«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» халықаралық ғылыми-талдау журналы туралы ереже жалпы ережелер Осы Ереже «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы»



жүктеу 237.03 Kb.
Дата22.02.2018
өлшемі237.03 Kb.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының

2016жылғы 29 наурыз

№ 136 бұйрығына

1-қосымша



«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет»

халықаралық ғылыми-талдау журналы туралы

ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер


    1. Осы Ереже «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451-І Заңына, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы № 6-1 Заңына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 320 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК Жарғысына сәйкес әзірленді.

    2. «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» халықаралық ғылыми-талдау журналы (бұдан әрі – Журнал) «Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК-нің (бұдан әрі – Академия) мерзімді баспа басылымы болып табылады, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінде тіркелген (мерзімді баспа басылымын және (немесе) ақпараттық агенттіктерді есепке қою туралы 2012 жылғы 10 шілдедегі № 12865-Ж куәлігі), есепке алғаш қойылған күні – 2012 жылғы 25 сәуір (№ 2848-Ж). Журналдың баспа нұсқасының индексі – ISSN 1994-2370, «Қазпошта» АҚ каталогына жазылу индексі – 74207.

    3. Журнал Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (бұдан әрі – ҚР БҒМ БҒСБК) төрағасының 2013 жылғы 5 шілдедегі № 1033 бұйрығына сәйкес саяси ғылымдар жөніндегі диссертациялардың негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын Ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді. Мәртебені өзгерту ҚР БҒМ БҒСБК шығаратын бұйрықтар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

    4. Журналдың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен басқа да елдердің мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы оң тәжірибелерін жариялау, мемлекеттік қызметшілерді даярлау сапасын арттыруға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысын дамыту және Академия қызметінің бағыттары бойынша ақпараттар алмасуға жәрдемдесу болып табылады.

    5. Журнал қазақстандық ғылыми-ақпараттық жүйесінің бір бөлігі ретінде мынадай міндеттерді шешуге қатысады:

  • мемлекеттік басқару органдары мен мекемелерінің қызметін ғылыми қамтамасыз етуге жәрдемдесуге;

  • Қазақстан Республикасының басқа да білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелерімен, ғылыми бағыттағы мемлекеттік органдармен және ведомстволармен Академияның өзара іс-қимылын күшейтуге;

  • ғылыми-зерттеу қызметтерінің нәтижелерін жарыққа шығаруға және таратуға;

  • ғылыми зерттеу сапасын арттыруға ықпал ететін ашық ғылыми пікірталасты қалыптастыруға;

  • жас ғалымдардың, докторанттардың, магистранттардың ғылыми зерттеу нәтижелерін шұғыл жариялауға ықпал етуге.

    1. Журналдың шығу мерзімділігі – тоқсан сайын бір рет (жылына төрт рет).


2. Редакциялық алқа және редакциялық кеңес


  1. Редакциялық алқа Журналдың тұрақты жұмыс істейтін басқарушы органы болып табылады.

Редакциялық кеңес Журналдың даму бағыттарына жалпы бақылауды жүзеге асыратын консультативтік-кеңесу органы болып табылады және оның өкілдері қажеттілігіне қарай Журналдың мазмұнды бөлігін жариялау мен жетілдіру үшін материалдар дайындау мәселелерінде редакциялық алқаға консультативтік көмек көрсетеді.

Журналдың редакциялық алқасы мен редакциялық кеңесінің құрамы Академияның Ғылыми кеңесінің шешімімен белгіленеді.



  1. Редакциялық кеңестің төрағасы – журналдың бас редакторы Академия ректоры болып табылады.

  2. Редакциялық кеңестің төрағасы:

  • Журналға жалпы ғылыми басшылықты жүзеге асырады;

  • Журналмен жұмыс істеуге жетекші ғалымдар мен жоғары білікті мамандарды тартуға ықпал етеді;

  • Журналда жариялау үшін ұсынылған материалдарды қабылдау және қайтару мәселелері бойынша шешім қабылдайды;

  • Журналдың редакциялық кеңесінің және редакциялық алқасының мәжілістеріне төрағалық етеді;

  • Редакциялық алқаның жауапты хатшысын тағайындайды.

  1. Редакциялық кеңес төрағасының орынбасары – бас редактордың орынбасары Академияның ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректоры болып табылады.

  2. Редакциялық кеңес төрағасының орынбасары:

– ғылыми бағыты бойынша Журнал жұмысына жалпы ғылыми басшылықты жүзеге асырады;

– мақалаларды рецензиялауды үйлестіреді;

– Журналмен жұмыс істеуге жетекші ғалымдар мен жоғары білікті мамандарды тартуға ықпал етеді;


  • Журналды дайындау, мақалалардың сапасын арттыру және т.б. мәселелер бойынша редакциялық алқа мүшелері мен Академияның өзге қызметкерлерінің шұғыл кеңесін өткізеді;

  • бас редактор болмаған жағдайда редакциялық алқа мәжілістеріне төрағалық етеді.

  1. Редакциялық алқаның мүшелері ретінде Академия Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің және институттарының директорлары, Академия кафедраларының меңгерушілері, орталықтары мен қызметтерінің жетекшілері, Журналдың ғылыми бағытына сәйкес жетекші ғалымдары бола алады. Сондай-ақ Редакциялық алқаға шетелдік ғалымдар мен сарапшылар енгізілуі мүмкін.

  2. Журналдың әрбір нөмірін қалыптастыру редакциялық алқа мүшелерінің біріне (Институттар мен МСҰМ директорлар қатарынан) бекітіліп беріледі, олар нөмірге материалдар іріктеуге, оларды рецензиялауға, сондай-ақ Журналды шығару мерзімін сақтауға жауап береді және нөмірді шығару мерзімі бұзылған жағдайда белгіленген тәртіпте жауап береді.

  3. Редакциялық кеңес құрамына кәсіби басқарушылар – мемлекеттік басқару жүйесінің, сот жүйесінің, партияның және/немесе қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан мен шет елдердің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері кіреді.

  4. Редакциялық алқаның мүшелері:

  • оларға тапсырылған Журналдың бөлімдері бойынша мақалаларды сараптамалық бағалауды ұйымдастырады және жүргізеді;

  • рецензенттердің кандидатурасын ұсынады және ғылыми сараптама негізінде жарияланымды ұсынады немесе кері қайтарады;

  • Журналдың таралуына жәрдемдеседі;

  • мәлімделген ғылыми бағытқа, ғылыми журналдық мақалаға және оларды ресімдеуге қойылатын талаптарға сәйкес мақаланы талдайды және бағалайды;

  • табыс етілген материалдарды, егер олар белгіленген талаптарға және материалдарды редакцияға беру ережесіне сәйкес келмесе қайтарады.

Редакциялық кеңес мүшелері құқылы:

  • Журналдың жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;

  • Журналдағы мақалаға кәсіби рецензия беру әдістемесін ұсынуға;

  • Журналда жариялау үшін мақала ұсынуға;

  • редакциялық алқаға енгізу үшін мамандардың кандидатураларын ұсынуға.

  1. Редакциялық алқаның жауапты хатшысы:

– өз жұмысында Журналдың редакциялық алқасының шешімдерін басшылыққа алады;

– келіп түскен материалдарды қабылдауды, тіркеуді, рецензиялауды және сақтауды ұйымдастырады;

– Журналдың бас редакторының төрағалығымен өткізілетін редакциялық алқаның мәжілістерін ұйымдастырады және хаттамасын жүргізеді;

– Журналда жариялау үшін ұсынылған материалдарды қабылдау және қайтару мәселелері бойынша шешім қабылдауға қатысады (атап айтқанда, талаптарға сәйкес келмеу бойынша айқын белгілері бар, мысалы аңдатпасы, библиографиялық тізімі жоқ мақалаларды тіркемеуге және рецензенттерге жібермеуге құқығы бар).



  1. Редакциялық алқа мақалаларды редакциялау және қысқарту құқығын өзіне қалдырады. Рецензенттердің ескертулеріне сәйкес автордың мәтінді қайта өңдеуден бас тартуы мақаланы кері қайтаруға негіз болады.


3. Журналдың мазмұны мен тақырыбы


  1. Журналда Академия қызметкерлерінің, магистранттар мен докторанттардың, ғалымдардың, министрліктер мен ведомстволардың жауапты қызметкерлерінің, сондай-ақ шетелдік сарапшылардың ғылыми зерттеулері мен эксперименталдық әзірлемелерінің нәтижелері жарияланады.

  2. Журнал нөмірлерінің жалпы тақырыбын Академия қызметінің негізгі бағыттары шеңберінде редакциялық алқа мүшелерінің келісімі бойынша тиісті нөмірлердің шығуына жауапты тұлғалар белгілейді және Журналдың бас редакторы бекітеді.


4. Мақалаларды қарау, бекіту және қайтару тәртібіне

қойылатын жалпы талаптар


  1. Журналда жариялауға бұрын басқа басылымдарда жарияланбаған тек түпнұсқалық мақалалар ғана жатады.

  2. Әрбір мақала осы Ережеде белгіленген тәртіпте рецензиялаудан өтеді.

  3. Мақалалар Академияның интернет-ресурсында орналастырылған және Журналдың әрбір нөмірінде жарияланатын талаптарға/ұсынымдарға сәйкес келген жағдайда қарауға қабылданады.

  4. Осы Ережеде баяндалған талаптарға сәйкес келмеген қолжазбалар тіркелмейді және одан әрі қарауға жіберілмейді, бұл туралы авторларға хабарланады.

Мақалаларды жариялаудан дәлелді түрде бас тарту үшін мыналар негіз болады:

– ұсынылған материалдың Журнал тақырыбына сәйкес келмеуі;

– материалды жариялауға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі;

– ұсынылған материалға жағымсыз рецензияның болуы;



  • плагиат фактілерінің немесе заңсыз алып пайдаланудың басқа түрлерінің анықталуы;

  • материал авторының қолданыстағы авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы сақтамауы;

  • рецензенттердің ескертулеріне сәйкес мәтінді қайта өңдеуден бас тарту және т.б.

Сонымен қатар Журналда мыналар жарияланбайды:

  • бұрын басқа басылымдарда жарияланған авторлық материалдар;

  • бұрын жарияланған нәтижелермен салыстырғанда жаңа ақпараттары жоқ немесе түзетуге келмейтін нақты, тарихи не өзге де қателері бар мақалалар, сондай-ақ белгілі ғылыми фактілерге тікелей қарама-қайшы келетін тұжырымдар мен болжамдарды қамтитын мақалалар;

  • кез келген мазмұндағы, оның ішінде ғылыми тақырыптағы әдеби-көркем және публицистикалық туындылар;

  • жеке және заңды тұлғаларға қатысты кемсіту, жала немесе көрінеу жалған мәліметті қамтитын мақалалар.


5. Журнал нөмірлерін қалыптастыру тәртібі


  1. Журналдың әр нөмірін қалыптастыру мақалаларды қабылдау мерзімдеріне (авторлар үшін дедлайн), сондай-ақ тиісті нөмірлерді шығаруға жауапты редакциялық алқа мүшелерімен келісім бойынша белгіленген тәртіпте Журналдың бас редакторы айқындайтын рецензиялау және редакциялық алқаның қарау мерзімдеріне (институттар үшін дедлайн) сәйкес жүзеге асырылады.

  2. Журналдың тиісті нөмірін қалыптастыруға жауапты редакциялық алқа мүшесі (бұдан әрі – редакциялық алқаның жауапты мүшесі) авторлардан келіп түсетін мақалаларды қабылдау мен тіркеуді ұйымдастырады, мақалаларды кодтау және кейіннен қолжазбаны рецензенттерге беру үшін редакциялық алқаның жауапты хатшысына жіберуді қамтамасыз етеді.

  3. Редакциялық алқаның жауапты мүшесі рецензиялау аяқталған соң мақалаларды қарау және бекіту/қайтару туралы шешім қабылдау үшін мақалаларды рецензияларымен бірге бас редактордың орынбасарына тапсырады.

  4. Бас редактордың орынбасары Журнал нөмірінің жобасы туралы жалпы сараптамалық қорытынды дайындайды, соның негізінде ескертулері бар мақалалар авторларға беріледі, ал басып шығаруға бекітілген материалдарды редакциялық алқаның жауапты мүшесі басып шығаруға дейінгі дайындықтан өту үшін (редакциялық түзету, түпнұсқа-макетті беттеу) және бастапқы бақылау данасын шығару үшін Редакция-баспа қызметіне тапсырады.

  5. Мақалалардың мазмұнына әсер етпейтін стилистикалық немесе формалды сипаттағы түзетулерді редакторлар мен корректорлар автордың келісімінсіз енгізеді. Жіберілген материалдар мен түзетулер авторларға қайтарылмайды.

  6. Даулы жағдайлар туындаған кезде жекелеген мақалалар редакциялық алқаның мәжілісінде қаралады. Редакциялық алқа мүшелеріне мәжілісті өткізгенге дейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті материалдармен танысу үшін мүмкіндік беріледі. Даулы мақалаларды бекіту/қайтару туралы шешім дауыс беру жолымен редакциялық алқаның көпшілік дауысымен қабылданады, сонымен бірге бас редактор тыйым салу (вето) құқығына ие, оның дауысы шешім шығарушы дауыс болып саналады.

  7. Редакциялық алқаның төрағасы Журнал нөмірін жариялау туралы соңғы шешім қабылдайды және түпнұсқа-макетті бекітеді, соның негізінде Редакция-баспа қызметі Журналды тираждауды жүзеге асырады.

  8. Журналдың түпнұсқа-макетін бекіту туралы шешім қабылданғаннан кейін жауапты хатшы бұл туралы авторға жариялаудың күтілетін мерзімін көрсете отырып хабарлайды.

  9. Рецензенттердің оң қорытындысын алған мақаланы ағымдағы нөмірде жариялау сол немесе өзге себептер бойынша мүмкін болмаған жағдайда, бұндай мақала кезек тәртібінде және өзектілігіне байланысты жариялау үшін Журналдың редакциялық портфеліне келіп түседі.


6. Мақалаларды рецензиялаудың тәртібі


  1. Жариялау үшін келіп түсетін мақалалар жабық («жасырын») рецензиялаудан өтуі тиіс.

  2. Рецензиялаудың міндеті мақалаларды жақсарту жөніндегі нақты ұсынымдарды жарыққа шығару және алып тастау үшін авторлық қолжазбаларды қатаң іріктеуге жәрдемдесу болып табылады. Рецензиялау рәсімі ғылыми мақаланың мазмұнына барынша әділ баға беруге, оның Журнал талаптарына сәйкес келуін анықтауға бағдарланған және қарауға ұсынылған мақала материалдарының артықшылықтары мен жетіспеушіліктерін жан-жақты талдау жасауды көздейді.

  3. Рецензент ретінде Академияның профессор-оқытушылар құрамы және ғылыми қызметкерлерімен қатар тәуелсіз сарапшылар да тартылады.

  4. Рецензенттерді тағайындауды Журналдың бас редакторының орынбасары жүзеге асырады немесе тиісті нөмірді қалыптастыруға жауапты редакциялық алқа мүшесіне тапсырылады.

  5. Рецензиялау рәсімі рецензент үшін де және автор үшін де құпия болып табылады. Авторлар мен рецензенттер арасындағы өзара байланысты электрондық поштамен хат алмасу арқылы редакциялық алқаның жауапты мүшесі және Журналдың жауапты хатшысы жүргізеді. Рецензияланатын мақала авторының талабы бойынша ол рецензия мазмұнымен (рецензенттің мәліметтерін хабарламай) танысуы мүмкін.

  6. Рецензиялаудың құпиялылығы әрбір мақалаға жеке код беру арқылы қамтамасыз етіледі, код арқылы мақала рецензенттің қарауына беріледі.

  7. Рецензенттер мақаланың теориялық-әдістемелік деңгейін, оның практикалық құндылығын және ғылыми маңыздылығын бағалайды, ғылыми жарияланымдардағы этика қағидаларына сәйкестігін айқындайды, мақаланы қайта өңдеу бойынша ұсынымдар келтіреді. Сондай-ақ мақалалардың техникалық талаптарға сәйкестігі сарапталады.

  8. Жіберілген қолжазбалар авторлардың зияткерлік меншігі болып табылатындығы және жария етуге жатпайтын мәліметтерге жататындығы туралы рецензенттерге хабарланады. Рецензенттерге рецензиялауға табыс етілген мақаланы көшіріп алуға немесе жарияланғанға дейін мақаланың мазмұны туралы мәліметтерді пайдалануға тыйым салынады.

Сонымен бірге рецензенттің кейбір жеке зерттеулерді тоқтатуы, егер оның пікірінше, олар нәтижесіз болса, этикалық нормаларға қайшы деп саналмайды.

  1. Қаралатын мақалада плагиаттың немесе заңсыз алып пайдаланудың басқа да түрлерінің болуы туралы рецензент арызы дәлелді болуы және тиісті сілтемемен берілуі тиіс.

Рецензент плагиатқа, авторлыққа немесе деректердің бұрмалануына қатысты күмәнданған жағдайда ол міндетті түрде авторлық мақаланы ұжым болып қарау туралы талабымен редакциялық алқаға хабарласуы тиіс.

  1. Журналды басып шығарудың тұрақты мерзімділігін сақтау рецензенттен мақалаға рецензияны уақытылы беруін, сондай-ақ этика мен кәсібилікті сақтауын талап етеді.

Авторға қатысты әдепсіз мінез-құлық немесе төмен сапалы рецензияларды жүйелі түрде ұсыну немесе рецензияны ұсыну мерзімін бұзу болған жағдайда, аталған рецензентпен өзара қарым-қатынас тоқтатылады.

  1. Рецензент мақаланы қарауға алғаннан кейін 1 (бір) тәулік ішінде материалды рецензиялау мүмкіндігін, өзінің біліктілігіне сәйкес автор зерттеуінің бағытын және мүдделер қақтығысының болмауын бағалайды.

Зерттеу нәтижелері мен рецензенттің жеке әзірлемелері арасында мүдделер қақтығысы болған жағдайда немесе рецензент пен автор арасында, рецензенттің ой-пайымдауына әсер ететіндей, кәсіби немесе тұлғалық байланыстар болған жағдайда, ол мақаланы мүдделер қақтығысын көрсете отырып, редакциялық алқаға қайтарып беруі тиіс.

Рецензиялаудан дәлелді түрде бас тартудың болмауы осы Ережеге сәйкес рецензенттің мақаланы қарауға келісімі берілді деп есептеледі.



  1. Рецензент 10 (он) күнтізбелік күн ішінде рецензияны дайындайды және мақаланы жариялау мүмкіндігі туралы тұжырым жасайды. Рецензиялау мерзімі жекелеген жағдайда мәтінді толық және объективті бағалау үшін тиісінше жағдайды қамтамасыз ету мақсатында Журналдың бас редакторының орынбасарының келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін.

  2. Рецензент мақаланы соңғы талдаудан кейін стандартты нысанды пайдаланады (осы Ережеге 1-қосымша).

Толтырылған нысанды рецензент қол қойылған қағаз түрінде, сондай-ақ электрондық түрде (*.doc немесе *.docx форматында) редакциялық алқаға ұсынады. Ерекше жағдайларда (шетелдік және бөтен қалалық рецензенттер үшін) pdf форматында рецензияны (*.doc немесе *.docx форматындағы рецензияның редакцияланған файлын қоса отырып) жіберуге рұқсат етіледі.

  1. Егер рецензент мәтінге белгілі бір түзетулерді енгізу қажеттігін көрсетсе, мақала авторға ескертулерді мақаланың жаңа нұсқасын дайындау кезінде ескеруді немесе дәлелді түрде оны теріске шығаруды ұсына отырып жіберіледі. Қайта өңделген мақаланы Журналға жіберу кезінде автор рецензенттің барлық ескертулеріне жауапты қамтитын және мақалада жасалған барлық өзгерістерді түсіндіретін файлды қоса беруі тиіс.

  2. Түзетілген нұсқа шешім қабылдау және жариялау мүмкіндігі туралы дәлелді қорытынды жасау үшін рецензентке қайта ұсынылады. Мақаланы жариялауға қабылдау күні болып мақаланы жариялаудың мақсатқа лайықтылығы және мүмкіндігі туралы рецензенттің оң қорытындысын (немесе редакциялық алқаның шешімін) редакция алған күн саналады.

  3. Мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың бірінші басшыларының және олардың орынбасарларының, жоғары оқу орындарының бірінші басшыларының және олардың орынбасарларының, Қазақстан Республикасының Үкіметі өкілдерінің мақалалары рецензиялауға жатпайды.

  4. Журналдың редакциялық алқа мүшелерінің (жоғарыда аталғандардан басқа) мақалалары әдеттегідей тәртіпте рецензиялаудан өтеді.


7. Мақалаларды ресімдеуге қойылатын талаптар


  1. Басқа басылымда жарияланбаған немесе жариялауға арналмаған, ерекше авторлық зерттеу нәтижелері бар, ғылыми стильде баяндалған, Журналдың ғылыми, тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және мәтінде аталған тақырып бойынша қазіргі отандық және шетелдік зерттеулер келтірілген мақалалар мен рецензиялар қарауға қабылданады.

  2. Мақала мынадай өлшемдерге сай болуы тиіс:

  1. жұмыстың өзектілігі және журналдың негізгі ғылыми бағыттарына сәйкестігі (маңыздылығы, мақалада баяндалған идеялардың, әдістердің, технологиялардың қолданылуы);

  2. ғылыми жаңалығы (идеялардың түпнұсқалығы, зерттеудің қойылған міндеттерінің шешімін табуы);

  3. құрылымдылығы (логикалық, жүйелілігі, баяндаудың байланыстығы);

  4. зерттеудің негізгі нәтижелерінің маңыздылығы (нәтижелердің баяндалуы, теориялық және практикалық маңыздылығы, тұжырымдар, ғылыми-практикалық мәні;

  5. қолжазбаның әдеби деңгейі (коммуникативтік құндылығы, ғылыми стильге, тілдік және стилистикалық нормаларға сәйкестігі);

  6. ресімделу сапасы: редакцияның талаптарына сәйкестігі, терминологиялық лексиканың, тірек сөздердің пайдаланылуы, үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) аңдатпаның, пайдаланылған әдебиеттер тізімінің болуы;

  7. Қазақстан Республикасы заңнамаларының, оның ішінде зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша заңнаманың сақталуы.

  1. Автор зерттелетін мәселелердің ерекшелігін және оның маңызды ғылыми және практикалық міндеттермен байланысын нақты айқындауы, зерттеу мақсатын белгілеуі керек. Мақалада сол мәселенің шешімі басталған және автор сүйенетін соңғы зерттеулер мен жарияланымдарға қысқаша талдау берілуі тиіс. Негізгі материал қол жеткізілген ғылыми нәтижелерді толық дәлелдей отырып баяндалады, мақала жүргізілген зерттеу қорытындысы жөніндегі тұжырымдармен аяқталады. Сонымен бірге сол бағыттағы алдағы зерттеулердің келешегін көрсеткен жөн.

  2. Мақаланы жазу барысында әлемдік тәжірибеде қабылданған құрылымды ұстанған жөн:

  • атауы;

  • аңдатпа;

  • тірек сөздер;

  • JEL-код;

  • алғысөз;

  • материалдар мен әдістер;

  • нәтижелер (жіктеме);

  • талқылау және тұжырымдар;

  • қаржыландыру көзіне сілтеме (болған жағдайда);

  • библиография.

Мақаланың қосымшалары болмауы тиіс (ерекше жағдайларда мақаланың негізгі мәтініне ұқсас өлшемдермен берілген, 1 беттен аспайтын қосымшаларға рұқсат етіледі).

Әр беттің төменгі жағындағы және мақала соңындағы сілтемелер мен ескертулерді барынша аз пайдалану немесе пайдаланбау ұсынылады.



  1. Мақаланың атауы қысқа, бірақ ақпаратты болуы тиіс, онда қысқартулар қолданылмайды. Мақаланың атауын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беру керек.

  2. Мақаланың қолжазбасында ӘОТ индексінің болуы міндетті, ол мақала атауының сол жағына орналастырылады.

  3. Мақаланың атауы (үш тілде: жартылай қара қаріппен, кегль 16 тармақ) авторлар туралы деректерден бір бос жол арқылы бөлініп көрсетіледі.

  4. Аңдатпа (80–100 сөз) және 5–7 тірек сөздер мен фразалар және 3–4 JEL-код мақала атауынан кейін, мақала жазылған тілден бастап, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде келтіріледі. Аңдатпаның құрылымы мақала құрылымына ұқсас етіп жазылады (мәселені қысқаша негіздеу, материалдар мен әдістер, нәтижелер және талқылау).

  5. Көлемі кемінде 8 беттен немесе кемінде 28 000 баспа белгісінен (аралықтар мен сілтемелерді қоса алғанда) тұратын мақаланың мәтіні қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде электронды нұсқада (құжаттар doc, docx немесе rtf форматтарында қабылданады) мынадай өлшемдерді сақтай отырып, ұсынылады:

  • Arial қарпі, негізгі мәтіннің қаріп мөлшері – 11 пт, суреттер, диаграммалар – 10 пт, жоларалық арақашықтығы – бір жол;

  • сол жақ жиегі – 2 см, оң жағы – 2 см, жоғарғы және төменгі жиегі – 3,5 см;

  • мәтін парақтың бір жақ бетіне ғана басылады, беттері рет-ретімен нөмірленеді (нөмір беттің оң жақ төменгі бұрышында көрсетіледі);

  • кестелік сілтемелер кестеден кейін орналасады, сілтемелер (жұлдызшалар) мәтінде тиісті беттің төменгі жағына қойылады;

  • қазақ немесе орыс тілдерінде жазылған мақаладағы әдебиетке сілтемелер автор сүйенетін әдеби көздің библиографиялық тізімі бойынша нөмірін және нормативтік актінің бетін не бабын (мысалы: [1, 15 б.]) көрсете отырып, мақала мәтіні бойынша тік жақшада рәсімделеді;

  • ағылшын тілінде жазылған мақаладағы әдебиетке сілтемелер Гарвард стиліне (Harvard style) сәйкес ресімделеді;

  • әдебиеттерге сілтемелерді беттің төменгі жағында сілтеме түрінде беруге рұқсат етілмейді.

  1. Мақаланың библиографиялық тізімі болы керек. Тізімдегі әрбір дереккөзге мәтінде сілтеме жасалуы міндетті. Библиографиялық тізімнің болмауы мақаланы тіркеуден бас тартуға негіз болуы мүмкін.

Библиографиялық тізім мақаланың соңында беріледі, мақала беттерінің жалпы санына кіреді және дереккөздерді ескерту реті бойынша ресімделеді. Тізімнің көлемі мақала көлемінен 1/10–1/8 аспауы тиіс.

Қазақ немесе орыс тілдерінде жазылған мақалаларда әдебиеттер тізімінің стандартты түрдегі «Әдебиеттер тізімі» / «Список литературы» тақырыпшасы болуы тиіс және 7.1:2006 МемСТ-ға (оның ішінде егер тізімге ағылшын тіліндегі дереккөздер енгізілсе) сәйкес ресімделеді. Ағылшын тіліндегі мақалаға «References» тақырыпшасы қоса беріледі және Гарвард стиліне (Harvard style) сәйкес ресімделеді.



  1. Иллюстрация сапасы 300 dpi төмен болмауы тиіс. Барлық суреттер, диаграммалар, кестелер және өзге де иллюстративтік материалдар мәтіндік файлдың ішіне орналастырылады. Диаграмманың координаттары мен сегменттерінің ортасындағы жазбалар және иллюстрацияның өзге де мәтіндік элементтері тек Arial қарпін пайдалану арқылы ресімделеді. Басқа қаріптерді пайдаланған жағдайда иллюстрация жарияланбайды.

  2. Журналға жіберілетін мақаланың мазмұны, барлық сандық деректер мен материалдар авторлардың мұқият тексеруінен өтуі тиіс.

  3. Мәтін тиісті тілдің (қазақ, орыс немесе ағылшын) стилистикалық, орфографиялық және синтаксистік нормаларына сай болуы керек. Мәтіннің сапасының төмен болуы мақаланы жариялаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.

  4. Автор (авторлар) туралы мәліметтер жеке файлда орналастырылады, файлдың үлгілік атауы – «author_xxxxxxxx», онда xxxxxxxx – автор (тең авторлардың біріншісі) тегінің алғашқы сегіз әрпі латынша транслитерациясымен.

Аталған талаптарды бұзу кодтау процесіне қиындық келтіреді және рецензиялауды кідіртеді. Осыған байланысты, авторлар туралы мәліметтер негізгі мәтіннен бөлініп көрсетілмеген мақалалар тіркеу кезеңінде қайтарылуы (қайта өңдеуге жіберілуі) мүмкін.

Авторлардың жеке деректерін мақала атауының алдында келесідей кезектілік бойынша үтір арқылы орналастыру керек: аты мен әкесінің атының бас әріптері, тегі, ғылыми/академиялық дәрежесі, ғылыми атағы, лауазымы, жұмыс орны (ұйымның толық аударылған, ресми қабылданған атауы, ведомствосын көрсете отырып), сонымен қатар шетелдік авторлар үшін мемлекет атауы көрсетіледі.

Авторлар туралы мәліметтер үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) және курсивпен беріледі, аты-жөні жартылай қара қаріппен бөлініп көрсетіледі. Мақаланың тең авторларының әрқайсысы туралы мәліметтер блогы бір-бірінен нүктелі үтір арқылы ажыратылады.

Жоғарыда аталған талаптарға сәйкес авторлар туралы мәліметтері қоса берілмеген мақалалар, сондай-ақ авторлар туралы мәліметі негізгі мәтінмен бірге көрсетілген (бұл «жасырын» рецензиялау жүргізуге қиындық келтіреді) мақалалар қарауға қабылданбайды.



  1. Ұсынылған материалдың жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмеуі тіркеу кезеңінде (рецензиялауға рұқсат бермей) одан бас тарту үшін себеп болуы мүмкін.

  2. Мақаланы жариялау туралы шешімді редакциялық алқа қабылдайды. Мақаланың мәтініне, авторлармен келіспей, редакциялық түзетулер немесе қысқартулар енгізілуі мүмкін.


8. Журналды қаржыландыру және басып шығару тәртібі


  1. Журналды, оның қосымшаларын басып шығаруды қаржыландыруды және өзге де қаржылық шығындарды Меншік иесі (Академия) ақылы қызметтер көрсетуден түскен қаражат пен үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жеке және заңды тұлғалардың қаражаттары тартылуы мүмкін.

  2. ҚР БҒМ БҒСБК төрағасы орынбасарының 2013 жылғы 12 маусымдағы № 949 бұйрығымен бекітілген, ҚР БҒМ БҒСБК ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынған Басылымдар тізбесіне енгізу үшін Ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарға сәйкес, Журналдың тиражы кемінде 300 дананы құрайды.

  3. Журналды және оның қосымшаларын жеке және заңды тұлғаларға тегін тарату бас редактор – Академия ректоры бекіткен таратылу тізіліміне сәйкес, сондай-ақ ерекше жағдайда – бас редактордың орынбасарының жазбаша тапсырмасына сәйкес жүргізілуі мүмкін.

  4. Журналдың әрбір нөмірін тегін тарату тізілімінде Академияның имидждік саясатын жүзеге асыру шеңберінде Академия басшылығының тапсырмасы бойынша беруге арналған резервтік даналар көзделеді. Резервтік даналарды беру кезінде Басып шығарылатын кітап-журнал өнімдерін тіркеу және беру журналында белгі қойылады.

  5. Мына тұлғалар үшін Журналда тегін жариялану көзделген:

  • мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың бірінші басшылары және олардың орынбасарлары;

  • жоғары оқу орындарының бірінші басшылары және олардың орынбасарлары;

  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері;

  • Қазақстан Республикасының және өзге мемлекеттердің елшілері;

  • мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет, халықаралық қатынастар, саясаттану, заңтану, экономика және Академия қызметіне қатысты өзге де бағыттарды дамытуға айтарлықтай ғылыми немесе практикалық үлес қосқан шетелдік сарапшылар.

Қазақстан Республикасы мен өзге мемлекеттер азаматтарының басқа санаттарының мақалалары қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітілген тариф бойынша ақылы негізде жарияланады.

  1. Журналдың құнына тікелей және қосымша шығындар, сондай-ақ түсім пайызы кіреді.

  2. Заңды және жеке тұлғалардың жарияланым ақысын төлеуі Журналдың тиісті нөміріне мақаланы қосу туралы хабарлама алған сәттен бастап (редакциялық алқа мәжілісінің хаттамасы негізінде) 10 жұмыс күні ішінде Академияның есеп айырысу шотына құнның 100% көлеміндегі қаражатты аударуы арқылы жүргізіледі.

  3. Журналды тікелей Академия және баспа басылымдарына жазылуды ұйымдастыратын компаниялар арқылы жеке және заңды тұлғаларға сату белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады. Журналға және оның қосымшаларына жазылу Қазақстанда да және шетелде де ұйымдастырылуы мүмкін.

  4. Журналға жазылудан және оны бөлшектеп сатудан түскен қаражат:

  • кітап-журнал өнімін басып шығарудың тікелей және үстеме шығындарын (шығын материалдарын және қосалқы бөлшектерін сатып алуға, жөндеу бойынша қызметтерге, типографиялық құрал-жабдыққа профилактикалық және сервистік қызметтер көрсетуге, Журналды каталогқа енгізу бойынша, басылымдарға ISBN және ISSN нөмірлерін беру бойынша қызметтерге, Журналды жөнелту және дайындау, басып шығару, тарату және сатумен байланысты өзге де қызмет түрлері бойынша қызметтерге), сондай-ақ Журналды қазақстандық және шетелдік рейтингтерге және наукометрикалық деректер қорына енгізуге дайындаумен байланысты шығындарды жабуға;

  • Академияның оқу-материалдық базасын жетілдіруге, құрал-жабдықтарды, шығын материалдарын және құрамдас бөліктерін сатып алуға және жөндеуге, байланыс қызметтеріне, іс-шараларды ұйымдастыруға, іссапарларға (шетелдік және ел ішінде) және басқа да шығындарға пайдаланылады.


9. Автордың жауапкершілігі


  1. Журналдың меншік иесі мен редакциялық алқа зерттеу мақаласының авторы жүргізген ақпараттың растығына жауап бермейді.

  2. Автор Журналға мақаланың қолжазбасын жібере отырып, зерттеудің түпнұсқалығына, ол жүргізген деректердің, фактілердің, цитаталар мен меншік иесі есімдерінің, географиялық атаулардың, аты-жөні мен тегінің және өзге де мәліметтердің дұрыстығына және нақтылығына, сондай-ақ ашық түрде жариялауға жатпайтын деректерді мақалада орналастырғаны үшін жеке жауап береді және Журналдың меншік иесіне оны баспасөзде жариялау арқылы таныстыруды тапсырады.

  3. Автор Журналда жариялау үшін мақала мәтінін ұсына отырып, өзі туралы барлық мәліметтердің дұрыстығына, мақаланың қолжазбасында плагиат пен заңсыз алып пайдаланудың басқа түрлерінің жоқтығына, шеттен алып пайдаланылған барлық мәтіндердің, кестелер мен сызбалардың, суреттердің тиісінше ресімделуіне кепілдік береді. Жарияланған материалдардың авторлары келтірілген фактілердің, цитаталардың, статистикалық деректер мен өзге де мәліметтердің іріктелуіне және нақтылығына жауап береді.

Ғылым, ой-пікір, өнер немесе өнертабыстар бойынша басқа туынды авторлығын саналы түрде меншіктеу плагиат саналады. Плагиат авторлық-құқықтық заңнаманы және патенттік заңнаманы бұзу болуы мүмкін және бұндай болған жағдайда автор заңды жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Автор Журналға берілген материалды пайдалануға ерекше құқығының бар екендігіне кепілдік береді. Бұл кепілді бұзған жағдайда және осыған байланысты Журналдың меншік иесіне және/немесе редакциялық алқаға сын-пікір айтылған жағдайда автор барлық сын-пікірлерді өз бетінше және өз қаражаты есебінен реттеуге міндеттенеді. Журналдың меншік иесі және редакциялық алқа автордың аталған кепілді бұзғаны үшін үшінші тұлға алдында жауап бермейді.



  1. Журналға жариялау үшін материалдар жіберу автордың жоғарыда келтірілген талаптармен келіскендігін білдіреді.

  2. Материалды қайта басу кезінде Журналға сілтеме болуы міндетті.

Қазақстан Республикасы Президентінің

Жанындағы Мемлекеттік басқару

академиясы ректорының

20___ жылғы «___» __________

№ ___ бұйрығымен бекітілген

«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет»

халықаралық ғылыми-талдау

журналы туралы Ережеге

№ 1 қосымша
Нысан
Рецензия
_______________________________________________________________

(мақаланың/материалдың атауы)

_______________________________________________________________

(мақаланың коды)






Критерий атауы

Критерийлердің қысқаша мазмұны

Рецензенттің түсініктемесі

1

Өзектілігі

Идеялардың, әдістердің, технологиялардың маңыздылығы, пайдасы және/немесе қолданылуы




2

Жаңалығы


Сол немесе өзге салаларда жаңаша көрінуі, қолданылуы




3

Өзгешелігі

Идеялар, әдіс-тәсілдер, шешімдер және бұрын танымал болмаған немесе сынақтан өтпеген зерттеу міндеттерінің нәтижелері




4

Инновациялығы

Жаңа, танымал емес технологияларға, әдістерге немесе әдістемелерге негізделген жаңа процестер, қызметтер, өнімдер, тұтынушыларға арналған жаңа қызметтерді анықтау




5

Маңыздылығы

Нәтижелердің баяндалуы, теориялық және практикалық маңыздылығы, тұжырымдар, ғылыми-практикалық мәні





6

Құрылымы

Логикалылығы, жүйелілігі, баяндау қисындылығы




7

Әдеби деңгейі

Коммуникативтік құндылық, ғылыми стильге, тілдік және стилистикалық нормаларға сәйкестігі




8

Ресімделу сапасы

Редакция талаптарына сәйкестігі, терминологиялық лексиканы қолдануы. Аңдатпаның, мақалаға кіріспе аппараттың, кілтті сөздердің болуы, беттің (парақтың) белгілі бір өлшемдерінің және библиографиялық тізімнің сақталуы




Қорытынды

  1. Жариялауға жіберіледі




  1. Редакциялық алқаның ескертулерін ескере отырып, жариялауға жіберіледі




  1. Жариялауға жіберілмейді (авторға қайта өңдеу үшін қайтарылады).

(қажеттінің астын сызу)


Рецензент туралы мәліметтер: _______________________________________________
_______________________________________________
_______________________________________________
_______________________________ _______________________________

Күні Рецензенттің қолы



Ескерту: Нысан рецензиялау процесінің жүйелілігі мен ұйымдастырылуы бойынша жалпы танылған ұсынымдарды ескере отырып әзірленді (Review Quality lnstrument).
: images -> files
files -> 4. Минимальная площадь на одно стоматологическое кресло (в кв м)
files -> Региональный центр «Шығыс» управления образования вко жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбы бойынша биология
files -> Сабақтың тақырыбы: Көктем Мақсаты: Көктем тақырыбына шолу жасай отырып, өз ойларын дәлелдеуге дағдыландыру. Міндеттері
files -> Ұбт-ға даярлаудағы тиімді әдістері өскемен 2015
files -> Химиялық таңбасы – аі
files -> Твором фтора простой и эффективный способ профилактики кариеса
files -> 1. Специфические рецепторы




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет