Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың тіл ұшы жасалу орнына қатысты тізбек белгілерін модельдеу әдісі арқылы оқыту технологиясы



жүктеу 57.03 Kb.
Дата07.02.2017
өлшемі57.03 Kb.
Талдыбаева М.Д.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

РҺD докторанты

marzhan.taldybayeva@iktu.kz



ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАРДЫҢ ТІЛ ҰШЫ ЖАСАЛУ ОРНЫНА ҚАТЫСТЫ ТІЗБЕК БЕЛГІЛЕРІН МОДЕЛЬДЕУ ӘДІСІ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Аңдатпа: Бүгінгі таңда оқыту үдерісінде әртүрлі жаңа технологиялар мен инновациялық әдістер кеңінен қолдануда. Оларды дұрыс пайдалана білу сабақтың сапасын арттырып, студенттің бұрынғы алған білімін жаңа ұғымдармен, түсініктермен, жаңа ақпараттармен толықтырып, кеңейте түсуіне мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындарының студенттеріне фонетиканы оқыту барысында қолданылатын жаңа технологиялардың бірі – модельдеу әдісі арқылы оқыту. Мақалада қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың жасалу орнына қатысты тізбек белгілерін модельдеу әдісі арқылы оқыту технологиясы қарастырылған. Әр тілдің өзіне ғана тән дыбыс құрамы мен дыбыс жүйесі болады. Сол сияқты қазақ тілінің де өзге тілдерге ұқсамайтын өзіндік дыбыстық құрамы мен жүйесі бар. Тілдің дыбыс жүйесі дегеніміз айырым белгілердің өзара сабақтастығы мен өзара байланысы болып табылады. Қазақ тілі дыбыстарының айырым белгілерінің құрамы өте күрделі. Айырым белгілердің қарсы, тізбек, қайшы деп аталатын топтары бар. Тізбек белгілер, аты айтып тұрғандай, тізбектеліп тұрады және олардың фонетикалық көрсеткіштерінің арасында бір ғана айырым белгі болады.

Тізбек айырым белгілер дыбыстардың тобына ғана қатысты. Ал дыбыс тобы кем дегенде үш дыбыс болу керек. Тізбек белгілер жасалу орнына қатысты ерін тіл ұшы  тіл ортасы (тілшік)  тіл арты езу болып бөлінеді. Мақалада тіл ұшы жасалу орнына қатысты т[t]  д[d]  н[n] дауыссыз дыбыстарының тізбек белгілері модельдеу әдісі арқылы түсіндіріледі.


Тірек сөздер: тіл ұшы тобы, тіл ұшы дауыссыздары, тізбек белгі, жасалым белгі, дауыссыз дыбыстар, дауыс желбезегі, модельдеу әдісі, артикуляциялық модель.

Қазіргі кездегі білім берудегі мақсат – жеке тұлғаға бағытталған оқытуды жүзеге асыру, жан-жақты, білімді, өзін-өзі дамыта алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты оқыту үдерісінде инновациялық технологияларды тиімді қолдану мәселесі қойылып отыр [1, 299]. Оқу үдерісінде инновациялық әдістерді қолдану сабақтың тиімділігін арттыруға жағдай жасап, студенттердің белсенділігін арттырады. Жоғары оқу орындарының студенттеріне фонетиканы меңгерту мақсатында инновациялық әдістердің бірі ретінде модельдеу әдісін қолдануды жөн көрдік. Қазақ тілі дыбыстарының айырым белгілерінің құрамы өте күрделі. Айырым белгілердің қарсы, тізбек, қайшы деп аталатын топтары бар. Тізбек айырым белгілер, аты айтып тұрғандай, тізбектеліп тұрады және олардың фонетикалық (жасалым, айтылым, естілім) [3] көрсеткіштерінің арасында бір ғана айырым белгі өзгеріп отырады:



  • жасалым тұрғысынан бір сөйлеу мүшесінің қатысы (жасалу орны, жасалу тәсілі немесе дауыс желбезегінің қатысы) өзгеріп отырады;

  • айтылым тұрғысынан физикалық көрінісінің бір бөлігі ғана өзгеріске ұшырайды;

  • естілім тұрғысынан үн түйсінім әсерінде бір ерекшелік байқалып отырады.

Тізбек айырым белгілер дыбыстардың тобына қатысты болады. Басқаша айтқанда, дыбыс тобы кем дегенде үш дыбыс болу керек. Дыбыс құрамы өзгеруі мүмкін, ал дыбыс саны кем дегенде үшеу болады[4, 172]. Қазақ тілі дыбыстарының тізбек белгісінің көрнекі моделі олардың байланысын нақты көрсетеді:

ерін тіл ұшы  тіл ортасы (тілшік)  тіл арты езу

Тіл ұшы тобындағы дауыссыздардың артикуляциялық белгілерінің арасынан өзекті (актуал) тізбек белгімен және бейтарап белгінің басын ажыратып аламыз. Әдетте бейтарап белгілер екі немесе одан да көп болуы мүмкін. Тізбек белгілерді талдағанда жасалым белгілердің өзекті және бейтарап болып жіктелуі орынды болып табылады. Талданымның нақты және жүйелі болып шығуы осы жіктелімнің дұрыс/бұрыс таңдалғанына байланысты.

Қазақ тілінің тіл ұшы жасалым орнына қатысты дауыссыз дыбыстары т[t], д[d], н[n]. Ерін дауыссыздарына қарағанда құрамы кем.

Артикуляциялық талдау үстінде өзекті, яғни тізбек белгіні қою түспен бөлектеп отырамыз, тағы еске сала кетеміз.

Қазақ тіліндегі т[t] дауыссызы (1-сурет):

1- сурет. Қазақ тілінің т[t] дауыссызының


тізбек белгісінің артикуляциялық моделі.

-тіл ұшы арқылы жасалады, жасалу орнына қарай тіл ұшы дауыссыз болып табылады;

-тіл ұшы мен тістің тоғысымы арқылы жасалады, жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы дауыссыз болып табылады;

-дауыс желбезегі бейтарап қалады, дауыс желбезегінің қатысына қарай тербеліссіз (қатаң) дауыссыз болып табылады.

Артикуляциялық модельде т[t] дауыссызына қатысты жасалым белгілері түгел берілген [2, 39]. Алайда біз үшін сол белгілердің ішінде өзектісі тіл ұшы белгісі болып отыр.

Дауыссыз т[t] дыбысының өзге тоғысыңқы және тербеліссіз (қатаң) белгілері бейтарап қалып отыр.



Сонымен тіл ұшы тізбек белгісіне қатысты бірінші дауыссыз дыбысты таптық.



т[t] 

Дауыссыз т[t] дыбысымен тізбек құратын дауыссыздарды іздейміз.

Қазақ тіліндегі д[d] дауыссызы (2-сурет):

-тіл ұшы арқылы жасалады, жасалу орнына қарай тіл ұшы дауыссыз болып табылады;

-тіл ұшы мен тістің тоғысымы арқылы жасалады, жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы дауыссыз болып табылады;

-дауыс желбезегі жартылай тербеледі, дауыс желбезегінің қатысына қарай тербеліңкі (ұяң) дауыссыз болып табылады.



2- сурет. Қазақ тілінің д[d] дауыссызының


тізбек белгісінің артикуляциялық моделі

Артикуляциялық модельде д[d] дауыссызына қатысты жасалым белгілері түгел берілген. Алайда біз үшін сол белгілердің ішінде өзектісі тіл ұшы белгісі болып отыр.



Дауыссыз д[d] дыбысының өзге тоғысыңқы және тербеліңкі (ұяң) белгілері бейтарап қалып отыр.



Сонымен тіл ұшы тізбек белгісіне қатысты екінші дауыссыз дыбысты таптық.



т[t]  д[d] 

Дауыссыз т[t] және д[d] дыбыстарын байланыстырып тұрған тізбек белгі тіл ұшы жасалу орны болып табылады, енді тізбек белгіні жалғастыратын тағы дыбыс іздейміз.

Қазақ тіліндегі н[n] дауыссызы (3-сурет):

-тіл ұшы арқылы жасалады, жасалу орнына қарай тіл ұшы дауыссыз болып табылады;

-тіл ұшы мен тістің тоғысымы арқылы жасалады, жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы дауыссыз болып табылады;

-дауыс желбезегі мол тербеледі, дауыс желбезегінің қатысына қарай тербелімді (үнді) дауыссыз болып табылады.



3- сурет. Қазақ тілінің н[n] дауыссызының


тізбек белгісінің артикуляциялық моделі

Артикуляциялық модельде н[n] дауыссызына қатысты жасалым белгілері түгел берілген. Алайда біз үшін сол белгілердің ішінде өзектісі тіл ұшы белгісі болып отыр.



Дауыссыз н[n] дыбысының өзге тоғысыңқы және тербелімді (үнді) белгілері бейтарап қалып отыр.



Сондықтан тіл ұшы тізбек белгісіне қатысты үшінші дауыссыз дыбысты таптық.



т[t]  д[d]  н[n] 

Сонымен, дауыссыз т[t], д[d] және н[n] дыбыстарын байланыстырып тұрған тізбек белгі тіл ұшы жасалу орны болып табылады. Осы ретпен біз көрнекі модельдер арқылы дауыссыз дыбыстардың басқа да жасалу орнына қатысты айырым белгілерін модельдеу әдісімен түсіндіре аламыз.


Әдебиеттер:
1 Рысбай Б.Тілді меңгертудің кейбір тиімді жолдары// «Қазіргі тіл білімінің басымдықтары және түркі әлемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Әл-фараби атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, №3, 2014.-299-302б.

2 Жүнісбек А. Қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық моделі. – Алматы: Арыс , 2005.- 108б.



3 Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы: Арыс, 2009.-308б.

4 Талдыбаева М. Қазақ тілі дыбыстарының тізбек айырым белгілерін модельдеу әдісі арқылы оқыту. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы, №3, 2014.-170-174 б.


©stom.tilimen.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет