Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



жүктеу 4.93 Mb.
бет19/20
Дата29.12.2016
өлшемі4.93 Mb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз.

Ой түбінде жатады,

дегендей партия, халқыма, сіздерге айтарым осы мезетте көкіректе қайнайды. Жазушы емеспін ғой, оны сіздерге асыл сөз, тәтті тілмен жеткізуге шамам келмей тұр, — деп ол басын жаңа сайланған бірінші хатшы Егізбаевқа бұрып, — жолдас Егізбаев, Сіз жас хатшысыз. Бұнан былай алып жүретін қызметіңіздің жүгі ауыр. Партия мен өкіметтің тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың, абыройға жетудің бірақ жолы бар. Ол — мына отырған активтерге сүйеніп, "ақылдасып пішкен тон келте болмайды". Гурь­ев облыстық партия комитетінің осы отырған активтері — тамаша, керемет адамдар, еш уақытта ұятқа қалдырмайды. Бұл асыл жандармен бірге жұмыс істеген жылдарымды өмірімнің ең айшуақ шақтары деп есептеймін! Ардақты менің достарым! — деп, көңілі бұзылып, бірер минут тоқтап қалды да терең дем шығарып, сөзін әрі қарай созды, — биік өкілетті жұмыс деген қиын ғой, біреуге жұмсақ, біреуге қатаң айтасың, кей-кейде арына тиетін сөздер де ауыздан шығып кетуі ықтимал. Егер мен жағынан сондай ақаулықтар істелген уақыттар болса, кешіріңіздер! Құрметті жолдастар, мен қайда жүрсем де, өзімді Гурьев облысы партия ұйымының мүшесімін деп санайтын боламын. Өйткені, бұл партия ұйымымен үшін үлкен мектеп, зор, қатаң сын еді. Сіздердің көмектеріңіздің арқасында бәрінен сүрінбей, жығылмай өттім, рахмет Сіздерге! Тағыда өтінетінім — өкпелеріңіз болса, еске тұтып, жаман атай көрмеңіздер!

— деп басын иіп, — Cay-саламат, жұмыстарыңызға зор жеміс тілеймін! Мінбеден түсіп, бірінші қатардағылардың арасынан орын тепті. Бәріміз орындарымыздан тік тұрып, үлкен толғаныс үстінде ұзақ қол шапалақтап, өзіміздің бірден-бір сыйлайтынымызды таныттық. Менің қасымда тұрған Кәрімова (қалалық партия комитетінің хатшысы):

— Қандай сыпайы адам? Анау отырғандардың біреуінің "президиумда отыра беріңіз!" деуге ақылы жетпегенін қарашы, — деді көз жасын сүртіп.

Апта өткен соң Жайық өзенінің жағасында немересімен жүрген Нұрекеңе кездесе қалдым. Біраз мені әңгімеге тартып жүргенде:

— Айтпақшы, — деп тұрып қалды. — Әлгі кемпір байғұстың ботасын өндіріп беріп пе едіңдер?

— Кең молынан, Нұреке.

— Адамгершілік жасағансыңдар, — деп күрсінді, — болып жатқан шындыққа көз салсаң, біздің қоғамның олқылықтары мол, кемтар, кем-кетіктерге деген қамқорлық жетіспейді, — деді де, өз күмәнін өзі түзегендей болды маған. — Кемістіктер уақытша жайттар, бәрі түзеліп кетеді. Сонан соң мына немеремді әкеп, қуантып кетті балаларым. - Сонан соң ойда жоқ жерде:

— Сен тым азып кетіпсің, жөнді емделмейсің бе?


  • Емделіп-ақ жүрмін, Нұреке. Ауа райы жақпай жүр.

  • Сен туралы орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Агей Евгеньевич Ждановқа айтқанмын. Ауысуыңа көмектесер.




  • Қамқорлығыңызға рахмет, аға! Осы облыста Сізбен бірге болып, басшылығыңыз арқасында қызмет істеген жылдарымды өмірімнің ұмытылмас белесі деп есептеймін. Сіздің мектебіңізден сабақ алғанымды қайтіп қана ұмытайын, абзал аға! Сізге ұзақ өмір тілеймін! — дегенімде:

  • Қазақтың қара көз балаларының әр уақытта биіктен көрінуін арман етемін. Аман-есен бол, лауазымың жоғарылай беруіне тілектеспін! — деп қолын беріп қоштасты.

Өстіп, абзал ағамен қоштасқаным дәл бүгінгідей көз алдымда.

Кезекті демалысымнан соң кеңсеге басымды сұққаным сол еді, қабылдау бөлмеде отырған хатшы орыс келіншегі:



  • Сіз жоқта түрі өте көрікті, байсалды кісі келіп, Сізді сұрады. Аты-жөнін жазып алып едім, — деп стол тартпасын ақтара бастады да іздегенін таба қоймады. Мен кабинетіме кіріп, жұмыс орныма жайғасқанымда өлкелік соттың мүшесі Оразай Нұрахметов келді. Жайласып отырғаннан соң:

  • Сізге айтайын дегенім, осыдан екі апта бұрын біздін өлкелік сот кеңсесіне қазақтың ең бір қадірлі ұлы, мемлекет қайраткері келіп кетті десем нанбассыз, — деді мақтаныш түрде.




  • Ол қай кісі? — деп елең еттім.

  • Нұртас аға! Мен нанар-нанбасымды білмей ұшып тұрыппын орнымнан.

  • Нұртас Дәндібайұлы ағай ма?

  • Иә, сол кісі. Қасында Түркістан ауданының бір жігіті бар. Ол жарықтық сол ауданның топырағынан емес пе? Сізді сұрағанына таңмын, шамасы бір шаруасы боп қалды-ау!...

  • Әттеген-ай, орнымда болмағаным-ай! Ол жайсаң жанның қол астында жеті жыл бойы Гурьев облысында істедім ғой. Қалада болған соң жаман інісі өлкелік сот төрағасының орнында қалай отырғанын көрейін деген оймен келді ме екен, — деп күлдім. — Жо-оқ, Нұрекең ондай ойдан аулақ, адамның адамы ғана мәртебесі, біліктілігі өзінен төмен болса да таныс адамын сағынады ғой, өзінің жасынан төмендегілерді інілеріндей көреді. Әлі есімде: "Қазақтың қара көз балаларының әр уақытта биіктен көрінуін армандаймын!" – дегені. Ол ағамен салыстырғанда мен кіммін? Сонша мәртебелі ағаның мені сұрап келгені... — көңілім босап кетті. Ағаның бет-жүзін көріп, сәлемдесіп қайтуым керек, қазір жүріп кетемін жолға...

  • Сіз алдымен Түркістанға телефон соғып біліңіз, естуім, Москваға қайтып кеткен секілді, — деп тоқтатты Оразай.

Сұрастырып едім, Нұрекең туған жерінің топырағына бірер күн аунап, мауқын басып, ата-бабасының дәмін татып, қайтқан екен Москваға.

Қазақ халқының көптеген ғұламаларының, мемлекет қайраткерлерінің бірі Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов бүгінде кіндік қаны тамған топырағының дөңес жерінде мәңгі орын тепкен, ол дүниелік үйі алыстан көрінеді. Топырағы торқа, жатқан жері мәңгі жанына жайлы болсын!



Нығмет ТӨЛЕНДИЕВ,

құқық қорғау органдарының ардагері.
Г. В. Шутенов,

Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер
Оңдасыновтай оңды адамдар қайда?
Мен Алматының дәрігерлер дайындайтын оқу орнының емдеу бөлімін 6 жыл оқып, соңғы сабағымды 1955 жылы 28 маусым күні тапсырдым. Мені Денсаулық сақтау министрі жедел шақырып жатыр деп, Орталық Компартияның екінші ^ңіі

хатшысы Қаражановқа алып келді. Маған: – Сіз бұрын Атырау облысында денсаулық мекемесін басқарған екенсіз, мүмкіндік болса бүгін облысқа самолетпен ұшыңыз. Сізді жолдас Қарынбаев күтеді, – деді. Ертесіне-ақ мен Атырауға ұштым.

Келісімен мені Атырау облысының Денсаулық бөлімінің бастығы етіп бекітті. Мен облыс басшылары Палымбетов, Оңдасынов, Қарынбаев тағы басқаларының сенім білдіргендеріне рахметімді айтып, қолдарын алып, аянбай еңбек етуге уәде бердім. Содан кейін Облыстық атқару комитетінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы және бөлім бастықтары маған өз сұрақтарын қойды. Мен осыдан бұрын (1945-1947 ж.) облстык, денсаулық сақтау бөлімін баскарғандағы жұмыстарымды айттым. Отызыншы мауысм күні дәрігерлер бас қосқан жиналыс болды, оған Денсаулық сақтау Министрі С. Р. Қарынбаев қатынасып, мен жөнінде, бұрын Атырауда істегенім туралы, сосын Алматы дәрігерлер институтының емдеу бөлімін жақсы аяқтағанымды, «Сталин атындағы стипендияға» ие болғанымды айтты.

Міне, сол күннен бастап атыраулық болып, міндеттеген жұмысыма кірісітім. Жұмыстың түрі де, проблемасы да көп еді. Бәрін айтып жату қиын. Он күннен кейін дипломымды алмақ болып, Алматыға кеттім. Өзіммен бірге оқыған жолдастарымның арасынан 17 дәрігерді Атырауға қызметке шақырдым. Үй аласыңдар дедім. Сондықтан алдымен мен Нұртас Дәндібайұлына барып жағдайды айттым. Нұрекең қала аудандары басшыларына тапсырма берді. Сөйтіп, үй мәселесі кешікпей шешілді.

Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын тексеру барысында Нұртас Дәндібайұлы кемшіліктерді көп байқады. Дәрігерлерге тұрмыс гигиенасынан халық ортасына барып, лекциялар оқу керектігін баса айтты. Нұртас Дәндібайұлы Азғыр полигонындағы жарылысқа қатты ызыланды және тым болмаса медициналық көмек көрсетуге тырысты, емхана ашуға, көлікпен қамтамасыз етуге қозғалыс жасады.


  1. Жергілікті халықтың денінің сау болуы үшін, біріншіден құдықтар, яғни таза ауыз су болуы керек, моншалар болуы керек деп, соларға күш салды. Балықшылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлді.

  2. Алматы қаласының ғалымдары қатысуымен Республикалық дәрігерлермен Кеңесін өткізу идеясын қолдады.

1956-57 жылдың бірінде барлық жерде сайлау болды ғой, сол кезде Теңгіз ауданына қарасты Азғыр совхозынан мені облыс институтына ұсынды. (Бұрын Орал облысына қараған, атом құрамдарын тексеру үшін Гурьев облысына берген. Азғыр совхозында 10 төсекті ғана аурухана бар екен, басқаратыны – фельдшер.

Мен совхоздардың жағдайымен танысып, қандай жәрдем бере аламын деп ойландым. Кешіктірмей облыстың бастығы Нұртас Дәндібаевқа телефон соғып, қай уақытында қабылдайтындығын біліп, айтқан сағатына бардым. Үш адам кіруге отыр екен. Нұрекеңнің кабинетінен кісі шығысымен күтіп отырғандардан бұрын мені кіргізді.

Мен сайлаушылармен кездестім, олар жақсы қабылдады. Мен мынадай жәрдем беруді жөн көремін дедім.


  1. Жоғары білімді дәрігер

  2. Санитарлық автомашина

  3. Рентген аппараты

  4. Қан, дәретті зерттеуге ауру адамдарды ауданға жібермеу керектігін, лабаротория, лаборант керектігін айттым.

Нұрекең сонша риза болды. «Мен рұқсатымды беремін, себебі сен дұрыс жобалағансың, сондай қашықта жатқан ауданға көмек көрсетеміз, егер ақша керек болса айт», - деді.

Нұрекең кей кезде аудандарға шығайық деп шақырады, оған қашанда дайын болдым. Машинамен жүргенде өзіміздің орамалымызды, простынямызды алып жүреміз. Қашықтау аудандарда қонып та қаламыз. Бізбен бірге Нұрекеңнің көмекшісі де болды. Нұрекең сонша таза, тырнағы адам қызыққандай жылтырайтын. Сондықтан маған айтатын: «Сен халыққа лекция оқы, тамақты ішкенде қасық пен айырды пайдалану керек, әсіресе, ет жегенде біреулер қолын шала жуып тураған етін сенің алдына қарай итереді».

Мен дәрігерлердің жиналысын өткізуге Нұрекеңнен рұқсат алып, министріміз Қарынбаевті, академик Сызғановты шақырдым. Біздің жиналысымыз обкомның залында болды. Үшеуі де алдымен сөйлеп, сосын Нұрекең өзің басқарып, өзің өткізерсің деп екі қонақты өзі алып кетті. Параходқа мінгізіп қыдыртты-ау деймін.

Бір кезде Нұрекеңе аспирантураға барсам, оқысам, ғылыммен де айналыссам деген ойымды айтып едім: «Сонда бәріміз ғылымға кетсек, халыққа кім жәрдем етеді, оны да ойлау керек қой», -деп мені жібермеді. 1961 жылы дәрігерлерді орденмен наградтайтын болды. Бізге: 2 Ленин, 4 Қызыл ту, 4 Құрмет ордены берілді. Сол тұста мен Алматыға ауысатын болдым да өзімді-өзім орденьге ұсынбадым. Кімдердің марапатталатыны Обкомның бюросында қаралатын болды. Нұрекең өзінің бір бөлімінің бастығына: «Неге Шутенов тізімде жоқ?» - дейді. Мен: «Кешіріңіз, - дедім Нұрекеңе, - Мен кететін болған соң кіргізбедім». Нұрекең: «Біз сенің кетуіңді емес, еңбегіңді бағалауымыз керек», - деді де, «Шутеновті Ленин орденіне жаз», - деді. Мен тағы Нұрекеңе: «Біздің ұсынғандарымыз - Сүндетов хирург, екіншісі – фельдшер, екеуінің 30 жылдан аса еңбегі бар», - дедім. «Онда Шутеновті Қызыл ту орденіне жаз», - деді. «Әр іске әділ Нұрекеңді қалай бағаламайсың, ол – ұстаз, әрі тәрбиеші».



01.07 2004 ж.

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,

еңбек ардагері
ӘУЛИЕ БОЛЫП ӨТКЕН АДАМ

Мен бұрын Нұртас Оңдасыновтың есімін ауылдағы ағайын-туғандардан естіп, арагідік еңбектерін оқығаным болмаса, өзімен жүзбе-жүз кездескен емес едім. Ал, 1978 жылы Нұрекең туған ауылы Түркістан ауданы Аманкелді колхозына келгенде, мен осы колхоздың партия ұйымының хатшысы болатынмын. Сол жолы Нұрекең қасына күйеу баласы (Зүбәйра апайдың күйеуі), академик Евней Арыстанұлы Бөкетов, академик Сұлтан Сүлейменов, Жамбыл гидромелеоратив институтының ректоры Мэлс Үркімбаев, Шымкент педагогика институтының ректоры Мырзахан Сәрсенбаев, Қазақ химиятехнология институтының ректоры Зейнолла Молдахметов, химия ғылымының докторы Бәкен Жанабаев, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Асановтарды ерте келді. Міне, мен алғаш рет Нұрекеңді осы жолы көрдім, қасында бірнеше күн бірге болып көп әңгімесін тыңдадым. Туған ауылының жағдай-тұрмысын білмек болып маған көптеген сұрақтар қойды. Колхоздың қол жеткен табыстарын асырмай, кемшіліктерін жасырмай алдына жайып салдым. Нұрекең менің әңгімемді аса бір байыппен тыңдады. Ертеңіне әңгімелескісі келді ғой деймін ауыл ақсақалдарын шақыртты.

Нұрекеңнің шалғайда жүріп туған ауылын, қазақи ортаны сағынғаны сөзінен де, жүзінен де айқын аңғарылып тұрды. Ат басын тіреген немере інісі Әбдулланың үйі қасына еріп келген "нөкерлері" мен ауыл адамдарына лық толды. Ауыл ақсақалдарын әңгімеге тартып біраз сөйлетіп алады да, көбіне әңгімені өзі айтады. Ара-арасында сөзге Евней жездеміз де қосылып кояды. Бұл кісіні де менің алғаш көруім. Алайда, сөзге шеберлігіне, ойының тереңдігіне тәнті болғаным бар. Нұрекең үкіметті басқарып отырғанда болған небір қилы оқиғаларды айта отырып, отырыс ортасында Арыс — Түркістан каналын қалай салдырғаны, рұқсат алу үшін Ста­линге депутат Шарап Ниязовты кіргізгендерін айтты. Ойды ой қозғап кетті ме кім білсін, осы тұста сексенді өңгеріп қалған ауыл ақсақалы Дәукең (Дәулет):


  • Оның бәрі дұрыс қой, Нұртас. Сондай үлкен шаруалардың арасында кішкентай ауылыңды — біздің де жағдайымызды ойлап қоюың керек еді. Сен енді оған ренжіме, біздің саған ептеген өкпе-назымыз бар, — дей бергені сол еді:

  • Қандай өкпе, тез айтыңызшы, — деді Нұрекең ақырын жымиып.

  • Өзің білесің. Қаратаудың басынан етекте отырған елге Қарашық каналы қазылғанын. Бірақ сол біздің ауылға жете бере "қазан" басында отырғандар жоспарды бұрмалап Круп­ская атындағы колхозға бұрып әкетті. Әрине, сен оны білмеген шығарсың да... Содан біз сусыз қалдық. Келіндерің бір шақырымдай жерден иін ағашпен су тасиды... Шәрге қатынайтын дұрыс жолымыз да жоқ...

Тағы да бір нәрселерді айтып келе жатыр еді жан-жақтан: "Дәуке, қойыңыз, қойыңыз!" — деп, ауыл адамдары тоқтатып тастады.

Бұдан кейін Нұрекең әңгімеге аса араласпай, тұйық отырды. Ақылдаспай айтып салған бұл сөзі үшін Дәукеңе бастықтар жағы біздер, аудан басшылары ренжіп те қалдық. Айтылған сөз — атылған оқ.

— Талай жылдан бері ауылға бір рет келгенде сен де қарап отырмай шаруа айтып... — деп, Дәукеңнің қатарлары реніш білдіріп жатты.

Ол кісінің көңіл-күйінің түсіп қалғанын аңғардық. Ыңғайсыздықтың орнын толтырмақ болып Евней жездеміз көпшілік назарын басқа әңгімеге аударған болып жатыр.

Содан Нұрекең ертеңіне мені шақырып алып:

— Балам, сен маған жасырмай шыныңды айт. Кешегі Дәукеңнің айтқан әңгімесі ауыр да болса шындық. Сондықтан сен маған бұл ауылға не қат, не қажет соны айт! — деп, қатаңдау үнмен сұрады. Ендігі жерде "қажеті жоқ" — деп өтірік шалқаюдың орынсыз екенін түсіндім де, мен де бірден ауылда жаңа мектеп үйінің және ауданға қатынайтын асфальт жолдың жоқтығын айттым...

Содан, келген қонақтар ауылда екі-үш күн болып қайтты.

Арада бес-алты ай өтер-өтпестен Нұрекеңнің өзі аудан басшыларына телефон соғып, менің Қазақстан Компартиясы Оорталық Комитетінің екінші хатшысы Сағидолла Құбашевке хабарласуымды сұрапты. Көп кешікпей мен С. Құбашевтың қабылдауында болып, ауылдың бар жағдайын алдына жайып салдым. Бар мәселені баяндайтын хат та жазып әкелген болатынмын. Хатыма бұрыштама сала отырып, Құбашев: - Жақында маған Мәскеуден Нұрекең арнайы келіп, өтініш білдірді. «Өзім қызмет істеп жүргенде «жершіл» деп кінә таға ма деп туған ауылыма, ағайын-тумаға қарайласа алмадым. Ендігі жерде сен, мүмкіндігің болса, сол бір парызымды көтеріп алсаң. Жақында ауылға барғанымда ауыл ақсақалдары біраз өкпе айтты», - деді. Сондықтан Нұрекең тілегіне қол ұшын беру – менің де парызым. Қайта осы шаруаларды Сіз болып, біз болып атқарып тастасақ, Нұрекеңнің алдындағы парызым біраз өтеліп қалар ма еді... - деп күлді.

Содан көп ұзамай министрліктен арнайы біздің колхоз үшін қаржы бөлініп, ауылдың төрт шетінен төрт құдық қазылып, одан су атқылап, Түркістан мен Аманкелді колхозы арасына асфальт жол салынып, кешікпей мектеп үйінің де іргесі қалана бастады. Не керек, айналасы төрт-бес жыл төңірегінде ауыл айтарлықтай өзгеріп, бау-бақша отырғызылып, көркейіп кетті. Тағы да кейіннен мың гектар жерді тегістеп, мақта егуге дайындадық. Бұл үшін ауыл адамдарының әуелі Нұрекеңе, қала берді, Сағидолла Құбашевке айтар алғысы көп. Туған жерге парызды өтеу деген осындай-ақ болар, сірә.

Алғашқы кездесуден-ақ Нұрекең мені өзіне іш тартып, хат жазып, мейрамдарда бір-бірімізге құттықтаулар жолдап, Алматыға келсе, мені сонда шақырып алып, қасынан тастамайтын болды. Ол кезде Нұрекеңнің «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздігін» дайындап жүрген кезі болатын. Осы кітаптарын шығару мақсатында Алматыға келген сайын мені шақыртып алатын. Сондай кездерде екеуміз ұзақ сырласып, сұхбаттасушы едік. Тіпті көпке айтыла бермейтін сырларына дейін ашып, кейде жас айырмашылығымызға қарамай сыпайы әзілдесіп қоятынбыз.

Нұрекең шын мәнінде дүниеге періште болып келіп, әулие болып өткен адам. Әңгіме арасында Нұрекең: - «Балам, мен үш нәрседен тазамын», - дегенді арагідік айтып қоятын: «Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – ҚОЛЫМ ТАЗА! Екіншіден, 1937-1938 жылдарда – қаралы күндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – АРЫМ ТАЗА! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – ЖҮЗІМ ТАЗА!».

Нұрекеңнің адамды жақсылыққа тәрбиелейтін өсиет- насихат әңгімелері көп болатын: «Дүние-жалған, ағын судай өтер де кетер. Қанша жыл ел басқарып жүріп артық дүние-мүлік жинаған жан емеспін. Сонда да болса көштен қалып, жұрттан кем өмір сүрген жоқпын. Біреудің дүниесіне қызығып, болған адамдарды, байыған адамдарды еш уақытта күндеген адам емеспін, - деген де, бір кезде Нұрекеңнің айтқан сөзі еді.

«Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан елу сегіз жасымда Хрущевтің қаһарына ұшырап, зейнеткерлікке ерте шығып кеттім. Москва қаласынан кооперативке кіріп, өз ақшамызға алғаннан кейін, жүктерімізді контейнерге тиеп, көшпек болдық. Сонда ақшасын төлер кезде 1500 сом жетпей қалды. Оны Валентина Васильевна таныстарынан, туыстарынан сұрап алып төледі. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының үйінен 1500 сом ақша шықпады дегенге сенесіңдер ме, сенбейсіңдер ме, оны өздерің білесіңдер», - деп күлді.

Бірде Алматы қаласындағы Совминнің саяжайында жатып, қолмен жазылған сөздігін қазақша машинкаға бастырды. Сол кезде мен Нұрекеңмен он бес күндей бірге болдым. Қолымыз босай қалса әңгімелесіп отыратын едік.

Сондай бір әңгіменің үстінде:


  • Нұреке, сіздің орындалмай қалған армандарыңыз бар ма? – деп сұрадым.

  • Е, адамда арман деген көп болады екен, бір арманға қол жеткізесің, алдыңнан қызыл түлкідей бұлаң етіп, тағы бір арман шыға келеді екен. Сол арманның соңына түсіп, соған жетсем деп әуреленеді екенсің. Орындалған армандардан орындалмай қалған армандар қымбат дей ме білгіштер. Сол сияқты менің де сондай қымбат үш арманым бар.

Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім, бірақ Валентина Васильевна жеңгелерің: «Балаларға жақын тұрайық, ұлғайып келеміз ғой», - деген соң Мәскеуге өтіп кеттік. Сөйтіп, маған Алматыда тұру бұйырмады.

Екінші арманым — Оңтүстік облыстарда керемет талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. "Жершіл, рушыл" деп айта ма деп қорықтым.

Былай дегені бар: Жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, оларым артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым.

Әрине, соңғысына қосылу қиындау. Арнайы "ғылым докторы, кандидаты" деген атақ-дәрежесі болмағанмен зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институтының істейтін ісін бір өзі атқарып, нағыз ерлік көрсеткен жан.

Нұртас Оңдасыновтың адам сенгісіз ерлігінің айғағы — арабша, парсыша, қазақша түсіндірме сөздіктерін, естелік пен мақалаларын, түпнұсқадан аударған шығыс халықтарының мақал-мәтелдерін жазу машинкасынсыз, тек қана өз қолымен, кәдімгі сия қаламмен жазып шыққандығында. Нұрекеңнің сөздіктерін талдай келіп, доцент Айтбай Айғабылұлы "Ерлікпен жазылған еңбек" — деген көлемді зерттеу мақаласында былай дейді: "Көп болып қолға алғанда ғана бітетін осынау қыруар жұмысты не хатшысы, не лабораториясы, не лаборанты жоқ зейнеткер қарттың отбасында отырып, бір өзі бітіріп тастағанына біреу сеніп, біреу сенбейді. Ал, ақиқатына жүгінсек "Арабша-қазақша түсіндірме сөздік" – бір адамның ғана атқарған жұмысы. Аңыз, әңгімелерде ғана айтылатын, алыптардың тас талқандап, тау қопаратын ерлігімен салыстыруға болатын, мұндай қиындығы қияметтей үлкен істі елім деп еңіреген, туған халқының қамын жеген абзал азаматтың ғана атқара алуы мүмкін. Сол үшін де Нұрекеңнің аруағы алдында бас иіп, тағзым етсе болады". Мұндай шынайы пікірге қосылмасқа амалың жоқ, әрине.

Нұрекең Алматыға келген сайын Орталық комитетте, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, ұзақ әңгімелесетін еді. Сондай қабылдауға барған сайын мені де қасынан тастамай ертіп жүретін. Мен әрдайым төменде қалып, Нұрекеңнің қабылдаудан шығуын ұзақ, сарыла күтетінмін.

Нұртас Оңдасынов Қазақстан Республикасы "Совнаркомының" төрағасы болған кезінде Қонаев 9 жыл орын­басары болып қызмет істеген. Ол туралы "өте білімді, талантты, тапсырған істі тастай қылып бітіретін адам", — деп отырушы еді Нұрекең.

Түркістанға соңғы рет келген сапарында Қонаевты халық құшақ жая қарсы алды. "Коммунизм" атындағы колхоздың еңбеккерлерімен кездесуге барғанда мен трибунаға шығып, құттықтау сөз сөйледім. Жиналыс бітіп, жүрерінің алдында Қонаев мені қасына шақырып, қолыма ақша ұстатып тұрып: "Нұрекеңнің інісі екенсің, мен ол кісіден көп өнеге, көп тәрбие көрдім, періштедей таза адам еді. Менің атымнан дұға оқыт, мен Ташкентке кетіп бара жатқандықтан Нұртас ауылына бара алмайын деп тұрмын. Өмір болса, келесі жолы келгенімде міндетті түрде басына барып дұға оқимын", — деді. Бірақ, көп ұзамай Димекеңнің өзі де қайтыс болды.

Нұрекең – өте қарапайым, кішіпейіл, елім, жұртым деп өмір сүрген адам. Үлкен ұлы Ескендір әкесінің адалдығы жайлы, бір оқиғаны айтып еске алады: — "Докторлық диссертациямды Гана мемлекетінде елшілікте қызмет істеп жүрген кезімде жазып бітірдім. Біраз материалдарды ағылшын архивтерінен алуға тура келді. Москваға келгеннен кейін диссертациямдағы кейбір фактілерге біздің ғалымдар келіспей, оны қайта жазуға жіберді. Сараптау комиссиясының төрағасы Қазақстанда болған, менің әкемді жақсы танитын кісі екен. Мен әкеме ара түсіп, ол кісінің маған көмектесуі жөнінде өтініш айтуын сұрадым.

— "Балам, ғылым жолы - ауыр жол. Оған тамыр-таныстық жүрмейді. Қайта жаз десе, жұмысыңда кемшіліктер көп болғандықтан айтқан болар. Сондықтан ерінбей-ақ қайта жазғаның дұрыс болар. Сен – бауыр етім баламсың, бірақ мен бұл айтқаныңды орындай алмаймын, жақсы танитын адамым болса да оған ондай өтінішпен бармаймын", — деді. Әкемнің мінезін жақсы білгендіктен, екінші рет өтініш айтпастан, ғылыми еңбегімді Москва архивтерінен алған деректермен толықтырып, кайта қарап, үш жыл бойы тынбай еңбек етіп, 34 жасымда докторлық диссертациямды қорғап шықтым".

Н. Оңдасыновтың екі ұлы бар. Үлкені — Ескендір Нұртасұлы, тарих ғылымының докторы, МГУ-дің кафедра меңгерушісі. Қазір зейнеткер.

Кішісі — Геннадий Нұртасұлы, техника ғылымының кандидаты. Москва политехникалық институтының доценті, ғылыми лаборатория меңгерушісі. Үлкен ұлынан бір қыз, кіші ұлынан екі ұл (Нұртас, Александр атты) немерелері бар.

Н. Оңдасынов Сыр бойында туып, Ташкент қаласында білім алып, ұзақ жылдар бойы Қазақстан Үкіметін басқарды, өмірінің соңғы 27 жылын Москва қаласында өткізді. 1989 жылдың 4 қарашасында Москвада қайтыс бол­ды. Ол кісінің мүрдесінің елден жырақ — Москвада қалып қоймасына сол кездегі Қазақстанның Москвадағы тұрақты өкілі Серікболсын Әбділдин, Алматыдан мемлекет және қоғам қайраткері С. Құбашев, Қарағандыдан академик 3. Молдахметов, Шымкент Обкомының сол кездегі бірінші хатшысы В. Темірбаев, журналист Г. Оразалиевалар көп еңбек сіңірді.

Нұрекең өз елі, халқы үшін ерен еңбек атқарды. Енді елі Нұрекеңе сол еңбегіне лайықты құрмет көрсетсе дейміз: Түркістан қаласынан ол кісінің музей үйі ашылса, Алматы қаласынан бір-бір көшеге аты берілсе, өзі алғаш жобасын жасап, Москвадан сол жобаның бекітілуіне көп еңбек сіңірген Арыс — Түркістан каналына Нұртас аты берілсе, ғылыми еңбектері зерттелсе, 100 жылдық мерейтойы Республика көлемінде аталып өтілсе.

Н. Оңдасыновтың мемлекет қайраткері ретіндегі еңбегін айтпағанның өзінде, ғылыми еңбектерінің өзі ауыз толтырып айтарлық. Бұрын баспадан аз тиражбен шыққан кітаптары қайта басылып, қолжазба, естеліктері кітап бо­лып шықса, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрекеңнің ауылдастары, ол кісіні есте қалдыру мақсатында, өздері тұратын мекен-жайға "Нұртас ауылы" — деп ат берді. Бұл игі шараны олар Нұрекеңнің аруағына бағыштаған. Қолдарынан келгені әзірге осы ғана.


Зүбәйра Дүйсенқызы ОҢДАСЫНОВА – БӨКЕТОВА,

қарындасы

БІЗДІ ЕРКЕЛЕТПЕДІ
Біздің отбасы, анықтап айтар болсам, Оңдасынның інісі, менің әкем – Дүйсеннің отбасы отызыншы жылдардың басында күнкөріс мақсатында Түркістаннан жұмыс іздеп, Ташкент жаққа келіпті. Ол кезде Нұртас ағамыз Ташкенттегі Орман шаруашылығы техникумын бітіріп, осы салада жұмыс істеп жүр екен. Біздің жадап-жүдеген түрімізді көріп, Нұртас ағамыз шошып кетті. Әкеме тез арада жұмыс тауып берді. Мені өз отбасына алды. Ағамыздың әйелі Валентина Васильевна ұлты орыс болса да бізді жатырқамай, ақжарқын мінезбен қарсы алды. Мені бірден жуындырып-шайындырып, баласындай бауырына басты. Міне, сол кезден бастап мен Нұртас ағамның отбасының бір мүшесі болып кеттім. Әрине, алғашқы кезде Валентина Васильевна екеуміздің түсінісуіміз қиындау болды, ол кісі қазақша, мен орысша білмеймін. Бір күні Нұртас ағам: - Валентина, сен Зүбәйраға орысша үйрет, мектепке барғанда түк білмей отырмасын. Дүйсекеңнен сұрап алдым, енді Зүбәйра біздің қызымыз, - деп, жымиып күлгені бүгінгідей көз алдымда.

Жеңгеміз Валентина Васильевна өте байсалды, ақылды адам болатын. Бар өмірін ағамызға, балаларына арнаған адал жар, ардақты ана десем, еш артықтығы жоқ. Үй шаруасына өте ұқыпты, таза болатын. Бізді, балалары Ескендір мен Генадийді соған тәрбиеледі. Ол кісінің ас дайындауы, дастархан жасауы ерекше еді. Ағамыз министр болып, үйде күтуші, аспазшы болғанда да Валентина шешеміз ас үйде өзі жүретін, дәмді тағам пісіруді өте ұнататын. Әсіресе, ол кісі бәліш пен пирожкиді бес-он минутта-ақ дайын ететін. Ағамыздың киім киісіне, таза жүруіне аса ұқыптылықпен қарайтын. Есіктен шығып кеткенге дейін ағамның үстін сылап-сипап жататын.

Соның бәрін көріп өскен кейіннен отау құрғанымда менің қажетіме асты десем болады. Өз балаларым: «Маманың бәліші қандай тәтті», – деп қолпаштау айтқанда: «Жоқ бұл Валентина әжелеріңнің бәліші» - деп қалжыңдайтынмын. Біздің де шешеміз жастай қайтыс болып, анадан алар бар тәрбиені Валентина жеңгемізден алдым. Кейіннен сіңлілерім Манзура мен Гүлжанды да ауылдан Алматыға алдыртып, мектеп-интернатқа орналастырды Нұртас ағамыз.

Кейде замандастарым – Нұртас Оңдасынов үй-ішінде қандай? – деп сұрақ қойғанда, жауап қайтаруға қиналатынмын. Себебі, біз балалары ол кісіні өте сирек көретінбіз. Біз ұйықтап жатқанда жұмыстан келетін, ұйықтап жатқанда кететін. Мүмкін, ол уақыт солай жұмыс істеуді талап еткен шығар да.

Қашан да, қандай қызметте отырса да бізді орынсыз еркелеткен емес. Мына бір оқиға әлі күнге есімде. Бір күні бір кісі үйге екі жәшік аяқ киім әкелді. Бәріміз қарық болдық та қалдық. Әрқайсымыз екі-екіден, үш-үш пардан алдық. Кешке жұмыстан Нұртас ағамыз келген соң ерекше қуанып, жіберген аяқ киіміне Валентина Васильевна рахмет айтты. Сол жерде ағамыздың өңі өзгеріп кетіп, ұйықтап қалған бізді тұрғызып алып: «Мен ешқандай аяқ киімге заказ берген жоқпын, бәрін қазір жинап, қорабына салып қойыңдар! Аяқ киім керек болса, жалаң аяқ қалсаңдар, дүкенге барып сатып алыңдар. Мен үлкен лауазымды қызметте отырсам, сендерді елден ерекше үлде мен бүлдеге ораймын деп отырған жоқпын. Олай ойласаңдар қателесесіңдер. Сендер маған ең жаны ашитын, менің абыройымды ойлайтын адам болуларың керек. Немене жаман жағдайда тұрып жатырсыңдар ма?! Үкіметтің ақ төсегі, мол тамағы аз ба сендерге? Менің балалық шағым жоқтық пен қайыршылықтан тұрады. Маған қарап: Қызым, сен ол өмірдің шет жағасын көріп келдің, ұмытпауың керек, – деді аса ренішпен. Ұялғанымнан жерге қарадым. Сосын Валентина Васильевнаға бұл аяқ киімдердің кімнен, қайдан келгенін телефон соғып, өзінен сұрамағанына, бас-көз жоқ киіп алғанымызға қатты ренжіді. Жеңгеміздің парасаттылығына сонда таңғалдым. Біздің көзімізше кешірім сұрап, енді бұндай істің қайталанбайтынын айтты. Расында да, мұндай оқиға біздің үйде бірінші және соңғы рет болды. Ал, әлгі аяқ киім жіберген Сауда министрі жұмысынан айырылмаса да бір сөгісті арқалағаны анық еді.

Біз – балалары әкемізден бір нәрсе сұрамақ, болсақ шешеміз арқылы шығатынбыз. Сұсты жүзінен, қаталдау мінезінен бірден алдына баруға жасқанатынбыз. Бізге өмірінде дауыс көтеріп ұрысқан адам емес. Сонда да болса именетінбіз. Біз түсінбейтін сес бар-тын өзінде.

Әйелі Валентина Васильевна екеуінің бірде-бір рет айқайласып, дауыс көтеріп ұрысқанын көрген емеспіз. Жұмыстағы көңіл-күйін, әңгімесін үйге әкелмейтін, шешеміз де ол кісінің қызметіне араласпайтын.

Балалары – бәріміз де жоғары білім алдық. Мен және Геннадий – ғылым кандидаты, ал, Ескендір ғылым докторы болды. Біз бәрін өз күшімізбен, өз еңбегімізбен жасадық. Әкеміз лауазымды қызметте отырса да: «Мынау менің балам еді, көмектесші», - деп бір адамның алдына барған емес. Біз де оны талап етпедік. Себебі, бала кезімізден құлағымызға сіңдіріп тастаған әкемнің: «Әркім өз еңбегіне ғана сенуі керек», - деген сөзі біз үшін қағида болатын.

Тұрмысқа шығатын болып, Ебіней екеуміз Нұртас әкемнен рұқсат сұрай бардық. Бірден: «Мамандығың не?» - деп сұрады. Ебіней тосылмастан: «Ғалым болсам деп едім», - деді. «Ә, жарайды онда, рұқсатымды бердім. Сот, прокурор болсаң, қызымды бермей қояйын деп едім», - деп күлді. Сол күннен, сол сағаттан бастап әкем Нұртас пен Ебіней екеуінің арасында ерекше бір сыйластық басталды. Екеуден екеу отырып екі-үш сағат сырласа беретін. Ебіней жоқ кезде бөгде біреулерге: «Ебіней қазақтың Ломоносовы», – деп айтып отырғанын талай естідім. Ебінейдің еңбекқорлығына, ғылымды жан-тәнімен сүйетіндігіне тәнті болатын. Ризашылығын жасырмай ара-тұра айтып та қоятын.

Бірде Ебінейді мақтап тұрып, маған қарады да: «Менің қызым да осал емес, химия ғылымдарының кандидаты», - деді, ренжіп қалды ма дегендей. Мен: «Еңбектенсе әркім де кандидат болуына болады, ал, Ебінейдей күйеу табу әр қыздың қолынан келе бермес, сол жағын баса айтыңыз», – дедім күліп. Әкем бұл уәжіме риза болғаны сонша қарқылдап, рахаттана бір күлді. Төрде отырған орнынан тұрып келіп: «Айналайын!» – деп маңдайымнан сүйіп жатыр. Отырған қонақтар да, Ебіней де ду күлісті.

Ғылым маңайындағылар жақсы біледі, Ебіней өмірінің соңғы жылдарында әділетсіздікті көп көрді, көп қиналды. Оның білгір, талантты ғалым екенін мойындағысы келмегендер көп жаманшылықтар жасады. Соны естіп, сезген әкем өмірінде бір баласы үшін ешкімнің алдына бармаған ол, Ебінейдің жағдайын айтып Қонаевқа барыпты. Онысын бізге Ебіней қайтыс болғаннан кейін ғана айтты. Бірақ, одан Ебінейге ешқандай пайда келмегенін ренжи отырып баяндады.

Ебінейдің қайтыс болғанын естігенде әкем ауырып, емханаға түсіп қалды. Шыны керек, әкем Ебінейді аса жақсы көріп, мақтан ететін.

Қарағандыға, бізге үш-төрт жылда бір келіп тұратын. Себебі, Мәскеуде отырып қолымен жазған арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздігін машинкаға бізге әкеліп бастыртатын. Ебіней бар жағдайын жасайтын, сіңлім Гүлсім машинкадан өткен жұмыстарын қарауға көмектесетін. Бірде: «Жасыңыз болса ұлғайды, қоймайсыз ба бұл жұмысты», – дегенімде: «Әрекетте – берекет бар, балам. Бұл сөздіктен көп гонорар таппасам да, жаныма рахат тауып жатырмын. Менің өмірімнің ұзақ болып келе жатқаны да содан шығар, қайдан білесің?! Сондықтан шешең екеуің маған «жазуды қой» дей бермеңдер», - дегені бар еді.

Енді, міне, Ебіней де, шешеміз Валентина Васильевна да, Нұртас әкем де бұл өмірден озып, бақи болып кетті. Бірақ, олар менің жадымда, бар ісі, қылықтары көз алдымда. Мен үшін олар тірі...


Қарағанды, 1998 жыл.
Валентина Оңдасынова,

немересі, тарихшы
ОЛАРДЫ САҒЫНАМЫН
Кейде маған өмірдің өзі өкініштен тұратын секілді. Атам мен әжемнің бар кезінде көп нәрселерге мән де бермедік, сұрап та алмадық. Бәрі жастықтың әсері ғой. Қазір болса менің ол кісілерге қояр сұрағым мың-миллион болар еді және құрметімді бұрынғыдан да зор етер едім. Ойлаймын, бұл тек менің ғана басымдағы өкініш емес деп. Адам деген де қызық жаратылыс қой...

Жазғы каникулды мен жыл сайын Алматыда, атам мен әжемнің қасында өткізетінмін. Ол кезде мен ол кісілердің жалғыз немересі болдым. Қашанда ол кісілерді достары қонаққа жиі шақыратын, мені алып баратын. Сол достарының балаларымен мен де достасып кеттім, араласып тұрамыз. Олар: Шалабаевтар мен Ахметовтер отбасы.

Қазір маған Алматы десе болды, ең бірінші аяулы атам мен әжемді ойға түсіреді. Үнемі атам мен әжемді, Алматыны сағынып жүремін. Өкінішке орай жиі келе беруге «мүмкіндік» деген қол жеткізе бермейді.

Ең бірінші атам Нұртас Дәндібайұлы мен әжем Валентина Васильевна арасында аса бір адам қызығарлықтай сыйластық болды. Кейде екеуден-екеу отырып шүйіркелесіп, әңгімелесіп отыратын. Әр істе әділ болды, жеке бастың шаруасына бас сұқпайтын, еркіндік беретін.

Нұртас Дәндібайұлының халқына қалаулы болғанына талай көз жеткіздім. Бірде мен, нақтылай айтсам, 1977 жылы саяхат сапарымен Францияға баратын болдым. Бірақ күнде бір комиссия, одан өту өте қиын. Соңғы комиссияға келгенімде біздің тәртіп бойынша әуелі социалистік мемлекетке баруыңыз керек, ал, сіз бірден капиталистік мемлекетке барғыңыз келеді деді. Шынымда айтсам, Францияны өте көргім келіп тұр, жан қысылғаннан: «Социализмді бізден артық ешкім құра алмайды, оны көріп жүрміз, ал, капиталистік қоғамды көргім келеді», - дедім. Бірақ қанша ұтқыр айттым десем де, оны ешкім елемеді. Бір кезде комиссияның бастығы маған қарап отырып: «Оңдасынов сіздің кіміңіз болады?» - деді. Мақтаныш сезіммен: «Атам!» - дедім. Сөйтсем ол адам соғыс кезінде Қазақстанда болған, атамды жақсы білетін болып шықты. Денсаулығын, жағдайын біліп алды да, атам үшін рұқсат берді.

Біздер, 1981 жылы жолдасым екеуіміз Тайланда қызмет істедік, Ресей елшілігінде. Бір күні Тайланға Қазақстан делегациясы келетін болды. Қарасам, делегацияны Жоғарғы Кеңестің төрағасы Саттар Имашев басқарып келеді. Бәрімізбен жағалай амандасып, маған жақындай бергенде: «Мен Сізді осында көргеніме қуаныштымын!» - дедім, қайдан шықса одан шықсын деп. Ол кісі бұл сөзіме назар аударып, қасымда тұрып қалды. «Мен Нұртас Оңдасыновтың немересімін, мен де қазақпын, Сізді Алматыда көргенмін», - дедім, тағы да сөзімді жалғап. Ол кісінің жүзі жылып, арқамнан қақты да, келесі тұрғандармен амандасып алға жүріп кетті.

Кешке үлкен банкет болды. Адам көп, бәрі де мықты. Біз жаспыз, менсіне қоятындар аз. Бір кезде Имашев орнынан тұрды. Отырғандар «қайда барады екен?» дегендей сұраулы жүзбен шығарып салып тұр. Ол кісі менің қасыма келді де қолымнан ұстап, анадай жерде тұрған диванға отырдық. Он-он бес минуттай сөйлестік, әуелі атамның жағдайын сұрады, денсаулығын білді, сосын өз қызметімді сұрады. Міне, осы бір оқиғадан кейін бізге деген елшіліктегі көзқарас мүлдем өзгерді. Бұрын да білетін олар менің ата-тегімнің осал еместігін, бірақ көз көрмеген соң мойындай қоймайтын. Ал, бір мемлекеттің басшысы көңіл бөліп, назар аударған соң тегін еместігімді түсінді, мойындады. Сол–ақ екен сәлемдері де, қарым-қатынастары да күрт өзгерді. Атам үшін мақтанғаннан көкке ұшып кете жаздағанмын, сонда.

Неге екенін түсінбеймін, есейген, жасым ұлғайған сайын оларды жиі есіме аламын, сағынамын...




Бірінші бөлім
Туған коллективім
Алдымен қазақ тілінің емлесінше бірге
Сұранып жүрген сөздер
Халық қадірлісі
Тұңғыш президент
Ерлікпен жазылған еңбек
Рахмет өтесінов,
Изгилик дабаев,
Оразбек н. халықтың қамен жеген бір перзенті
Дербес зейнеткер
Нұрділдә дүйсенұлы оңдасынов

: uploads -> files
files -> Реферат на тему: Околоушная железа: повреждения, слюнные свищи, актиномикоз, туберкулез, сифилис и кисты
files -> Методические рекомендации для студентов III курса стоматологического факультета к практическим занятиям по патологической анатомии головы и шеи
files -> Методические рекомендации практических занятий для студентов стоматологического факультета
files -> Методические рекомендации для студентов к практическим занятиям по патологической анатомии головы и шеи
files -> Методические рекомендации практических занятий для студентов лечебного факультета 4 курса 8 семестр
files -> Законом от 12. 04. 2010 №61-фз «Об обращении лекарственных средств»
files -> Лекарства для жизни
files -> Инструкция по охране труда
files -> Собрать общие сведения о лекарственных препаратах
files -> Методическая разработка самостоятельной работы студентов по дисциплине «стоматология» раздел «геронтостоматология и заболевания сопр»


1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20


©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет