Жалпы мектепте білім беруде оқушылардың дене мәдениетің Қалыптастырудың тарихи педагогикалық МӘселелері



жүктеу 118.08 Kb.
Дата23.02.2018
өлшемі118.08 Kb.
ЖАЛПЫ МЕКТЕПТЕ БІЛІМ БЕРУДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДЕНЕ МӘДЕНИЕТІҢ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТАРИХИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

П.ғ.к., доцент м.а Е.Д. Оразбаев

Дене тәрбиесі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы болып табылады және ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке даярлауға қызмет етеді.

Еліміздің Президентi Н.Ә.Назарбаев: «Спорт - игiлiктi iс. Спортта мiнез – құлық, мәдениет қалыптасады. Спортпен айналысқан адам ар- ұятқа тиетiн iс жасамайды. Жастайынан дене тәрбиесімен шұғылданған адам бүкiл ғұмыр бойы табысқа жетуге талпынады. Мен мұны өз тәжiрибемнен бiлемiн», - деуi тарих сахнасының төрiнен спорт қозғалысының өзiндiк орны бар екендiгiн делелдейдi. [1].

Ғалымдардың зерттеулерiне сүйенсек, елiмiзде соңғы жылдары халықтың табиғи өсу деңгейi және туу көрсеткiштерi төмендеп, ауру өсіп, өлiм-жiтiм деңгейi артқан. Әсiресе, балалар денсаулығы өте алаңдатарлық жағдайда, елімізде екi миллионнан астам балалар мен жасөспiрiмдер асқынған ауру түрлерi бойынша диспансерлiк есепке тiркелген.

Мемлекет үшiн адамның денесінің сау болуы нақты материалдық мәнi бар кұбылыс. Қазiргi нарық заманында- денi сау адам үлкен маңыздылыққа ие. Елiмiздiң өндірістiк потенциалы мен қорғаныс кызметiне тiкелей керi есер етіп отырған жағдай, елдiң ертеңгi болашағы, жалпы орта мектептеріндегі оқушылардың денсаулықтарының өте төменгi деңгейде болуы. Әскер қатарына қызмет етуге шақырылған жастардың денсаулық жағдайларына байланысты көпшiлiгi керi қайтарылуда. Мектеп табалдырығын аттаған бiрiншi сынып оқушылары мен қолына аттестат алғалы тұрған түлектердiң денсаулығын салыстырған зерттеушiлер, мектеп түлектерiнiң денсаулығының 4-5 есе төмен екенiн байқаған.

Тарихи деректерді сараптасақ, адамзат қоғамы пайда болып, алғашқы өмір сүру кезеңінен-ақ дене тәрбиесіне көңіл бөлініп, сол еңбек пен тұрмыстық өмірдің шарты ретінде дамыды. Алғашында дене тәрбиесі арнайы ұйымдастырыған ойындар мен ойындық-қимыл қозғалыстар түрінде көрініс берді. Бұл кезеңдегі ойындар мен денені шынықтыру жаттығулары қарапайым түрде болғанымен, олардың тұлғаны қалыптастыру мен тәрбиелік маңызы зор болды.

Дене тәрбиесінің басқа тәрбиелермен сабақтастығы мәселесі Орта Азия және Ұлы дала ғұламалары еңбектерінде де ерекше аталған. Солардың ішінде ерекше тұлға Әл-Фараби тәрбие мәселесіне бағыт-бағдар бере отырып, «Әлеуметтік-этикалық трактаттар» атты еңбегінде бала денесін жетілдіруді оның бойындағы абзал қасиетті тани біліп, мінез-құлқының жақсы сипаттарын тәрбиелеп, өзін-өзі үнемі дамыту қажеттігіне тоқталады. Ол «дененің саламаттылығы» ұғымын енгізе отырып, әр адамның тәрбиесінде мынадай үш қасиет болу қажет деп есептейді: дене күші, рухани және ақыл-ой, олар өзара үйлесімді дамыған жағдайда ғана жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға болатынын дәріптейді.

Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында ұлттық психологиямыз бен ұлыстық ерекшеліктерімізге тоқтала келе, «кемел адам» ұғымын енгізе отырып, кемел адамның бойында мынадай қасиеттер: жомарттық, саламаттылық, білімділік, ақылдылық, бір сөзде тұру, ширақтық болу қажет дейді.

Ұлы ағартушы Абай дене тәрбиесі мен ақыл-ой тәрбиесі үйлескенде ғана әр адам сымбатты болумен қатар, жан-жақты қалыптасқан жан болмақ деген пікірді қуаттайды. Мысалы, «Сегіз аяқ» өлеңінде бойдағы, денедегі күш-қуатты ойсыз, ақылсыз іс-әрекетке жібермей, белсенді өмір сүре отырып, өзіңді дамытатын, жетілдіретін іспен ұштастыра білу қажеттігін ескертеді. Әсіресе, «Қара сөздер» адам тәлім-тәрбиесіне бағыт-бағдар беретін, жай ғана бағыт қана емес, ғылыми негізге сүйенген, өмірлік жағдайлардан алынған философиялық тұжырымдар мен түйіндерден тұратын құнды дүние.

Ұлы Абай дене күшін, дене мәдениетін қалыптастыру, оның ақыл-ой тәрбиесіне тікелей байланысын көрсете отырып, «тәрбиелеу керек» деп жай ғана сөзбен емес, оны дұрыс жолға қоюды нақты істермен, жолдармен насихаттау, тәрбиенің өзегін философиялық, психологиялық арнадан іздеу қажеттілігіне тоқталады. Бұл мәселеде Абай оны халықтың рухани мұрасы, асыл қоймасы халықтық тәлім-тәрбие бесігі – ауыз әдебиетінен, мақал-мәтелдері мен даналықтарынан іздеуді меңзейді. Халқымыз: «Азған денеге ауру үйір», «Қайраты мен ақылы сай жігіттің жолы болар», «Ақылсыз жігіт күшіне сенер», «Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің, қайраты жоқ кісінің, берекеті жоқ ісінің», «Қайратың барда мал тап», «Денсаулығын ойлаған, жан сарайын таза ұстар», «Әлін білмеген әлек», т.б. деп дене тәрбиесін тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін мақал-мәтелдер арқылы береді.

Еліміздің белгілі қайраткерлері Ш.Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, Ө. Тлеуқабылұлы т.б. дене мәдениеті мәселелерін халықтың дәстүрлері, халықтың мұраларындағы орамды тұстарын дәлелдеп, оның құндылық бағытына тоқталған.

Біз ғылыми зерттеу жұмысымыздың негізгі өзегі мәдениет болғандықтан, “мәдениет” терминіне, түсінігіне тоқталып, саралап өткенді жөн санадық.

Мәдениет ұғымына ғылыми тұрғыда нақты түсінікті Ю.Л.Ожегов берген. Ол «мәдениет – әлеуметтік құндылықтарды игеру мен дамытудағы адамдардың шығармашылық қызметінің тәсілі мен нәтижесі, ол арқылы қоғам мен жеке адамның біркелкі дамуы қамтамасыз етіледі» дейді. Бұл жағдайда мәдениет өндірістік, саяси және т.б. қызметтің ерекше түрі ретінде қарастырылмайды, олардың кез-келгенінің сапалық көрінісі ретінде қарастырылады. А.К.Уледов өзінің ғылыми еңбектерінде – «Мәдениет қоғамдық өмірдің, адамдардың өмірінің жеке шеңберінің бөлігі ретінде болмайды. Ол қоғамдық өмірдің барлық сферасына оның сапалық сипатына тән» деп жазады.

Біздің көзқарасымыз бойынша бүгінгі заман дамуының түрлі мазмұнына сай келетін мәдениет ұғымына теориялық-әдіснамалық тұрғыда жан-жақты түсінік «Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалығында берілген.

«Мәдениет (араб тілінде «маданият» - қала деген мағынаны білдіреді) – адамдардың әлеуметтік болмысты сақтау мен жаңарту жөніндегі қызметі және осы қызметтің жемістері мен нәтижелері. Әлеуметтік болмыс адамсыз тірлік етпейді, оның табиғаттан айырмашылығы да осында. Ежелгі гректер күтімді, қолмен өңделген мәдениет әлемін күтімсіз, өңдеусіз, жабайы әлемнен айырғанда осы туралы ойлаған еді. Осы айырмашылық жасанды, өнерлі мен табиғи, өнерсіз нәрселердің қарама-қайшылығынан да байқалады. Философия тұрғысынан мәселе мәдениеттің анықтамасында емес, адамзаттың әлеуметтік болмысын сақтау ісіндегі жетілу нұсқаларын анықтауда. Мұндағы ең басты нәрсе сақтау мен жаңарудың нақты кескіндерін суреттеуде, олардың өзара байланысын табуда. Мәдениеттану жағынан келсек, әрбір нақты мәдениет әлеуметтік болмыстың жандануы мен жаңаруының белгілі баспалдақтары ретінде көрінеді. Бұл тұрғыда мәдениеттің ең басты мәселесі адамзат болмысының жандану мен өзгеріске түсуінің, немесе жаңару нұсқаларының арақатынасы. Бұл мәселенің жалпыға бірдей әмбебап шешімі жоқ».

Демек, мәдениет теориясы мен практикасының зерттеу нәтижесіне сүйенсек «мәдениет» жаңа жоғарғы жетістіктерден құралатын және адамның үнемі даму үдерісі болатын, әр-түрлі қоғамдық-тарихи тәжірибе аймағындағы адамдар қызметінің жоғары жетістіктерінің (эталон, құндылық) сәйкестігі деп түсінік беретін зерттеушілердің көзқарастары деп есептеу дұрыс болады. [2].

Мәдениет туралы осындай көзқарастағы түсінікті алғашқы болып қалаған ағылшын этнографы Э.Тэйлордың ұғымын осы заманғы белгілі оқымыстылар – мәдениеттанушылар мәдениет танымдық ойды ғылыми тұрғыда қарастыра отырып Э.С. Маркарен, Э.В. Соколов, А.И. Арнольдев, Н. Сәрсебаев, Ө. Жәнібеков, Х. Арғынбаев т.б. өз еңбектерінде одан әрі дамытты. Оқымыстыларға ортақ оймен айтып отырған ұғымды зерделесек «мәдениет» дегеніміз өзінен-өзі пайда болмайтын, тек қана саналы-мақсатты қызметі нәтижесінде ғана пайда болатын еңбек жемісі. Яғни, мәдениетке адам баласының қолымен жасалған дүниелер ғана жатады. Адамдар осы өзі жасаған дүниелердің көмегімен әлемдегі қоршаған ортаға әлемге өзгеріс жасайды, оларды зерттейді, құпия сырлар ашады, осы жолды жүзеге асыруда адамдармен жан-жақты қарым-қатынас орнатады.

Мәдениет субъектісі ретінде қоғам, әлеуметтік топтар ғана емес, сонымен қатар жеке адамдар да қатысатындықтан «тұлға мәдениеті» түсінігін қалыптастыру қажеттілігі туады. Ал, мәдениеттілік – адамның тұлғалық қасиеттерінің көрінісі. Дәстүрлі әдеп жүйесіндегі әдептілік, имандылық, ізеттілік ұғымдарымен үндес. Адамның ұлттық мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарды құрметтеуі және оны әрі қарай дамыту – мәдениеттіліктің белгісі. Мәдениеттілік адамның тарихи даму барысында сұрыпталып алынған, мәдени-рухани әлемге лайықты қасиеттерден құралады. Көпшілік ортада әдеп сақтау, әдеппен сөйлеу, көрегенділік таныту, жан мен тән тазалығы, иманды болу және мұның бәрі мәдениеттілікке жатады. Мәдениеттілік адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық, эстетикалық, құқықтық, саяси т.б. талаптардың орындалуын білдіреді. Дәстүрлі қазақ қоғамында адам бойында мәдениеттіліктің қалыптасып, дамуына ерекше көңіл бөлінген. Мәдениеттілік жөніндегі көзқарастар кемел адам ұғымымен үндестік тауып, адамгершілік, кісілік қасиеттерінің қалыптасуы арасында дамыды. [3].

Адам тұлғасының мәдениеті – бұл оның маңызды, материалдық және рухани құндылықтарды құру мен тұтынудағы шығармашылық қызметінде қолданатын әдісінің жоғарғы даму деңгейі. Адамның негізгі күш-қуаты тек оның қызметінде, ең алдымен еңбек нәтижесінде көрінеді. Тек қана, еңбек іс-әрекеті арқылы адам қоғамға өзгеріс енгізе алады және өзінің күші мен қабілетін іс жүзінде көрсете біледі. Мұндай іс-қимылды педагогикалық зерттеулерде «мәдени әрекет» деп түсінеді.

«Мәдени әрекет деп, әдетте, мәдени игіліктерін өндіруге, таратуға, танытуға бағытталған іс-әрекеттерді айтады. Осылардың қатарына мынадай адамдық қажеттіліктер жатады: шығармашылық талпыныс, альтуризм, гумандылық, т.б.». Мәдени іс-әрекет белгілі бір мәдени ортада жүзеге асырылады және дамиды.

«Мәдени орта» ұғымы мәдениеттің коммуникациялық табиғатымен тығыз байланысты. Қайсыбір ұлттық мәдениетті алсақ та, ондағы салт-дәстүрлер жүйесіне бірден назарымыз ауады. «Салт-дәстүр, – дейді белгілі философ И.Гердер, – тіл мен мәдениет бастауларының анасы». Мәдениет өзінің кең мағынасында бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жолдаған өмір сүру тәсілі болғандықтан, осы жалғастықты, мұрагерлікті жүзеге асыратын салт-дәстүрлер жүйесі мәдениет өзегін құрастырады. Әсіресе, жазу-сызу болмаған ерте заманда мәдениет ырымдар мен суегейлікке, сенім-нанымдарға, дәстүрлі түсініктерге иек артқан.

Осылайша, «іс-әрекет әдісі» түсінгі мәдениет феноменін сипаттағанда және оның теориялық мазмұнына негізгі категория ретінде ескеріледі.

Мәдениеттің бірыңғай түсінігінде – оның материалдық және рухани жағын ерекшелеу керек. Материалдық мәдениетке адамның заттық пішінге түскен руханилығы, табиғи объект пен оның материалы заттарға, қасиеттер мен сапаларға айналған және мұның бәрі адам арқылы ғана болатын, демек, мәдени мақсатқа сәйкес міндеті және өркениеттік рөлі бар шығармашылық қызметтік нәтижелері жатады. Рухани мәдениетке қарағанда материалдық мәдениетке табиғи объектілердің сапалары мен белгілеріне, адам материалдық заттарды, жейтін тамақ және өмір сүру үшін қажет басқа да жабдықтарды жасағанда негізгі материал немесе шикізат ретінде пайдаланылатын заттар түрлері, энергия және ақпаратқа тікелей тәуелді. Материалдық мәдениетке өндірістің әр түрлі құрал-жабдықтары, еңбек құралдары, өндіріс технологиясы және адам өмір сүретін ортаның инфрақұрылымы, коммуникациясы мен көлік құралдары, тұрмыстың, ойын-сауықтың ғимараттары, пайдаланылатын әр түрлі құралдары және т.б. жатады.

Мәдениеттің адамзат болмысы материалды қызметінің барлық аясын, оның нәтижелерін, қоғам өмірі мен адамның физикалық өмір сүруінің материалды жағдайын құрайтын барлық нәрсені қамтиды. Өндіргіш күштердің дамуы деңгейімен анықтала отырып, ол рухани мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының базасы ретінде қызмет атқарады. [4].

Рухани мәдениет ретінде рухани құндылықтар жиынтығы (ғылым, білім беру, өнердегі ойлары мен жетістіктері), сонымен қатар күнделікті өмірде, осы құндылықтарды бөлу мен ұтымды пайдалануға бағытталған, адамдардың ерекше ұйымдастырылған, әлеуметтік маңызды шығармашылық қызметі түсініледі.

Рухани мәдениетте бірнеше сфераны ерекшелейді, солардың ішінде: саяси, әлем тану, адамгершілік, эстетикалық, ғылыми, білім беру мен ағарту, еңбек мәдениеті және т.б.

Абай ілімін жалғастырған қазақ халқының рухани мәдениетіне із қалдырған тұлғаның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы, өз халқының мәдениеті мен өркениетінің мәнін түсіндіруге талпыныс жасаған.

Қазіргі уақытта бұл проблемаға философтар Ж.М.Әбділдин, Ә.Нысанбаев айрықша мән береді.

Мәдениет құрылымының әлеуметтік-мәдени аспектісін талдай келе Г.К.Шалабаева оны еңбек және тұрмыс мәдениеті, дене мәдениеті мен ғылым, адамгершілікке, мораль, қарым-қатынас мәдениеті т.б. құралатындығын, олардың өзара байланысын дәріптеген.

Яғни, мәдениетке берілген анықтамалар баламасы көп және әр түрлі мазмұнда болып келеді. Ол түсініктердің мағыналары әр түрлі, олай болуының негізгі себебі, мәдениетке мүдделік негізіндегі және дүниетанымдық көзқарасының дәйектелуінде болып отыр. Бұлай болуы, жалпы мәдениеттің үлкен әлеуметтік құбылыс ретінде өте-мөте күрделілік сипатын аңғартады. Ал, осы кезде қалыптасқан ортақ көзқарас негізіне сүйенетін болсақ, біздің пікірімізше жалпы «мәдениет» - деп адамзаттың өмірі мен іс-әрекетінде өзіндік бір ерекшелігімен дараланатын амалдары, тәсілдері бар, осы амал-тәсілдер арқылы адамдардың қоғамдағы белсенділігін жан-жақты жүзеге асыруға, оларды жүйелеуге, бағдарламалауға, ынта-жігер туғызуға бағытталған адам қызметін айтамыз.

Сайып келгенде біздің түйіндеуіміз бойынша «мәдениет» дегеніміз адам ойының, ақыл есінің нақтылы жемісі. Осы мәдениеттің пайда болу жолында адам баласының өзіндік амал-тәсілі бар, сол тәсілдер қолданған қызмет - деп қарағандықтан адам технологиямен бағаланбайды яғни теңдестірілмейді. Алайда технологияда, адам қызметінің жемісі болып табылады. Әрбір адамның өз жеке бас құзырындағы уақытты тиімді ұйымдастыру, пайдалану мәдениеті, тұтыну заттарын таңдау талғамы, жеке бас гигиенасын сақтау т.с.с. мәдениет элементтері әрбір адамның мінез-құлық мәдениетін құраушылар болып табылады. Мәдениеттің осындай күрделі элементтері арасынан біз зерттеу жұмысымыздың мақсат-міндеттеріне сай тек қана дене мәдениетінің амалдарын, тәсілдерін, құралдарын, жеке дара зерделеу, талдау нысанасы ретінде қарастырамыз. Осы мәселе адам баласы қоғамының даму тарихында қажеттілігімен, ал қазіргі жағдайда да ерекше қызығушылықпен қарау талаптарымен дараланып тұр.

Кейінгі жылдары жалпы мектеп оқушыларының тәрбиесіне байланысты бірқатар құжаттар, заңдар, тұжырымдамалар жарық көрді. Оларда тәрбиенің мазмұны, ұстанымдары, мақсаты мен міндеттері қайта қарастырылып, оларды түбегейлі жаңалау қажеттілігі атап өтілген. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты қазақ халқының жауынгерлік тарихымен, ерліктің өшпес үлгісін қалдырған қас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, елін қорғай алатын елжанды ұлттық намысы бар жігерлі азаматтарды тәрбиелеу, басқа ұлттардың өкілдерімен жастардың өзара сыйластық, достық негізінде өмір сүруіне ықпал жасау, ұлтаралық қатынастың жақсы негіздерін бойына сіңіру. Бұл қағидалар қазіргі таңда қазақ педагогикасында тәрбиенің негізгі ережелерінің бірі болып саналады.

Соңғы уақытта жеке тұлғаның бойында дене мәдениетін қалыптастыру үздіксіз білім беру жүйесінде дене тәрбиесінің негізгі мақсаты түрінде қарастырылып жүр. Бұл мақсат үздіксіз білім беру мен жеке тұлғаны қалыптастыру жүйелерінің қазіргі даму талаптарына жауап бере алады. Бұдан басқа, жеке тұлға үздіксіз білім беру жүйесінің жекелеген бөліктерінің сабақтастық ұстанымын бейнелейді; сонымен қатар субъекттің жеке өмірінің мәдениет сапасын анықтауға бағытталған «болашақ жоспары» туралы идея да бар. Айтылған мақсат және міндеттер оқу-тәрбие үдерісінің тиімділік талап еңбек етуге дайындық жасалады. [5].

Шындығында, дене мәдениетіне қатынас мүлдем басқа болуы керек. Біздің кәміл сеніміміз бойынша сапалы мінез-құлық, ақыл-ой қабілеті, еңбек дағдылары мен эстетикалық тәрбиеге үлкен көңіл қойылуы керек. “Дене мәдениетімен айналысу үрдісі бұл адамдардың жеке және қоғамдық мүдделеріне жататын, адамның мінез-құлық бейнесіне үлкен әсер ететін адам қызметі формаларының бірі”. Осыған байланысты дене мәдениеті ұйымдарына жеке адамның денесінің шынығуын жетілдіру тұрғысында ғана емес, бірінші кезекте жастардың мінез-құлық сапасын тәрбиелеуде де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Осылай дей отырып, біз дене мәдениетін жетілдіру жөніндегі жұмысты жоққа шығармаймыз, керісінше тәрбие мен мінез-құлық сапасын жетілдіру дене мәдениеті арқылы жүргізілуі тиіс деп есептейміз. Көптеген зерттеушілер оқушылардың мінез-құлық жөніндегі ұғымы ұжымдарда жүргізілетін тәрбие жұмыстарының игі әсері болып табылатынына мән береді. Оқушылардың дене сапалары дайындығының деңгейі жоғары бола түскен сайын олардың мінез-құлық құндылықтары жөніндегі танымдары да нақтылана түседі.




Пайдаланған әдебиеттер

1.«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 20092011 жылдарға



арналған стратегиялық жоспары» http://www.edu.gov.kz/strateg_plan

2.Оңалбек Ж.К. Дене тәрбиесі мен спорттың жеке адамдар арасында ұлттық қарым-

қатынастарды дамытудағы орны: дисс. …п.ғ.к. – Алматы, 1999. – 137 б.

3.Қарақов А. Студенттердің дене тәрбиесінде күрестің ұлттық түрлерін пайдалану:

дисс. …п.ғ.к.: – Алматы, 1999.- 151 б.

4.Ашмарин Б.А. и др. Теория и методика физического воспитания.- М.:

Просвещение, 1990. - С. 22-25.

5. Пономарев Н.И. О теории физической культуры как науке// Теория и практика



физической культуры. - 1974.- № 4.- С. 5-14.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация




©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет