйенің келесі бір өркениетті нұсқасы ретінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жасақталды. Мұндай маңызды, әрі ауқымды шараны жүзеге асыру үшін БҰҰ Әлеуметтік комиссия мен Балалар қорын (ЮНИСЕФ) құрған болатын. Балалар қоры алғашқыда соғыстан кейінгі Еуропа елдеріндегі балаларға көмек көрсетуді мақсат тұтты, кейін оның ауқымы кеңейіп, белгілі бір мемлекетте қалыптасқан экономикалық және саяси дағдарыстар, әскери қақтығыстар әсерінен жапа шеккен балаларға ұзақ мерзімді көмек көрсетуге ұласты. Сонымен қатар дамушы елдерді мектептерге арналған құрал-жабдықтармен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, түрлі шәкіртақылар және басқа да жәрдемақылармен қамтамасыз ету қордың басты мақсатына айналды. Ең жоғары басқарушы органы Атқарушы кеңес болып табылатын Балалар қоры алғашқы отырысын 1946 жылғы 19 желтоқсанда сол кезде мүшелікке кірген 25 елдің ғана қатысуымен өткізді.

ЮНИСЕФ немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры - БҰҰ-ның негізгі мекемелерінің бірі, 1946 ж. 11 желтоқсанда екінші дүниежүзілік соғыстан тікелей зардап шеккен елдердің балаларына көмектесу үшін уақытша ұйым ретінде құрылған. Алғаш «Балаларға көмек көрсететін халықаралық төтенше қор» деп аталды. 1953 ж. Бас Ассамблеяның шешімімен ол БҰҰ құрылымының бір жүйесі ретінде бекітілді. БҰҰ Балалар қоры тек соғыс зардабына ұшырағандар ғана емес, сонымен бірге ашаршылық пен індет жайлаған, босқыншылық көрген елдердің балаларына да қол ұшын береді. Қордың бірінші атқарушы директоры Морис Пэйт балалар мүдделерін соғыстан кейінгі әлемдегі саясаттан жоғары қойп, «Балалардың арасында жау жоқ» деп мәлімдеген еді.

1954 жылы 20 қараша күні «Балалар құқығы жөнінде декларация» қабылданады. 1965 ж. қорға балалар үшін жүргізген қызметіне сай Нобель бейбітшілік сыйлығы берілді. Қор тек қана ерікті қайырымдылық есебінен жұмыс жасайды. Мұндай қайырымдылықтың басым бөлігі үкіметтерден, қалған қаражат жеке тұлғалар мен компаниялардан түседі. Ал 1989 жылы 20 қарашада «Балалар құқығы жөніндегі конвенция» бекітілді. Балалар құқығын қорғаудың заңнамалық тұрғыда дайындалғаны қазіргі таңда әр жылдың бірінші маусымы күні әлем бойынша тойланатын балалар күнінің пайда болуына септігін тигізді. Сондай-ақ дәл осы күн болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құруы үшін оның негізі - балалардың қамын жасаудан туындайды деп шешкен.

ЮНИСЕФ-тің іс-әрекеті тікелей Экономикалық және әлеуметтік кеңестің қамқорлығының арқасында іске асады. ЮНИСЕФ-ті басқарма басқарады және оны бас хатшы 31 мүшеден тұратын басқармасымен кеңескен соң тағайындайды. Қордың басқарушы органы - Басқармасы 3 жылға сайланады. Қор Хатшылығын БҰҰ-ның Бас хатшысы тағайындайтын атқарушы-директор басқарады. Қазіргі кезде БҰҰ Балалар қорына әлемнің көптеген мемлекеттері мүше. Штаб-пәтері - Нью-Йорк қаласында орналасқан.

БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қазіргі кезде әлемнің 191 елінде елдік бағдарламалар мен Ұлттық комитеттер арқылы жұмыс істейді және әрбір баланың құқықтары іске асырылатын тетіктерін құруға жәрдемдесетін қозғаушы күш болып табылады. Ұйымның халықаралық беделі шешімдер қабылдау процесіне ықпал жасайды, қордың жергілікті деңгейде нағыз инновациялық идеяларды іске асыратын көптеген әріптестері бар. Бұл ЮНИСЕФ-ті жас ұрпақпен жұмыс істейтін басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың арасында бірегей етіп көрсетеді. Жаһандық деңгейде ЮНИСЕФ баланың дамуы үшін оның өмірінің бастауынан ең жақсы жағдайлар жасау жөніндегі қызметпен айналысады, өйткені баланы өмірінің бастапқы кезеңдерінде тиісінше қорғау адамның жалпы өмірі үшін сенімді негіз қалайды.

Қазақстан Республикасы мен ЮНИСЕФ Балалар қоры арасындағы ынтымақтастықтың негізі 1992 жылы ақпан айында БҰҰ Балалар қоры және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандық балалардың жағдайына баға беру үшін жас тәуелсіз республикаға өзінің бірінші миссиясын ұйымдастырудан басталды. Бұл миссия Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің қызметіндегі алғашқы жобасы қызылша мен полимилетке қарсы барлық балаларды иммунизациялаумен жалғасты. 1994 ж. Қазақстанда БҰҰ Балалар қорының өкілдігі құрылды. Міне осы уақыттан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЮНИСЕФ-тің тұрақты бағдарламасы бойынша жұмысы басталды. 1994 ж. 25 қарашада қол қойылған Қазақстан үкіметі мен БҰҰ Балалар қоры арасында ынтымақтастық туралы негізгі Келісім 2001 ж. 10 сәуіріндегі №176-ІІ ҚР Заңымен бекітілді» [2].



Сөйтіп, 1995 жылы мамырда қазақстандық «Бөбек» қорымен және үкіметпен бірлесе отырып ЮНИСЕФ АСПЕРА, яғни Арал теңізіне экологиялық және аймақтық көмек көрсету, әлеуметтік және экономикалық қайта құру жағдайында балалар мен аналарды қорғаудың 5 жылдық бағдарламасын жасады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты тамақтану, судың сапасы, қоршаған ортаның жағдайы, балалардың білім алуы ана мен бала денсаулығын сақтау, бастауыш білім беру ісін жетілдіру, экологиялық-санитарлық көмекті дамыту, ана мен бала құқығын қорғау шараларын жүзеге асыру сияқты бірқатар мәселерді шешуге көмектесу және ұсыныстар беру болып табылды.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің қызметін төмендегідей үш негізгі бағытқа шоғырландыруға болады:

- әлеуметтік саясат және білімді басқару;

- денсаулық және балалар мен жасөспірімдердің дамуы;

- балаларды қорғау.

2000 ж. қыркүйегіндегі Мыңжылдық Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Балалар саудасы, балалар зинақорлығы және балалар порнографиясына қатысты балалар құқығы туралы» Конвенцияға және «Балалардың қаруланған қақтығыстарға қатысуына байланысты балалар құқығы туралы» факультативтік протоколға қол қойды. Астанада 2014 жылдың 18 ақпанында БҰҰ Балалар қорының өкілі Джун Кукита және Адам құқығы бойынша өкілетті Асқар Шакиров Қазақстандағы Балалар құқығын қорғау және ынталандыру саласында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды [2].

ЮНИСЕФ көрсеткен қолдаудың нәтижесінде Қазақстан Республикасы балаларды әмбебап иммунитеттендіруге және вакцина тәуелсіздігі мәртебесіне 2000 жылы қол жеткізді, жаңа вакциналар енгізді және 2002 жылы «полиомиелиттен бостан ел» ретінде сертификатталды. ЮНИСЕФ Азия Даму Банкімен ынтымақтаса отырып, тұзды әмбебап йодтау және ұнды фортификациялау жөнінде заң мен заңға тәуелді актілер қабылдау мақсаттарында мемлекетке жәрдем көрсетті.

ЮНИСЕФ-тің зерттеулері перинаталды кезеңдегі күтім көрсетуді жақсарту жөніндегі Ұлттық бағдарламаны әзірлеуге және денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың Ұлттық бағдарламасына үлес қосты. 2005 жылдан бері 5 жасқа дейінгі балалар бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейіндегі негізгі көрсетілетін қызметтер пакетінің бөлігі ретінде тегін дәрілермен қамтамасыз етіледі. ЮНИСЕФ-тің бастамасы бойынша мектеп бағдарламасының бөлігі болып табылатын өмір машықтарына негізделген интеграцияланған бағыт жасау жұмысы басталды, мұнда салауатты өмір салтына үйретуге, зорлықтың профилактикасы мен дау-жаңжалдарды бейбіт шешуге қатысты оқыту қолайлы түрде жүргізіледі.

ЮНИСЕФ-тің қолдау көрсетуімен мемлекет пен Ювеналды әділеттің қамқорлығындағы балалардың құқықтарын іске асыру саласындағы заңнамаға шолу жүргізілді. Алматы қаласында және Оңтүстік Қазақстан облысында ЮНИСЕФ-пен бірге ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды орналастырудың баламалы нысандарын дамыту жөніндегі жобалар ынталандырылды. ЮНИСЕФ сарапшылары «Бала құқықтары туралы» 2004 жылғы заңды әзірлеу мен қабылдауға қомақты үлес қосты. ЮНИСЕФ пен басқа серіктестіктердің қолдау көрсетуі балаларды қорғау жүйесін кешенді реформалауға кірісуге, атап айтқанда ҚР Ғылым және білім министрлігінің жанынан БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі Комитетінің ұсыныстарына сәйкес бала құқықтарын қорғау жөнінде 2005 жылы қаңтарда арнайы комитет құруға септігін тигізді [3].

ЮНИСЕФ-пен өзара байланыс арқасында және 2010-2015 жылдарға арналған Елдік бағдарламаның аясында отбасы мен қоғамның әлеуетін нығайту, әлеуметтік және басқару саясатын әзірлеу, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша іс-шаралар табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама басымдықтарының бірі Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының, бұған қоса Семей сынақ алаңы мен Арал аймағындағы балалардың жағдайын жақсарту болып табылады.

Ел Үкіметі БҰҰ-ның Балалар құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын орындауға, атап айтқанда, ювеналдық юстиция жүйесін дамытуға, балаларды ауыр жұмысқа тартудың алдын алуға, жетім балаларға қатысты отбасы тәрбиесінің баламалы түрлерін енгізуге, мүгедек балалардың айрықша мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауда [4] – дейді, Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Ю. Оксамитный: «БҰҰ Балалар қоры ереже ретінде мемлекеттер үкіметтерінің қаржылық ресурстарын пайдаланбайды. Бірақ Қазақстан үшін бұл ұстанымымызды өзгертуге бардық. Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы бірнеше жобаны Үкіметтің қаржылық қолдауымен жүзеге асырдық. Бұл ретте арамыздағы ықпалдастық пен өзара түсіністік жоғары деңгейде екендігін атап өткім келеді. Яғни біз бұл елде аса қажетті «іс-қимыл еркіндігіне» қол жеткіздік». «ЮНИСЕФ-тің республикамыз өңірлерінде «Балаларға дос қалалар» атты бастаманы іске асырып жатқандығын, оған сәйкес, балалардың дамуы үшін барынша қолайлы орта жасау көзделуде. Біз бұл істе Қазақ елінің ұлттық басымдықтарына толық бағдарлануға тырысудамыз. Президент Н.Назарбаев Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу бойынша міндет қойды. Ал ол қатарға қосылу үшін балалардың жағдайына айрықша көңіл бөлу, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік даму мәселелерін шешу шарт [4] - дейді.

ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықтың 20 жылдан астам мерзімі ішінде Қазақстан сәби мен балалар өлім-жітімі көрсеткішінің төмендеуіне қол жеткізді. Білім беру жүйесі реформалануды. Сонымен бірге ел Үкіметі осы жаһандық ұйыммен бірлесіп, балалар құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізеді. Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастықтың кезекті 5 жылдық бағдарламасын әзірленуде. Оның негізгі бағыттары – бала құқықтарының қорғалуы, денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту мәселелері болмақ. Психикалық және физикалық дамуында ерекшеліктері бар балаларға, заңмен байланысы бар жасөспірімдерге және қандай да бір себептермен отбасында өсу мүмкіндігінен айырылған балаларға айрықша назар аударылуда. Қор Қазақстанда «Арал теңізі: аймақтық және техникалық көмек жобасы» атты кешенді шараларды ұйымдастырып, аймақ тұрғындарына көмектесу мақсатында жұмыстар атқаруда.

БҰҰ Балалар ұйымы өз жұмысын республикамызда әсіресе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтауда өрістетуде. «Себебі Қызылорда өңірінде әлемге мәлім Арал теңізі орналасқан. Ақтау мен Шығыс Қазақстан – шекаралық, шет жақтағы аймақтарда орын тепкен. Қазақстан әлемдегі жер көлемі бойынша өте үлкен мемлекеттердің бірі. БҰҰ Балалар қоры оларда жас ұрпаққа қатысты жұмыс жүргізу үшін іс-қимыл бағдарламаларына арнап, осындай «тірек нүктелерін» таңдап алады. Бірақ бұл біздің басқа өңірлерді көзден таса қалдыратындығымызды білдірмейді. Қазақстан басшылығы жас ұрпақ мәселелеріне үлкен қамқорлық танытып отыр. Біз бірлесіп, көптеген маңызды бастамаларды пысықтаудамыз, мәселен, арасында балалар мен жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салуының алдын алу бар. Біздің басты міндеттеріміздің бірі – ең озық халықаралық тәжірибені Қазақстанға әкелу болып табылады»[4] -дейді ЮНИСЕФ өкілі.

ЮНИСЕФ ұсынған «Балаға жақын қала» бастамашылығы қазіргі уақытта Қазақстанның 14 қаласында іске асырылып отыр. Сонымен бірге ЮНИСЕФ Қазақстан балаларының, әсіресе, шалғай алшақ аудандарда және күн көрісі нашар отбасыларында тұратын балалардың өмірін жақсарту бағытындағы іс-әрекеттерін одан әрі жалғастыруда.

Білім және ғылым министрінің орынбасары Е. Иманғалиев: «Бүгінгі таңда еліміздегі 21 қала «Балаларға дос қалалар» бастамасына қосылып, келісімге қол қойды. Соның аясында БҰҰ Балалар қоры, барлық облыстар әкімдерінің орынбасарларымен, сондай-ақ балалар істерімен айналысатын мемлекеттік органдармен бірге, емханада, кітапханада, білім ошақтарында, интернаттық мекемелерде балаларға дұрыс жағдай жасау шараларын ілгерілетуде. Мұның сыртында ұйым Қазақстандағы балалардың жағдайы туралы үлкен зерттеулер өткізеді. Оның қорытындылары мемлекеттік органдардың жұмыс-жоспарларында көрініс табуда, ол бізге дұрыс шешім қабылдауға үлкен жәрдем» [4] – екендігін айтады.



Сондай-ақ БҰҰ Балалар қоры дәрі-дәрмекпен, медициналық құрал-жабдықтармен және мектепті негізгі керек-жарақтармен, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету ісінде көптеген қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс жасап отырады. Ағымдағы елдік бағдарламаның негізгі мақсаты Үкіметке барлық балалардың өмір сүруге, дамуға, қорғау мен қамқорлыққа құқықтарын іске асыруда қолдау көрсету, сонымен бірге балалардың тағдыры үшін жауапкершіліктің артуын қамтамасыз етуші тиісті ортаны қалыптастыру болып табылады.

ЮНИСЕФ жақын болашақта Қазақстандағы, әсіресе шалғай аудандар мен осал қауымдастықтарда өмір сүретін балалардың өмірін жақсарту, сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау саласында ҚР заңнамалық жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарын жалғастырады. Қазақстан Республикасы Үкіметімен, Парламентімен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, БАҚ және жеке сектормен көп жылғы табысты ынтымақтастыққа ие бола отырып, ЮНИСЕФ балалар құқығын ілгерілету, полиомеилит сияқты қауіпті аурулардың алдын алу және оларды жою, әйелдер мен балалардың әл-ауқатын жоғарылату бойынша жұмыс түрлерін жалғастырып отыр.

Сонымен қорыта айтқанда Балалар құқығы мен заңды мүдделерін қорғау, қамқорлық жасау, дені сау, білімді және тәрбиелі ұрпақ өсіру – ұлттық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Балалардың өмір сүруге, есімінін болуына, азаматтыққа ие болуын, аман-сау отбасылық өмір сүруін, сәбидің жеке басының еркін дамуының қамтамасыз етілуін, денсаулығын сақтау нығайту, білім алу мен мәдени дамуын, төтенше жағдайларда сәбиді қорғау мен қолдауға ие болуы біздің әрқайсысымыздың басты міндетіміз болып табылады.

____________________________



1. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы//http://www.inform.kz /kaz/article/2518877

2. БҰҰ балалар қоры ЮНИСЕФ//http://www.mfa.kz /index.php/kz/aza-stanny-syrt-y-sayasaty/aza-stan-zh-ne-khaly-araly-jymdar 143-b-balalar-ory-yunisef

3. БҰҰ-ның Балалар Қоры (ЮНИСЕФ)//http://www.undp.kz/ library_of_ publications /files/6726-16450.pdf

4. Шәріп А. Балалар үшін барымызды саламыз.//http://www.bsh.kz/news /1426929606.html
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет