Жұмыс теориялық жағынан дәлелдегендіктен, қорғауға лайық деп есептеймін



Дата16.07.2018
өлшемі244.74 Kb.
Алматы облысы Көксу ауданы Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Мұқаншы орта мектебінің 2 сынып оқушысы Байжан Аминаның «Ат - ер қанаты» атты жұмысына
ПІКІР
Жұмыстың мақсаты- ұланғайыр казақ даласының, кең байтақ өлкенің тыныс-тіршілігі, өмір салты, өнер білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жататынын көрсету. Бастауыш сынып оқушысы өз жұмысында: жылқы - мінсе көлік, жесе ет, ішсе сусын екендігін түсінген. Жылқы еті де, сүті де, қаны да, терісі де дәрі. Қазақ халқы ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып елең етпес қазақ жоқ. Жас буын тек жылқының пайдасын ғана зерттеп қоймай, аттың өсуіне, түсіне қарай бөле алған. Жас шәкірт үшін қандай шығармашылық жұмыс болмасын іздене білгендігінде.

Жұмыс теориялық жағынан дәлелдегендіктен, қорғауға лайық деп есептеймін.


Жоба жетекшісі: Бастауыш сынып мұғалімі: Хапан Роза

АННОТАЦИЯ
Оқушының осы шығармашылық-ғылыми жұмыс жобасының арқауы болған жылқы- біздің ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз. Ата-бабаларымыз жылқыға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, он мыңнан қазанат деп батасын беріп, әділ бағасын берген. Батырларымыздың бес қаруының бірі болған елін, жерін ата-жаумен алысқандағы серігі болғанын өткен тарихымыздан білеміз.

Сонымен қатар халқымыз атты өсуіне қарай: құлын, тай, құнан, дөнен, бесті болып бөледі. Ал, реңіне қарай: қылаң, қызыл, қара, боз, көк, ала, торы, құла, жирен, сұр, күрең, бурыл, шабдар деп түсін ажырата білгені осы жұмыста көрсетілген.


АННОТАЦИЯ

В этой научно-творческой работе отражена пользадомашней животной-лошади.

Работа написана учеником начального класса, о конях, которые живут у нас дома, и которых мы знаем гораздо хуже, чем думаем.

Большую часть своих исследований ученик посвятил изучению жизни животного, его породы и возрасте.
ANNOTATION

In this scientific and creative work reflected the benefist of horse which is our national culture and histori.

The work is written primary school student, on the horses, which live in our home, and we think.Student devoted most of his research for the animals life, breed and age.

The Kazahs divide horses according to growth; Khulyn, tai, khunan, donen, besti, and according to their color: red, black, blue, grey etc.


МАЗМҰНЫ:

 


  1. Кіріспе .................................................................................................. 3




  1. Негізгі бөлім

2.1. Жылқының тарихы ............................................................................. 4

2.2. Ер қанаты – ат ..................................................................................... 4

2.3. Жылқының түрлері ............................................................................. 5

2.4. Жылқының өмір сүру кезеңдері ........................................................ 6

2.5. Жылқыны баптау ................................................................................ 7

2.6. Жылқыны күту, тамақтандыру .........................................................  8

2.7. Жылқы тұқымын асылдандыру ......................................................... 9


3.   Жылқының қасиеті ............................................................................. 11
3.1. Жылқы етінің адам ағзасына пайдасы ............................................. 14

3.2. Жылқы сүтінің пайдасы .....................................................................15


4.   Қорытынды .......................................................................................... 17
5.   Пайдаланылған әдебиеттер ................................................................ 18

 

 



 

 

 




КІРІСПЕ

Ерте заманнан бері төрт түлікітң «төресі» аталған қасиетті түліктің бірі қазақ халқы үшін жылқы малының орны ерекше.

Қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі - ең қасиетті, ең қадірлі малы. Өйткені ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің тыныс-тіршілігі, өмір салты, өнер білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.

Жылқы - мінсе көлік, жесе ет, ішсе сусын. Жылқы еті де, сүті де, қаны да, терісі де дәрі. Қазақ халқы ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып елең етпес қазақ жоқ.

Жылқы - өзінің әу бастағы қайталанбас қалпын күні бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан аңыздарға арқау, ертегілердің ең сүйікті кейіпкері, үзілмес желі болған сипаты бөлекше жаратылған жануар. Қазақ үшін жылқының ерекше: Тайбурыл, Шалқұйрық, Керқұла, Бозайғыр, Құлагер сияқты аттар қазақ ертегілері мен жырларының, әндерінің алтын арқауына айналған.

Ата-бабаларымыз жылқыға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, он мыңнан қазанат деп батасын беріп, әділ бағасын берген. Батырларымыздың бес қаруының бірі болған елін, жерін ата-жаумен алысқандағы серігі болған, небір өткен тарихымыздан білеміз. Жылқы біздің ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз. Жылқы түлігі туралы таным – түсінігімізді байыту, бүгінгі күннің талабы екенін білеміз, бүкіл қазақ баласының қиялын тербеп, мықтылыққа, сұлулыққа тәрбиеледі.

Жылқы қазақ даласының екінші есімі еді ғой. Осынша даланы меңгеру үшін, осынша шалғайлықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болады. «Ер қанаты - ат», «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» - деген секілді даланың өзіндей шетсіз, шексіз қанатты сөздер ғасырлар бойы халық жадында сақталы келеді.Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі - ат туралы болатын. Өзінің ұлттық тарихында бүкіл тұрмыс-тіршілігі тек қана атқа байланысты жылқы малына қатынасты ел қазақтан өзге кемде-кем.

Тарихи деректер бойынша адам баласы жылқыны біздің жыл санауымзға дейінгі 3-4 мың жыл бұрын қолға үйреткен. Негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалы аймағы, Орталық Азия және Қазақстан алқабы деп саналады. Қолға үйретілген жылқы малының арғы тегі жабайы жылқылар – Тарпаң мен Керқұлан деп есептеледі.

Халқымыз атты өсуіне қарай: құлын, тай, құнан, дөнен, бесті болып бөледі. Ал, реңіне қарай: қылаң, қызыл, қара, боз, көк, ала, торы, құла, жирен, сұр, күрең, бурыл, шабдар деп түсін ажыратқан.
 

2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1. Жылқының тарихы

Жылқы – тақтұяқтылар отрядының бір тұқымдасы. Жылқы адамзат өркениетіндегі, әсіресе, дала өркениетіндегі дамудың жарқын да елеулі көрсеткіштерінің бірі болады. Жылқыны қолға үйрете бастау көшпелі шаруашылық пен өркениет дамуының негізін қалады. Қолға үйретілген жылқының шаруашылықта маңызы зор. Ол – ет және қымыз өндіру, салт міну, арбаға не шанаға жегу, әскери және спорттық бағыттарда өсіріледі.

Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Қолға үйретілген жылқы малының арғы тегі жабайы жылқылар – Тарпаң мен Керқұлан деп есептеледі. Бұлар ерте қаманда Орталық Азия және Қазақстанның кең байтақ далларында мың-мыңдап, үйір-үйірімен жайылып жүрген. XVII-XVIII ғасырларда қазақ халқы тарпаңды жылқы үйіріне қосып тұқымын асылдандырып, етін пайдаланғаны жайлы мағлұматтар бар. Біздің тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы. Содан да болар «Жылқы – төрт түліктің төресі» деп атам қазақ бекер айтпаған. Ерте заманда қазақтар кішкентайынан баласын атқа мінгізіп үйреткен. Қазақ халқының тарихының тереңіне үңілсек бабаларымыздың елін-жерін қорғап, ата-жаумен алысқандығы қанды көйлек жолдасы, даңқын аспандатқан кемеңгер қолбасшы Күлтегеннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы жадымызда жатталып қалады.

Қазақ жылқысының тұқымдары ертеден белгілі болған. Олар өсіп-өну ортасына қарай әртүрлі болып келеді. Қазақ жылқысы онша ірі болмағанымен, шымырлық, еттілік, сүттілік, күш-көліктік жағынан жақсы жетілген.

2.2. Ер қанаты – ат

Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады.

Туған баласын түліктің төліне теңеу де көшпенділердін, әсіресе, қазаққа тән қасиет. Ата-ана баласын құлыным, құлыншағым деп құлпырта мекіреніп, оның томпаң қағып, зыр жүгірген жүрісін құлындай құлдыраңдады деп бейнеледі. Ал қазақ баласы болса құлын болып кісінеп, тай-құнан боп тулап, асау болып алысып, ат болып жарысып ойнап, тарпаң болып ер жетеді.

Ежелден қалған ескі сөз – ер қанаты – ат. Тақымы атқа тиген алаш баласы әр уақытта арқаланып, аруақтанып, қиялына қанат бітіп шабыттанып, қуат қосып қайраттанады.Шыңғыс ханға және оның ұрпақтарының ұлы жорықтарының туының жығылмауы да аттың күші еді.

Көшпенділердің бес қаруы сайма-сай салт атты шеріктері садақ ату, шоқпар сілтеу, найза салу, қылыштасу, ат үстінен аударып түсіру сынды әскери сайысқа ат үстінде машықтанып, ат құлағында ойнады.Ат бәйге, көкпар, аударспақ, теңге ілу, жамбы ату, шеген, қыз қуу сынды ұлттық ойындарымызды талай аламан додаға түсіп әбден машықтанған сәйгүліктерсіз елестету мүмкін де емес.

Көшпенділердің аңыз-ертегі, ақиық жыр, айтулы дастан, батырлық эпостарының басты кейіпкерінің бірі болып жылқы жырланып отырады. Ол елін, жерін жасанған жаудан қорғаған батырлардың астындағы аты ғана емес, сенімді серігі ретінде суреттеледі.

Жылқының тас қараңғы түнде жарты тарыны көретін жанарының өткірлігі сынды жаратылыс ерекшеліктерінің өзі бір төбе.

Қазақтың сән-салтанатының көркі де – жылқы. Әбзелінің әшекейі аппақ сүттей ай нұрына жарқырап, күмбір-күмбір күмбірлеген күліктер жегілген күймелі қазақы арбаларда аққу мойын, алма төс қазақ арулары кетіп бара жатты. Алайда, ат десе ішкен асын жерге қойған қазақтан бұл күнде ат десе селт етпейтін қазақты да табуға болады.

Жылқының жасын, мінез-құлқын, түр-түсін, қадыр-қасйетін, түп тұқиянын өзгеден артық білетін бір жұрт болса, ол – қазақ. Соның үшін де қазақ тілінде жылқыға байланысты, соның ішінде тек атқа байланысты «ер қанаты- ат; атың барда ел таны желіп жүріп; жылқының үсті – жел, сүті – ем; атты тағаласаң есек аяғын көтереді; тигізбейді қазанат қамшы, азамат жоғын білгізбейді; ат айналып қазығын табар; ат тұяғын тай басар; ат аунаған жерде түк қалар… т.б. толып жатқан мақал-мәтелдер туса, «ат төбеліндей; ат бауырына түсіп; ат құлағында ойнау; атқа мінер; аттың жалында…қатарлы фазеологиялық тіркестер қалыптасты. Ат ән мен күйге арқау болды. «Маңмаңкер», «Ақ бақай», «Сал торы», «Қара жорға» сынды әндер, «Құлжагер», «Тел қоңыр», «Қос күрең», «Көк дөнен» сияқты күйлер өмірге келді.

2.3. Жылқының түрлері

Жылқы жүк жылқысы, мініс жылқысы, жазық, дала жылқысы, тау жылқысы, солтүстік дала жылқысы болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылқының 250-дей түрі бар. Қазақстанда жылқының 16 түрі өсіріледі.

Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген: 1) Күшті, еті тығыз аттар, ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қоңға пайдаланылған; 2) Жүрдек аттар, күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы, салт жүріске жарамды жылқылар; 3) жүйрік аттар деп бөледі. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағаланған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайылымда жақсы семіреді. Семіртіп сойған жабы жылқыдан 53-57%, кейде 60% ет береді.

Халқымыз жылқыны жасына қарай сақа ат, сақа айғыр, бесті, дөнен, құнан, сәуірік, сетер, қулық, тай, жабағы, құлын, т.б. деп бөледі. Сонымен бірге жынысына қарай ат, бие, айғыр, азбан деп ажыратады.

Жылқыларды онға бөледі: жабағы, Адай жылқысы, Көшім жылқысы, Қостанай жылқысы, Буденный жылқысы, Ахалтеке жылқысы, салт мініс жылқысы, желісті жылқылар, сондай-ақ орыстың желісті жылқысы және қазақ жылқысы болып бөлінетіні тағы бар.

Қазақ жылқысы ауа райының құбылмалы жағдайына төзімді, жем-шөп талғамайды, үнемі далада, тебінде, жайылымда жүріп күнелтеді. Бұл жылқының басы үлкен, сағалдырығы кең, көздері кішілеу, мойны жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы аласа, төсі кең, қабырғалары ұзын және тік келеді, аяқ сіңірлері шығыңқы, көрініп тұрады.

Реңіне қарай: қылаң, қызыл, қара, боз, көк, ала, торы, құла, жирен, сұр, күрең, бурыл, шабдар деп түсін ажыратқан.

Қазақ халқының жылқы түлігіндегі жақсы көретін түсі – қаракөк. «Қаракөк не жүйрікті алсам, не берікті алсам» деген сөздің астарына үңілсекберік, жүйрік аттардың қаракөк түстен шыққанын көреміз. Тағы да бір жақсы көретін түсі шұбар. Оның өзі бірнешеге бөлінеді: бозшұбар, байшұбар. Атбегілердің айтуы бойынша шұбардың тұқымы өте аз, бірақ айрықша сүйкімді келеді.

Өткен замандарда қазақтың байлары жылқы үйірлерін жүздеп, мыңдап түске бөліп өсірген. Сарыарқада XIX ғасырда өмірі сүрген Алда мен Шуман байлар 17-18 мың жылқы өсіріп алты түске бөлген. Сондай-ақ байлар, хандар, аухатты адамдар атының түсіне сай киім киген. Абылай хан Алшаңбозына мінгеде ақ киім киіп шыққан. 


    1. Жылқының өмір сүру кезеңдері

Түріне, күтімі және өсу айналасына байланысты қазіргі үй жылқысы орташада 25-30 жыл жасайды. Кей кезде, кейбір жануарлар жасы 40-тан асады.  Жазу деректеріне сай ең көп 19 ғ. Ескі Билли деген ат 62 жыл өмір сүрген.  Қазіргі заманда, Шуга Пафф деген пони 2007 ж. 56 жаста өліп Гиннесс кітабынаенген.

Жылқы төлдерін былай бөледі:

        құлын (биенің жас төлі),

        жабағы (6 айдан асқан құлын),

        тай (1 жастан асқаны) деп атайды.

Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:

        құнажын байтал (2 жастан асқаны),

        дөнежін шығар (3 жастағы байтал),

        дөнежін байтал (3 жастан асқаны),

        бесті бие (4 жастан асқаны),

        қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),

        кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),

        жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.

Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:

        құнан айғыр (2 жастан асқаны),

        дөнен айғыр (3 жастағысы),

        сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),

        бесті айғыр (5 жастағысы),

        сақа айғыр (11 – 12 жастағысы), т.б.

2.5. Жылқыны баптау

Сыны келіскен сәйгүлікті нағыз атбегілер ұқсата жаратып барып көзге түсіреді. Аты келіскенмен бабы келіспесе аттың бағы байланады, бабы келіскенмен аты келіспесе, иесінің меселі қайтады. Сондықтан да сәйгүлікті жарату үшін оны ең алдымен шабатын етіне келтіріп алу шарт. Мәселен, семіздігі үш-төрт елі шығатын атты сартап етіп, бабына түсіру үшін кемі 25-30 күн қажет екен. Күн сайын 15-20 шақырым жер жүріп келіп, 4-5 күнде бір таң асырып отырған жылқы қалаған бабына түседі.

Жүйрік атты танып-біліп, оны күтіп-баптай алатын ерекше дарынды адамдар болады. Әрине, бітімі қанша керемет болғанымен, жүйріктің бапсыз шаппайтыны белгілі. Бапкерлердіңтәжірибелері бойынша «ол жүйрік атын жаздың күні түнде қоя беріп, күндіз үш уақыт биенің сүтін сіміртіп, жабулап мама ағашқа байлап қояды. Бәйгеге қосардан бір күн бұрын терін алады. Тер алу үшін көбіне ауаның тымық кезін пайдаланады. Екіндіге қарай сауырынан құлақ түбіне дейін үлкен текеметпен тұмшалай жабулап, үстіне салмақты жігіттің бірін мінгізіп, сүйегіндегі сасық тері шыққанша әрі-бері желе шоқытады. Содан соң ер-тоқымын сыпырып тастап, қас қарайғанша жаяу жетелейді. Суынғандағы әдеті бойынша аттың есінеп, іле-шала жата қалып аунап, сілкіне түрегелген кезінде әкеп, суға бөктірілген үш-төрт қос уыс ақ сұлы беріп таң асырады. Таң аппақ атқан шақта ауыл сыртына алып шығып, жетелеп жүріп жаяды. Ол ең алғаш шөпті қомағайлана қауып асайды. Бара-бара ашқарақтығы басылып, тоқмейілси бастайды. Суды да көп ішкізбейді. Бір-екі сіміріп қана ауызын шайқап, жағадағы көк құрақты орып-орып жіберіп суын басып, содан соң терін үгіп, құйрық жалын тарап, мамаға қайта әкеліп байлайтын» болған.

Мұндайда ат суытудың негізінен үш мезгілі болады. Ол аттың қаншалықты қиналғанына, арық-семіздігіне байланысты. Егер жол жүріп келген атты күн батып бара жатқан кезде отқа қойса - күн таластырып суыту (отқа қою), жатарда қойса - қазансуыт, таңға жуық жіберуді - таңасыру дейді. Егер дұрыс суымаса, қаны бұзылып, арқасы ісіп, жүдеп-жадайды. Тоқтай шапса: тезегі аударылып кетеді де, дереу өледі. Өйткені, тоқ ішектегі жылқының тезегі үлкендігі жас баланың жұдырығындай және төрт бұрышты болады. Егер ол күшпен аударылып кетсе, пішінін өзгерте алмайды да, ішектен жүрмей қалады.Бұл - бір. Екіншіден, қаны бұзылып, қызыл май болады. Жылқыға жаны ашымайтын салақ адамдарға қандай жақсы ат мінгізсең де бәрібір, бірер жылдан соң оны қыршаңқы, не ақсақ етіп тынады.

Бұл - жүйрік атты бәйгеге қосар алдындағы бабы. Нағыз бапкерлер жүйрікті жылдар бойы баптайды. Қыстай көк жоңышқа мен ақ сұлыға бағып, сүйегін ағартып, қанын толтырып, семіртеді екен. Содан соң көктемгі қар суымен біраз күн өріске жіберіп, сары шөпке жайып алады. Сонда сары шөп пен сүрі қар іш майын жеп, қазысын жұқартады. Тек қара еті ғана толық күйінде қалады. Ал күш - майда емес, етте болады. Әрі іш майы мен қазысы жеңілдеген соң, шапқан кезде іші қызбайтын болады.

2.6. Жылқыны күту, тамақтандыру

Қуаң, қуаңшылық және тау бөктеріндегі аймақтарда ауа райы жылы, жылқыны жыл бойы жайылымда бағудың мүмкіншілігі бар. Бұл жерлерде жылқы ш. ет алу мақсатында ұйымдастырылған. Қазақстанның кең байтақ жайылымы бар орталық, оңтүстік, шығыс және батыс аймақтарының көптеген аудандарында жылқы үйірлеп бағылады. Жылқыны үйірлеп бағудың бірнеше әдісі бар. Бос бағуда жылқы жыл бойы жайылымда болады, қатты боран не көк тайғақ болғанда ғана пішен, жем беріледі. Табындап баққанда жылқы жынысына және жасына қарай табынға бөлінеді. Шаруашылықтағы жылқының санына байланысты табында 150 – 180 бие, 180 – 200 бойдақ жылқы, ал жазық далада 350 жылқыға дейін болады. Боран және аяздан қорғау үшін жайылымда жеңіл-желпі жылқы қора, қалқа, ықтасын лапас салынады, құдық қазылады, суаттар жасалады. Жайылым орталығына әр жылқыға 3 – 5 ц пішен, 0,5 – 1 ц жем қорын дайындайды. Құлынды 10 – 12 айлығында енесінен айырады. Қорада не қоршалған шарбақта 1 айғырға 20 – 25 биеден үйірлеп шағылыстырады. Қолда ұстап баққан жылқыны қыста ашық, жылы күндері жайылымға шығарады, қатты боран, аязды күндері қорада ұстап пішен және жем береді. Орта есеппен әр жылқыға 30 ц пішен, 6 – 8 ц жем дайындайды. Қолда ұстап баққанда бие мен айғырды сұрыптап таңдап алып шағылыстырады және қолдан ұрықтандырады. Жылқыларды 1,5 жасынан мінуге, жегуге үйретеді, үйірдегі жылқыны таңбалайды. Биелерді қорада құлындатады. Құлындаған биелерді күн жылынғанша құлынымен бірге қорада ұстап, құнарлы пішен мен жем береді. Құлынды 6 – 8 айлығында енесінен айырып бөлек күтеді. Қазақстанның оңтүстік, орталық және батыс аймақтарында бие сәуір-мамырда құлындайды. Ерте туған құлын күзге дейін өсіп жетіледі де, қыста бағуға көнбісті келеді. Ет өндіру бағытында Ж. ө. кезінде жыл басында табын құрамында 35% бие, 6%байтал, 14% ұрғашы тай, 14% ұрғашы жабағы, 2% айғыр, 5% құнан, 10% еркек тай, 14% еркек жабағы; ет-сүт бағытында өсіргенде 45% бие, 5% байтал, 5% ұрғашы тай, 18% ұрғашы жабағы, 2% айғыр, 3% құнан, 4% еркек тай, 18% еркек жабағы болуы қажет. Қазақстанның әрбір аймақтарының табиғи экон. жағдайларына байланысты асыл тұқымды фермада ат қора-жайылым (көбінесе, қолда ұсталады) әдісін қолданғанда ат қорада әр жылқыға едені 10 – 14 м2 орын болады; ат қораның ауласын екіге бөледі: а) биенің күйтін байқайтын және шағылыстыратын алаң; ә) Тай мен құнандарды үйрету және баптау алаңы. Ат қораларда тайлар мен құнандарды жаттықтыратын және айғырларды серуендететін тапталған жол жасайды. Асыл тұқымды Ж. ө-тін фермасы жанынан мал емханасы салынады. Асыл тұқымды фермада жайылым – ат қора (көбінесе жайылымда бағылады) әдісін қолданғанда бие, айғыр және жас жылқылар тұратын жылқы қораларын салады, бас үйрететін және жаттықтыратын алаң жасайды. Жаттықтыруға және сатуға бөлінген жылқыны жеке қорада ұстайды. Ат қора жанына мал емханасын салады.



2.7. Жылқы тұқымын асылдандыру

Жылқы зауыты – тұқымдық, спорттық, міністік және жегіс жылқыларын өсіретін арнайы шаруашылық. Жылқы зауыты жылқының асыл тұқымдарын сұрыптап, жақсартып, жаңа тұқымдарын шығарады. Сонымен қатар асыл тұқымды жылқыларды қолдан ұрықтандыруды, алынған тұқымдарды сатуды, таратуды ұйымдастырады. Жылқы зауыты асыл тұқымды жылқыны ат спорты жарыстарына қосу және шет елге сату үшін өсіреді. Асыл тұқымды жылқыны бөлек бағу, жылқы тұқымын асылдандыру және сақтау шаралары дәстүрлі қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан.  20 ғасырдың бас кезінде Қазақстанда алғашқы қазіргі типтегі Жылқы зауыттары ашылды. 1920 – 22 ж. Петропавлда, Қостанайда, Ақмолада, кейін Көкшетауда Жылқы зауыттары ұйымдастырылды. 20 ғ-дың 80-жылдары Қазақстанда 19 жылқы зауыты жұмыс істеді, олардың 8-і ет және қымыз өндіру бағытында, 2-уі желісті, 9-ы міністік жылқы өсірумен айналысты. Бұларда 16 мың (5,9 мыңы бие) асыл тұқымды жылқы өсірілді. Қазіргі кезде 13 жылқы зауыты жұмыс істеуде (2002).

Қазақтың ғалым-зоотехниктері жылқы шаруашылығын зерттей келе қазақ жылқыларының тұқымы бір болғанымен түрлері бөлек деген қорытынды жасаған. Мәселен, шығыс облыстардағы жылқылар монғол жылқыларына, оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлеріндегі жылқылар орталық-азиялық мініс тұқымына жақын келеді. Ал Қазақстанның орталық және батыс аймақтарындағы тұқым зоотехникалық тілде «жабы» деп аталады.

Қазақтың жабы тұқымдас жылқысын өсіру біздің облыста 1930 жылы Қазақстанда бірінші болып қолға алынған. Содан жабының жаңа түрін шығару жұмысы 30 жыл бойы жүргізілген. 1960 жылы жоғары етті бағытты негізге алып асылдандыру қолға алынды. Жабы тұқымдас жылқының бие-лері қостанай және көшім тұқымдарынан пайда бол-ған еді. Жабының ішкі тұқымдарын жетілдіріп, көбейту әдісімен жаңа мұғалжар тұқымы алынды.

Бұл тұқымның биелері құлындау және сүт беру жағынан өнімді болып келеді. Мәселен, 100 биеден орташа есеппен 95-97 құлын алуға, 2000-2300 литр сүт саууға болады. Сонымен қатар, жабы жылқылары етті келеді. 8-9 жасар биеден 250 келінің үстінде, үш жарым жасар жылқыдан 230 келіге жуық таза ет алынады. Жоғары класты және жоғары өнімді жабы жылқыларын өсіруде Мұғалжар асыл тұқымды жылқы зауытының мол тәжірибе жинақтады. Бұл зауыт 1964-1997 жылдар ішінде республикаға және республикадан тыс жерлерге 4625 бас жас құлын сат-қан. Сонымен қатар осы зауыттың жылқылары Арал маңы даласынан бастап, Саха-Якут солтүстігіне дейінгі аумақта да шыдас беретіндіктерін көрсетті. Ал Ресейдің Башқұртстан әне Саха-Якут республикалары Мұғалжар жылқы зауытының жабы жылқыларын алып, одан етті-сүтті башқұрт және якут жылқыларының жаңа тұқымын өсіріп шығарған. Енді Мұғалжар асыл тұқымды жылқы зауытының ембі түріндегі жыл-қысын алыс шет елдерге де шығару ойда бар.

Қазіргі кезде облыстың шаруашылықтарында асыл тұқымды жабы жылқысының саны 2 мыңға жетіп қалды. Шалқар ауданындағы «Әділ-Хамит» асыл тұқымды жылқы зауытында бес жаңа зауыттық жүйе жолға қойылып, мақсатты стандарттар жасалды. Осы құрылған за-уыттық жүйелер негізінде жаңа жоғары өнімді қазақтың жабы жылқысының бозой ішкі тұқымы шығарылатын болады. Ғалымдар осы бағытта жұмыс істеуде. «Әділ-Хамит» жылқы зауыты 2004-2010 жылдар аралығында Қазақстанның өзге өңірлері, негізінен Алматы және Қарағанды облыстары үшін 659 асыл тұқымды жас жылқы, 601 бас бие өсіріп шығарды. Аталмыш зауыт өсірген биелердің негізінде Қазақстанның басқа аймақтарында асыл тұқымды шаруашылықтар пайда болды.

 


  1. ЖЫЛҚЫНЫҢ ҚАСИЕТІ

Қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген – жануар. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғарғы құрметінің белгісі. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқынының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы сірә жоқ. Жер бетінде жаратылысынан табаны жер иіскемеген бекзат бір халық болса, сол қазақ болу керек. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көк шолағы» болған. Қойшысы қой торысын мінді. Осы ат – көліктің арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті.

Қазақ жылқы малының болмысындағы басқа түліктерде болмайтын барша қасиетін жақсы танып, терең зердерлеп білген. Соның нәтижесінде өзінің өмір сүру қалпы мен болмысына қатысты көптеген тұрақты сөз тіркестерін жылқы түлігіне қатысты қалыптастырған. Енді, соның бір нешеуін еске түсірсем, мәселен, жұмылған жұдырықтай жиын жүретін, айрандай ұйып, бірлік-берекесі артқан әулетті торы айғырдың үйіріндей деп әспеттеді. «Күш-қайратың қайнап, әл-қуатың тасып тұрған жастық шағыңда ел-жер аралап, қыр-сырына қанық, көпті көріп көзінді аш» деген ұғымды атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп деп мақалдады. Ал адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасыретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балады.

Көшпенділер мен жылқы баласынының бірге өсіп, біте қайнасқаны сондай олардың тұрмыс-салтына, мәдениеті мен өнерінде өз ара қатысты айтылатын афоризмдер толып өтеді. жатыр. Мысалы, жаңа туған нәресте ұл бала болса ат ұстар, егер ол қыз бала болса ат байлар деп бейнелеп айтады. Ал баласы ер жетіп, есейіп, өссе ат жалын тартып мінді деп қуанады. Немесе түтеген қалың қою тұман, көзге түртсе көргісіз тас қараңғыны ат құлағы көрінбейді деп бейнелеп жеткізген. Сонымен қатар бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты ат құйрығын кесті деп білдірсе, араздасып барып татуласқан жандарды ат тізесін қосты деп табысқанын айтады. Ал кедей-кепшік, тумысында бір жарымаған адамды ауы атқа, аузы аққа жарымаған деп қағытып отырған.

Жылқының қасиеттерін көрсететін халқымызда «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табады» деген сөздер бар, жақсы жылқы басы босаса қандай қашықтықтан да туып өскен жеріне тарта береді.

«Жылқы – жаным, қымыз қымыраным» деген атам қазақ. Жылқының тағы бір қасиеті соғыстарда, бәйгеде, көкпарда, жорықтарда, қаншалықты аласапыран қырғындарда мертіккен жаралы жауынгерлердің денесін баспаған. Тіпті көп жағдайда аттан құлаған адам аман қалады, тіпті еш жері жарақаттанбайды. Қазақта «Есек тұяғын төсейді, түйе шудасын төсейді, өгіз мүйізін, ал ат жалын төсейді» деген сөз бар. Бұл – тұлпарға тән тазалықтың пәктің белгісі. Өзі туған қанды, өзінен тараған қанды білетін, жаза баспай танитын, өз денесінің иісін, тараған ұрпақ иісін жаңылмай сезетін, өз тұқымының үн-дыбысын, мінез-құлқын жаза баспай табатын қазақы жылқытұқымының естілігі мен ақылды қасиеттері кім-кімді де таң қалдырады.

Жылқының басы созылған арықтау келеді; көздері үлкен өткір, танаулары кең, сүйір құлақтары ширақ қимылды үлкен не орташа көлемді (басының жартысынан да кішірек) болады. Жалы ұзын салбыраған, мойны ұзын бұлшық етті, денесі жұмырланған болады; құйрығы түбірінен басталатын ұзын қылдардан тұрады; түсі әралуан келеді. Аяқтары биік сымбатты, жуандығы орташа болады; 1-ші және 5-ші саусағы мүлдем болмайды, 2-ші және 4-ші саусақтары рудиментті түрде ғана қалыптасқан; тұяғы ең қатты дамыған ортаңғы саусақтың басын ғана қаптайды (сондықтан дененің бүкіл салмағы соған келеді). Асқазаны қарапайым болады, өт қабы жоқ, бүйені қатты дамыған. Миі біршама кішкентай, және қатпарлы үлкен ми сыңарлары мишықты қаптамайды. Алайда ақыл қабілеті едәуір жоғары болады. Сезу қабілеттерінен естуі ең жақсы дамыған, содан кейін көруі, сосын иіс сезуі. Шоқтығына дейінгі биіктігі 50 – 185 см, салмағы 60 – 1500 кг болады.

Төрт түліктің ішіндегі ең таза мал – жылқы. Тазалығы соншалық – суды да кешіп барып, таза жерден ішеді. Ол - өте сезімтал мал. Қолға тез үйренеді.

Қазақ халқында жылқы малына байланысты айтылған мақал-мәтелдер өте көп:



Ат қосақсыз жүрмейді.
Ат сүрінбей, жер танымас.
Арық атқа қамшы ауыр.
Жақсы аттың тісін ашпа.
Жақсы ат алдынан сүрінбей, артынан сүрінеді.

Жақсы ат – жанға серік.
Ат мінбеген атқа мінсе, шаба-шаба өлтірер,

Тон кимеген тон кисе, сілке-сілке тоздырар.
Қара арғымақтан жал кетсе, қарға адым жер мұң болар.

Қара көзден нұр кетсе, жарық күнің түн болар.
Елің жаман болса, бір жақсыны сағала,

Атың жаман болса, ақ текенің мүйізімен тағала.
Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше. 
Ат аяғынан семірер, адам құлағынан семірер.

 

Ат жақсысын мақта, адам жақсысын жақта.

 

Ер сасқанда белгілі, ат шапқанда белгілі.

Алыс жол атты сынайды, ауыр жол ерді сынайды.

 

Жалғыз атты жарыстан қалмас.

 

Ат басына күн туса ауыздығымен су ішер,

Ер басына күн туса,етігімен су ішер.

 

Алып анадан туады, ат биеден туады.

 

Ат өнері білінбес бәйгеге түсіп жарыспай,

Ер өнері білінбес қоян-қолтық алыспай.

 

Досыңа ат берме, ат берсең ақырын жүр деме.

 

Тұлпар шаба жетіледі, сұңқар ұша жетіледі.

 

Жер көңді жақсы көреді, ат жемді жақсы көреді.

 

Ат сүрінбей жер танымас,

Ер сүрінбей ел танымас.

 

Аттан тай озады, атадан бала озады. 

 

Теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер.

 

Саумал ішсең қымыз жоқ, байтал мінсең құлын жоқ. 

 

Атыңнан айырылсаң да, ер-тоқымыңнан айырылма.

 

Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп.

 

 3.1. Жылқы етінің адам ағзасына пайдасы



Қазақ халқы үшін ең қасиетті болып саналатын малы – жылқы екендігі белгілі. Еті мен сүті – шипа, өзі көлік, ер-батырларымызға серік жануардың тұқымын жоғалтпау елімізде мықтап қолға алынған.

  Барлық түліктен де жылқы өсіру жеңіл. Жылқыны бағып-қағуда артық шығын шықпайды, еті де сүті де өте арзанға түседі. Жылқы етінің арзандығы өз алдына, қазақ халқы үшін ол аса қадірлі тағам. Ғылыми орындардың арнаулы зерттеулері бойынша, жылқының қара етінің қоректік қасиеті орта есеппен сапалы сиыр етімен тең, бірақ жылқы етінде сиырдың етінен бөлек 24-25 % көп болады. Сондықтан ол қорытуға жеңіл, сіңімі тез. Жасы толған семіз жылқы 10-12 қойдың етін береді. Қазіргі кезде жылқы етінен жасалған қазы-қарта, жал-жаяны білмейтін адам сирек, қай жерде де бұл тағамдар үлкен сұраныста болып отырғаны аян.Көп ауруларға ем болып саналатын жылқы етінің қасиетін жинастырып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Басты қасиеті: жүрек, қан, тамыр ауруларына: суық райлы адамдар үшін, бүйрек жұмысын жақсартуға, мүшелердің қалтылдағына, буын сүйектерді жібітуге қолданылады.Басты ем болатын аурулары және қолданылуы: Шаш қарайтуға жылқы еті жуылған суға шашты жуып тұрса, таз, теміреткінің салдарынан ағарған шашты қарайтады.

Ұмытшақтыққа жылқы жүрегін қуырып жесе пайдалы болады. Бүйректі қуаттандыруға жылқы етін қақтап пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жейді. Қан тамыр ауруларына, холестериннің артуынан болатын жүрек, қан тамыры ауруларына: жылқы етін және майын біршама ұзақ уақыт лайықты мөлшерде тұтынса, холестеринді төмендетіп, қан қысымының жоғарылауын тежейді.Қиюласпаған сүйектерді, орнына дұрыс түспеген буындарды түзетуге: қазақ оташылары жоғарыдағыдай кінәраттарды өңдау үшін көбінесе жылқы майын қолданады.

Бүйе шыққанда: Уытты қайтару үшін, атты қатты терлетіп, ер-тоқымының ішпегіне сіңген терді суға жуып шығарып алып, тыныстай алмай қатты қызып, күйіп-жанып жатқан адамға даярланған судан бір шыны ішкізеді. Осылайша жалғастырып бірнеше шыны ішкізсе, дене қызуы қайтып, науқас тынышталады және аттың терісіне шүберекті шылап, жараға тартады.

Халық аузында «жылан жылқының тері иісінен қорқады» дейтін сөз бар. Жылан шағудан сақтану үшін жолаушы жүріп немесе мал, егін күзетінде жүріп, далада ұйықтайтын болса, ерді жастанып, тоқымды төсеніп, айыл-тұрманды қоршап қойса жылан жоламайды.

Әзірлеу әдісі: Жылқының ерітілмеген немесе ерітілген майын мертігіп орнына түспеген жерге 5-7 күн тартады. Сылап жақса да болады. Осы арқылы ілінген шеміршек сүйек немесе буындар жібіген мөлшерлі уақыты толғанда қайта сындырып,түзеп таңады. Керек мөлшері: 9-15 грамм.
Құрамында А,С дәрумендері, тұқымында: май, ұшқыш май, ет сілтісі, органикалық қышқылдары бар. Міне, бұл кеңестерді үнемі жаныңызға жиып, қажетіңізге жаратуыңызға біздің септігіміз тиіп жатса, қуаныштымыз.

 3.2. Жылқы сүтінің пайдасы

Жылқының бір қасиеті – сүтінде. Бие сүтінен қымыз ашытады. Қазақтың ертедегі көшпелі өмірінде ауруға ем болып, сауға қуат берген осы қымыз. Бие сүтінде қант көбірек болады, оны жаңа сауған сүттің дәмін татып білуге болады.Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде “С” витамині мол болады. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Оны ұйымдастырушы В. Толстиков деген дәрігер: “қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады” – деп жазған екен.

Халық арман еткен сол қымыз қазір де елдің қалаулы тағамы болып, көптің сүйсініп ішетін сусыны болып келеді. Бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт сауылады; кейбір биелер 15-17 литрге дейін сүт береді. Биелерді 7-8 ай саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады. “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” деген мақал тегін айтылмаған. Жылқының жайылымы мен суаты сапалы болып, күтімі келіссе, бие сауудың биеге де, құлынға да зияны болмайды.

Қымызды, сондай-ақ бұзаулар мен құлындар диспепсия ауруына шалдыққанда, құлындардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, бұзаулар мен құлындар қан бөлетін гастроэнтеритті ауруға шалдыққанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, торайлардың іш ауруларына, балапандарға А және В витаминдері жетіспегенде, сол сияқты іріңдегенде, күйгенде, сиырлар, биелер мен қойларда кездесетін іріңді вагинит және эндометрит ауруларына, сиырлар мен биелердің іріңді желінсау ауруына және т.б. қолдануға болады.

Қазақтар жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, жазғы қымыз, күзгі, қысқы қымыз деп атаған.

Солардың негізгі түрлері мыналар:

Уыз қымыз – бұл бие сүтінің уыз дәмі таралған кезде ашытылған қою қымыз;

Сары қымыз – жаз ортасындағы, шөп әбден пісіп, буыны қатқан кездегі қымыз;

Түнемел қымыз – мол қордың үстіне сүт қышқылыарнаулы торсықта сақталып, екі тәулік сапырылған, пісуі жеткен қымыз;

Құнан қымыз – үш тәулік бойы ашытылады;

Бал қымыз – бал, қант секілді тәтті қосып жуасытқан қымыз;

Дөнен қымыз – төрт тәулік ашытылады;

Бесті қымыз – бес тәулік ашытқан қымыз;

Асау қымыз – бесті қымыздан да күшті қымыз;

Жуас қымыз–баяу ашыған немесе саумал қосқан қымыз;

Қорабалы қымыз – мол қордың үстіне күн сайын сүт құя отырып, бірнеше күн жинаған қымыз.

4. ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақтар жүйрік аттарды тұлпар, сәйгүлік, арғымақ деген. Қандай тұлпар аттар болғаны қазақтың көптеген аңыз, эпос жырларында керемет суреттеледі. Мәселен, Қобыланды батырдың Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, ХІХ ғасырдағы тұлпар аттың ардақтысы Саңырақтың Құлабестісі, Ақан серінің Құлагері, т.б.

Көшпелілердің, соның ішінде қазақтардың төрт түлік малдың ішінде жылқыны көне заманнан бастап өсіргені тарихтан белгілі. Жаугершілік заманда атқа мінген ата-бабаларымыз жаудың жаяу әскерден жасақталған қолын күйрете жеңіп отырған. «Ер қанаты – ат» деген қағиданы берік ұстанған бабаларымыз жылқы өсіруге ерекше ден қойған. Оның үстіне жылқы малы көшіп-қонуға ыңғайлы, мініске төзімді, өз аяғынан жайылады, күтімді көп тілемейді. Еті дәмді, сүті шипалы. Қазақ төрт түліктің ішінде бірінші жылқыны байлыққа санаған.

Қазақ жылқысының ұлы іргесі аман, қазақпен бірге Егемендікке жетті. Қазір елімізде жылқы өсірумен 48 шаруашылық айналысып отыр. Республикалық ат спорт федерациясы жұмыс істейді. Барлық облыстарда бөлімшелері ашылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында бейнеленген қанатты тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол - өлмес өмiрдiң бейнесi.

              Жылқы – малдың патшасы,

              Мал өсірсең, жылқы өсір,

              Табысы оның көл-көсір.



 

 

  



5. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. Мырзалиев Қ. Қызыл кітап. Алматы, Жалпы, 1983.

  2. Қ.Бозымов. «Жылқы және түйе шаруашылығы». Алматы: «Қайнар», 1993

  3. Қ.Дүйсенбаев, З.Сейітов, Ә.Хасенов «Қымыз». Алматы: «Қайнар», 1968

Каталог: FF5538CCA0084C83 -> f8eeb5cdce500d607996b7589eedf7c6
FF5538CCA0084C83 -> Не білу керек?
FF5538CCA0084C83 -> Сұрақтары: Жемін түнде аулайтын жыртқыш құс? Жемін күндіз аулайтын жыртқыш құс? Суда жүзетін құс? Орман құсы? Мекен-жайды төңіректейтін құс? Ең үлкен пингвин? Құстардың тұмсық үстіндегі қалың тері қабығы? Жемтігін ұшып жүріп аулайтын құс? Орман құсы?
FF5538CCA0084C83 -> Проблема неде? (шағын проблемаларға бөліңіз)
FF5538CCA0084C83 -> Сабақтың тақырыбы: Өсімдіктер мен жануарлардың табиғаттағы байланысы
f8eeb5cdce500d607996b7589eedf7c6 -> Жұмыс теориялық жағынан дәлелдегендіктен, қорғауға лайық деп есептеймін
FF5538CCA0084C83 -> Оқушының тамағы балансирленген болуы керек


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет