Гүлмира Әшірбекова



Дата24.01.2018
өлшемі245.88 Kb.
Гүлмира Әшірбекова,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Қызылорда қаласы

ashirbekova_75@mail.ru



«Қазалы» - аудан ЖАРШЫСЫ
«Қазалы» аудандық газетінің тарихы сонау отызыншы жылдардан басталады. Аудандық партия комитеті мен аудандық Совет атқару комитетінің органы болып ашылған алғашқы газет «Большевиктік колхоз үшін» деген атпен 1933 жылы жарық көрді.

Заман ағымына сәйкес газеттің аты «Социалистік жол», «Ленин Туы», «Қазыналы Қазалы» болып өзгерді. «Большевиктік колхоз үшін» газетінің редакторлары болып, Мұхамбет Есмамбетов (1935-1937жж.), Сәндібек Нұғыманов (1937-1938жж), Махамбет Ағымысов (1938-1940жж), Әнес Төлемісов (1940-1947жж), Жақсыбай Құлымбетов (1947-1957 жж.) жұмыс істеді. «Социалистік жол» газетінің редакторлары ретінде Мұрат Нұржанов 1954-1956 жылдар аралығында, Айтбай Қойшыбаев 1957-1958 жылдары, Елеу Көшербаев 1958-1960 жылдары қол қойған. «Ленин туы» газетінің редакторлары Сейіл Боранбаев (1960-1982 жж.), Тиышбай Шерекенов (1982-1985жж.), Киікбай Ізетов (1985-1986 жж.), Әлмәмбет Әлішев (1986-1992 жж.) қызмет атқарды. «Қазыналы Қазалы» газетінің редакторы болып 1992-2002 жылдары Ә.Әлішев тағайындалды. Бұдан кейін газеттің жекешелендірілуіне байланысты мемлекеттік басылымның шығарылуы тоқтатылды.

Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген профессор Қ.Аллаберген: «Отызыншы жылдардың бас кезінде кеңес үкіметінің ауыр өнеркәсіпті дамытуға ерекше мән беруіне байланысты Қазақстанда Балқаш, Қарағанды, Ембі мұнай комбинаты сияқты ірі алыптар қатарға қосылды. Ауылдық жерлерде жаңадан бірнеше мың колхоз және жүздеген мал, астық совхоздары құрылды. Әйтсе де республикада ауылшаруашылығының бұл саласында көптеген кемшіліктер де болды. Мәселен, колхоздар ұйымдық-шаруашылық жағынан әлі де болса әлсіз, өз бетімен тік тұрып кете алмайтын жағдайда еді. Міне, сондықтан да бұл шараларды тезірек жүзеге асыру үшін баспасөздің жан-жақты көмегі қажет болды»[1;162], - деп түсіндіреді. Осы жылдары аудандық газеттерге билік тарапынан қолдау көрсетіліп, тіпті жаңадан ашылған МТС-тар жанынан да баспасөз ұйымдастыру қолға алынды. Сондай-ақ шаруашылықтарда, мекемелерде қабырға газеттерін жандандыру, олардың сапасын жақсарту да тапсырылды.

Осы кезде жарық көрген аудандық газет жайында: «Қызылорда облысының Қазалы аудандық «Большевиктік колхоз үшін» газеті ауылшаруашылығын өркендетудің мәселелерін іскерлікпен жан-жақты жазып отырды. Мысалы, 1939 жылы 3 ақпандағы нөмірінде «Көктемгі егінге большевикше әзірленейік» деген бас мақаласы да үшінші бесжылдықтың үшінші жылында көктемгі егіске әзірлену ісіндегі кемшіліктерді ашып көрсетеді»[1;166-бет.],- деп жазады ғалым Қ.Аллаберген. Жоғарыда келтірілген мысалдан аудандық газеттердің ұйымдастырушылық қызметін айқын аңғаруға болады.

Өкінішке орай, Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатында Қазалы аудандық газетінің алғашқы нөмірлері сақталмағандықтан, 1941 жылдан бергі басылым тігінділерінен деректер жинауға тура келді. Қазалы ауданының 80 жылдық торқалы тойы қарсаңында аудан әкімі Айтбай Елеуұлы Көшербайдың бастамасымен шығарылған «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» атты кітабының алғы сөзінде аудандық басылымның тарихына қатысты бірқатар деректер біздің зерттеу жұмысымызға біршама септігін тигізді.

«Алдымызда аудан әкімдігінің «Қазалы» аудандық газеті (бас редакторы Ж.Мәкеналы) аптасына екі рет шығатын шілде айындағы сандарына көз жүгіртіп отырмыз. Газет бетінен ауданда атқарылып жатқан ауқымды істерді, қомақты тіршілікті көре аласыз. Ауданда шағын кәсіпкерлік, сауда және өнеркәсіп салалары бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында нәтижелі істер атқарылған. Аудан бойынша 110 заңды тұлға, 1952 жеке кәсіпкер, 218 шаруа қожалығы, барлығы 2280 шағын кәсіпкерлік субъектілері есепке алынған.

Мәселен, ауданда тұрақты өнім өндіретін 18 өндіріс орындары, 2 601249,2 мың теңгенің өнімдерін өндірген. Атап айтар болсақ, «Қазалы локомотив жөндеу зауыты», «Қазалы вагон жөндеу депосы», «Локомотив сервис орталығы» жыл басынан бері 1 412849 мың теңгенің жұмысын жасаған. Басқа да өнеркәсіп орындарының бірінші жартыжылдықтағы істеріне ел риза.

Ауданның үдемелі индустриялды-инновациялық жобаларды дамытуда 7 жоба аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл жобалар пайдалануға берілген кезде ауданда 340 адамды жаңа жұмыспен қамтуға болатындығы көрініп отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру, қаржы-несиелік құқықтарын қолдау, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, қызмет көрсету саласын жақсарту жұмыстарында да ілгерілеушілік басым. Ауданда инвестициялық жобалар бойынша іске асырылатын шаралардың да елдің игілігі үшін жағымды жағы баршылық… Мәселен, аудан аумағындағы жер асты кендерін пайдалану бағытында «Байқожа» алаңындағы мергель кенін геологиялық барлау және өндіру, цемент зауытын салу бойынша 21 544 407 теңге көлемде қосымша барлау мерзімін ұзарту үшін облыстық салалық басқармалармен тиісті ұсыныстар жасалып жатқаны, Қызылқұм өңірінен жер асты мұнай қорын барлау және өндіру жобасы бойынша «Нұрсат Бауыр және К» серіктестігі тарапынан барлау және өндіру жұмыстары атқарылып отырғаны, соған сай мұнай терминалын салуға ұсыныстар жасалғаны ерекше қуантады.

Халықтың рухани мәдениеті мен танымын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айрықша екендігі анық. Тәуелсіздік жылдарында ауданның осы саладағы жетістіктерінің бірі – мемлекеттік газеттің жарыққа шығуы. 2008 жылы «Қазалы» газеті мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды.

«Қазалы» газеті мемлекеттік кәсіпорын болып құрылғандықтан ауданда кеңес дәуірі кезінде шығарылған «Большевиктік колхоз үшін», «Социалистік жол», «Ленин туы», «Қазыналы Қазалы» газеттерінің жалғасы, заңды мұрагері болып саналды»[2],- делінген.

Жоғарыда келтірілген деректерде газет атауының әр кезеңде заман тынысына, уақыт талабына сәйкес өзгеріп отырғанын байқаймыз. Алғашқы нөмірі «Большевиктік колхоз үшін» деп аталған басылым 1940 жылдары «Ленин туы» болып өзгерген. 1953 жылдан бастап «Социалистік жол», 1960 жылдардан бастап қайтадан «Ленин туы» деген атпен шыққан. Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған газет тігінділерін қарағанымызда, басылым атауының бірнеше рет ауыстырылғанына көз жеткіздік.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жарық көрген «Ленин туы» газеті басқа басылымдар секілді соғыс жағдайына бейімделіп, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен жарыққа шықты. Газетке 1941 жылы О.Нұрқабаев жауапты редактор ретінде қол қойып, таралымы 1760 данамен тараған. Ұлы Отан соғысының соңғы жаңалықтарын «Соңғы сағаттарда» деген айдармен ТАСС хабарларынан беріп отырған.

1941 жылдың 7 қыркүйектегі санында «Әйелдер Отан соғысы тақырыбында» деген тақырыппен М.Сұлтановтың мақаласы жарық көреді. Онда соғысқа кеткен ерлерінің орнын басу үшін аудан әйелдері түрлі саладағы техниканы меңгеру үшін оқу курстарында білім алып жатқандығын жеткізеді. Сондай-ақ осы жылғы газеттің 14 қыркүйектегі нөмірінде «Отан қорына қарттардың көмегі» атты мақалада Қазалы ауданының еңбеккерлері мен қарттары, жекелеген колхозшылар өз жалақыларын Отан соғысы көмек ретінде беріп жатқандығы туралы айтылады. Бұдан бөлек «Біз жеңеміз!» деген ұранмен жауынгерлердің рухын көтеріп, тылда қалған еңбеккерлерді жігерлендіру мақсатында өлеңдер, мақалалар тұрақты түрде берілген. Мұндай сарындағы материалды газеттің әр нөмірінен кездестіреміз. Сонымен бірге басылымда «Майдандағы армия» айдарымен соғыс даласындағы хабарлар, ерлікпен көзге түскен жауынгерлер жайлы жаңалықтар берілген. Басқа аудандық газеттерде соғыс жылдарында шыққан нөмірлерде суреттер аракідік кездессе, «Ленин жолында» «Майданнан фотохроника» деген тақырыппен майдан шебіндегі көріністер суретімен жарияланған. Мұның өзі аудандық газеттің өзіндік ізденісі немесе ақпаратты берудегі өзгеше тәсілі деп түсінеміз.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жарыққа шыққан «Ленин жолы» газеті басқа басылымдар секілді Мемлекеттік Қорғау комитетінің председателі И.В.Сталин жолдастың баяндамасын үздіксіз жариялап отырған. Тағы бір айта кететін жағдай, аудандық газеттерге тән орталық ақпарат агенттігінен келген жаңалықтар мен хабарларды кешкі, таңертеңгі, соңғы деп мерзімін көрсетіп, топтап берген. Сондай-ақ соғыс басталысымен оған тылдағы еңбеккерлерді жұмылдыру мақсатында қаржы бөлу, жылы киімдер жіберу, астық жөнелту секілді сол кездегі биліктің пәрменімен жүзеге асырылған науқанға белсенділікпен қатысқанын байқаймыз.

Ұлы Отан соғысы жылдарында баспасөздің ақпараттық, ұйымдастырушылық ролін арттыру үшін аудандық газеттердің таралымы мен көлемін көбейту мәселесі күн тәртібіне қойылып, қаулы қабылданғанын жоғарыда айтқанбыз. «Ленин жолы» газетінің соғыстың алғашқы жылдарынан бастап тиражы нөмір сайын біртіндеп көтеріліп отырғанын байқаймыз. Мәселен, 1941 жылдың қазан айының өзінде басылым 120 данаға көбейген. Бұл көрсеткіштің тек бір ай көлемінде ғана екендігін ескерсек, Орталық қабылдаған қаулының қаншалықты нәтижелі орындалғанын аңғару қиын емес.

1942 жылы «Ленин туы» газеті түрлі сала мамандарының кеңестері, соғыс тақырыбында жазылған әдеби шығармалар және майданнан келген, майданға жөнетілген хаттармен толыққан. Мәселен, «Агрономиялық кеңес» айдарымен «Үпілмәлік егісін ойдағыдай өткізудің шаралары», «Тұқымды тазалау әдісі» және т.б. тақырыптарда агроном-мамандардың мақалалары берілген. Газеттің 1942 жылғы 17 мамырдағы санында «Зоотехникалық кеңес» айдарында «Малды аман төлдету және төлдерді өсіру» туралы мақала жарияланған.

Қазалы ауданынан майданға аттанған жауынгерлердің елге сәлемін алдымен «Ленин туы» жеткізді десек қателеспейміз. Мәселен, газеттің 1942 жылғы 7 маусым нөмірінде екі хат қатарынан берілген. Бірі майданнан, екіншісі майданға хат.

Орденді комиссар Қ.Бектұрғановтың жүрекжарды хаты: «Туған жерлестер, туысқандар!»[3],- деп басталады. «Кескілеген соғыс майданнан жауынгерлік сәлемімді жолдаймын. Бауырлар, Отаннан аяр не бар? Отан үшін, Сталин үшін жан пида. Туған жерлестер, туысқандар! 1942 жыл неміс-фашист әскерлері талқандалатын жыл, гвардеецтерше еңбек етіңдер. Жеңіс тойында кездесейік»,- деп аяқталады.

Хатқа «Казрис» колхозшыларының тапсырысы бойынша колхоз председателі Елеусінов пен партия ұйымының секретары Тұрлығұлов жауап береді. «Құрметті Қуанышбай! Хатыңды алып жалпы жиналыста талқыладық. Біз өзіміздің ортамыздан шыққан ер ұлды мақтан етеміз. Сенің құрметіңе сай «Қызыл ту» орденімен наградталғаның бізді ерекше сүйсіндіреді»[3],- деп аяқталады.

1942 жылдың 54 санынан бастап басылым тиражы 2000-ға жеткен. Газет жаңадан «Шет елдерде», «Құрмет тақтасы» айдарларымен толығып, онда халықаралық ақпараттар берілсе, «Құрмет тақтасында» үздік колхозшылар, озат еңбек ұжымдары жайлы мақалалар жарық көрген. Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңестік билік баспасөзді барынша үгіт-насихат құралына айналдырды. Жеңіске жұмылдыру мақсатында тылдағы еңбеккерлер тынымсыз еңбек етіп, ұдайы майданға көмек жіберді. Әрине, мұның бәрі сол кездегі тоталитарлық жүйенің өлшеусіз өктемідігінің көрінісі деуге болады. Тылдағы қазақ әйелдерін күштеп жұмысқа жегу, техниканы басқарту секілді көріністер ол кез үшін жоғары жетістік саналатын. Стахановшылар қатарын көбейтеміз деген желеумен ауылшаруашылығына белсене қатыспаған әйел қалмады десек қателеспейміз. Олар жайлы очерктер мен мақалалар, суреттемелер нөмір құрғатпай шығып жатты. Мәселен, 1944 жылғы 1 мамырдағы «Ленин туында» А.Айтбайдың «Айбарша мен Сұлуқыз» атты очеркі жарық көрген. «Комсомол» колхозының маңдайалды стахановшылары еңбек нормасын 2-3 есеге артығымен орындап, марапатқа ие болғандығы туралы айтылып, майдандағы ерлеріне жасаған бұл көмектері басқа қыз-келіншектерге үлгі болуы тиіс деген ұсыныс білдіреді автор[4].

Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгер жанрға айналған очерк, фельетон жайлы бұған дейін сөз еткенбіз. «Ленин туы» газетінде де «Оқшауша» деген айдармен фелеьтондар беріліп отырған. Жарық көрген бірқатар сатиралық шығармалардың обьектісі нақты адреске арналған және онда нақты деректер мен оқиғалар баяндалады. Ал авторлары көбінесе бүркеншік есіммен яғни «Фельетоншы», «Жәкен мен Шәкен» деп берілген. Газеттің 1944 жылғы 1 қыркүйектегі нөмірінде «Сары жорғаның зары» атты Ә.Байжоловтың фельетон-хаты жарық көрген. Фельетонда Киров атындағы колхоздың сары жорғасының күтімсіз қалуын айтып, басшылардың салғырттығын айтып, газетке шағымданады.

Ал 1944 жылы жарық көрген «Қос сұғанақ» фельетоны өлеңмен жазылған. Бұл Сырдария ауданы Киров атындағы колхозда болған оқиға желісіне құрылады. Колхоздың қоғамдық мал фермасына жұмысқа тұрған Арызкүл мен Бұжпайдың жемқорлық әрекеттері әшкереленеді. Екі жемқордың қылмыстары баяндала келіп, олардың заң алдында жауап бергендігі туралы айтылып, «бұл фельетонның біткен жері, қорытындыны көпшіліктің заң орнынан күткен жері»[5],- деп аяқталады.

Белгілі ғалым, әдебиеттанушы, публицист Ә.Қоңыратбаев кезінде Арал аудандық «Балықшылар» газетінің редакторы қызметін атқарғанын білеміз. Шиелі аудандық газетіне де бірнеше мақалаларын, естеліктерін жариялағанын айтып өткенбіз. Публицистің «Ленин туы» газетінен де «Абайдың пәлсапалық көзқарастары» атты әдеби мақаласын кездестірдік. «Абайдың ақындығы мен пәлсапалық ойларының тереңдеп келген кезеңі 1891-1898 жылдар арасы. Осы жылдары ол идеализмге қарсы батыл шабуыл жасайды. Абай азаттық идеясының көшін бастаған бұқарашыл ақын еді. Сол бұқарашылдық тұлғасына жарасқан оның пәлсапасы да материалистік арнада болды»[6],- деп ақын шығармашылығына жоғары баға береді.

«Социалистік жол» газеті. Елуінші жылдарда жарық көрген газет осындай атаумен жарыққа шыққан. Оның тігінділерін парақтағанымызда, біршама ілгерілеуді байқадық. Алғашқы жылдардағыдай тек жаңалықтар мен хабарларды топтап беруден гөрі проблемалық мақалалар, талдамалы корреспонденциялар, очерктер мен суреттемелер жарық көрген. 1953 жылы таралымы 3000 астам данамен жарық көрген «Социалистік жол» газетінің редакторы М.Нұржанов болған. Газет 2 бет көлемінде шығып, онда «Партия тұрмысы», «Газет дабылынан кейін», «Қазалы МТС-нан хат», «Дін атеистік тақырыпқа», «Шопандар трибунасы», «Мысқыл мен сықақ», «Газет оқушылар творчествосынан» деген айдарларда түрлі публицистикалық мақалалар, көркем шығармалар, сатиралық туындылар жарияланған.

Басылымда шаруашылықта орын алған кемшіліктерді дер кезінде сынап, басшылық назарына ұсынып, оның нәтижесін міндетті түрде жариялап отыру дәстүрге айналған. Сонымен бірге басқа газеттердегідей фельетон жанры да жиі жазылғанын байқаймыз. Мәселен, «Әлжановтың айласы мен пайдасы» деп аталатын фельетонда Шәймерден Әлжановтың астық ұрлаудағы қылмысы әшкереленеді[7]. Фельетонның тілі уытты, мемлекет мүлкін жымқырған жемқорды аяусыз түйрейді. Дәл осындай жемқорлық мен сыбайластық тақырыбына С.Боранбаевтың «Сыбайластар сыры» фельетоны, С.Баймағамбетовтің «Жалғасбаев жалт берді» атты сатиралық шығармалары арналған.

Кеңестік биліктің солақай саясатының кесірінен тың игеру жылдарында қазақ жастарына әсіресе қыз балалардың ауылшаруашылығына жұмысқа тарту қарқынды жүзеге асты. Мұның астарында ұлттың еңсесін көтертпей еңбекке жұмылдырып, жастарды оқу-білімнен шеттету жатқандығынан хабардар болса да, оны батылы жетіп айта алмады. Осындай саясаттың жарқын мысалын «Редакцияға хат» айдарымен берілген Г.Өміртаеваның «Ойлан, Камила»[8] атты хатынан көреміз. Онда Картенова Камиланың сауыншылықтан бас тартып, кітапханашылық қызметті таңдағаны сынға алынады. Жалған желеу, бастамашыл ұранмен қазақ жастарын мал мен егіс алқабынан шығармай, жоспарды асыра орындауға жұмылдыру әміршіл саясаттың «ең озық тәсілі» болатын. Ұрандатқан сауыншылар, бірін-бірі социалистік жарысқа шақырған егіншілер, бес жылдық жоспарды үш жылда орындауға бекінген шопандар туралы бірсарынды очерктер мен суреттемелер барлық ақпарат құралдарында тұрақты берілді. Шындығына келсек, осындай ұраншылдыққа ұрынуға баспасөзді биліктің өзі мәжбүрлегенін жасырмаймыз.

Б.Әбдіразақовтың 1956 жылы жазған «Аудандық газет тілшілері туралы бір-екі сөз» атты проблемалық мақаласы жоғарыда айтылған жалған дерек беру, оқиғаны зорайтып, әсірелеп көрсететін тілшілер жайын сөз етеді. «Аудандық газетте небәрі 50-ге тарта тілші бар. Бұлардың көбі газет редакциясымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мәселен, І.Сатыбалдиев, Сәрсенов, Арықов жолдастар практикасы мол тәжірибелі тілшілер.

Ал кейбір тілшілеріміз шалағай, үстірт жазады, жазғанының шындығынан жалғаны басымырақ жатады не жеке басының мүддесіне байланысты дау-жанжалдардан артыққа бара алмайды. Мұндай тілшілердің газетіміздің беделін түсіргеннен басқа пайдасы шамалы»[9],- дей келіп, бірқатар тілшілердің кемшіліктерін нақты деректермен сынға алады. Бір ғана аудандық газетте 50-ге тарта тілшінің болуы әрине қуанарлық жайт. Қазіргі аудандық газеттер тұрмақ облыстық басылымда мұншалықты тілші жұмыс істемейді. Мұның өзі кеңестік биліктің ақпарат құралдарына қаншалықты мән бергендігін көрсетсе керек.

1957 жылы газетке редактор ретінде А.Қойшыбаев қол қойса, 1958 жылғы нөмірлеріне Е.Көшербаев редакторлық еткен. Бұл жылдары жастар шығармашылығына көбірек көңіл бөлінгендігі байқалады. Мәселен, С.Сейтмағанбетовтің алғашқы туындылары осы айдармен жарыққа шыққан.

Қазалы аудандық «Социалистік жол» газетінің 1950-60 жылдардағы нөмірлерінде кеңестік партия талаптарын орындау, ел ішінде үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізу, ауыл шаруашылығының түрлі мәселелері кеңінен көрініс тапқан. Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатында аудандық басылымдардың барлық жылдардағы тігінділері толық сақталмағандықтан, бүгінгі көзқарас тұрғысынан құнды саналатын тақырыптарды кездестіре алмадық. Тағы бір айта кететін жайт, «Социалистік жол» газетінің 1955, 1956 жылғы бірқатар шығарылымдарына редактор үшін Ә.Аманов, Ө. Рысмаханов, Е.Көшербаев қол қойған. Мәселен, 1955 жылғы 27 қарашадағы «Социалистік жолға» редактор үшін Е.Көшербаев басшылық жасаған. Басылымда қысқа дайындық, су жолдарын әзірлеу, малшылар арасында саяси бұқаралық жұмыстарды жақсарту, кітап қорын көбейту мәселелері көтерілген. Газеттің соңғы бетінде бірнеше шопандардың кітап қорын көбейтуге атсалысып жатқандығы туралы оқырман хаттары жарияланған. Бұдан сол кездегі мерзімді баспасөздің үгітшілдік, насихатшылдық қызметінің пәрменділігін айқындауға болады.

Елуінші жылдары қазақ сатирасы публицистиканың нағыз жауынгер жанры болғандығын аудандық газеттердегі «Сын мен сықақ» бұрыштарынан аңғарамыз. Сын садағына көбінесе еңбекте жалқаулық танытқандар, жоспарды өз мерзімінде орындамағандар мен жауапсыз басшылар ілініп отырған. Мәселен, «Социалистік жол» газетінің 1955 жылғы Е.Көшербаев қол қойған нөмірінде жалқауларға арналған «Білімге сай документ тұрғанда», «Аттестат», «Сенің арқаңда...» атты сықақ өлеңдер жарық көрген. Аталған туындылардың тақырыптары әр түрлі болғанымен, көтерген мәселесі ортақ. Ол – еңбек ұжымдарындағы жалқаулар.

Аудандық басылымдар кеңестік биліктің насихатшысы болды десек артық айтқанымыз емес. Сол кездегі мемлекет алдында тұрған келелі мәселелер мен тапсырмалардың жүзеге асырылуы аудандық газеттердің басты тақырыптарына айналды. «Социалистік жол» газетінде де кеңестік биліктің бағыт-бағдарын жан-жақты түсіндіру, насихаттауға аса көңіл бөлген материалдарды жиі кездестіреміз. Мәселен, 1957 жылдың 31 наурызындағы №36 санында ҚКП аудандық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Е.Көшербаевтың «Партия оқуы жүйесіндегі қорытындылау сабақтарын сапалы өткізейік» атты проблемалық мақаласы жарық көрген. Мақала авторы ел ішінде партия тапсырмаларын түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын айта келіп, бірқатар кемшіліктерге де тоқталады. «Мәселен, жуырда жүргізілген әңгімеде жоғарғы дәрежелі білімі бар мектеп директоры Казакеевичтің КПСС декабрь Пленумының қойған міндеттерін білмейтіндігі байқалды. Кейбір коммунистер Қазақстанның 1956 жылғы тапсырған миллиард пұт астығынан хабары да жоқ. Сондықтан консультанттар өздеріне бекітілген өз бетінше оқушыларына жәрдем көрсете отырып, теориялық білімдерін байқаулары қажет.

Партия ұйымдары мен насихатшылардың басты міндеті – орын алып келген кемшіліктерді жоя отырып, саяси оқу жүйесінде қорытынды сабақты ұйымшылдықпен ... жүргізе білу керек», - деп жазады. Мемлекеттің даму жолында межеленген міндеттердің орындалуынан бұрын оның маңыздылығын халық санасына сіңіру, түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу арқылы алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге болады. Кеңестік биліктің ұзақ уақыт бойы үстемдік етуінің бір сыры - оның үгіт-насихат жұмыстарына көп көңіл бөлгендігінен болса керек.

«Социалистік жол» газетінде халық арасында саяси үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мәселесі жиі көрініс тапқан. Сондай-ақ сайлауға белсенді қатысуға шақырған мақалаларда үгіт жұмыстарында кеткен олқылықтар жайы сөз етілген. Мәселен, басылымның 1957 жылғы 2 ақпандағы нөмірінде Е.Көшербаевтың «Сайлаушылар арасында саяси-көпшілік жұмысын кеңінен өрістетейік» атты мақалада осы жылдың 10 наурызында Қазақ ССР жергілікті советтерінің сайлауына белсенді қатысуға шақырады. Автор «Сайлау қарсаңындағы көрнекі үгіт ерекше роль атқарады. Алайда Қазалы қаласы мен Жаңа Қазалы поселкесінде тұратын партия ұйымдары мен үгіт пункттері бұл жұмысқа әзірге толық мән бермей отыр»,- дей келіп, үгіт плакаттары мен ұрандар ілінбегендігін айтады. Е.Көшербаевтың үгіт-насихат жұмыстарына қатысты мақалаларында жергілікті партия ұйымдарында кездесетін мәселелер мен кемшіліктер ашық көрсетіледі. Бұл Е.Көшербаевтың үгіт-насихат бөліміндегі қызметіне тікелей байланысты болса, екіншіден, оның азаматтық жауапкершілігін аңғартады.

Е.Көшербаевтың үгіт-насихат бөліміндегі қызметі 1958 жылы аудандық «Социалистік жол» газетіне редакторлық етуіне де біршама септігін тигізді. Көшербаев – редактор партия талаптарын насихаттау мен үгіттеу, озат еңбекшілерді елге таныстыру, шаруашылықтағы өзекті мәселелерге баса көңіл бөлген. Газетте маусымдық шараларға байланысты айдарлар жиі көрініс тапқан. Мәселен, «Қысқы агротехникалық шаралар сапалы жүргізілсін», «Бақылау цифрлары туралы тезистерді талқылау» айдарлары белгілі бір мерзімде көтерілген тақырыптар. Сол кездегі саяси тақырыпқа қатысты «Сьезд құрметіндегі жарыс», «Сьезден сьезге дейін» айдарлары бойынша озат еңбекшілер жайлы репортаж, мақала, очерктер жарияланып тұрған.

Басылымға редакторлық еткен әрбір қаламгердің өзіндік қолтаңбасы анық байқалып тұрады. Бұл орайда Е.Көшербаев редакторлық еткен «Социалистік жол» газетінде саяси тақырыпта проблемалық мақала, еңбек адамының бейнесін сомдаған портреттік очерктер, сатиралық жанрлар мен танымдық материалдарды көптеп кездестіреміз. «Пайдалы кеңес», «Сіз мұны білесіз бе?», «Есіңде болсын» атты тұрақты айдарлармен қызықты мәліметтер мен тың жаңалықтар жарық көрген. Сондай-ақ ел аузында айтылып жүрген ғибраты мол өсиет, нақыл сөздер жарияланған. «Біздің календарь» айдары бойынша белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайлы мақалалар берілген. «Басылмаған хаттың дерегі» айдарында шаруашылықта орын алған мәселелер сыни тұрғыдан көтеріліп, олардың нақты шешімдері хабарланып отырған. «Жұмысшы және ауыл-село тілшілері бұрышы» айдарымен штаттан тыс тілшілердің мақалалары, «Редакцияға түскен хаттардан» арнайы бұрышында оқырман хаттары тұрақты жарық көрген. Ал «Социалистік жолдың» дабылынан кейін» айдарымен газет көтерген сыни мақалаға сала мамандары мен жауапты қызметкерлер есептері берілген. Сондай-ақ халықаралық тақырыпқа байланысты қысқа хабарлар тұрақты орын алған. Осы орайда газеттің 1958 жылғы 27 шілдедегі нөмірінде «Америка Құрама Штаттары мен Англияның әскерлері Ливан мен Иорданиядан дерек әкетілсін!» атты арнаулы бет беріліп, онда аталған елдердегі жағдайлар жан-жақты баяндалады.

«Социалистік жол» газетінде «Ғылыми тақырыпқа» атты айдар бойынша ғылым жаңалықтары берілсе, «Дәрігерлік кеңес» айдарымен түрлі аурулардың алдын алу және сақтану шаралары жайлы кәсіби мамандар мақалалары жарық көрген. Басылым ауылшаруашылық тақырыбына ерекше мән берген. Әсіресе ауылды көркейту мәселесі жиі жазылған. «Үйді көбейт тал егіп, колхозды ауыл гүлденсін, Бай-бақшаға бөленіп, салтанатты түрге енсін» атты арнаулы бетте ауданға қарасты колхоздардың жайы сөз етіледі.

Е.Көшербаев басшылық еткен тұста газет ауданның көкейтесті мәселелерін көтеріп, орын алған кемшіліктерді жоюға барынша көңіл бөлген. Оны газет көтерген «Социалистік жол» газетінің дабылынан кейін» атты айдармен берілетін материалдардан аңғаруға болады. Мәселен, 1958 жылдың 5 желтоқсанында жарық көрген «Көрсеткіш тақта» атты мақалада «Октябрь» колхозының бастауыш партия ұйымының секретары Құрмантаевтың жауап хаты жарияланған. Онда газет сынынан кейін ауылда көрсеткіш тақталар ілінгендігі туралы хабарланады. Тағы бір айта кететін жайт, ауылшаруашылығында орын алған мәселелер «Басылмаған хаттың дерегі» атты айдар бойынша берілетін мақалаларда да баяндалады. Онда оқырман хаттарына сараптама жасай отырып, шаруашылық басшыларына сыни пікір білдіріп, ұсыныстар айтылады.

Журналистиканың үгітшілдік, насихатшылдық функциясы мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруға бағытталатынын ескерсек, бүгінгі аудандық басылымдар үшін де оның маңызы жойылған жоқ. Алайда құр айқайшыл, науқаншылдыққа ұрынбай, нақты мәселелерге қатысты кемшіліктер орынды көтеріліп, оған жоғарыдағыдай жауап берілсе тілші жұмысының нәтижесі көрінер еді. «Социалистік жол» газеті ұстанған тағы бір үлгі тұтарлық әдіс – оқырманмен пікір алмасу бағытында белгілі бір тақырыптарды талқылау дер едік. Мәселен, 1958 жылдың желтоқсан айында «Кеңсе мәдениеті туралы бір-екі сөз» атты мақала көпшілік талқылауына түсіп, оған бірнеше нөмір бойы оқырман қауымы өз пікірлерін жолдап отырған. «Кеңсе мәдениеті туралы бір-екі сөз» мақаласын талқылаймыз» атты айдармен берілген материалдарда кеңсе қызметкерлері мен басшылардың кәсіби этикасы жан-жақты сөз етілген. Қарап отырсақ, бұл мәселе бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің этикалық кодекс талаптарына сай болуы ең алдымен өз міндетін жоғары деңгейде атқаруын қамтамасыз ететінін ескерсек, бұл тақырыпты тек республикалық немесе облыстық газеттер ғана емес, аудандық басылымдар да көтерсе артық болмайды.

Е.Көшербаев редакторлық еткен тұста шығармашылықпен жұмыс жасағандығын жоғарыда мысалдардан айқындауға болады. Сондай-ақ өзі де газетке ұдайы мақала, очерк жазып отырған. «Творчестволық еңбек адамдары» атты тұрақты айдармен еңбек озаттары мен КПСС ХХІ сьезі құрметіне социалистік жарысқа қатысушыларды насихаттайтын портреттік очерктер ортақ идеяға бағынады. Ол – еңбек адамын дәріптеу. Е.Көшербаевтың «Сәтті талап» портреттік очеркі[10] өзгеше сюжеттік желісімен қызықты. Бұрын-соңды қой бағып көрмеген Жылқыбай Бердиевтің еңбектегі жетістігі кейіпкердің өз аузынан баяндалады. Дәл осындай тақырыптағы көптеген очерктер бірыңғай қой бағуды армандап, өз еркімен трактор руліне отыратын партриот жастар болса, Жылқыбай біраз жасқа келген қой бағуды саналы түрде өзі таңдауымен ерекшеленеді. Ол жетістікке жетудің жолын өзінің әріптесі Ж.Есімовтен үйренеді. «Жасым үлкен болса да, қой бағуда әлі де бала екенмін. Маған бар білгеніңді үйрет»,- деп қолқа салған қарт шопан міндеттемені артығымен орындауға бел шешеді. Оған автор да сенеді және оқырманын да сендіре жазады. «Жылқыбай Бердиев кезектен тыс шақырылып отырған КПСС ХХІ сьезі құрметіндегі бүкілхалықтық социалистік жарысқа қосыла отырып, 1959 жылы әрбір 100 аналықтан 140 қозы алып, әр қойдан 4 килограмнан жүн қырқып, колхозға ең кемі 120 мың сом пайда келтіруге міндеттеме қабылдады. Шопан міндеттемесін орындауға толық мүмкіндігі бар. Оған Жылқыбайдың отарындағы қойдың толық қолдан ұрықтандырылып, мал қыстатуды үлгілі өткізгелі отырғаны дәлел бола алады»[10],- деген жолдардан кейіпкердің өз ісіне үлкен жауапкершілігін байқаймыз.

«Социалистік жол» газетінің 1958, 1959, 1960 жылдардағы барлық нөмірлері түгел сақталмағандықтан, Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатында бар газет нөмірлерімен танысқанымызда, 1958 жылы 18 шілдеде жарық көрген №86 санында «Басбұзар» атты сатиралық пьесаны кездестірдік. Шығармада еңбек майданындағы жауапсыздық пен жалқаулық әшкереленеді. Бұл тақырып сол кезең үшін маңызды мәселе екендігі даусыз. Алайда біздің назарымызды аудартқан аудандық басылымда сатиралық пьесаның жарық көруі. Бұл газет ұжымының шығармашылық әлеуетін яғни жанрлық тұрғыдан ізденісін байқатса керек.

Е.Көшербаев редакторлық еткен кезеңде басылым оқырманмен тығыз байланыс орнатуда тұрақты түрде хаттарға шолу жасап, маңызды деп танылғандарын басып отырған. Сондай-ақ сол кезеңнің өзекті мәселесі турасында аудиторияның пікір, ұсыныстарын жариялау арқылы қоғамдық пікір қалыптастыра білген. Ең бастысы - «Социалистік жол» газетінде еңбек адамының мүддесі, талап-тілегі өз дәрежесінде ескерілген. Басылымда халықаралық жағдайдың талдануы да шығармашылық ұжымның біліктілігін көрсетсе керек.

Алпысыншы жылдары аудандық газет қайтадан «Ленин туы» деген атпен шыққан. 1962 жылдан бастап газетке С.Боранбаев редакторлық еткен. Кеңестік кезеңнің нағыз жемісті жылдары саналатын бұл уақытта аудандық газет жастар шығармашылығы, халық бақылаушылары және оқырман хаттарына арналған арнаулы беттер мен тұрақты айдарлар бойынша өңірлік мәселелерді қозғаған. Аталған жылдары газет редакциясында М.Қаназ, Б.Тәжімбетов, Ә.Әлішев, Н.Жетілгенов, Е.Кішкенеев және т.б. тілшілер қызмет еткен.

1968 жылғы 27 шілдедегі газет нөмірінде «Бізге жауап береді» айдарымен оқырман сауалдарына мекеме басшыларының жауаптары берілген. «Балаларымыздың жайын ескерер жан табылар ма екен?» деген бір топ оқырмандардың хатына аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Ә.Айбосынов жауап берген. «Бір ғана «Бозкөл» ауылдық советіне қарасты 4 бастауыш мектеп бар, ал совхоз орталығында малшы балалары жатып оқитын 80 орындық бюджеттік интернат бар. Демек алдағы уақытта «Тасарық» тұрғындарының жағдайын ескеретін боламыз»[11],- деп жазады.

«Жастар творчествосынан» айдарымен Ж.Әбішевтің өлеңдері берілсе, кейінгі нөмірлерінде ауылдық жерлердегі жас ақындардың шығармалары топтастырылып жарыққа шыққан.

Басылымның «Халықтың мың көзі» атты халықтық бақылау бетінде К.Өтегеновтің «Асфальтталды деп асап қойды» деген сыни мақаласы шыққан. Онда көшелерді көріктендіруге бөлінген қаржының мақсатты жеріне жұмсалуы немесе жұмыс жүргізіліп жатқан жерлердегі нәтижелер талқыланады.

Кеңестік кезеңнің 70-80 жылдарында аудандық газет коммунистік партияның нұсқаулары мен Орталық комитеттен келіп түскен хабарлар, баяндамаларды құлаш-құлаш үндеулер, сөйлеген сөздерді жариялап, шаруашылықтағы озық еңбеккерлер жайлы очерктер жазып, суреттемелер берді. Басылымда әдебиет бетіне көбірек көңіл бөлініп, оқырман шығармашылығын дамытуға ден қойылды. Барлық аудандық газеттер секілді шаруашылықтағы келеңсіз құбылыстар сыналып, сынның қорытындысы қадағаланып отырды. Бұған дейін аудандық басылымдарда айтылған мәселелер қайталанбас үшін ондай жарияланымдарға тоқталудың қажеті бола қоймас.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазалы аудандық газеті де атын өзгертіп, «Қазыналы Қазалы» болып аталды. Әлі де болса кеңестік идеологияның құрсауынан босай қоймаған басылым бірден тыйым салынған тақырыптарға, өзекті мәселелерге, ұлттық салт-дәстүрге қатысты ой-пікірлерге бара қоймаған. Нарықтық қатынастарға көшу аудандық газеттің экономикалық жағдайына едәуір әсер етті. Газеттің таралымы күрт төмендеп кетті. Қағаз, қаржы тапшылығының әсерінен екі бет көлемінде шыққан кездері болды. Алайда көп ұзамай бұл қиындықтың бәрі артта қалып, басылым ақтаңдақтар мәселесін, аудан тарихындағы тұлғалар жайлы танымдық мақалалармен толықты.

Газет таралымы жыл басындағы 1 мың данадан бірінші жылы 3 мың данаға өсті. 2010 жылы 5 мың данаға, 2011 жылдың басында 5500 данаға жетті. Газет таралымының көбеюіне алуан түрлі айдарлармен берілген материалдардың сапасының артуы, жергілікті тілшілерді тарту, газетті облыстық баспаханадан жедел жеткізіп тарату едәуір әсер етті. Газет ақпараттық-танымдық материалдармен бірге тарихи тақырыптағы дүниелерге де кезек берді. Бұл орайда «Ел есіндегі есімдер», «Тұғыры биік тұлға», «Ұлыдан ұлағат», «Тарихи тұлға», «Мәдени мұра» сияқты айдарлармен басылған материалдардың маңызы зор. Газетте сондай-ақ көркем шығармаларға да айрықша орын берілді. Айына бір рет шығатын «Дүре» әзіл-оспақ, сын-сықақ беті жүйелі түрде жарық көруде. Онда қоғамдағы кемшіліктер мен жемқорлық, ойсыз оспадарлық әрекеттерге ащы тіл, уытты әзіл, астарлы сөзбен дүре соғылды. Дүренің жүргізушісі сықақшы Марат Көптілеуов.

Газет ашылғалы корректор болып жұмыс істейтін Жеңісбек Айымқұлов, бет жасаушы-аға оператор Қаракөз Шалтаева, әдеби қызметкерлер Қайыркелді Табынбаев, Алтынкүл Қосбармақова, Дәурен Тілеумбетовтер журналистік қабілеттерімен аз ғана уақыт ішінде танылды. Бұрын мұғалім, оқу ісінің, спорт бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры, мәдениет бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген қылқалам шебері Қуантай Ршымбет жауапты хатшы болып қызмет атқарып, өз білімі мен тәжірибесін газетті сапалы шығару үшін сарқа пайдаланды.

Газет 2010 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майдандағы және тылдағы өмірді жан-жақты қамту мақсатында сұрапыл жылдарда жарық көрген аудандық «Большевиктік колхоз үшін» газетінің материалдарын көшіріп басып отырды. Бұл үшін аудандық газеттің бас редакторы Жетіскен Мәкеналы Алматы қаласына іссапарға барып Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қорлар бөлімінде жұмыс жасады. Жерлестеріміздің соғыста және тылда көрсеткен ерлік еңбектері сәуір айынан бастап шілдеге дейін нөмір сайын жарияланып, олардың патриоттық рухы ұрпаққа үлгі етілді. Соғысқа қатысушылар мен соғыс ардагерлері туралы материалдар мен фотосуреттер жиі беріліп тұрды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тарих шежіресінде қалдыру мақсатында газет жанынан ауданда бірінші рет «Қазалы» журналы жарық көрді.

«Қазалы» газеті мемлекеттік тұрғыда шығарылған өзіндік ұстанымы, бағыт-бағдары, бет-бейнесі бар басылым болып халықтың жүрегінен жол тапты. «Қазалы» газеті МКК директоры-бас редакторы болып 2011 жылдың 5 қыркүйегінен бастап Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шамша Айтуғанов тағайындалды. Қалыптасқан жұмыс әрі қарай жалғасын тапты.

Аудан әкімі Айтбай Көшербайдың 2008 жылғы 3 желтоқсандағы №305 қаулысымен «Қазалы» газеті мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылып, арада жеті жыл өткен соң 2009 жылғы 1 қаңтарда мемлекет меншігіндегі газет аудандық «Қазалы» газеті деген атпен қайта шықты. 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін газеттің 342 саны жарық көрді.

Сыр өңірінде шығатын аудандық газеттердің ішінде «Қазалы» газетінің ғана ғаламтордағы сайтында ақпараттар жаңартылып, басылым тарихы мен үздік мақалалар жарияланып келеді. Бұл аудандық газеттің жаңа заман талабы мен уақыт үніне ілесіп, технология жетістіктерін барынша пайдаланып отырғанын көрсетеді.

«Қазалы» газетінің соңғы жылдардағы тігінділерін парақтағанымызда, проблемалық мақалалар, портреттік очерктер, фелеьтон жанрларын кездестірдік. Газеттің 2012 жылғы 25 қаңтардағы санында Ш.Дәрмағамбетұлының «Қалпақ» атты фельетонында қазіргі қоғамдағы тамыр-таныстық, жең ұшынан байланысу мәселесі сыналады. Автор оны бұрынғы өткен оқиғаны еске сала отырып, емеурінмен жеткізеді. «Танысы мықтының мұртын балтай шаппайды» деген ойды салмақпен Абай ақынның сөзімен аяқтайды.

«Ол жайлап орнынан тұрды. Манағы табыт кеткен зиратқа қарай күбiрлеп сөйледi. Жерден бiр уыс топырақ алып шашып жiбердi. Және сөйледi. Толық есiте алмадым. Тек: «Адам бүгiн адам – ертең топырақ... өлмек үшiн туғансың, ойлан, шырақ» деген Абай дананың өлең жолдары ғана құлаққа шалынды...»[12].

Соңғы жылдары портреттік очеркке көп көңіл бөлініп келеді. Оның дәлелін «Қазалы» газетінің соңғы нөмірлерінен айқын аңғаруға болады. Мәселен, С.Барлыбаевтың Сапарбек Құлтанов жайлы «Өмірге құштар азамат», Ж.Мәкеналының Ботабай Рыстығұлұлының «Өмір мектебінің академигі» атты портреттік очерктерде кейіпкер образын сомдауда авторлардың өзіндік қолтаңбасы мен шеберлігін байқаймыз. Әсіресе Ж.Мәкеналының «Өмір мектебінің академигі» атты очеркі «Тапаның» табаны мен мектептің табалдырығы», «Күтпеген әңгіме немесе Қоңырбай ағаның ақылы», «Партиялық қызмет-басқару негізі», «Бел, белестер», «Жолдар, жолдар», «Қараманов берген атақ», «Түйін немесе жетпісті қимау»[13] деген тақырыпшаларға бөлінген. Оның әрқайсысында Ботабайдың жүріп өткен жолы, өмірінің жарқын сәттері мен есте қалған оқиғалары әсерлі баяндалады. Кейіпкер образы очерктің әр бөлігінде жаңа қырынан таныла түседі.

Аудандық «Қазалы» газетінде проблемалық мақала, репортаж, сұқбат жанрларын да жиі ұшырастырамыз. Әсіресе А.Ермекқызының «Жүгенсіздік» Білім бөлімінің бастықтары білгендерін жасауға көшкен бе?» атты хаты газет оқырмандарына ғана емес, Білім және ғылым министрлігіне, Қызылорда облысының әкімі Б.Б.Қуандықовтың назарына! деген айдармен жарыққа шыққан. Аудандағы №204 мектептің психологы Ж.Бисенованың басшыдан көрген қоқан-лоққыға шыдай алмай аудан әкіміне жолдаған ашық хатын негіз ала отырып, аудандық білім беру саласындағы келеңсіздіктер нақты деректер арқылы талданады. Мектеп мұғалімдерінің оқушылармен қарым-қатынасы, директордың, білім бөлімі басшысының мұғалімдерге көзқарасы, өрескел қылық танытуы жайлы тәтпіштеп баяндалған мақалада орын алған мәселенің шешімін шығару талап етіледі[13].

Аудандық газет – аудан өмірінің айнасы. Ендеше «Қазалы» газеті де өз кезегінде өңір мәселелерін өткір жеткізіп, оң шешімін табуына өз үлесін қосып келеді десек қаталеспейміз. Әсіресе жоғарыда көтерілген білім саласындағы келеңсіз жайлардың басылым бетінде талқылануы сөз бостандығы мен ой еркіндігінің жарқын үлгісі. Дей тұрғанмен газет әлдекімнің сойылын соқпай, мұндай даулы мәселелерде әділ шешімін көрсеткені дұрыс. Сондықтан да сыни, проблемалық материалдарды редакция тілшісінің өзі жазып, зерттегені жөн болар еді.



Қалай десек те қазіргі таңда «Қазалы» газеті ақпарат тасқынына төтеп бере алатындай деңгейден көрініп, жаңалықтың жаршысына айналып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Аллаберген Қ. Нұсқабайұлы Ж., Оразай Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. –Алматы: Рауан. 1996. -244б.

  2. Тамыры терең, тарихы кенен Қазалы. –Алматы, 2011. -320б.

  3. Бектұрғанов Қ. Майданнан хат //Ленин туы. 1942 жыл. 7 маусым

  4. Айтбай А. Айбарша мен Сұлуқыз //Ленин туы. 1944 жыл. 1 мамыр.

  5. Жакен мен Шакен Қос сұғанақ//Ленин туы. 1944 жыл. 20 қыркүйек.

  6. Қоңыратбаев Ә. Абайдың пәлсапалық көзқарастары //Ленин туы. 1945 жыл. 22 шілде.

  7. Үргенішбаев С. Әлжановтың айласы мен пайдасы //Социалистік жол // 1957 жыл. 27 мамыр.

  8. Өміртаева Г. Ойлан, Камила //Социалистік жол 1957 жыл.25 шілде.

  9. Әбдіразақов Б. Аудандық газет тілшілері туралы бір-екі сөз //Социалистік жол 1956 жыл. 19 шілде.

  10. Көшербаев Е. Сәтті талап //Социалистік жол. 1958 жыл. 28 желтоқсан.

  11. Дәрмағамбетұлы Ш. Қалпақ //Қазалы. 2012 жыл. 25 қаңтар.

  12. Мәкеналы Ж. Өмір мектебінің академигі //Қазалы. 2012 жыл. 17 қазан.

  13. Ермекқызы А. Жүгенсіздік //Қазалы. 2011 жыл. 18 тамыз.



Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет