Шебер мұғалім – дарынды балаларға



жүктеу 36.2 Kb.
Дата20.11.2017
өлшемі36.2 Kb.
Тауданбекова Ардақ Айтқазықызы

Глубокое ауданы,

«№ 1 Белоусовка орта мектебі» КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі


Шебер мұғалім – дарынды балаларға

Шәкірт - менің мәртебем,


Мен - баспалдақ.
Мен арқылы  шырқасын ол аспандап.
Естілеу Нүсіпбеков.

«Дарынды бала» деп жаздым да, терең ойға шомдым. Сонда «дарынды», «қабілетті» сөздері қандай мағына береді? Әдетте дарынды деп өз қатарларынан әлдеқайда дамыған немесе ерекше бiр зейiні бар (музыкалық, көркемдiк, спорттық т.б. қасиеттер бар) балаларды айтады, ал ғылыми тұрғыдан оларды вундеркиндтер дейді. Психологиялық көзқарас тұрғысынан дарындылық екi түрлі мағына бередi - жалпы рухани зейiндiлiк және нақты дарындылық. Жалпы зейiндiлiктi ғалымдар - жалпылау икемдiлiгi, кез келген тақырыпта әңгемелесу, мәселелердi шешу және өз тәжiрибесiнде үйрену деп тұжырымдайды. Ал, менің ойымша, барлық бала дарынды және олардың өзiндiк жеке-дара ерекше қасиетi бар. Бала бойындағы сол қасиетті ашу шебер ұстаздың ғана қолынан келеді.

Мен үшін әр оқушы домбыра іспеттес. Сізде «Не себептен баланы домбыраға теңейсіз?» - деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Менің берер жауабым: егер домбырада күйші шебер ойнай алмаса, онда домбыра үні тыңдарманның ойын елітіп, әуен патшалығына апара алмайды. Ал, егер күйші домбырада шебер ойнаса, күй әдемі де әуезді шығады. Шебер ұстаз оқушыға өз бойындағы қабілетін ашудың тиімді жолдарын көрсете алса, бала да домбырадай әуезді үн шығарып, баршаны таңқалдырып, сүйсіндіре алады.

Оқушы - біздің болашағымыз. Егер сіз тек сабақ беруші ғана мұғалім болсаңыз, сізге мектепте орын жоқ. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру, білім нәрімен сусындату сізден басталады. Білімнің кәусар бұлағына ауызданбаған бала уызы жарымаған көтерем қозыдай болады. Оқушының қабілетін аша білмеген мұғалім туған халқының жанын түсінбейді. Ал, халықтың жанын түсінбеу деген ─ ағаштың тамырын шабумен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да болмайды, жеміс те бермейді.

«Оқушының бойындағы дарындылықты ашатын шебер ұстаз дегеніміз қандай болуы керек?» – деген сауалға жауап бермес бұрын, «шеберлік» сөзінің мағынасын ашып алайық. Шеберлік – кәсіби немесе әуесқойлық ізденістің барлық түрінде істі терең танушылықпен, дамыған іскерлікпен үйлестіріп тиімді әрекеттерді жүзеге асырушылық.

Ал, педагогикалық шеберлік - үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Ол өнерге балаларды сүйетін және өз қалауымен жұмыс істейтін әр педагогтың қолы жетуі мүмкін. Педагог - өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті, өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, жалпы, әсіресе, балалар психологиясының мәселелеріне қанық, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман. Осы орайда философ Платонның ұлы ұстазы Сократтың: «Мұғалім жаңбырдың тамшысы» - деген сөзі ойыма еріксіз келеді. Ия, расында да, шебер ұстаз жаңбырдың тамшысы іспеттес. Жаңбырдың тамшысы жерден қауыз атып, қылтиып шығып келе жатқан дәнге қалай нәр беріп, көгерте алса, шебер мұғалім де тарыдай болып мектеп табалдырыған тәй-тәй басып алғаш аттаған шәкіртін, білім уызымен нәрлендіріп қана қоймай, бойындағы барлық жақсы қасиеттерін беріп, қанатын қатайтып, үлкен өмір мектебіне ақ жол тілеп шығарып салады. Шебер ұстаз болудың құпиясын әркім-ақ білгісі келері хақ. Өкінішке орай, оның ешқандай да сыры жоқ. Менің сізге айтарым, әр шәкіртті жеке дарынды адам етіп шығара алмайсыз, сондықтан олардың жеке қабілетіне ерекше көңіл бөліп, уақыт тағайындап, күнде жеке жұмыс жүргізу керек, сонда ғана шәкірт дараланып нәтиже көрсете алады. Жалпылама оқытудан дарын иесін шығара алмайсыз.

Бірақ, әр мұғалім қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың: «Мұғалімнің ұдайы жақсы оқитын балаларға ғана сүйсініп, ылғи соларды ғана оқытуы дұрыс емес» деген сөзін жадынан шығармауы тиіс. Өйткені, жалпы алғанда, өркениеттің прогрессивті дамуының негізгі қозғаушы күші шығармашыл тұлға екені белгілі. Біздің заманымыздың электрондық, атомдық, ғарыштық деп аталып жатуының өзі адамның ақыл–ойының, санасының жетілгендігінің нәтижесі, бір сөзбен айтқанда, осының бәрі адам шығармашылығының, жетістіктерінің көрінісі.

Бүгінгі таңда жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанға айналу, жаңарту үдерісі қоғамымыздың барлық саласында жүргізілуі әлемдік деңгейге сай дамуды талап етеді. ХХІ ғасырға лайық, әлемдік өркениет көшіне ұялмай тізе қостыратын, дамыған елдермен терезе теңестіретін, бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатына қосылу үшін елімізге тәрбиелі, білімді ұрпақ керектігі айтпаса да түсінікті. Қазіргі қоғамның алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі – әрбір жас ұрпақтың бойына бәсекеге қабілетті құндылық қасиеттерді қалыптастырып, дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлу.



Бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу рухани құндылықтардың қайнар көздері негізінде және оны жеке тұлғаның қабылдауы арқылы жүзеге асады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің негізгі міндеті – баланың даралылығын дамыту, тәрбиелеу және оқыту үшін жағдайлар жасау арқылы интеллектін байыту, бала тұлғасының рухани және дене мүмкіндіктерін ашу екендігі ерекше аталған. Сондықтан, оқушылардың оқу–тәрбие үрдісінде жан–жақты дамуын жүзеге асыру, білім алу кезіндегі шығармашылық белсенділігі, өз беттерімен білімді игеру дәрежелері мұғалімнің шеберлігімен байланысты. Еліміздің әрбір жеткіншегін дара тұлға ретінде жетілдіру, оның шығармашылық қабілеттерін құзіреттілік тұрғыда дамыта отырып, нағыз ел азаматы етіп тәрбиелеу – біздің қолымызда, әріптес!




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет