Үржар ауданы әкімі С. З. Зайнулдиннің «2015 жылы жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстарының қорытындылары және 2016 жылы алда тұрған міндеттер туралы» аудан тұрғындарына есеп беру кездесулеріндегі есебінің тезистері



жүктеу 321.41 Kb.
Дата25.06.2017
өлшемі321.41 Kb.
Үржар ауданы әкімі С.З.Зайнулдиннің «2015 жылы жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстарының қорытындылары және 2016 жылы алда тұрған міндеттер туралы» аудан тұрғындарына есеп беру кездесулеріндегі есебінің тезистері

Тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2015 жыл елдің болашағына батыл қадам басқан және елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Аудан бойынша 2015 жылы - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы сияқты атаулы даталарды мерекелеудің іс-шаралар жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар атқарылды.

Биылғы жылдың басты ерекшелігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы 30 қарашадағы Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының жариялануы болды. Жолдауда Елбасы мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін біз әлі де талай күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келетінін және аса күрделі де, қиын кезеңге аяқ басқанымызды атап өтіп, оны еңсерудің жолдарын нақты айқындап берді. Сонымен қатар, Президентіміз әлемді жайлаған жаһандық дағдарыс кезеңінде қаржыға сәйкес өмір сүру принципіне көшу қажеттілігіне тоқталып, барлық қиындықтарға қарамастан мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері өзгеріссіз қалып, 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің жалақы мөлшерін 28 пайызға, білім саласында 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін өсетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап, мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақылар 25 пайызға өссе, инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшерлері 2 пайызға индекстелетін болады. Сонымен қатар, әлемдік дағдарыс қарсаңында мемлекеттің бюджет саясатын оңтайландыру мәселесіне тоқталып, мемлекеттік шығындарды азайту арқылы елдің әл-ауқатын көтеру тетіктеріне ерекше мән берілетіндігін атап көрсетті. Жолдауда Елбасымыз ендігі біздің ең басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру және сол арқылы «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруды жандандыруды тапсырып, бізде ол үшін мүмкіншілік те, ресурс та, білімді адамдар да, берекелі ұлт та бар екендігін атап өтті. Аталған маңызды құжатта Елбасымыз XXI ғасырдағы ел және өңір үшін болуы мүмкін сын-қатерлерді көрсете келіп, 2050 жылға дейін Қазақстан қаншалықты деңгейде дамитынын, еліміздің алдында қандай мақсаттар тұрғанын, кездесетін қиындықтарды жеңу жолдарын айқындап берді.

Үржар ауданы жер көлемі мен халқының саны жағынан облыс көлеміндегі ауылшаруашылық бағыттағы ірі ауданы. Ауданның 27 ауылдық округіндегі 55 елді мекенінде 79 617 халық тұрады. Ауданның барлық жер көлемі – 2 341 372 гектар, оның ішінде егістік жер – 195 778 га, шабындық - 86 014 га, жайылымдық – 1 683 764 га, бау-бақшалар – 916 га, бақшалар – 1072 га.



Ауыл шарушылығы. 2015 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 30 264,0 млн. теңгеге жеткізіліп, 2014 жылдың қорытындысымен салыстырғанда өсімі 3,5 %-ды құрауы болжануда. Ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнімнің 60,0 %-ы егін шаруашылығына, 40,0 %-ы мал шаруашылығына тиісілі.

Есепті жылы мал және егін шаруашылықтары саласындағы барлық негізгі көрсеткіштердің өсу тенденциясы сақталды.

Үржар ауданы бойынша 2015 жылы егілген барлық егістік көлемі 183 881,5 га, оның ішінде : дәнді және бұршақты дақылдар – 47 983,2 га, майлы дақылдар – 82 108,5 га, бұның ішінде: (күнбағыс 67 767,5 га, мақсары 11 479 га, қытайбұршақ 2063 га, рапс 799 га), картоп 2 758,5 га, көкөніс 1 933,7 га, бақша дақылдары 1 532,2 га, мал азықтық дақылдар – 47 565,4 га.

Биылғы жылы егілген күнбағыстың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 10 853 га немесе 13,8 пайызға азайтылып, керісінше сафлор дақылы – 9754 гектарға, екпе шөптер 16 487 гектарға және рапс 684 гектарға көбейтілді. Ылғал сақтау технологиясымен өңделген жер көлемі 13 665 гектарға жеткізіліп, 2014 жылмен салыстырғанда оның көлемі 15,5 %-ға өсті.

Аудан көлемінде 43200 гектар суармалы жерлер тіркелген, оның ішінде ағымдағы жылы 22 076 га жер игерілді немесе жалпы суармалы жерлердің 51,1 %-ын құрады. Игерілген 22 076 га суармалы жерлердің ішінде, 1740 га жер жаңбырлатқыш қондырғысы арқылы, 20 111 га жер бороздалық тәсілмен және 225 га жер тамшылатып суғару тәсілімен игерілді. Оның ішінде, Бақ-Тұр» ЖШС 140 га жерді «Beinlich Monsun» жаңбырлатқыш қондырғылары арқылы, «Бәтуа» серіктестігі 1600 гектар жерді «Valley» жаңбырлатқыш қондырғылары арқылы, 225 гектар жерді тамшылатып суғару әдісі бойынша игерді.

Өсімдік шаруашылығында өндірілетін өнім көлемін суармалы жерлерді көбейту арқылы арттыру мақсатында, аудан көлемінде 2014-2016 жылдар аралығында жалпы құны 4 млрд. 288 млн. теңге болатын 3 ірі жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде : 2014 жылы 591,1 млн. теңге игерілсе, ал 2015 жылы 2 млрд. 473 млн. теңге қаржы игеріліп, межеленген жұмыстар жүргізілді (Егінсу өзеніндегі «Каска» магистралды каналына – 847,5 млн. теңге, Келдімұрат өзеніндегі «Ақтоған» магистралды каналына – 791,6 млн. теңге, Кусак өзеніндегі «Бургон», «Тастоған» магистралды каналына – 833,9 млн. теңге). Аталған су бөгеттері мен магистралды каналдар қайта жаңғыртудан өткеннен кейін аудандағы суармалы жерлердің көлемі 9 082 га артатын болады.

Күзгі егін жинау қорытынды жұмыстарының алдын-ала жиналған мәліметтеріне сәйкес, барлығы: 47 983,2 га дәнді дақылдар толық орылды, жиналған өнімнің көлемі 77 788 тоннаны құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 15 743 тоннаға артты. Сонымен қатар, 44 984,1 тонна майлы дақылдар, 62 872 тонна картоп, 46 437 тонна көкөніс және 35 240 тонна бақша дақылдары жиналып, дәнді дақылдардың 1 га алынған өнім 16,6 центнер, картоптың 1 га алынған өнім 227,9 центнер, көкөністің 1 га алынған өнім 240 центнер және бақшаның 1 га алынған өнім 230,0 центнерді құрады. 2015-2016 жылдың қыстамасына 215,7 мың тонна қатаң мал азығы, 2,3 мың тонна сенаж дайындалды.

Аудан бойынша 2016 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 7 306 тонна дәнді дақылдар тұқымы дайындалған, бұл тұқым көлемі «Казагрэкс» тұқым тексеру зертханасына 6 501 тонна немесе 89 % өткізілді. Ал тексерілген 4684 тонна тұқымның 430 тоннасы бірінші класты, 4254 тоннасы екінші класты.

Ауданда «Юбилейный», «Бақ-Тұр» ЖШС-тері және «Некрасовка и К» шаруа қожалығы тұқым шаруашылығы статусын алып жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге осы аталған үш тұқым шаруашылығы 590 тонна бидай, 150 тонна арпа, 110 тонна күнбағыс, 60 тонна соя, және 1 тонна жоңышқаның сапалы және сортты тұқымдарын дайындады.

Аудан экономикасының негізгі саласы - ауыл шаруашылығына уақыт талабына сай бағдар ұстап, тұрақты дамуына қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп, көмек көрсетіліп отыр. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағар май мен басқа тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға 706 шаруа қожалықтарына 409 млн. 544 мың теңге, сатып алынған гербицидтер үшін шаруа қожалықтарына 6 млн. теңге, тұқым шаруашылығы бойынша ауданның шаруа қожалықтарына 1 репродукциялы және бірінші көбейтілімді ауыл шаруашылық дақылдарының тұқымдарын сатып алып пайдаланғандары үшін барлығы 1 млн. 66 мың теңге көлемінде субсидия төленді.

Жердің құнарлығын арттырып, жоғары өнім алу мақсатында аудан бойынша барлығы 404,8 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынып пайдаланылды. Минералды тыңайтқыштардың құның арзандату мақсатында «Заря» шаруа қожалығына 691,8 мың теңге субсидия төленді. Қалған минералды тыңайтқыштарды 50 %-ға арзандатып сатқаны үшін аталған субсидия көлемдері тыңайтқыш өндіретін зауыттарға төленді.

Арамшөптермен күрес жүргізу мақсатында ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары өз қаражаттарына 5416,5 литр әр-түрлі гербицидтер сатып алып, 7850 га егіс алқаптарына қолданып арам шөптермен күрес жүргізілді. Арам шөптермен күрес жүргізу үшін гербицидтердің құнын арзандату мақсатында 9 ауыл шаруашылық құрылымдарына 5 999,5 мың теңге субсидия төленді.

Есепті жылы 129 шаруа қожалығы жер телімдерінен өз еріктерімен бас тартып, 26 547 га жер телімдері мемлекеттік меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жер телімдері конкурс арқылы басқа шаруа қожалықтарына берілді.

2015 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде өндірілген ет көлемі – 16 150 тонна (103,7%), сүт – 70 442 тонна (102,9%), жұмыртқа – 16 667 мың дана (102,5%), қырқылған қой жүні – 620,7 тонна (102,3%) болуы межеленіп отыр.

Аудан бойынша ірі қара малы саны 80 392 басты (106,5 %), оның ішінде сауын сиырлар – 36 465 басты (106,2 %), қой мен ешкі – 245 085 басты (104,5%), жылқы – 24 787 басты (109,5%), шошқа – 2652 басты (103,7 %) және құстар –133 972 басты (102,5 %) құрауы болжануда.

Ауданда 12 асыл тұқымды шаруашылықтар жұмыс істейді. Бүгінгі күні малды асылдандыру жұмыстарымен (селекционно-племенная работа) 81 шаруа қожалықтары айналысады. Алматы, Қостанай, Павлодар облыстарынан Ангус, Әулиекөл асыл тұқымды бұқалар сатып алынды. 2015 жылға «Ырысақ Ата» шаруа қожалығы жылқыдан асыл тұқымды статусын алды . Сонымен қатар ірі қара малдан, қойдан асыл тұқымды статусын алуға жұмыстар атқаруда.

Аудан бойынша бүгінгі күнге 1068 бас Әулиекөл, 640 бас «Шароле», 886 бас «Абердина ангус» 237 бас симминтал асыл тұқымды ірі қара малдары, 6780 бас асыл тұқымды «Байыс» қойлары, 624 бас қазақтың «Жәбе» асыл тұқымды жылқылар және 1920 «Карпатская» асыл тұқымды ара ұялары бар.

Бүгінгі күнге шаруа қожалықтардың иелігінде барлық сиымдылығы 5000 бас ірі қара малды бордақылауға арналған 16 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп жылына 2750 тонна ет өндіруге мүмкіншіліктері бар.

«Сыбаға» бағдарламасы аясында ірі қара малын сатып алуға ауданның 2 шаруа қожалықтарына 42 380 мың теңге несие берілді. Берілген несиеге 222 бас ірі қара малы сатылып алынды.

«Құлан» бағдарламасы аясында ауданның 2 шаруашылық 31 400 мың теңгеге 107 бас бие, 6 бас айғыр сатып алынды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мы арқылы ауданның 11 шаруа қожалықтарымен жеке кәсіпкерлеріне 57,8 млн. теңге мөлшерінде несие берілді. Соның ішінде: «Егінжай» бағдарламасы арқылы ауданның 10 шаруа қожалықтары жалпы сомасы 54,8 млн. теңгеге.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынща 56 жеке тұлғаға 124,5 млн. теңге, «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 10 жеке кәсіпкерге 38,1 млн. теңге несие берілді.

«Мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру» бағдарламасы бойынша ауданның 4 шаруа қожалықтарына республикалық бюджеттен – 12 031,6 мың теңге төленді. Соның ішінде: өткізілген ірі қара малдың етіне – 7 811,5 мың теңге, өндірілген қымызға – 2 771,9 мың теңге, биязы жүнге – 1 448,2 мың теңге.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша ауданның 81 шаруа қожалықтарына республикалық бюджеттен 195 512,0 мың теңге төленді. Соның ішінде: сатып алған асыл тұқымды ірі қара малдары үшін 76 434,0 мың теңге, сатып алған асыл тұқымды қойлар үшін - 3 272,0 мың теңге, ірі қара малына селекциялық асылдандыру жұмыстар жүргізген үшін 111 642,0 мың теңге, қойларға селекциялық асылдандыру жұмыстар жүргізген үшін 4 164,0 мың теңге.

2015 жылы «Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» бюджеттік бағдарламасы негізінде профилактикалық-диагностикалық тексеру іс-шараларына республикалық бюджет есебінен 131 984 мың қаражат бөлініп, бөлінген қаражат толығымен игерілді.

Есепті жылы бруцеллез ауруына қарсы 84 628 бас ІҚМ тексеріліп, 480 бас оң нәтиже берген, барлық ауру малдар санитарық союға жіберілді. ҰММ – 312 582 бас бруцеллез ауруына қарсы тексеріліп, оның 3 576 бас оң нәтиже беріп барлық ауру малдардың көзі жойылды.

Биылғы жылы бруцеллез ауруы шыққан аулаларға «Үржар-Вет» МКК-ны арқылы аудан бойынша 517 ауланы құрайтын 51 853 шаршы метрге дезинфекция жұмыстары жасалынды. Сондай-ақ бруцеллез ауруынан қолайсыз елді-мекендерге республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың (РЭҚО) мамандары арқылы 867 аулаға 264 020 шаршы метрге дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Қаңғыған иттердің көзін жоюға 2015 жылы бюджетінен 3 500,0 мың теңге қаражат бөлініп, 4271 бас қаңғыған иттердің көзі жойылды.



«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы ауданның 56 ауыл шаруашылық құрылымдары барлығы «КазАгроФинанс» АҚ-мы арқылы лизингке 92 ауылшаруашылық техникалары алынды. Лизингке алынған ауыл шаруашылық техникаларының құны 311,3 млн. теңгені құрады.

Облыс әкімінің берген тапсырмаңызға сәйкес, аудан көлемінде сүт бағытындағы мал шаруашылығы үш бағыт бойынша іске асырылуда. Атап айтқанда:

Бірінші бағыт бойынша: 200 бас сауынды сиырларға арналған сүт-тауарлық фермаларын ашу. Ауданның 2 шаруашылықтары: «Юбилейный» ЖШС-гі жеке қаржысына және «Сағади» шаруа қожалығы «КазАгроҚаржы» АҚ-мы арқылы несие алуға үлкен жұмыстар жүргізуде. Аталған шаруашылықтарға өндірістік базаларын салуға арнайы жер телімдері берілді. Бүгінгі күнге «Юбилейный» ЖШС-ке облыстық бюджеттен бөлінген 4,0 млн. теңгеге құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Аталған серіктестік құрылыс жұмыстарын өз қаражаты есебінен бастады. Есепті жылы ғимараттың ірге тасы орнатылып, қабырғасы тұрғызылды.

«Сағади» шаруа қожалығы 200 басқа арналған сүт тауарлы фермасының жобалық-сметалық құжаты «Востокагропромпроект» ЖШС-де дайындалып, жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на 44,0 млн. теңгеге сұраныс жасалып, оң шешімін тапты. Есепті жылы ферманың іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылды.

Сонымен қатар, 2016 жылы «Бәтуа» ЖШС 400 бастық сүт фермасын және 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.

Салынатын фермаларды заман талабына сай «Аграл» шет елдік компанияның арнайы сүт қондырғыларымен жабдықтау мақсатында, келісім шарттар жасалды.

Екінші бағыт бойынша: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мы арқылы «Ырыс» бағдарламасы аясында «Мыңғой агро» шаруа қожалығы 100 басқа дейін сүт фермасын ашуға 60,0 млн. теңге несие алуға құжаттары толықтай өткізіліп, несиелендіру жұмыстары 2016 жылы өзінің оң шешімін табатын болады.

Үшінші бағыт бойынша: Үржар өңірі бойынша «Арыстанбек» ЖШС (Т.Ақпеков) және Мақаншы өңірі бойынша жеке кәсіпкер Нығмет Қайролла халықтан сүт жинау пункттерін ашуға жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде есептегі жылдың сәуір айында «Арыстанбек» ЖШС-інде сүт қабылдау орталығы іске қосылды. Тәулігіне 1,0 тонна сүт қабылданып, арнайы өңдеуден өткізіліп, 13 түрлі сүт өнімдері шығарылуда. Өңделіп, арнайы ыдыстарға құйылған сүт және сүт өнімдері ауданның әлеуметтік нысандарына келісім-шарт бойынша қамтамасыз етіліп, артылғаны серіктестіктің дүкені арқылы аудан тұрғындарына сатылуда.

Мақаншы ауылындағы (ЖК Қайролла Нығымет) тәулігіне 3 тонна сүтті қабылдап, қайта өңдейтін сүт қабылдау пунктін есептегі жылдың желтоқсан айында іске қосты.

Ауданда 2016-2019 жылдар аралығында жылына 30,0 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысын салу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 31,2 млрд. теңге. Бүгінгі таңға құс фабрикасының бизнес-жоспары жасалып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге Ақжар ауылдық округінен 225 гектар жер телімі бөлініп берілді. Сонымен қатар, құс фабрикасын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 40808 гектар жер берілді.

Өнеркәсіп. 2015 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімнің көлемі 3 855,0 млн. теңге болып, табиғи көлемінің индексі 100,0 % құрауы күтілуде.

Есептік кезеңде «Мадина» ЖШС-мен өндірілген көмір көлемі 109,0 мың тоннаны құрап, 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 10,9 %-ға немесе 10,4 мың тоннаға артты.

Алдын-ала алынып отырған мәліметтерге сәйкес, «Швабские колбаски» серіктестігі өндірілетін шұжық өнімдерінің көлемі 280 тоннаны құрап, былтырғы жылдың деңгейінен 0,7 %-ға немесе 2,0 тоннаға артуы болжануда.

Сонымен қатар, аудан көлемінде азық-түлік өнімдерін өндіруші шағын кәсіпорындар 1420 тонна өсімдік майын, 88,0 тонна сүт өнімдерін, 516 тонна нан және 48,0 тонна кондитерлік өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.



Инвестиция және құрылыс. Негізгі капиталға жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі 9 610,0 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,0 %-ға, соның ішінде кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен негізгі капиталға жұмсалған инвестицияның көлемі 4 610,0 млн. теңгені құрап, 3,5 %-ға көбеюі күтілуде.

2015 жылы аудан көлемінде апатты жағдайдағы 7 мектептің орнына жаңадан салынып жатқан мектеп құрылыстарына республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғастырылды. Атап айтқанда : Үржар, Қабанбай, Жаңа тілек, Бақты ауылдарындағы 320 орындық, Барқытбел, Қызыл ту ауылдарындағы 130 орындық, Сегізбай ауылындағы 80 орындық мектеп құрылыстары. Есепті жылы Барқытбел, Қызыл ту ауылдарындағы 130 орындық, Сегізбай ауылындағы 80 орындық мектептер мемлекеттік қабылдау комиссиясымен пайдалануға берілді. Ал Қабанбай, Бақты ауылдарындағы 320 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары аяқталып, мемлекеттік комиссиясымен қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Республикалық «Қол жетімді баспана 2020» бағдарламасы аясында құны 228,5 млн. теңге болатын Үржар ауылындағы 27 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталып, бас мердігер «Остспецстрой» ЖШС-нің келісім-шарт талаптарын орындамауына байланысты тоқтап тұрған Таскескен ауылындағы 2 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қараша айында мемлекеттік қабылдау комиссиясымен пайдалануға берілді. Нәтижесінде, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 31 жанұя баспанамен қамтамасыз етілді.

2015 жылға аудандық бюджеттен 52,2 млн. теңге бөлініп, Үржар ауылы, Қабанбай көшесінде балаларға арналған саябақ құрылысы жүргізілді.

«Ауыз су» бағдарламасы аясында 2004 жылдары басталған Үржар ауылындағы су құбырларын жаңғыртудың 1-ші және 2-ші кезектері бойынша жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді.

2015 жылға аудандық бюджеттен Бестерек ауылындағы су құбырлар жүйесінің құрылысы, Сегізбай ауылындағы су құбырлар жүйесіне жаңғырту жұмыстарына жұмыс жобасын әзірлеу, Мақаншы және Қабанбай ауылдарындағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орын құрылыстарына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жоғарғы Егінсу ауылындағы 150 орындық клуб құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына жолданды.

Мемлекеттік «Ауыз су» бағдарламасын іске асыру мақсатында жер-асты су қорларын зерттеу бойынша 2013-2015 жылдары 11 елді мекенде жер-асты су қорлары зерттеліп, бекітілді. Олар : Сағат, Көктал, Елтай, Ақжар, Бестерек, Жоғарғы Егінсу, Егінсу, Барқытбел, Қаратал, Қабанбай, Шолпан ауылдары.

Жеке тұлғалардың және бюджет есебінен 2015 жылы жалпы ауданы 8283 шаршы метр көлемінде тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 35,7 %-ға немесе 2179 шаршы метрге дейін артты.



Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары. Үржар ауданы бойынша 965 шақырым автокөлік жолдары бар. Соның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 277 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар 204 шақырым және жергілікті маңызы бар жолдардың ұзақтығы 484 шақырым.

2008 жылдан бастап республикалық маңызы бар «Таскескен-Бақты» автомобиль жолының 60-100 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның сметалық құны 5 432,9 млн. теңге. 2008-2014 жылдар аралығында 5127,9 млн. теңге игерілді. 2015 жылға «Таскескен-Бақты» автокөлік жолының 60-100 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтауға 305,0 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, жергілікті автокөлік жолдарымен қилысатын жолдар жөнделіп, жол белгілері орнатылды.

2012 жылдан бастап «Таскескен-Бақты» автомобиль жолының 20-60 шақырымдарында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның сметалық құны 6 386,0 млн. теңге. 2012-2014 жылдар аралығында 5096,6 млн. теңге игерілді. 2015 жылға 1290,0 млн. теңге қаржы бөлініп, 31 шақырым жолдың толықтай 3 қабаты төселіп, 2 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жоба толығымен аяқталды.

2011 жылы облыстық маңызы бар «Мақаншы-Жалаңашкөл» автокөлік жолының 10-40 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жобаның жалпы құны 1 903,4 млн. теңге. 2011-2014 жылдар аралығында 1 350,0 млн. теңге игеріліп, 25 шақырым жол жасалды. 2015 жылы республикалық бюджеттен 477,2 млн. теңге бөлініп, 5 шақырым автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті маңызы бар жолдарға 2015 жылы 219,0 млн. теңге қаржы бөлініп, соның ішінде: қысқы күтіп ұстауға – 80,0 млн. теңге және ағымды жөндеу жұмыстарына 139,0 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Үржар-Бестерек-Ер Қабанбай, Үржар-Қызылту-Бұрған, Үржар-Барқытбел-Қарабұйрат автокөлік жолдарын ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен есебінен Мақаншы ауылындағы 3 көшеге және Үржар ауылындағы 14 көшеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол секілді, Үржар ауылындағы Молдағұлова, Наурызбай, Мирзоян көшелері орташа жөндеуден өтіп, жарықтандырылды.

Жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын қысқы мерзімде қардан тазалау жұмыстарына 48 дана арнайы техникалар жұмылдырылды.

2015-2016 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде тұрақты іс-әрекет етуге тіршілікті қамтамасыз ететін объектілер бойынша Үржар ауданында 51 білім объектілері, 58 денсаулық сақтау объектілері, 14 мәдениет объектілері және 40 жылу қазандығы жұмылдырылған. Аудан көлеміндегі барлық бюджеттік мекемелер 100 %-ға отынмен қамтамасыз етілді.

2015 жылы елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына бөлінген қаржыға сәйкес, бүгінгі күнге аудан орталығы - Үржар ауылында Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Сухой Лог өзені арқылы өтетін көпірге арка орнатылды. Сонымен бірге, Үржар ауылында Аблайхан даңғылының жарықтандыру жұмыстары мен «Мәңгілік Ел» стелла құрылысы жүргізілді.

Ағымдағы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 13 ауылдық елді мекендердегі саябақтарды абаттандыру, ауыл көшелерін жарықтандыру мен жөндеуге және білім мен мәдениет нысандарының жөндеу жұмыстарына 73 851 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, межеленген жұмыстар жүргізілді.

Үржар ауданы аумағында 55 елді мекендердің, 37-і немесе 67,2 %-ы автобус қатынасымен қамтылған. 2015 жылы жергілікті бюджеттен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыруға 4,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Үржар ауылы әуежайынан жаз айларында аптасына 3 рет «Алматы-Үржар-Семей-Өскемен» және «Өскемен-Семей-Үржар-Алматы» бағыттары бойынша АН-24 ұшағы жолаушыларды тасымалдаса, ал бүгінгі күнге аптасына бір рет «Үржар-Семей-Өскемен» және «Өскемен-Семей-Үржар» бағыттарында қызмет көрсетуде.

Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету кезегіне сәйкес, 2015 жылы барлығы 31 адам тұрғын үймен қамтасыз етілді. Оның ішінде : 6-уы ата-ананың қамқорынсыз қалған жетім балалар, 10-ы мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, 2-і тұрғын үйлері апатты жағдайда деп танылған азаматтар және 13-і халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан.

Бүгінгі таңға Үржар ауданы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясында тұрғын үй кезегінде 391 адам тіркеуде тұр.

Үржар аудандық аумақтық электр желілерінің теңгерімінде барлығы 1894 км электр желілері, 22 үлкен подстанция, ТП мен КТП-474 бар. Үржар аудандық аумақтық электр желілері мекемесі 2015 жылға Үржар, Мақаншы, Науалы, Қарабұйрат, Бестерек ауылдары маңдарындағы 25 КТП-ны күрделі жөндеп, 16 шақырым электр желілерін ауыстырылды.

Кәсіпкерлік. Аудан экономикасының қалыпты жағдайда дамып, одан ары өсуіне кәсіпкерлік саласының тигізер әсері мол. Аудан тұрғындарына 538 сауда дүкені, 26 дәріхана, 5 диірмен, 38 наубайхана, 1 ет комбинаты, 3 кондитер цехы, 2 қымыз өндіру цехы, 11 қонақ үй, 9 қоғамдық монша, 32 техникалық қызмет көрсету станциясы, 18 жанар-жағар май станциясы, 74 қоғамдық тамақтандыру орыны, 2 базар және 95 нысан қызмет көрсетеді.

Соңғы жылдары аудан көлемінде шағын кәсіпкерлік саласы жоғары деңгейде дамуда, атап айтқанда есепті жылы 15 сауда дүкені, 1 шағын нан пісіретін цех, 3 шаштараз, 1 сауна, 3 техника жөндеу орталығы, 1 дәріхана, 2 қонақ үй, 1 балалар ойын - сауық орталығы, 1 жанармай құю бекеті, 4 қоғамдық тамақтану орны, 2 дөңгелек жөндеу орны, 2 аяқ киім цехы, 3 тігін цехы іске қосылып, орта есеппен 62 адамға жаңа жұмыс орындары ашылды.

2015 жылы аудан көлемінде өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің көлемін көбейту мақсатында, «Ертіс и К» ЖШС-і тәулігіне 15-20 мың тонна кірпіш шығаратын шағын зауытты іске қосып, маусымдық 16 адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Сол секілді, жеке кәсіпкер Т.Қалмақбаев жеке қаражаты есебінен Мақаншы ауылынан кондитер цехы мен заман талабына сай мейрамхана құрылысын жүргізуде.

Инфляциялық үдерістерді тежеу яғни халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында, әр аптаның сенбі күндері ауданның ірі елді мекендері Үржар, Мақаншы және Таскескен ауылдарында жәрмеңкелер өткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Жыл басынан аталған елді мекендерде жалпы 142 жәрмеңке өткізіліп, 135,9 млн. теңгенің ауылшаруашылық өнімдері базар бағасынан 15-20 пайыз төмен саудаланды.



Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тұрақтандыру қорынан бөлініп отырған әлеуметтік ұнның аудан көлемінде нан бағасының тұрақтануына әсері мол. 2015 жылдың басынан ауданға 2331 тонна ұн жеткізіліп, оның 2158 тоннасы наубайханаларға бөлінсе, 173 тоннасы бөлшек саудаға бөлінді. Бүгінгі күнге түрік технологиясымен қуаттылығы тәулігіне 55-60 тонна ұн шығаратын «Береке»шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер Қарашевтың шағын ұн тарту зауыты аудан халқын ұнмен толық қамтамасыз етуде, І-ші сұрыпты 50 кг ұнның тұтыну бағасы 3600-3800 теңгеден саудалануда.

Өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда уақытша тұрақтандыру қоры құрылды. Аудандағы жергілікті ұн өндірушілермен 600 тонна көлемінде ұнның тұрақтандыру қорында сақталуына және көкөніс егумен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларымен 930 тонна бидай, 530 тоннасы картоп, 110 тоннасы орамжапырақ, 25 тоннасы сәбіз және 30 тоннасы пияз өнімдерінің сақталуына өзара келісім меморандумы жасалынды.

Аудан көлемінде нан бағасын тұрақтандыру мақсатында азық- түлік сауда дүкендерінен әлеуметтік бұрыштар ашылып, бекітілген тізімге сәйкес аз қамтылған отбасыларына бағасы 50 теңгеден нанның босатылуы ұйымдастырылды, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өзінің жалғасын табатын болады.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауылды жерлерде жеке ісін ашамын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарын дамытуға «Үдемелі индустриалды инновациялық даму», «Өндіріс 2020», «Бизнестің жол картасы -2020», «Даму Өндіріс», «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламалары кеңінен қолданылуда.



«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде туризмді дамыту мақсатында ЖК «Омаралинов» 187,2 млн. теңге көлемінде несие беріліп, «Алакөл» көлі жағалауынан жалпы көлемі 25 ш.м. болатын бассейн құрылысы және балаларға арналған ойын алаңының құрылысын жүргізді.

«Даму Өндіріс -2» бағдарламасы аясында «Ақберлі» ЖШС-не ұлттық сусын қымыз өндіру көлемін ұлғайту мақсатында субсидиялау пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызбен 40,0 млн. теңге несие беріліп, 104 бас бие және 4 айғыр сатып алынды.

«Кәсіпкерлік» бағдарламасы шеңберінде «Қаржылай қолдау қоры» арқылы 14 % -дық мөлшерлемен «Арыстанбек Үржар» ЖШС-і және ЖК «Н.Қайролла» сүт қабылдау пунктеріне құрал-жабдықтар сатып алу үшін 11,1 млн. теңге несие алды.

Индустрияландыру картасына 2015 жылы «AK-Processing» ЖШС-нің 2015-2017 жылдарға арналған жалпы құны 4 580 млн. теңге болатын «Катодты мыс өндіру зауытын ашу» туралы инвестициялық жобасы енгізілді. Жобаның қуаттылығы жылына орта есеппен 2500 тонна мыс өндіру және 350 адамға жаңа жұмыс орынын ашуды жоспарлап отыр.

Туризмді дамыту бағытында «Дега» ЖШС-і Үржар ауылынан 2015-2017 жылдары жалпы құны 1 252,0 млн. теңге болатын, көп атқарымды туристік кешеннің құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2015 жылы серіктестіктің жеке қаражаты есебінен 500 орындық мейрамхана құрылысы басталып, 30-35 жаңа жұмыс орындары құрылды. Бүгінгі таңға жобаны жалғастыру мақсатында, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде несие алуға жұмыстар жүргізілуде.

Шет елдік инвестиция тарту мақсатында бірлескен «Куәбол и Пэн Шэн» ЖШС-і жалпы құны 546 млн. теңге болатын «Үржар ауылынан темір-бетонды бұйымдар жасау» зауытын салуды жоспарлап отыр. Аталған жобаға Үржар ауылынан 7 га жер телімі беріліп, зауыттың құрал-жабдықтары жеткізілді. Аталған серіктестік кәсіпорынды 2016 жылы іске қосып, 100 жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр.

Бюджет. 2015 жылғы ауданның жоспарланған бюджет шығыстары 7920,9 млн. теңге, игерілген қаржы 7886,1 млн. теңгені, немесе аудан бюджетінің шығыстары 99,6 %-ға орындалды.

Жыл қорытындысы бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда аудан бюджеті меншік кірістерінің көлемінің өсу қарқыны 105,1 %-ды құрап, жиналған салық көлемі 1021,5 млн. теңгені құрады.

Аудан көлемінде жергілікті бюджеттің кіріс бөлігіне қосымша салық көздерін іздестіру Алгоритм іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде аудан бюджетіне 12 342,0 мың теңге көлемінде қосымша салықтар мен алымдар түсті.

2014 жылы жалпы көлемі 13,1 га 117 жер участкесі жеке меншікке 27 056,7 мың теңгеге сатылса, ал 2015 жылы жалпы көлемі 18,9 га 82 жер участкесі 75 258,0 мың теңгеге сатылды. Оның ішінде, Алакөл көлі жағалауынан көлемі 15,3 га, 46 жер участкесі конкурс арқылы 68 899,0 мың теңгеге сатылды.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы № 213-ші «ҚР азаматтарына, оралмандарға және ҚР тұруға ықтиярхаттары бар азаматтарға олардың мүлікті жария етуге байланысты рақымшылдық жасау туралы» Заңына сәйкес, аудан әкімдігі жанындағы мүлікті жария ету комиссиясына 142 азаматтардан өтініштер түсіп, оның ішінде 133 өтініш қанағаттандырылып, құжаттары заңдастырылды.



Білім беру. Үржар ауданында 51 мектеп бар, оның 46 орта, 5 негізгі мектеп. Таскескен ауылында Үржар колледжі, Үржар ауылында 1 музыка, 1 спорт мектебі, Бестерек ауылында 100 орынды мектеп жанындағы интернат, Науалы ауылында бір балалар үйі, Мақаншы ауылында 150 орынды «Балалар шығармашылық үйі» жұмыс істейді. Аудан бойынша 37 балабақша жұмыс атқарып, онда 1533 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар, барлық мектептерде ұйымдастырылған толық және қысқа күнді шағын орталықтарда 2463 бала қамтылған. Аудан бойынша балаларды мектепке дейінгі білім беру мен қамту 3-6 жас бойынша 100 %-ды, 1-6 жас бойынша 97 %-ды құрады.

2015 жылы 743 бала мектеп бітіріп, оның 574 оқушысы (77,2 %) ҰБТ-ға қатысты. Аудан бойынша ҰБТ-ның қорытындысында 4 пән бойынша орта балл 65,4 болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша көрсеткіш 4 пәннен 2,5 баллға жоғарлады. 4 пән бойынша бірінші ондықта Б.Майлин, Қарабұйрат, Алтынсарин, Қаратұма, Науалы, Ш.Уалиханов, Көкөзек, Лайбұлақ, Жарбұлақ, Тұрлыханов мектептері болса, соңғы ондықта Қаратал, Тұрсабеков, Ақтамберді, Игенбай, Алтыншоқы, Сағат, Жүзағаш, Қайынды, Қазымбет, Барқытбел орта мектептері. Алтын белгіге ұсынылған 24 оқушының тек 13-ы ғана өз білімдерін ақтап шықты. Аудан бойынша 96 мектеп бітіруші белгіленген деңгейден төмен нәтижелер көрсетті.

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында, ағымдағы жылы Үржар ауылында 140 орындық «Ер Төстік» және 50 орындық жеке меншік «Болашақ» бала-бақшасы іске қосылды. Балабақшаға Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы кезекте тұрғандар саны – 557 бала.

Аудан бойынша барлығы 33 химия, 29 биология, 41 физика, 45 лингофонды-мультимедиялық, 1 «Қазақстан жолы» кабинеттері және 102 интерактивтік тақта бар. 2015-2016 оқу жылына мектеп оқушылары 100 % тегін оқулықпен қамтылды.

Есепті жылы 11 949 оқушы ыстық тамақпен 100 %-ға қамтылды, оның ішінде 5340 бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанды. Бастауыш сынып оқушыларына және аз қамтылған 5-11 класс оқушыларына, ас мәзірінде аптасына 3 рет 10 гр бал мен аптасына 4 рет 200 гр сүт беру ұйымдастырылды.

Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Алакөл жағалауындағы «Үржарайым» сауықтыру-демалыс лагерінде биылғы жылы барлығы 1385 баланың демалуына тиісті жағдайлар жасалды, оның ішінде жетім, жартылай жетім, тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы отбасынан – 1040 бала, «Үржар балалар психоневрология медициналық-әлеуметтік мекемесінен»-18 бала және мүмкіндігі шектеулі 41 бала тегін демалыспен қамтылды. Науалы балалар үйінің 53 тәрбиеленушілері «Тарбағатай саяжайы» лагерінде демалды. Жаз бойы барлығы – 5976 бала демалыспен қамтылды.

2015 жылы «Үржар колледжі» КММ-ін жалпы 84 түлек бітіріп, аспаз, фермер мамандықтарын алып шықты. Аталған колледжіде 2015-2016 оқу жылында 214 түлектер әртүрлі мамандықтар бойынша білім алуда.



Білім саласы бойынша 2015 жылы 12 білім беру объектілеріне күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарына барлығы – 63,8 млн. теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 27,2 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 36,6 млн. теңге. Бөлінген қаржыға Б.Момышұлы, Алтыншоқы және Игенбайұлы атындағы мектептердің шатырына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мақаншы мектебіне КТП орнатылды. Сол сияқты, 8 мектептердің жылу қазандықтары мен ғимараттары ағымды жөндеу жұмыстарынан өткізілді.

Денсаулық сақтау. Аудан тұрғындарына 1 орталық аурухана, 1 ауданаралық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 23 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік пункттер, 22 медициналық пунктер, және 1 туберкулезге қарсы аурухана қызмет көрсетеді.

Аудан әкімдігі тарапынан емдеу мекемелерін кадрлармен қамтамасыз ету және оларды тұрақтандыру мақсатында жоспарлы түрде жұмыстар атқарылуда. 2015 жылы ауданның медициналық бірлестігіне 16 жас маман дәрігерлер жұмысқа қабылданды. Жас мамандарға «Дипломммен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу мақсатында 22 649,1 мың теңге көлемінде бюджеттік несиелер беріліп, тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді. Барлық жас мамандарға 1 109,9 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақылар төленді. Бүгінгі күнге дәрігер мамандарға деген тапшылық 3 бірлікті (невропатолог, акушер-гинеколог, дәрігер-лаборант) құрайды.

2015 жылы бұрынғы сот ғимараты заман талабына сай жөндеуден өткізіліп, өтеусіз Үржар ауылының № 3 дәрігерлік амбулаториясына берілді.

Үржар ауданының орталық ауруханасына облыстық бюджеттен бөлінген 175,0 млн. теңгеге, жаңадан кір жуу және жылу қазандығының құрылыстары салынып, пайдалануға берілді. Сол секілді, жалпы құны 17,5 млн. теңгеге орталық аурухана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Есепті жылы аудан тұрғындарының зерттелеу тексерістерін жақсарту мақсатында, «ҚазМедТех» АҚ арқылы жалпы құны 25,9 млн. теңгелік Корея елінде жасалған заманауи «ACUSON X 300» ультрадыбысты зерттеу аппараты орталық ауруханаға орнатылып, халыққа қалтықсыз қызмет көрсетуде . Сонымен қатар, 2015 жылы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жалпы құны 10,6 млн. теңгеге заман талабына сай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай. Үржар ауданы бойынша 2015 жылы санитарлық-эпидемиологиялық хал ахуал бір қалыпты, төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. 2015 жылдың қорытындысы бойынша туберкулез аурушаңдығы былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге дейін төмендеді. Аудан бойынша 2015 жылы 28 туберкулез ауруы, оның ішінде өкпе туберкулезімен 22 науқас тіркелді. 2014 жылмен салыстырғанда туберкулез аурушаңдығымен ауырған жасөспірімдер саны 1 жасөспірімге көбейді. 2015 жылы адамдар арасында 24 сарып аурушаңдығы тіркелді, 2014 жылмен салыстырғанда адам арасында сарып аурушаңдығы 38 науқасқа немесе 2,5 есеге төмендеп отыр. Сарып ауыруы науқастарға негізінен малдан жұғатыны белгілі. Ветеринарлық қызметкерлердің жүргізген жұмыстарының қорытындысымен аудан көлемінде ауырған 346 бас ірі қара және 1795 бас ұсақ малдар тіркеліп, 24 адамның науқас екені анықталып, жұқпалы аурулар бөлімінде емделді. Осыған сәйкес, аталған аурудан аман болуы үшін мал ұстайтын қора-жайларға уақтылы және сапалы түрде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп отыру және мал ішінен сарыппен ауырған мал анықталғанда, ол малдарды кешіктірмей жою аудан тұрғындарына ескертетін жағдай.

Әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту. 2016 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 189 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркеуге қойылған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 адамға немесе 2,1 %-ға азайды. Экономикалық белсенді халық санындағы тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,4 %-ды құрап, былтырғы жылдың деңгейінде сақталды. 2015 жылдың басынан 958 адам жұмысқа орналастырылды. Есепті жылы жаңадан 897 жұмыс орындары құрылды, 436 адам төлемді қоғамдық жұмысқа тартылды. 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны 16,5 %-ға (31 адамға) және жәрдемақы алушы балалар саны 13,7 %-ға (491 алушыға) кеміді.

2015 жылы тұрмыс жағдайлары төмен отбасылардың облыстық жоғары оқу орындарында оқитын 28 балаларына жатақханада тұру және шәкіртақыларына 23,7 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Аудан бойынша 2515 мүмкіндігі шектеулі адамдар бар, олардың ішінде 219-ы еңбекке қабілетті. 2015 жылы барлығы 53 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтылды, оның ішінде 29-ы жұмысқа орналастырылды, 15 мүгедек адам қоғамдық жұмыстарға, 5-уі әлеуметтік жұмыс орындарына, 1-уі жастар практикасына жолданды.

Жыл басынан емдеу-сауықтыру шипажайларына 57 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жолданды. Бұдан қосымша ауданда Алакөл көлі жағалауында орналасқан «Үржарайым» демалыс үйінде мүмкіндігі шектеулі 35 бала және 75 еңбек ардагерлерінің демалысы ұйымдастырылды.

2014 жылдан бастап Ақмола, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарыында пилотты жоба ретінде «Өрлеу» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың аз қамтылған бөлігінің 20 %-ына қолдау көрсетіп, кедей тұрмысты азаматтарға берілетін ақшалай көмектің белсенді түріне көшу, нәтижесінде жұмыссыздар санын мүмкіндігінше азайту және оларды өзін-өзі қамтамасыз ету дәрежесіне жеткізу. Жалпы «Өрлеу» жобасымен ауданда барлығы 260 отбасы (1229 адам) қамтылды. Оның ішінде : 2015 жылы 116 отбасы (571 адам) қамтылған. Жоба қатысушылардың 129-ы жұмысқа орналастырылып, 6-ы кәсіби оқуға, 9-ы төлемдік қоғамдық жұмысқа жолданды.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2015 жылы республикалық бюджеттен 26 428 мың теңге, жергілікті бюджеттен 14 096,0 мың теңге шартты ақшалай көмек төленіп, бөлінген қаржы 100,0 %-ға игерілді.

Аудан көлемінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы үш бағыт бойынша жүзеге асырылды:

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде инфрақұрылым және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағытына бюджеттен 83 млн. 478 мың теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің жылу қазандығына, Алтыншоқы орта мектебінің шатырына жөндеу, Мақаншы мәдениет үйінің ғимараттарына және Елтай ауылындағы көпірді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірінші бағыты бойынша барлығы 38 адам жұмыспен қамтылды, соның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 23 адам жұмысқа жолданды.

Екінші бағыты бойынша сүт қабылдау пункттерін ұйымдастыруға 12,0 млн. теңге шағын тауарлы сүт фермасын ашуға 25,3 млн. теңге, жеке тұлғаларға сүт бағытындағы ірі қара малдарын алуға 61,0 млн. теңге барлығы 98,3 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаржының 23,3 млн. теңгесі «Ертіс» ӘКК-ы және 75,0 млн. теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ының ШҚО филиалы арқылы берілді. Сонымен қатар, қайтарылған несие қаражатынан 6 адам 16,5 млн. теңге несие алды. Барлығы 2015 жылы 43 адамға 114,8 млн. теңге көлемінде несие берілді.

Есептік жылы «Ертіс» ӘКК-нан 9 адамға 23,3 млн тг несие беріліп, қаржының игерілуі 100% құрады. Бөлінген қаржыға 4 адам 12 млн. теңгеге (жетекшісі Т.Ақпеков) біріккен жоба бойынша қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, Үржар ауылында сүт қабылдау және өңдеу пунктін ашты. Бүгінгі күнге аудан тұрғындарына сапалы өнімдері ұсынуда.

Үржар ауылдық округінде 3 адам біріккен жобамен «Ержан» шаруа қожалығының негізінде шағын семьялық типтегі товарлы сүт фермасын ашуға 7,3 млн тг несие алып, алынған несиеге «Симменталь» асыл тұқымды сүт бағытындағы 14 бас ірі қара малы сатып әкелінді. Ал, квота бойынша 2 мүмкіндігі шектеулі азамат 4,0 млн. теңгеге 18 бас ірі қара малын алды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 28 адам асыл тұқымды сүт бағытындағы мал шаруашылығына 75,0 млн. теңгеге несие алып, 5 адам 71 бас ірі қара мал сатып алды. Қалған 23 адам 3 айдың ішінде несиені толық игереді.



Үшінші бағыты бойынша 10 айлық кәсіптік даярлау курсына 4351,0 мың теңге қаржы бөлініп, 15 оқушы фермер мамандығын алып шығып, барлығы шаруа қожалықтарына жұмысқа жолданды.

Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін 2015 жылға 2544,0 мың теңге бөлініп, әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша 15 адам жолдануы тиіс болса, іс жүзінде 27 адам жолданды.

Жастар практикасын ұйымдастыруға 2015 жылға барлығы 4 281,0 мың теңге бөлініп, 30 түлектер жастар практикасына жолданды.

Мәдениет, ішкі саясат, газета. Ауданда 3 мәдениет үйлері, 15 ауылдық клубтар, Үржар ауылындағы балалар мен жасөспірімдер театры, аудандық тарихи- өлкетану мұражайы және 8 кітапхана халыққа толыққанды қызмет түрлерін көрсетуде.

Есепті жылы «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы шеңберінде Елтай ауылдық клуб ғимаратына және «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен Мақаншы ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратына заман талабына сай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі кезекте Келдімұрат, Қабанбай, Көктал және Егінсу ауылдық клубтарының ғимараттары жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Аудан көлемінде ұйымдастырылған идеологиялық, мәдени жұмыстардың барлығы Елбасы Жолдауын насихаттап, мемлекет саясатын дәріптеуге, қоғамдық-саяси ахуалды, бірлікті, ұлтаралық және дінаралық келісімді қолдауға, одан әрі дамытуға бағытталды. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын насихаттап және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аудан көлемінде 17 800 жастар бар. Есепті жылы жастар саясаты бойынша жалпы жиыны 91 іс-шара ұйымдастырылып, 11 200 жас қамтылды. Аудандық «Жас Отан» жастар қанатының құрамына 1350 жас мүшелікке өтті.

«Туған жерге тағзым» атты акциясының аясында аудан көлемінде барлығы 86 млн. 822 мың теңгенің 123 жобасы жүзеге асырылды.

Саяси қоғамдық және діни ахуал. Аудан көлемінде 31 діни бірлестік тіркелген (олардың 29 ислам мешіттері, 1 православиелік, 1 христиан-пресвитериандық шіркеуі). Жергілікті атқарушы билік тарапынан тұрғындар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында барлық діни бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс жасалып, ақпараттық іс-шаралар жүргізілуде. Аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес жүйелі жұмыс істесе, аудан аумағында діни ағымдардың мәнін түсіндіру мақсатында 1 аудандық ақпараттық топ (құрамында 17 адам), 27 ауылдық округтер бойынша топтар (құрамында 148 адам) бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар атқаруда.

Аудандық діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес жастармен жұмыс жүргізуге аса назар аударып, рухани құндылықтарын нығайту, белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдар мен қоғамдық және діни бірлестіктермен өзара байланыс етуде. Аудан көлемінде қоғамдық институттар мен саяси партиялардың қатысуымен ұйымдастырылған мәдени, саяси жұмыстардың барлығы қоғамдық саяси ахуалды, бірлікті, ұлтаралық және дінаралық келісімді қолдауға бағытталып, Елбасының «Мәңгілік ел» стратегиясына байланысты өткізіледі.

Аудандағы қоғамдық-саяси, діни ахуал тұрақты.

Аудан көлемінде «Уақыт тынысы» / «Пульс времени» қоғамдық-саяси газеті жұмыс атқаруда. Аудандық газет аптасында 2 рет шығады. Тиражы 7562 дана.

Спорт. Ауданда денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жұмысы жоспарлы түрде іске асырылуда. Жыл басынан аудан көлемінде 200-нен астам ірі жарыстар мен турнирлер өткізілді. Өткізілген жарыстарға 40,0 мыңнан аса адам қамтылды. Жалпы аудан көлемінде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен 22,0 мыңнан астам адамдар жүйелі түрде айналысуда. Наурыз мерекесіне орай, «Үржар Барысы» атты қазақ күресінен және бұқаралық жарыстар өткізілді. 50 жастан жоғарғы ардагерлер арасында волейболдан облыстық жарыста ауданымыздын командасы 1 орын иеленді. Дәстүрлі түрде аудан әкімінің жүлдесі үшін, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған VІІI халықтық спорт ойындары спартакиадасы өтті. Спартакиада 20 спорт түрлерінен волейбол, футбол, жеңіл атлетика, қазақ күрес, қол күрес, үстел теннисі, дойбы, шахмат, гір көтеру, тоғызқұмалақ, байге, жорға жарыс, тай жарыс, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, көкпар) өткізілді. Спартакиаданың қортындысы бойынша ауданымыздың құрама командасы жасақталып, маусым айында Өскемен қаласында өткен ШҚО әкімінің жүлдесі үшін, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ХIХ халықтық спорт ойындары спартакиадасының барлық 22 спорт түрлерінен қатысып, 9 орын иеленді.

Есепті жылдың 4-6 қазан күндері аралығында ҚР Құрметті Спорт Қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы М.С. Қапсалықовты еске алуға арналған грек- рим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өткізілді.

Үржар ауданы көлемінде 247 спорт нысандары бар, оның ішінде : 1 спорт мектебі, 2 спорт модуль, білім беру ошақтарында 44 спорт зал, 7 хоккей қорабшасы, 5 жасанды кіші-футбол алаңы бар.

Байланыс, пошта. Аудандық телекоммуникация торабы арқылы 2015 жылы 532 телефон нүктелері қойылып, нәтижесінде есепті жыл аяғында негізгі телефон абоненттерінің саны 12 422-ге жетті. 1208 Мегалайн қызметі орнатылып, жыл соңында аталған қызмет түрін пайдалаушылар саны 3546 бірлікті құрады.

Қазіргі заман талабына сай желілі байланыс бойынша Бестерек, Науалы, Көлденең, Жаңа тілек, Таскескен, Мақаншы, Үржар ауылдарына «Мегалайн» қызметін орнату мүмкіндігі пайда болды. Есепті жылдың басынан «Мегалайн» қызметі сымсыз байланыс бойынша орнату жүргізілуде. Жалпы аудан көлемінде сымсыз байланыс бойынша «Интернетке» қосылған абоненттер саны 618 бірлікті құрап отыр.

Ауданның елді мекендерінде 29 ауылдық пошта бөлімдері, 1 орталық операциялық участок және 5 жылжымалы бөлім жұмыс істеп, аудан орталығына аптасына 5 рет ауылдық жерлерге 3-4 рет газет, журналдар, сол сияқты белгіленген кестеге сәйкес мемлекет тарапынан төленетін зейнетақы мен әртүрлі жәрдемақылар уақтылы алушыларға жеткізіліп отырады.

Тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлерін жақсарту мақсатында Жаңа тілек, Жоғарғы Егінсу, Шолпан, Қарабұлақ және Үржар ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығында пошта байланыс бөлімдері ашылды.



Құқық бұзушылық. Есепті жылы аудан көлемінде 348 қылмыс тіркеліп, 2014 жылғы деңгейден 4,8 %-ға немесе 16 қылмысқа және тіркелген аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейін былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40,0 пайыздық пунктке артты.

Демографиялық жағдай. Есепті жылы 1190 сәби дүниеге келіп, 682 адам қайтыс болды, табиғи өсім 508 адамды құрады.

Аудан әкімінің аппаратына 2015 жылы жеке және заңды тұлғалардан 755 өтініш келіп түсті (2014 жылы -662). Оның ішінде : тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жол жөндеу, электрэнергиясын пайдалану бойынша – 91, құрылыс – 1, ауыл шаруашылық бойынша – 5, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бойынша – 44, білім саласы бойынша – 15, денсаулық сақтау - 1, жер мәселесі бойынша – 414, басқа өтініштер – 184. Барлық түскен өтініштер қолданыстағы заңнамаға сай қаралды.


Аудан әкімінің 2015 жылғы ақпан айында өткен халыққа есеп беру кездесулерінде 6907 ауыл тұрғындары қатысып, барлығы 172 сұрақтар мен ұсыныстар келіп түскен. Түскен ұсыныстар мен сұрақтардың басым бөлігі аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, шағын кәсіптеррін кеңейту және одан ары дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу жолдары туралы мәселелерді қамтыды.

Аудан әкімімен халыққа есеп беру кездесулерінде айтылған ұсыныстар мен сын ескертпелер бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, оның 5-еуі ШҚО әкім аппаратының инспекторлық бөлімімен бақылауға алынған.. Есепті жылы бақылауға алынған 5 тапсырма толығымен 100 пайызға орындалды.



2016 жылға міндеттер. 2016-2017 жылдары аралығында бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Мақаншы, Ақшоқы, Қаратұма, Көкөзек және Қарабұта ауылдарындағы су құбырларын жаңғырту, Таскескен ауылындағы су құбырын кеңейту бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған жобаларды «ШҚО Өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ арқылы 2016-2017 жылдары Европалық Қайта Құру және Даму банкімен бірлесіп іске асыру мақсатында 4858,5 млн. теңге қаржы бөлуге бюджеттік өтінімдер өткізіліп, 2016 жылға Үржар ауылындағы кәріз суының құбырлары және имараттары құрылысының жұмыс жобасын әзірлеуге 28,2 млн. теңге, Үржар ауылындағы су құбырларын жаңғырту жұмыстарының (3-ші кезек) жұмыс жобасын әзірлеуге 18,9 млн. теңге қаржы қарастырылды.

ШҚО құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша Алакөл демалыс аймағының жағалауын бекіту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Жалпы сметалық құны 3840,9 млн. теңге.

2016 жылы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының теңгеріміндегі гидротехникалық құрылғыларды қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыру үшін Келдімұрат өзеніндегі су тоғанының бөгетіне 393,0 млн.теңге, Қусақ өзеніндегі су тоғанының бөгетіне 447,8 млн.теңге, Егінсу өзеніндегі су тоғанының бөгетіне 360,2 млн. теңге қарастырылды. Жобаларды жүзеге асыру мерзімі 2014-2016 жылдар.

2016 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерді абаттандыру, ауыл көшелерін жарықтандыру және әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 73 851 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында: «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы,   ең мәртебелі жол» деген. Ендігі біздің басты мақсатымыз алдымызда тұрған өзекті мәселелерді шеше біліп, ауданымыздың одан әрі көркеюі, экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсару жолында аянбай еңбек ете беруіміз қажет. Бұл барлығымыздың азаматтық парызымыз. Осы азаматтық парызымызды орындау жолында ынтымақтаса отырып, береке-бірлікпен ортақ ісімізге бір кісідей ат салысуға шақырамын.



Үржар ауданының әкімі С. Зайнулдин


©stom.tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет