Жөлек және Сыр бойының батырлары



Дата07.07.2017
өлшемі247.02 Kb.
Жөлек және Сыр бойының батырлары
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары ішінде еліміздің тарихы жаңаша жазылып келеді. Әсіресе есімдері ұмытылып келген ел қорғаған батырлардың есімдерін халыққа паш етіп, қазақты мың өлді деп айтып қоймай енді сол мыңдарды тірілту мәселесін ойланып, халыққа жариялап келеміз. Мысалы Сыр бойында көптеген тарихи орындар, қорғандар, қалалар болған. Сол тарихи қорғандардың бірі Жөлек бекінісі.

Жөлек – ХІХ ғасыдың І-ші жартысында Сырдарияның оң жағасында, қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Бәйгеқұм темір жол стансасының маңында салынған қорған. Қоқан ханы Омардың тұсында (1809-1822 жж) Сырдарияның төменгі ағысы бойын жаулап алу мақсатында салынған. Ресей әскерлерінің шабуылынан соң, 1856 жылы бейбіт тұрғындар қорғанды тастап кетуге мәжбүр болды. Жөлекті Ресей әскерлері 1861 жылы жаулап алды. Сол жылы Сырдарияның он жақ жағалауынан, қорғаннан 1,5 шоақырымдай жерден № 3 флотилия, пошта бөлімі, тағы басқа құрылыстар

Осы кездері орыстың зерттеушісі А. К. Гейнстің еңбегінде: « Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан.» «22–го августа. К вечеру мы стали подъезжать к укреплению Джулек. Чем ближе мы подъезжали к нему, тем гуще и чаще становился джингиль. Фазанов здесь было невероятно большое количество, и, конечно, в некоторых наших деревнях можно встретить меньше кур, чем здесь фазанов.

Вид Джулека издалека очень красив. Из середины укрепления поднимается высокая башня красивенькой церкви и протягивается невысокий, но хорошо содержанный вал. Около укрепления виднеется густой сад, оставшийся от кокандских времен. Согласно практическому вкусу азиатцев, этот сад состоит из осин и тала — деревьев, годных на постройки» ХІХ ғасырдағы Жөлек қорғанының көрінісі өте жақсы көрсетілген. 160 жыл бұрын Жөлектің қандай сұлу табиғаты болған? Таң қаламын!

Жөлек манайында көптеген батырлардың есімдері халық аузында осы уақытқа шеін айтылып келді. Қазақта «Әруақ сыйлаған ел арымайды», «Өлі разы болса, тірі байиды» дегендей өте жақсы тәрбиелі маңызы бар нақыл сөздер бар. Сол сияқты батыр бабаларымыздың аттары өшпесін деп ол кісілердің киелі есімдерін, ерліктерін атап өтейін.

Шиелі өңірі Жөлек манайында Сырымбет батыр жатыр. Сырымбет батырдың тегі – Ұлы жүз. Албан. Батыр бабамыз ХVІІ ғасырда өмір сүрген. Сырымбет батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жөлек ауылының маңайында, Қыпшақтың Қөзей аталығынан шыққан Жуғы әулиенің қасында орналасқан. Кейін ұрпақтары батыр бабасына белгі орнатады (1). Әйгілі албан Райымбек батыр Сырымбет батырдың шөбересі болып келеді. Бұл кісінің елі негізі қазіргі Алматы облысында қоныстанған ғой. Батыр Сыр бойында жаугершілік заманда қаза болуы мүмкін.

Қасиетті Жөлек жерінде Кенесары ханның батыр ұлы Тайшық сұлтан да ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында қаза болады.

Енді келесі Жөлек манайында өмір сүрген Сыр бойының батырларын таныстырайын:

Қожамсүгір батыр, әулие.

Тегі – Қыпшақ-Қара-Торы-Тұяқты аталығынан.

Қожамсүгір батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі өңірі мен Арқа өңірінде ХVІІ ғасырдың 2-ші жартысы, ХVІІІ 1-ші жартысында өмір сүрген.

Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Жанақорған ауданы, Хорасан бабаның маңайында жатыр.


d:\жанакорган фото\img_2229.jpg

Қожамсүгір батырдың бейіті
Қожамсүгір батыр қазақ-жонғар соғысына қатысқан айтулы ер. Қожамсүгір батыр туралы деректер аз болып отыр. Бұл кісінің бабасы Торы батыр болған, демек Қожамсүгір батыр Торы батырға шөбере болып келеді. 1994жылы шыққан Ж.Бейсенбайұлының басқаруымен Аңа тілі баспасынан шыққан Қазақ шежіресінде Торыдан Әлпейіс туады, одан Тұяқты, Қойбар туады. Қойбардан Қожамсүгір туады деп көрсетілген. Бірақ Қожамсүгір батырдың тікелей ұрпағы, Қызылорда қаласының тұрғыны Ормағанбетұлы Сьезбек ақсақал аталарынан қалған шежірені қарап, Қойбар атты бабамыз болған емес деп отыр.

Қожамсүгір батырдың әкесі Әлпейісұлы Түйішкемен немере бауыр болатын Құлпейісұлы «Көкмұрын» Құдайменді батыр болады. Бұл кісіде елінде әйгілі батыр болған, елде ол кісіні «Көкмұрын» деп атап кеткен екен. Қожамсүгірдің етжақын бауырлары, яғни шөбере бауырлары Құтым батыр Ботықараұлы, Абасұлы Шағыр батыр, Базарқұл батыр оның баласы Малай батыр Сыр бойының ержүрек ерлері еді. Осындай өңкей батырлар әулетінен шыққан соң Қожамсүгір батырда намысын жауға таптатпаған, бұл кісінің шөбересі Кеңшімұлы Меңдіқұл би болған, ал бұл кісінің баласы Құл батыр, қазақ елін жаудан қорғаған арқалы батыр болған. Меңдіқұл би – ХVІІІ ғасырдың 2-ші жартысында, ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген.



Жақап батыр

Тегі – Қыпшақ-Қара-Торы –Шашты (Кенжеғұл)-Байсары аталығынан.

Жақап батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген.

Жақап батыр ағайын бауырларымен Қоқан хандығының озбырлығына қарсы шыққан. Батыр бабамыздың бауырлары елге қадірменді батырлар болған.



Біріншісі – Байсары Шашты Қыпшақ Өтеп батыр. Екіншісі – Байсары Шашты Қыпшақ Жүзбай батыр.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығы қазіргі Қызылорда облысының Жанақорған, Шиелі аудандарын басып алғаны белгілі. Бір күндері Қоқан бегі Сыр бойында алым-салығын күшейтіп жібереді. Сонда Сыр бойының қазақтары бұл алым-салыққа қарсы болады. Айрықша қарсы болғаны Қыпшақтың Торының Шашты Байсарысы мен Қыпшақтың Торының Көзей рулары. Бұл оқиғаны естіген қоқанның бегі Түркістан шаһарынан қарсылықты басуға 500 әскерін жібереді. Қоқан әскерін бері шыққанын естіген Байсары мен Көзей рулары Арқаға қарай көшеді. Майшының тұсына келген кезде (бұл қазіргі Жанақорған мен Шиелі аудандарының солтүстік жағы, елі жоқ аумағы) қоқандықтар қуып жетеді. Сонда Өтеп батыр: - «Малдың барлығын тастап, жан сауғалайық.» - деп айтады. Бірақ Жақап батыр оған келіспей: - «Бала шағамызды, малды алға жіберіп, өзіміз Жалғызағаш Қарамұрында ұрыс қабылдайық» - дейді. Барлығы бұл шешімге қосылады. Ол кездің рәсімі бойынша ұрыс жекпе-жектен басталуы керек. Қоқандықтар өздерінің сенімділігін сынау үшін, жергілікті руларға жік салу үшін Қыпшақтың Шашты Жаназар батырын шығарады. Жаназар батыр (1818/22-1881/85) бұл кезде жасы келген кісі екен. Бірлескен Торы Байсары мен Торы Көзей рулары өз жағынан Байсары Жүзбай батырды шығарады. Жүзбай батыр 18 жастағы жігіт, күшті найзагер екен, найзамен ұрғанда аңды құлататын болған. Қоқандықтардың өздері аласырақ болып, алдыңғы шегіне жергілікті жақтастарын қойған. Оның үстіне жолдан шаршаған қоқандықтар ұрысты келесі күнге қалдыруды жағымдап алады, өйткені кешкі уақыт болып қалды. Жаназар батыр Жүзбай батырмен жекпе-жекке шығады. Бірақ «ұрысқандай» болады. Жаназар батыр өзінің қазағын, өзінің аталас інісін қалай шапсың. Жекпе-жектің арасында Жаназар батыр қоқандықтардың және оның жақтастарының қай жерде орналасқанын айтады. Сол кездегі соғыс тәртібі бойынша әскердің үлкен туы болады. Ол ту ең соңғы жағдайда түсірлуі тиіс, яғни жеңілістің белгісі. Жаназар батырдың ту ұстаушы қоқандықтардың қасында жергілікті сенімді жігіттері болған. Сондықтан Шашты Жаназар батыр: - «Алғашқы ұрысты сендер бастаңдар, кешке қалдырмаңдар» - дейді. Ұрыс басталады. Жақап, Өтеп батырлардың әскерлері қоқандықтардың алдыңғы шегінде тұрған қоқандықтардың қызметінде жүрген жергілікті қазақтардың жасақтарына ұрыс салады. Келісім бойынша ту ұстаған қоқандықты Жаназар батырдың жігіттері өлтіріп, туды құлатады. Сосын жергілікті жасақтар үрей таратады. Сол үреймен түні бойы қоқандықтар кейін шегінуге мәжбүр болады. Жақап батыр қоқандықтарға қызмет жасайтын, жергілікті Қыпшақ Торының Тұяқтысы Тұрсынбай батыр-датқаға (1788/98-1853) өте өшіккенге ұқсайды. Тұрсынбай датқаның белгілі бір көзге түсетін ұзын сәлдесі болатын, сол шапқан кезде желбірейтін көрінеді. Ұрыстың алғашқы сәттерден бастап-ақ Жақап батыр: - «Қалша қайда екен?» - деп Тұрсынбай датқаны іздейді. Ұрыстардың барысында жергілікті әскерлердің бір бөлігі қоқандықтармен, екінші бөлігі олардан бөлек қашады. Бұдан кейін ұрыс тоқтайды. Жаудың беті қайтқаннан кейін жеңімпаз Торы Қыпшақтын Шашты Байсарысы мен Торы Қыпшақтың Көзей рулары қауіптен құтылып, Арқаға қарай қашады. Байсары мен Көзей рулары жайбарақат Арқаға көшіп бара жатады, бірақ «құлауыз» (өсек) тарайды. Жақап батырдың құлағына да жетеді. Көзей Досбол бидің Жақап батыр «Қалша қайда екен?» - деп жауға шапқан кезде оның назарын басқа жаққа бөліп жібереді. Көзей Досбол би (1800-1890) Тұрсынбай датқа қоқандықтардан бөлек қашқанын көрген, бірақ Жақап батырға қоқандықтардың сонынан қашты деп басқа жақты сілтеген еді. Бұл жәйітті алдында жаздым ғой, қоқандықтардың екі бөлек болып қашқанын. Жақап батыр естісімен Көзей Досбол биге қатты ренжиді де, Байсары елін Сыр бойына кейін қайтарады. Ал, Көзей руы Арқаға Найман Сандыбайұлы Ерден батырдың болыстығына келеді. Бұнда 2-3 жыл тұрады да кейін Сыр бойына қайтып келеді (2).

Сыр бойның атақты батырлары Жақап пен Өтепке, Сыр сүлейлерінің бірі Мәнсүр Бекежанов (1875-1933) 1912 жылы Иманжүсіпке жазған хатында : -

«Бар еді Өтеп, Жақап – жақыныңнан,

Ермек, Түйме, Кеңбай бар ата ұлынан.

Жаназар – Шағыр Қыпшақ бір жүзбасы,

Қазақтың найза ұстаған батырынан» - деп жырлаған (3).

Енді Жақап батырдың ұрпақтарына келсек. Жақап батырдың немересі Әуез ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысқан, «Түркістан легионында» болған. Әуезден Сейсұлтан, одан 1964 ж.т. Бағдат туады. Әуезов Бағдат қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алғабас ауылында тұрады.

Жүзбай батырдың ұрпағы 1929 ж.т. Мұхамбетжан қазы, (бұрын совхоз директоры болған) осы Шиелі ауданының Алғабас ауылында тұрады. Осы ауылда Шәмед Қалдыбаев деген шежіреші ақсақал осы аталған батырлар туралы білуі керек.


d:\жанакорган фото\img_2241.jpg

Шашты ата (Кенжеғұл) бейіті


Тағы бір айтып жіберетің жәйіт осы аталған Шашты Қыпшақтың Байсары аталығының батырларымен ағайын болып келетің Шашты Қыпшақ Айдарғазы аталығынан шыққан Айдарғазы Қашқын батыр ХІХ ғасырда қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында өмір сүрген.

Кеңбай Жантоқайұлы – батыр, мерген.

Тегі-Қыпшақ-Қара-Торы-Шашты(Кенжеғұл)-Бошай-Көбес аталығынан.

Кеңбай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі өңірінде ХІХғасырда өмір сүрген.

Кеңбай батыр Сыр елінің азаттығы үшін күрескен. Батыр бабамыз атақты мерген болған кісі. Ұрпақ-ұрпақтан аңыз болып келе жатқан дерек бойынша. Бір күні Қоқан ханы Кеңбай батырдың мергендігін сынайын деп өзіне шақырады. Тарихтан белгілі Қоқан хандығының кейбір хандары, әскербасылары, бектері қыпшақ руынан шыққанын. Кеңбай батыр Қоқан ханының шақыруын қабыл етіп, қасына бір мықты мерген жігітті серік қылып Қоқан еліне аттанады. Өкініштісі батырдың қасындағы серігі, мерген жігіттің есімі, тегі ұмытылып қалған. Шақырылған жерге келгенде Кеңбай батыр ханға жақындай бергенде аттың үстінде тұрып шиті мылтығымен ханның тақиясының шошағын атып түсіреді. Хан қорыққанынан құлап қалады. Сонда Кеңбай батырдың қасындағы серігі ханның етігінің тағасын атып түсіреді. Сол кезде ханның нөкерлері Кеңбай батырды атып өлтіреді. Ал, батырдың серігі қашып құтылады (4). Ауыз- екі дерек бойынша оындай мәлімет қалған, ұрпақтары да осы деректі мойындап тұр.

Кеңбай батырды Сыр сүлейі Мәнсүр Бекежанов (1875-1933) 1912 жылы Иманжүсіпке жазған хатында: -

«Бар еді Өтеп, Жақап – жақыныңнан,

Ермек, Түйме, Кеңбай бар ата ұлынан.

Жаназар – Шағыр Қыпшақ бір жүзбасы,

Қазақтың найза ұстаған батырынан», - деп батырды баяндаған (3).

Әжібай Қарпықұлы – (1791-1866) – батыр, би, датқа.
img_0755

Әжібай датқаның бейіті
Тегі – Орта жүз. Қыпшақ- Қара –Торы – Шашты (Кенжеғұл) – Бошай аталығынан.

Әжібай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы өңірімен Арқа беттегі Ұлытау, Ырғыз, Торғай өңірлерінде өмір сүрген.

Батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай аулынан 6 шақырым жердегі Итаяқ көлінің қасында орналасқан.

Әжібай батыр Сыр елінің азаттығы үшін күрескен. Ел аузынан алынған дерек бойынша Әжібай ірі, насатты, ержүрек, сұлу кісі болған екен. Бұл кісінің ірілігі соншама, елуінші өлшем аяқ-киім, кебіс киетің болған екен (5). Әжібайдың аты 1808/09 жылдары шыға бастады. Бұл кезде Қоқан билеушілерінің Сыр бойы халқына тізесі қатты батып тұрған кезі.

Бір күні 16-17 жастағы Әжібай Жөлектегі нағашысына қыдырып барады. Түркістанның бегі елден алым-салық жинай келіп, Жөлекте жатады. Бектің озбырлығының асқаны сонша әр күн сайын қара марқа қозының етін пісіртіп жеп жатады. Бұл қорлыққа шыдамаған Әжібай бір тәуекелге бел байлап, «Малым жанымның садағасы » дегендей, нағашыларына : - «Сендер уайымдамаңдар, бұл қорлық иә өршитін болсын, иә өшетін болсын, мені қыз етіп киіндіріп дайындаңдар» - дейді. Межелі уақытта бектің шабармандары «қызды» алып, бекке табыс етеді. Кеш түсіп, екеуі серуенге шығады. Қыдырып оңашаға шыққан соң Әжібай батыр бектің дыбысын шығармай, қанжарды алқымына таяп тұрып: - «Бек, иманыңды үйіре бер, кәпір өлімінде кетпе, көп асқанға бір тосқан бар», - дегенде бек Әжібайға жалына бастайды : - «Кім болсаң да менің жанымды қи, енді бұл іс қайталанбайды, менің де саған бір көмегім тиер», - дейді. Сонда бек уәдесінде тұрып, кейінгі бір Жөлектің жұма базарында жиналған бұқара алдында Әжібайды «төбе» би етіп сайлайды (6).

Әжібай батыр 1822-1825 жылдары аға сұлтан Сандыбайұлы Ерденнің көмекшісі болады.

Батыр бабамыз Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін қолдаушы және оған белсене қатысушы. Кенесары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтарының жеріне тұрақтай алмай, оңтүстікке қарай ойысқанда, Ресей үкіметінің қысымы мен құғынына ұшыраған Әжібайдың елі де Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қараған Шиелі қыстағының маңына көшіп барған. Әжібайды Қоқан ханы өз руының датқасы етіп бекіткен (7).

1861жылдың 11 мен 25 маусымның аралығында орыс патшасының тікелей нұсқауымен Орынбор мен Омбы губернияларында тұратын Кіші жүз бен Орта жүздің 189 беделді өкілдері шақырылып қатаң шекаралық тәртіп жөнінде сьезд шақырылды. Осы сьезге қатысқан Әжібай батыр туралы: - «Қыпшақтың белгілі биі, Кенесары мен Сыр бойына көшкен елдің бір бөлігіне Ақмешіт бекінісі құлағанға (1853ж) дейін датқа болған Әжібай Қарпықов», деп көрсетілген (6).

Омбы облыстық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттарда: «1862 жылы қазан айында Сарысу бойын жайлайтын Кіші жүз рулары мен Ұлытаудың батыс бөктерін мекендеген қыпшақтардың арасындағы мал дауын шешуге Әжібайдың ерекше ықпалы болғандығы » атап көрсетілген (7).

Батыр бабамыз 75 жасында қайтыс болыпты. Сыр бойының атақты ақыны Бұдабай Қабылұлы (1830-1890) Әжібайдың қазасына: -

«Елу сегіз жасында,

Шалқыдың шалқар теңіздей.

Елу тоғыз жасында,

Көзге түстің семіздей.

Әжібай-Торғай атандың,

Бірге туған егіздей.

Алаштан алдың алғысты,

Атаңа нәлет дегізбей.

Әділеттілігің жайылды,

Наушаруан салған негіздей» - деп көңіл айтыпты (8).



Найман Баспақ батыр

Тегі – Найман. Найман Баспақ батыр ХІХ ғасырда қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы мен Арқа өңірінде өмір сүрген.

Елі мен жерінің азаттығы үшін күрескен батыр баба жөнінде мынандай да ауыз-екі дерек бар. Бір күні Досбол би өзінің 40 шақты ниеттес қыпшағымен Сыр бойынан Арқаға қоныс аударады. Бұл Қоқан хандарының Досболды қудалаған кездері болатын. Сол кезде Арқадағы Наймандардың үлкен беделді бай кісісі Досболды өз елінің қадірменді кісілерімен таныстыруға шақыртады. Сонда Ақ боз үйде отырған ел ағалары түрегеліп, Досболға сәлем береді. Бірақ сол үйдің, сол жағында жатқан ірі денелі, шөккен нардай бір кісі, жамбасап жатып ыңыранып қол бергендей сәлем береді. Үйдің егесі отырған кісілерді таныстырады. Кезек жаңағы дәуге келгенде, - «Бұл кісі бүкіл Найман елінің сенімін ақтап жүрген атақты батырымыз, аты Баспақ» - дейді. Сол кезде Баспақ батыр өзінің кінәсін біліп, Досболға келіп қолын ұсынады. Досбол қолын алмайды. Сонда Досбол:- «Е, болса болар Баспақ Тана, жатысы айнымаған сиыр жатысы екен. Денесінің толықтығы Танадай болса бір соғымға жарайтын» - деп мысқылдап қоя салған екен. Әңгімеден Баспақ батырдың өркөкіректігі көрініп тұр (9).

Айта кетерлік жайт Сыр бойында төрт Баспақ деп аталатын белгілі ерлер болған.

Екінші Баспақ батырдың аты Мәмбетәлі, тегі-Қыпшақ-Көзей-Дөске аталығынан шыққан.

Көзей Баспақ батыр қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы өңірінде ХІХ ғасырда өмір сүрген. Мәмбетәлі батырдың Баспақ аталу себебі айдаһар-жыланды өлтіруінде. Қазіргі уақытта бізге бұл ертегі сияқты ғой, бірақ Сыр бойында арыстан, жолбарыс, айдаһар-жыландардың болғаны рас. Мәмбетәлі Айдаһарды өлтіргеннен кейін бір қарт кісі, оған айтады: - «Айдаһарды өлтіргенін сенің бағын, енді сенің атың Баспақ болсын » - деген екен. Көзей Баспақ батырдың ұрпағы Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында өмір сүріп жатыр. Қызылорда қаласының Шұғыла Мөлтек ауданының № 3 үйдің №52 пәтердің тұрғыны Бибімария Ахметова апай, сол кісінің ұрпағы болады. Ол кісінің сіңілісі Бибігүл Ахметова Қызылорда облыстық жүйке ауруханасында аяжан болып жұмыс істейді және Көзей Баспақ батырдың ұрпағы, қоғам қайраткері 1940 жылы туған Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы.

Үшінші Баспақ батыр – Қыпшақ-Шашты(Кенжеғұл)-Шағыр аталығынан шыққан Шашты Баспақ батыр.



Шашты Баспақ батыр – ХІХ ғасырда Шиелі өңірінде өмір сүрген.

Қоқан басшылығы кезінде Түркістан бегі Ақмешітте қыпшақтардың батырларымен кеңес өткізеді. Бұған қыпшақтың Шашты руынан, оның ішіндегі Шағыр атасынан Жаназар, Баубек, Баспақ деген батырлар қатысады. Мәжілісте орыс әскеріне қарсы тұруға даярлық жасау керек деген пәтуа болды (10).

Шашты Баспақ батырдың ұрпақтары жөнінде дерек жоқ.

Сыр бойында, Шиелі ауданының Тартоғай ауылының маңайында Қанжығалы Арғын руынан Баспақ деген белді кісі болған екен. Қазіргі уақытқа шейін Қанжығалы Баспақ атында, ауылдың маңайында Баспақ арығы бар.



Татай батыр

Тегі - Найман-Бағаналы аталығынан.

Татай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында және Арқа өңірінде ХІХ ғасырда өмір сүрген арқалы азамат.

Елі мен жерінің азаттығы үшін еңіреп өткен ерлердің бірі. Сыр бойы халқын Қоқан хандығы жаулап алғанда, Татай батыр өз әскерімен келіп Сыр бойы Қыпшақтарына көмекке келіп Қоқан басшыларына қарсы шыққан. Телікөл мен Жөлек өңіріндегі шайқастарда Татай батыр үлкен ерлік көрсеткен адам. Татай батыр сол шайқастарда Қоқандықтардың бір топ сарбаздарын қолға түсіріп, еліне алып кетеді. Оларды өз елінде бір жылдай шаруашылыққа пайдаланып, келесі жылы олардың барлығын Жөлектегі Қоқан бегіне әкеліп тапсырады. Сол жылы Қоқан бегіне барар кезде Татай батырдың анасы қояр – қоймастан баласының шекпенінің ішінен темір сауытын кигізіп жібереді. Татай батыр Қоқан бегінің алдына кіре бергенде, есік тасасында тұрған бектің жендеті Татай батырдың желкесінен қылышпен шауып жібереді. Бірақ қылышы дарымағанын көріп, жендет қаша жөнеледі. Сол кезде Жөлекті мекен еткен Қоқан бегі Татайдан кешірім сұрайды. Татай батыр жасынан – ақ Қоқан бектерінің қанқұйлы озбырлық саясатына қарсы күрескен (11).



Тұрсынбай Бүркітбайұлы (1788/98 – 1853 жж) – батыр, датқа.

Тегі – Қыпшақ-Қара-Торы-Тұяқты-Досан аталығынан.

Тұрсынбай датқа – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі мен Сырдария аудандарында (бұрыңғы Жөлек мекені) өмір сүрген.

Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленген. Ол кісінің қазіргі Сырдария ауданының Аманкелді ауылынан 30 (отыз) шақырым жерде «Дар құрған» жерімен қыстауы болған (9).

Тұрсынбай батыр жөнінде Сыр сүлейі Мәнсүр Бекежанов (1875-1933): -

«Бесінші, датқа болған Тұрсынбай бар

Дабысы Бұқар, Қоқан, Қыр-Сырда бар.

Қашқан жау қарсы тұрып көрген емес,

Суырса қынабынан қылышын әгар.» – деп жырлаған (3).

Тұрсынбай батыр – датқаның батылдығымен батырлығының куәсі іспеттес бізге жеткен сөзі: - «Елім үшін, халқымның қара тоқтысы болып бауыздалып кетсем арманым жоқ» - дегені. Батыр бабамыз елі мен жері үшін Қоқан ханына қарсы шығып, сол ханның қанішер баскесерлерінің қолынан қаза табады (9).

Тұрсынбай датқаның ұрпақтары да елге белгілі кісілер болған. Баласы Әлімбет (Әлмембет ) (1829-1909) болыс болған кісі.

Болыс бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылының қасындағы «Қожжан қожа» қорымында (12).

1880 жылы Ақмешіт қаласында Шиелінің сол кездегі волостной управителі Әйеке Бекежановты (1839-1880) болыс сайлауы кезінде Әлмембет Тұрсынбаев атып өлтіреді. Мұның аяғы ел ішінде зор бүліншілікке айналып кете жаздап, Бұдабай ақынның араласуымен рулық екі топ мәмілеге келеді.

Томан Көлдейұлы – батыр.

Тегі - Қыпшақ елі.

Томан батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі өңірінде өмір сүрген.

Елі мен жерінің азаттығы үшін күрескен Томан батыр Сыр бойында ХІХ ғасырда өмір сүріп, еліне қорған болған батырлардың бірі (11).

1853 – 1854 жылдары Қоқандықтар Жөлек бекінісін орыстардан қайтарып алу үшін ұрыс жүргізгенде Томан батыр орыс жағында соғысқан. Томан батыр елдегі барымташылардың іс - әрекетіне тосқауыл қойып, сыртқы жаудың шабуылын қайтаруда ерлігімен көзге түскен. Сыр өңірінде Томан батыр атымен аталатын жер – су атаулары жиі кездеседі (13).

Мыңбай Мөнтекұлы – палуан, батыр, датқа.

Тегі – Қыпшақ – Қара – Торы – Көкмұрын (Құдайменді) – Лақ аталығынан шыққан.

Мыңбай батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі өңірінде өмір сүрген.

Елімен жерінің азаттығы үшін күрескен Мыңбай батыр ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығына қарсы көтеріліс ұйымдастырған. Мыңбай батыр орақ тілді, от ауыз әділдігімен таңылған. Батыр бабамыз туралы ел аузында бірен – сараң үзінділер сақталған (11).


d:\жанакорган фото\img_2240.jpg

Көкмұрын атанған Құдайменді батырдың бейіті
Осыған орай елге белгілі Мәнсүр ақын Бекежановтың (1875-1933) Иманжүсіпке жазған хаты айқын дәлел бола алады. Ол халық мүддесін қорғаған батыр – датқаларды мақтан тұтып, Мыңбай батыр датқаның ерліктеріне ерекше баға береді: -

«Алтыншы болып еді Мыңбай датқа,

Палуан болған емес мұндай халықта.

Бір өзі қырық адамды байлап алған,

Ертеде ерлер ұрыс қылған шақта,» - деп жазады (3).

Бәубек батыр

Тегі-Қыпшақ-Торы(Торайғыр)-Шашты(Кенжеғұл)-Шағыр аталығынан.

Бәубек батыр - қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы жерінде ХІХ ғасырда өмір сүрген.

Баубек батыр датқа болған кісі. Бұл кісі Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылығына қарсы шыққан сыр бойының белгілі батырларының бірі (11).

Баубек батыр жөніңде Сыр бойының белгілі ақыны Мәнсүр Бекежанов (1875-1933), 1912 жылы Иманжүсіпке жазған хатында:-

«Үшінші, Баубек датқа болып еді,

Белгілі Қыпшақтағы орын еді

Ақыл, қайрат үстіне бақ пен дәулет,

Айрықша бір басына қонып еді» - деп жырына қосқан (3).

Қоқан басшылығы кезінде Түркістан бегі Ақмешітте қыпшақтардың батырларымен кеңес өткізеді. Бұған қыпшақтың Шашты руынан, оның ішіндегі Шағыр атасынан Жаназар, Баубек, Баспақ деген батырлар қатысады. Орыс әскеріне қарсы тұруға даярлық жасау керек деген пәтуа болды (10).



Жанкісі Қаратайұлы - батыр, би, ақын.

Тегі – Қыпшақ, Сары аталығынан.

Жанкісі батыр – ХVІІІ ғасырдың аяғында ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында қазіргі Қызылорда облысынын Шиелі, Сырдария аудандарында өмір сүрген.

Халыққа қадірлі, беделді адам болған. Ол Сыр бойындағы Сары қыпшақтарға және олармен көршілес қыпшақ руларына да басшылық еткен. Жанкісі Қоқан ханының халыққа жүргізген озбырлық саясатына қарсы шығып, халықты бастап әділдік үшін күресті. Көтерілістің үйымдастырушысы, көсемі болады.

Жанкісі батыр атақты Жұмық бидің шөбересі болып келеді.

Ол аумалы-төкпелі заманда (шамасы ХVІІІ ғасырдың бас кезі) Арқа жеріндегі қонысын тастап, әуелі Сыр бойына келіп қоныс тепкен. Өмірінің кейінгі кезеңінде, ол сол кездегі Хиуа хандығының қол астында болған Амудария бойындағы Үргеніш жерін бұрыннан қоныстанған аударып барған Сары қыпшақтарға барып қосылады да, сол өңірді мекендейді. Жұмық би өз кезінде Сыр бойындағы Сары қыпшақ туыстарымен үнемі қатынас жасап тұрған. Сыр бойындағы Бошай қыпшақтармен құда-жекжаттық қатынаста болған. Жұмық би өзінің болымды, әрі есті болып өскен Баршагүл атты қызын Сыр бойындағы Бошай қыпшақтыңауқатты байы Қуатбайға ұзатады. Қуатбайдан Торғай туады. Сары қыпшақтың жиені Торғай өз заманында озық ойлы, парасат-пайымы мол, аузы дуалы, ел арасында бедел иесі болған адам. Қоқан хандығының үстемдігі кезінде халқына қалаулы Торғай «датқа» деген құрметті атақты иеленген (14).

Жанкісі батыр «Қоқан ханына айтқаны» атты өленінде: - « Ассалаумағалейкум,

Алдияр, тақсыр ханымыз!

Алдыңа келді қарашың

Арызды қабыл алыңыз.

Өтірік болса арызым,

Мінеки, сізге жанымыз. - деп айтқан екен (3).

Жанкісі бидің «Қоқан ханына айтқаны» алғаш 1875 жылы «Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» (Записки Оренбурского Российского Географического Общества 1875г. Выпуск ІІІ) жарияланған. «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» басылды (14).

Ел ауызында Жанкісінің қоқандықтар қолынан өлгені және өлім арты кұн даулаған үлкен толқынысқа ұласқаны туралы дерек сақталған.



Жаназар Досқанаұлы - (1818/22-1881/85жж) – батыр.

Тегі - Қыпшақ-Қара-Торы-Шашты(Кенжеғұл)-Шағыр аталығынан.

Жаназар батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі, Сырдария өңірінде туып, өмір сүрген.

Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе станциясынан Дәлкен-Сырық деген жерге қарай 25 шақырым қашықтықта орналасқан (15).

Шиелі өңірін жайлаған қалың Қыпшақ елінде, кәдімгі мал баққан момын шаруаның отбасында дүниеге келіп, Сыр бойындағы Ашата жайлауында дүниеден өткен. Жаназар батыр Шиелі өңірінінде дүние салғанша ел арасында өте қадірлі, беделді кісі болған. Жаназар батыр тізгін тартып, атқа мінген күннен бастап басынан сөз асырмайтын намысшыл, өжет өткір тілді жігіт ретінде көзге түсіп, ел аузына ілінеді. Оның үстіне құдай оған өлшеусіз қайрат – күш, қайтпас жүрек, мұқалмас мінез беріпті (6).


Жаназар батырдың ескеркіш кешені

Бұнда батыр жерленбеген.

Ел аузындағы ауыз екі дерек бойынша батыр бабамыз қатты ашуланғанда сол көзі ұясынан шығып кететін болса керек. Сондықтан көзін орамалмен байлап алатын болған. Батыр желкесінен құйымшағына дейін жал байлап жатқан. Қаншалықты қар жамылып, мұз жастанып жүрсе де, бес уақыт намазын қаза жібермеген, дәретсіз жер баспаған. Осындай имандылығының арқасында нақақтан-нақақ қан төкпеген (16).

Жаназар батыр ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Базарқұлұлы Малай батырдың шөпшегі болады. Малай батыр кезінде елін, жерін, суын жауға бермей өткен баһадүр адам болған.

Жаназар батырдың жас кезіндегі жасаған ерлігіне келейік. Бұл 1835-1839 жылдары болған оқиға.

Сыр бойы қазақтарының Қоқан басқыншыларына қарсы көтерілуіне белсене қатысқан Жаназар кезінде Қыпшақ әскерінің жүзбасы санатында талай мәрте Жөлек, Жаңақорған, Созақ бекіністерін қоршауға, шабуға қатынасқан. Бұл кезде Жаназар батыр діні, тілі бір қоқандықтар жағына шығып, елдің күнбатыс беткейінен келген басқыншыларға қарсы ұрыстарға кірісіп кетеді. Жаназар аз уақыт Кенесары қозғалысына қатысқаны белгілі. Атақты Иман батыр бастаған Қыпшақ қолына барып қосылған. Әулие Атаға дейін ілесіп барады да, әлдеқандай себептермен осы жерде атының басын кейін бұрып, елге қайтып келеді. Қариялардың айтуынша Жаназар Наурызбай батырмен бірден-ақ бір-бірімен қабақтары жараспай, тіпті өзара бәсекеге түскенге ұқсайды. Кенесары хан Жаназардың өзінің інісі Наурызбайдан басым екеніне көзі жеткен (11).

Жаназар батырдың ту ұстаушысы Сыр бойына белгілі Ерке батыр болған екен (17).

Ерке батырдың туған бауыры Серке батыр болған кісі. Ағайынды Ерке мен Серке батырлар Сыр елінің азаттығы үшін күрескен ардақты ерлер.

Жарсайын батыр

Тегі -Қыпшақ-Қара-Торы-Тұяқты-Бәйбіше аталығынан.

Жарсайын батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі өңірінде ХІХ ғасырда өмір сүрген.

Елінің азаттығы үшін және Қоқан хандарының озбырлықтарына қарсы шығып ерлік көрсеткен. Жарсайын батыр мен бірге Жиенмұрат батыр, Назар батыр орасан ерлік жасаған (11).

Шиелі өңірінде ХІХ ғасырда Жансейіт батыр мен МәшҺүр Жүсіп батыр деген кісілер сыр елінің азаттығы үшін күрескен айтулы ерлер болған. (18).

Тұрғанбай Сіргебайұлы (1794– 1850) – батыр, би, датқа (пансат).

Тегі –Қыпшақ - Қара –Торы - Шашты (Кенжеғұл) - Құтым аталығынан.

Тұрғанбай батыр - қазіргі Қызылорда облысы Шиелі өңірі мен қазіргі Онтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Шілік елді мекенінде өмір сүрген.

Тұрғанбай батыр Сыр елінің азаттығы үшін, Қоқан хандығының озбырлығына қарсы шыққан.

1800-1809 жылдары Қоқан ханы Әлімқұлдың тұсында Сыр бойын басып алады. Қоқан ханы Омардың 1809-1822 жылдары тұсында осы күнгі Шымкент, Сайрам, Түркістан, Жанақорған, Жөлек, Ақмешіт секілді ежелгі қазақ шаһарлары еркіндіктерінен айырылады. Әсіресе Мәдәлі (1822-1842), Құдияр (1845-1875) хандар дәуірінде қазақтар айрықша тақсірет тартады. Сыр бойына мықтап табан тірей бастаған Қоқан билеушілері өздерімен бірге қатал тәртіптерін, сұрқия саясаттарын да әкеліп орнықтыруға әрекет етеді. Тағы бір айтатын жәйіт қоқандықтардың кейбір хандары, әскербасылары, бектері Қыпшақ руынан болғаны тарихтан белгілі. Қоқандықтар Сыр бойын жайлаған елдің әрбір 1000 үйді басқаратын ел ішінде абырой, атақтары бар кісілерді датқа қылып тағайындайды. Ел ішінде бұрыннан ержүректілігімен, әділдігімен аты шығып жүрген, 18 ғасырда өмір сүрген Шашты Қыпшақ Ботықараұлы Құтым батырдың ұрпағы Сіргебайұлы Тұрғанбай батырды датқа, оның ішіндегі пансаты қылып тағайындайды.

Батыр баба 1850 жылы Ташкент бегі Қанағатпен бірлесіп Қоқан ханына қарсы шығып қаза болады. Қоқан ханы Тұрғанбай батырға енген 17 (он жеті) би мен 4000 (төрт мың) қыпшақ қолын дарға асып, оның өзін Былқылдақ деген жерге ыстық су құйып өлтіреді (11).

Тұрғанбай батырды Сыр сүлейі М.Бекежановтің (1875-1933) жырында:

«Тұрғанбай – сол Шаштының Құтымынан,

Сен соның, Иманжүсіп тұқымынан.

Бабаңның ілгергі өткен жайын айтып,

Жаздырды хикая етіп жұртың мұнан.» - деп асқақтата жырлаған (3).

Тұрғанбай батырдың бауырлары ер жүректі, намысшыл жігіттер болған. Батырдың Ордабай, Тіленші деген інілері,балаларымен осы соғыста қаза болған. Ал, кенже інісі Басықара (1827-1854) кейін орыс әскерімен болған шайқаста 27 жасында қаза табады. Қазір осы есіл ерлерден ұрпақ жоқ.

Тұрғанбай батырдың бәйбішесі ерден өткен батыр тұлғалы Малбике Қоқан ханының қуғынына ұшырайды. Тұрғанбай батырдан Құтпан (Баймырза) батыр туады, одан Иманжүсіп батыр-ақын (1863-1931) туады. Құтпан батыр Кенесары хан жасағында болады. Құтпан Кенесары көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін, Сыр бойынан Ертіс өңіріне қоныс аударып, қалған өмірін сонда өткізеді.

1831 жылы Тұрғанбай бастаған Сыр бойы қазақтарының Қоқан билігіне қарсы көтеріліс болады (11).

1832 жылы Малбике анамыз қайыны Басықарамен қоқандықтардан қашып жүргеннен кейін, ері Тұрғанбай батырмен қайтып қауышқан болуы керек. 1850 жылы Тұрғанбай батыр қаза болғанда, інісі Ер Басықара 23 жастағы жігіт, 1854 жылы Басықара батырдың өзі Арқада жүріп, орыс әскерімен болған шайқаста 27 жасында қаза болады.

Ал, енді Тұрғанбай батырдан тараған ұрпақтары жөнінде сөз қозғасақ, ұрпағынан өнкей батыр шыққан. Баласы Құтпан (Баймырза) батыр, оның зайыбы Үміш (Ұрқия), тегі – Бәсентиін Арғын ержүрек, қайратты адам болған. Құтпаннан Ақшабай бай, Шоңай би, Иманжүсіп батыр, балуан, халық композиторы, әнші, ақын туады.



Жиес Наушаұлы – (шамамен 1832/37-1913/18) – батыр.

Тегі – Қыпшақ-Қара-Торы-Тұяқты-Досан-Тәңірберген аталығынан. Жиес батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі мен Сырдария ауданында өмір сүрген.

Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді ауылынан шығысқа қарай 3-4 шақырым жерде Баржық (Баршық) моласының маңайында орналасқан. Қазіргі уақытта төртқұлағы құлаған.

жиес батырдың биійіі

Жиес батырдың бейіті
Жиес батырдың батырлық мінездері бала кезінен байқала бастаған.

Жиес батыр өзімен немене бауыр болып келетін, Тұяқтының Бәйбіше аталығынан шыққан Жарғайын батырмен жақын дос болған. Жарғайын батырдың жасы Жиес батырдан шамалы үлкендеу болған.

Елде оларды Жарғайын-Жиес дейді екен.

Жарғайын батыр – қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жөлек маңайында ХІХ ғасырда өмір сүрген.

Жарғайын мен Жиес батырлардың ұраны: - «Әкең Жарғайын-Жиес» - екен.

Елде: - «Жарғайын-Жиес ұранын есіткен адам қарсы тұралмай, көтерілмейді. Бесікте жылап жатқан бала атын есітсе жұбанып қалады – деген сөз қалған екен.

Жарғайын-Жиес батырлар Тұяқты Тұрсынбай датқаның баласы Әлімбет болыстың (1827-1909) сарбаздары болады.

Жиестің жалғыз баласы Әбдіраман сауатты болады, арабша жазу білген. Ауылда колхоз құрылғанда, колхоз председателінің орынбасары, кейін бригадир, ферманың бастығы, мурап болады, бірақ партия мүшесі болмаған.

Жиес батырдың ұрпақтарында 1959 жылға дейін алтыатар мылтығы үйде кебежеде сақталып келген. Кейін белгісіз жағдайда мылтығы жоғалып кеткен (12).

Сыр бойы халқы ұзақ жылдарға созылған жоңғар шапқыншылығына, Бұқара, Хиуа мен Қоқан хандықтарының озбырлығына қарсы өздерінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін әділетті соғыс жүргізді. Бұл күресте қазақ жерінің тәуелсіздігі үшін Сыр бойының батырлары жаудың дүркін-дүркін қайталаған басқыншылық шабуылдарына бүкіл қазақтың жасақшыларының бірінші легінде тойтарыс беріп отырды.

Қорыта айтқанда, Шиелі ауданынан шыққан Сыр бойының батырлары ел басына күн туған қиын-қытау заманда халқына қорған бола білген айтулы ерлер. Оған ел жадында сақталып, бүгінге жеткен фольклорлық мұраларымыз бен мұрағаттағы жазба деректер куә. Сыр бойының батырларының тәуелсіздігімізді сақтау жолындағы ерлік істері ұрпаққа үлгі әрі өнеге болмақ. Батырларды ұлықтау қажет, олардың есімдері өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылықты ұялатып, отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы өте зор.

Осы зерттеу жұмысым Шиелі ауданынан шыққан Сыр бойының батырларының рухтарына жасаған тағзымым. Батыр бабаларымыздың мұрасына бас иію, олардың жарқын істерін насихаттау – бесігіміздің бүтін, жеріміздің тұтас болуының, Мәңгілік Ел болуының негізі болып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен дерек көздер

1.Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жөлек ауылының әкімі Бегімбет деген кісінің дерегін, осы ауылдың түлегі Қызылорда Гуманитарлық Университетінің оқытушысы 1975 ж.т. Сәуле Алтынбековадан алдым.(2009 ж).

2.Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда қаласының тұрғыны, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы Сәтбай Дастан деген кісіден алынған дерек.

3.М.Байділдаев. М.Мағауин. Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. 2 т. Алматы: Жазушы, 1989 ж, 406, 326, 409 б.б.

4. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда қаласының тұрғыны, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, Кеңбай батырдың шөбересі Асқаров Алпысбай Асқарұлының дерегінен алынған мағлумат.

5. Бақытжан Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылының тұрғыны Абасилов Бақыт деген кісінің ауыз-екі дерегінен алынған мағлумат.

6. «Шаштылар» Шежіре. Алматы. Қайнар, 2002 ж, 54,55, 216 бб.

7. ҚҰЭ. 1 т. «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы». Алматы. 1998 ж, 643 б.

8. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т. Алматы, Жазушы, 1989 ж, 333,334 бб.

9. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, бұл деректі Қызылорда қаласының тұрғыны, шежіреші Жұмабеков Әнуар алынды.

10. 3. Ш.Әшімұлы. Сыр ғұламалары. Діни тарихи аңыздар. Шымкент, 2002 ж, 192 б.

11. М. Аяпұлы, Н. Қасымұлы «Ата мекен» (Шиелі өңірінің шежіресі) Алматы, Мұраттас, Қайнар баспасы, 1998 ж. 21, 23, 208, 214 – 216 бб.

12. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Аманкелді ауылының тұрғыны, Тұяқты Жиес батырдың немересі 1937 ж.т. Кеңесбек Әбдіраманұлының дерегінен алынған.

13.«Сыр елі» Қызылорда облысы энциклопедиясы Алматы, Атамұра, 2005ж. 486 б.

14. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Сары қыпшақтардың шежіре кітабынан дерек берген, Қорқыт ата атындағы ҚМУ –ң т.ғ.к Сағат Тайманов.

15. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда облысы Шиелі ауданы М.Шоқай ауылының тұрғыны Дәуренбеков Қазыбек Сәулебекұлынан алынған дерек.

16. М.Үмбетов «Жаназар батыр» // Сыр бойы 1999ж. 6 қараша, 7б.

17. К.Бердәулетов «Бұқарбай батыр» Алматы, Қазақ университеті, 1992ж. 50, 51б.



18. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, «Өскен өңір» Шиелі аудандық газетінде 2009 жылы шыққан мақаладан.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет