Бағдарламасын бекіту, "Бизнестің жол картасы 2020" іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы"



жүктеу 2.07 Mb.
бет1/11
Дата11.04.2018
өлшемі2.07 Mb.
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын бекіту, "Бизнестің жол картасы 2020" іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 маусымдағы № 556 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.

      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.04.2016 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

      4. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-күніне қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Бағдарламаны іске асыру шеңберінде бөлінетін қаражаттың пайдаланылуы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      5. Осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.



Қазақстан Республикасының



Премьер-Министрі

К. Мәсімов



 

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 168 қаулысымен
бекітілген

"Бизнестің жол картасы 2020"
бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы
1. Паспорт (негізгі параметрлері)

      Ескерту. 1-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.08.2016 № 515 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.06.2017 № 373 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.



Атауы

"Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіздеме

"Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы
19 наурыздағы № 958 Жарлығы;
"Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" және "Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығы;
2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі.

Үкіметтік бағдарламаны әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік органды көрсету

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

Мақсаттары

Өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру

Міндеттері

1. Ауылдық елді мекендердің, шағын қалалар мен моноқалалардың кәсіпкерлерін қаржыландыруға қол жетімділікті арттыру.
2. Ауылдық елді мекендер, шағын қалалар мен моноқалалар кәсіпкерлерінің өндірістік қуатын ұлғайту.
3. Ауылдық елді мекендерде, шағын қалалар мен моноқалаларда кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын кеңейту.
4. Өңдеуші өнеркәсіп өндірген өнім көлемін ұлғайту.
5. Бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындарын құру.
6. Халықтың шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылуын ұлғайту.
7. Шетелдік валюталардың ауытқуларына байланысты болатын валюталық тәуекелдердің кредиттікке көшуін болдырмау.
8. Кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету.
9. Кәсіпкерлердің құзыретін арттыру.
10. Кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру.
11. Іскерлік қатынастарды кеңейту.

Іске асыру мерзімдері

2015 – 2019 жылдар

Нысаналы индикаторлар

Бағдарламада қойылған міндеттерді орындау арқылы 2020 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізілетін болады:
1. ЖІӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5 %-ға жеткізу.
2. ШОК-тың өнім шығару көлемін 2014 жылғы деңгейден 1,5 есеге ұлғайту.
3. Белсенді жұмыс істейтін ШОК субъектілерін 2014 жылғы деңгейден 50%-ға ұлғайту.
4. ШОК-та жұмыс істейтіндердің санын 2014 жылғы деңгейден 50%-ға ұлғайту.

Қаржыландыру көздері мен көлемдері

1) республикалық бюджет қаражаты:
2015 – 60 531 976 мың теңге;
2016 – 56 742 921 мың теңге;
2017 – 19 069 748 мың теңге;
2018 – 8 969 748 мың теңге;
2019 – 8 959 748 мың теңге;
2) жергілікті бюджет қаражаты:
2017 – 30 000 000 мың теңге;
2018 – 30 000 000 мың теңге;
2019 – 30 000 000 мың теңге;
3) жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыруға бағытталған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының қаражатынан субсидиялауға 2015 жылы – 7 200 000 мың теңге, жетіспейтін инфрақұрылымды тартуға 2015 жылы – 9 781 530 мың теңге, 2016 жылы – 14 565 048 мың теңге.

2. Кіріспе

      "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің "Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 ақпандағы № 925 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жалпыұлттық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленді.

      Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан - 2030" Стратегиясы" және "Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан халқына жолдауларының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.

      Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және, ең алдымен, шағын және орта бизнестің даму жай-күйі мен деңгейіне тәуелді. Мемлекеттің экономикалық өсуіне ықпалын тигізетін бәсекелестіктің дамымауы, материалдық және материалдық емес ресурстарды тиімсіз пайдалану, ішкі сұраныстың импортқа тәуелділігі, жұмыссыздық, кедейшілік және басқалары сияқты көптеген проблемаларды шешу үшін экономиканың нақ осы секторының әлеуетті мүмкіндіктері өте зор.

      Шағын және орта бизнестің экономиканы әртараптандырудағы рөлі де маңызды. ИИДМБ іске асыру шарттарында ірі өндірістер барған сайын көбірек қалыптастырылатын болады, олардың жұмыс процестеріне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатарынан көптеген қосалқы мердігерлер жұмылдырылатын болады. Ауылдарда, шағын қалалар мен моноқалаларда шағын кәсіпкерлік субъектілері тұрғындардың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағдарланған секторларда жұмыс істей отырып, дамуға жаңа түрткі беруге тиіс.

      Осыған байланысты, жеке кәсіпкерлікті қолдау жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет, олар қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартуды, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, құзыретті арттыруға жәрдемдесуді, консультациялық қолдау алуды және кәсіпкерлік бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін әріптестер тартуды қамтитын болады, бірақ олармен шектелмейді.

Негізгі терминдер мен анықтамалар

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.04.2016 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); № 370 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 31.07.2017 № 459 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      Осы Бағдарламада мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) банк - Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейдегі банк;

      2) банктік кредит (бұдан әрі - кредит) - банктік қарыз шартының негізінде мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану шарттарында банк кәсіпкерге беретін ақшалай қаражат сомасы;

      3) даму банкі - "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы және/немесе оның үлестес лизингтік компаниясы;

      4) кепілдік беру - Кәсіпкерлерді Бағдарлама шарттарында және кепілдік шартына сәйкес кәсіпкердің кредит бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету ретінде ішінара кепілдік беру түрінде пайдаланылатын мемлекеттік қолдау нысаны;

      4-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;

      5) ИИДМБ - Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

      6) субсидиялау шарты - қаржы агенттігі, банк/лизингтік компания және кәсіпкер арасында жасалатын үшжақты жазбаша келісім, оның шарттары бойынша қаржы агенттігі кәсіпкердің банк/лизингтік компания берген кредиті/лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемесін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша ішінара субсидиялайды;

      7) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 31.07.2017 № 459 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      8) кепілдік шарты - қаржы агенттігі, банк және кәсіпкер арасында кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалған кепілдік беру туралы үшжақты жазбаша келісім;

      9) микрокредит беру бойынша кепілдік шарты - микрокредит беру жөніндегі уәкілетті ұйым, Банк және микроқаржы ұйымы арасында жасалған кепілдік беру туралы үшжақты жазбаша келісім;

      10) қаржылық лизинг шарты - лизингтік компания/банк және кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша лизингтік компания/банк кәсіпкерге қаржылық лизинг береді;

      11) банктік қарыз шарты - банк пен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша банк кәсіпкерге кредит, сондай-ақ Банкте кредиттік желі ашу туралы келісім береді.

      12) Лизингтік компания - Бағдарламаға қатысатын лизингтік компания;

      13) лизингтік мәміле (лизинг) - лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтарымен міндеттерін орнатуға, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимылдар жиынтығы;

      14) Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісі - облыс әкімі айқындайтын қаланың/ауданның Бағдарламаны қалада немесе аудандық деңгейде іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімшесі;

      15) ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер - 29 жасқа дейінгі (қоса алғанда), жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген мерзімі кредит алу үшін банкке өтініш берген уақытта кемінде үш жылды құрайтын жеке кәсіпкер. Жас шамасы ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкердің банкке өтініш берген күні айқындалады. Жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкерлердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған кезде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен бірге үлестес болуына жол беріледі;

      16) халықаралық шетелдік ұйымдар (бұдан әрі - ХШҰ) - шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыруда және шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуда шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарына жәрдем көрсететін және/немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға жәрдем көрсетуге бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйымдар;

      17) ісін жаңа бастаған кәсіпкер - жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген мерзімі банкке/лизингтік компанияға/микроқаржы ұйымына кредит/лизинтік шарт/микрокредит үшін өтініш берген уақыт кемінде үш жылды құрайтын кәсіпкер. Жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкерлердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған кезде ісін жаңа бастаған кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен бірге үлестес болуына жол беріледі;

      18) ЭҚЖЖ (бұдан әрі - Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторлары) - Бағдарламаға 1-қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес экономиканың басым секторлары;

      19) қаржылай қолдамайтын оператор - "Сыртқы консультанттарды тарту арқылы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың консультациялық жобаларын бірлесіп қаржыландыру (ЕҚДБ-ның Қазақстан Республикасының шағын және орта кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі бағдарламасы)", "Шағын және орта кәсіпкерліктің топ-менеджментін оқыту" құрамдастарын қоспағанда, Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде Кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылық емес қолдауды жүзеге асыратын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

      20) білім беру мекемесі - бизнес-тренингтер өткізу және "Іскерлік байланыстар" жобасына қатысушылардың шет елдердегі тағылымдамасын консультациялық сүйемелдеу арқылы басшы жұмыскерлер мен менеджерлердің біліктілігін арттыру жөнінде қызметтер көрсететін ғылыми ұйым;

      21) кәсіпкер – өз қызметін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектісі;

      22) жоба - кіріс алуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бастамашылық қызмет ретінде кәсіпкер жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметтің түрлі бағыттарындағы іс-қимылдар мен іс-шаралардың жиынтығы.

      23) "бір терезе" қағидаты - (азаматтар, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер) мемлекеттік қызметтер көрсетуді алу құқықтарын растайтын түрлі құжаттар мен анықтамаларды әртүрлі сатылардан жинау және әртүрлі сатыларға беру процестеріне өтініш берушілердің қатысуын болдырмауды немесе барынша ықтимал шектеуді көздейтін мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде жұмысты ұйымдастыру;

      24) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі - облыс (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімі айқындайтын облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде Бағдарламаның іске асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      25) Өңірлік үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - ӨҮК) - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері құратын және басқаратын консультативтік-кеңесші орган, жалпы санының кемінде 50%-ына бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысады;

      26) субсидиялау - болашақта кәсіпкердің операциялық қызметіне жататын белгілі бір шарттарды орындауға айырбас ретінде кредиттер/лизинг бойынша сыйақы ретінде банкке/микроқаржы ұйымына/лизингтік компанияға кәсіпкер төлейтін шығыстарды ішінара өтеу үшін пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қаржылай қолдау нысаны;

      27) субсидия - субсидиялау шарттарының негізінде кәсіпкерлерді субсидиялау шеңберінде Қаржы агенттігі/микрокредиттеу жөніндегі уәкілетті ұйым банкке/микроқаржы ұйымына/лизингтік компанияға өтеусіз және қайтарымсыз негізде төлейтін мерзімді төлемдер;

      28) уәкілетті орган - кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган;

      29) микрокредит беру жөніндегі уәкілетті ұйым (бұдан әрі - МУҰ) - ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың белгілі бір салаларында мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруға уәкілетті ұйым;

      30) қаржы агенттігі - Бағдарлама шеңберінде қаржылай қолдауды іске асыруды және мониторингтеуді жүзеге асыратын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы.

      31) құрауыштардың/құралдың операторы - ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын, Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде қаржылай емес қолдау құрауыштарын/құралдарын іске асыруды жүзеге асыратын ұйым;

      32) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі – БЖЗҚ);

3. Ағымдағы ахуалды талдау

      Ескерту. 3-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.08.2016 № 515 қаулысымен.


      Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.06.2017 № 373 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 31.07.2017 № 459 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен

      Бағдарламаны іске асыру өңірлік жеке кәсіпкерлікті дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған.

      "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасын іске асырудағы 2010 жыл мен 2014 жыл аралығындағы кезеңде экономиканың қолдау көрсетілген шикізат емес секторларының даму көрсеткіштерінде оң үрдістер байқалды. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру құралдарын пайдалану есебінен мемлекет екінші деңгейлі банктердің өңдеуші өнеркәсіп, көлік және байланыс сияқты салаларға кредит беру көлемін ұлғайтуды ынталандыра алды.

      2014 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде қолданыстағы кредиттер бойынша - 612,5 млрд. теңге болды, олардың ішінде инвестициялық мақсаттарға арналған қолданыстағы кредиттер қоржыны - 501 млрд. теңге. Алдын ала таратылған деректерге сүйенсек, экономиканың басым секторлары бойынша кредиттердің банктік қоржынының жалпы көлемі - 4 505 млрд. теңге, ал экономиканың барлық секторлары бойынша инвестициялық мақсаттарға берілген кредиттердің жалпы банктік қоржыны - 675,6 млрд. теңге. Осылайша, "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасының қамтуы экономиканың басым секторлары бойынша кредиттік қоржынның жалпы көлемінде 12,2%-ды құрады (бұл экономиканың басым секторларының жалпы қоржынындағы мақұлданған және қол қойылған жобалардың пайызы), бұл ретте "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде инвестициялық мақсаттарға берілген кредиттер қоржыны - экономиканың басым секторлары бойынша кредиттердің жалпы қоржынының 81,3%.

      Жалпы 2010 - 2013 жылдар аралығында банктердің өңдеуші өнеркәсіптегі жиынтық кредит қоржыны 1,9 есе (455 млрд. теңгеден 876 млрд. теңгеге дейін), көлік секторында - 1,6 есе (252 млрд. теңгеден 396 млрд. теңгеге дейін), байланыс секторында - 1,8 есе (51 млрд. теңгеден 90 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды.

      Осы үш жыл ішінде өңдеуші өнеркәсіпке берілген кредиттердің жиынтық көлемі 2,45 есе (383 млрд. теңгеден 938 млрд. теңгеге дейін), көлік секторына - 1,7 есе (145 млрд. теңгеден 246 млрд. теңгеге дейін), байланыс секторына - 3 есе (22 млрд. теңгеден 66 млрд. теңгеге дейін) өсті.

      "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасында кредит қаражатының соңғы тұтынушысы қаржыландырылған сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеу көзделген (14%-дан аспайды). "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасын іске асыру нәтижесінде берілген кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай төмендеді. 2010 - 2013 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіпке берілген кредиттер бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме жылдық 12%-дан 9,4%-ға дейін, көлік секторына - жылдық 12,5%-дан 10,2%-ға дейін, байланыс секторына - жылдық 11,9%-дан 7,7%-ға дейін төмендеді.

      Кредит беруді мерзімдерге бөлетін болсақ, жиынтық қоржындағы қысқа мерзімді кредиттердің үлесі 2010 - 2013 жылдары 29 - 33% аралығында құбылып тұрды (2013 жылы - 29%). Кредит беру объектілері бойынша бөлетін болсақ, негізгі үлесі айналым қаражатын толықтыруға тиесілі болды (69%), ал инвестициялық мақсаттарға 7%-ы ғана тиесілі болды. Ұзақ мерзімді кредиттер қоржынының құрылымында айналым қаражатын толықтыру 15%-ды, ал инвестициялық мақсаттарға берілген кредиттер 26%-ды құрады.

      Инвестициялық мақсаттарға берілген қысқа мерзімді кредиттердің мөлшері озыңқы қарқынмен өсіп, өзге факторлармен қатар негізгі капиталға құйылатын инвестициялардың өсуіне ықпалын тигізді, 2010 - 2013 жылдар аралығындағы кезеңде олардың жыл сайынғы көрсеткіші 32%-ға жылына 6 млрд. теңгеге дейін өсті.

      Жыл сайынғы экономиканың басым секторларының негізгі капиталына құйылатын инвестициялардың көлемі 56%-ға 1 740 млрд. теңгеден 2 713 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Екінші жағынан, енгізілген негізгі құралдардың көлемі әртүрлі бағыттағы сипатта болды, ол пайдалануға берілген негізгі құралдардың көлемі әртүрлі бағыттағы сипатта болды, инвестициялық мақсаттарға тартылған қаражаттың жұмыс істеп тұрған негізгі құралдарды реконструкциялауға немесе қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруға жұмсалуымен де түсіндіріледі. 2013 жылы экономиканың басым секторларында 1 229 млрд. теңгеге негізгі құралдар енгізілді.

      2010 - 2013 жылдары экономиканың басым секторларында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің шығарылымы өскені байқалды (ауыл шаруашылығын қоспағанда), бірақ өсу қарқыны бәсеңдеді. 2013 жылы бұл көрсеткіштің нақты өсуі 5,1%-ды құрады. Тұтастай алғанда, экономиканың басым секторларында тауарлар мен көрсетілетін қызметтер шығарылымының өсуі 2013 жылы шамалы болса да артта қалды.

      Қалыптасып отырған ағымдағы жағдайды ескере отырып, мемлекет инвестициялар үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасап отырғанын, алайда айналым қаражатын толықтыруды қалайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау болмай отырғанын көруге болады. Кредит беру құрылымы жөніндегі деректерді негізге ала отырып, Бағдарлама құралдарын осы бағытта кеңейту шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау деңгейін айтарлықтай жоғарылатып, сол арқылы елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін анағұрлым өсуіне алғышарт жасайды деп айтуға болады.

      2014 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ауылдық жерлерге, шағын қалалар мен моноқалаларға тиесілі банктік кредиттердің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр (2013 жылы - 25%). "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы шеңберінде 2013 жылы берілген дәл осы әкімшілік бірліктердегі кредиттердің үлесі 30%-ды құрады (933,5 млрд. теңгенің 284 млрд. теңгесі). "Бизнестің жол картасы" бағдарламасының арқасында оң үрдіс байқалып отыр. Айталық, үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 4 пайыздық тармаққа ұлғайды. Осылайша, кредит беру нарығы аталған әкімшілік бірліктерде біртіндеп кеңейіп келеді, тиісінше, осы бағытта мемлекеттік қолдау көрсетуді жалғастыру, ал қажет болса ұлғайту керек деген тұжырым жасауға болады.

      Оқыту түрінде қаржылай емес мемлекеттік қолдау көрсету "Бизнестің жол картасы" бағдарламасына 2011 жылы енгізілді. Осы бағыттың іске асырылған жылдары аталмыш қолдау танымал бола түсті. 2014 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша "Бизнес-кеңесші" және "Бизнес-өсу" жобаларына 75 мың тыңдаушы, "Жас кәсіпкер мектебі" жобасына 2 109 қатысушы қатысты. 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту" жобасы бойынша - 1 263 кәсіпкер, "Іскерлік байланыстар" жобасы бойынша - 2 253 кәсіпкер оқытылды, солардың ішінде 324 кәсіпкер АҚШ және Германияда тағылымдамадан өтті; "Аға сеньорлар" құрауышының шеңберінде 62 миссия жүзеге асырылды. Бұдан басқа, "Бизнес-насихат" құрауышы шеңберінде 2013 - 2014 жж. республикалық телеарналар эфиріне "Табыс тарихы" бағдарламасының 24 көрсетілімі "КТК" телеарнасында орыс тілінде шықты, "31 арна" арнасында қазақ және орыс тілдерінде 10 арнайы репортаж және "Қазақстан" арнасында 10 репортаж; "7" арна және "Астана" арналарында "Бизнес аймағы" бағдарламасының 10 көрсетілімі шығарылды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы халқы арасында кәсіпкерлікті дәріптеуге бағытталған 40 ақпараттық-білім беру бейнероликтері түсірілді. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы БАҚ-та 3700-нан аса материал орналастырылды, "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде іске асқан жобалар бойынша 36 баспасөз-туры өткізілді. Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін дәрістер, шеберлік сыныптары өткізілді, оларда 1650 адамнан астам оқытылды. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасын түсіндіру бойынша 360 мың дана лифлеттер шығарылды.

      Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Айталық, 2014 жылғы 1 желтоқсанда облыс орталықтары мен ірі қалаларда 17 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды, оларда 68 мың кәсіпкерге 111 мыңнан астам консультация берілді. Моноқалаларда 27 кәсіпкерлікті қолдау орталығында 27 мыңнан астам кәсіпкерге 50,3 мың консультация берілді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы 161 кәсіпкерлікті қолдау орталығында 36,3 мың клиентке 62,8 мыңнан астам консультация берілді. Өңірлік деңгейде 14 ұтқыр кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмыс істейді, оларда 16,8 мың кәсіпкерге 26,8 мың көшпелі консультация көрсетілді. Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қызметіне сервистік қолдау көрсетіледі. Айталық, 45,6 мың кәсіпкерге 159,6 мың қызмет көрсетілді, бұл ретте осы жұмысқа 52 сервистік компания тартылды.

      Осылайша, ағымдағы жағдайды талдау Бағдарлама ірі қалалардан тыс шағын және орта кәсіпкерлікті нысаналы қолдауға және кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуді көздеуге тиіс.

      Бағдарлама шеңберінде "Жаңа бизнес бастамаларды қолдау" бағыты бойынша қаржыландырылуға қол жетімділікті арттыру, жобалардың өндірістік қуатын арттыру, ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, кәсіпкерлердің бизнес бастамалары мен олардың жобаларын кеңейту сияқты проблемалық мәселелер шешілетін болады.

      Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қол жетімділігін арттыру үшін банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің кәсіпкерлер мен микроқаржы ұйымдарына берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру, микрокредиттер беру жүзеге асырылатын болады.

      Моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлердің өндірістік қуаттылығын арттыру үшін ауылдық елді мекендер, шағын қалалар мен моноқалалар кәсіпкерлерінің жобаларына жеткіліксіз инфрақұрылымды жеткізу шаралары жүзеге асырылатын болады.

      Моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын кеңейту үшін мемлекеттік гранттар беру жүзеге асырылатын болады.

      Экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында кәсіпкерлікті дамыту өңдеуші өнеркәсіптің өндірілген өнім көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, шағын және орта кәсіпкерлікте халықтың жұмыспен қамтылуын ұлғайту міндеттерін шешеді.

      Өңдеуші өнеркәсіптің өндірілген өнім көлемін ұлғайту үшін банктердің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру шаралары жүзеге асырылатын болады.

      Бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындарын құру үшін кәсіпкерлердің жобаларын және индустриялық аймақтарды жетіспейтін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.

      Шағын және орта кәсіпкерлікте халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту үшін банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің/даму банкінің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру, кәсіпкерлер жобаларының және индустриялық аймақтардың жетіспейтін инфрақұрылымын қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.

      Шетелдік валюталардың ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдіктердің кредиттікке өзгеруін болдырмау үшін банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін ұлттық және шетел валюталарында субсидиялау жүзеге асырылатын болады.

      Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету жөніндегі проблемаларды шешу кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құзыретін арттыру, кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру, іскерлік байланыстарды кеңейту болады.

      Кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету үшін "Бизнес-насихат" жобасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары туралы және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жүзеге асырылатын болады.

      Кәсіпкерлердің құзыретін арттыру үшін кәсіпкерлік қызметтің негіздерін оқыту, мамандардың, кәсіпорынның топ-менеджерлерінің біліктілігін арттыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, рұқсат құжаттары мен техникалық шарттар алу мәселелері бойынша консультациялар беру жүзеге асырылатын болады.

      Кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру үшін басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиясы, өнімділікті арттыру және кәсіпорынның энергия қуатын үнемдеу, сондай-ақ кәсіпорындарды технологиялық дамыту мәселелері бойынша сырттан консультанттар тарту жүзеге асырылатын болады.

      Іскерлік байланыстарды кеңейту үшін шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнату және отандық өңделген тауарларды жылжыту жүзеге асырылатын болады.

4. Бағдарламаның мақсаттары, нысаналы индикаторлары, міндеттері мен іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      Ескерту. 4-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.08.2016 № 515 қаулысымен.

4.1 Бағдарламаның мақсаты

      1. Бағдарламаның мақсаты өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады.

4.2 Нысаналы индикаторлар

      2. 2020 жылға қарай қол жеткізілетін Бағдарламаның нысаналы индикаторлары:

      1) ЖІӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 12,5%-ға жеткізу;

      2) ШОК өнімін шығару көлемін 2014 жылдың деңгейінен 1,5 есеге ұлғайту;

      3) белсенді жұмыс істейтін ШОК субъектілерін 2014 жылдың деңгейінен 50%-ға ұлғайту;

      4) ШОК-та жұмыс істейтіндердің санын 2014 жылдың деңгейінен 50%-ға ұлғайту.




Микроқаржы ұйымдарының банктер алдындағы кредиттеріне

: sites -> akmo.gov.kz -> uploads
uploads -> Регламенті Жалпы ережелер
uploads -> Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын
uploads -> Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторын жақсарту жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған шаралар жоспарына 2017 жылғы
uploads -> Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің 2018-2020 жылдарға арналған


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет