Қолөнер бұйымдарын дайындау барысында ағаш түрлерін пайдалану мүмкіндіктері



жүктеу 125.08 Kb.
Дата17.07.2017
өлшемі125.08 Kb.
А.Ж.Дюсенбаев

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік университетінің

оқытушысы



Қолөнер бұйымдарын дайындау барысында ағаш түрлерін пайдалану мүмкіндіктері

Біздің дәуірімізге дейінгі ғасырларда Алтай өңірінен Қара теңізге дейінгі сайын даланы қоныстанған түркі халықтарының түп аталары - байырғы сақтар - өнердің өшпес асыл мұраларын калдырған. Демек, қазақ халкының қолөнері: ағаш өңдеу, тері илеу, зергерлік жұмыспен тікелей сабақтасып ежелгі сақтардан, біздің заманымызға жеткен.

Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды жасайды. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылары оны жонып күйдіреді де бояулап өңдейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады [1, 109 б.]

Жалпы ағаш материалының құрылымы оның қасиеттері мен механикалық сипаттамаларына тікелей байланысты. Ішкі құрылымы негізінен көлденен, бойлық (ағаштың өзегін бойлай) және тангентальдық (хордасы бойынша) үш кесінді арқылы анықталады. Көлденең кесінен ағаштың өзегін (диаметрі 2 – 3 мм), сақина тәріздес жылдық қабаттарын және қабығын байқауға болады. Ағаш түрлерінің көбі көлденең кесіндісінен қарағанда ақшыл келеді. Бірақ кейбір ағаштың сыртқы жағы (қабығына қарай) ақшыл түстес болғанымен, ортасына қарай бурыл тартады. Осыған орай ағаш ядролы (бал қарағай, қарағай, емен, тал, терек, самырсын, шетен, шегіршін т. б. ) және ядросыз (шырша, қайың, көк терек, қанды ағаш, үйеңкі, бук, жөке т. б. ) болып бөлінеді. Ағаштың сыртқы түрі түсімен, жылтырлығымен, текстурасымен (өрнегімен) бағаланады. Ағаштың техникалық қасиеті оның беріктігі, серпінділігі, қаттылығы сияқты механикалық көрсеткіштерімен сипатталады. Механикалық қасиеттер әр бағытта әр түрлі келеді. Мысалы, ағашты көлденеңінен қысқандағы беріктік көрсеткіші оны бойлай қысқандағыдан кем болады. Шірік, шым - шытырық талшық сияқты ағаш ақаулары оның механикалық қасиеттерін төмендетеді. Ағаштың механикалық қасиеттері оның көлемдік салмағына тығыз байланасты: көлемдік салмақ неғұрлым көп болса; оның механикалық қасиеттері де жоғарлайды [2, 100б.]. Басқа материалдар секілді ағаштың да маңызды қасиеттеріне физикалық, химиялық және механикалық қасиеттері жатады. Ағаш құрамы минералды қосылыстардан және жанған кезде ұшып кететін сутегі, азот, көміртегі, оттегі сынды органикалық заттардан тұрады.

Ағаштың негізгі физикалық қасиеттеріне мыналар жатады: түрі-түсі, ылғалдылығы, қаттылығы, жылтырлығы, ағаштың кесіндісіндегі табиғи суреті, жұмсақтығы.

Түрі-түсі – ағаштың ең жақсы физикалық қасиеттерінің бірі. Осы қасиетін қолөнер шеберлері жиһаз, ыдыс-аяқ және т.б. заттар жасауда ескеріп, пайдаланды. Ағаштың түрі оның өскен климатына, жасына байланысты өзгеріп отырады. Жас ағаш әрқашанда ақшыл болады. Әр ағаштың өзінің жеке-дара түрі-түсі, өзіне тән иісі болып, табиғатта ақшыл түрден бастап қызыл, қара түрлерге дейін кездеседі. Ағаштың табиғи сүрегі оны арамен ұзынынан кескеннен кейін кептіріп, тазалап, ысқылап, май жаққан кездерде өте жақсы көрінеді, оған бір ерекше көркемдік мән береді. Бұл сүректің бәрі жылдық сақиналардың сәл көлбеу кесілуінен ерекше әдемілене түседі. Неғұрлым ағаштың жылдық сақиналары бірдей болмай, қисық жасалған заттың өң-түсін өрнек оюсыз-ақ ерекше құлпыртады.

Ылғалдылық қасиеті – ағаштарды ойып, кесіп үйге, үй құрылыстарына есік, терезе, ыдыс-аяқ жасағанда қатты ескеріледі. Жаңа кесілген жас ағашта ылғал көп болады, толық кепкенше пайдаға аспайды. Әбден шегіне жетіп кепкен абсолюттік ағашты тек лабораториялық жағдайда алуға болады.

Ағаштың механикалық қасиеттері жан-жақты, олар өздеріне әсер еткен әртүрлі күштерге қарсы тұра алады. Ағаштың негізгі механикалық қасиеттеріне мыналар жатады: беріктік, қаттылық, шыдамдылық, морт сынғыштық, иілгіштік, былқылдақтық.

Беріктік деп – оның сыртқы механикалық күштерге қарсы тұрып, бұзылмай өзінің пішіні мен түрін сақтауын айтады.

Ағаштың қаттылығы, шыдамдылығы, сынып жарылуы бір-бірімен тығыз байланысты, бірінен-бірін ажыратып бөліп қарау өте қиын, не ескермеу өте қате. Қаттылық пен беріктік өзара тығыз байланысты. Ағаш неғұрлым кепкен сайын соғұрлым қатая, беріктене түседі.

Ағаштан басқа да механикалық қасиеттерді байқауға болады. Мысалы оның иілгіштігі, морт сынуы сияқты. Олар жас шілікке, талға, қайыңға, терекке тән.

Ағаш түрлері олардың қолданылу аясына тоқталатын болсақ, шеберлер қарағай, қырша, балқарағай, майқарағай, самырсын, қайың, емен, шаған, қаратерек, көктерек, тал, тараңғы, шетен, алмұрт ағаш, қандыағаш т.б. ағаш түрлерін пайдаланған.

Қарағай - өте әдемі, биік, зәулім ағаш. Діңі жуан, бұтақтары басында орналасқан, жеңіл, жұмсақ, ақшыл түсті ағаш. Діңі көбінесе түзу болып келеді. Жастай кесілген күніндегі діңінің түрі қызғылт тартады. Кепкен кезде қоңырқайланады. Жақсы кесілетін қасиетін пайдаланып, шеберлер әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасайды. Құрылыста есік, терезе жасауға, еден салуға, үйдің төбесін жабуға келгенде оған тең келетін бірде-бір ағаш жоқ. Өзі басқа ағаштың түрлеріне қарағанда оңай қиылып алынады, арзан өндіріледі.

Шырша – сымбатты, қысы-жазы жасыл болып тұратын қылқан жапырақты ағаш. Шырша да қарағай секілді жұмсақ, жеңіл, ақшыл ағаш. Ол қарағайға қарағанда жеңіл, ақ, сақиналары жіңішке. Шырша ағашын құрылыста, үй мүліктерін жасауға қолданады.

Балқарағай – көп өмір сүретін ағаштардың қатарына жатады. Қарағай мен шыршаға қарағанда биік, қатты, діңі қызғылт қоңырқай түсті, жылдық сақиналары айқын, анық көрінеді. Бұл ағашта жоғарыда айтылған тұрмыстық жағдайлардың бәрінде қолданады.

Майқарағай – сыртқы түр-пішіні, салмағы, жұмыстық қасиеті шыршаға ұқсайды. Діңінің қиығында жылдық сақиналары біркелкі екені аңғарылады. Беріктігі нашар, тез жарылып, кепкен кезде майысып кетеді. Сондықтан тұрмыста аз қолданады.

Самырсын – берік, мықты, қылқан жапырақтары да, бұтақтары да қалың өсетін ағаш. Діңі сарғылт-қызыл түсті, кепкен кезде көлемін жоғалтпайды, жылдық сақинасы айқын көрінеді, жақсы кесіліп ойылады. Қолөнерде және мүсін оюға, музыкалық аспаптар жасауға кеңінен қолданады.

Жапырақты ағаштардың түрлері көп, қолданылатын салалары біршама. Оларға жататын ағаштар: емен, шаған, қайың, көктерек, қаратерек, шамшат, үйеңкі.

Қайың – сыртқы қабығы ақ, сымбатты, сұлу ағаш. Қайыңның қабығы оған ерекше қайталанбастай түр беріп, оның ақшыл қабығын көгілдір немесе қызғылт түстерге бояп, қарар көзге жеңіл, әдемі етіп көрсетеді. Қайыңның діңі ауыр, қатты, сүрегі ақшыл сары, жылдық сақиналары көзге онша байқалмайды. Қабығы ашылмаса, тез шіріп кетеді. Су тисе майысып, бастапқы формасын өзгертеді. Қайың жақсы кесіледі, ойылады, жасалған бұйымдар ысқыланып, тез жылтырайды. Ерте кезде шеберлер осы қасиетін пайдаланып ер-тоқым, киіз үй ағашын, ыдыс-аяқтар жасаған.

Емен – өте жуан, биік, түбірі мықты өсетін алып ағаштардың қатарына жатады. Оның бұтақтары мен жапырақтары ұлан асыр жерді алып тұрады. Емен өзінің биіктігі, қаттылығы жағынан теңдесі жоқ ағаш. Тез шіри қоймайды, одан алынған тақтайдағы табиғи суреттер әдемі болады. Көлденең кесіндісінен жылдық сақиналары айқын көрініп, сән береді. Емен қатты болғандықтан оны кесу оңайлыққа түспейді. Жиһаз, ыдыс-аяқ жасауға қолданылады. Құрылыстарда кеме жасауға және т.б. өнеркәсіптерде, өндіріс орындарында пайдаланылады.

Шаған – бұтақтары үлкен, ақшыл жапырақты, биік өсетін, жасыл-сұр қабығы бар, сопақша ақшыл жапырақтардан құралған ағаш. Діңі тез кебе қоймайды, қатты, берік, мықты, сарғыш-қызғылт түсті. Шағанның еменнен айырмашылығы ядросы ақтау, жылдық сақинасы емендікіне қарағанда жалпақтау болып келеді. Өңдеуге қолайсыз, қатты. Жиһаз және құрылыс материалдарын жасауда көп қолданылады.

Қаратерек – сымбатты, әсем, тығыз, қара көгілдір қабықты, бұтақтары діңінің ең жоғарғы тұсында өсетін ағаш. Діңі жұмсақ, жеңіл, ақ түсті, тез сынады. Кептіру кезінде жарылып, иілмейді, өңдеуге қолайлы. Көбіне осы қасиеттерін пайдаланып, токарлық жұмыстарға қолданылады.

Көктерек – қаратеректің бір түрі, бір-бірінен айырмашылығы тек сыртқы түрлерінде. Көктеректің қабығы ақшыл көк болып келеді. Діңі жеңіл, жұмсақ, тез кесіліп ойылады, жылдық сақиналарын мұқият қарамаса, жөнді көрінбейді. Сүрегі ақшыл көк түсті. Түрлі заттар жасаған кезде, кейде бұл ағаштарды бояп та көрулеріңе болады. Мүсін немесе терең рельфті заттар мен бұйымдар ою процессінде қолайлы.

Тал – бұтақтары жан-жаққа шашырай кең жайылып өсетін, майысқақ жуандығы орташа ағаш. Бұтақтары мен жапырақтары сарғыш жасыл, ылғи төмен қарай салбырап тұрады. Діңінің сүрегі ақ жұмсақ, жеңіл, қатты күшке келмей сынып кетеді. Кептірген кезде көп қысқармайды, жарылмайды, жылдық сақиналары жақсы дамыған ағаштардың бірі. Киіз үйдің сүйегін жасағанда, шарбақ тоқығанда көп қолданады. Иіп уық, кереге жасап көруге болады. Июге, бұрауға, майыстыруға төзімді ағаш.

Тараңғы – бұл ағаш қызыл қайың сияқты және топал терегі сияқты өседі, қатты, түсі қызғылт ағаш. Қол шеберлері үй тұрмысында ыдыс-аяқтар, ожау, астау, ер т.б. бұйымдар жасағанда тараңғы ағашын пайдаланған. Тараңғы ағашының дыбыс шығаруы жақсы. Бұрын қобыз дайындаған бұл ағаш - құнды ағаштардың бірі.

Шетен – түсі ақшыл, күлгін және сары түсті көлеңке береді. Көлденең кесіндісінен қорек өткізетін дөңгелек каналдарын айқын көруге болады, өте мықты және қатты болып келеді. Ұзынынан кесілген ағаштың құрылысына жылдық сызықша қара–қоңыр сақиналарынан анық көруге болады. Оңай кесілмейді, бұл ағаш емен ағашына ұқсас, жақсы майысады, оңайшылықпен сынбайды. Құнды ағаштар қатарына жатады.

Алмұрт ағаш – өте тығыз, қатты және жылдық салалары мықты байланысқан. Түсі күлгін - қоңыр, көзге өте жағымды көрініс береді. Жақсы кесіледі және боялады да, қызыл ағаш түстес көрініс береді.

Қандыағаш /қайың тұқымдас/ – көлденең кесіндісімен ақ түсін, ол кепкеннен кейін қызыл – күрең түске айналатынын аңғаруға болады. Түсі негізінен ақшыл күрең болып келеді және жіңішке сызықшаларды байқауға болады. Жақсы кесіледі және боялады, өз бойынша жақсы қабылдайды.

Ағаш түрлерін пайдаланар алдында ең маңызды дайындау жұмыстарының бірі – ағаш кептіру. Адам ежелден-ақ ағаш кептіруде түрлі әдісті қолданған. Мысалы, қазақтар жаңа кесілген ағаштың қабығын аршып, ауа өтетіндей дәрежеде сиырдың жапасын жағып, көлеңке жерде бірнеше ай ұстаған, ал кейбір шеберлер күлдің астында сақтаған. Кең тараған тәсіл – жаңа кесілген су ағаштан бұйымды барынша болжамға келтіріп, өңдеп, оны 2-3 сағат суға салып қайнатқан. Сөйтіп ағаштың бойындағы химиялық заттардың бәріне сыртқа шығарған. Кейбіреулер суға ас тұзын қосады. Бұл тәсіл қазір де қолданылады. Өндірістік саланың дамуына байланысты қазіргі кезде ағаш арнаулы камераның күшімен белгілі бір температурада кептіріледі. Кептірудің бірнеше түрі бар. Олар: атмосфералық, камералық, радиациялық, беттестіру арқылы, жоғары тоқ өрісі арқылы және балқытылған ортада кептіру.

Ағаш ұсталығы мен ағаш шеберлігі саласындағы жұмыстарды атқару барысында бөлшектерді топтастыру, құрастыру, ұластыру және бұрыштарды байланыстыру сияқты шараларды жүзеге асыруға тура келеді.

Топтастыру дегеніміз - кеспелтек ағаштар мен тақтайларды қалқан түрінде құрастырып - бекіту, басқаша айтқанда, оларды ені бойынша құрастырып - бекіту болып шығады. Қалқанды құрастыратын тақталар мен кеспелтек ағаштарды бірігетін бөліктер деп атайды

Тиекті - кертікті тетіктер арқылы құрастырып - бекітудің негізгі элементтері: тиекті - кертікті тетіктер, тесік көздер, құлақтар, шұңқыр ұялар, шпунттар мен тарақ тәріздес тетіктер. Тиекті - кертікті тетіктер деп бөлшектің шығыңқы тұсын айтады. Оның ені бөлшектің енінен кішірек болады, ол тетіктер бөлшектегі шұңқыр ұяларға енгізіліп бекітіледі. Ал ол шұңқырлардың кеңдігі мен тереңдігі аталмыш тетіктер тығыз орналасатындай болуы керек. Тиекті – кертікті тетіктер тым жуан болмауы тиіс, өйткені оларды шұңқыр ұяға шаншып енгізу кезінде жарылып не сынып кетуі мүмкін.

Ұзындығы мен енін тиектеп бекітудің де бірнеше түрлері бар. Жұмыс сапасы өте жақсы болуы үшін тиектердің мөлшеріне байланысты жасалған нормаларды дәл сақтау қажет.

Тістеуікті желімдеп бекіту деп бірнеше үшбұрышты тиекті пайдаланатын бекітуді атайды. Бұл бекітуді орындаған кезде бөлшектердің шет жағынан тиектердің жартысын шығарып қою қажет. Оның бір жағы желімдеуге қатысты болады да, басқасы бұйымның сыртқы бүйір жағында болады. Бұл тетіктердің бір жағына орналасқанына немесе әр түрлі бөлшектерде болғанына байланысты, мұндай бекітудің екі түрін бөліп айтады. Көп мөлшерде механикалық ауытқуға ұшырайтын бұйымдарды жасаған кезде тиектеп бекітуді пайдалану ұсынылады. Себебі тиектердің жартысы бір бөлшекте орналасады да, басқасында тек қана мақсатты бөлшектер болады. Тістеуікті желімдеп бекітудің екінші түрін аз жұмыс істейтін конструкцияларда пайдалану тиімді.

Енді ағаш өңдеуге қажетті құрал – жабдықтар туралы сөз етсек, ағаш ұсталығы аспаптары негізінен үшке бөлінеді:


  • өлшегіш-белгілегіш (сызғыш, бүктемелі метрлік, циркуль, бұрыштауыш, үлгі),

  • кескіш-тескіштер (ара, балта, сүргі, қашау, шапқы, бұрғы т. б.),

  • көмекші аспаптар (балға, қырғыш, түрпі, егеу, бұрауыш, ұңғы, тістеуік, түзегіш т. б.), ал желімдеу мен құрастыруға винтті қысқыш пен қамыт пайдаланылады.

Ұсталар ағашты кесу жұмыстарына ара мен балтаны, шабу ісіне түрлі шоттарды (шапашот, тесе шот, ойыс жүздішот), тегістеу, типылдау үшін үстірікті, қырғыны, оңғыны, түрпіні ішінара қашауды ойып өрнек салу үшін пышақты (ойма пышақ, қуыс құрсақ) қашау, тесу үшін ұрғы мен үскіні пайдаланған. Ағаш бұйымдарын өңдеуден өткізер бұрын тиісті белгілеу жұмысын жүргізеді. Ол үшін ағаш немесе металл метрлік қолданылады. Қарындашпен белгі түсірілгеннен кейін өңделетін (кесілетін) жердің бойымен сызық жүргізіледі. Ағашты қол аспаптарымен механикалық өңдеуге: аралау, сүргілеу (дайын бұйымдарды қалыпқа түсіру үшін), тиек, тесік жасау, ұяшықтарды үңгу мен тесіктерді бұрғылау, бекіткіш детальдар мен фурнитуралар ою, жымдастыру мен тегістеу жұмыстары жатады.

Сүргілеу - ағаш ісмерлігіндегі басты жұмыстың бірі. Сүргілеуді жоңғы сүргі (дөрекілеу өңдеу), кәдімгі сүргі (алғашқы және таза өңдеу), жұқа сүргі (ұзынша детальдарды соңғы рет өңдеу) және тегістегіш сүргі (соңғы тазалау) сияқты аспаптар арқылы жүргізеді.

Қашау кезінде (әсіресе тұтас тескенде) өңделетін бұйымның астына ағаш кесіндісін немесе фанера қойған жөн, сонда жұмыс істейтін үстелдің беті бүлінбейді.

Ағашты балтамен шабу барысында өзімзге керек бұйымға ағаштың формасын шығарамыз. Балтаның басы болат, жүзі өткір келеді. Сабы қайық ағашынан сапталады. Үлкен бөрене үлкен балтамен шабылады, ал кішілеу бөренені кішілеу балтамен шабады.

Ағашты түрпімен тегістеуде ағаш бұйымының формасын шығарып, тегістеп аламыз. Түрпі бір жағы дөңес келеді, ал екінші жағы тегіс келеді. Оның тістері болаттан жасалған.

Ағашты тесу операциясын бұрғыны пайдаланамыз. Тесіктің екі түрі бар: толық тесік және жартылай тесік. Толық тесік бөлшектің екінші жағынан шықса, жартылай тесік бұйымға қажетті тереңдікке келіп тіреледі. Тесік негізінен дөңгелек болып келеді, дегенмен, оның төртбұрыш, сопақша т.б. түрлері бар.

Қазір ағаш өңдеу процесі механикаланған. Механикаланған құрал-сайманға электр ара, электр сүргі, электр бұрғы, электрлік және пневматикалық ажарлау аспаптары жатады. Сонымен қатар, ағаш өңдеу станоктарының қатарына радиальді-бұрғылау станогы Jet JDR-34 10000390M, бұрғылау станогы Sturm BD7045, бұрғылау станогы Энкор Корвет-41 10241 , Токарь станогы Jet JWL-1220 708376M, Токарь станогы Энкор Корвет-76 10276, Фрезерлеу станогы Энкор Корвет-85 10285, Фрезерлеу станогы Энкор Корвет - 83 10283 және т.б. көптеген түрлері қолданысқа еніп отыр.

Ағаш әрлеу – ағаш бұйымдарын мөлдір шәйір жағып жоғары сапада өңдеу. Әрлеу процесі бірнеше сатыдан өтеді: дайындау операциялары (ағаш тазалау, ажарлау, бояу); әрлеудің екінші сатысы (бұйымның ойық жерлері бітеліп тегістеледі); әрлеудің екінші сатысы (бұйым айнадай жалтыратылады). [3, 64 б.] Ағаштан жасалған әзір бұйымдарды ажарлау жұмысына бұйымның бетін зімпарамен ысқылап тегістеу, оны лакпен және түрлі бояулармен бояу жатады. Шағын беттерді зімпараның өзімен-ақ ысқылап тегістейді. Ажарлау, қолданылатын лактар мен бояуларға байланысты. Күнгірттеп ажарлау және мөлдір ажарлау дегеніміз – бұйымның бүкіл бетін күңгірт, бояулармен бір реттке бояу.

Бұйымның беті зімпарамен әбден тегістеледі, кемістіктерді шпатлевкамен жойылады, бұйымның бетін суға ерітілген тиісті бояғыш затпен бояйды. Кепкеннен кейін ол бетті, томпонды немесе бояу жаңқышты пайдаланып: спиртті, майлы лакпен немесе лактың басқа түрімен бояйды.

Егер ажарланатын ағаш сүрегінің өзіндік табиғи түсін сақтау қажет болса, онда бұымның бетін әбден тегістеп алған соң бірден-ақ мөлдір лакпен 2-3 рет бояйды.

Бүгінгі таңда ағаш шеберлері өздерінің ою-өрнектерінде жаңа түр, жаңа ұйқасым тауып, олардың идеялық мазмұндарын байыта түсуде. Жас шеберлердің өзінің шығармашылық жоспары туралы кіммен де болса ақылдасып, оның ой-пікірін, ұсынысын тыңдап отырғандары абзал деп ойлаймын. Сонымен қатар халықтың қолөнер бұйымдарын өрнектеу үшін суретшілік өнермен жете таныс болу қажет. Қасиетті халық тәрбиесінің үлкен ықпалы мен пайдасын ұқтырып, ұлттық тәсілінің сыры мен ерекшелігін аңғарту нәтижесінде осы ағаш ою, өңдеу өнері одан жалғастырыла беретініне сенімдімін.

Әдебиеттер:

1. Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері.- Алматы: Қазақстан 1995. - 240 бет.

2. Қазақ совет энциклопедиясы І т. –Алматы, 1972. - 648 бет.

3.Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. Алматы, «Қазақстан», 1977. - 96 бет.

4. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері: Ғылыми зерттеу еңбек. – Алматы: Өнер, 1987. - 128 бет.



Резюме

В данной работе рассматриваются физические, химические и механические свойства разных пород древесин и их применение. А также, автор раскрывает разновидности используемых инструментов при работе с древесиной.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет