Қасымтанудың қазығы Қарқаралыда қағылмақ Жақында Арқаның ақтаңкер ақыны Серік Ақсұңқарұлы «Қазақ радиосына»



Дата21.12.2017
өлшемі44.22 Kb.
Қасымтанудың қазығы Қарқаралыда қағылмақ

Қасымтанудың қазығы Қарқаралыда қағылмақ


Жақында Арқаның ақтаңкер ақыны Серік Ақсұңқарұлы «Қазақ радиосына» берген сұхбатында «...Қасымға енді ештеңенің керегі жоқ, ал, қазаққа Қасым керек» деген байсалды пікір айтты. Дау жоқ, елең еткізер пікір. Дауылпаз Қасым рухынан нәр алып, ХХІ ғасырға Қасымша үн қатқан өрелі ақын осылай сөйлесе керек.
Байсалды пікірдің байыбына бармағандар, бара алмайтындар Серағаңның не айтқысы келгенін түйсінбеуі әбден мүмкін. Ал, менің байыптағаным – Серағаң бұл сұхбатта жоқшының сөзін сөйледі. Дүниенің боғын емес, ұлттың жоғын іздеген жоқшының сөзі. Әсіресе, кенжелеп қалған қасымтанудың қатпарлы проблемаларын қасқайып тұрып айтты. Ашық айтты, асырып айтқан жоқ.
Рас, таланттыларын рулық деңгейде таразылап, ұлылардың рухын ас пен тойдың деңгейіне түсіріп алған халықтың қасымтануға бетбұрыс жасауға мұршасы келер емес. Жасыратын несі бар, киіз үйде отырып, әлемдік ой айтқан адамзаттың Абайын – Тобықтының, қазақ поэзиясына құбылыс болып келген дауылпаз Қасымды – Қаракесектің, музаның мұзбалағы Мұқағалиды – Албанның піріне, пайғамбарына айналдырып алғанбыз. Олар туралы жіктеле сөйлеп, олардың бай мұрасын әулеттік деңгейде меншіктеп, оқшаулауға әуеспіз. Ұлттық рухымыздың ұнжырғасын түсіріп тұрған – осындай осалдықтарымыз. Оны мойындағымыз да келмейді.
Осылай кете берсек, көсегеміздің көгеруі екіталай-ау. Тіпті, Қасым мен Мұқағали мұрасы жайындағы сөзімізді пендешілік көзқарасымыздан бір сүйем ауытқымай отырып өрбітетініміз тағы бар. Мәселен, Қасым төңірегінде оның үйсіз жүрген күйсіз тағдыры ғана айтылады. Мұқағалидың ішкені... Ақындар – періштелер. Ал, біз оларды пендеге айналдыруға ұмтыламыз. Ойлап көріңізші, Қасымға баспананың енді керегі бар ма? Жоқ, әрине. Ол рухқа айналып, жеті қат көкке самғап кеткелі қашан. Ал, біз – пенделер Қасымның баспанасыз өткенін қайталай қаужап, өзімізге үй, үй ғана емес-ау, күй дәметіп жүргенімізді білеміз бе? Тағы да жоқ. Үй бермеген әкімге өкпелесек, «Қасым да үйсіз өткен» деп бұртия қалатынымызды қайсыңыз өтірік дей аласыз? Бес күндіктің тозағында 44 жыл ғана тұрақтаған Қасым-рух «ұрпағым менің баспанасыз өткенімді айтып жатыр» деп артына енді қарайламайды. Қарайласа, «асыл мұрамның дәріптелуі қалай екен» деп қарайлауы мүмкін.
Сонымен қатар, біз ұлыларымызды тек мерейтойы қарсаңында дәріптеп, одан соң келесі онжылдыққа дейін олар туралы тіс жармауға бекініп алғанбыз. Асқақ рух ас пен тойдың деңгейіне түскені – осы. Ал, мерейтой дегеніміз – дақпырт, ас ішіп, аяқ босату.
Санаулы күнде Қасым ақынның да 100 жылдық мерейтойы «Уа, дариға – алтын бесік, туған жерінде» жалауын желбіретпек. Қыркүйектің 8-11 күндері қарт Қарқаралы баурайы дүбірге бөленіп, жылдың елеулі деген рухани мерекесі рух байрағын көкке көтеруге қамданып жатыр. Арағы ағып, шарабы шалқып жатқан тойларды «өте жақсы тойдың» қатарына қосатын елміз ғой, «асымды іштім, Қасымды қайтейін» деп жүрмесек жарар еді.
Бірақ, қазыналы Қарағанды, қастерлі Қарқаралыдағы қамданыс киіз үйдің санына, сойыс малына емес, рухты еңселендіріп, қасымтанудың қазығын қағуға мән беріп жатқанға ұқсайды. Әрине, той – елдігімізге сын. Содан болар, ел тізгінін ұстаған азаматтар Қасымның ғасырлық тойына дайындықты өткен жылдың соңынан бастап кеткен. Ең әуелі ақынның еңселі ескерткішін қоюды қолға алды. Ескерткіш демекші, облыс әкімі Серік Ахметов 70 жыл билік құрған коммунистік идеология пайғамбарға айналдырып жіберген Ленин ескерткішін тұғырынан тайдырып, Тәуелсіздік алғалы 19 жылда келіп-кеткен әкімдердің шамасы келмеген батыл қадамға барғанын да бүгін айта кетуге тиіспіз. Сондай-ақ, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленетін мерейлі жылда кеншілер астанасында Қаздауысты Қазыбек, Қаныш Сәтбаев ескерткіштері орнатылғалы отыр. Әлгі «күн көсемнің» орнына болмаса да, қаланың көрнекті жеріне қойылатын дауылпаз Қасымның еңселі ескерткіші той салтанатында жамылғысын сыпырмақ және бұл гүлзар сол күннен бастап ақын есімімен аталатын болады. Облыс әкімі Серік Нығметұлының тікелей қолдауымен «Қасым» журналы жарыққа шықпақшы. Бүгінгі сәтке дейін ақын өлеңдеріне жазылған әндердің «Жыр жазамын жүрегімнен» атты CD дискісі жазылып, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған екі деректі фильм түсірілді. «Қасым Аманжолов» ғылыми-танымдық сайты ашылып, ғаламтор желісіндегі ғаламат дүниеге айналды.
«Болғанынан боладысы – қызық» той қамы жайында білмек болып ақынның туған жері – Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовқа жолыққан едік.
– Той қамына кіріскен күні-ақ біз Қасымның мерейтойын рухтың мерекесі жасаймыз деген мақсатқа жұмылған болатынбыз. Облыс әкімі Серік Нығметұлы тойды ұйымдастыру алқасына осындай талап қойды. Жыл басынан бері мерейтой шаралары аясында қыруар жұмыс атқарылды. Ақын тойында келген қонақтардың қарнын тойдырып, көңілін шалқытуды емес, осы той арқылы төңіректегі елдің әлеуметтік тұрмысын жаңғыртуды көздедік. Талды, Сарыобалы, Аққора ауылдары мен аудан орталығында абаттандыру жұмыстары қолға алынып, Рақымжан қорасындағы Қасым құдығы, Талды аулындағы ақын ескерткіші қалпына келтірілді. Ұлы ақын дүниеге келген қыстаққа тойға келген мәртебелі меймандарды тікұшақпен апаруды жоспарлап отырмыз. Қарқаралыдағы орталық кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған Қасым Аманжолов есімі берілді.
Әртүрлі деңгейде жыр мүшәйралары, Қасым әндері мен оның сөзіне жазылған әндер байқауы, Қасым оқулары ұйымдастырылды. Ең басты олжамыз – аудандық, ауылдық кітапханаларда өткен қасымтану сағаттары. Осы кішігірім ортада өткен қасымтану сағаттарының аясын кеңейтіп, болашақта тұрақты өткізуді қолға алмақпыз.
Тойдың шешуші кезеңі облыс орталығында басталып, ақынның туған жері Қасым Аманжолов атындағы селолық округтің орталығы Талды аулына кіреберісте, Кент тауының баурайында жалғасады. Табиғаты сұлу бөктерде 200-ге жуық киіз үй тігіліп, жиналған жұрт той салтанатын ерекше ләззатпен тамашалайтын болады, – деді Халел Мұқатайұлы.
Иә, қазақтың Қасымының тойы осындай мазмұнда салтанат құрмақ. Облыс басшылары той өткен соң Қасымды көзден таса, көңілден ұмыт қалдырмауды көздеп отыр. Мерейтой бағдарламасы аясында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өтетін ақын шығармашылығына арналған ғылыми конференцияда Серік Ақсұңқарұлы айтпақшы, кенжелеп қалған қасымтануға түрен салынбақ. Бұдан былай мерейтойын күтпей-ақ, жыл сайын ақын туған күні қарсаңында Қарқаралыға жиналып, «Қасым күндерін» өткізіп тұру бастамасы көтерілді. Баянды болғай!
Қасымтану – мүлгіп кеткен ұлттық рухқа қамшы басу.
Сұрқай қоғамда сұр шинелін жамылып, жұпыны ғана тірлік кешкен Қасым:
Ей, тәкәппар дүние,
Маған да бір қарашы!
Танисың ба сен мені?
Мен – қазақтың баласы! – демеп пе еді қасқайып тұрып?!
Азаттық алған қоғамда біз осылай айта аламыз ба? Әй, қайдам... Айтсақ та, Қасымның осы тойынан кейін айтармыз. Өйткені, Қасым ақынның Қарқаралыдағы тойы рухтың тойы болатын сыңайлы. Негізі, бұл той тек Қарағанды-Қарқаралыны ғана емес, қазақтың бар даласын дүбірге бөлеуі тиіс еді. Ол да болар... Әуелі, Алматы мен Астанаға Қасым ескерткішін орнатып алып, келесі мерейтойын ұлт болып ұйыса тойлармыз, бәлкім... Ең бастысы – қасымтанудың қазығын осы тойда қаққалы отырмыз. Оған да тәубе дей тұрайық.
Ерсін МҰСАБЕКОВ.
ҚАРАҒАНДЫ.

Орталық Қазақстан. - 2011. - 27 тамыз (№ 140/141). - 5 б.
Каталог: Amanzholov K -> Kasym turaly -> 100
100 -> Ұлттың ұлы ақыны Оған жаңа ұрпақ көзімен қарар кез кеді
100 -> Қасымды қазақтың ұлттық ақыны дегенде, мен басқа да қазақ ақындарының ұлттық сыпатын, халқының тарихы мен бүгінгі өмірін, тілін, әдет-ғұрпын жырлағанын, сол қазақтың көзі, құлағы, тілі бола білгенін жоққа шығармаймын
100 -> Жұртымызда үлкен аға, кіші аға дейтін ұғым бар. Үлкен ағамен аралықта сырластықтан гөрі сыйластық басым да, кейінгісімен керісінше келетініне өзімнің де көптен бергі тәжірибем көз жеткерді


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет