Нұрмахан Сейтмаханұлы



жүктеу 278.05 Kb.
Дата21.01.2018
өлшемі278.05 Kb.


Нұрмахан Сейтмаханұлы

«Суындық» жалпы орта мектебінің

тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімі


Тұлға

(естеліктер мен толғамдар)

«Адамның жақсы болуы тегінде емес

тәрбиесінде, ақылында, өнер білімінде.

Адамға үш түрлі алуан адамнан мінез жұғады:

ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан.

Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе,

содан көп жұғады».

Хакім Абай

Ол бүкіл болмысымен ұстаз бола білді. «Мұғалім мәртебелі мамандық екені даусыз, ал сол сан мыңдаған мұғалімдердің ішінен шынайы нағыз ұстаз бола білу – кім көрінгеннің басына бере бермейтін бақ», - деуші еді жарықтық. Тарихты тұлғалар жасайды десек ол өз өмірінде шын мәнінде тұлғаға айналған адам еді. Ол кісінің тұлғалық қасиеті мен ұстаздық келбеті, оның шәкірті болған тек маған ғана емес, дәмдес тұздас болған, білімі мен тәрбиесін көрген, ақылын тыңдаған әрбір жан үшін өмірлік тәжірибе, өмірлік азық екені даусыз.

«Бұл кім болды екен?» - деп отырған боларсыз оқырман. Менің айтпағым өзінің бүкіл ізгілікті ғұмырын педагогикаға арнаған, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің дұрыс қалыптасуына ерен еңбегін сіңірген айтулы азамат, ұстаз – Алтыбаев Қуанышбай ағай туралы болмақ....

Ол соғыстан кейінгі ел есін әлі жиып үлгере алмай жатқан кезде, яғни 1947 жылы көктемнің жаймашуақ күндерінің бірі 21 наурызда, Алтыбай мен Ұлтуардың отбасында, тұңғышы Қонысбайдан кейінгі екінші ұл бала болып дүние есігін ашты. Қасіретті жылдар артта қалған, қан майданнан жарадар болып оралған Алтыбай бұл қуанышқа жары Ұлтуарға қалжа жегізіп, қуаныш ұзағынан болсын, ендігі жерде ұрпағым мұндай соғыс зұлматын көрмей бай да қуатты өмір сүрсін деген ниетпен ұлына азан шақырып Қуанышбай деп ат қойды. Алла тағала не берсең де ниетіңе берем деген емес пе? Қуанышбайдан кейін тетелес інісі Жұмаділдә, қарындастары Қалжан, Ақжан, одан кейін інілері Ибадулла, Қажмұқан, Рахметжан кейінірек қарындасы Жүзімкүл мен кенже інісі Нұрлан дүниеге келген болатын.

Бала Қуанышбай 1955 жылы Созақ селосындағы И.В. Сталин атындағы мектептің табалдырығын аттады. Бастауыш сыныптарда ол Ермаханова Тоты, Ермекбаев Сламхан сынды ұстаздардан тәлім алып, білімнің баспалдағын бастаса, орта білімді осы ауылдағы В.И. Ленин атындағы мектепте алады. Оқушылық өмірдегі жастық шақ достары Ермекбаев Жарас, Бекжанов Еркін, Әнетов Қуандық, Елғондиев Шалбай, Өміртаев Арынтай, Маханов Сапарбектермен тай құлындай тебісіп өссе демалыс уақыттарында шаруашылықтағы әкесі мен анасына қолғабыс жасаушы еді.

Бұл жөнінде ағай «Біз ол кезде жылқы бақтық. Әкем жылқышы болып таудың аузы Баршакөк деген жерде отыратын. Жасым 12-13-тер шамасы, Балықшыда қымызбен емдейтін санаторий бар. Мен соған атпен қымыз, саумал тасушы едім» - деп айтып отырушы еді.

Бірде ұстазымның өзінің сыныптасы Сызғандық Рахманберді Жаппарқұлов туралы күле отырып еске алғаны бар. «Сызғандық Рахман бізде көп тұрақтап оқи қоймады. Бірде сыныптас достарыммен класқа алыса-жұлыса жүгіре кірсек артыңғы партада бір шикіл сары бала отыр. Дереу бәріміз қаумалап қоршап алдық. Басында қара малақай, үстінде ұзын қызыл қоңыр пальто, аяғында әдеттегідей керзі етік, шашын ұстарамен тықырлап алған, шикіл сары, көк көз, бойына шыр жұқпаған оның басынан тоқетер алып, біраз жұлмалағанымыз бар еді. Ол кезде шопан баласының мектептен гөрі далаға аңсары ауып тұратыны сөзсіз ғой. Содан Рахманбердім ертесіне интернатта да жоқ, сыныпта да жоқ болып шықты да, сол кеткеннен мол кетті. Сол бір ғана күн оқыған кластасым тоқсаныншы жылдары Сызған ауылындағы Ғ.Мұратбаев мектебіне директор болып барғанымда алдымнан шығып тұр. Тарих пәнінің білдей мұғалімі. Сол сыныптасыммен талай қызықтарды да бастан кешірдік - ау,» - деп рахаттана бір күлгені бар.

Мектепте білімге құштар Қуаныш өте жақсы оқыды. Мұғалімдерінің алғысына бөленіп, Кеңестік дәуірдегі маркстік-лениндік идеология негізінде октябрят, пионер, одан соң комсомол кезеңдерін басынан өткеріп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты.

«Біздің үйде 4 ұл, 2 қыз оқыды. Барлығы қайнағаның балдары еді. Мен ол кезде жаңа түскен келінмін. Тек сол бала шағаның ас ауқатын қамдаумен, кір қоңын жуумен айналысатын едім. Балалар керзі етіктерін босағаға жиып қойып түнімен сабақ оқушы еді. Тазалыққа да жаны құмар еді. Ақжігіт (жеңгесі Қуанышбайды солай атайтын) өзінен кейінгі інілері мен қарындастарына үнемі қамқор болып үйретіп отыратын. Үйретіп қана қоймай талап та ететін. Сол уақытта дайын мұғалім екен ғой!», - деп еске алады бұл күнде жасы 82 ге келген жеңгесі Сәрсенкүл апамыз. Қуанышбай ағай көпшілік ортада өзін орта мектепте оқытқан Сыздықов Пәрмен, Алсаев Кәріш, Абсалямов Қошан сынды ұстаздарын жиі еске алып отырушы еді.

Сол уақыттарда жоғары сыныптарда оқытылған Кеңестік құқық (Советское право), СССР тарихы, Қазақ ССР-і тарихы, КПСС тарихына құмарта өскен бозбала комсомолдың болашақта тарихи дүниені тану, елдің саяси істеріне белсене қатысу, ұстаздары секілді мәртебелі мамандық иесі тарих пәнінің мұғалімі болу арманы тұрды. Бұл ойын әкесі Алтыбай да құптаған болатын. Ұлының болашағына үмітпен қарайлап қалған әке үй мен шаруашылықтағы барлық ауыртпалықты өзі алып қалған еді. Осы арман жетелеп, мектеп бітіре салысымен 1964 жылы шырайлы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне құжат тапсырды. Іргетасы қаланған білім, қаншама жылдардағы дайындық нәтижесінде қабылдау емтиханынан сүрінбей өткен балаң жігіт студент атанды. Студент атанған Қуаныштың қуанышында шек жоқ, ал бұл хабарды естіген әке ұлының болашағына бата тілеп, сайын далада жусан иісімен көмкерілген саф ауаны риза кейіппен терең тыныстап, жұтқан еді.

Институт қабырғасында жүргенде ізденгіштігі, білімпаздығы, еңбекқорлығы арқасында жас студент тез ақ оқытушылардың көзіне түсті. Мұнда да жатақханада тұрып, студенттік өмірдің бар ащысы мен қызығығын қатар кешті. Сабақтан босаған сәттерде міндетті түрде қаладағы М.Горкий және А.С.Пушкин атындағы қоғамдық кітапханаларға барып керек кітаптары мен мәліметтерді сол жерде жазып, семинар сабақтарға дайындалушы еді. Жасынан спортты жаны қалап өскен жігіт институт қабырғасында жүріп-ақ спорттық секцияларға жанын сала қатысатын. Әсіресе бокс секциясының жетекшісі, ұлты татар Ринад Баширов сынды бапкерінің тәрбиелеуімен облыстық, қала аралық, жоғарғы оқу орындарының арасында өткен түрлі жарыстарда жүлделі орындар мен медальдар иеленгені бар.

Болашақ тарихшыға сол оқу орнының атақты ұстаздары мен ғалымдар дәріс берді. Қошқар Жүсіпов, Қапира Садуақасова, Сыпабек Наурызбаев, Мүсір Ауанасов сынды оқытушыларының білімдері мен үйреткендерін қағілез жігіт миына тоқып қана қоймай, лекцияларды қалмай жазып, ол білімдерді сол ұстаздарының бағыт-бағдарымен, архив материалдарымен кітапханадан алынған тарихи еңбектерді елеп, екшеп, қорытып шығатын еді. Студенттердің ғылыми практикалық конференцияларына қатысып, ғылымға бет бұрып бірнеше ғылыми мақалалар мен тарихи монографиялар да жазған болатын. Энциклопедиялық жинақтарға материалдар әзірлейтін. Студенттік өмірдің алғашқы уақыттарында 5 курс студенті Бәйдібек ауданының тумасы Сәбит Жолдасовпен (қазіргі кезде бұл кісі ғалым, профессор, тарих ғылымдарының докторы) танысып қалғаны бар. Сәбең институтты қызыл дипломмен бітіріп кеткенше тарихи, саяси тақырыптарда көбірек әңгімелесетін. Ол кісінің сыпайы, сырбаз мінезі, паң жүрісі, киім кию мәдениеті, білімі мен ізденгіштігі, тың идея ұсына алатындығы, зиялылық келбеті, жиналыстар мен мәжілістердегі сөйлеген сөздері студенттердің барлығына үлгі болатын. Студенттік өмірде Шолаққорғандық Нұрмаш, Жамбылдық Талап сынды жолдастарымен шынайы достықты басынан өткеріп, 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп шықты. Дипломды қолына алған алғыр да, білімді жігітке сол оқу орнында қалып жұмыс істеуге, ғылыми қызметкер болуға ұстаздары мен басшылық тарапынан да ұсыныстар түскен болатын. Алайда Қуаныш елге барып қызмет етіп, ата-анасы мен бауырларына қамқор болуды дұрыс деп шешті. Ауылға келген соң бір айға жуық Созақ совхозының маңдай алды шопаны болып жүрген әкесі Алтыбайдың шаруашылығына жәрдем берді. Жаз жайлау шопандар Бетпақта отыратын. Созақ пен Бетпақтың арасы 300-400 шақырымдай жер, елден хабар күтіп отырған, бір күні жігіт Қуанышбайға әскерге шақырту қағазы келді. Ол кезде жоғары оқу орнының студенттері міндетті әскери даярлықтан өтетін. Міне соның да септігі болар, Қуаныш Отан алдындағы борышын 1 жылға сол кездердегі КСРО-ның бір шетіндегі Қиыр шығыста өтеп, запастағы лейтенант шенімен оралды.

1970 жылы әскерден келген жоғарғы білімді жас маманды сол кездегі Созақ аудандық халыққа білім беру бөлімінің басшысы Ләнде Бөкенов сонау бір қиырдағы, Шу бойында жаңадан құрылып жатқан, Қақпансор елді мекеніндегі С.Ерубаев атындағы орталау мектебіне тарих пәнінің мұғалімі етіп жіберді. Ол кезде аудандағы елді мекендердің арасында халық арасында «кукурузник» деп аталып кеткен АН-2 ұшағы қатынайды. Демалыс уақыттарында Қуаныш осы ұшақпен ауылға қатынайтын. Іскерлігі мен білімінің ұштасып жатқанын ескеріп, сол кездегі білім бөлімі жас маманға үлкен сеніммен қарап, 2 айдан соң сол мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындайды. «Жаңадан құрылған мектептің жанынан ауыл тұрғындары мен мұғалімдер, оқушылар бола отырып спорт алаңын қолдан жасап едік,» - деп еске алды бір әңгімесінде Қуанышбай ағай. Елді мекеннің шалғайлығына қарамастан жас маман күні-түні еңбек етті. Мектепті жабдықтау, білім беру, сыныптан тыс жұмыстар, балалардың тәрбиесі, спорттық және мәдени шаралар шағын ауылда үнемі өткізіліп отыратын еді. Тіпті мектеп оқушыларының ауылдық және мектеп кітапханасынан көркем әдеби шығармаларды алып, оқуына дейін өзі бас болып қадағалайтын.

Мұғалімдік мамандықтың оңай емес екенін, жұмысының ауыр екенін түсінген Алтыбай ақсақал өзінің ата кәсібі шопандықты өткізіп, қысқа қарай бала-шағасын алып, сонау Қақпансорға қоныс аударады. Қақпансорда екі жылға жуық тұрақтайды. Әрине қолынан іс келетін жақсы кадр барлық жерге керек-ақ. Осыны түсінген аудан басшылығы басшылық қызметте біршама төселіп, тәжірибе жинақтап қалған маманды Жуантөбе ауылындағы С.Сейфуллин мектебіне мектеп директорының сыныптан тыс тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырады. Жуантөбе де бөтен жер емес еді. Ол жердегі тәрбие жұмыстарын ретке келтіріп, мұғалім Қуанышбай өз ісіне тер төге кіріседі. Әрине бұл жер Қақпансорға қарағанда орталық, бала да көп, мұғалім де көп. Олармен тіл табыса жұмыс жасау сол кездегі партия мен кеңестің бірінен соң бірі келетін нұсқауларын орындау, жоғарғы сынып оқушыларын еңбекке баулу, жылдағы күз айларындағы мақтаға бару, көктем айларындағы шопандарға комсомолдық көмек сынды жұмыстардың бел ортасында жүретін. Жаз айларындағы еңбек лагерлері, еңбек практикасынан өту. Мақтадан тек қана совхоз директорының өтініші негізінде шопанның балалары ғана босатылатын. 7 қазанда, 1 мамыр мен 9 мамырда ұйымдастырылатын шерулер, ондағы ұран сөздер, социализмге еңбек сіңірген тұлғалар мен КПСС хатшыларының портреттерін парадта ұстап шығу, Лениндік идеология, Дружина кеңестерінің талқыланулары, оның құжаттары т.с.с жұмыстар үздіксіз жүріп отыратын. Қазіргідей компьютер мен ғаламтор дамыған заман емес, барлық жұмыстар шығармашылықпен, қол еңбегімен атқарылатын, сол жұмыстарды атқара жүріп, сол кезеңдегі оқушылар мектепте алтын және күміс медальдармен бітіріп, жоғарғы нәтижелерге де жетіп жататыны рас. Ал қазір........

Әрине бұл жылдарда жас маман Қуаныштың істеген қуанышты істеріне ел сүйсінетін еді. «Бір басшы осы кісідей-ақ болса, жастар деп, мектеп деп, жар құлағы жастыққа тимей, өзі жас болса да талай жұмыстарды атқарды ғой» - деп айтып отырады қазір сол ауылдың тұрғындары. Ол кісі: «Мен ойлаған ісімнің 30 пайызы орындалса, онда сол күні менен бақытты адам болмайтын еді, түнде ұйықтар алдында қасыма дәптерім мен қаламсабымды алып жататын едім. Адам баласына түнде тәрбие мен өнеге, ізгілік пен адамгершілік, білім мен жауапкершілік туралы керемет ойлар келеді екен. Мен дәптеріме қараңғыда осы ойларым туралы шимайлай беретінмін. Ертеңіне көріп сол шимайдан тамаша туындылар құрастырушы едім» - деп отырушы еді.

Қуанышты істер мен қайғы да қатар жүрді бір басында. Ағасы Қонысбайдан ертерек айырылды, інісі Қажмұқан да бақилық болған еді. Ең ауыр тигені 1970 жылы анасы Ұлтуар кенеттен қан қысымынан 53 жасында қайтыс болды. Анасының өлімі мұны есеңгіретіп кетті. Анасы қайтқанда кенже інісі Нұрлан екі ақ жаста болатын.

Мектеп саласына төселген, іскер де білікті жас басшының бұл жұмыстарын бағалай отырып, аудан басшылары Қуанышбайды комсомол жастар істерін жүргізу үшін, өз ауылы Созаққа шақыртумен алдырып, 1972 жылы Созақ селолық советінің комсомол жастар істері жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындады. Бұрын тек бір ғана мектептің саласындағы жұмыстарды атқарған болса, енді бүкіл Созақ кеңшарына қарасты жастардың ісі міндеттелген. Комсомол бригадаларын құру, жұмыссыз жастарды тарту, мамандыққа баулу, олардың тәрбие істеріне жауапты жұмыстар үздіксіз жүргізіліп отыратын еді. Бұл жұмыстарды 1972-1985 жылдардың аралығында атқарып, Кеңестік идеологияның негізінде қызу қайнаған еңбектің бел ортасында жүрді. « Бір жылдары Одақтық комсомол комитетінің қызыл туын осы Созақ селолық комсомол комитетінің алғаны бар» - деп айтып отырушы еді. Бұл қызметтерде Абдраманов Балтабай, Асылбеков Атабек, Бөрғазиев Көштен сынды азаматтармен қызметте бірге жүрді. Балтекеңді өте жақсы көруші еді және ол кісіні өзіне ұстаз санайтын. Осы жылдар аралығында Созақ ауылында орналасқан бұрынғы СПТУ-дың партия комитетінің нұсқаушысы болып та жұмыстар атқарды. Өз ісінің шебері, сауаттылыққа аса мән беретін. Жиналыстардың хаттамаларын өте сауаттылықпен жазуды қадағалайтын. Қарарлар мен қаулылардың, бұйрықтардың жазылуына жауапкершілікпен қарайтын еді және бізден де соны талап ететін.

Осы комсомол комитетінің хатшысы бола жүріп Созақ селолық ауруханасының медбикесі осы аймақтағы ең сұлу қыз Анапияева Ізетпен отау құрды. 1974 жылы тұңғыштары Меруерт дүниеге келді. Артынша 1976 жылы екінші қыздары Гаухар, бір жылдан соң тұңғыш ұлдары Жасұлан өмірге келсе, 1982 жылы Мөлдір, беріректе кенжелері Жомарт туылды. Балаларын өте жақсы көрді. Алайда тым шектен тыс еркелетпеуші де еді. Тіпті кенжесі Жомарттың ұылықтарына да да сын көзбен қарайтын.

Мені шәкіртім деп, әрі тәрбие болсын дейтін болуы керек басынан өткен кейбір шақтарын жиі айтып отырушы еді. Жаз уақытында ағай мектепке келіп тұрады. Менің үйім мектептің түбінде. Есік алдында жүрген мені бірде ағай айғайлап шақырды. Менімен бірге 3-4 жасар балам да ілесе шықты. Менің ұлымның да есімін Әл-Фараби деп ағай қойған еді. Әдеттегідей мектептің бауында отырып әңгімелестік. Бір уақытта баламның жылаған дауысы шықты. Тұра ұмтылып барсам талға шығып өрмелеген ойын баласы қолының терісін аздап сырып алыпты. Бұған бәйек боп жатқан мені көріп аздан соң ағай «Перзент деген тәтті ма екен?» деп сұрақ қойды. Мен бастығымнан аздап ұялыңқырап «енді....»,- деп күмілжи бердім. Аяқ астынан не жауап таба қоясың? Сәлден соң ағай бұл сұраққа жауапты өзі айтты. «Шын мәнінде бала деген, перзент деген тәтті болады. Бірақ бір уақыттарда сол балаңның өзі балам деп өз баласын еміреніп тұрады екен. Бұл табиғаттың адамзатқа берген сабақтастық сыйы.

Бірде осы үлкен қызым Меруерттің жасқа толмаған кезі. Жұбайым Ізет жұмыста. Ауруханада кезекші медбике. Ол кездің заңы бойынша қазіргідей декреттік демалыс 1 немесе 3 жыл емес. Ары кеткенде 4 айда қайта жұмысқа шығуың керек. Жұмыстың аты жұмыс. Мен де мектепке ертемен жұмысқа баруым керек. Қызымды көрпешеге қалыңдап орап алып, орталыққа қарай тартып кеттім. Ойым жолдан анасына жақсылап еміздіріп алып, нағашыларының үйіне апарып тастау. Ізет жұмыстан шыққан соң алып келеді ғой.

Созақтың №3 ферма аталып кеткен бөлігінен орталық аурухананың арасында Өркөше аталып кеткен Көне Созақ қамал қаласының орны бар. Биік төбе. Сол төбенің арғы бетіне өтетін сүрлеу жол бар. Ол жермен жүргенде кілең әулиелердің арасымен жүресің. Мәмед Халпе, Құлақ ата, Ажы Сопы мазарлары, бір шеті Қарабура әулие. Қыс айы болатын. Сол күні қар тізеден жауыпты. Сүрлеу соқпақты жобалап көрпешеге оралған қызымды көтеріп алғанмын, оның заттары салынған сөмкем бар, папкамды қолтығыма қысқанмын, үстімде қалың тоным бар, терлеп-тепшіп келе жатқанмын. Бұрылып артыма қарағанымда сонадайда бір өзбек қария келе жатқан болатын. Төбенің орта тұсына келгенімде аяғым тайып кетті ме, әлде қар басып қалған сүрлеуден шығып кеттім бе, білмеймін. Әйтеуір оңбай құладым. Есімді жиып қарасам, 1-2 метр тереңдіктегі арық ішінде жатырмын. Жүрегім су ете қалып, қалтырап кеттім. Бар ойым қызыма не болды екен? Папкам бір жақта, сөмкем бір жақта. Құдайдың құдіреті болу керек кішкене қызыма ештеме де болмапты. Қызымды астыма емес шарт қимылмен үстіме ала құлаппын. Не болса да өзіме болсын дегенім болуы керек (күлді). Періште ғой. Омырауы ашылып кеткен тонымның үстінде қызым былдырлап бірдемелерді айтатын секілді. Іле-шала жеткен манағы қария дін аман екенімізді көріп «Айналайын, Қуанышбай, балам-ау! Сендерді қорғаған әуелі Алла, одан соң мына жан-жағыңдағы әулиелердің шапағаты ғой,» -деп жатыр. Орнымнан тұрып өзімді ретке келтіріп алып, қарияға рахметімді білдіріп, ары қарай жүріп кеттім. Кетіп бара жатып ойлаймын «Ойпырма-ай, мана қызымды, мына денеммен басып қалсам не болмақ еді?! Құдай шын сақтаған екен,» - деп. Қазір сол қызыма балам деп еміренсем, ол балам деп өз баласын еміренеді. Перзент деген шын мәнінде тәтті екен ғой» - деп ойын аяқтаған болатын.

Отбасылық өмір, балалардың тәрбиесі, қызмет барлығының үдесінен шыға жүріп, 1985 жылы Созақ ауылында орналасқан өзі білім алған, аудандағы жаңадан салынған 3 қабатты ең үлкен В.И.Ленин атындағы мектепке мектеп директорының орынбасары болып орналасты. Сол мектептің бітірушілерінің кез келгені бүгінгі күндері «Қуанышбай ағай келе жатқанда бүкіл мектеп сілтідей тынып қалатынбыз. Тек шыбынның ызыңы ғана естіліп тұратын. Ол кісінің дауысын естіген кез келген тентегіміз тез есін жиып алушы еді,»- деп отырады. Бұл жөнінде ағайдың өзі «Мен, біріншіден, өзім білім алған мектебімде қызмет істедім, екіншіден, менің бар ойым ауылдың жас ұрпағына адамгершілік пен азаматтыққа негізделген тәрбие мен білім беру болатын. Үшіншіден, мен өзімді оқытқан, білім берген ұстаздарыммен бірге қоян-қолтық жұмыс жасадым. Маған Абсалямов Қошан сынды ұстаздарымның «Айналайын Қуанышбай, сен 40 жылда келмеген мына мектептің тәртібін 4 айда қалпына келтірдің, рахмет саған!» деген пікірінен артық маған баға бола ма? Адамның ізгілікті еңбегі ешқашан бағалаусыз қалмақ емес. Педагогикалық ұжымның қолдауымен аудан басшылығы осы мектептің директоры етіп тағайындады.

Мен өзім Қуанышбай ағайды алғаш осы мектепте 1988 жылы 4 сынып оқып жүргенімде көрдім. Ол кезде Көктөбе елді мекенінде орналасқан «Суындық» бастауыш мектебін бітірген оқушылар Созақтағы В.И.Ленин атындағы мектепке, өзбек сыныптары Ә.Науайы мектебіне барып 10 сыныпқа дейін оқитын. Теңізбаев Келер, Масалиев Науан, Әбдіреев Ақылтай сынды көкелеріміз күніне 2 мезгіл (таңертең, түсте) ауылдың оқушыларын КАВЗ автобустарымен тасымалдайтын. Топырлап мініп, улап-шулап барып қайтатынбыз. Бір күні үлкен үзілісте линейка деп мектептің бүкіл оқушылары сапқа тұрды. Күн күздің қара суығы. Жиынды пионер вожатый жасап жатқан. Бір кезде мектептен Қуанышбай ағай шықты. Біршама сөздерден кейін «Көктөбеліктер, қане ортаға шығыңдар» - деп бізді ортаға шығарды. Баламыз, «не бүлдіріп қойдық?» - деп қорқып тұрмыз бәріміз. «Сендерге мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Күнделікті сабаққа келулеріңе, сабақ оқуларыңа енді тағы қандай мүмкіндіктер жасау керек?»- деген сынды сын-ескертпелермен қатар барлығымыздың құлағымыздан бір-бір бұрап шықты. Құлақ шыңылдап, бет қызарып кеткен біздің біраздарымызға қарасам мұрындарын қорс-қорс тартып жылап тұр. Кейін ағайдан таяқ жеуіміздің сыры белгілі болды. Сөйтсек біздің Көктөбеліктердің ішінен жоғары сынып оқитын бірлі-жарым балалар «сабаққа кеттік» деп, үйінен шығып, екі ауылдың ортасындағы Тастақсай деген сайда жатып-жатып қайтып келеді екен ғой. Қазіргі күні ойланамын, егер сол уақытта Қуанышбай ағай біздің құлағымызды бұрамаса, біз де үлкендерге еліктеп, Тастақсайдан қайтар ма едік?

1990 жылы Қуанышбай ағай қызмет бабымен Сызған аулындағы Ғ.Мұратбаев мектебіне директор болып ауысады. Ол жерде де түрлі игі шаралардың бастамашысы ретінде елдің есінде қалды. «Ғ.Мұратбаев мектебі ол кезде жаңадан салынған 3 қабатты мектеп. Мектептің безендірілуі, көгалдандыру, тіпті жылытудың өзі үлкен мәселе болатын. Одақ тарап жатқан кез. «Жаңа ұжымға үйренуім, дегенмен сырт жер»,» - деп алғашқыда жүрексіне барғанмын. Жоқ, жаңа ұжыммен жұмыс барысында тез тіл табысып кете алдым. Сызғанның халқы да бір сауыққой, бірлігі жарасқан ел болса, пед.ұжым өздерінің ұйымшылдығымен, әрбір іске деген жауапкершілігімен танылды. Мектепте ең бірінші қолға алған мәселем, тарихи-өлкетану мұражайы болды. Қаншама экспонаттар жинақтап, халық арасынан табылған көптеген заттарды қойдық. Үшінші қабаттың дәлізіне «Ер есімі ел есінде» деген атпен осы ауылдан майданға аттанған азаматтардың тізімін жасаттырдым. Мәңгі алау оттың кішірейтілген макет үлгісін жасадық. Сол қабатта таудың топырағын алып келіп, тастан қалап ырғай, киікоты, үшқат, көкемарал, жусан, арпабоз сынды шөптер мен бұталарды өсірдік. Сызғанда Қойбағар тау шатқалында таңбалы тастар (петроглифтер) бар болатын. Осы жерге демалыс уақыттарында оқушылармен арнайы туристік экспедициялар, жорықтар ұйымдастырдық. Тіпті, олар қона жатып, Қаратау жотасының ең биік нүктесі Мыңжылқының шыңының басына дейін барып, бір кездері сол шыңға соқтығып, құлаған ұшақтың қалдықтарын да алып қайтқан кездері болған. Аулаға терек ектік. Сол теректерді суаруға сонау таудан барып, су жығып келуші едік. Тіпті, қыстың күндері мектептің жылыту қазандығында, құбырларға су қатып қалмасын деп, таңға дейін мектептің жылыту орнында от жағып шыққан кездерім де болған» - деп еске алады.

Ағайдың сол еккен теректері бүгінде мәуелі шынар ағаштарға айналып, білім ордасына көрік беріп тұр. Сол уақытта ұйымдастырылған мұражай әлі бар. Үшінші қабатта жасалынған шаралар да сақтаулы шығар. Ол ұжымда Қуанышбай ағай баяғы сыныптасы Рахманберді Жаппарқұлов, Салықбаев Мергенбай, Сарыбай Байыс, Дүрмен Қуандық, Жабағиев Әбілқас сынды әріптестерімен жұмыс жасаса, жас мамандардан Момбекова Салтанатты жиі айтып отырушы еді. Осы жылдары Республикалық семинар өткізіп, таудан ағатын өзенге көпір орнатып, сол семинарда осы Салтанат Қыз Жібектің рөлін сомдағаны бар. «Мен сол мектепке апарып тәжірибе алмастырамын. Ұжымымен танысасыңдар, істеген еңбектерін көресіңдер» - деп отырушы еді. Мемлекет осындай іскер басшының қызметін ескеріп «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Қаншама мадақтамалар мен марапаттарды иеленді.

1993 жылы әкесі Алтыбай 76 жасында дүние салды. Ағай әкесін қатты құрметтеуші, үлгі тұтатын. «Адамның өмірде ұстаздары көп болуы мүмкін. Тіпті кейбір мәселелерде өзіңнің балаңмен жасты адамдарды да үлгі тұтуың мүмкін. Алайда кез келген адамның алғашқы ұстазы әке мен ана екені даусыз» деп отыратын. Бірде әкесі туралы ол кісі «Менің әкем Алтыбай кейінірек нағыз қамшыгер болды. Тек қана қамшы өру емес, қолөнердің бірнеше түрімен айналысатын еді» - деп отыратын. Ел арасында Алтыбай өрім аталып кеткен өрім қамшылар кейінге дейін болды. Сегіз өрім, он екі өрім, он алты өрімдік қамшылар болатын. Таспаны өзі тіліп, өретін болған. Тіпті «Алтыбайдың қамшысымен тартып кеп қалғанда қатқан тулаққа дейін тілініп түсетін,» - дейтін көз көргендер. Бірде ауданнан Қуанышбай ағай қатты ашуланып келді. Біз кілең жастар көңілінен шыға алмаған болуымыз керек. «Ей айналайындар, менің әкем Алтыбай Көктөбеңді тауға көшіп, қой айдап бара жатқанында сыртынан көрмесе өмірі көрмеген де, келмеген де. Сендер туа бітті осы ауылдың жергілікті кадрларысыңдар ғой! Су ағады, тас қалады деген. Өз ауылдарыңа, өз туыстарыңа, қала берді өз балаларыңа тәрбие мен білім беріп жатқан жоқпысыңдар! Одан артық сендерге қандай бақ, қандай бақыт керек!» - деп ұрсатын.

Қызмет бабы солай болған болуы керек, 1994 жылы Қуанышбай ағай Көктөбе елді мекеніндегі «Суындық» жалпы орта мектебіне директор болып ауысты. Мен ол кезде 11 - сынып оқушысымын. Бұл мектепте ол кезде кілең жастар. Құрылғанына санаулы-ақ жылдар болған, кеңшарда шаруашылықтың есебінен қам кірпіштен тұрғызылған мектептің аяғынан тұруына, ұжымның моральдық ахуалының педагогикалық тұрғыда қалыптасуына аянбай еңбек сіңірді. Мектептің ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарын мұғалімдер, ата-аналар және оқушылардың көмегімен атқаратын. Әрбір дәрісханада бір темір пештен. Сол уақыттарда көмір де Таскөмірсайдың көмірі. Сабақ өтіп жатсаң тарсылдап атылып темір пештің қабырғасына тиіп жататын. Жануы мен жылуы өз алдына мұң.

«Тамызық отын мәселесі аудан тарапынан шешілмейтін болды. Енді не істеу керек? Қыс болса келіп қалды. Мұғалімдердің алты айлап айлық алмаған кезі. Дереу ортадан бірдеңе етіп ұйымдастырып тәрбие жөніндегі орынбасарым Атаханов Ақәділді Түркістанға жібердім. Ақәділ ол жақтан азық-түлік, түрлі сыйлықтар алып келді. Оқушылардың мәдени шараларға дайындап ауылдағы механизаторлардың барлығын мектепке кездесуге шақырдық. Олар келген соң мамандық таңдау, кәсіби білім туралы келелі әңгімелер айтылып, балаларға тамаша тәрбиелік іс-шара өткізілді. Тіпті келген тракторшылардың ішінде ән айтып, өлең оқып бергендері де болды. Сый сыйапаттарын жасап керемет көңілмен шығарып салдық. Біз ол еңбек азаматтарына «мектепке балалар жаурап қалмас үшін отын керек» - деген бұйымтайымызды айттық. Олар бірден келісті. Сөйтіп мектепке қажетті сексеуіл, баялыш сынды тамызық отынды солардың күшімен түсіріп алдық» - деп отырушы еді ағай. Шындығында ауыл халқы жылына 2 рет күз, көктем айларында тамызық отынға барушы едік. Мектепке алғаш келген жылдары оннан аса ер мұғалімдер, жұмысшы қызметкерлер бар, отынға күнде баратынбыз. Трактордың екі тіркемесінің біреуіндегі сексеуіл немесе баялыш мектепке түссе, бірі сол отынға барған мұғалімнің үйіне түсетін. Жасымыз бен жолымызға қарай сол тракторшыға кезекке тұрып үйдің қамын да, қысқы жылуын да жасап алатынбыз. Ал сабақты Қуанышбай ағайдың өзі бас болып апайлар өтетін. Тіпті кейбір апайларымыздың дене шынықтырудан да сабақ бергендері бар. Оған апайлар ешқандай да ренжімейтін. Замен сұрамайтын. Бағдарламадан қалмауды тікелей ағайдың өзі қадағалайтын. Барлығын азаматтықпен, адамгершілікпен атқаратын. Ал отын науқаны біткен соң апайларға барлығымыз дастархан жайып, әдеби-сазды бағдарлама құрып беретінбіз. Барлығы көңілді болатын.

Қазіргі уақытта мен ойлаймын «Ағай сол уақыттарда тек мектептің жайын ғана емес біздің жанұямыздың, отбасымыздың да жайын қатар ойлайды екен ғой» -деп. «Мен сендердің не ойлайтындарыңды, не ішіп, не жейтіндеріңді, тіпті қандай түс көретіндіктеріңді де білемін. Жақсы ой, адамгершілікке негізделген жақсы пікірде жүрсең жақсы ұйықтайсың, жақсы ұйықтасаң жақсы түс көресің. Жақсы ұйықтап жақсы түс көріп келген адам жұмысын да белсенділікпен шаттанып жүріп істейді, барлығына уақыт таба біледі, үйінің де жұмысын істеп үлгереді, үйінің жұмысын істеген адам мектептің де жұмысын солай істейді. Е үйдің жұмысы бітпей, е мектебіңдегі жұмысың шала, ұйқың шала ондай адамда, ондай отбасында береке бола ма? Онда жақсы нәтижелі жұмыс бола ма? Нәтижелі, сапалы жұмыс істей алмаған адамнан жақсы маман шықпайды» - деп отыратын. Шын мәнінде барлығы тәрбие, барлығы өнеге екен ғой.

«Суындық» мектебі – жаңадан қалыптасқан жас шаңырақ. Педагогикалық кадрлардың дені жастар. Ең бірінші кезекте осы жастарды тәрбиелеу, мұғалім мамандығының мәртебесін жоғалтпау, мектептің әлеуеті мен беделін қалыптастыру ысылған, біршама жерлерде басшылық қызметтер атқарған директор Қуанышбайдың ең бірінші мақсаты еді. Өзінен бұрын бұл мектепті қалыптастыруда Байораз Қоңырбаев, Кеңесбек Мұсабеков, Әбдіхалық Әсенов, Ниязәлі Дүйсенбеков, Сәрсенбек Теңізбаев,Әлтаев Дайырхан, Талапбек Жұмағұлбаев, Гүласия Жолдасбекова, Бәтима Әлімбекова, Шерәлі Ақәділов, Гүлсара Бақбергенова сынды белгілі ұстаздардың қолтаңбалары бар. Дегенмен болашақ мектептің тірегі – жастар. Жасқа берген тәрбие тал шыбықты игендей емес пе? Еткен еңбек пен теккен төр зая кетпеді. Педагогикада әрбір істің нәтижесі бірден көріне қоймайтыны бар. Оған ыждахаттылық пен сабыр керек. Бір сөзінде ағай «педагогика – ол бір орнында тұрмайтын, үнемі үздіксіз ізденуді талап ететін ғылым. Медицина адамзаттың тікелей денсаулығына жауапты болса, педагогика ол сол адамзаттың тәрбиесіне тікелей жауапты. Бұл дегеніміз әрбір мұғалімге бүгінгі жеткен жетістігі ертең азық бола алмайды деген сөз. Себебі заман ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамуда. Ал адам сол заманның, табиғаттың жемісі, бөлшегі. Бүгін бала 10-ға келсе, ертең 10-нан 1 күн, бүрсігүні 2 күн асады емес пе? Ендеше сенің 10 жасқа толған балаға айтқан ақпаратың ертең ескіріп қалады. Біздің мамандығымыздың қиындығы мен қызығы да осында. Мамандығына мақтанышпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы ұстаз ешуақытта шықпайды. Біздің мамандық дүниежүзіндегі ауыр да күрделі мамандықтар қатарына жататыны да сондықтан. Ұқтың ба?» дейтін. Біз шын мәнінде құтылуға асығып, басымызды изеп шығып кететінбіз де кабинетінен шыға салысымен «уууһһһ» дейтінбіз. Ол кісінің айтқандары санамызға енді сіңіп жатқандай. Не деген пәлсапалық тұжырым? Не деген философия?

Осындай тәрбиеге негізделген еңбектің арқасында бұл мектепте биік белестерді бағындырған ұстаздар қалыптасты. 1999 жылы бастауыш сынып мұғалімі Әшімова Мейіркүл аудандық «Жыл мұғалімі - 99» байқауынан бас жүлде алды. Дәл осы жылы мен мектепке жоғарғы оқу орнын бітіріп, ұстазым Қуанышбай ағай секілді тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылдандым. Он жылдан соң қайталанып 2009 жылы осы бас жүлдені мен алған едім. Қаншама мұғалімдер биік белестерді бағындырды. Қаншама кадрлар осы мектептен түлеп ұшып, сан салада қызметтер істеп жатыр. Міне соның барлығы ағайдың тәрбиесінде, баптауында, тәжірибесінде жатыр деп ойлаймын.

Ол кісі әрбір кішкентай мәселеге үлкен мән беріп қарайтын. Педагогикалық және директор жанындағы кеңестерге, түрлі мәжілістерге жас маман - біздер түгілі тәжірибелі апай, ағайлардың өздері баяндама, хабарлама, анықтамаларын жазбастан 1 апта бұрын алдына кіріп шығатын. Не жазу керек? Қандай мәселелерді қамту керек? Осы мәселе бойынша жүздеген сұрақтардан тұратын естелік айтатын. Қайтіп бастау, қалай бастау керектігіне бағыт-бағдар беретін, біз лекция жазып үйреніп келген жас маман ағайдың айтқан сөздерінің ештемесін қалдырмай жазып алатынбыз да сол сәттен бастап ойланатынбыз. Бірер күн ойланған соң қазіргідей интернет дамыған заман емес, кітапханаға барып педагогикалық басылымдардан материалдар іздейтінбіз. Тауып жазып, күзеп алдына апарамыз. Кейбір тұстарына белгі салып ол кісі қайта өңдеуге жіберетін. Әбден пісіретін. Бертін келе кейбір жиындардың материалдарын хатшыға жиып алдыратын. Біз шығармашылықпен емес, асығыстау жаза салсақ ертеңіне-ақ біліп қоятын да бас терімізді қаптайтын. Оқымайтын шығар десек шын мәнінде уақыт тауып оқиды екен ғой сонда. Ағай біздің әрбірімізді осылай тәрбиеледі .

Ол кісі өзі де кейде отыра қалып мақала жазатын. Зейнеткерлікке шыққан соң өмірінің соңғы жылдары жазуға шындап кірісе бастаған сыңайлы. Бірде амандығын білмекші болып үйіне барып қалғанымда бақшасына жапсарластырып, астын таудың тасымен өргізіп, кесегін жарым жартылай қалап бірнеше бөлмеден тұратын құрылыс жұмыстарын бастатыпты. Сонда айтқаны «Нұрмахан, шәкіртім-ау, көрдің бе, мынау терезесі күнге қараған үлкендеу бөлме менің жазу бөлмем болады. Жан- жағында жастайымнан жиған кітаптарым тұрады, өзім де кітап жазуға отырамын. Келесі жылы бұл құрылысты аяқтаймын. Бұл менің қаншама жылдардағы арманым ғой» - деген еді. Адамда арман таусылмайды екен. Ағай пәлсапалық ойлар жазатын. Әл-Фараби, Абай, Макаренко, Ушинский шығармаларынан үзінділер келтіретін. Алаш арыстарын қатты қадірлейтін. Сәкенді, Әлихан мен Мағжанның тағдырларын жиі айтып отыратын еді. Газеттерге педагогикалық тақырыпта бір жақсы мақала шығып қалса ұжымға оқып беретін және сол мақаланы талдайтынбыз. «Мінезін түзеп болмайды дейтін кісінің тілін кесер едім» деп мен емес, қазақтың данасы Абай айтқан» -деуші еді. 1999 жылы аудандық «Молшылық үшін» газетіне өзі басқарып отырған мектептің және осы жас ұжымның жетістіктері туралы «Ізгілік ізімен» деген танымдық мақаласы шықты. 2001 жылы облыстық «Ұлағат» газетіне ақын Қазыбек Мыңжанның «Ұстаздық қырандыққа тән қасиет», «Болашақ» газетіне «Таңдаулы мектептің қарымды қадамдары» тақырыбында мақалалар жарық көрсе, 2003 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Мектеп және отбасы, өзара ықпалдастық проблемалары, оны шешудің жолдары» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғап, жұмыс мәтіні конференцияның жинағына енді. 2009 жылы Республикалық «Мектеп директоры» кітабына өмірдерегі енгізілді.

Ол заманның өркениетке бастауы мектеп екенін, ал сол мектепте жас ұрпақ бойына білім негізінің іргетасының негізін қалаушы ұстаздардың педагогикалық шығармашылық үдерістерін басқарудың жаңа моделдері мен үлгілерін практикада тиімді қолдана білді. Танымдық кештер мен кездесулердің жиі өтуіне ықпал жасайтын. Бірде іссапармен студенттік өмірдегі үлгі тұтқан ағасы, атақты тарихшы Сәбең, Сәбит Жолдасов ауданымызға келе қалмасы бар ма? Ол кісінің Шу бойына өткенін естіп дереу қайтар жолын тостық. Күн кешқұрым болып қалса да жоғары сынып оқушыларын шақыртып сазды бағдарламаға тез арада кірісіп кеттік. Ол мектебімізде мәжіліс залы жоқ, тарих дәрісханасына орындықтар мен үстелдерімізді кіргізіп, әп-сәтте кездесу орны дайын бола қалды. Жолдан Сәбеңді қолқалап мектебімізге оқушылармен кездесуге алып келдік. Кездесу 4 сағатқа жуық болды. Кездесуді ағайдың өзі жүргізіп отырды. Сәбең де бір көсіліп әңгімені, қазақтың арғы-бергі тарихын, оңтүстіктің жазылмай жатқан жәдігерлері туралы, өзінің Қытайға барып қаншама уақыт жүріп, қайтарда 17кг тарихи құжаттары алып шыққаны жөнінде әңгімеледі. Біздің балалар сұрақты жаудырды. Сонда Сәбеңнің «Апырмай-ай, Қуанышбай-ау, мына оқушыларың дайын студенттер ғой» деп айтқаны бар-тын.

Мұндай кездесулер біздің мектепте ағайдың бастамасымен жиі болып тұратын. Ақын Назбек Байтуаров, Әділбек Нысанбаев, Бөрғазының Өскені, Сағынтай Бәйділдаев, Ескермес Жақсымбетов, Мақсат Қарғабай, Қазыбек Мыңжан, Абайтанушы, филология ғылымының кандидаты Жабал Шойынбет, өлкетанушы Сүлеймен Тәбріз, терапевт дәрігер Әбдіразақ Сүлейменов, мұнайшы Бименде Бейсенбек, мәслихат депутаты Қойлыбай Ыбыраев, фармацевт Мұрат Жақсыбергенов, әкім Рысбай Әбдіраманов, іс жүргізуші Байзақ Әметов тағы басқа да мамандық иелері, зиялы қауым өкілдері, еңбек және соғыс ардагерлерімен кездесіп, сұхбаттасып қана қоймай, олардың істеген игі істерін балараға үлгі ететін. Мұның мәнісін сұрағанымда «Есіңде болсын, тарихты тұлғалар жасайды. Біздің балалар орталықтың балалары секілді театрға барып жатқан жоқ. Бізде ондай мүмкіндіктер жоқ. Ал жоқ екен деп қол қусырып қарап отыра бермекпіз бе? Балалар интелегенция өкілдерін көріп өссін, мамандығын таңдасын, адам жанының жанашыры болсын. Болашақ тарихшы, ақын, интелегент, дәрігер мен мұнайшы – осылар. Кім кепіл, біздің балаларымыздан тіпті президент шықпауына? Бүгінгі осындай тұлғаның барлығы да кешегі бала. Барлығы да осындай ауылдан шыққан» - деген еді.

Қуанышбай ағайдың 1999 жылдан бастап оқушылар арасында басқару ұйымы Президенттік жүйені құрып бұл жүйе қазіргі таңға дейін нәтижелі жұмыс істеп келеді. Осындай игі істердің нәтижесі мен ұжымның ынтымағының арқасы болуы керек мектеп облыстық «Таңдаулы мектеп - 2001» байқауында ІІІ орынды жеңіп алса, 2003 жылдың білім рейтингісінің қорытындысы бойынша бұл кісі басқарып отырған «Суындық» мектебі республикалық 100 мектептің қатарына енді. 2004 жылы жоғарыда атап өткеніміздей, мектебімізде «Мектептегі Президенттік басқару жүйесінің тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы маңызы» тақырыбындағы аудандық семинар өте жоғары бағаланып, мектебіміз оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі бойынша ауданымыздағы тірек мектебіне айналды. Семинарға келіп қатысқан мұғалімдерді қайта даярлау институтының аға оқытушысы Марина Жаңабаева, Бәйдібек ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ергешалы Әбдіразақов, білім бөлімі басшысы Сағынтай Бәйділдаевтар, әдістемелік кабинет меңгерушісі Шерімбет Айнұрлар өте жоғары бағаларын берген болатын.

Республикадағы білім саласы, мектептердің жайымен танысу үшін Ақтөбе облысынан келген социология ғылымдарының докторы Тыныштық Қалдыбаеваның «шалғайдағы шағын кешенді мектептегі атқарылып жатқан мұндай істерге мұрындық болып отырған сізге де, сіздің педагогикалық ұжымыңызға да басымды иемін» - деп жазып қалдырған пікірі менің ұстазымның ұлағатты бейнесін айқындай түскендей.

2000 жылы бірде ағай мені кабинетіне шақырып алды да «Біздің мектеп оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы Президенттік жүйеге көшкенін білесің. Мұндағы мақсат осы өскелең жас ұрпақ мемлекетіміздің демократиялық дамуы мен мемлекеттік әкімшілік құрылымын біліп өссін. Өз елінің патриоты болып халқына аянбай, адал қызмет етсін деген сөз. Президенттік жүйе оқушылардан сайланған президенттен бастап аппарат басшысы, 12 сала бойынша министрлерден құралады. Кім кепіл, осы балалардан болашақта министр, президент шықпасына?! Сен өзі оқушы күніңде өлең жаздың, біршама өлеңдерің газет беттерінен жарық та көрді. Саған тапсырма - бір апта уақыт ішінде мектебіміздің Әнұранын жазасың. Сөзі Абай айтпақшы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюі керек. Әні Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әуені болсын». Жазған құлда жазық жоқ басымды изеп бөлмесінен шықтым. Мен әдебиетші емес, тарихшымын ғой. Басым қауғадай болып біразға дейін ойланып жүріп бір апта дегенде «Суындық» мектебінің әнұранының мәтіні жарық көрді. Суретші Атаханов Ақәділ ағай мектептің эмблемасын жасап шықты. Біршама толықтырулардан кейін бұл екі шығарма оқушылар мен ұжымға таныстырылып, аптаның дүйсенбі күні мемлекеттік Әнұран айтылса қалған күндердің барлығында таңертеңгі жиында мектеп Әнұраны айтылатын болды.


«Суындық» жалпы орта мектебінің Әнұраны

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Сөзін жазған: Нұрмахан Сейтмаханұлы

  1. Тәуелсіз көктемім

Жарқырап көкте күн

Тарихтан сыр шертер

Шежіре өткенің

Біліммен, өнермен

Мұратқа жеткенің

Айналдым атыңнан

Суындық мектебім

Қайырмасы

Суындығым, мақтанышым

Болашағы жастар үшін

Таусылмайтын дастан үшін халқым

Жастар үшін халқым, мектебім менің


  1. Өмірдің жол басы,

Болашақ жолдасы

Ұстаздар тірегі

Білімнің ордасы

Қазақтың ары үшін

Ұландар намысым

Дәстүрді сыйла

Келешек қамы үшін


  1. Айбынды үніңмен

Айдынды жырыңмен

Ұл-қызы қазақтың

Кенде емес білімнен

Асқарлы аулымның

Сен болар жүрегі

Мектебім мызғымас

Бірлікте тірегі
Таңертеңгі жиынды мектеп оқушыларының президенті жүргізетін. Қазақ ақындарының шығармаларынан көркем сөздер оқылатын. Кейін түсінгеніміздей, бұл балалардың тілдік қорының қалыптасуына, есте сақтау қабілетінің артуына, әдеби кештерге тартылып, қоғамдық жұмыстарға араласуына, өзін дамытуына үлкен көмек екен. Президенттік жүйенің әрбір аптада отырыстары мен жиындары болып тұратын. Әрбір министрге бір-бірден мұғалімдер жетекшілік жасайтын.

2007 жылы Созақ ауданы білім саласы рейтингісі бойынша облыста бірінші орын алып «Шолаққорған» мектебінде облыстық семинар ұйымдастырылды. Семинарға аудан әкімдері, аудандық білім бөлімінің басшылары, тіпті облыс әкімі Б.Жылқышиевтің өзі келіп қатысты. Семинарда түске дейін секциялар бойынша жұмыстар жасалынды. Сонда біздің мектеп оқушылардың өзін-өзі басқаруы жөнінде жұмыстарын қорғап, келген қонақтардың оң ықыласы мен жақсы пікіріне ие болғаны бар.

Қуанышбай ағайдың мектепте тағы бір дамытқан, кезек күттірмей қолға алып сүбелі үлес қосқан жүйесінің бірі оқушылардың ғылыми қоғамының жұмыстары болатын. Білім саласында 2000 жылдары мектеп оқушыларының ғылыми жоба жұмыстары пәндік олимпиадалармен теңестіріліп қолға алына бастады. Алғашқыда облыста өтетін бұл шығармашылық байқауға аудандағы тек типтік үлгідегі оқушылары көп мектептер ғана тартылатын. Бұл мәселе бойынша Қуанышбай ағай ауданда өткен бір жиыннан соң аудандық білім бөлімінің бас маманы Ақтолқын Усмановаға мәселені төтесінен бір-ақ қояды. «Ақа, неге біздің оқушылар ғылыми жобалар жарысына қатыспауы керек. Үлкен мектептер таңдағанын апарса, біз тапқанымызды апарамыз ғой жарысқа. Бағы мен бабын келістіріп, үлкен дайындықпен, үкілеп үмітпен қоссақ біздің де балаларымыз жақсы нәтиже көрсетеді емес пе?» - деген пікірін жеткізеді.

Ауданнан келген соң ағай барлық мұғалімдерді жиып жиналыс өткізді. Жиналыстың нәтижесінде мектепішілік оқушылардың ғылыми қоғамы құрылды. Мектептегі барлық мұғалімдерге бір-екі оқушыдан алып ғылыми жоба жұмыстарына жетекшілік жасауға міндеттелінді. Мені бұл мәселенің бүге-шігесіне дейін біліп, іс құжаттарын көріп келуге Смайлов Қайыркен ағайға жіберді. Нәтижесінде сол оқу жылының ақпан айында мектепішілік «Ғылыми жұмыс – шығармашылықтың ең биік шыңы» тақырыбында ғылыми – теориялық конференция өткізіліп, үздік деп танылған жұмыстар аудандық жас ғалымдардың ғылыми жобалар байқауына ұсынылды. Бұл үдеріс қазіргі кезге дейін жалғасын тауып келеді. 2001 жылдан бері мектебіміз бұл сала бойынша аудан, облыс дәрежесінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Әрбір оқу жылының соңындағы салтанатты жиында өзінің зерттеушілігімен, нәтижелігімен танылған жоба жұмыстарының авторларына мектепішілік тағайындалған жүлделер беріледі. Бұл сала тұрғысынан ағай «мен жоғары санатты тарихшы ретінде айтарым: екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония мемлекет болу дәрежесінен айырылу халінде болды. Небәрі 30-40 жылда бұл мемлекетті дамытып дүниежүзінің алдыңғы қатарына шығарған екі ғана нәрсе. Біріншісі білім саласына жүргізілген сәтті реформалар, екіншісі ғылымды игеру, дамыту» - дейтін.

Осындай игі істердің орындалуына, қалыптасуы мен дамуына басшылық жасап ықпал ете жүріп ағайымыз асқаралы алпыстан да асып қалыпты. Қыздары тұрмысқа шығып балалы-шағалы болды. Күйеу балдар папалап, немерелер аталап келіп тұрады. Ұлы Жасұлан да үйленіп әке жолын қуып тарихшы болды. Шымқалада тұрады. Жұбайы Айман да мұғалім. Демалыстарда атасының ауылына қыдырып келіп әжесі Ізеттің сақтағандарын жеп, атасының алдында асыр салып қайтады. Енді кенжесі Жомарт қана қалды.

2010 жылы Қуанышбай ағай зейнеткерлікке шықты. Жылға жуық тарих пәнінің мұғалімі болды. Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап жатпады, Созақ ауыл әкімшілігі бойынша ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі әлеуметтік сала комиссиясының төрағасы, «Суындық» жалпы орта мектебінің «Ата-аналар комитетінің төрағасы» қызметтерін қоғамдық негізде атқарды. Жастардан ақыл-кеңесін әсте аяған емес. Ауылдың бірлігіне, елдің ынтымағына қызмет жасады. Мектептің жайын, ғимаратының ескі екенін айтып, жар құлағы жастыққа тимей аудан басшылығына қаншама рет барған болатын. Сөйтіп жаңа мектептің ашылуына ұйытқы болды. Тіпті мектеп түсетін жерді өлшеуге мамандар алғашқыда жаңа ғимаратты ескі мектептің территориясынан түсірмекші болған. Алайда ағайдың өзі бас болып болашақ түсетін мектептің орнын ауылдың солтүстік бөлігіне кең жерге шығарды. Қазір сол мектебіміздің екі қабатты жаңа ғимаратының алды шығысқа қаратып салынған. Екінші оқу жылын бітіріп түлектерді ұшырғалы жатыр. Осы мектепте Алтыбаев Қуанышбай атындағы тарих дәрісханасы бар. «Орнында бар оңалар» - бұл кабинетті оқу процесіне лайықтап толық жабдықтап берген. Оқу жылы соңында Алтыбаев Қуанышбай атындағы жүлде ғылыми жоба жарыстарында ең үздік деп танылған ғылыми жобаның авторына беріледі.

Өмірінің соңғы кезеңдерінде ағай ауданда болатын тамыз мәслихатына, кәсіби мерекелерге шақырумен барып тұратын, пікір білдіретін, ақылын айтатын. Мектепте дәстүрге айналған апталықтар мен мәдени іс-шаралар, сазды бағдарламалар, алқалы басқосулар мен жиындар ағайдың қатысуынсыз өткізілмейтін. Сондай жиындардың бірінде ата-аналарға қарап «Мені пенсияға шықты, жасы алпыстан асты деп отырған боларсыздар. Менің жасым жүзге, тіпті мыңға келді. Мен Лұқпан Хакім айтпақшы осындай тәрбие мен өнегеге, дәстүрге негізделген әрбір отырысты, әрбір басқосуды бір жас деп есептедім. Сонда мен шын мәнінде мыңға келмедім бе?» - деп әзілдегені бар. Мүмкін мыңға келгенше сан мыңдаған адамды тәрбиелей берер ме еді? Кенжесі Жомартты аяқтандырсам деп отырғанда кенеттен ...... Ажал айла таптыра ма? Егер ағайымыз тірі жүргенде биыл 70 жасқа толар еді.

Қазақта «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген мағыналы сөз бар. Менің ұстазым өлген жоқ. Оның тұлғалық қасиеті мен ерекшелігі адамдардың санасынан ешуақытта кетпейді. Мен осындай ұстазымның бар екенін балама айтып отырамын, балам ертең менің әкемнің осындай ұстазы болған деп ол баласына айтары хақ. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі емес пе?






: wp-content -> uploads -> 2017
2017 -> Экзаменационные вопросы по детской хирургии 6 курс медико-профилактический факультет
2017 -> Вопросы к 2 аттестации для интернов и клинических ординаторов 1 го года обучения
2017 -> Методические разработки для студентов
2017 -> 6 инфекционные и аллергические заболевания нервной системы 001. Острый некротический энцефалит вызывают вирусы
2017 -> Механизм заражения контактный. Пути передачи алиментарный, контактный, аэрогенный
2017 -> Хронический гастрит




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет