Қасымды қазақтың ұлттық ақыны дегенде, мен басқа да қазақ ақындарының ұлттық сыпатын, халқының тарихы мен бүгінгі өмірін, тілін, әдет-ғұрпын жырлағанын, сол қазақтың көзі, құлағы, тілі бола білгенін жоққа шығармаймын



Дата05.04.2018
өлшемі80.27 Kb.










Қасым – қазақтың ұлттық ақыны

Қасым – қазақтың ұлттық ақыны


Қасымды қазақтың ұлттық ақыны дегенде, мен басқа да қазақ ақындарының ұлттық сыпатын, халқының тарихы мен бүгінгі өмірін, тілін, әдет-ғұрпын жырлағанын, сол қазақтың көзі, құлағы, тілі бола білгенін жоққа шығармаймын. «Халық ақыны» мен «Ұлт ақыны» дегеннің айырмашылықтары бары рас. Белинский Ұлт ақынын биік қойған. Ұлт ақыны сол ұлттың рухынан жаралған, елдікті, ерлікті, дәстүрді жырлағанда сол рухтың күшінен нәр алатын, жігерленетін, оның биіктігін танытатын, қысқаша айтқанда, рухтың тілімен сөйлейтін ұлт жанды ақын болуы керек. Ол қазақтың өнерін, көркем тілін де жасытпай рухпен тұлғаландырып, ойындағысын жасқанбай айтуға тиіс. Бүкіл халықтың, ұлтының бойына сонымен қайрат, қайсарлық дарытып, бәріміздің бойымыздағы мүлгіп, қалғып жатқан рухты оятатын ақын – Ұлт ақыны. Белинский Пушкинді «Ұлт ақыны» дегенде осыны айтқан. «Здесь русский дух, здесь Русью пахнет» дейді ол. Осындай ойды Пушкин өлгенде сөйлеген сөзінде Гоголь де айтқан. «Ақынның ұлттығы тіпті ол өз ұлты емес, басқа бір өмірді суреттеудің өзінен көрінеді, – деген ол. – Өйткені, ол өмірге өзінің ұлттық стихиясы тұрғысынан, өз халқының көзқарасымен қарайды, оны оқи отырып, отандастары одан өз ойы мен сезімін таба алады».
Ақындықтың осындай биік рухын біз басқаларға қарағанда Қасым бойынан анығырақ көре алатынымыз даусыз. Алдына Мағжанды ұстап, соңынан Мұқағалиды ертіп, Қасым осы парадта оқшау келетінін әркім-ақ сезінеді, мойындайды. Бұлардың өлең-жырларынан, ең алдымен, қазақ иісі аңқып тұратыны, қазақ жанының кең көрініс табуы олардың шығармашылығын ерекше орынға қояды.

Қазақстан дейтін менің бар елім,


Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл даланы анам жаспен суарған
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.

Қасым осыны жазғанда, Қазақстан өзіндік оңаша отауы ғана бар, бірақ тәуелсіз ел дәрежесіне жете алмаған республика болатын. Қасым заманынан оза сөйлеп, оның рухын көтеріп, отаудың өзін үлкен үй дәрежесіне қойып мадақ тұтты.

Елу жылда «елім бар» деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
«Елім бар» деп айтатұғын туды күн,
«Елім бар» деп шырқатайын мен бүгін
Қойсын енді Қорқыт бабам сарнамай.

Асан ата, желмаяңа бер тыным,


Сен таппасаң, біздер таптық жер тыңын.
Гүлжазира жер ұйықтан кем бе екен,
Мынау дала – біздер өскен кең мекен,
Қызыл тулы ел Қазақстан дейтұғын.

Автономиялық құрылымнан одақтық республика дәрежесіне көтеріліп, Ұлы Отан соғысының майдандарында Отан қорғау ісінде, әсіресе Мәскеуді қорғауда, жанқиярлық ерліктер жасап, елдігін, ерлік дәстүрін жаңғыртқан, ұлттық батырларды көп шығарған Қазақстанды Қасым осылай таныды.

Кең пейілді, кең далалы қазақпыз.
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз
Ел намысын кескілеспей бермейміз
Сертің осы – азат жігіт, азат қыз.

Қасымға осы сөздерді айтқызып отырған да («Елім бар деп айтатұғын туды күн», «Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел намысын кескілеспей бермейміз») жоғарыда айтқандай, ауыр соғыс майданынан қазақтардың өз орнын табуы еді. 1941 жылдың соңғы айларында Мәскеуді қорғауда басталған ерлігін қазақтар бүкіл соғыс бойында жалғастыра білді. Қазақтан 500 ден астам Кеңестер одағының Батыры шықты. Олар Мәскеу түбінде-ақ кім екенін көрсетті. Панфилов басқарған қазақ дивизиясы қиын сәттерде Отанның астанасын қорғап қалды. 28-панфиловшы батырлар, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк пен Әлия, Мартбек, тағы басқалар, Қасымша айтқанда, «Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел намысын кескілеспей бермейміз» деп шықты.


Соғыс Қазақстан тарихына үлкен өзгерістер кіргізді. Ең алдымен, ол қазақтарға деген бұрынғы көзқарасты өзгертті. Кеңес одағы басшыларының, әсіресе, Сталиннің көңілінде қатқан қазақтарға деген мұзды жібітті. Бұлай деуге бүгін біздің толық хақымыз бар сияқты.
Сталин Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ қазақтармен талай рет кездескен. Алғаш ол Кеңес одағының Құрамына автономиялық құрылымын сақтап кірмек болған Алашорда өкілдерімен келіссөз жүргізді. Келісе алмай, Алашорданы таратып тынды. Екінші рет Кеңестік автономия құрушылармен кездесті. Олармен де тіл табыса алған жоқ. Соңғы сөзді Ленин айтуға тиіс болды. Ол Қазақстан делегациясын өзі қабылдап, олардың дегенін жасады, шекарасын бекітіп берді. Сталиннің келісімін алып Қазақстанда «кіші октябрь» жүргізбек болған Голощекин саясаты да күйреуге ұшырады. Оған С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев, т.б. тік тұрып қарсылық көрсетті. Осыдан кейінгі Сталиннің қазақтарды ұлтшыл халық деп түсінуі әбден мүмкін. Ол 26 жыл бойына Қазақстан билігіне өз ұлтының өкілін жуытқан жоқ. Қазақтарды кім билемеді дейсіз – орыстар да, украиндықтар да, еврей де, грузин де, армян да басқарды. Соғыстың алғашқы кезеңінде де қазақтарға деген сенімсіздік бой көрсетті. Қазақтардан әскер алынбады. Дихан Әбілевтің «өзімнен өзім жүріп жай, сыймай-ақ қойдым көшеге, соғысқалы нелер ай, арыз бердім кеше де. Жібер мені, военком, жібермейсіз несіне?» деп өлең жазғаны бар. Соғыс ауырлаған кезде ғана Қазақстанда 100, 101 атқыштар дивизиялары мен 104-105 атты әскер дивизияларын құруға рұқсат етілді. Олар майданға 1941 жылдың аяғына таман жетіп еді. Бірден Мәскеу түбіндегі ұрысқа араласып кетті.
Соғыстан кейін ғана Сталин қазақтарға жібіді дейтін себебіміз де осыдан. 1941 жылдың аяғында ерлік жасаған Мәлік пен Төлегенге 1943 жылы ғана батыр атағы берілді. Содан кейін қазақтарға деген көзқарас өзгеріп жүре берді. 1946 жылы Қазақстан Компартиясының орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қазақ Жұмабай Шаяхметов сайланды.
Міне, Қасым ақынның ұлтжанды жүрегін қозғаған, оны ұлттық мәселелерді жырлауға жігерлендірген жағдайлар осындай еді. Қасым да ақындық творчествосында осы ерлікті қайталады, жаңа заманның батыр ұлдарын танып жырлады. Оның майдан жырларының өзі де қайсарлық пен ерлікке толы сезімді, қазақ рухының биіктігін паш етті. Сол ерлікті ашар жаңа образдар тапты. Ұлт ақынының дауылды сөздері таудан құлап келе жатқан сарқырамадай ағылып, төгіліп, сол биік рухты әйгіледі. Сол батырлардың, ер қазақтардың ішінде Қасымның өз бейнесі де елестейді.

Менің бір бар еді ерке тентек ұлым


Өлі ме, тірі ме, әлде сол құлыным.
Дейтіндей болдың ғой сен, Отан-ана,
Жоғалдым зым-зия боп шықпай үнім.

Бармын мен бұл дүниеде жүрмін тірі


Жоқсың де жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға, майыр емен
Солдаттың етігіндей жаным сірі.

«Елге хат» өлеңінде Қасым осылай қазақ майдангерлерінің қиыншылық пен азапқа төзімді бейнесін отқа да, суға да, батпаққа салса да, мыңқ етпейтін солдаттың кирза етігі түрінде көреді. Дәуір, соғыс тудырған образ. Осыдан бастап Қасым қазақ солдатының ерлік сыпатын танытар өлеңдерді көп жазды.

Жанымды күйдірсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да мені азап.
Туған жер топырағында тіп-тік өскен
Қара емен қасарысқан – мен бір қазақ.

...Білмеймін қайда жоғалттым


Сескену, қорқу дегенді
Есігін қақтым тозақтың
Өлеңмен келіп мен енді.
...Солдатпын мен де өзіңдей
Қан қатқан шинеліне.
Қасарып келем көнбей
Ажалдың дегеніне
Қасарып келем көнбей,
Қажысам, еш сыр бермей

Міне, Қасым солдатының характері осындай. Ол жай қарыспа емес, соғыстың ауыр күйін жанымен сезініп, оған қасарыса қарсы тұрушы, өліммен талай бетпе-бет келіп, оны жеңген ерліктің образы. Оның Берлин көшесінде фрицтерді жөнге салып жүрген «Жылқыайдары», Подполковник Альпині, балдақты жігіті де ерліктің үлгілері, соғыста жүрген қазақ солдатының бейнелері.


Соғыстан кейін Қасым «Балдақты жігіт» деген өлең жазды.

Балдағы бар бір жігітті көрдім де,


Қасақана сұрау бердім келдім де,
Бір аяғың көрінбейді, қарағым,
Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?
Жігіт екен жауап берді тосыннан
Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде.
– Бір аяғым көріп тұрсыз осында,
Екіншісін басып тұрмын Берлинде.

Ұлы Отан соғысынан кеңес адамы тым биіктеп шыққанын, Кеңес елінсіз әлемдік мәселелердің бірде біреуі шешіле алмайтын дәрежеге көтерілгенімізді ескерсек, бір аяғын елде, екіншісін Берлинде басып тұрған Қасым солдаты дүние картасының үстінде талтайып тұрған жеңіс иесін елестетеді.


Сонымен бірге Қасым алапат соғыстың қатал шындығын да жасырмайды.

Бір долы от ауызды, темір тісті


Қыршын жас өмірлерді жатты асап.

...Сырылдап қос өкпесі іздеп жемтік,


Самолет сумаң етіп келсе жетіп.
Бұлттағы долы сайтан найзасындай,
Қадалса қара бомба жерге кеп тік.

Мұндай суреттің өзі – ақынның жаңалығы. Ондай соғыс суреті қазақ әдебиетінде бұрын болмаған.


Осындай сұрапыл ішінде отырған солдаттың ішкі сезімі қандай болуы керек? Бұл да Қасым жырының тақырыптық ауқымын кеңейте түседі.

Қан қақтаған жалпақ дала,


Жанымдай боп жатты өртеніп.
Кешкі аспан қызыл ала
Төмен түсіп тұрды төніп.

Оралғандай тұмша бұлтқа


Отырдым мен бейне құз-тас.
Ішкі толқын теуіп сыртқа
Шашырады көзімнен жас.

...Түрткілеп жапырағын оқ жегенде,


Қараушы ем аянышпен сорлы менге.
Жанымның жаннат туып жалын шаршып,
Достарым сол емендей болдым мен де.

Бұл өлеңдер Қасымның мұңы мен сағынышын, жақсы-жаман сезімдердің арпалысына түскен күйін анық танытқандай. Оның еліне деген сағынышы осындайда анық көрінеді. Атамекенін ол өзін өлімнен арашалаушы деп ұғады.

Жылытып бауырымды ып-ыстық қан.
Кезімде өлі досты барып құшқан
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай боп,
Қалушы ем, атамекен Қазақстан.

...Туған ел, сен дегенде жаным жайлау,


Орнашы зердеме кеп
Ұлы Алатау.
Құйылшы жүрегіме
Есіл мен Сыр,
Өтейін қаптатып сел, қиратып жау.

Оның өлеңдеріндегі туған жерді еске түсіретін Ертіс, Есіл, Сыр, Сарыарқа, Орал т.б. жер-мекендер қазақ солдатын тәрбиелеп ерлік жолына аттандырған аруақтың бейнесін танытады. Бәрі де қазақ иісі аңқып, қазақ жері, Қазақстан табиғаты, атамекен екенін байқатып тұр. Ақындық сезімді де, оқырманның ойын да жанып тұрған образдар.


Қасымның осы жырлары адам табиғатын тұтас тануға, ондағы патриоттық сезімдердің орнығу процесін түсінуге себеп бола алады. Қазағын, Қазақстанын, Атамекенін осылай таныған ақын мұрасы осысымен қымбат. Ол әркімнің-ақ патриоттық сезімін қозғайды.

Шықшы тауға, қарашы кең далаға!


Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
О шеті мен бұ шетіне жүгірсең
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?

О дариға! Алтын бесік –


туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Қасым болмай, тасың болсам мен егер.

Неткен байтақ, неткен ұлы, жер едің


Қандай күйге жүрегімді бөледің.
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.

Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім


Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды
Мен де аямай барым саған беремін.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған.


Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде жаннаттың
Алтын діңгек – өзім туған босағам.

Осы өлеңдерді бүгінгі ұрпақ оқыса, жаттап өссе, туған жер қасиетін Қасымша сезінсе, патриоттық тәрбиенің ең үлкені сол болар еді.


Сондықтан, Қасым – біздің ұлтымыздың туы, елдігіміздің паспорты, тәуелсіздігіміздің жыршысы. Оны қазақ атаулы түгел білуге, оқуға тиіс. Сонда біз ұлттығымызды, елдігімізді сезінеміз.
Қасым өлеңдері өлеңдік құрылымы, ой ағымы жағынан да шебердің қолынан қашалып шыққан мүсінге ұқсайды. Оның «жүректе жарқылдаған жыры», «Құлақта саңқылдаған үні» қалды. Мұндай образды кезінде ол В.Маяковскийге қолданған еді. Енді оны бүгін өзіне арнаймыз. Сөйтіп,

Жыр керек қой дүниеге, жыр


керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам! –
деген өз сөзін қайталаймыз.

Сөз басында мен Қасыммен үндес, туыс ақын деп Мұқағалиды еске алып едім. Сөз аяғында ол жөнінде бір-екі ауыз пікір қосайын.


Қасым мен Мұқағали тағдырлары да, сөз өнеріндегі орны да, ақындық пафосы мен сөз тұлғаландыру жолындағы тіршілігі де ұқсас, үндес ақындар. Мұндай ұлт ақындарын алла тағала арасына дәл 20 жыл салып беріпті. Екеуінің мерейтойлары да бір мезгілде өтіп келеді. Қасым – 44, Мұқағали – 45 жыл ғана жасады. Қасым ағасын жақсы таныған Мұқағали кезінде бұл ұқсастықты сезген де сияқты.

Дейсіңдер-ау, Қасымның несі Қасым,


Қасым солай болмаса, несі Қасым?
Ақынмын қопаңдап жүргендердің
Әммасынан Қасымның мысы басым, –
дегенді ол жай айта салмаған. «Қасым деген жанартау – жанды да кетті өртеніп» дейді Мұқағали. Екеуінің мұңы да ортақ, халқымен бірге. Екеуі де мұңды болған соң ұлтшыл. Көкейінде мұңы, аузында ұлтының тілі қабат төгіліп, ұлт жүрегін жаулап алды. Екеуі де рухты биік қойды, оның тасқын күшін сезінді. Қасым пір тұтқан дауыл Мұқағалидың рухына да дәл келетін еді. Сондықтан екеуі де ағыл-тегіл тіл байлығын, сөз образдарын қазақтың бай тілінің кәусар бұлағынан алып сусындады. Айтқанын басқа біреу айта алмайтындай етіп, бұлтартпастай қашап айтты.
Ұлы ақындар туралы қашан да аңыз көп болған. Сәкен, Мағжан жөніндегі аңыздар елге мәлім. Қасым туралы да аңыз көп тараған. Бүгін Мұқағали туралы да аңыз туып жатыр.
Бұл – екі ұлы ақынды жақындастыра түседі. Олардың өлмейтіндей етіп жазып кеткен өлеңдері – өздерінің де өлмейтінінің белгісі.
Серік Қирабаев,
ҰҒА академигі.














Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 қыркүйек (№ 147/148). - 3 б.



 


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет