Нұрсұлтан Назарбаев Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде



бет1/5
Дата14.07.2017
өлшемі0.93 Mb.
  1   2   3   4   5


Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев

Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы

орны жөнінде
Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Онсыз өткен тарих қысыр әңгіме ғана. Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда біз оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік.

Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген – ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.

Осыдан тура тоқсан жыл бұрын Әлихан Нұрахметұлы Бөкейханов бастаған қазақ саяси тобы Уақытша үкімет ұстанымын қолдап большевиктермен ымырасыз егеске түсті. Сондай-ақ бұл алып империяның саяси өміріндегі кезекті бір кикілжіңнің көрінісі емес-тін. Қазақ саяси ұйым құрып империя өмірін, оның құрамындағы қазақ ұлтының өмірін реформалау арқылы түбегейлі өзгертуді жақтайтын бағдарламалық негізі бар жол ұсынды. Бұл қазақ тарихында бұрын болмаған, орасан зор маңызы бар жаңа құбылыс еді.

Жалпы алғанда 1917 жылы қазақ халқының өмірін дүр сілкіндірген, оған динамика берген бірнеше ірі оқиғалар болып өтті. Олар: ұлт тарихындағы тұңғыш саяси ұйым – ұлттық-демократиялық платформадағы Алаш партиясының өмірге келуі (шілде) ; Ресей империясы құрамында Алаш автономиясын құру туралы ұсыныстың жария етілуі; Алаш автономиясының Ұлттық Кеңесі - Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда үкіметінің құрылуы еді.(5желтоқсан). Осыдан бірнеше күн бұрын, яғни 1917 жылғы 28 қараша күні Қоқан қаласында жұмысын бастаған ІҮ-ші Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы жариялап, оның 12 орыннан тұрған Уақытша үкіметін бекітті. Оның тұңғыш төрағасы М.Тынышпаев, кейін оны Мұстафа Шоқай ауыстырды. Ал осы саяси және мемлекеттік құрылымдардың өмірге келуі негізсіз, кездейсоқ оқиға ма еді? Әрине күтпеген кездейсоқ оқиға емес-тін. Менің бір аспирантым (Қ. Ілиясова) «Қазақ съездері» аталатын диссертациялық зерттеу жұмысын жазды. (ол жақында кітап болып жарық көрмек). Сонда айтылады: 1917-1918 жылдары қазақ даласында өткізілген қазақ съездерінің ұзын саны 68-ге жеткен. Осы аталған мезгілде ұлт азаттығын, оның ең өзекті деген өмірлік мәселелерін талқыға салып, белгілі бір шешімдер қабылдаған қазақ съездері дерлік барлық облыс және уез орталықтарында болып өтті. Сол қазақ съездерінде қабылданған шешімдердің ең негізгісі, әрине, барлық елді орталықтарда Қазақ комитеттерін құру туралы шешім болатын. Ал Қазақ комитеттері болса болашақ ұлттық мемлекеттіктің негізі, бастау көздері еді.

Міне осы өткізілген Қазақ съездері мен құрылған Қазақ комитеттері Қазақ қоғамының саяси белсенділігінің жоғары болғандығын айғақтап қана қоймайды, сонымен бірге сол белсенділікті дұрыс бағыттай алған ұлттық басқарушы топтың да саяси деңгейінің заман талабына лайық болғандығын анық байқатады.

Алаштық басқарушы топтың алдына қойған мақсат-мүддесін, осы тұрғыдан оның интеллектуалдық-саяси деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін негізгі құжат, әрине, бұл Алаш партиясының бағдарламасы. Бағдарлама не айтады? Бағдарлама қазақ қоғамының алдында тұрған негізгі екі қоғамдық мәселені шешуді көздеді. Олар біріншіден, қазақ елін отарлық тәуелділіктен азат ету, екіншіден, тегеурінді реформалық шараларды іске асыру арқылы қазақ өмірін жаңа сапаға көтеру еді.

Әлихан Бөкейханов пен оның серіктерінің ұстанымы бойынша 1917 жылғы аласапыран өзгерістер жағдайында қазақ қоғамы біржола мемлекеттік дербестік алып, бөлініп шығуға даяр емес-тін. Ә. Бөкейханов ол жөнінде мемлекеттік ісін «жүргізіп әкетерлік кісіміз тіпті жеткіліксіз, қазақтың жалпысын тарих даярлаған жоқ,» сондықтан да қазақ жұрты «жері біргелік автономияны қабылдап» Ресей империясы құрамында бола тұрады, ал қай күні өзін-өзі басқаруға жараса, сол күні бөлініп дербес мемлекет құруға күш салады деп жобалады. Бұл тұрғыдан алғанда біз кеңестік жүйе жағдайында мемлекетті басқару мектебінен өттік. Тарихи шындық сондай.

Алаш бағдарламасында Ресей мемлекеті «демократиялық, федеративтік республика» ретінде құрылып, ал шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізінде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс еді.Сөз орайына қарай айта кетейік, кеңестік және посткеңестік кезеңдерде жарық көрген қайсыбір еңбектерде кеңестік билік пен коммунистік партияны қазақ еліне оның жерін жинап, мемлекеттігін құрып беруші күштер ретінде көрсету етек алды. Иә, рас, бұл тұжырыммен белгілі дәрежеде ғана келісуге болады, дегенмен оны толық күйінде қабылдау қиын. Өйткені қазақ жерінің тұтастығы мен оның мемлекеттігі жөніндегі идея сондай-ақ оны іске асыру әрекеті кеңестік заманда ғана емес, одан да ерте кезеңдерде, тіптен Ресей империясы құрамына енген уақыттан бұрын да анық көрініс тапқан болатын.

Осы тұрғыдан алғанда ұлттық мемлекеттік дербестікке байланысты Алаш идеясы Абылай хан, оның немересі Кенесары хан, қазақ қоғамындағы басқа да азаттық үшін қозғалыстар мен қызметтің кезекті табиғи көрінісі және тікелей жалғасы ретінде қарастырылуы толық негізді.

Алаштық топтың қазақ шаруасына, қарапайым жұртқа қатысты ұстанымы жөнінде Алашты қазақ қоғамы таптық жіктелуден алыс жатыр деп түсінді. Отарлық езгіге қарсы күрес платформасында тұрған олар басымдылықты жалпыұлттық мүддеге берді. Мұндай ұстаным азаттық қозғалыстың ішкі логикасынан туындап жатты және ол дұрыс та болатын.

Алашорда үкіметін сайлаған екінші жалпықазақ съезі қозғалыстың ұлтаралық саясаттағы негізгі бағыттарын белгілеп берді. Съез қаулысында: «V. Қазақ арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі», -деп көрсетіледі. Съезде құрылған Алашорда үкіметіндегі 25 орынның 10-ы қазақ арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Бұл арада біздің бағдарламаны кеңірек талдауға алу мүмкіндігіміз шектеулі. Егер де тұжырымдап айтар болсақ, оның сол тарихи мезгілдегі беделді саяси партиялардың бағдарламаларымен иықтас екендігіне жеңіл-ақ көз жеткізуге болады.

Алаш бағдарламасы өмірлік шындыққа айнала алған жоқ. Оқиғалар ағымы Ресей қоғамында қазақ сияқты халықтардың мемлекеттік дербестікке емес, тіптен империя құрамында мемлекеттік автономия алуына үзілді-кесілді қарсы күштердің басым екендігін анық көрсетіп берді. Ресей империясын біржола ыдыраудан сақтап қалу қамына кіріскен большевиктер партиясы қоғамдық дамуда Ресейден жоғары тұрған Польша мен Финляндияның мемлекеттік дербестігін мойындай отырып, украин, грузин, қазақ сияқты халықтарды империя құрамында ұстап қалу мақсатында түрлі әдіс-айлаға көшті, ал Алаш сияқты азаматтық күштермен күрес барысында репрессиялық шараларға жиі және емін- еркін барып отырды. Мен осы арада сіздердің назарларыңызды мынадай бір мәселеге аударғым келеді. Кеңестік билік Алаш зиялыларына қарсы ашық әрі перманентті репрессиялық шараларды жүргізе отырып бұл қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын түсінді ме? Бұл біз үшін Ресей империясы, сонан соң Кеңестік мемлекет құрамында болған тарихымызды тура түсіну үшін аса қажет нәрсе. Әлем тарихында бірде-бір мемлекет өзінің отаршылдық мазмұнын бүркемелеп, жасырып көрсетуде кеңестік билікпен тең келе алар ма екен? Әй қайдам, тең келе алмас.

Кеңестік биліктің Алаш қозғалысының ұлт-азаттық сипатын жақсы білгендігін куәландыратын құжаттар аз емес, жеткілікті. Бұл ретте Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ) қазақ азаттық қозғалысы, ұлт зиялылары үстінен тұрақты түрде жүргізіп отырған бақылау жұмысының есеп материалдарын алса да жеткілікті. 1922 жылыдың соңғы тоқсаны бойынша жасалған сондай бір ГПУ есебінде осы мекеменің тікелей тапсырмасымен Бөкейханов пен Дулатовтың тұтқынға алынып Орынбор ГПУ-ың қарауына беріліп, сондай-ақ Ақпаевтың жанында үш беймәлім серіктерімен Қарқаралыдан 900 шақырым жерде тұтқындалғаны ендігі уақытта Бөкейхановтың Мәскеуге жіберіп, Дулатовтың Орынборда қалдырылып, ал Ақпаевтың Семейде абақтыдан босатылып, ГПУ қарауында болатындығы айтылады. Одан ары есепте мынадай сөздер берілген: «Результаты агентурной разработки Алаш орды и киргизских национальных группировок за последнюю четверть 1922 года, связанные с получением сведений, помещенных в настоящий доклад, позволяет сделать нижеследующие выводы об измениях в национально-освободительном движении и о характере его за отчетный период». Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Ә. Бөкейханов осы мезгілден бастап өмірінің соңына дейін (сентябрь 1937ж ) оған Мәскеуден арнайы бөлінген бір бөлмелік пәтерде бақылауда тұруға мәжбүр болды ( бұдан бұрын ол 1908 -1917 ж. аралығында қазақ жеріне келу құқынан айрылып, Ресейдің Самара қаласында тұрған ). Бұл билік орындарының қозғалыс басшысын қазақ ортасынан алыс ұстауының нақты көрінісі еді.

1930 жылы ОГПУ-дың орталық басшылығы өзінің ортаазиялық бөліміне «қазақ зиялыларын қыспаққа алуды күшейте түсу» жөнінде арнайы тапсырма береді. 1927 – 1932 жылдар аралығында Алаш зиялылары үстінен екі дүркін жүргізілген сот процесі қазақ ұлт- азаттық қозғалысымен біржола саяси есеп айырысудың, яғни оны талқандаудың өзі болатын.

Сонымен, ХХ ғасырдың басында, яғни патшалық жүйе қойнауында нақ бағдарламалық негізде өмірге келген қазақ ұлт-азаттық қозғалысын кеңестік билік өз қолымен тұншықтырып, басты. Пролетариат диктатурасы атанған саяси билік осылайша өзінің ұлттық идеямен қатар үйлесімді өмір сүре алмайтындығын іс жүзінде көрсетті.

Осы ретте мен сіздердің назарларыңызды баяндалған мәселеге тікелей қатысы бар тағы бір тарихи фактіге аудармақпын. Алаштық топқа шабуылға көшкен Кеңестік билік, бір қызығы сол, қазақ саяси басшылығының екінші бөлігіне, яғни большевиктік платформаны алғашқы қадамынан бастап-ақ қабылдаған С. Сейфуллин, С. Меңдешев,

Т. Рысқұлов сияқты беделді топтың қолдауына сүйенді. Мәселен С. Меңдешев 1920 жылы Алаштық саяси топты сынай келіп, «белгілі бір саяси ағымды ұстанған, сондай-ақ онымен шындап күрес жүргізуге тұрарлықтай қазақ интеллигенциясы болған емес және қазір де жоқ. Ал кездейсоқ және ешқандай да негізсіз құрылған Алашорданың боласысы баяғыда-ақ болған» - деп салды. С. Меңдешевтің бұл тұжырымы қазақ облыстық партия комитетінің хатшысы Авдеевтің 1922 жылы айтқан «У нас еще свеж дух Алаш – Орды, этот дух мы застали в самом рассвете», - деген пікіріне мүлдем қайшы келетін еді.

Кеңестік билік жүйесінде қалыптаса бастаған жаңа партиялық номенклатура С. Қожанов айтқандай, «күніне бір мәрте Алаш Орда жөнінде ғайбат сөз айтпаса тамағына ас батпайтындай күйге жетті». Мұндай құбылысты империялық орталықтың «бөліп ал да, билей бер» саясатымен байланыстыра салу, әрине жеңіл, бірақ мәселе, біздің түсінігімізше, анағұрлым тереңірек сияқты көрінеді.

Алаш тәжірибесі нені көрсетті? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды.

Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік. Құрметті Әлекең, Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде нарықтық экономикаға бойлап келген халыққа әлеуметшіл, қазақтың, қазақстандықтардың барлық әлеуметтік топтарының жағдайын бірдей ойлайтын билік керек.

Екіншіден, кез – келген мемлекеттің тірегі белгілі бір ұлт, барлық мемлекет осы жолмен қалыптасқан. Бізде де сондай. Бүгінде халықаралық деңгейде кең таныла бастаған Қазақстан аталатын мемлекетке де өз атын берген де, сондай-ақ оның халқының басым көпшілігін құрап отырған да қазақ, яғни Алаш халқы. Мұндай шындықты айту ұлтшылдықтың көрінісі ретінде қабылданған заман да болды. Енді міне жаңа заманда қазақтың жоғын айтуды ұлтшылдықтың, солшыл радикализмнің көрінісі ретінде түсіндірудің қисыны жоқ.

Мемлекет халқының басым көпшілігі болғандықтан қазақтың қорланып қалған мәселелері де аз емес. Ал оларды атап айту, оларға билік орындарының назарын аудару – бұл жергілікті жұртқа артықшылықтар талап ету емес. Ортақ мемлекеттік жүйеде қазақ халқының түрлі талап-тілектері өз уағына және заман талабына сай деңгейде шешілсе болғаны. Алаш зиялыларынан бізге жеткен аманат та осы болса керек.

Ахмет Байтұрсынов кеңестік кезеңде жазған мақалаларының бірінде: «Көбінесе мәдениеті төмен жұрт ақкөңіл, анайы келеді. Сондықтан да мәдениеті жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп жем болады. .... Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады,» -деп көрсеткен болатын.

Тура осы мазмұндағы ұстанымды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрқашанда білдіріп жүргеніне бәріміз де куәміз. Осы ұстанымға берік болайық.




Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл.

Шәкәрім


Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкірлік!
Әлихан Бөкейхан
Кез болған соң кер заман біздің баққа,

Жау жарағын асырып, міндік атқа.

Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,

Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа!

Азаматы алаштың

Аттанатын күн туды.

Тұлпар мініп, ту ұстап,

Баптанатын күн туды!

Міржақып Дулатов
ХҮІІІ Алаш аманаты және ұлттық идея
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы үмітінен күдігі басым өзгерістер мен қайшылықтарға толы еді. Ұлтты ұйыстыратын мемлекеттіліктің орнын отарлау миссиясын көздеген әкімшілік басқару органдары басты, қазақ халқының иелігінен алынып, мемлекеттік меншік деп жарияланған жер әкімшілік-аумақтық бөліске түсті, дәстүрлі шаруашылық-мәдени типі капиталистік қатынастарға азды-көпті бейімделгенмен империялық өктемдікке құрылған бәсекеге төтеп бере алмайтыны белгілі болды. Жат қолына түсу ел мен жердің тағдырын тәлкек қылатынын көрегендікпен болжай алған Абылай, Бұқар сынды тұлғалардың ғасырда-ақ айтқандары, Шоқан мен Абайдың, Шортанбай мен Дулаттың ХІХ ғасырдағы ескерту – зарлары айнымай алдан шықты.

Бұл барша әлемнің қайта бөліске кірісіп кеткен дәуірі еді. Кешегі кеңестік тарихнамада ол капитализмнің жоғарғы сатысы - империализм ретінде түсіндірілетін. Сөйтсек еуропоцентристік пайымның осал тұстары бар екен. Әлділер әлсізді бөрідей талаған, қазақтың халық ретінде сақталып қалатын-қалмайтыны беймәлім ғасырлар тоғысында әлеуметтік ілгерілеу атаулыны қоғамдық-экономикалық формациямен, пролетариаттың тап күресімен, социалистік революциямен байланыстырушы ілім – тарихқа материалистік көзқарас өмір ақиқатынан алшақ жатқанын әшкерелеген құбылыс қазақ даласында дүниеге келді. Қоғамдық-экономикалық формациясының – егер оның бары шын болса - дамуы тежелген, пролетариаты халықтың бір пайызын да құрамайтын, социалистік революциядан ауылы алыс қазақ елінің көшбасшысы міндетін марксшілер айтқандай қаналушы тап емес, ұлт зиялылары мен оқығандар өз мойнына алды.

Торлаған тұманнан жол таппай тұрған халқын өрге сүйреген күш Алаш қозғалысы еді. Саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, кәсіби даярлығы заманының сұранысына сай, адамгершілік-имандық қасиеттері ұлы даланың сан ғасырлық құндылықтарымен суғарылған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақпаев М.Шоқай, Б.Қаратаев сынды дүлдүлдер бастапқыда осынау қозғалыстың тұлғалық-интеллектуалдық әлеуетін сомдаса, іле-шала Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Лапин, тағы басқалар әрлендірді. Қ.Кемеңгерұлының 20-шы жылдар басында Ә.Бөкейханды білімімен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп құрдас болған деуінде тарихи шындық бар. Әлекеңдер мен Ахаңдардың сарқытын ішкен М.Әуезов, көзін көрген С.Сейфуллин кейінде бірі әлем әдебиеті классиктері қатарынан орын алса, екіншісі қазақ әдебиетіндегі социалистік реализм тәсілінің негізін қалаушы ретінде тарихқа енді. Біз бұл жерде саяси және таптық ұстанымдары әр қилы азаматтарды бір қауымға бекер топтастырып отырған жоқпыз. Әңгіме олардың бәрі ұлтшыл, ұлтжанды, ұлты үшін білімі мен білігін, күш-қуатын жұмсағанында, тіпті құрбандыққа барғанында.

Алаш қозғалысына мұрындық болған оқығандар мен зиялылар саны көп емес еді. Патшалық құрылыстың соңғы 30-40 жылы ішінде 5 млн. қазақтан 100-ден астам ғана жоғары дәрежелі білім иесі шығыпты. «Алаш» партиясы қатарына кіргендер 300 мүшеге жетер-жетпес. Бірақ бұлар жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар ғой. Отарлаушылар сайын даланың серкелерін уысынан шығармау үшін небір құйтырқы саясат жүргізіп, араларына от тастау, арандату, жанжалға итермелеу амал-шарғыларын іске қосса да, Алаш зиялылары қарақан басының қамын күйттемей, ұлт азаттығын ұлы мақсатқа айналдырды. Әрине, түсінбестіктер болды. Бірақ қандай жағдай басқа түспесін, бірін-бірі өкпеге қиғанмен өлімге қимағаны тарихи факт. Ал олар қайраткерлік танытқан уақыт, орта мен кеңістік қай жағынан алып қарағанда да бүгінгіден әлдеқайда күрделі әрі қауіп-қатерге толы екенін ескерсек, ХХІ ғасырда Алтынбек Сәрсенбайұлындай асылдың ажалына жауаптылар Алаш тағылымы мен аманатынан мүлде мақұрым қалғанын мойындауымыз керек.

Ұлт мүддесін ту етіп көтерген Алаш зиялылары қазақ қоғамын отарлық езгіден алып шығатын, дамып кеткен елдер қатарына қосатын жолдарды іздегенде пікіралуандығын жоққа шығармады. Мәселен, бірінші буржуазиялық-демократиялық революция тұсында-ақ панисламдық, батысшылдық саяси ағымдар бейбіт қатар өмір сүрді. Кезінде Б.Қаратаевтың отарлық әкімшіліктен жер үлесін алып, қала салуға талпынысын Ә.Бөкейхан бастаған топ қатал сынады. Түрлі пікірталастар «Айқап» пен «Қазақ» арасында, «Тіршілік» пен «Бірлік туы» беттерінде жүріп жатты. Бірақ бұдан ұлт зиялыларының алауыздығын, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара алмағанын көргеннен гөрі, олардың интеллектуалдық ізденісте әрекет еткенін ұғынғанымыз жөн шығар.

Ғасыр басындағы Алаш зиялыларын ұлы істерге жұмылдырған, қоғамдық-саяси, шығармашылық ізденістеріне негіз қалаған ұлттық идеяның бастау бұлағы, біріншіден, туған халқының жан төзгісіз ауыр халы, екіншіден, қайшылыққа белшесінен батқан Ресейде либерализмнің күшеюі, үшіншіден, әлемде ұлт-азаттық қозғалысының жандануы болса, мәні мен міндеттері 1905-1907 жылдарғы бірінші орыс революциясы тұсында жүйеленді. Сол бір кезеңді Ә.Бөкейхан былайша сипаттаған екен: «Вся степь была вовлечена в сферу политики и захвачена потоком освободительного движения. Началась оживленная переписка о нуждах киргизского народа. Указ 17 апреля о веротерпимости еще более приподнял настроение. Весной 1905 года, с наступлением привольной жизни, в степи на летних стоянках начались съезды, на которых обсуждались местные нужды и нужды всей киргизской народности. Все больше степные ярмарки этого года стали ареной киргизских политических съездов, где киргизы обсуждали и подписывали, поданные потом на Высочайшее имя, петиции. На этих же съездах были избраны делегаты, уполномоченные лично подать эти петиции. Религиозные и земельные вопросы стояли у киргиз впереди вопросов политической свободы». Әрине, Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесары басқарған ілгерідегі ұлт-азаттық қозғалыстары зая кетпегені рас. Бірақ оларда нақты практикалық іс-әрекет, аймақтық шектелу басым түсіп жататын. Енді іс-әрекет бүкіл сайын даланы қамтыған саяси-теориялық ой-сананың сапалы жаңа биікке көтерілуімен, ұйымдасуымен, дәуірінің үдесінен шыққан партияны құруға талпыныспен толықты. Бұл орайда 1905 жылғы маусым айында қабылданған Қарқаралы петициясы мен желтоқсан айында бес облыс зиялыларының басын қосқан Орал сьезінің маңызы ерекше. Академик К.Нұрпейісовтің пікірінше, Оралдағы басқосуда «Алаш» партиясының бастау көзінде тұрған қайраткерлер кадеттердің қазақстандық филиалын құруды мақсат еткен жоқ, олар кадеттер үлгісіндегі жалпыұлттық саяси партия құруды көздеді. Оған дейін әлі де 12 жылдай өмір жолынан өту керек болды. Ал Қарқаралы петициясына келсек, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Ақпаев дайындаған бұл құжатта Ресей үкіметінің алдына экономикалық, мәдени-рухани, әлеуметтік талаптармен қоса алғашқы саяси талаптар да (земство беру, орыстандыру саясатын айыптау) қойылды. Кейінде М.Әуезов айтқандай, «ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған».

Ұлттық идеяның тоқ етер түйінін табуға І және ІІ Мемлекеттік думаға қазақтан депутат сайлау септігін тигізсе, реакциялық күштердің шабуылы да тосқауыл қоя алмады. Егер ұлттық идеяның мәні – ұлттың тағдыр анықтағыш тілегі, ниеті, оны ілгері қадам басуға жұмылдырушы фактор, күн тәртібіндегі басты мәселені шешуге бағышталған ойы десек, осылардың жиынтық формуласы М.Дулатов дәйектеген «Оян, қазақ!» тұғырнамасында жатыр. Бұл ұран емес. Халық қасіретін дәлме-дәл айқындаған сәуегейлік. Шынында да екі ғасырға созылған отарлау, қорлық пен зорлық халықтың дүниетанымына, мінезіне, өмірсалтына, шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріп, еңсесін түсірген еді, алды-артын бағамдау қасиеттерінен айыра бастағантын.

Оянған халық жақсы мен жаманды, өз көсемдері мен жандайшаптарды көрмей тұрмайды. Көрген соң көкірегінде көзі бары таңдауын жасайды. М.Дулатовтың шығармашылық тағдырынан хабарсыз Лениннің өзі Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалыстарына ден қойып, революциялық қайта өрлеу жылдарында Азияның оянуына үлкен үміт артқан жоқ па. М.Дулатовтың бас шығармасы исі қазаққа қанша олжа салса, патшалық әкімшіліктің сонша дегбірін қашырды. Кеңестер елін билеген коммунистер де ол кітапты өлердей жек көрді. Осының өзі-ақ 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі билікті ұстаған Мәскеудің пиғылын көрсетпей ме.

«Оян, қазақ!» ұлттық идеясы отарланған өлке үшін түсінікті де пәрменді формула болып шықты. Ол – табиғи–ырғақты даму мүмкіндігінен айрылған қазақ қоғамына және оның халқына зорлықпен таңылған кеселдерді айыптап қана қоймай, әркімнің және баршаның намысын жаныған, ел мен жер алдындағы жауапкершілігін тиянақтаған әрісі – Күлтегін жазуының, берісі - «Жеті жарғының» нағыз өзі.

«Оян, қазақ!» формуласымен түйінделген ұлттық идеяның мазмұны мен пішінін, таяудағы нәтижелерін, нақты іс-қимыл бағыттары мен идеологиясын қасаң қағидаға айналдырмаған абзал. Олар империядағы және өлкедегі өзгерістерге сай жетілу үстінде болды. «Оян, қазақтан» өзгеше жаңа ұлттық идеяны күн тәртібіне қою 1917 жылғы Ақпан революциясы жеңісімен қолға алынды. Бұл доданың алдыңғы шебінде Уақытша үкімет жақтастары, Кеңестерді қолдаушылар, панисламистер, әрине, Алаш қозғалысы белсенділері жүрді. Интеллектуалдық ізденістердің шырқау биігі бірінші жалпықазақ съезі екені сөзсіз.

Демек, бір мүшелден де қысқа мерзім ішінде Ұлы даланы қозғалысқа әкелген «Оян, қазақ!» идеясы мақсат-мұратына жетіп, 1917 жылдың жазынан оның орнына «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясы келді. Жаңа идеяның өміршеңдігі мен құдіреті 1917 жылғы желтоқсанда екінші жалпықазақ съезінің шешімімен дәйектелді. «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясының қалың бұқара көңілінен шыққанын С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңі айғақтайды. Басқа да деректер жетерлік. Осының бәрін жүйелеген әрі бекемдеген классикалық құжат «Алаш» партиясының бағдарламасы болып табылады. Бағдарламаның он тарауында мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі қазақ автономиясы мүддесі тұрғысынан көтерілген. «Алаш» партиясының ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау екені, күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарқы ету жолына бастайтыны тасқа басылған.

Осылайша, ұлттық идеяны кемеңгерлікпен түзу Алаш қозғалысын аспандатты, дұрыс ұлттық идеяға табан тіреген Алаш қозғалысы қазақ қоғамы тарихының жаңа белесін ашты. Ұлттық мақсат-мұратқа, яғни ұлттық идеяға адалдық, жанкештілік, интеллектуалдық биік өремен ағымдағы, кезек күттірмейтін қазіргі және болашақтағы міндеттерді айқындай білу - бүгінге жеткен Алаш аманатының ең құндылары.

Әрине, біз Алаш қозғалысын жойдасыз дәріптеу, қылаудай шаң жұқтырмау ұстанымын қолдамаймыз. Ағын-ақ, қарасын-қара десек қана тарихи ақиқатқа жақындаймыз. Айталық, Алаш автономиясын жариялар қарсаңында, одан кейін де Түркістанға қатысты Ә.Бөкейхан ұстанған позиция кінәратсыз еді дегенге өз басым қосылмаймын. Алаш лидері Қазақ автономиясы мен Түркістан мұхтариятының қосылғанын қаламады. «Мемлекет болып іс атқару оңай емес, - деді ол. - Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы, соқыр болса, Түркістан халқының қараңғылық һәм шебер адамы жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?». Қосылуды жақтағандардың уәжі басқашалау. Даудың мәнісін М.Дулатов былайша түсіндіргентін:«...ол кездегі Түркістан мен қазақ бірігу керек деушілердің дәлелі: орыстың отаршылдығынан құтылу үшін, күшті болып ұлт тілегімізді жүзеге асыру үшін Орта Азия елдері бірігуіміз керек дейді. Бөкейханұлы Әлихан пікірі: Орта Азия болып (өзбек және басқалармен) бірігуге болмайды, оларда ескішілдік (консерватизм), діншілдік, дін жолында ұстағанынан айырмаушылық (религиозный фанатизм) күшті, оларды ишан, қожа-молда билеп келе жатқан халық, шариғат жолынан тез арада арылмайтын халық, шаруа түрі бізден басқа, мәдениет жолында бізден де төмен, сондықтан екі соқыр қол ұстасып жүріп күн көре алмаймыз дейтін пікірде болатын. Бөкейханұлының бұл пікіріне біз де қосылатынбыз». Дұрысы – ортақ зорлықшыға қарсы бірлесе күресу еді.

Иә, Алаш қалың бұқараны оятты. Оянған қазақты соңына ертіп, саяси азаттыққа жетуді мақсат тұтты. Мақсат биігіне көтерілген жұлдызды сәт те туды. Бірақ Еуразиялық кеңістіктегі күштердің арасалмағы тең емес еді. Метрополияның экономикалық, әскери-соғыс әлеуеті өлкедегіден әлдеқайда жоғары тұрғаны өз алдына, Қазақстанға қоныс аударған келімсектер ұлтаралық қатынастарға жағымды сипат бере қойған жоқ. 40 млн десятинадан астам шұрайлы жердің қазақтан тартып алынуы халықтың әл-ауқатын ауырлатып жіберді, қазақ қоғамының әлеуметтік жіктелуін асқындырды. Ұлттық буржуазияның қауқарсыздығы да көсіле қимылдауға бөгесін туғызды. Тұңғыш саяси партияның кешеуілдеп дүниеге келуінің бір себебі осында жатыр.

ХХ ғасыр басындағы біртұтас Алаш қозғалысының саяси-идеологиялық жіктелуінің, түрлі ағымдар мен ұйымдарға тармақталуының тереңделуі 1916 жылғы оқиғалармен байланыста айқын көрінді, ал тұрақты сипат алуы 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістеріне дөп келеді. Қайшылықтың мейлінше асқынған тұсы - большевиктік билік орнаған жылдар. Мұның өзінде де қайшылықтарды ушықтырып, реті келсе қолдан ұйымдастырып, оған саяси рең бергендер қулығына құрық бойламайтын мәскеулік ресми биліктегілер еді. Діттеген мақсатына жетті де.

Либералды-демократиялық бағыт ұстағандар Алаш автономиясын, Түркістан мұхтариятын жариялағанмен, метрополия қысымы мен тегеурініне төтеп бере алмаумен саяси аренадан ығыстырылды. Ислам идеясы төңірегіне топтасқандар да осы тағдырды кешті. Өлкенің экономикалық мешелдігі, шикізат көзіне айналғаны, сан жағынан басым кедейлердің социалистік популизмге алдануы өз рөлін ойнады. Большевиктердің қолдауымен тарих сахнасына көтерілген радикалды зиялылар шоғырының ұлт мүддесі үдесінен шығуға мүмкіндік алдық деген қуаныштары да ұзаққа бармады. Үздіксіз қуғын-сүргін, кәмпеске мен зорлап ұжымдастыру, 1931-1933 жылдарғы аштық кімнің кім екеніне көздерін жеткізсе, 1937 жылғы «үлкен террор» Алаш зиялысымен қоса радикалды ұстанымдағылардың өздерін баудай түсірді.

Большевиктік билік қазақ халқына қисапсыз қасірет әкелетінін Алаш басшылары 1917 жылы-ақ ескертті. Қазан төңкерісін «найзаның үшімен, айбалтаның жүзімен болған» зорлық актісі ретінде қабылдаған Ә.Бөкейхан, обалы нешік, әу бастан қазақ жұртын бас амандығын қамтамасыз етуге шақырды. «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді! – деп дабыл қақты ол. – Алаштың баласы, Ақтабан шұбырыңды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді! Ақсақал аға, азамат іні, от басы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!».Бірақ Алаш үні ұзаққа созылмады.

30-шы жылдардың аяғына қарай толық салтанат құрған сталинизм ұлт зиялысын қаусатып салғанмен Алаш идеясын өлтіре алмады. Ол хрущевтік «жылымық», брежневтік тоқырау тұсында да қазақ даласын елес болып шарлады. Әйткенмен түбегейлі өзгерген қоғамдық қатынастар жаңа ұлттық идеяға сұранысты күн тәртібіне қойғанмен оның «Оян, қазақ!», «Қазақ автономиясы» тәрізді кешенді нұсқасы түзілмеді, түзуге қылышынан қан тамған КОКП диктатурасы зередей мүмкіндік туғызбады. Осындайда Ә.Бөкейханның айтқанын қапысыз ұққан тұлға шықпады. Әйтпесе ұлттық идеяға «Сақтан, қазақ!»айналар ма еді, қайтер еді. Қосақ арасында босқа кете жаздадық. Ең бастысы – қоғамдық дамудың бұрын-соңды беймәлім жолына түскен ел ұлттық идеясыз тығырыққа тірелетіні анықталды. Экономикадағы, халықтың өмір салты мен тұрмыс жағдайындағы кереғарлықтар ұлттық идеясыздықтан туындаған деп есептейміз. Түптеп келгенде, бұл жағдаят социалистік идеяның, біріншіден, утопиялық болмысын әшкерелесе, екіншіден, тоталитарлық тәртіп орнаған сәттен сол идеяның дағдарысқа түскеніне бұлтартпас айғақ болып табылады.

Біздер, азаттық ұрпақтары, социалистік утопиялық идея тағдырынан, атқарылмаған Алаш аманатынан кемел қорытынды шығаруымыз керек. Ол тәуелсіздігімізді бекемдеу үшін қажет. Әзірге ұққанымыз: саяси ерік-жігер мен мемлекет билігін ұлттық мүддеге, қазіргі және ертеңгі ұлттық идеяға жүгіндірмей Қазақстанның байлығы өзіне қызмет ететінінен, бәсекеге қабілетті биікке көтерілген экономикасы баршаны жарылқайтынынан дәмету – қауіпті адасудың басы.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары аяғына қарай Қазақстанда өктем де озбыр тоталитарлық жүйе жеңгеніне куә бола отырып, Алаш қайраткерлері болашақтан үмітін үзбеді. Ұлт тағдыры жастардың қолында екенін қаперге салып, бар күш-жігерді солармен жұмыс істеуге, білімі мен білігін көтеріп, ой-санасын дұрыс қалыптастыруға аманаттады. Жас Алаштықтар да ахуалдың асқынып тұрғанын түсінді. 1927 жылғы қыркүйек айында С.Сәдуақасовқа жазған хатында 30-ға жаңа шыққан М.Әуезов: «Қорқамын, соңы не болар екен?» депті. Қорқуы негізсіз емес еді. Тоталитаризммен ой-санаға сіңген қорқыныш, үрей аға ұрпақтан әлі тарқай қойған жоқ. Осының жалғасуына, сабақтасуына жол бермеу керек.

Жастарды азаттық рухында, еркін мінезге тәрбиелеу, ұлт мүддесіне адалдыққа баулу бүгінгі күннің өзекті міндеті. Ендігі жастар қорқатын ештеңе жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұл-қыздары «соңы не болар екен?» деп тайсақтамай, Алаш аманатын соңына дейін жеткізуге кірісетін күн туды.

«Аманатқа қиянат - қылмыстың үлкені» деген халықпыз. Алаш аманаты олардың қаламынан туған еңбектерінде тиянақталған. Ендеше Алаш зиялыларының шығармаларын жариялау – тәуелсіз қазақ елінің қасиетті парызы. Өкінішке орай бұл парыз күні бүгінге дейін толық атқарылмай келеді. «Бұған кім кінәлі?» деген сұраққа жауапты әркім біледі. Қысқасынан қайырсақ, үш ғасырға созылған отарлық және тоталитарлық қыспақ ұлттық сананы улап, намысты таптап тастағанның бұлтартпас айғақ-дәлелі – осы.

Алаш аманатына селқос көзқарасты ауызға алғанда жайбасарлығымызға, лауазымды қызметтегілерді сынауға қызығып отырған жоқпыз. Әңгіме ұлттық идеяны айқындатқызатын, қазақстандық патриотизмді, отансүйгіштікті қалыптастыратын мүмкіндік туралы ғана. Мәселені Абайша қойсақ: «Енді не қылдық, не болдық?».

Ықыласпен қараған жанға не істеп, не қоятынымызды тарих тағылымы мен тәжірибесі нақты көрсетуде. Ұлт азаттығы шежіресінде Алаш аманаты және желтоқсан айының орны алабөтен екенін ұғынсақ болғаны. Соған жеткізетін шаралар, біздің ойымызша, мыналар:

Біріншіден, бодандыққа қарсы күрестің асқар шыңындай Алаш қозғалысы 1917 жылдың 12 желтоқсанында екінші жалпықазақ сьезінің шешімімен Алаш автономиясын жариялады. Тарихи сәттің мәнін «Сарыарқа» газеті былайша ашқан екен: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды». Демек, 12 желтоқсан «Алаш күні» аталуға сұранып тұрған жоқ па.

Екіншіден, 1917 жылғы 13 желтоқсанда М.Тынышбаев, М.Шоқай басқарған Түркістан мұхтариятын (автономиясын) қолдап, Ташкент көшелеріне шыққан бейбіт халық шеруін большевиктік билік қару қолданумен қанға бояды, отарлық саясат жалғаса беретіні әшкереленді. Баймырза Хаиттың жазуынша, бетбұрысты саяси оқиғаға айрықша мән берген АҚШ конгресі арада 42 жыл өтсе де, 1959 жылдың 17 шілдесінде қаулы қабылдап, 13-ші желтоқсанда Түркістан күні деп жариялауға ұйғарыпты. Біз «Азаттық күрескерлері күні» деп неге атамаймыз.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялады. Бұл аптаның соңғы жұмыс күні – сенбі еді. Маңызы жағынан келгенде бұл күн «Ұлттық мақтаныш күні» ғой.

Төртіншіден, Президентіміз Н.Назарбаев 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойды. Азаттықтың таңы атты.

Бесіншіден, 1992 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған тұңғыш салтанатты жиын өтті. Онда Президент Н.Назарбаев «Қазақстанның өз жолы, өз болашағы» тақырыбына баяндама жасап, алдағы үш жылда тұтыну нарығын реттеуге, келесі бес жылда экономиканың шикізаттық сипатын жеңуге, 10-15 жыл ішінде индустриалды жаңа елдер қатарына енуге апаратын экономикалық реформалар міндетін дәйектеді. Мақсатқа жетудің кепілі ретінде үш факторды – қажырлы еңбек, шыдам және ұлттық келісімді қадап-қадап көрсетті. Бүгінде қазақстандық жол - әлем мойындаған ақиқат. Ендеше «Болашаққа ұмтылыс күні» аталуға толық негізі бар.

Алтыншыдан, республикамызды ширек ғасыр басқарған әйгілі Д.Қонаевты адам білмейтін Колбинмен ығыстырған Кремльдің өктемдігіне наразы қазақ жастары 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда мұздай қаруланған Кеңес әскеріне қарсы тұрып, КСРО деген империяның шаңырағын шайқады. Содан оңалмаған империя 1991 жылғы 8 желтоқсанда күйреп түсті. Біздің ойымызша, 17-ші желтоқсан «Тоталитаризмді айыптау күні», 18-ші желтоқсан «Отаншылдық күні» мәртебесіне әбден лайық.

Түйіп айтсақ, желтоқсанның 12-18-і аралығы ұлттық тарихымызда тағдыранықтаған күндер. Ғасыр басында мемлекеттігіміз жарияланды, ғасыр соңына қарай тоталитарлық жүйеге күйрете соққы берілді, ең бастысы – мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған бізге бұдан қастерлі, бұдан мәртебелі сәттер болуы мүмкін бе? Жоқ! Ендеше азаттық үшін және азаттықтың болмағанынан құрбан болған миллиондардың аруағын сыйлап, бүгінгі күнге жеткізген жұлдызды сәт ретінде 12-18-ші желтоқсанды, яғни жеті күнді ұлыстың ұлы күні, той, демалыс деп жариялайтын уақыт келді. Бұның еш астамшылығы, сөлекеттігі жоқ. Көрші Ресейде Рождество он күнге дейін жалғасады. Қытайда Республиканың туған күнін бір апта, жаңа жылды ай бойы тойлайды. Өз жақсымызға, құндылықтарымызға келгенде біз неге кекжиуіміз керек? Тойлайық, думандатайық. Ішіп-жеу үшін емес, дарақылана мақтану үшін емес, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін, мемлекеттік сананы қалыптастыру үшін, қазақстандық патриотизмнің әлеуетін ұшпаққа шығару үшін ұлттық мейрам күндері деп жариялайық. Сонда мемлекетімізді ұлықтаған мейрам Қазақстанның абыройын арттыратынын, Алаш аманатына риясыз ниетімізді біз де түсінеміз, басқалар да мойындайды.

Тарихқа тағзым - мемлекетқұраушы ұлтқа құрметтің басы. Ол бүгінгі ұлттық идеяның формуласын табуға әкелетін шығар. Ләйім солай болсын.



Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

Мағжан Жұмабаев

Каталог: uploads -> doc -> 1350
doc -> Сыныптан тыс сағат Тақырыбы : «Наурыз тойы» Ұлттық ойындар №3 9-10-11-сынып
doc -> Сабақтың тақырыбы Ішкі, сыртқы және аралас бездер Жалпы мақсаттары
doc -> Сабақ жоспары Мұғалім: Сабыргалиева Гулсім Сәлімқызы Сынып: 8 " а "
doc -> 1. Хлоропластары көп ұлпа a фотосинтездеуші ұлпа
doc -> ДСҰ- ның Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі комитеті 2015 жылдың 1-30 қараша аралығында жарияланған хабарламалар тізімі
1350 -> Нугербекова К. И. №14 орта мектеп – гимназиясының математика пәні мұғалімі Талдықорған қаласы
1350 -> Белгілі балқу температурасы бар, кристалдық құрылымы бар, физикалық денелер. Белгілі балқу температурасы бар, кристалдық құрылымы бар, физикалық денелер


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет