Серік АҚСҰҢҚАРҰлы қҰдайдың ҚҰбылысы



жүктеу 45.2 Kb.
Дата07.07.2017
өлшемі45.2 Kb.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰБЫЛЫСЫ

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ


ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰБЫЛЫСЫ
Қасымның мына жалғанның жарығына келгеніне биыл 100 жыл болды. Біздің жыл санауымыздағы осы ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ – ғасырлар күнпарағындағы Алаш рухының алтынмен апталып, күміспен күптелген айрықша беттері еді.
Тәңірі қара құртша жер бауырлаған адам баласының көзіне өзінің көмескі ғазиз бейнесін елестетіп, тілін кәлимаға келтіру үшін Жер бетіне Көктен жүздеген пайғамбар жіберген. Солардың ішінен біздің зердемізде қалып, ой-санамызға орныққаны Заратустра мен Будда, Иса мен Мұхаммед. Адам баласы жерге Алла лебізін жеткізген сол пайғамбарлардың бәрін де, маңайынан ойбайдан-аттан салып, аластап қуып, аша таяққа шегендеп, түйенің боқтығына көміп – өлтірді. Бірақ Алла тағаланың өзі топырақтан жаратып, аузынан үрлеп жан салѓан пендесінің бәрі бірдей иіс алмас надан, шетінен ішек-қарыны шұрқыраған хайуан, Тәңірі тезіне көнбейтін тексіз емес-ті. Санасыздың саңылауын ашып, телі мен тентекті жөнге салатын ғазауат майданында құрбан болған пайғамбарлардың аузынан айтылған Құдай сөзін құлағы шалып, осынау опасыз дүниеге ғарыштан жеткен бақилық ақиқаттың терең мағынасына мағмұрланған Адам Ата-һауа Ана үмбеттері де болды. Адамзат оларды қасиеттеп Ақын деп атады.
Иса пайғамбар Жаратқан жалғыз Иенің Мәрия – Ананың жатырына түскен жалғыз тамшы рухынан жаралса, Пушкин мен Абай, Қасым мен Мағжандар жеміт іздеп, жер бауырлап, фәни дүниедегі ит тірлігінен қажыған пенде атаулының Аллаға деген асқақ махаббатынан туды!
Алла көктен Жердегі пендесіне төрт мәрте сауал салған. Таурат пен Забур, Інжіл мен Құран – адам баласының басын даң, жүрегін күпті қылатын фәни дүниедегі мәңгілік сұрақтардың антологиясы еді. Сол сауалдарға Гомер мен Данте, Шекспир мен Гете, Пушкин мен Абай жауап берді. Пайғамбарлар Көктен – Жерге түсіп, ақындар Жерден – Көкке кететіні, осы дүниеде олардың екеуі де оңбайтыны сонан шығар. Пушкиннің христиандық – құдай әке мен қасиетті рух, һәм Құран сүрелерінен босанып шыға алмай, мына дүниеден баз кешіп, басқа дүние іздейтіні, Інжіл мен Құранның арасында құрақ ұшып адасып жүретіні тегін емес. Діні – христиан, ділі – славян Пушкинді түп атасы араб Ганибалдың қаны арбап, Құран сүресі дуалады да, орыстың тұла бойы тұңғыш Ұлттық Ақыны болып жаратылған жампоз, ақыры адамзаттың жаршысына қалай айналып кеткенін сезбей қалды.
Орыс тарихында екі-ақ заман бар. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы феодалдық-патриархалдық, ХІХ ғасырдың басындағы капиталистік формациялар, 1914 жылғы 1-ші, 1939 жылғы 2-ші дүниежүзілік қырғын, Қазан төңкерісі мен сүренін қалың орыс салған социализмнің дүниежүзілік жүйесі, 1991 жылғы тамыз бүлігіне дейінгі аралықтағы орасан зор тарихи оқиғаларға қарамастан, Ресей екі-ақ заманда, Пушкин дүниеге келгенге дейінгі және Пушкин дүниеге келгеннен кейінгі Ресейде өмір сүріп келеді. Біздің исі қазақ та Абайға дейінгі һәм Абайдан кейінгі қазақ болып қаққа бөлінеді. Біз Пушкиннен кейінгі, Абайдан кейінгі, Қасымнан кейінгі заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Олардың өр рухы өзегімізге өрт салмаса – өз обалымыз өзімізге…
Бүгінде ұлы Пушкиннің бүкіл әлемдік мәдениетке жасаған әсері қақында жиі айтылады. Дүниеге Пушкин келгеннен кейін жалғыз орыс қана емес, жалпақ жаһанның дүниетанымы адам танымастай өзгергені ақиқат. Абай Пушкиннен кейін туды. Лермонтов та солай. Мағжан да жарық жалғанға Абайдың алдын орап келе алмас еді. Қасым да. «Ал, енді қоштасайық, сардар аға, Мен ертең кетем ұшып сар далама,– дейді Мұқағали Пушкиннің Мәскеудегі ескерткішіне қарап: – Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана!». Мынау Олжас: «Поэт красивым должен быть как Бог, Кто видел Бога? Тот, кто видел Пушкина!». Ұлы ақын өзіне жетеқабыл осындай тереңдер мен кемелдерге керемет әсер етті. Таяз бен кереңге данышпанның бары да, жоғы да бір. Пушкин – Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалиларды ғана азалы ойға салады. Дәлдүрішке әсер етіп, шыбын жанын жанартаудай әлем-тапырық қылатын Пушкин емес – шетелдік авто мен жапондық бейне магнитофон немесе конвертке салынған құнды банк қағаздары ғана!
«Өмірге келдім еңбектеп, шалқалап әкем шықты үйден» деп, жұмыр басты пенденің қамшы сабындай ғұмырнамасын екі-ақ жол өлеңге сыйдырған Қасымның туғанына бүгін, міне, бір ғасыр болады. Қарқаралыда туып, одан Абыралы арқылы жаяу-жалпылы Семейге өтіп, Семейден – Алматыға тұяқ іліктіріп, одан Орал асып, Оралдан – Ұлы Отан соғысына аттанып, одан аман-есен Алматыға оралып, Алматыдан – Алашқа, Алаштан – адамзатқа жеткен Қасым 100-ге – кемелінен келіп, қазағына қайта қайтып келе жатыр!
Бұл – Абай жолы. Мұхтар Әуезов Абай жөніндегі дәуірнамасын «Абай жолы» деп тегін атамаған. Жидебайда туып, Еуропаға – Пушкин мен Лермонтов, Гете мен Мицкеевичке жетіп, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып – Күн болған» (Сұлтанмахмұт) Абай жолы – бұл. Қасым жүрген Абайдың қасқа жолымен исі қазақ жүруге тиіс! Мына дүниеде бізге одан басқа соқпақ жоқ. Сол жолдан адасып, босқа көз талдырып, көңіл қаңғыртатын сүрлеуге түсіп кетпес үшін де біз Қасымның қара томдарын қайта-қайта ақтарып-төңкере беруіміз керек.
Қазақ жырын Абайдан кейін тезге салған адам осы – Қасым. Мағжанды сол кездегі көзі қарақты, көңілі ояу замандас-қатарластарынан басқа ешкім байқамай қалды... Қазақ поэзиясындағы Абай – Қасым мектебі ХХ-ХХІ-ші ғасырлардағы қазақ жырын осы күнгі адамзаттық деңгейден де асырып жіберді деуге болады! ХХІ-ші ғасырдағы қазақ өлеңі бүгінде де бүкіл дүниежүзілік поэзияның көш басында тұр! Абай мен Қасым жырларынан қанаттанған қазақ халқы Гомерден бастап, Гете, Шекспир, Уитмен, Лока, Рембо, Бернс, Вознесенскийге дейінгі аралықтағы адамзаттың арқалы да асқақ ақындарын өз тілінде сөйлетіп жіберді. Өздерін елден ерек, мәдениетті санайтын өрелі орыстар біздің маңдайымызға біткен жалғыз Абайымызды әлі орысша сөйлете алмай жатыр. Мағжан да, Қасым, Мұқағали да әлі орысша сөйлеген жоқ...
Поэзия – Құдаймен сөйлесу. Басқа түк те емес. Саңқылдаған дауыс, қарқылдаған күлкі, жарқылдаған теңеу, тақылдаған ұйқас та емес. Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» - басы жұмыр пенденің Алламен арадағы диалогы ғой. Ақын Алламен сөйлесуге тиіс! Дәлдүріш пендемен ғана сөйлесе алады. Пендені тәңірге теңеп, марапаттайды. Пендеге жағынып бәйек болады, өзінің хайуандығына мәз болып, өзге хайуанды да соған тәнті етеді. Мұндай «сарай ақындары» Пушкиннің кезінде де болған. Қазір күнде итше күшіктеп жатыр. Иісі қазақ Қасымның 100 жылдығын кеудеден жоғарғы кеңістікке көз салып, атап өткелі жатқанда кейбіреулердің кіндіктен төмен түсіп, ақыннан дәлдүрішті айыра алмай, албасты басып отырғаны ойлантады.
Жұмыр басты пенденің 99 пайызы ас үй мен әжетхананың арасында жүріп қартаяды екен. Қасым Жер анадан Аспанға кетті. Мәңгілікке. Өмір мен тіршіліктің ара жігін айыра алмай, өзегі кеуіп, өлімге бола туған біз секілді ұсақ-түйек пенделерге Қасымға таңырқай қарап, тереңіне бойлай алмай, тізесінде қалу немесе жүрген-тұрған, сүйген-күйген, сүрінген-бүлінгенін жіпке тізген анекдоттарды тамсана тыңдау ғана бұйырған шығар. Тәңірі маңдайға не жазса, сол болады.
Заратустра мен Будда, Иса мен Мұхаммед тәңірінің жерге аспаннан түсірген елшілері болса, Пушкин–Абай–Мағжан–Қасым–Мұқағалилар азалы адамзаттың Аллаңа жіберген өкілі еді. Адасқан адам баласының мұң-шерін Жасаған Жалғыз Ие осылардың аузынан естіп, бізге кеңшілік жасап отырғандай. Әйтпесе, ақыр заман болатын мезгіл әлдеқашан жетті ғой?! Қасым – Құдайдың құбылысы! Онымен 100 жыл сайын ғана емес, күн сайын шұрқырасып табысып жатсақ, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, көсегеміз көгереді...

Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 қыркүйек (№ 147/148). - 4 б.




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет