Ақдала ауылдық округ әкімінің 2017 жылы атқарған жұмыстарымның есебі. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»



жүктеу 128.03 Kb.
Дата19.03.2018
өлшемі128.03 Kb.
Ақдала ауылдық округ әкімінің 2017 жылы атқарған жұмыстарымның есебі.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы жолдауы еліміз үшін маңызды құжат болды. Тәуелсіз мемлекетіміз үшінші мүшелге қадам жасаған тұста ұсынылған  Қазақстанның үшінші жаңғыруының бес басымдығы қазіргі жаһандық өзгерістерге деген сындарлы жол болмақ. Әр жолдауда нақтыланып, алдымызға қойған маңызды тапсырмаларды тиянақты орындап, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді ұйымдастырудың арқасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығын өз деңгейінде атап өттік. Ауыл шаруашылығы саласына бейімделген Ақдала округі алдағы кезеңдерде де жолдау мен мемлекеттік бағдарламалардағы басым міндеттерді уақтылы әрі тиянақты іске асыруда жауапкершілік танытады деп сендіремін.

Ауылдық округтегі негізгі бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Мемлекет басшысы аталған жолдауда ауылшаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай агроөнеркәсіп кешенін дамытып, халықты жұмыспен қамтамасыз ету ауылдық округтің негізгі басымдықтарының бірі болмақ.



Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау арқасында ағымдағы жылы округ бойынша 8 606 га суармалы жердің, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 2016 жылы жоспар бойынша 4200 га жер игерілсе, үстіміздегі жылы берілген жоспарға сәйкес 4541 га суармалы жер игерілді. Игерілген алқапқа 456 га жаңа жоңышқа, 529 га ескі жоңышқа, 1271 га жүгері, 689 га бақша, 494 га көкөніс, 484 га бидай, 20 га картоп түрлері егілді. Соның ішінде суды үнемдей отырып, тамшылатып суғару әдісімен «Жаңа Ақдала» ЖШС-гі 383 га қызанақ және 170 га бау, 50 га сарымсақ аталмыш әдіспен егілді. Биылғы жылы аталған серіктестік «Австрия» мемлекетінен жаңбырлатып суғаратын құрылғы әкеліп, 275 га алқапқа жоңышқа дақылын егіп, осы технологияны қолданудың тиімділігін тағыда дәлелдеп бірінші орымнан орташа гектарына 30 центнерден өнім жинады. Сонымен қатар аталған саланы дамытуда округке 25 бірлік замануи технологиямен жабдықталған техникалар жеткізіліп, жалпы округімізге 537 млн 287 мың теңге инвестиция тартылды. Сондай ақ қазіргі таңда «Жаңа Ақдала» ЖШС-не «кетчуп» шығаратын желі орнатылып, дайын өнім шығаратын цех іске қосылып, қазіргі таңда томат өнімін шығаруда.

Ауыл шаруашылығы салаларының басты бөлігі мал шаруашылығы болып табылады. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша, округтегі ірі қара мал саны 5 500 бас, уақ мал саны 36, 822 бас, жылқы 1050 басты құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 7% пайызға өсті. Мал басын кеңейтілген түрде өрбіту, сапасын жақсарту, тұқымды базаларды жетілдіру мақсатында жеке шаруашылықтардағы 300 бас ірі қара малдары мен «Қазына жер ЛТД» ЖШС-де 760 бас ІҚМ «голштинафриз» ұрығымен ұрықтандырылды. Округте асыл тұқымды ірі қара мал бастарын өрбіту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында, өңірде фермерлік, шағын және орта бизнесті  дамыту үшін, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді  жаңғыртумен қатар, аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріп, ауыл шаруашылығын аяғынан тұрғызудың басым міндеттерін айқындап берген болатын. Етті малды өсіруді дамыту аясында округте «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Сұлтан» шаруа қожалығы мен «Қоңқа-ДОҚН» ЖШС-гі 60 аналық басқа 2 бас асыл тұқымды бұқа алып, өткен жылмен салыстырғанда берілген жоспар 2 есеге артық орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы аясында аталған шаруашылықтар 2000 бас аналық уақ малға, 68 бас асыл тұқымды қошқар алып, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артып отыр. Округтегі агроқұрылымдар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып, сапасын арттыруға өз үлестерін қоса отырып, бүгінгі күні 1100 тн ет өнімін өндірді. Осымен қоса округте сүт өнімдерін өндіруді тұрақты жүргізу барысында 2016 жылы 4000 тонна сүт өндірілсе, 2017 жылы 5300 тонна сүт өнімі өндіріліп отыр. Үстіміздегі жылы 27 мал бордақылау алаңы және 9 жанұялық сүт фермасы ашылды.

Ауылшаруашылығы саласын дамыту және сауықтыру мақсатында агроқұрылымдарға көктемгі-далалық және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген 151 тн жанар-жағар май, 631,6 тн көлемінде минералды тыңайытқыштар мен 11.533 мың теңге көлемінде субсидия берілді.

Сонымен қатар округте мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және сүт өнімдерін өндіру бағытында үш ауылшаруашылық кооперативтері құрылды. Мал шаруашылығымен айналысуға бағытталған АӨК-нің 4 мүшесіне 100 басқа дейін және одан жоғары мал бордақылау алаңдарын ашуға және балық шаруашылығын дамытуға жер учаскелері беріліп, жұмыстарын бастады.

Ауыл шаруашылығы саласымен қатар, округте ауыл тұрғындары арасында дара кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары тұрақты жалғасуда.

Елбасының ұсынған «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлттық Жоспарына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Округ бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген 16 жеке кәсіпкер бар. Оның ішінде сауда саттық саласы бойынша-10, дәріхана-1, шаштараз -1, жылыжай кешені-1, Техникалық қызмет көрсету және автокөлік құралдарын жөндеу орталығы -1, монша -1, томат өңдеу зауыты-1, асыл тұқымды мал басын арттыру фермері -1. Аталған кәсіпкерлік нысандарында 217 адам жұмыс жасауда. Сонымен бірге аймақта шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету нәтижесінде, Онтам елді мекенінен «Арыс қауын» ЖШС-гі қауын және асқабақ өнімдерін өңдеу цехының құрылысын салып, тамыз айында Астана қаласында өткізілген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 500 дана шыны ыдыстағы қауын тосабын апарды. Қазіргі таңда, серіктестік қауын тосабы, қауын қақ, қауын құрт және қауын шырыны өнімдерін шығарумен айналысуда. Аталған өнімдерді Ақтау, Шымкент, Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларына шығаруда. Алдағы уақытта серіктестік шығарған өнімдерін Ресей Федерациясына экспортка шығаруды жоспарлап отыр. Шағын және орта бизнесті ары қарай дамыту үшін тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде. Округ бойынша шағын мал бордақылау алаңдары мен шағын жанұялық сүт фермасын ашып, жеңілдікпен берілетін несие алуға 2017 жылы 12 адам ниет білдіріп, оның ішінде 4 жеке тұлға 11,5 млн  теңге несие алды.

Санитарлық-тазалық, абаттандыру, көгалдандыру саласы бойынша:

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 5 институционалдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес ауылдық округ әкімдеріне  жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілгені баршаңызға мәлім. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес шотына жиналған қаражат жергілікті қауымдастық жиналысының шешімі бойынша жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсалады. Осыған байланысты үстіміздегі жылы ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының нормаларына сәйкес жинақталған қаражат маңызды мәселелерге жұмсалды. Атап айтқанда 2 млн 900 мың теңге қаражат ауылдың ішіндегі Өркендеу, №1 көшелеріне қиыршық тас төсеуге бөлініп, қазіргі таңда жұмыс жүргізілуде. Арыс-Отырар тас жолы бойына 400 мың теңге қаржыға паннолар мен билбордтар орнатылса, 95 000 теңге қаржыға баннер дайындалып, ілінді. Сондай ақ аталған тас жолдың екі бетіне отырғызылған және отырғызылатын тал көшеттерін суландыру үшін А-1-5 каналының бойына 335 мың теңге қаржыға 2 су реттегіш орнатылды, А-1-1 каналынан бастау алып, ауыл ішіндегі үйлерге су жеткізілетін арықты тазалаудан өткізуге 140,0 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар округте санитарлық-тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, жалғасын табуда. 2017 жылдың көктем мезгілінде ауылды көгалдандыру мақсатында 400 түп қарағаш көшеттері отырғызылды. Санитарлық тазалық жұмыстары бойынша қоғамдық жұмысқа 2 адам алынып, Арыс-Отырар тас жолы бойында күнделікті тазалық жұмыстары жүргізілді.



Жұмыспен қамту және әлеуметтік салаға тоқталар болсам, Арыс қаласы бойынша жүзеге асырылып отырған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде Ақдала ауылдық округінен 96 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 71 адам тұрақты және уақытша жұмысқа тартылса, мүмкіндігі шектеулі 2 азамат тұрақты жұмысқа, 15 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 4 жас маман жастар практикасы бойынша, 2 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. «Аграрлық несие корпорациясынан» шағын несие алып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы 2 адам жұмыспен қамтылды. Сондай ақ аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 19 адам кәсіптік оқуға жолданып, оқуларын аяқтап, жұмыс жасауда. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша Ақдала ауылдық округінен 2016 жылы жағдайы төмен 9 отбасы қатысса, 2017 жылдың басынан бері 63 отбасы қатысып, 13 млн. 826 мың теңге қаражат алып, алған қаржыларына мал алып өздерінің кәсібін жүргізуде. Жыл басынан бері 171 жағдай төмен отбасыға «18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын» тағайындауға қызмет көрсетілді. Ал денсаулығын қалпына келтіру үшін 2017 жылы округтен тыл ардагерлері мен зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар жалпы 43 адам демалыс орындары барып, емделді. Жеке кәсіпкерлерді қайырымдылық жасауға тарту жұмыстары бойынша 17 отбасыға қаржылай және азық-түлік, қысқы отын және басқа да көмек түрлері көрсетілді. Сонымен бірге «Құрбан айт» мейрамы қарсаңында 44 отбасыға құрбандық берілді.

Округтің әлеуметтік-эконмикалық дамуында денсаулық сақтау саласы назардан тыс қалған емес. Тұрғындар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Соның арқасында туберкулез ауруымен ауырғандар саны 2016 жылы 2 адам болса, 2017 жылдың бүгінгі күні 1 адам болып отыр. Туу көрсеткіші бойынша жыл басынан бері туылған нәрестелер саны–65. 0-1 жас аралығындағы балалар саны–109, 1-4 аралығындағы-232, 4-6 жас–316. Ақдала ауылдық округі бойынша ана өлімі жағдайы тіркелмеген. Дәрігерлік амбулатория бір күнде 10 адамды қабылдау мүмкіндігі бар. Амбулаторияда күндізгі мезгілде жатып емделушілерге орындар мен бөлмелер қарастырылған. Қатты науқастанған аурулардың үйіне баруға көлікпен қамтамасыз етілген.

Білім беру саласы бойынша Ақдала ауылдық округінің орталығында орналасқан С.Ерубаев жалпы білім беретін орта мектеп бар. Онда 797 оқушыға 105 мұғалім дәріс беруде. Шалғай елді мекендерден орта білім беру ұйымына 90 оқушы күнделікті автобуспен тасымалдануда. Биыл орта мектепті 60 оқушы бітірсе, оның 54 оқушысы ҰБТ-ке қатысып, 15 оқушы мемлекеттік грантқа, 39 оқушы ақылы оқуға түсті. Орташа бал 65 болды. С.Ерубаев мектебінен үстіміздегі жылы 4 оқушы алтын белгі, 2 оқушы ерекше аттестатқа ие болды. Бүгінгі таңда мектепте 3 интерактивті тақта мен 122 компьютер бар.Тұрмысы төмен аз қамтамасыз етілген отбасы балалары мен толық емес жартылай жетім 41 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған бағдарламаларды Ақдала ауылдық округінде жүзеге асыру мақсатында, Ақдала ауылдық округіндегі киелі жерлер анықталды. Сонымен қатар ауылдан шыққан кәсіпкерлерді, өз ауылына көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында, ауылдың ішіндегі көшелерге тас төселіп, елді мекендерде оқушыларға арналған аялдама орнатылды. Осымен бірге ауылдық округте рухани жаңғыру бағдарламасын насихаттау үшін 7 іс-шара және 4 кездесу өткізілді. Сондай-ақ ауылдың ішкі орамдағы көшелерінің бойына және Арыс-Отырар тас жолының бойына билбордтар орнатылды.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында, аппарат мамандары арасында құқықтық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді және ауыл тұрғындарына арнайы дайындалған буклеттер тарқатылды. Сонымен бірге тұрғындармен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде алуы туралы брошюралар тарқатылып, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және пара алуда, пара беруде заңға сәйкес бірдей жауапты болатыны түсіндірілді.

Жастар бойынша Ауыл халқының үштен бірін құрайтын жастар – қашанда толыққанды қолдауды талап ететін әлеуметтік ресурс, мемлекетіміздің басты капиталы. Оларға саналы тәрбие мен заман талабына сай сапалы білім беріп, ел игілігі жолында еңбек етулеріне бағыт-бағдар көрсету баршамыздың міндетіміз.

Осы орайда,  Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруды негізгі бағыт ретінде ұстана отырып, округте мемлекеттік жастар саясатын жүргізіп келеміз.

2017 жылы Ақдала ауылдық округінде жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша–7, патриоттық бағытта-10, рухани бағытта–7, мәдени бағытта–7, діни бағытта-10, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында–11, барлығы–52 іс-шара ұйымдастырылды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні округте 14 пен 29 жас аралығында 1160 жас бар. Олардың 102 жоғары оқу орнында оқыса, 146 арнаулы оқу орындарында білім алуда. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы аясында ауылымыздан 9 жас оқуға жолданып, оқуларын бітірді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2 жас, «Жастар практикасы» бойынша 4 жас әртүрлі салада жұмыс жасауда. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге 9 азамат алынды.

Округте жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуда «Тәртіпке бас иген құл болмайды», «Жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықты болдырмау мен алдын алу», «Жазғы демалыс уақытындағы қауіпсіздік шаралары», «Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана», «Есірткіге жол жоқ!» тақырыптарында кездесу, дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер мен «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» суреттер байқауы, жүйелі түрде түнгі рейдтер өткізілді.

Дін саласы бойынша «Сәләфизм ағымының Қазақстанда таралуы және жастардың теріс діни ағымдардан сақтану жолдары», «Ақдала ауылдық округінде теріс діни ағымдардың алдын алу және екпе жұмыстарынан бас тартқан жастармен түсіндірмелі жұмыс жүргізу», «Әлеуметтік желілердегі діни экстремизмнің қатері», «Жаңа жағдайдағы ұлттық діни экстремизмнің қатері және оның алдын алу», «Жат ағымның жасөспірімдер санасына әсері», тақырыптарында кездесу, «Жат ағымдардан қалай қорғанамыз?» пікірталас, «Діни көзқарасыңыз қандай?» сауалнама және «Теріс ағымдардан сақтан!» ақпараттық-түсіндірмелі жұмыстар болып өтті.



Округімізде жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Оның дәлелі ретінде ауыл жастары арасында жүйелі өтіп жатқан спартакиадалар мен жарыстарды айтуға болады. «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!» тақырыбында флешмоб, «Спорт бізді біріктіреді » спорттық іс-шарасы аясында облыстық деңгейде қыздар арасында волейбол, «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» тақырыбында дөңгелек үстел, «Ерте жүктіліктен сақтан!» кездесуі, Ұлыстың ұлы күніне, Конституция күніне орай кіші футболдан жарыс, «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы, «Болашақ энергиясы - жастар» спорттық сайысы, «Әкем, анам және мен» спорттық отбасылық сайысы өтті.

Жастардың патриоттық сезімін қалыптастыруға байланысты «Универсиада-2017» қолдау флешмобы, «Ауғанның отты жылдары», «Ұлы Жеңіске 72 жыл», «Қаһарман Ұлт–Бессмертный полк» іс-шаралары, «Рәміздерім-мақтанышым» кездесуі, «ЭКСПО-2017» көрмесі, «Шежірелі Оңтүстік», «Бүгінгі күн, ертеңгі тарих» жайдарман ойындары, «Көп ұлтты Қазақстан» іс-шарасы өтті.

Рухани бағытта «Болмысы бөлек, қайсар рухты ақын Мұхтар» кеші, «Ауылдың мақтаныштары», «Аналарға мың алғыс», «Бір шаңырақ астында» , «Кітап – алтын қазына» іс-шаралары өтті.

Мәдени бағытта әр мерекелік күндерге орай жиі түрлі концерттер мен қойылымдар өтіп тұрады. Сонымен қатар жастармен Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын, «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласын талқылау шаралары жүргізілді. Жастарды кәсіби бағдарлау жұмыстары бойынша «Мамандық таңдау – жауапты іс» атты семинар-тренинг өтті. Округтегі мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдермен «Мүмкіндіктер шектеусіз» шеберлік сағаты өткізілді.

Сонымен қатар, ауыл жастарынан құрылған «Еріктілер тобы» ауылдағы әлсіз әлеуметтік топқа жататын азаматтардың және тыл еңбеккерлерінің үйіне барып көмек көрсетті.

Ақдала ауылдық округ әкімінің 2016 жылғы атқарған жұмыстары мен алға қойған міндеттері туралы есептік кездесуінде ауыл тұрғыны Ү.Мұратбек, ауылдың ішіндегі Тәуелсіздік, Сенім көшелерін жөндеу туралы сауал қойған болатын.

2017 жылы Ақдала ауылының ішкі орамдағы Тәуелсіздік. Сенім көшелеріне, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздеріне жинақталған қаражат есебінен қиыршық тас төселіп, пайдалануға берілді.

Ақдала ауылдық округі бойынша проблемалық мәселелер:

Ақдала ауылдық округі, П.Арапов елді мекенінен медициналық тірек құрылысын салу.

Ақдала ауылының ішіндегі ауыз су құбыры жүргізілмеген 20 көшеге су жеткізу. (Аталған мәселеге байланысты қазіргі таңда ауыз суды қажет етеін көшелердің сметалық құжаттары дайындалған. Егер қаражат бөлінсе бұл мәселені шешуге болады)

Ақдала ауылынан Мәдениет үйінің құрылысын салу.

Ақдала ауылының ішкі орамдағы С.Сейфулин көшесін орташа жөндеуден өткізу. (қала әкімінің есептік кездесуінде үнемі көтеріліп келе жатқан мәселе)

Ақдала ауылындағы №7 көшеге орташа жөндеу жұмысын жүргізу.

Ақдала ауылдық округі бойынша 21 көшеге электр желісін тарту және бағаналар орнату. (Көрсетілген көшелердің сметалық құжаттары дайындалған. Қаржы бөлінген жағдайда іске асырылады)

Ақдала ауылындағы «Ақдала ауылдық округ әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің ғимаратының аппатты деп танылуына байланысты ғимаратты бұзып, қайта салу мәселесін шешу.



Алға қойған міндеттер ҚР Президентінің «5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60,61 қадамдарында селолық кооперативтер құру арқылы сүт және ет өнімдерін дамыту мәселесі айтылған. Жоспардағы аталған қадамдарды жүзеге асыруда және жеке шаруалардың мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін АШӨК құрылды, олар: округте сүт кластерін дамытуға бағытталған «Ақдала сүт» және ет пен балық бағытында жұмыс жасауға ниет білдіріп отырған «Қаршыға» АШ өндірістік кооперативі. Біздің тарапымыздан кәсіпкерлерді қолдау, оларға құқықтық көмек беру жұмыстары ұдайы жалғасын табатын болады.

Округте абаттандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында 2018 жылға Ақдала ауылындағы К.Омаров, М.Махатаев көшелерінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу. Осымен бірге Ақдала ауылында орналасқан С.Ерубаев мектебінің айналасын жарықтандыру мақсатында электрлік жарықтандыру бағаналарын орнатуды және Ақдала ауылындағы Көрікті, Бастау, Астана, Парасат көшелеріне және П.Арапов елдімекеніндегі Кемел көшесіне қиыршық тас төсеуді жоспарлап отырмыз.



Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінінің 729 бабының 3 тармағында көрсетілген баптар бойынша айыппұлдарды тікелей ауылдық округ әкімдігі салатын болды. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы және тұрғын үйге берілген жер телімдеріне түгендеу жүргізілді. Алдағы жылы берілген жерлер нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаса және белгіленбеген орындарда сауда жасаған жағдайда, елдi мекендерде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзса, елдi мекеннiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзып, күл-қоқыстармен, тұрмыстық қатты қалдықтарды белгіленбеген орындарда тастаған немесе төккен, сондай-ақ елді мекеннің инфрақұрылымы объектілерін, жасыл екпелерін жойған және бүлдірген жағдайда, сонымен бірге ауыл шаруашылығы ұйымдарының, шаруа немесе фермер қожалықтарының, жеке қосалқы шаруашылықтардың егістіктерін малдың немесе құстың таптауы, ауыл шаруашылығы дақылдарының алқапта жиналған астығын бүлдіру немесе жою жағдайлары орын алса әкімшілік жазаға тартылып, әкімшілік айыппұл салынатын болады. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының игілігі үшін аталған мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін боламыз.





©stom.tilimen.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет