Үркер жұлдызының Қазақ халқының тіршілігіндегі орны



жүктеу 102.64 Kb.
Дата18.12.2017
өлшемі102.64 Kb.
УДК: 94 (574.51) – 554.75 :39

Б.Ш. Солтиева*
* − әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тарих, археология және этнология факультеті, аға оқытушы baxa14@mail.ru
ҮРКЕР ЖҰЛДЫЗЫНЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТІРШІЛІГІНДЕГІ ОРНЫ
Аннотация. Мақалада қазақтардың шоқжұлдызы Үркер туралы баяндалады. Қазақ халқының есепшілері Үркер жұлдызы арқылы ауа-райын болжай білген және малшаруашылығы мен егіншілікке де қатысты халықтық білімдерін жетілдірген. Мақалада сонымен қатар Үркер жұлдызына қатысты ырым-сенімдер келтірілген. Үркер жұлдызының тууы мен батуы қазақ халқының өмірі мен тіршілігінде, шаруашылығы мен дүниетанымдық көзқарастарында ерекше орын алған. Аспан денелері халқымыздың өмір сүруінің факторы болып есептелген. Үркер жұлдызы туралы әртүрлі нұсқадағы аңыздар қарастырылған. Үркердің циклдік қозғалысы Айдың ара қатынасын анықтауда қазақтарға жылдың айларын ғана біліп қоймай, күн мен түннің уақытын нақты анықтаған. Үркер мен Айдың тоғысуын, қозғалысын жақсы білген. Соның негізінде байтақ далада жол тауып, жыл мезгілдерін айырып, мал алу мерзімдерін біліп, уақытты есептеп отырған. Сонымен қатар мақалада, дәстүрлі қазақ қоғамындағы ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен жинаған білімдер жүйесін ашып көрсеткен.

Тірек сөздер: Үркер, дүниетаным, шоқжұлдыз, тоғысу, батуы, тууы, есепші.

ҮРКЕР ЖҰЛДЫЗЫНЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТІРШІЛІГІНДЕГІ ОРНЫ
Қазақтардың көшпелі өмір салты халықтың астрономиялық білімінің жетілуіне әсер етті. Іс жүзінде әрбір көшпенді жұлдыздардың орналасуы, аспандағы жұлдыздар, олардың қозғалысы, уақыты және шығар орны және батуы жылдың әр мезгілінде пайда болуын өздерінің істерінде пайдаланады. Аспандағы олардың пайда болуының уақыты мен орны ауа-райын болжауға мүмкіндік беріп, өз кезегінде шаруашылық қызметіне әсер етті. Қазақ атаулының бәрі білетін шоқжұлдыз – Үркер. Үркерді білмейтін қазақ болмас, ол Торпақ шоқжұлдызының құрамындағы жыбырлап, біріне-бірі өте жақын орналасқан, бір топ жұлдыз. Уақыт пен кеңістіктегі бағдар үшін Үркер жұлдызы ерекше ыңғайлы еді. Ол алақандай жерде дөп-дөңгелек болып толып тұрады. Оны көзі өткір адамдар алты жұлдызды, кейде жеті жұлдызды үнемі байқайды, ал көзі жіті адамдар тоғыз жұлдызын көреді. Шындығында жай көзбен Үркер жұлдызының алты, он шақтысын, ал телескоппен 200-ге дейінгісін көруге болады екен. Жаздың ең қысқа түндерінен (10 мамыр мен 20 маусым) басқа кездері бұл шоқжұлдыздан алты немесе жеті жұлдызды үнемі ажыратып байқауға болады, оның үстіне бұл шоқжұлдыз өзінің бағытын шығыстан батысқа қарай тұрақты түрде қозғалатындығын түнгі аспанда байқауға болады [1, с. 179].

Ай өз қозғалысында Үркермен он бір рет кездескен, Үркер аспанда көрінбеген кезде кезеңді екі рет қосып отырған. Айдың қандай да бір жұлдызбен кездесуі - «Тоғысу» деп аталады. Тоғысу есебі қазақтардың күнтізбелік санауын құрады. Үркер бойынша тоғыс есебі жүргізілген. Тоғыс кезінде Үркер мен Ай бір-бірінен алыс болса, халық тәжірибесінде «бұл екеуі бір-бірінен қырбай болған екен, қырсығы мал мен жанға тимесе игі еді» деп қауіп ететін болған. Егер олай болмай Үркер мен Ай жақын орналасса, «екеуі жараса қалған екен, мал мен жанның жағдайы жаман бола қоймас» деп жақсылыққа жорыған. Жылдың әр мезгілінде Үркер орнын ауыстырып отырған [2, 226-227 бб.].

Үркер күздің басында (қыркүйекте) шығыстан, қыстың басында (желтоқсанда) төбеден, көктемнің басында (наурызда) батыстан көрінеді. Ал жаздың басында (маусымда) Үркер түнде мүлдем көрінбейді. Бұл кезде Үркер көкжиектен төмен қалады, халық оны «Үркердің жерге түсуі» дейді. 40 күн шілде Үркердің осы көрінбейтін кезіне сәйкес келеді. Үркер маусым айының алдыңғы жартысында іңірде батыстан барып, біраз уақыт көрінбей кетеді. Мұны «Үркер жерге түсті» дейді. «Жерге түскен» Үркер сол жоғалғаннан жоғалып, тамыздың 10-шы жаңасынан бастап таң жарығымен шығыстан қайта көрінеді. Бірақ тамыздың қысқа таңында мұны әркім бақылай бермейді [3, 209-210 бб.]. Қазақ қауымы үшін Үркер тоғысының бірнеше қолайлы жағы бар. Ескі жылдың шығуы мен жаңа жылдың кіруі бұрынғыдай қыс мезгілінің аяғына (ақпанға) емес, көктем мезгілінің соңына сәйкес келетін болды. Үркердің мамырдың ондарында батып, сол батар алдында жаңа туған аймен тоғысады. Дәл тоғыс кезінде Үркер айдың арғы жағында тасалада қалады да, жердегі адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай толған кезде ауа-райы бұзылып, өзгеріс болады. Ай мен Үркердің тоғысуын есепшілер үш күнге бөледі.

1.Ай мен Үркер жақын келген күнді «ауыл үй қонды» деп атайды;

2.Ай орағының немесе тасасында Үркердің көрінбей қалуын «тоғамдасу» деп атайды;

3. Айдың Үркерді басып өткен үшінші күнін «өріп шықты» деп атайды.

Бұл тоғыс (бес тоғыс» деп аталады. Осы тоғыстан бастап Қазақстан жерінде жер көктеп, ағаштар бүршік жара бастайды

Жаз басында Үркер аспан сферасының екінші жартысында көкжиектен төмен кетеді де, жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күн көрінбейді. Қазақ мұны Үркер 40 күн жерде жатады деп айтады. Сол 40 күнде екі рет тоғысуға тиіс. Бірақ та тек он бір тоғысты көре алады екен [4, 11 б.]. Үркердің ерекшелігін білу арқылы жылдың айларын ғана біліп қоймай, күн мен түннің уақытын анықтаған. Тұрмыста Үркердің қозғалуын қазақтар жылдың мезгілінің ауысуымен байланыстырған. Көшіп қонған халық үшін Үркердің қозғалысын білу шаруашылық үшін өте маңызды болған. Сондықтан Үркерді бақылап отырған. Үркердің циклдік қозғалысы Айдың ара қатынасын анықтауда қазақтарға жылдың күні мен айын нақты анықтауға көмектеседі. Үркердің өзіне тән ерекше қасиеті көкке жоғары өрлеген сайын күн суытып, ал төмендеген сайын жылына бастайды. Осындай ерекшелікті байқаған есепші Үркерлі айдың бәрі қыс құрғақшылықтың белгісі саналған [5, с.92]. Қазақтар «Үркер» жұлдыздардың ағасы деп айтқан [5, с.81].

Қазақ есепшілері жыл мезгілдеріндегі табиғат ерекшеліктерін аспандағы Үркер жұлдызының қозғалысына қарап анықтаған. Үркердің қозғалысын қазақтар былайша атаған: Үркердің тууы, көкке шығуы, жерге түсуі. Үркердің тууы маусым айындағы күн айналымында сәйкес болуы халық арасында суық мезгілдің басталуы мен өтуін бейнелеген. Үркер біртіндеп жоғары көтерілгенде, жерде суық басталған. Желтоқсан айының ортасынан бастап ең салқын мезгілде, Үркер аспанның ең биік нүктесінде болған. Бұл Үркердің көкке шығуы деп аталған. Бұл жерде әлемнің ортасына жеткен. Кейін Үркер батыс бағытта төмен түсіп, мамырдың басында жерге жақындап, ыстық мезгілдің басталуынан хабар берген. Мұны қазақтар «шілде» деген. Көкжиекке жетіп Үркер жасырынып, бұл оның басқа әлемге өтуі, яғни өлуі деп саналған. Үркердің тууы мен батуын үнемі бақылап, шаруашылық маусымдары соған сәйкестендіріп отырған. Үркердің өзіне тән ерекше қасиеті көкке жоғары өрлеген сайын күн суытып, ал төмендеген сайын жылына бастайды.

Қазақтарда Үркер жұлдызы туралы әртүрлі нұсқадағы аңыздар сақталған. Солардың ішіндегілерінде аша тұяқты жануарлар сиыр ешкінің кесірінен жер бетінде суық болады деп айтылады. Бұл аңызда қазақтарда көне мифтік түсінік бойынша Үркер жыл мезгілдерінің жылы және суық болуына әсер етеді деген сөз бар. Бір мифтік аңыз әңгімеде бір қыста суық болғандығы сондай, жер бетін мұз жауып қалған. Көп мал қырылып, тірі қалғандары жазға әупірімдеп әрең жеткен. Қыстан қиналып шыққан жануарлар ақылдасып, бәріне кінәлі аспанға көтерілген Үркер деп санайды. Жер бетінде аяз қайталанбай, жаз болып тұруы үшін Үркерді мәңгілікке аспанға ұшып кетпесін деп, кезекпен күзетеміз деген ойға келеді. Жылқы, түйе, сиыр өзара бәсекелесіп келе жатып, алдарында шөп арасында жалтырап жатқан Үркерді басып таптайын деген жылқыны тоқтатып, сиыр «мен басамын» деп дес бой бермейді. 12 жұлдыздан тұратын Үркерді сиыр тұяғымен басқанда, алтауы тапталып, алтауы көкке ұшып кеткен екен. Сол себептен де сиыр басқа жануарлардан қарғыс алған екен. Осы аңыз бойынша Үркер алты жұлдыз аталады. Соныменде, қыстың алты ай, жаздың алты ай болу себебі де осы аңызға байланысты болса керек. Үркер көне түркілік атау болғандықтан оның шығу төркініне халық танымындағы аңыздар негіз болады. Аңыз бойынша Үркер шоқжұлдыздың атауы «үрку» сөзінен шыққан. Үркер жұлдызының бұлай аталу себебі, аңыз бойынша бұларға Жетіқарақшы шабуыл жасағанда бұлар үркіп кетіп, содан Үркер деп аталған екен. Үркердің жетіқарақшыны үнемі өкшелеп жүретінін қазақтар жақсы байқаған [6, с.19-20]. Үркер жұлдызына қатысты тағы бір аңызда, жылқы, түйе, сиыр, қой және ешкі Үркерді аспанға кетіп қалмас үшін кезекпен күзетеміз деп келісіп, аяқтарымен жерге басып тұрады. Кезек ешкіге келгенде, өзінің жеңілтектігінен дұрыс қарай алмайды. Ол ешкінің тұяғын тесіп, аспанға шығып кетеді. Содан бері ешкіде ашатұяқ қалып қойған. Өзге жануарлар оның осы жеңілтектігі үшін, оны жазалап, үлкен құйыршық бермей қойған. Сол себептен де ешкі кішкентай құйыршығымен қалған екен. Егер ешкінің желпілдеген мінезі болмағанда, Үркер жерде қалып, барлық жануарларға жайлы болып, мәңгі жаз болып тұрар еді [6, с.20].

Үркер жерге түскенде, яғни көктен мүлде көрінбейтін кезі жаз мезгілінің келгенін білдіреді. Бұл шақты халық «Үркер жерге түскен кез» деп атайды. Халық түсінігі бойынша үркерге қарап, түннің қай уақыты екенін және жылдың қай мезгіл екенін де анықтап білуге болады. Үркерге қарап қыс пен жаздың басын анықтаған. Үркерді ашық шаңырақтан көрсең, қыстың басы басталғанын, ал іңірде, «жамбаста» (жерге таяу-төмен) көрсе, жаз мезгілінің басталғанын білуге болады. Халықтың «Үркерлі айдың бәрі қыс» дегені осыдан болса керек [7, 27б.]. Үркердің тууы мен батуына қатысты халық танымында ырым- нанымдар кездеседі. Соның ішінде қойдың пысқырық ауыруына ұшырауына себебін де Үркердің тууымен қатыстырады, яғни «қораның аузын Үркердің туысына қаратсаң, қойың пысқырық болады» дейді. Малға күйек байлаудың мезгілін малшылар Үркердің орнына қарап айырады. Үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді, Үркер көтерілді, қой қаша бастайды, онда қошқарға күйек байлауға болады. Одан кеш қалса, қой арамза туады деп осыған байланысты айтылса керек.

Ал егін шаруашылығымен айналысатын халық арасында Үркерге қарап егін салу, жинау мезгілін белгілеу тәжірибелері болған. Бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоймай сақтаулып отырған мынадай болжамдар бар. Үркер туды, енді шықпаған шөптің басы шығады, Үркер жерге түссе, жер көкейді де малдың басы көкке тиеді, адам аузы аққа тиеді, Үркер көтерілмей тары көтерілмейді. Жыл мезгілдеріндегі табиғи ерекшеліктерді Үркер жұлдызының қозғалысына қарап анықтаған. Үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, Үркер тасқа түссе, шіліңгір қатты ыстық болады, Үркер жерге түсерде қой қырқылады, Үркерлі айдың бәрі қыс, Үркер туса, сорпа қоюланады, қой семіреді, Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады. Үркер жерге түспей жер қызбайды деген халық қағидалары жер жазу, жер айдап, егін егу дегенді білдіреді[6, с.19].

Бұған қоса малмен күн көрген дала қазақтарының астрономиялық білімін мынадай болжамдарынан байқауға болады. Малшылар уақытты белгілейтін арнаулы сағат пайда болса да, тіршілігін жұлдыздың тууы мен батуын қарап бастауды тиімді деп санаған. Жыл басының (Үркердің батуының) көктемнің соңғы айына келуі ел тұрмысы үшін қолайлы болуымен бірге, есепшілер ендігі жерде Үркерді тәуліктік қозғалысын астрономиялық меже етіп алып, түннің ұзақтығы, қысқалығы тәрізді құбылыстарды анықтаған. Үркер қас қарайып көрініп, таң атқанша батпайтын болса ең ұзақ түн (қыс ортасы), ал түн ортасы ауа батып кетсе күннің ұзарып, түннің қысқара бастағаны. Сөйтіп, есепшілер Үркер жылдың жолына ғана емес (мысалы, Үркер батқан кезден келесі жылға батқан кезге дейінгі аралық), тәуліктік қозғалысына да назар аударған[8, 13 б.].

Қорыта келгенде, қазақтың ең бір тылсымды, құпиясы көп шоқжұлдыздың бірі –Үркер. Қазақ халқы Үркер мен Айдың тоғысуын, қозғалысын, Үркер жұлдызының туатын және бататын кездерін жақсы білген. Соның негізінде байтақ далада жол тауып, жыл мезгілдерін айырып, мал алу мерзімдерін біліп, уақытты есептеп отырған.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

References:

1. Алимбай Н., Муканов М.С., Аргынбаев Х. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории. – Алматы: Ғылым, 1998.

1. Аlimbai N., Mukanov M.S., Argynbaev H. Tradicionnaya kultura zhyzneobespecheniya kazakhov. Ocherki teorii i istorii. – Almaty: Gylym, 1998.

2. Искаков М.Ө. Халық календары. – Алматы: Қазақстан, 1980.

2. Iskakov M.O. Halyk kalendary. Almaty: Kazakhstan, 1980.

3. Ысқақ М. Халық календары. Алматы, 2009.

3. Yskak M. Halyk kalendary. Almaty, 2009.

4. Әбутәліп О. «Үркерлі айдың бәрі қыс» //Ана тілі, - 2015ж. 5-11 ақпан, №5.

4. Abutalip O. «Urkerly aydyn bari kys» // Ana tili. –2015zh. 5-11 akpan, № 5.

5. Әбішев Х. Аспан сыры. – Алматы: Қазақстан, 1966.

5. Abyshev H. Aspan syry. - Almaty: Kazakhstan, 1966.

6. Абишев Х. Элементы астрономии и погоды в устном народном творчестве казахов. – Алматы, 1949 .

6. Abishev H. Elementy asromii i pogody v ustnom narodnom tvorchestve kazakhov. – Almaty, 1949.

7. Қазақ мәдениеті тарихының очерктері. Оқу құралы. – Алматы, 2005.

7. Kazakh madeni tarihynyn ocherktery. Oku kuraly. – Almaty, 2005.

8. Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. Филология ғыл. канд. дәр. алу үшін дайын. диссертацияның авторефераты. -Алматы,2008.



8. Abutalip O.M. Kazakh kuntizbe zhuesinin leksika-frazeoloqiyalyk birlikteri. Filoloqiya qyl. kand. dar. Alu ushin daiyn. Dissertaciyanyn avtoreferaty. –Almaty, 2008.
Cолтиева Б.Ш. Ст. преподаватель факультета истории, археологии и этнологии КазНУ имени аль-Фараби, Алматы, Казахстан

Роль созвездий Уркер в жизни казахского народа

Аннотация. В статье рассказывается о созвездии, получившем у казахов название «Уркер». Казахские звездочеты предсказывали погоду, наблюдая за этим созвездием и совершенствовали народные знания, связанные со скотоводством и земледелием. Также в статье описаны суеверия, связанные с «Уркер». Восход и заход этого созвездия занимает особенное место в жизни, хозяйстве и мировоззрении казахского народа. Считалось, что небесные тела были фактором, тесно связанным с существованием казахского народа. Рассматриваются разного рода легенды о созвездии «Уркер». Для казахов было несомненным цикличное движение «Уркер», помогающее в определении фаз Луны, времени дня и ночи. Казахи хорошо понимали взаимосвязь между положением Уркера и Луны. На основании этого рассчитывалось время, определялись сезоны года, время размножения скота. Таким образом, данная статья посвящена анализу традиционных народных знаний казахского народа.

Ключевые слова: Уркер (Плеяды), мировоззрение, созвездие, тогысу (стыковки), закат, восход, есепши (звездочет).
Soltyeva B.Sh. senior lecturer, The faculty of History, archeology and ethnology al-Farabi Kazakh National University, Almaty, Kazakhstan

Role of Constellation Urker in life of Kazakhs

Summary. The article describes the constellation, which received from the Kazakhs name "Urker." Kazakh astrologers predict the weather by watching this constellation and improved people's knowledge associated with cattle breeding and agriculture. The article also describes the superstitions connected with the "Urker." Sunrise and sunset this constellation occupies a special place in life, the economy and the outlook of the Kazakhs. It was believed that the heavenly bodies were a factor closely linked to the existence of the Kazakhs. We consider all sorts of legends about the constellations "Urker." For Kazakhs were undoubtedly cyclical movement "Urker" that helps in determining the phases of the moon, time of day or night. Kazakhs were well aware of the relationship between the position of the moon and Urker. On the basis of this astrologers calculated time, defined seasons, time of breeding cattle. Thus, this article analyzes the traditional folk knowledge of the Kazakhs.

Keywords: Urker (Pleiades), outlook, constellation, togysu, sunset, sunrise, esepshi (astrologer).
: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет