Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі



жүктеу 2.44 Mb.
бет1/10
Дата11.04.2018
өлшемі2.44 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Источник: ИС Параграф WWW http:///online.zakon.kz
Қазақстан Республикасының
Еңбек Кодексі
(2016.06.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

Осы Еңбек Кодексті іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз

 

2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен мазмұны өзгертілді (бұр.ред.қара)

МАЗМҰНЫ

 

ЖАЛПЫ БӨЛІК

 

1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР



1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы

3-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты мен міндеттері

4-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттары

5-бап. Еңбек бостандығы

6-бап. Еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу

7-бап. Мәжбүрлі еңбекке тыйым салу

8-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы

9-бап. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

10-бап. Еңбек шарттары, әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімдері, ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің еңбек саласындағы актілері

11-бап. Жұмыс берушінің актілері

12-бап. Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескеру тәртібі

13-бап. Осы Кодексте белгіленген мерзімдерді есептеу

14-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

 

2-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ



15-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті

16-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті

17-бап. Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның құзыреті

18-бап. Жергілікті атқарушы органдардың еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті

 

3-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ СУБЪЕКТІЛЕРІ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ НЕГІЗДЕРІ



19-бап. Еңбек қатынастары субъектілері

20-бап. Жұмыскерлердің өкілдері және олардың өкілеттіктері

21-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері

22-бап. Жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттері

23-бап. Жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері

 

ЕРЕКШЕ БӨЛІК

 

2-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ

 

4-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ



24-бап. Еңбек шартының нысанасы

25-бап. Еңбек шартын жасасу кезіндегі құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігінің кепілдіктері

26-бап. Еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер

27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі

28-бап. Еңбек шартының мазмұны

29-бап. Бейбәсекелестік туралы шарт

30-бап. Еңбек шартының мерзімі

31-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері

32-бап. Еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар

33-бап. Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі

34-бап. Жұмысқа қабылдауды ресімдеу

35-бап. Жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттар

36-бап. Еңбек шартындағы сынақ мерзімі туралы талап

37-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ нәтижесі

38-бап. Жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру

39-бап. Жұмыскерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру

40-бап. Жұмыскерді басқа заңды тұлғаға іссапарға жіберу

41-бап. Өндірістік қажеттілік жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру

42-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру

43-бап. Денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа уақытша ауыстыру

44-бап. Жүкті әйелдерді басқа жұмысқа уақытша ауыстыру

45-бап. Жұмыскерді басқа жұмыс орнына ауыстыру. Лауазым (жұмыс) атауының өзгеруі

46-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруі

47-бап. Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілілігі өзгерген, заңды тұлға акцияларының (қатысу үлестерінің) меншік иесі ауысқан, жұмыс беруші заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кездегі еңбек қатынастары

48-бап. Жұмыстан шеттету

49-бап. Еңбек шартын тоқтату негіздері

50-бап. Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзу тәртібі

51-бап. Еңбек шартын мерзiмi өткеннен кейін тоқтату тәртібі

52-бап. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері

53-бап. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу тәртібі

54-бап. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу мүмкіндігін шектеу

55-бап. Еңбек шартын жұмыскердің басқа заңды тұлғаға ауысуына байланысты тоқтату негізі және тәртібі

56-бап. Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу тәртібі

57-бап. Еңбек шартын тараптардың еркінен тыс мән-жайлар бойынша тоқтату негіздері

58-бап. Еңбек шартын жұмыскер еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартқан кезде тоқтату негіздері

59-бап. Еңбек шартын жұмыскердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуына немесе оның лауазымға тағайындалуына байланысты бұзу тәртібі

60-бап. Еңбек шартын жасасу талаптарының бұзылуы салдарынан еңбек шартын тоқтату негіздері

61-бап. Еңбек шартының тоқтатылуын ресімдеу

62-бап. Еңбек қызметін растайтын құжаттарды, сондай-ақ еңбек қызметіне байланысты өзге де құжаттарды беру

 

5-тарау. ЕҢБЕК ТӘРТІПТЕМЕСІ. ЕҢБЕК ТӘРТІБІ



63-бап. Еңбек тәртіптемесінің қағидалары

64-бап. Тәртіптік жазалар

65-бап. Тәртіптік жазаларды қолдану тәртібі

66-бап. Тәртіптік жазаларды белгілеу және қолдану мерзімі

 

6-тарау. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ



67-бап. Жұмыс уақыты және оның түрлері

68-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы

69-бап. Жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы

70-бап. Толық емес жұмыс уақыты

71-бап. Жұмыс уақыты режимі

72-бап. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу

73-бап. Ауысымдық жұмыс

74-бап. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс

75-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебі

76-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс

77-бап. Үстеме жұмыс

78-бап. Үстеме жұмыстардың шекті саны

79-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу тәртібі

 

7-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ



80-бап. Тынығу уақытының түрлері

81-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс

82-бап. Ауысымішілік және арнайы үзілістер

83-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы

84-бап. Демалыс күндері

85-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс

86-бап. Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың айрықша жағдайлары

87-бап. Демалыс түрлері

88-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының ұзақтығы

89-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары

90-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын есептеу

91-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде еңбек өтілін есептеу

92-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібі

93-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарын берудің кезектілігі

94-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстырудың жағдайлары мен тәртібі

95-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алу

96-бап. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы құқығын іске асыру және еңбек шарты тоқтатылған кезде өтемақы төлеу

97-бап. Жалақы сақталмайтын демалыс

98-бап. Оқу демалысы

99-бап. Жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыстар

100-бап. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс

 

8-тарау. ЕҢБЕКТІ НОРМАЛАУ ЖӘНЕ ЕҢБЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУ



101-бап. Еңбекті нормалау

102-бап. Еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер

103-бап. Жалақының мөлшері

104-бап. Жалақының ең төмен мөлшерін белгілеу

105-бап. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу

106-бап. Еңбекке сағат бойынша ақы төлеу

107-бап. Еңбекке ақы төлеу жүйесі

108-бап. Үстеме жұмысқа ақы төлеу

109-бап. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу

110-бап. Түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу

111-бап. Лауазымдарды қоса атқару, қызмет көрсету аймағының кеңеюі және уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару (алмастыру) кезінде еңбекке ақы төлеу

112-бап. Бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу

113-бап. Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері

114-бап. Жұмыскердің орташа жалақысын есептеу

115-бап. Жалақыдан ұстап қалулар

 

9-тарау. КӘСІПТІК ДАЯРЛАУ, ҚАЙТА ДАЯРЛАУ ЖӘНЕ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ



116-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар

117-бап. Кәсіби стандарттар және біліктілік жүйесі

118-бап. Кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру

119-бап. Дуальдық оқыту

 

10-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ ТАРАПТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ



120-бап. Еңбек шарты тарапының келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу жөніндегі міндеті

121-бап. Жұмыскерді еңбек ету мүмкіндігінен заңсыз айыру арқылы оған келтірілген нұқсан үшін жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы

122-бап. Жұмыскердің өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы

123-бап. Жұмыс берушіге нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің материалдық жауаптылығы

 

11-тарау. КЕПІЛДІКТЕР МЕН ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІ



124-бап. Жұмыскерлер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындаған кезде берілетін кепілдіктер

125-бап. Медициналық қарап тексеруге жіберілетін жұмыскерлер үшін кепілдіктер

126-бап. Донор болып табылатын жұмыскерлер үшін кепілдіктер

127-бап. Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері

127-1-бап. Экологиялық апат пен радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлер үшін кепілдіктер

127-2-бап. Бітімгершілік операцияға қатысқан жұмыскерлер, қызметкерлер үшін кепілдіктер

128-бап. Жұмыскерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру кезіндегі өтемақы төлемдері

129-бап. Жұмыскердің жеке мүлкін жұмыс берушінің мүддесіне пайдалануына байланысты өтемақы төлемдері

130-бап. Жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет көрсету учаскелері шегіндегі қызметтік сапарлармен байланысты болатын жағдайларда жұмыскерлерге берілетін өтемақы төлемдері

131-бап. Жұмысынан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдері

132-бап. Далалық жабдықталым ақшасын төлеудің тәртібі мен шарттары

133-бап. Жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы төлеу

 

12-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



134-бап. Маусымдық жұмыстар

135-бап. Вахталық жұмыс әдісі

136-бап. Үй жұмыскерлері

137-бап. Үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер

138-бап. Қашықтықтан жұмыс істеу

139-бап. Азаматтық қызмет

140-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының және заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелерінің еңбегін реттеу ерекшеліктері

141-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналына жататын жұмыскерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктері

142-бап. Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегін реттеу

143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу

144-бап. Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет жұмыскерлерінің еңбегін реттеу

145-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегін реттеу

146-бап. Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегiн реттеу

 

3-БӨЛІМ. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР

 

13-тарау. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК

147-бап. Әлеуметтік әріптестік органдары, қағидаттары және міндеттері

148-бап. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру

149-бап. Келісімдерді дайындау жөнінде келіссөздер жүргізу құқығы

150-бап. Келіссөздер жүргізу, келісімдерді әзірлеу және жасасу тәртібі

151-бап. Келісімдерді тіркеу

152-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің тараптары, түрлері

153-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің мазмұны

154-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің қолданылуы, олардың орындалуын бақылау және тараптардың жауаптылығы

155-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау

 

14-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ



156-бап. Ұжымдық шарттың тараптары. Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібі

157-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы

158-бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзімдері, аясы және тараптардың жауаптылығы

 

15-тарау. Жеке еңбек дауларын қарау



159-бап. Жеке еңбек дауын қарау тәртібі

160-бап. Жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімдері

161-бап. Жұмыскерді жұмысына қайта алу

 

16-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ҚАРАУ



162-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар

163-бап. Ұжымдық еңбек дауының туындауы

164-бап. Ұжымдық еңбек дауларын қарау жөніндегі органдар және жұмыскерлердің талаптарын ресімдеу мен қарау тәртібі

165-бап. Татуластыру комиссиясы

166-бап. Еңбек төрелігі

167-бап. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау

168-бап. Тараптардың ұжымдық еңбек дауы бойынша келісімге қол жеткізуінің салдарлары

169-бап. Ұжымдық еңбек дауының шешілуімен байланысты кепілдіктер

170-бап. Тараптардың және татуластыру органдарының ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөніндегі міндеттері

171-бап. Ереуіл өткізу құқығы

172-бап. Ереуілдің басталуы туралы жариялау

173-бап. Ереуілді басқаратын органның өкілеттіктері

174-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуіл барысындағы міндеттері

175-бап. Жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты берілетін кепілдіктер

176-бап. Заңсыз ереуілдер

177-бап. Ереуілді заңсыз деп танудың салдарлары

178-бап. Локаутқа тыйым салу

 

4-БӨЛІМ. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ

 

17-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

179-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу

180-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар және іс-шараларды қаржыландыру

 

18-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖӘНЕ ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ



181-бап. Жұмыскердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері

182-бап. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері

 

19-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ



183-бап. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау

184-бап. Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары

185-бап. Жұмыскерлерді міндетті медициналық қарап тексеру

 

20-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАРДЫ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУ



186-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің жалпы ережелері және оларды есепке алу

187-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезіндегі жұмыс берушінің міндеттері

188-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияны құру тәртібі және оның құрамы

189-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі

190-бап. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу тәртібі және оларды есепке алу

 

5-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ

 

21-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

191-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру

192-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметінің қағидаттары мен негізгі міндеттері

193-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының құқықтары

194-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының міндеттері

195-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері

196-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқа мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуы

197-бап. Бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін бақылаудың өзге де нысандары

198-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік еңбек инспекторының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі

199-бап. Ведомстволық есепке алу

200-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау

 

22-тарау. ІШКІ БАҚЫЛАУ



201-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау

202-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі

203-бап. Ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес

 

23-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР



204-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгiзу тәртiбi

 

 



ЖАЛПЫ БӨЛІК

1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

 

1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) азаматтық қызмет - азаматтық қызметшілердің қазыналық кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыруға, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі кәсіптік қызметі;

2) азаматтық қызметші - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам;

3) айлық жалақының ең төмен мөлшері - біліктілікті қажет етпейтін қарапайым (онша күрделі емес) еңбек жұмыскері осы Кодексте белгіленген қалыпты жағдайларда және жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы кезінде еңбек міндеттерін орындаған кезде бір айда оған төленетін ақшалай төлемдердің кепілдік берілген ең төмен мөлшері;

4) арнайы киім - жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардан қорғауға арналған киім, аяқкиім, баскиім, қолғап, өзге де жеке қорғаныш құралдары;

5) ауыр жұмыстар - жұмыскердің ауыр (он килограмм және одан ауыр) заттарды қолмен тұрақты түрде орнынан қозғалтуға, жылжытуға және тасуға байланысты әрі дене күшін жұмсауды талап ететін (250 ккал/сағаттан астам энергия жұмсалатын) қызметінің түрлері;

6) ауысымдық жұмыс - тәулік ішінде екі не үш немесе төрт жұмыс ауысымындағы жұмыс;

7) әлеуметтік әріптестік - жұмыскерлер (жұмыскерлердің өкілдері), жұмыс берушілер (жұмыс берушілердің өкілдері), мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған өзара қатынастар жүйесі;

8) бас, салалық, өңірлік келісім (бұдан әрі - келісім) - тараптардың республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі жұмыскерлер үшін мазмұнын және еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі міндеттемелерін айқындайтын әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт;

9) бейбәсекелестік туралы талап - жұмыс берушіге нұқсан келтіруі ықтимал әрекеттерді жүзеге асыруға жұмыскердің құқығын шектейтін, бейбәсекелестік туралы шарттың талаптары;

10) бос тұрып қалу - экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтап тұруы;

11) біліктілік санаты (разряды) - орындалатын жұмыстардың күрделілігін көрсететін, жұмыскердің біліктілігіне қойылатын талаптар деңгейі;

12) делдал - еңбек қатынастарының тараптары еңбек дауын шешу жөнінде қызметтер көрсету үшін тартатын жеке немесе заңды тұлға;

13) демалыс - жұмыс орны (лауазымы) мен осы Кодексте белгіленген жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскердің жыл сайынғы демалуын қамтамасыз ету немесе әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату;

14) еңбек - адам мен қоғамның өмір сүру және қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті материалдық, рухани және басқа да құндылықтарды жасауға бағытталған адам қызметі;

15) еңбек гигиенасы - жұмыскерлердің денсаулығын сақтау, өндірістік орта мен еңбек процесінің қолайсыз әсерлерінің профилактикасы жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық шаралар мен құралдар кешені;

16) еңбек дауы - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс берушінің (жұмыс берушілердің) арасындағы келіспеушіліктер;

17) еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, еңбекті нормалау, еңбек міндеттерін орындау, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі жағдайлары, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, қызмет көрсету аймақтарын кеңейту, жұмыста уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тәртібі, техникалық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келісуі бойынша өзге де еңбек жағдайлары;

18) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

19) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

20) еңбекке ақы төлеу - осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, сондай-ақ келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға және жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жұмыскерге еңбегі үшін берілетін сыйақының міндетті төлемін жұмыс берушінің қамтамасыз етуіне байланысты қатынастар жүйесі;

21) еңбек қатынастары - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында туындайтын қатынастар;

22) еңбек қатынастарымен тікелей байланысты қатынастар - осы Кодексте көзделген жағдайларда еңбекті ұйымдастыру мен басқаруға, жұмысқа орналастыруға, жұмыскерлерді кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға, әлеуметтік әріптестікке, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасасуға, еңбек жағдайларын белгілеуге жұмыскерлердің (жұмыскерлер өкілдерінің) қатысуына, еңбек дауларын шешуге және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауға байланысты қалыптасатын қатынастар;

23) еңбек қауіпсіздігі - еңбек қызметі процесінде жұмыскерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген, жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі;

24) еңбек қауіпсіздігі жағдайлары - жұмыскер еңбек міндеттерін орындаған кезде еңбек процесі мен өндірістік ортаның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі;

25) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мониторингі - өндірістегі еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесі, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау мен болжау;

26) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтер - эргономикалық, санитариялық-эпидемиологиялық, психофизиологиялық және еңбектің қалыпты және қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ететін өзге де талаптар;

27) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге әсер етуі;

28) еңбек міндеттері - жұмыскер мен жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, жұмыс берушінің актісінде, еңбек, ұжымдық шарттарда келісілген міндеттемелері;

29) еңбек өтілі - жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес еңбек өтіліне кіретін өзге де кезеңдер;

30) еңбек тәртібі - жұмыс беруші мен жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, сондай-ақ келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде, құрылтай құжаттарында белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындауы;

31) еңбек тәртіптемесі - жұмыскерлер мен жұмыс берушінің еңбекті ұйымдастыру жөніндегі қатынастарын реттеу тәртібі;

32) еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық-техникалық, санитариялық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактикалық, оңалту және өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын, еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;

33) еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор - еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыратын жұмыскерлердің өкілі;

34) еңбекті нормалау - нақты ұйымдастыру-техникалық жағдайларда жұмыскерлердің жұмысты орындауға (өнім бірлігін дайындауға) арналған қажетті еңбек шығындарын (уақытты) айқындау және осы негізде еңбек нормаларын белгілеу;

35) еңбектің қауіпсіз жағдайлары - жұмыс істейтіндерге өндірістік факторлардың әсерінің деңгейлері белгіленген нормативтерден аспайтын еңбек жағдайлары;

36) еңбек шарты - жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім, бұған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді;

37) жалақы - жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына қарай еңбек үшін төленетін сыйақы, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдер;

38) жеке қорғаныш құралдары - жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар, оның ішінде арнайы киім;

39) жұмыс беруші - жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;

40) жұмыс берушілердің өкілдері - құрылтай құжаттары және (немесе) сенімхат негізінде жұмыс берушінің немесе жұмыс берушілер тобының мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

41) жұмыс берушінің актілері - жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысымдық кестелер, вахта кестелері, демалыс кестелері;

42) жұмыс берушінің қызметін декларациялау - жұмыс берушінің қызметін ол берген өтініш негізінде Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келеді деп тану рәсімі;

43) жұмыскер - жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;

44) жұмыскерлердiң өкiлдерi - кәсiптiк одақтардың, олардың бiрлестiктерiнiң органдары, ал олар болмаған кезде жұмыскерлердiң жалпы жиналысында (конференциясында) жұмыскерлердiң (конференция делегаттарының) кемінде үштен екісі қатысқан кезде қатысушылардың көпшілік дауысымен сайланған және уәкiлеттiк берілген сайланбалы өкiлдер;

45) жұмыс орны - жұмыскердің еңбек қызметі процесінде еңбек міндеттерін орындауы кезінде оның тұрақты немесе уақытша болатын орны;

46) жұмысты тарифтеу - орындалатын жұмыстарды Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығына және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес белгілі бір күрделілікке жатқызу;

47) жұмыс уақыты - жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ осы Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері;

48) жұмыс уақытының жиынтық есебі - жұмыс беруші белгілеген есептік кезеңдегі жұмыс уақытын жинақтау жолымен есептелген жұмыс уақытының есебі;

49) зиянды еңбек жағдайлары - зиянды өндірістік факторлардың болуымен сипатталатын еңбек жағдайлары;

50) зиянды өндірістік фактор - жұмыскерге әсер етуі ауыруына немесе еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне және (немесе) ұрпағының денсаулығына кері ықпал етуге әкеп соғуы мүмкін өндірістік фактор;

51) кәсіптік ауру - жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде оған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауру;

52) кепілдіктер -жұмыскерлерге әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында берілген құқықтардың жүзеге асырылуы олардың көмегімен қамтамасыз етілетін құралдар, тәсілдер мен жағдайлар;

53) қауіпсіздік нормалары - жұмыскерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, санитариялық-гигиеналық, биологиялық және өзге де нормаларды, қағидаларды, рәсімдер мен өлшемшарттарды қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын, өндірістік және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштер;

54) қауіпті еңбек жағдайлары - еңбекті қорғау қағидалары сақталмаған жағдайда белгілі бір өндірістік немесе жоюға болмайтын табиғи факторлардың әсері жұмыскердің өндірістік жарақаттануына, денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе улануына әкеп соқтыратын, соның салдарынан еңбекке қабілеттіліктен уақытша немесе тұрақты айырылуы, кәсіптік ауруға шалдығуы не қайтыс болуы орын алатын еңбек жағдайлары;

55) қауіпті өндірістік фактор - әсері жұмыскердің еңбекке қабілеттіліктен уақытша немесе тұрақты айырылуына (өндірістік жарақаттануына немесе кәсіптік ауруына) немесе қайтыс болуына әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;

56) қоса атқарылатын жұмыс - жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы;

57) мемлекеттік органның шетелдік жұмыскері - еңбек шарты бойынша мемлекеттік органға тартылған шетелдік;

58) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

59) негізгі жалақы - тарифтік мөлшерлемелер, лауазымдық айлықақылар, кесімді бағалар бойынша төлемді қамтитын, жалақының салыстырмалы түрдегі тұрақты бөлігі және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, салалық келісімде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында көзделген тұрақты сипаттағы төлемдер;

60) өндірістік жабдық - машиналар, механизмдер, құрылғылар, аппараттар, аспаптар және жұмысқа, өндіріске қажетті өзге де техникалық құралдар;

61) өндірістік жарақат - жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның еңбекке қабілеттіліктен айырылуына әкеп соққан денсаулығының зақымдануы;

62) өндірістік қажеттілік - дүлей апатты, аварияны болғызбау немесе жою немесе олардың салдарларын дереу жою мақсатында, жазатайым оқиғаларды, бос тұрып қалуды, мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болғызбау үшін және басқа да айрықша жағдайларда, сондай-ақ уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру үшін жұмыстарды орындау;

63) өндірістік қызмет - шикізаттың алуан түрлерін өндіруді және қайта өңдеуді, қызметтердің алуан түрлерін көрсетуді және жұмыстарды орындауды қамтитын, ресурстарды дайын өнімге айналдыру үшін қажетті еңбек құралдарын қолдана отырып жасалатын жұмыскерлер әрекеттерінің жиынтығы;

1-баптың 1-тармағының 64) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап осы Заңның 204-бабының 2-тармағының 1) тармақшасының редакциясында қолданылады



64) өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар - білікті кадрлары бар және өзінің құрамында өндірістік орта мен еңбек жағдайлары факторларын зертханалық және аспаптық зерттеу жөніндегі зертханалары бар немесе осындай зертханалары бар ұйымдармен шарттар жасасқан, өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

65) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндірістік объектілерде (цехтарда, учаскелерде, жұмыс орындарында, сондай-ақ жұмыс берушілердің бөлек тұрған, өндірістік қызметті жүзеге асыратын өзге де бөлімшелерінде) орындалатын жұмыстар қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестігін айқындау мақсатында оларды бағалау жөніндегі қызмет;

66) өндірістік санитария - зиянды өндірістік факторлардың жұмыскерлерге әсерін болғызбайтын немесе азайтатын санитариялық-гигиеналық, ұйымдастыру іс-шаралары мен техникалық құралдар жүйесі;

67) өндірістік факторлар - Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жұмыскерге әсер ететін техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндірістік-тұрмыстық және басқа да жағдайлар;

68) өрескел абайсыздық - жұмыскердің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы қағидаларын және өз денсаулығының қауіпсіздігін бұзуға ықпал ететін әрекеттері;

69) өтемақы төлемдері - жұмыстың ерекше режимі мен еңбек жағдайларына, жұмысынан айырылуына, жұмыскерлерге еңбек міндеттерін немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауына байланысты шығындарды өтеуге байланысты ақшалай төлемдер, сондай-ақ жұмыскерлерді немесе еңбек қатынастарында тұрмайтын өзге адамдарды (бұдан әрі - білім алушы) кәсіптік даярлаумен, қайта даярлаумен және біліктілігін арттырумен байланысты төлемдер;

70) разрядаралық коэффициент - сабақтас тарифтік-біліктілік разрядтарының тарифтік мөлшерлемелері арасындағы арақатынас;

71) тарифтік жүйе - еңбекке ақы төлеу жүйесінің бір түрі, онда жұмыскерлердің жалақысы тарифтік мөлшерлемелер (айлықақылар) және тарифтік кестелер негізінде сараланып айқындалады;

72) тарифтік кесте - орындалатын жұмыстарды күрделілік және жұмыскерлерді біліктілік белгісі бойынша саралауды көздейтін тарифтік разрядтар мен тарифтік коэффициенттер жиынтығы;

73) тарифтік мөлшерлеме (айлықақы) - жұмыскердің уақыт бірлігі ішінде белгілі бір күрделіліктегі (біліктіліктегі) еңбек міндеттерін орындағаны үшін еңбегіне ақы төлеудің тіркелген мөлшері;

74) тарифтік разряд - жұмыстың күрделілік деңгейі және осы жұмысты орындау үшін қажетті біліктілік деңгейінің көрсеткіші;

75) тәртіптік жаза - тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыс берушінің жұмыскерге қолданатын тәртіптік әсер ету шарасы;

76) тәртіптік теріс қылық - жұмыскердің еңбек тәртібін бұзуы, сондай-ақ еңбек міндеттерін тиісінше орындамауы;

77) тынығу уақыты - жұмыскердің еңбек міндеттерін орындаудан бос және өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты;

78) ұжымдық қорғаныш құралдары - жұмыс істейтін екі және одан көп жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен бір мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар;

79) ұжымдық шарт - ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, жұмыскерлердің өкілдері арқылы жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт;

80) үстеме жұмыс - жұмыскер жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан (есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының қалыпты санынан артық) тыс орындайтын жұмыс;

81) хабарлама - жұмыскердің немесе жұмыс берушінің жазбаша өтініші не өзге тәсілмен (курьерлік пошта, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы) берілген өтініштер;

82) іссапар - жұмыс берушінің өкімі бойынша жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ жұмыскерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберу.

2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының басқа да арнайы ұғымдары мен терминдері осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы



1. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының заңдарынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарына еңбек қатынастарын, әлеуметтік әріптестік пен еңбекті қорғау қатынастарын реттейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.

3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарт қағидалары қолданылады.

Халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар еңбек қатынастарына тікелей қолданылады.

 

3-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты мен міндеттері



1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мақсаты еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек саласындағы құқықтар мен бостандықтардың ең төмен кепілдіктерін белгілеуге бағытталған құқықтық реттеу болып табылады.

2. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының міндеттері еңбек қатынастары тараптары мүдделерінің теңгеріміне, әлеуметтік тұрақтылыққа, қоғамдық келісімге бағытталған қажетті құқықтық жағдайлар жасау болып табылады.

 

4-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттары



Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттары:

1) адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу;

2) еңбек бостандығы;

3) еңбек саласындағы кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу;

4) қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықты қамтамасыз ету;

5) жұмыскердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;

6) еңбегі үшін жалақының ең төмен мөлшерінен кем емес сыйақы құқығын қамтамасыз ету;

7) тынығу құқығын қамтамасыз ету;

8) жұмыскерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;

9) жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бірігу құқығын қамтамасыз ету;

10) әлеуметтік әріптестікті нығайтуда және дамытуда мемлекеттің ықпалы;

11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу болып табылады.

 

5-бап. Еңбек бостандығы



Әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар.

 

6-бап. Еңбек саласындағы кемсітушілікке тыйым салу



1. Әркімнің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, ешкімнің еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды.

2. Ешкімді де еңбек құқықтарын іске асыру кезінде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды.

3. Еңбек қызметінің тиісті түрлері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленетін не әлеуметтік және құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды.

4. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы.

 

7-бап. Мәжбүрлі еңбекке тыйым салу



Мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған.

Мәжбүрлі еңбек қандай да бір адамнан қандай да бір жаза қолдану қатерімен талап етілетін, оны орындау үшін бұл адам ерікті түрде өз қызметтерін ұсынбаған кез келген жұмысты немесе қызметті білдіреді.

Мәжбүрлі еңбекке:

жұмыс мемлекеттік органдардың қадағалауымен және бақылауымен жүргізілетін және оны орындайтын адам жеке және (немесе) заңды тұлғалардың билігіне берілмейтін немесе тапсырылмайтын жағдайда соттың заңды күшіне енген үкіміне байланысты;

төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.

 

8-бап. Осы Кодекстің қолданылу аясы



1. Осы Кодекс:

1) еңбек қатынастарын;

2) еңбек қатынастарымен тікелей байланысты;

3) әлеуметтік әріптестік;

4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді.

2. Осы Кодекстің күші, егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге, оның ішінде есептік тіркеуден өткен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарына және (немесе) өкілдіктеріне қолданылады.

3. Жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

4. Қазақстан Республикасының заңдары осы Кодексте белгіленген құқықтар, бостандықтар мен кепілдіктер деңгейін төмендетпеуге тиіс.

 

9-бап. Еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар



Айлық жалақының ең төмен мөлшері, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.

 

10-бап. Еңбек шарттары, әлеуметтік әріптестік тараптарының келісімдері, ұжымдық шарттар, жұмыс берушінің еңбек саласындағы актілері



1. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі.

2. Әлеуметтік әріптестік тараптары келісімдерінің, ұжымдық, еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.

3. Келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының талаптары біржақты тәртіппен өзгертілмейді.

 

11-бап. Жұмыс берушінің актілері



Жұмыс беруші осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, еңбек шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес өз құзыреті шегінде актілер шығарады.

 

12-бап. Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде жұмыскерлерөкілдерінің пікірін ескеру тәртібі



1. Жұмыс беруші келісімдерде, ұжымдық шартта көзделген жағдайларда жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып актілер шығарады.

2. Жұмыс беруші өзінің актісінің жобасын және ол бойынша негіздемені жұмыскерлердің өкілдеріне ұсынады. Жұмыскерлердің бірнеше өкілі болған кезде олар жұмыс берушінің актілері бойынша пікірді есепке алу үшін сандық құрамы олар мүдделерін білдіретін жұмыскерлердің санына пропорционалды түрде болатын біртұтас өкілді орган құрады.

3. Жұмыскерлердің өкілдері жұмыс беруші актісінің жобасын табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен асырмай талқылайды. Жұмыскерлердің өкілдері шешімді осы Кодексте белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, жұмыс беруші актіні пікірді ескерместен қабылдауға құқылы.

4. Жұмыскерлер өкілдерінің шешімдері хаттамамен ресімделеді, онда жұмыскерлер өкілдерінің жұмыс беруші актісінің жобасымен келісетіні (келіспейтіні) көрсетіледі, олардың ұсыныстары болса олар жазылады.

5. Егер жұмыскерлер өкілдерінің пікірінде жұмыс беруші актісінің жобасына келісім болмаған не оны өзгерту жөнінде ұсыныстар болған жағдайда, жұмыс беруші:

1) келіскен жағдайда жұмыскерлер өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып өзгертілген акт шығарады;

2) келіспеген кезде жұмыскерлердің өкілдерімен қосымша консультациялар өткізуге құқылы.

6. Жұмыс беруші актілерін шығару үшін келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес жұмыскерлер өкілдерінің пікірін есепке алу қажет болатын олардың жобалары бойынша келісімге қол жеткізілмеген кезде, туындаған келіспеушіліктер, жұмыс берушінің және жұмыскерлердің бір өкілі қол қоятын хаттамамен ресімделеді, одан кейін жұмыс беруші актіні қабылдауға құқылы.

7. Егер жұмыс берушінің шығарылған актісінде жұмыскерлердің осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде көзделген құқықтары мен кепілдіктерін бұзатын не нашарлататын ережелер қамтылған жағдайда, оған еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға не сотқа шағым жасауға болады.

 

13-бап. Осы Кодексте белгіленген мерзімдерді есептеу



1. Осы Кодексте, еңбек немесе ұжымдық шартта, келісімдерде белгіленген мерзім күнтізбелік күнмен, жылдармен, айлармен, апталармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңінің аяқталуымен айқындалады. Мерзім басталуға тиіс оқиғаны көрсетумен де айқындалуы мүмкін.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мерзім жұмыс күндерімен есептеледі.

3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің ағымы оқиғаның басталуы айқындалған, оқиға басталған күнтізбелік күннен кейінгі келесі күні басталады.

4. Жылдармен, айлармен, апталармен есептелетін мерзімдер соңғы жылдың, айдың, аптаның тиісті күндері аяқталады. Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Күнтізбелік апталармен немесе күндермен есептелетін мерзімге жұмыс күні емес күндер де қосылады.

5. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мерзімнің соңғы күні жұмыс күні емес күнге келсе, онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.

 

14-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық



Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

 

 



2-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

 




  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет