Хадистен үзінді. Хадисті Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) және Омар ибн Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті



Дата24.10.2018
өлшемі143.43 Kb.

1436

Тағдырға иман

الإيمان بالقدر


Қазақ тілі – kazakh – كازاخي

Islamhouse.com


Тағдырға иман

Тағдырға иман келтіру – иманның алтыншы шарты және Ислам ақидасының маңызды негіздерінің бірі. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі:

«Кейін Жәбраил (оған Аллаһтың сәлемі болсын): «Маған иманның не екенін айтшы?» - дегенде, Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман дегеніміз – сен Аллаһ Тағалаға, Оның періштелеріне, Кітаптарына, Пайғамбарларына, Ақырет күніне және жақсылық пен жамандықтың тағдыры белгіленуі Аллаһ Тағалдан екеніне сенуің» - деп жауап берді», Хадистен үзінді. Хадисті Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) және Омар ибн Хаттабтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.

Тағдыр (القدر) және қада (القضاء)

Мұсылман ғалымдары «тағдыр» және «қада» сөздерінің мағыналарына қатысты түрлі пікір білдірген. Олардың бір тобы: «Тағдыр» және «қада» сөздерінің мағыналық жағынан айырмашылық бар. «Тағдыр» - Аллаһ Тағала әрбір мақұлықтың не істейтіні алдынала білуі, ал «қада» - Аллаһ Тағаланың өз білімі және қалауы бойынша қалаған нәрсені жаратуы» - десе, екінші бір тобы: «Тағдыр» және «қада» сөздері бір мағынаны білдіреді. Ол – Аллаһ Тағаланың барлық жаратылыс үшін белгілеген жүйесі мен қағидалары» - деген.

Қасиетті Құран Кәрімде бұл айтылғанға қатысты көптеген аят бар.

«Аллаһ Тағаланың жанында әр нәрсе өлшеулі», Рағд сүресі, 8 аят.



«Барлық нәрсенің қоры Біздің қолымызда және Біз барлық нәрсені белгілі мөлшермен түсіреміз», Хижр сүресі, 21 аят.

«Шын мәнінде Біз әр нәрсені өз өлшемімен жараттық», Қамар сүресі, 49 аят.

Ислам ақидасында тағдырға иман – адам баласы Аллаһ Тағаланың «Білуші», «Құдіретті», «Қалаушы» т.с.с. сипаттары мен көркем есімдеріне иман келтіруіне негізделеді.

Әрбір мұсылман тағдырға, тіршіліктегі барлық жақсылық пен жамандықтың белгіленуі Аллаһ Тағаладан деп иман келтіреді. Ал, тағдырға, тіршіліктегі барлық жақсылық пен жамандықтың белгіленуі Аллаһ Тағаладан деп иман келтіру дегеніміз өз кезегінде:

Біріншіден: Аллаһ Тағала – барлық нәрсенің болуын алдын ала Білуші деген мағынаны білдіреді.

Аллаһ Тағала барлық жаратылыстың табиғатын, пенде дүниеге келместен бұрын ол мұсылман немесе кәпір болатынын, әрбір мақұлықтың ризық-несібесін, өмір сүру мерзімі мен өлім сәтін алдын ала біліп, барлығын Лаухуль Махфузға жазып қойған. Мұсылман осыған шын жүректен иман келтіреді. Аллаһ Тағала айтады:

«Аллаһ Тағала жер және көктегі нәрселерді білетінін білмейсің бе? Күмән жоқ, бұлар Кітапта Лаухуль Махфузда жазулы. Күдіксіз жер мен көктегі нәрселерді білу Аллаһқа оңай», Хаж сүресі, 70 аят.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:

«Аллаһ Тағаланың ең әуелгі жаратқан нәрсесі Қалам еді. Аллаһ Қаламды жаратып, оған: «Жаз!» - деді. Ол: «Нені жазайын?» - деп сұрағанда, Аллаһ Тағала: «Болатын нәрсені жаз!» - деп бұйырды. Осыдан кейін Қалам Қиямет күніне дейін болатын нәрсені жазды».

Ибн Касир Мұхтасар тәфсірі. 2 том. 554-555 бет. Бейрут 1981 жыл. «Ғаршыны билеген Аллаһ Тағала Лаухуль Махфузды жүз жылдық жол көлемінде жаратып, дүние жаратардан бұрын Қаламға: «Жаз!» - деп бұйырды. Қалам: «Нені жазайын?» - деп сұрағанда, Аллаһ Тағала: «Қиямет болатын күнге дейін жаратуымдағы білімімді!» - деп бұйырды».

Хадис Абдулла Ибн Аббастан (оған Аллаһ разы болсын) риуаят етілді. Ибн Касир Мұхтасар тәфсірі. 2 том. 554-555 бет. Бейрут 1981 жыл.

Лаухуль Махфузде барлық жаратылыстың тағдыры жазылуымен қатар әрбір мақұлықтың өмірлік, бір жылдық және бір күндік тағдыры белгіленген.


  1. Өмірлік тағдыр. Адам баласының өмірлік тағдыры, ол ана жатырында ұрық болып пайда болу уақытында белгіленеді.

  2. Бір жылдық тағдыр. Адам баласының бір жылдық тағдыры Қадір түнінде белгіленеді.

«Қадір түнде барлық хикметті істер белгіленеді», Духан сүресі, 4 аят.

  1. Бір күндік тағдыр. «Аллаһ Тағала әр күні шұғылдануда», Ар-Рахман сүресі, 29 аят.

«Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағала әр күні шұғылдануда» - аятын оқыды. Біз: «Я, Аллахтың Елшісі! «шұғылдануда» - дегенді не деп түсінеміз?» - деп сұрағанымызда, Ол кісі: «Аллаһ күнәні кешіріп, қайғы-қасіретті кетіруі, бір қауымның дәрежесін көтеріп, екінші бір қауымның дәрежесін түсіруі» - деп жауап берді.», Хадисті Әбу Дардадан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Бұхари риуаят етті.

Екіншіден: Аллаһ Тағала әр нәрсенің болуын немесе болмауын Қалаушы және құдіреті барлық нәрсеге Жетуші деген мағынаны білдіреді. Бұл дегеніміз тіршіліктегі барлық нәрсенің болуы Аллаһ Тағаланың құдіреттілігі мен қалауының ықпалында деп иман келтіру. Аллаһ Тағаланың қалаған нәрсесі болып, қаламаған нәрсесі болмайды. Аспан мен жердегі іс-әрекеттің барлығы жалғыз Аллаһ Тағаланың қалауымен болады. Оның құдіреті шексіз деген сенімде болу. Аллаһ Тағала айтады:

«Расында Раббың қалағанын Орындаушы», Худ сүресі, 107 аят.

«Аллаһ Тағала әр нәрсеге құдіреті Жетуші», Бақара сүресі, 20 аят.

Ислам ақидасы саласындағы: «Аллаһ Тағаланың қалағаны болды, қаламағаны болмады» деген қағида бар.

«Шын мәнінде, Біз әр нәрсені өз өлшемімен жараттық», Қамар сүресі, 49 аят.

«Аллаһ Тағаланың бұйырығынсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды», Тағабун сүресі, 11 аят.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:



«Әлсіздік пен жігерлілік немесе жігерлілік пен әлсіздік – әрбір нәрсе белгіленген тағдыр бойынша болады», Хадисті Абдуллаһ Ибн Омардан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим және Имам Ахмад риуаят етті.

Адам баласының қалау еркі

Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде мушриктер өздерінің пұттарға табыну себебін Аллаһ Тағаланың қалауына қатысты етіп; «Аллаһ Тағала біздің мүшрик болуымызды қаласа, біз қайтеміз. Аллаһ Тағаланың қалауына көнеміз де» - дейтін. Аллаһ Тағала олардың бұл ойларын теріске шығарып Анғам сүресінің 148-149 аяттарында былай деген:



«Аллаһ Тағалаға серік қосқандар: «Егер Аллаһ Тағала қаласа еді, біз және аталарымыз Аллаһ Тағалаға серік қоспас едік, әрі еш нәрсені өзімізше харам етпес едік» - дейді. Осы сияқты бұлардан бұрыңғылар да азабымызды татқанға дейін Пайғамбарларымызды жалғанға шығарған еді. Мұхаммад, оларға: «Аллаһ Тағала сендердің серік қосуларыңнан разы болуына дәлелдерің бар ма? Бар болса, оны бізге көрсетіңдер. Негізінде сендер бар болғаны ой-қиялдарыңа ғана еріп, өтірік айтасыңдар. Шындық Аллаһ жанында. Егер қаласа еді (лайық болсаңдар) сендерді түгел тура жолға салар еді» - де», Әнғам сүресі, 148-149 аяттар.

Расында да, егер Аллаһ Тағала адамзаттың бір жолда болуын қаласа, олардың барлығын тура жолға салар еді. Оған Аллаһ Тағаланың құдіреті жетеді. Алайда, адам баласы ешқашан зорлық пен тура немесе қате жолға салынбайды. Аллаһ Тағала сынақ үшін халял мен харамды жаратып, дұрыс пен қатенің арасын ажыратып адам баласына қалаған жолына түсу еркін берген. Осы себептен мушриктердің өздерін ақтау сөзінің ешбір негізі жоқ.

Біріншіден: Аллаһ Тағала: «Егер Аллаһ Тағала қаласа еді, біз және аталарымыз Аллаһ Тағалаға серік қоспас едік» - деген мушриктердің ғасырлар бұрын өмір сүріп кеткен кәпірлердің Өзінің әмірлеріне қарсы келу себебінен тиісті жазаларын берген. Мақсат: кәпірлер күнәлары себебі жазалануын кейінгі ұрпаққа өнеге ету. Адам баласына қалау еркі берілмесе кәпірлер күпір және ширк амалдарын өз еркімен істеп өздеріне күнә артпас еді. Әрі Аллаһ Тағала оларды себепсіз жазасына ұшыратпас еді. Себебі Аллаһ Тағала Әділ және ешкімге зұлымдық етпейді.

Екіншіден: адам баласының пешенесіне белгіленген тағдырды, бір істің болу не болмау үкімін Аллаһ Тағаланың Өзінен басқа ешкім білмейді. Демек, өздерінің күнәһар болу салдарын тағдырдың белгіленуінен көрген адам Аллаһ Тағалаға жала жапқан болады. Аллаһ Тағала пендені: «Бұл істі істеме, күнә болады» - деп ескертіп тұрса, пенде күнәлі іс істеместен бұрын: «Тағдырым осылай болса мен қайтемін.» - деуі орынды ма?

Үшіншіден: Ұрлық жасап Жаратушысы және адам баласының алдында айыпты болған пенденің: «Құдайым тағдырыма ұрлық істеуді жазыпты. Амалым жоқ енді ұрлық істемесем болмайды» - деуі орынды ма? Хақ Тағала Құранда, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде ұрлықтан қайтармады ма? Әлде ұрлық істеген адам аспанға көтеріліп Лаухуль Махфуздағы жазуды көріпті ма, немесе періште келіп оған: «Ұрлық істе. Сенің тағдырыңа сол жазылған» - деп құлағына сыбырлапты ма?

Қасиетті Құран Кәрімде мұндай жалақорлыққа қарсы жауап баршылық. Соның бірін дәлел ретінде келтірсек болады:



«Олар арсыздық істесе «Аталарымызды осы жолда таптық, мұны бізге Аллаһ бұйырды» - деді. «Шынында Аллаһ арсыздыққа бұйырмайды. Білмеген нәрселеріңді айтып Аллаһ Тағалаға жала жабасыңдар ма?», Ағраф сүресі, 28 аят.

Жоғарыда айтылғаннан мынадай тұжырым шығарсақ болады.

Біріншіден: Аллаһ Тағала барлық жаратылыстың табиғатын, әрбір пенденің жақсы не жаман амал қылатынын алдын-ала біледі.

Екіншіден: Аллаһ Тағала адам баласына бал ашып тағдырды зерттеуді емес, Өз әмірлерін білуін және сол әмірлерге сәйкес тіршілік етуін міндеттеген.

Үшіншіден: Аллаһ Тағала Өз қалауынша жаратады, әрі қалаған нәрсесін жаратқанға құдіреті толық жетеді.

Төртіншіден: Дүниеде барлық нәрсе Аллаһ Тағаланың жаратқаны. Демек, Аллаһ Тағала – Жаратушы, қалғанның барлығы – мақұлық яғни, жаратылған нәрсе.

Тағдырдағы жақсылық және жамандықтың белгілену мәселесіне келер болсақ, біз Аллаһ Тағаланың адам баласына жамандық қылмайтынын білгеніміз жөн. Пенденің басына түскен жамандықтың себепшісі пенденің өзі, яғни, оның жаман ниеті мен қылығы. Мәселе, адам баласы бір ауру – кеселге ұшырағаны оның пендешілікпен істеген күнәсінің бұл дүниедегі жазасы. Мұндай жағдайда мұсылман басына түскен қиыншылыққа сабыр етіп, дәрігерге көрініп, тиісті дәрілерін ішеді. Әрі ауруынан сауығып кетуін Аллаһ Тағаланың қалауынан күтеді. Түп-негізі қарасаң, мұсылман үшін ауру – кеселдің өзінде жақсылық нышаны бар. Себебі, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман үшін әрбір іс ғажап! Себебі, ол үшін әрбір істе жақсылық бар. Бұл нәрсе мүміннен басқа ешбір жанға нәсіп болмаған. Егер оған бір жақсылық нәсіп болса, мүмін пенде ол үшін шүкіршілік етеді. Бұл ол үшін сауап. Ал, егер басына бір қиыншылық туса, мүмін пенде оған сабыр етеді. Бұл да ол үшін сауап болады» - деген. Хадисті Әбу Яхия Сухайбтан (оған Аллаһ разы болсын) Имам Муслим риуаят етті.

Тағдыр және адамның іс-әрекеті

Аллаһ Тағала адам баласын жаратып, оны жердегі Өзінің ізбасары етіп тағайындады. Хақ Тағала адам баласына жер мен аспанды және ондағы нәрселерді бағындырып, жер жүзін иеленуді бұйырды. Аллаһ Тағаланың қалағаны: адам баласы жер жүзінің қожайыны болу, оған иелік ету, сонымен қатар Жаратушысын естен шығармай Оған құлшылық ету. Демек, адам баласы – Жаратушысының құлы. Бірақ бұл құлшылық қорлану мен кемсіну деген мағынаға келмейді. Себебі, жоғарыда айтылғандай Аллаһ Тағала адам баласына Өзінің әмірлеріне мойынсыну немесе мойынсынбау, иман келтіру немесе дінді қабылдамау ықтиярын берген.



«Қалаған адам (Құран Кәрімге) иман келтірсін, қалаған – қарсы келсін», Кәһф сүресі, 29 аят.

Бостандық құлдыққа келеғар қарама қайшы нәрсе. Сол себептен қалау еркі берілгендіктен адам баласы өзінің істеген әрбір ісі үшін жауапты.



«Кім жақсылық істесе, ол өзінің пайдасы үшін, ал жамандық істесе, ол да өзіне», Жәсия сүресі, 15 аят.

Құран Кәрімде айтылғандай, Хақ Тағала адам баласын басқа жаратылғандардан артық көрумен, оны ерекше құрметке бөледі.

«Расында, Біз адам баласын құрметке бөледік», Исра сүресі, 70 аят.

Аллаһ Тағаланың адам баласына деген бұл құрметі кемсіту және қорлау емес. Себебі, Хижр сүресінің жиырма тоғызыншы аятында Аллаһ Тағала:



«Оны жаратып, оған рухымнан (Аллаһ жаратқан рухтарынан) үрлегеннен (жан салғаннан кейін) сәтте, оған сәжде етіңдер (яғни, сәлем беріңдер)» - деген.

Құран Кәрім Қаф сүресінің он алтыншы аятында:



«Біз оған (адам баласына) күре тамырынан да жақынбыз» - және Бақара сүресінің 186 аятында:

«Мен өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» - деумен Аллаһ Тағалаға мейірімділік сипаты тән екенін көрсеткен. Себебі, Аллаһ мейірімді болушылардың мейірімдісі, Оның мейірімділігі өзіне барлық нәрсені қамтиды. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде бір мәрте Құдыретті (الجبار) , екі рет құлдарын Билеуші (القاهر) және алты рет шексіз билік Иесі (القهار) деп сипатталған болса, елу жеті рет Рахымды (الرحمن) және жүз он бес рет Мейірімді (الرحيم) деп сипатталған. Сонымен қатар, жүз он үш сүренің басында «Басмалла» (بسملة), яғни: بسم الله الرحمن الرحيم (Бисмилләһир-Рохманир-Рохим) – «Рахымды, Мейірімді болған Аллаһтың атымен бастаймын!» - деп айтылып, төрт рет рахымдылардың Рахымдысы (أرحم الرحيمين) және он рет Есіркеуші (الرءوف) деп сипатталған. Бұл айтылғаннан тыс, Құран Кәрімнің көп жерінде кездесетін Аллаһ Тағаланың шапағат, қайырымдылық ету сипаттары бар. Осының барлығы Жаратушысы мен адам баласының арасында тығыз байланыстың бар екенін анық көрсетіп тұр. Бұл жақындық пен рахымдылықтың, тілеушінің тілегіне жауап беру байланысы. Аллаһ Тағаланың құлдарына деген рахымдылығы, ананың баласына қылған рахымыдылығынан артық. Бұл – әрбір мұсылман пенденің жүрегінде орын тапқан сезім.

Діндердің ішінде тек Ислам діні адам баласының ақылын құрметтеп, оның қадіріне жетеді деп айту ықтимал. Себебі, ақыл міндет пен жауапкершілікті сезінеді. Адам баласы ақылдың арқасында Жаратушысын біліп, әлемдегі асыл қазыналары және Жаратушысының ұлықтылығымен танысады. Құран Кәрім адам баласына, оның ақылы және жүрегі арқылы тіл қатып, әлемге көз салып, ондағы құбылыстарды ой елегінен өткізуге, қоршаған әлемді адамзат игілігіне пайдалану мақсатында игеріп, Жер жүзін материалдық және рухани негізде қоныстауға үндейді.

Исламда ақылға келеғар, саналық пен ғылыми ақиқатқа қарсы келетін тұс жоқ.

Ислам адам баласынан ақыл мен жүректі пайдалануын талап етіп, саналық пен ақыл өз міндеттерін орындауға кедергі етушілерді айыптап, ондайларды адамшылық қасиеттен жұрдай болған адамға теңейді.

«Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Құлақтары бар, онымен естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуды», Ағраф сүресі, 179 аят.

Құран Кәрім ақылды орынды пайдаланбауды күнәға балап, кәпірлердің Қиямет күніндегі жағдайын былай сипаттайды:

«Егер біз тыңдаған немесе ақылға салған болсақ еді, бұл жалындаған тозақтардың ішінде болмас едік» - дейді. Олар күнәларын осылайша мойындайды», Мүлк сүресі, 10-11 аяттар.

Аллаһ Тағала әлемдегі барлық нәрсені адам баласына бағындырған, сондықтан-да, адам баласының ақыл-ойын адамзатқа игілігі ету мақсатында пайдаланып, жер жүзін мекендеуге тиісті. Һуд сүресінің алпыс бірінші аятында Ислам адам баласының назарын осыған аударады:

«Ол, сендерді жерден жаратып, онда қоныстандырды» - десе, Жәсия сүресінің он үшінші аятында:

«Ол, сендерге жер және көктегі барлық нәрсені бағындырды. Расында, осыда түсінген ел үшін (Аллаһ Тағаланың барлығы мен жалғыздығына) дәлелдер бар» - деген.

Күллі ғалам – адами ақыл-ойдың шексіз даму аймағы, адамзат игілігіне қызмет ету бағытындағы санаға кедергі келтірмейді. Сондықтан-да, Ислам адамзатқа пайдасы тиер нәрсенің барлығына қолдау жасайды.

Ислам дінінің ақиқаттылығында күмәнданушылардың ойынша, мұсылман тағдырға иман келтіріп әлсіз болады, парасаттылық пен мәдениеттіліктен мақрұм қалады. Себебі, тағдырға сену, барлық нәрсенің болуын жоғарыдан күту – әлсіздік пен енжарлыққа алып барады – мыс. Ал, шындығына келер болсақ Құран Кәрім мен хадистердің ешбірінде де: «Екі қолыңды қусырып түк істемей ғибадатыңды қыл да, қарап отыра бер!» - деген жері жоқ. Керісінше, адал кәсіп қыл, тіршілігіңді істе, пайдалы білім үйреніп, сол білімді адамзаттың игілігіне пайдалан, әрекет істеп, жетістікке ынталан делінген. Шариғат адам баласына Исламның негізі талаптарына сәйкес әрекет етуін міндеттейді. Сонымен қатар адам баласы дүниеде түрлі іспен шұғылдануға ерікті. Пайғамбар (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) осыған байланысты:

«Сіздер өз тіршіліктеріңізге қажетті нәрселерді жақсы білесіздер!» - деген. Хадисті Имам Муслим «Әл-Фадаил» кітабында риуаят еткен.

Исламда адам баласының еркін ой-пікіріне және ғылыми ізденіспен шұғылдануына кең мүмкіндік берілген. Тек діндегі қасиеттілікке тиісуге шек қойылады. Әрбір діннің дұрыстығы тексеріліп, растығында күмән болмаған Аллаһ Тағала түсірген Құран Кәрім мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті тәрізді қастер тұтар діни мәтіндері болады. Ешкімнің де бұны өзгертуге, қысқартуға не қосымша қосу, жоққа шығару мақсатында күмән келтіруге қақысы жоқ. Мұндай істің барлығы айыпталып, қоғамдағы көпшілік тәртіпке қарсы жаулыққа теңеледі. Бұған қосымша, бұл – діни күнә. Жоғарыда айтылғаннан тыс әлемдегі барлық салада, ол жерде, не аспанда болсын, адам баласының ақылы қозғалыста болып зерттеу жасауға, тапқырлық пен жаңалық ашу, қалаған бейнеде ойлағанын жасап шығару еркі беріледі.

Құран Кәрімнің аяттарын зерттеп таныған адам, Исламның адам баласын еңбекқорлыққа үндеп, еңбек ету жолын мадақтайтын дін екеніне көзін жеткізері сөзсіз. Себебі, еңбек ету – берекелі тіршіліктің көзі. Еңбек етпей күн көріс жоқ. Осының негізінде Құран Кәрім көп аятта имандылық пен жақсылық істеудің арасын байланыстырады. Жақсылық сан салада жасалады, адамдар бұл ғаламдағы діни немесе күнделікті тіршіліктің шаруаларын атқара жүріп, Аллаһ жолында, адамзаттың игілігі үшін жамандықтың бетін қайтарады.

Құдай жолында адамдардың игілігі үшін істеліп, олардан жамандықты кетіру себебінен өзіне адам тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Құран Кәрімнің адам баласын еңбек ету жолына үндеуі төменгі аяттан айқын көрінеді:

«(Мұхаммад!) «Істейтіндеріңді істеңдер! Істеріңді Аллаһ Тағала, Оның Пайғамбары және мүміндер көреді» - де», Тәуба сүресі, 105 аят.

Құран Кәрім тіпті мұсылмандардың демалыс күні болған жұманың өзінде адамдарды еңбектенуге шақырып, «Жұма» сүресінің оныншы аятында:

«(Жұма) намазы өтелгеннен кейін, жер жүзіне таралып Аллаһ Тағаланың мархаматынан несібе іздеңдер!» - деген.

Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласына өмірінің соңына дейін, тіпті Қиямет күні басталған сәттің өзінде еңбек етуге уағыздайды:



«Қиямет күні басталған сәтте, сіздерден біріңіздің қолында талдың көшеті болса, шамасы келсе, орнынан тұрардан бұрын оны отырғызсын!», Хадисті Имам Ахмад «Муснадында» риуаят еткен. 3 бөлім, 184 бет.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) базбір адамдардың ішіп-жейтін қоректі табуын басқалардың мойынына артып, бүкіл уақытын мешітте Аллаһ Тағалаға құлшылық мақсатында өткізгеніне қарсылық білдіріп, қайта керісінше, еңбек етіп, өз маңдай терімен тапқанымен тамақтанғанды асыра мақтайтын. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) еңбекқор қолды мақтайтын, ондай қол Хақ Тағала мен Оның Пайғамбары (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үшін қашанда болса қадірлі.

Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандар үшін еңбекқорлықтың тамаша өнегесі болып табылады. Ол (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Құран Кәрімнің талаптарына сәйкес еңбек етіп, әрбір істі алдын-ала жоспарлап, ойластыратын. Әрбір іс үшін қажетті нәрселерді әзірлеп, Аллаһ Тағалаға тәуекел етіп, әрекеттенетін. Аллаһ Тағалаға тәуекел ету дегеніміз – жұмысты тастап, әрекет етпеу, түрлі аспап пен құрал қолданбау деген сөз емес. Тәуекел, әрекет еткенге дайындық жасалғаннан кейін жасалатын шара. Тәуекел етудің мәнісі – адам баласының Құдайын зікір етуде, яғни есіне алуда. Құдайын есіне алу адам баласына рухани дем беріп, қиыншылықтарға табанды түрде төтеп беруге септеседі. Себебі, Аллаһ Тағалаға тәуекел ету – жағымсыз қасиет емес, керісінше адам ол баласын алдыға ұмтылуға жігерлендіреді.

Аллаһ Тағалаға тәуекел ету дегеніміз – Аллаһ Тағала қалағанын істейді деген сеніммен әрекет етпей, ынталанбай қолды қусырып отыру емес. Бұл – қате түсінік. Ислам Аллаһ Тағалаға тәуекел етудің мұндай түрін қолдамайды. Өзіне-өзі жәрдем бермеген, яғни өз пайдасы үшін әрекет етпеген пендеге Аллаһ Тағала да көмегін көрсетпейді. Керісінше, Аллаһ Тағала әрекет етушілермен бірге.



«Расында, бір қауым өзін өзгертпейінше, Аллаһ Тағала да ол қауымды өзгертпейді», Рағд сүресі, 11 аят.

Екінші халифа хазіреті Омар ибн Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын) тіршіліктегі шаруаларында басқаларға иек артып, бүкіл уақытын құлшылық етумен өткізген бір топ адамды мешіттен шығарып, олардың тәуекел ету мәселесін қате түсінулеріне қатысты:



«Аспаннан жаңбыр болып алтын, не болмаса күміс жаумайды!» - деп, айтқан сөзіне дәлел ретінде:

«Аллаһ Тағалаға шын тәуекел естсеңдер, Ол сендерге, таңертең асқазандары бос болып, ал кешке қарындары тоқ болып қайтқан құстарды ризықтандырғандай, ризығын береді!» - яғни, таңертеңнен бастап қорек табу үшін ұшып, ұяларына қарындарын тойдырып қайтқан құстарға қарап, сендер де әрекет етіңдер деген мағынадағы Пайғамбардың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін айтқан. Хадисті Имам Ибн Мажаһ «Аз-Зуһд» кітабында риуаят етті.






Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет