Ер есімін ел есінде сақтайық!



жүктеу 56.29 Kb.
Дата21.04.2018
өлшемі56.29 Kb.
Жаксылыкова Айгуль Алиаскаровна

Тәрбиеші.

Маңғыстау облысы,

Түпқараған ауданы, Таушық селосы,

МКҚК «Айгүл» балабақшасы

ЕР ЕСІМІН ЕЛ ЕСІНДЕ САҚТАЙЫҚ!




  • 1941-1945...

  • Бұл не?

  • Бұл соғыс пен Жеңістің бастау күндері.

  • Соғыс?

  • Иә, соғыс. Адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс-адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс-ананы баладан, жұбайын жарынан, құрбысын досынан айырған қаралы күн.

  • Ал, жеңіс ше?

  • Жеңіс сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік із қалдырған жарқын күн.

  • Соғысқа кімдер қатысты?

  • Олар: мен-қазақпын, мен-орыспын, мен-өзбекпін, мен-ұйғырмын, мен-татармын, мен-....-деп, бірін-бірі алаламады, бөлінбеді.

  • Адам көп қатысты ма?

  • Осы соғысқа Кеңес Одағынан миллиондаған адам қатысты.

  • Кімдер тойлайды?

  • Бұл күнді сонау Ұлы Отан соғысының қарт жауынгерлері бастап, тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, егін даласында күні-түні еңбек еткен, жайлауда мал бағып тынымсыз күй кешкен, өздерінің әкелерін, ерлерін, ағаларын, інілерін, ұлдарын, құрдастарын, достарын көзінен жасы құрғамай жүріп, асыға күткен аяулы аналар, асыл жандар, қалыңдықтар мен бойжеткен қыздар тойлайды.

  • Ал, мына суреттегі ата кім?

  • Бұл, Ұлы отан соғысының қарт жауынгері Ардагер ақсақалдың суреті.

Бұл ана мен баланың әңгімесі болатын.



«Қайсарлық пен қаһармандық, Отанға деген сүйіспеншілік аса қатігез сұрапыл соғыста жеңіске жол ашты»-деп, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да биыл міне 70 жыл толмақшы. Жеңіс күні-абыройымыз бен даңқымыздың, табандылықпен ерліктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің мерекесі.

1945 жылы Жеңіс туы желбіреді. Содан бері 70 жыл бейбіт өмір сүрудеміз. Бейбітшілік – адамзат өміріндегі асыл құндылықтардың бірі. Адамзат өмір бойы үнемі тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды.

Бұрынғы КСРО-ның барлық халықтарымен қатар, Қазақстандықтар да Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосты. Қазақстаннан 1196164 адам соғысқа алынса, Маңғыстаудан 6 мыңнан астам адам майданға аттанды. Майданнан оралмаған Маңғыстаулықтардың саны 4800-ден астам. Осы сұрапыл соғыста біздің де жерлестеріміз қолына қару алып, өз Отанының намысы мен бостандығы үшін күресті. Олардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлылығы Ұлы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбіндегі өлімге бас тікті.

Сталинград, Курск жағасындағы шайқастарда Днепрді кесіп өтуде ерекше көзге түсті. Олар Берлинді шабуылдады, Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Жерлестеріміздің ондаған мыңы жоғары әскери наградаларға ие болды. Солардың бірі қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы болған, Отан қорғаған ержүрек те батыл, «Даңқ» орденінің иегері Әбілханов Сейілхан.

Ғасыр шыңына аяқ басқан атамыздың өмір жолы, ерлік күресі, халқына сіңірген еңбегі жайлы сөз етер болсақ Ұлы Отан соғысының ардагері, Таушық ауылының тұрғыны Әбілханов Сейілхан Маңғыстаудағы Бозашы түбегінің Қарашағырында қарапайым шаруа отбасында 1 маусым 1915 жылы дүние есігін ашқан. Әкесі балықшы болған. Балықшының баласы әке кәсібін жалғастырып жүргенде соғыс басталып та кеткен еді. 1942 жылы 6 – ақпан күні әскери дайындықтан өткен соң, алдымен Ашхабадта, кейін Қалмақ даласындағы соғысқа аттанып, содан соң Сталинградта жалғастырған.

-Мен, 162 – батальонда болдым. Ол жер жазық дала болған соң, немістер атқан оқ та, танктердің снарядтары да қаңғып келіп тиуі мүмкін еді. Төбеңді көрсетіп бір тұруға мүмкіндік те болмайды. Біз үшін соғыс осылай басталды-деп, ата әңгімесін бастап та жіберді. Сұрапыл соғыстың ызғарлы желін, жауынды күнін, аптаған ыстығын, әр күні мен түнінде жолдастарының саны азайып келе жатқанына куә болған қария әр күніне жеңіс тілеп күн кешкен. «Талай адам көз алдымда өлді ғой. Жанымда жатқан жігіттің аяғын снаряд үзіп кеткен. Аяғын таңып, медпунктке алып бардым. Оны сүйретіп бара жатқанымда аяғынан айрылып жатқан тағы бір жас жігіт әуеде қалықтап жүрген фашистің бір самалетін атып түсірді. Кейін ол жігітте өлді»-деген ата сөзінде әліде болса соғыстың қиын қыстау күндері сайрап тұр. Сейілхан ата Украина даласында тұтқынға түсіп қалады. Кейін ол жерден партизандардың көмегімен құтылып шығады.

Ата жеңісті Рейхстагта қарсы алып, Германиядағы жеңісі үшін «Даңқ» орденіне ие болғандардың бірі. Жеңісті Рейхстагта қарсы алғанымен тұтқында болғандықтан Мәскеу маңындағы Воскресенск ауданындағы әскери базаны жөндейтін қара жұмысқа салынған.

1947 жылы елге оралып, совхоз жұмыстарына білек түре кіріседі. Мал шаруашылығын қолға алып, жемісті еңбек етеді. Озат шопан ретінде Москва қаласында өткен Бүкілодақтық “Озат шопандар” слетіне қатысады.



Соғыстан кейін еңбек ардагері атанып, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Социалистік жарыс жеңімпазы» медальдарымен марапатталады.

Марапаттары:

2005 ж, Түпқараған ауданы әкімі С.Трұмовтың Ұлы Жеңістің 60 жылдығы күнімен құттықтауы;

2008 ж, Түпқараған ауданы әкімі Б.А.Чельпековтың Ұлы Жеңістің 63 жылдығы күніне Алғыс хаты;

09.05.2013ж, Түпқараған ауданы әкімі Т.Т.Асауовтың Ұлы Жеңіс күнімен құттықтауы;

09.05.2014 ж, Түпқараған ауданы әкімі Т.Т.Асауовтың Ұлы Жеңіс күнімен құттықтауы;

2015 ж, Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы полковник С.Арапбаевтың Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтауы;


Медальдары мен төсбелгілері:

  • 30.05.1956 ж, Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқаны үшін медалмен наградталады;

  • 20.03.1977 ж, Маңғышлақ облыстық Кеңес депутаттарының «Еңбек ардагері» медалімен наградталды;

  • 23.02.1978 ж, «Социалистік жарыс жеңімпазы» медалімен наградталды;

  • 30.03.1978 ж, Социалистік кеңес одағының Республикасының «Ерен еңбегі» медалімен наградталды;

  • 09.05.1995 ж, Қазақстан Республикасы Президентінің «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің-50 жылдығы» мерекелік медалімен наградталды;

  • 26.05.1995 ж, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен наградталды;

  • 08.10.1999 ж, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» төсбелгісі тапсырылады;

  • 09.05.2000 ж, Ресей комитет ұйымдастырушының «Ұлы Жеңіске 55 жыл» мерекесінде «Фронтовик» төсбелгісімен марапатталады;

  • 2004 ж, Украина Президенті Л.Кучманың «Ұлы Жеңістің 60 жыл» мерекелік медалімен наградталды;

  • 2004 ж, Қазақстан Республикасы Президентінің «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске-60 жыл» мерекелік медалімен наградталды;

  • 2010 ж, Қазақстан Республикасы Президентінің «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске-65 жыл» мерекелік медалімен наградталды;

  • 2008 ж, Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Маңғыстау облысына-35 жыл»төстік белгісімен марапатталды;

  • 2013 ж, Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі А.Айдарбаевтың «Маңғыстау облысына-40 жыл» медалімен марапатталды;

  • Қазақстан Республикасы Президентінің «10 жыл Астана» медалімен наградталды;


Отбасында бес ұл, екі қызынан тараған елуден аса немере, шөбере сүйген бақытты ардагер ата, бұл күндері балаларына ақыл айтып, немерлер мен шөберелерін еркелетіп отырған қарт жауынгер күні бүгінде 100 жасқа толып отыр. Халқына ақ батасын беріп, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен құттықтаған ардагер ақсақал еліне тыныштық пен бейбітшілік, қайсарлық пен батылдық, еңбек пен жеміс, амандық пен денсаулық тіледі.




Батыр ардагерлеріміздің ерлігін болашақ ұрпаққа өнеге етіп, ерліктерін насихаттап, әр күнін шаттыққа бөлейік. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс. Бұл-біздің тарихымыз! Біздің-мақтанышымыз! Біздің – даңқымыз! Жеңіс туы мәңгілікке желбіресін! Ер есімін ел есінде мәңгілікке сақтайық!








©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет