Қартабаева Е. Т



Дата07.07.2017
өлшемі175.44 Kb.
УДК 94

Қ-42


Қартабаева Е.Т., т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры KazNU

E-mail: erke_66@mail.ru


Ясауи ілімінің тарихы алғышарттары
АННОТАЦИЯ

Мақалада түркілік сопылықтың негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи ілімінің ерекшеліктері қарастырылады. Автор Ясауи ілімінің қалыптасуына ықпал еткен тарихи-объективті факторларға жан-жақты тоқталады. Атап айтқанда, Ясауи өмір сүрген тарихи кезең, яғни қарастырылып отырған дәуірдегі мұсылман елдерінің дамуындағы керағар құбылыстар сопылықтың қалыптасуына ықпал еткен болатын. Мақала авторының пікірінше Ясауидің сопылық дүниетанымы қоғам өміріндегі дәл осы кері құбылыстармен күресте пісіп-жетілді. Ясауи ілімінің қалыптасуына сондай-ақ түркі халықтарының дәстүрлі дүниетанымы үлкен дәрежеде ықпал етті. Мақалада сопылықтың түркілік мектебі түркі-ислам синтезі негізінде қалыптасқандығы деректер негізінде талданады. Автор аталған мәселелерді талдауда өркениеттік зерттеу методологиясы қолданды.



Тірек сөздер: ислам, түркілер, Ясауи, сопылық, тариқат.
Руханияттың шынайы бастауы дін екендігінде күмән жоқ. Алайда қазіргі діндер адамның рухын тәрбиелеумен айналысудың орнына, көп жағдайда руханияттан мүлде алыс мәселелермен айналысып кеткендей ой туғызады. Соңғы кезде қаптап кеткен әр түрлі секталарды былай қойғанда, дәстүрлі діндердің өзі, бір қоғамда өмір сүріп жатқан жекелеген адамдар мен бүтіндей ұлттарды бір-бірінен алшақтататын, тіпті қарсы қоятын, әсіре ұлтшылдық немесе әсіре конфессияшылдық сияқты және басқа да, көбіне, саяси бағыттағы мәселелермен айналысуды өздерінің басты міндетіне айналдырып алған сыңайлы. Қазақстанның негізгі халқы ұстанатын ислам дінінің өз ішінде де шынайы руханияттан гөрі, жалған діншілдік, ұраншылдық, өзі ұстанатын дін ғана ең дұрыс деп санайтын төзімсіздік және басқа да жағымсыз сипаттағы құбылыстар байқалады. Мұндай «діншілдер» халқымыз ғасырлар бойы ұстанып келген, бірыңғай исламдық бағдар болып табылатын Әбу Ханифа тармағына жат қағидаларды жастардың санасына сіңіруге тырысуда. Кейде, сол, исламды уағыздап жүрген мұсылмансымақтардың әрекеті исламға, шынайы ислами қағидаларға, исламның қайнар бұлағы болып табылатын Құран мен Пайғамбар сүннетіне мүлде үйлеспейді десек артық айтпаймыз.

Ал ислам дінінің біздің жеріміздегі мыңжылдық тарихы жергілікті халық арасында орныққан ханафиттік мазхабтың өміршеңдігін көрсетіп отыр. Аталмыш мазхабтың рухани тәжірибесі ұлттық мәдениетке құрметпен қарайды. Бұл тәжірибенің негізінде төзімділік, ашықтық пен икемделгіштік жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамында орын алып отырған діни төзімділік, дінаралық келісім жағдайы, дәл осы ханафи мазхабымен байланысты қалыптасқан халқымыздың діни тәжірибесі деуге толық негіз бар. Сонымен бірге, діни толеранттылық және дінді саясиландырудан аулақ болу, дінді тек руханияттың қайнар көзі ретінде қарастыру дәстүрін, ханафи мазхабының одан әрі, рухани тұрғыдан жетіле түсуі негізінде қалыптасқан сопылықпен байланыстыру керек.

Жалпы, Қожа Ахмет Ясауи негізін қалаған түркілік сопылық дәстүр ұлттық руханиятымыздың қайнар бұлағы десек қателеспейміз. Қазақ ұлтының рухани болмысы мен Ясауийа руханияты ажырағысыз бірлікте деп қарастыру керек. Сондықтан ясауийа дәстүрлерінен бөліп алу ұлтты рухани кемтарлыққа апармай қоймайды. Осы орайда соңғы жылдары Орталық Азияның діни дамуына қатысты жазылып жатқан ғылыми ізденістердегі сопылықты радикалды діни топтар қатарында қарастыруды ғылыми сауатсыздық деп бағалау керек. Бұл сауатсыздықтың тек ғылым үшін ғана емес, халқымыздың болашағы үшін зор қаупі бар. Бұл жерде әңгіме, соңғы кезде елімізде өрістеп отырған әр түрлі «сопылық» секталар туралы емес, тарихи түрде қалыптасып, өмір сүрген Ясауийа дәстүрі туралы болып отыр.

Сопылықтың түркілік мектебінің қалыптасуы, әрине, бүкіл түркі халқы арасында Әзірет Сұлтан атанған, атақты шайқы Қожа Ахмет Ясауидің атымен байланысты екені даусыз. Алайда, отандық тарихнамада ясауийа мұрасын жан-жақты зерттеу тек тәуелсіздік алған уақыттан бастап қана қолға алына бастады. 90-жылдардан бері қарай асыл қазынамыз – «Диуани хикметтің» бірнеше жаңа басылымдары жарық көрді [1-2]. Қ.А.Ясауи мұрасы бірқатар отандық тарихи, философиялық және филологиялық зерттеулердің нысанына айналды [3-7]. Алайда Ясауи мұрасы толығымен, жіті зерттеліп болды деп айту қиын. Атақты жерлесіміздің сопылық бағыттағы қызметін, оның түркі халықтарының дүниетанымының, рухани болмысының қалыптасуындағы орнын тереңінен танып-білу үшін әлі де көп ізденістер керек.

Ең алдымен, Ясауи ілімінің қалыптасуына ықпал еткен тарихи-объективті факторларды анықтау қажет. Мұндай факторлардың қатарындағы ең маңыздысы, әрине, ислам діні екені даусыз. Алайда, Ясауи өмір сүрген ХІІ ғасырда ислам дінінде белгілі бір тоқыраушылық, кері кету құбылыстары орын алып жатқан болатын. Тарихи зерттеудің өркениеттік теориясы тұрғысынан алғанда, бұл тарихи дамудың заңды кезеңі; кез келген өркениет қалыптасу, даму, құлдырау кезеңдерінен өтетін болса, VІІ ғ. қалыптасқан ислам діні, ІХ-Х ғғ. өзінің шарықтау шегіне жетіп, одан кейінгі уақытта бірте-бірте құлдырай бастаған болатын. Исламдағы құлдырау, тоқыраушылық біртұтас исламның көптеген бағыттарға бөлініп кетуінен, ортодоксалды исламның, көбіне, біржақты ойлайтын, фанатик, дүмше-молдалардың қолында қалып қоюынан, ерте исламға тән болған еркін ойшылдықтың осы кезде қудалауға ұшырап, соқыр сенімнің, діни төзімсіздіктің белең алуынан, дінбасыларының дүниеқоңыздыққа белшесінен батуынан және т.б. кері құбылыстардан көрініс тапты. Ясауидің сопылық дүниетанымы дәл осы кері құбылыстармен күресте пісіп-жетілді.

Ясауи іліміне ықпал еткен келесі маңызды фактор – дәстүрлі түркілік дүниетаным. Ерте дәуірлерден-ақ қалыптасқан түркілік дүниетанымның негізінде бірқұдай идеясының бастаулары дамыған тәңірі діні, аруақтарға сиыну, көшпелі өмір салтынан туындайтын тіршіліктің жалғандығы, руханилықты материалдық құндылықтардан жоғары қоятын базалық түсініктер жатты. Әрине, түркілерге тән бұл ізгі қасиеттер де сол, алғашқы қалыптасқан уақытындағыдай таза, кіршіксіз күйінде сақталды деуге болмайды, бұлай десек, біз өркениеттілік заңдылықтарына, жалпы, дүниедегінің бәрі үнемі өзгеріп тұратындығын негіздейтін диалектика заңына қарсы келген болар едік. Алайда көшпелі өмір салтымен байланысты динамизм, сондай-ақ дүниеден өткен ата-баба аруақтарын құрмет тұту негізінде қалыптасқан ұрпақ сабақтастығы дәстүрлері түркілердің рухани ізгі қасиеттерін жекелеген тұлғалар арқылы болса да, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырды. Атап айтқанда, ежелгі дәуірдегі грек философтарының көзқарастарының қалыптасуына ықпал еткен данагөй бабамыз Анахарсисті, одан бері қарай, орта ғасырларда екінші ұстаз атанған әл-Фарабиден бастап, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Игүнеки, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауиді де осы түркілердің рухани ортасы қалыптастырған болатын.

Ең ақырында, Ясауи ілімінің қалыптасуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі, әрине ол өмір сүрген тарихи кезең, яғни ХІ ғ. аяғы – ХІІ ғасырдағы Түркістан өлкесіндегі саяси-әлеуметтік ахуал. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл өзіндік бір аласапыран, қым-қуыт кезең болған еді. Бүкіл мұсылман әлемін біріктірген Халифат ыдырап, Орталық Азия, Мәуереннаһр аймағының өз ішінде билік жолындағы талас-тартыс, бір әулетті келесі әулет ауыстырып жатқан саяси тұрақсыздық жағдайы орын алды. Атап айтқанда, алғаш Халифаттың ыдырауы тұсында Хорасан мен МәуереннаҺрдағы билікті қолына алған Саманилерді (олардың билігіне Қазақстанның оңтүстік аймақтары да қараған болатын), кейінірек Қарахандар алмастырды. ХІ ғ. басында Сыр бойынан үдере көшкен селжүктер, Мәуереннаһр жерінде тұрақтай алмай, ары қарай Хорасан жеріне өтіп, осындағы билеуші әулет - Ғазнауилермен болған күресте бірте-бірте Хорасаннан бастап, Кіші Азияға дейінгі аймақта созылып жатқан ұлан-ғайыр империяның негізін қалаған болатын. Алайда империя ішкі талас-тартыстардың кесірінен көп ұзамай ыдырап, империяның орнында құрылған Хорезмшахтар мемлекеті өз билігін Мәуереннаһр, және онымен жапсарлас жатқан Түркістан аумағына да таратты. Хорезмшахтар билігі де ұзаққа созылмай, аймақты бастапқыда қарақытайлар, артынша монғолдар жаулап алғаны тарихтан белгілі. Міне, осындай аумалы-төкпелі, аласапыран заман сол дәуірде өмір сүрген адамдардың санасына ықпал етпей қоймайтын еді. Ясауи де өз заманының бел баласы болды. Оның көзқарастарындағы эсхотологиялық сарын, яғни ақыр заманның таяп қалғандығын сезіну көңіл-күйлері, сол өзі өмір сүрген дәуірдің осындай кері құбылыстарының ықпалымен қалыптасса керек. Сонымен, Ясауи ілімі жоғарыда көрсетілген тарихи-объективті алғышарттармен дайындалды.

Ендігі кезекте Ясауидің сопылық ілімінің тікелей өзіне тоқталып, оның ішкі мәнін ашуға тырысып көрейік. Ауыз әдебиетінде және хикметтердің өзінде орын алған дәстүр бойынша Ахмет Ясауидің діни қызметі ол дүниеге келмей тұрып-ақ, алдын ала анықталған Алланың жазуы еді. Мұхаммед пайғамбар өзінің атақты миғраж түнінде болашақ Ясауидің рухын көріп және оны өзінің рухани ізбасары деп тағайындап, өмірге келгеннен кейін түркілер арасында исламды уағыздауға бата берген.

Ясауидің сопылық іліміндегі маңызды ерекшеліктердің бірі оның ең алдымен шариғатқа негізделетіндігін байқаймыз. Сопылықтың кейбір әсіре шеткері мектептерінде шариғатқа менсінбеушілікпен қарау, оның маңызын төмендету үрдістері орын алатындықтан бұл ерекшелікті баса көрсеткіміз келеді. Бұл турасында «Хикметтерде»:

Шариғатсыз тариқатқа кіргендердің

Шайтан келіп иманын алады екен...

Сондай-ақ:

Шариғат – дүр ғашықтар әфсанасы,

Болмаса асып туған нақ данасы, -

Басқаның тариқатқа жоқ таласы,

Бұл сырға ғаршы үстінде қандым міне» [4, 66]

деген жолдар айғақтайды. Сонымен бірге, Ясауи бабамыздың бізге дейін жеткен келесі бір еңбегі - «Фаһрнама» рисаласында Ясауи бабамыз шариғаттың тариқатқа апаратын негізгі жол екендігін көрсете отырып, шариғаттың он шартын көрсетіп береді, бұл 1) Алланың Бірлігі мен Мұхамедтің елшілігін тану, осыған сену; 2) намаз; 3) ораза; 4) қажылық; 5) зекет; 6) жылы сөзді, кішіпейіл, қарапайым болу; 7) дінді пайғамбар жолына сай ұстау; 8) жақсылықты жаю; 9) жамандықты тыю; 10) білім-ғылым табу [8, 69]. Көпшілік мұсылмандар шариғаттың тек бес шартын басшылыққа алатындығы белгілі. Ясауидің шариғат шарттарын онға жеткізуі, біріншіден, оның шариғат жөніндегі танымының кеңдігін көрсетсе, екіншіден оның көпшілік байқай бермейтін дүниелерге мән беріп, олардың адамның рухани тәрбиесіндегі маңыздылығын түсінуінен туындаса керек. Сонымен бірге бұл, Ясауи ілімінде ынтызарлық, ыждаһаттылық, яғни Алланы танудағы ерекше ықыластылық қасиеттерінің дәріптелетіндігінің де айғағы бола алады. Ясауидің пікірінше, шариғаттың талаптарын толық орындамайынша тариқатқа аяқ басуға болмайды:

Әркім түссе тариқаттың жолына,

Әуелі қадамды шариғатқа қою керек,

Шариғаттың істерін ада қылып,

Одан кейін бұл дағуаны қылу керек

Шариғаттан сүрінбей өткен жолшыларға, яғни дәруіштерге Яссауи тариқаттың 10 мақамын көрсетеді, Фаһрнамада жіктелген бұл мақамдар мыналар: 1) тәубаға келу; 2) пірге қол беру; 3) Алладан қорқу; 4) Үміт (Алланың рахымынан қол үзбеу); 5) Уәзипасын орындау (пірдің тапсырмалары); 6) Пірдің айтқандарын екі етпей орындау; 7) Пірдің рұхсатымен сөз сөйлеу; 8) Насихат тыңдау; 9) Дүниені санадан, ойдан шығарып, Аллаға көңілмен жақындау; 10) Дүниеден сақтанып, тек қана Аллаға берілу [8, 70]. Ясауидің сопылық ілімінің негіздерін түсіну осы он мақамды жіктеу арқылы іске асса керек. Айта кететін жағдай, Ясауи көрсетіп отырған сопылық жолдың талаптарында шариғат шарттарына қосылып отырған талаптар көп емес, мұндай талаптарға тек пірдің орнын анықтаумен байланысты мақамдарды ғана жатқызуға болады. Ал сонда тариқат жолының шариғаттан ерекшелігі неде дегенде, ол тек сол шариғат талаптарын көңілмен, ден қою арқылы, шын ықыласпен орындауды талап ету екендігін көреміз. Дәл осы мәселе, яғни ықыластылық, риясыздық Хикметтердің өн бойында көрініс тауып отырады:

Ей талапкер, ықылас керек, ғашық болсаң,

Жаннан кешіп, мехнат тартып садық болсаң,

Одан кейін Тәңірдің құзырына лайық болсаң,

Лайық болмай, Оның дидарын көре алмайсың!

Ықылас – дін үшін жасаған істеріңнің барлығын мақтан үшін емес, риясыз Алла үшін жасау деген сөз. Әр істі жаныңдай сүйіп, сүйсініп істеуің керек. Бірақ, істеген жақсылығың, қызметің үшін адамдардан ештеңе дәметпеуің керек. Ықыласқа қарама-қарсы құбылыс – риякерлік. «Жақсы екен десін, діндар екен десін» деп халыққа жағыну, олардың көзіне түсуден туған мақтанның ең төменгі дәрежесі. Риякерлік адам үшін ең үлкен қауіп. Өзін діндар десін деп, монтаны сопы болып жүрген, намазынан, оразасынан, тәспісінен, зікірінен, қылығынан, киімінен, әрекетінен діндар болып көрінген риякерлердің халі шынайы діндарлыққа жат. Мұндайларды Ясауи «жалған сопы» деп атап, оларды өз хикметтерінде ерекше сынға алады:

Жаннан кешпей «Ху, Ху» деудің бәрі жалған,

Бұл арсыздан жөн сұрама жолда қалған.

Пір қызметін өтейміз, дәруішпіз дер,

Арам, мәкрүһ білмейді, дорбасын толтырып жейді

Көзінде жас жоқ, зікір алқасына кірер,

Сырты дәруіш, ақыреттен қорықпайды,

Істегені жаман іс, арамнан еш үрікпейді.

Рия тәспісі қолында, көзінде жас жоқ.

Жалған шайх жарамсыз бірдеңелерді оқып алып, өзін халыққа шайхпын деп танытады. Шайхтықты күнкөріс көзіне айналдырады. Ясауи Фаһрнама еңбегінде жалған шайхтар жайлы: «Олар (жалған шайхтар) мүриттерінен дәме қылады... Егер мүриттері оған сый-сияпат бермесе «Мен де бизар, Алла да бизар», - деп айқайлап ұрысады», - деп сынға алса, ал«Хикметтерде» жалған шайхтардың нәпсіқұмарлығы одан да бетер масқараланады:

Суфи болғансып, нәпсіңмен әр дем есікке қарайсың,

Сияпат алып келді ме деп келген кісіге қарайсың

Алланың лағнетін мойныңа әр дем тағасың,

Суфи-сипат болдың, бірақ еш мұсылман болмадың.

Сопылық жолда Ясауи әркез өзіңе сақ болуды, нәпсінің құрған тұзағына түсіп қалмау үшін, әрдайым өзіңнің шынайы талап-тілектеріңді екшеп отыруыңның қажеттігін түсіндіреді. Сопының басты мақсаты - Алламен қауышу болса, сопылық жолға түскендердің ең үлкен қаупі осы негізгі мақсатынан адасу. Өйткені адамның нәпсісі әрдайым оны мақсатынан тайдыруға дайын тұрады. Жолға түскендердің халықтың мақтауына еріп, Хақтан ажырап қалу қаупі бар. Осы құбылыс өзіндік сын – маламат түсінігінің негізі болып табылады. Маламат – адамның өзін төмен санауы, халықтың оны даттауы мен масқаралап әжуалауын қалауды білдіреді. Яғни, маламат адамның өзін басқалардан артық санап, менмендікке салынып кетпеуін қадағалауының негізгі тәсілі. Діндарлығымен өз-өзіне мақтанып, менмендікке салыну өте қауіпті нәрсе, сондықтан да Ясауи ең алдымен өзін осындай қауіптен сақтандырады:

Құл Қожа Ахмет жамандардың жаманы Сен,

Барша бидай, ел тұтпайтын сабаны Сен.

Жолдан азған күнаһарлардың наданы Сен,

Келіңіздер закир құлдар зікір айтайық.

Маламат өте қиын іс, бірақ сопылардың жолындағы бұл кедергіні Аллаға деген шексіз махаббат арқылы жеңуге болады:

Шын көңілмен тағат қыл, Алла білсін,

Халық ішінде бейшара бол, әлем күлсін.

Топырақ сипат, қор көрін, нәпсің өлсін,

Жәрдем етсең, нәпсімді жеңіп, жыласам мен.

Ясауидің сопылық ілімі өз кезінде «Хал ілімі» деп те аталған екен. Мұның мағынасы адамның жан-дүниесінің, рухының кіршіксіз, таза, Аллаға деген ерекше махаббатқа толы халіне жеткізетін ілім дегенді білдірсе керек. Бабамыздың өз ілімін осылай атағаны оның ең мықты шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғанидың (Хакім ата) өз ұстазына арнаған мына арнауынан көрінеді:

Басса таулар шегінген,

Бақса Қағба көрінген.

Хал ілімі берілген

Шайхым Ахмет Ясауи.

Асыл еді нәсілі,

Білмес адам пасығы,

Хақтың ғана ғашығы

Шайхым Ахмет Ясауи.

Заманында кеңінен қанат жайған Ясауидің «хал ілімінің шарапатынан елімізде түрме, жетімдер үйі, қарттар үйі, маскүнемдік, нашақорлық, зинақорлық секілді және басқа азғындық атаулының ешбірі болмаған [9, 88]. Ясауи сопылығының негізінде жатқан осы хал ілімін ұстану арқылы, әрбір жеке адам бақытқа жетіп, әлемде «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» жұмақ заман орнайды деген үмітпен өмір сүреді әрбір түркі текті мұсылман. Ең бастысы, түркі текті халықтар үшін нәпсінің әр түрлі азғыруларымен күрестің бұдан озық тәсілі әзірге ойлап табыла қоймағандығын мойындауымыз керек.

Ясауи өз шығармасында «түрік тілінде жаратқанға деген сүйіспеншілікті, мойынсұнушылық пен сопылықты уағыздады» [1, 485]. Қожа Ахмет Ясaуи қалыптастырған сопылық жoл, араб-парсылардың ықпалымен ұмыт бола бастаған дәстүрлі түpкi мәдeниетін қaйтaдaн қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ең бастысы oл дін ілімін түpкi тілінде сөйлетті. Оған Ясaуи хикметтеріндегі мына жoлдар дәлел бoла алады:

«Қoштaмaйды ғaлымдap бiздiң aйтқaн түpкiні.

Білгендерден есіткіл, aшap көңіл мүлкінің,

Aят, xaдиc мағнасы түpкi бoлса муафиқ (жақсы),

Мағынасына жеткендер жерге қояр бөрігін»

Дін тілі түpкiше сөйлеген соң, жaлпы ғылым, білім, әдебиет, мәдeниет тілі қaйтaдaн түpкiлене бастады. Кезінде шариғат жoлы аясына сыймай қoлданыстан шығарылған түpкiлердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі тариқат жoлы үкімімeн қайта қoлданысқа енді. Осы кезден бастап түpкi халықтарында тариқат жoлы үстемдік ете бастады. Қaзіpгі қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің негіздері осы Ясауи жoлының тарих сахнасына шығуымeн қалыптасты десек артық айтпаймыз [5, 35-36].

Яссауидің сопылық ілімінің халық арасында таралуы ол қалыптастырған тариқат арқылы іске асырылды. Жалпы, мұсылман әлемінде ең алғаш қалыптасқан үш тариқаттың бірі Ясауийа тариқаты болғандығы белгілі. «Нағыз мағынадағы тариқаттар, яғни теккесі, завиясы бар, шейхтер мен мүриттер арасында қалыптасқан қарым-қатынастары бар тариқаттар хижраның VІ-VII ғғ. (б.ж.с. ХІІ-XIII ғғ) пайда болды. Бағдадта Абдулқадыр Гейлани, Басрада Ахмад Рифаи, Түркістанда Ахмад Ясави алғашқы тариқаттардың негізін қалаушылар болды» [10, 206].

Кез келген сопылық тариқаттың, соның ішінде Орталық Азия тариқаттарының басты ерекшелігі зікір болып табылады. Зікір – Алланың көркем есімдерін еске алу, алайда жай ғана еске алу емес, Алланың көркем сипаттарын жүрекпен қабылдап, түсініп, Аллаға деген сүйіспеншілік арқылы жүректі ояту, тазалауды іске асырудың тәсілі. Ясауйиада зікірдің «жахрийа», яғни жария түрі қолданылды. Жахрийа атауы «зікір-и-арра» атауымен қатар тариқаттың негізгі атауына айналды, яғни ясауийа атауымен бірге қолданылып, керек болса, оны бірте-бірте ығыстырып та шығарды. ХVІІІ-ХІХ ғғ. межесінде Орта Азиядағы сопылық тариқаттар қолданылатын зікір түріне қарай хафийа (хафи, яғни «үнсіз», «жасырын») және жахрийа («жария», «жауысты») деп атала бастайды. Жария зікір тек ясауийа тариқатына ғана тән құбылыс деп көрсетуге болмайды, ол Орталық Азиядағы басқа да бірқатар тариқаттарда кездеседі, алайда жария зікірге жататын ара зікірі ясауийа тариқатында қалыптасқан зікір түрі екендігі даусыз. Бұны Қ.А.Ясауидің хикметтерінен де байқаймыз. Ясауидің ізбасарлары ғасырлар бойы бұл зікір түрін дамытып, одан өзіндік бір түркі халықтарына ортақ өнер түрі өсіп шықты деуге болады. Зертеуші Б.Бабаджанов кеңес дәуіріндегі Өзбекстандағы сопылық іздерін зерттей отырып, Наурыз мерекесі кезінде жергілікті халық арасында 12-15 адамнан тұратын топтың әулиелердің мазары басында жиналып, зікір салумен айналысып отырғандығы жайында айтады. Ол, сондай-ақ зікіршілердің сопы-әулиелер туралы төрт жолдан тұратын өлең шумақтарын дауыстап, әнге қосып айтатындығын (мысалы, «Мансур нололоры», яғни «Мансұр зары» өлеңін), және рәсімге қатысушылардың бірқатары экстаз жағдайына дейін жетіп отырғанын көрсетеді. Алайда рәсімге қатысқан бір кісіден сұрағанда, ол сопылық жөнінде ештеңе білмейтін болып шыққан [11]. Бұдан түсінетініміз сопылық дәстүрлер, соның ішінде жария зікір халықтың діліне терең сіңіп, оның рухани болмысына, дәстүріне айналып кеткендігі.

Ара зікірінің ерекшелігі барынша көнелігі және ерекше дыбыстық әсерлілігі, яғни тамақты ғырылдатып, қырнап айту, экстаздық би және бірқатар басқа да ерекшеліктері болды. Түрік ғалымы Ф.Көпрулу ара зікірінің шығуын көшпелі түркі-монғол тайпаларындағы шамандық дәстүрлермен байланыстыратын тезис ұсынды [12, 24]. Бұл идеяны кеңес этнографтары мен шығыстанушылары (В.А.Гордлевский, О.А.Сухарева, А.К.Боровков және т.б.), сондай-ақ батысеуропалық зерттеушілер (Ирен Меликов және т.б.) де қолдайды.

Ясауийа тариқатының басқа сопылық тариқаттардан екінші бір ерекшелігі – Ясауидің мәжілістерінде, алқа зікірлерінде әйелдер мен ер адамдардың бірге отырғандығы. Кезінде бұған қарсы болған басқа аймақтардың тариқаттары әулие әрі ғұлама Баба Машынды осы өрескел әдетке діни тұрғыдан тиым салу үшін Түркістанға аттандырған екен. Бұл жөнінде ақын Жүсіп Бейзауидің екі шумақ өлеңі сақталған:

«Есітіпті Баба Мачин сол заманда

Ахмет деген шайх шықты деп Түркістанда.

Бірге сұхбат қылады екен қыз бен еркек,

Деп тиым салуға Түркістанға келді достар.


Келді де көреді сол машайықты,

Сенбісің ей шайх аздырушы адамдарды.

Ия азғын да, адасқан да менмін, білгін,

Деп, Әзірет оған жауап берді достар» [8, 34]

Баба Машын өз күші мен біліміне, кереметіне сеніп Ахмет Ясауидің алдына шығып, оған үгіт-насихат бере бастайды. Хикаяның аяғында Баба Машын жағдайды егжей-тегжей түсініп, кейіннен өз қылығының ағаттығын мойындайды. Баба Машын Ахмет Ясауиге қол беріп, оның шәкірті болады, яғни тариқатына кіреді және осыдан кейін оның сопылық жолдағы кемелдігі арта түседі [9, 34]. Ясауийа тариқатындағы әйелдерге қатысты осындай кең көзқарастың шығу төркініне келсек, мұны тек түркілік дәстүрлермен ғана түсіндіре салуға болмайды. Әйелдің қоғамдағы орнын өз дәрежесінде түсіну ислам дінінің негізінде жатқанын көрсетуіміз керек. Бұған Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың көптеген хадистері айғақ бола алады. Алайда әйелді қолдан келгенше төмендетуді дәстүрге айналдырған араб, иран қоғамдарында исламның бұл ұстанымы өзіне жол сала алмай, бірте-бірте ұмыт қалдырылған болатын. Дәл осы, мұсылмандықтың өзегінде жатқан ақиқатты, Қ.А. Ясауи және оның жолын ұстанушылар қалпына келтірді. Бұған әрине, көшпелі түркі қоғамындағы әйел еркіндігі үрдістері де өз ықпалын тигізді. Жалпы, ислам көшпелі түркілерге тән барлық оң қасиеттердің одан әрі дамуына және оны бекітуге ықпал еткен зор фактор болды. Ясауийа сопыларының күш-жігерімен түркілер арасында орныққан осы дәстүр қазақ халқы арасында әлі күнге жалғасын тауып отыруы Ясауи жолының халықтың рухани болмысындағы орны жөнінен хабар берсе керек.

Ясауийа жолының өзіндік елеулі ерекшеліктерінің қатарына тариқат шайқыларының, ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің өзінің негізгі міндеті ретінде «жеке басының құтылуын» ғана емес (ортодоксалды дінде «жеке басының құтылуы» түсінігі жеке адамның тозақтан құтылуы, жұмаққа түсуі мағынасында қолданылса, сопылықта рухани жетілу практикасы арқылы Алланы тану, Алламен қауышуды білдіреді – Е.Қ.), қоғамның жетілуін, халықтың тәрбиесін қоюы деп көрсетуге болады. Бұған тариқат дәруіштерінің қызметіне талдау жасау арқылы көз жеткіземіз. Әзірет Сұлтанның көзі тірісінде оның шәкірттері қатарында 12 мың сұлтан мен 99 мың жай халықтың болғаны белгілі. Ясауи өз шәкірттерін түркі дүниесінің бар тарапына аттандырады. Өзінің немересі Ахмет сопыны Шығысқа, Қаялық қаласына, хакім Ата Сүлеймен Бақырғаниды Үргенішке, Сопы Мұхаммед Данышманд Зарнауқиды Отырар қаласына аттандырған [6, 46]. Ясауийа сопылары түркі дүниесінің барлық тараптарында халықты сопылыққа баулыды, исламның шынайы мәйегінен сусындатты. Олардың миссионерлік қызметіне табыс әкелген басты жағдай жергілікті халықтың мәдени мұрасын, дүниетанымын, қабылдау ерекшеліктерін ескеріп отырғандығы болатын. Жергілікті халықты исламдандырудың Ясауи ұсынған формасы түркі халықтарының ұлттық мәдениетінің жойылуына емес, керісінше, оның одан әрі гүлденіп, дамуына ықпал етті. Мамандардың көрсетуі бойынша сопылық дәстүр қазақ халқының фольклорына, музыка, би, сәулет өнерінің дамуына, сондай-ақ бай да түпнұсқа мәдениетіміздің басқа да салаларына зор ықпал етті [13, 17]. Яғни, ясауийа сопылығы түркі халықтарының ежелден қалыптасқан ізгі қасиеттерінің одан әрі ашылуына, жетілуіне ықпал етті.

Түркілердің исламды формалды емес, оның өзегін қабылдауының, яғни исламды иман деп түсінуінің негізінде осы ясауи дәстүрі жатса керек. Ал ясауи дәстүрінің негізінде түркілік рухани дәстүрлер жатыр. Қожа Ахмет Ясауидің сопылық көзқарастарының қалыптасуына араб және парсы елдерінде тараған классикалық сопылық дәстүрлер жүйесінің әсерін жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге, сопылықпен қатар оның дүниетанымда ежелгі түркі тайпаларының әлемді түсіну, болмысты тану талпыныстары да синтезделген. Олай болмаған жағдайда Ясауи хикметтерінің халықтың ділінен тиісті орын алуы да мүмкін емес еді. Ясауи және оның шәкірттері түркілердің озық дәстүрлерін исламның мәйегімен сусындатып, оны одан әрі жетілдіре отырып, халыққа қайтарып берді. Сондықтан да ислам (сопылық) халықтың рухани болмысынан ажырағысыз, бір бүтінге айналды. Ясауи тариқаты қызметінің қысқа болуының бір себебі де осында жатса керек, өйткені тек жалған сопылар ғана өз қызметінің өміршең болуына мүдделі, өйткені олардың мақсаты халықты тәрбиелеу емес, неғұрлым көбірек пайда табу ғана.

Cонымен, Қожа Ахмет Ясауидің түркілер арасында исламды таратушы, адамгершілікті уағыздаушы ретіндегі қызметін асыра бағалау мүмкін емес. Ислам енді ғана тамыр жібере бастаған түркі тайпалары Ясауиді өздерінің рухани басшысы ретінде мойындап, оны ерекше құрметпен «ата» деп атап кетті. Қожа Ахмет бабамыз өз тариқатын қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеумен айналысқан Ясы қаласы далаға мұсылмандық пен жаңа өркениетті таратушы басты рухани-мәдени орталыққа айналды. Кейінірек Түркістан атауын алған Ясы қаласы түркілердің тек саяси орталығы ғана емес, басты рухани орталығы ретінде «екінші Мекке» деп аталып кетті. Ясауидің сопылық жолының тарихи маңызы түркі халықтарының, соның ішінде ең алдымен ясауийа дәстүрлерін берік ұстанған қазақ халқының рухани болмысының қалыптасып, дамуында аса зор рөл атқаруы болып табылады.




  1. Қожа Ахмет Иасауи. Диуани хикмет (Ақыл кітабы) / Ред. М.Жармұхамедұлы және басқалар. – Алматы, 1993.

  2. Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет жинақ. – Алматы, 1998.

  3. Абуов А.П. Мировоззрение Ходжа Ахмета Ясави. – Алматы: Институт философии МН-АН РК, 1997. - 196 с.

  4. Ахметбек А. Қожа Ахмет Иассауи. – Алматы: «Санат», 1998. – 112 б.

  5. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. Ғылыми зерттеу. – Алматы: «Ел-шежіре», 2006. – 256 б.

  6. Муминов Ә. Ясауийа бастаулары // Ясауи тағлымы. – Түркістан: Мұра, 1996. – 22-30 бб.

  7. Дастанов О. Әзірет Сұлтан.-Алматы: Б.ж.,1993.-157 б.

  8. Намық Кемал Зейбек. Қожа Ахмет Йасауи жолы және таңдамалы хикметтер. – Анкара: «Бойут-Таң», 2003. – 255 б.

  9. Жүнісбаев Ұ. Ладуни ғылым // Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері. Халықаралық конференция. 29 қыркүйек – 1 қазан 2008 ж. Түркістан қаласы. – Алматы, 2008.

  10. Бабаджанов Б. Возрождение деятельности суфийских групп в Узбекистане. - Ташкент,1998.

  11. Джумаев А. Зикр в теории и практике Яссави и яссавийя // Тамыр. -2001. № 2.

  12. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ тарихы. Ғылыми зерттеу. – Алматы: «Ел-шежіре», 2006. – 256 б.

  13. Собрание фетв по обоснованиию зикра джахр и сама’. Введение, подготовка оригинального текста, приложения и указатели Б.М. Бабаджанова, С.А. Мухаммадаминова. // Отв.ред. А.К. Муминов. – Алматы, Ташкент: «Дайк-Пресс», 2008. – 284 с.


РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются особенности суфийского учения Ходжа Ахмета Ясауи - основоположника тюркской школы суфизма. Автор рассматривает учение Ясауи как один из основных источников формирования духовности тюркских народов. В статье всесторонне рассматриваются объективные исторические условия становления суфийского учения Ясауи, то есть объективные предпосылки формирования этого явления. По мнению автора именно противоречивые обстоятельства, имевшие место в расматриваемый период в мусульманских странах повлияли на формирование суфизма, и суфийское мировоззрение Ясауи вызревало в борьбе с этими отрицательными явлениями в общественной жизни. На формирование учения Ясауи также большое влияние оказало традиционное мировоззрение тюркских народов. Такие выводы автор делает на основе анализа источников и историографического материала.



Ключевые слова: ислам, тюрки, Ясауи, суфизм, тарикат.
SUMMARY

This article discusses the features of the Sufi teachings of Khoja Ahmed Yasaui - the founder of the Turkish school of Sufism. The author examines the doctrine of Yasaui as one of the main sources of the spirituality of the Turkic peoples. The author comprehensively considers the objective historical conditions for the emergence of the Sufi teachings Yasaui, there are objective prerequisites for the formation of this phenomenon. According to the author it is contradictory circumstances that have taken place in the period are risen in Muslim countries influenced the formation of Sufism and Sufi outlook Yasaui matured in the fight against these negative phenomena in society. The formation of the teaching Yasaui also very influenced by the traditional world of the Turkic peoples. The author made conclusions based on the the analysis of the sources and historiographical material.



Key words: Islam, Turks, Jsaui, Sufism, Tariqa.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет