Абай атындағы ҚазҰпу т.ғ. к. Алдашева А



Дата07.01.2018
өлшемі86.84 Kb.
Абай атындағы ҚазҰПУ

т.ғ. к. Алдашева А

2 курс магистрант Әбдікәрім А. Е.

география мамандығы бойынша

«Павлодар облысы, Баянауыл ауданының туристік-рекреациялық мүмкіншіліктері және өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері»

Баянауыл табиғи ұлттық саябағы – Баянауыл ауданының орталығында орналасқан. Солтүстігінде Торайғыр ауылдық округінің, оңтүстік- шығысында Ақсан ауылдық округінің, оңтүстік-батысында Құндыкөл ауылдық округінің территориясымен шектеседі. Географиялық координаттары 50 º 15 ′ с.е. – 75 º 30 ′ ш.б.

Баянауыл мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің территориясы өзінің көтеріңкі массивімен ерекшеленіп, Қазақтың ұсақ шоқысының құрамына кіреді. Тау өлкесі биік өркешті келген жоталардан, өзекті сайлармен бөлінген тау блоктарынан және жоталарға қосарлана біткен жеке тау шоқыларымен ажыратылады [1]. Геологиялық құрылымын жанартаулық, эффузивті, метаморфты және шөгінді жыныстар құрамы анықтайды. Стратиграфиялық қимасында палеозойға дейінгі, төменгі, орта, жоғары палеозой, мезазой, кайназой түзілімдері кездеседі. Қазақтың қатпарлы елі көтеріңкі келген герциндік фундамент (іргетас) негізінде қалыптасқан. Олардың аралығында жеке мульда (сопақша келген ойпаңдар) және грабен-мульдалар жоғары триас, юра шөгінділерімен, жазықты аумақтары неогендік және төрттік түзілімдермен жабылған.

Баянаула тау жоталарының жүйесі шығыстан батысқа қарай 40 шақырым, меридиандық бағыттағы ені 20 шақырымға созылып жатыр Баянаула тау шоқылары солтүстік шығысқа қарай біртіндеп 300-500 м-ге дейін аласарады .

Сондықтан табиғи байлығы адам баласын көне заманнан-ақ қызықтырған Баянаула Сарыарқаның «жер ұйығы» аталса, қазір де Қазақстанның Алтайы, Көкшесі тәрізді өзінің әлем табиғатымен келушілерді қызықтырады. Тау массивтері негізінен тығыз кристалды гранит, сиенит, порфирит, диорит т.б секілді тау жыныстарынан құралған. Таулар силур мен девон кезеңінің кристалды гранит, сиенит, порфирит, тақтатас жыныстарынан түзілген. Мезозой кезеңінде сыртқы күштің әсерінен жеміріліп, осы күнгі бедері пайда болған. Тау басы қиялы, жартасты болып келеді [2].

Қазақстан рекреациялық қорларының ішінде қорғалатын табиғи саябақтың алатын орны ерекше. Табиғатымен тәнті етпей қоймайтын Павлодар облысындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи бағы рекреациялық мүмкіндігі мол аймаққа жатады. Омбы географы В. Некрасов өзінің 1916 ж. зерттеулерінде: «Біраз күш-қайрат пен қаражат болса Баянауыл өлкесін тамаша демалыс орнына айналдырар еді» дейді. 1982 жылы «Казгипроград» институтымен ҚазССР Ғылым академиясы біріге отырып республикадағы алғаш Баянауыл табиғи бағын құру туралы техникалық-экологиялық жобасын жасады. Бұл табиғи бақ экологиялық, тарихи, эстетикалық мәні бар кешендерді сақтау үшін, рекреациялық және ғылыми мақсатта құрылды. Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы 1985 жылы Қазақ ССР Министрлігінің № 276 қаулысымен құрылған. Баянауыл ауданының аумағында орналасқан, жалпы аумағы 50 688 га құраған. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2007 жылы 27 желтоқсанда №1305 саябақ аумағы кенейтілді. Қазіргі кезде Баянауыл ҰМТС 68 452,8 га құрайды. Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің шешімімен «Қызылтау» қаумалы Баянауыл ҰМТС құрамына еніп біріктірілді, жалпы аумағы 60 000 га құрайды. Ұлттық саябақтың аумағы аумағы үш филиалға бөлінген: Баянауыл (19188 га), Жасыбай (22904 га) және Далба (8596 га).

Ерекше қорғалатын аймаққа саябақтың ауқымды бөлігі (77 %), яғни ландшафтты экологиялық жүйелер, геоэкологиялық нысандар, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар, құстар мекендейтін аймақтар кіреді.

Рекреациялық қорғалатын аймаққа (15 %) қатаң тәртіп сақтау арқылы рекреациялық қызмет жасап жатқан бөлігін жатқызуға болады.

Тек қана рекреациялық аймақ 8 %-ды алып жатыр. Бұл аймаққа демалыс кешендерін дамыту үшін салынатын құрылыс жұмыстары кіреді. Сарыарқаның таулы орманды жазирасында орналасқан бұл аймаққа қоңыржай-құрғақ және құрғақ далалар сұғына еніп жатыр. Баянауыл тауларының жер бедері өзгеше қабаттық құрылысымен ерекшеленеді. Негізгі көлемін жалаңаш жазықтар мен биіктігі 450-470 метр шатқалды және төбелі шоқылар алып жатыр. Таудың су айрығы бөліктерінің кей жерлері тегістелген, көбіне ұзынша және көлденең аңғарлармен тілімденген. Баянауыл таулары оңтүстікке қарай төмеңдеп, біртіндеп одан да төмен шоқыларға ауысады.

Баянауыл тауының ең биік нүктесі – Ақбет шыңы (1027 м). Өгелен (959 м), Шибет (782 м), Сарытау (747 м). Баянауыл жері – тарихи-мәдени орталыққа айналған көненің көзі. Мұнда жоңғарлармен шайқасқан қазақ халқының ерлік істері әлі ел есінде. XVIII ғасырда Олжабай мен Жасыбай батырлар бастаған сарбаздар жоңғарлар қолын ойсырата жеңді. Асулардың бірінде жаудың қолынан қапыда қаза тапқан қазақ батыры Жасыбайдың зираты тұр. Осында алғашқы адамның тасқа салған суретін, ежелгі қазақ қоныстарының орнын, қасиетті Әулиетас үңгірін және басқа да археологиялық ескерткіштерді кездестіруге болады.

Ұлттық саябақтың аумағы табиғаттың қас шеберлері – күннің, су мен желдің мыңдаған жылдар бойғы әсерімен жасалған таңғажайып тас мүсіндерімен даңқты. Бұл жерден табиғаттың керемет туындыларын – Кемпіртасты, Көгершінді, Атбасы және басқа ғажайып тас мүсіндерді кездестіруге болады. Жасыбай көлінің оң жағалауында өлкені зерттеуші П. А. Драверттің құрметіне аталған «Драверт қуысы» тұр. Ол табиғат кереметі ғана емес, алғашқы адамның көне тас суреттері табылған орын ретінде қызықты. Киелі Әулиетас үңгірі ұлттық саябаққа келушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Бұрын үңгір Баянауыл ауданы мұсылмандарының тәуіп ететін орны болған. Қазір қызықты археологиялық ескерткіш ретінде туристерді қызықтыруда. Саябақтың аумағында 20-дан астам археологиялық нысандар – қорғандар, зираттар, көне адам мекенінің іздері бар [3].

Баянауланың таулы массивтері аралығында терең тектоникалық қазаншұнқырларда рекреациялық маңызы бар Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері орналасқан. Тұз тұнба, ащы тұзды, тұщы көлдер, халық шаруашылығында, өнеркәсіпте бальнеологиялық және туризм саласында маңызды рөл атқарады.

Терең көл шұңқырларының пайда болуына қолайлы жағдай туғызған гранитті ірі тастардың жиналуына болды. Көлдердің жағалауы өте әдемі, ал көбінің ортасында шағын жартасты аралшықтар бар. Суы тұщы болып келеді. Саябақ жерінің ауа райы континентальді болып келеді. Қысы тұрақты, жазы ыстық, жаңбырлы. Баянауыл елді мекені ауасының жылдық орташа температурасы + 3,3º С, ең суық айы қаңтарда – 13,2º С, ең ыстық айы шілдеде + 20,5º С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 400 мм, тауда кей жылдары 550 мм-ге дейін түседі. Жылы күндер 100 күннен астам. Аймақта жылдамдығы 15 м/сек күшті желдер жиі болып тұрады.

Баянауланың гранитті тастарына бейімделе отырып, тау жоталарының биік-тау қияларында өсетін таспалы қарағайлар орманы оңтүстік-батыс бөлiгінде айрықша көрініс тапқан. Қарағай орманының гранитті тастарда өсіп, кездесуiне геологиялық ерекшеліктер мен вертикальды белдемділік шекарасының байқалуы әсер еткен . Тауаралық аңғарлары өсімдік дүниесіне бай келеді. Таудан ағып шығатын бұлақтар, өсімдік жамылғысының қаулап өсуіне мүмкіндік туғызады. Тау аралық аңғарларда өсетін қарағай, қандықарағаш (реликт), қайың, көктеректі ормандар, аласа бұталары, дәрілік маңызы бар әртүрлі шөптесінді өсімдіктер бірлестiгі Баянаула тауларының ландшафттық келбетін қалыптастырады. Қазақ халқында емдік қасиеті бар, қызыл кітапқа енген төселмелі бұта түрінде өсетін қызыл арша (қазақ аршасы) ареалы орманға бөленген көгілдір биік тау қияларында сақталған . Реликті маңызы бар арша, қарағай, қандықарағаш атаулары осы ағаштардың ареалының кең болғандығынан мол ақпарлар береді.

Қарағай орманы топырақты қорғау, су жүйесін реттеу (еспе сулар), қар тоқтату жүйесінде маңызды рөл атқарады. Жайылмалық ормандар Ертіс өзенінің жағалауын шайылудан, суын лайланудан, шабындықтарды құрғақшылықтан сақтайды. Осы айтылған факторлар, қарастырылып отырған өңірдің экожүйелерінің табиғи жағдайын айқындайды. Соңдықтан да табиғи өсімдік жамылғысы қоршаған ортаның қалыпты жағдайын бейнелейді. Климат жағдайлары, ылғалдану режимі, өсімдік жамылғысының түрлері мен оның көрсеткіштері, қоршаған орта жағдайындағы өзгеріс заңдылықтарын сипаттайды .

Баянауылдың қарағайлы ормандарының ауданы XIX ғасырдың өзінде-ақ қатты азайғаны белгілі. 1820 жылғы 114 мың гектардан 1870 жылы 28 мың гектарға азайған. Қазіргі кезде оның көлемі 12 мың га. Ұлттық саябақта ағаш пен өсімдіктің 446 түрі кездеседі. Мұнда Қазақстанда сирек кездесетін Қызыл кітапқа жазылған қандықарағаш, Павлов итмұрыны, арша, көктемгі адонис т.б. өседі. Тау етегі мен жазықтар өсімдік түрлеріне бай. Таудағы арқар мен аспан астының асқақ құстары бүркіт ұлттық саябақтың мақтанышы болып табылады. Ұлттық бақта 40 сүтқоректілер, 143 құс түрі мекендейді. Көлдерде шортан, мөңке балық, оңғақ, таутан бар. Ұлттық саябақтың аумағын мекендейтін хайуанаттардың тоғыз түрі арқар, бүркіт, қыран, қарақұс, ителгі, үкі, бұйра, сұңқылдақ аққу, ақбас тырна Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген . Баянауыл ұлттық саябағы – туризмді дамыту үшін қолайлы жер болып табылады. Ұлттық бақтың басшылығы туристерге Баянауылдың барлық көркі мен кереметін көрсететін 13 түрлі туристік маршрут бағдарларын айқындап берді. Құздарға, жартасқа спорттық өрмелеуден альпинизм жарыстары өткізіліп тұрады.

Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи саябағының аумағы 3 түрлі ерекшеліктегі аймақтарға бөлінген. Олардың ең негізгілері:

- Қорықтық негізгі және табиғи ланшафттары ұзақ уақытта қалыпқа келтіруді қажет ететін аймақтар. Бұл аймақта шаруашылық немесе табиғат қорын пайдалануға тыйым салынған. Жер көлемі 31.1 мың га;

- Рекреациялық қорғауға алынған Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөл көлдерінің жағалары туристік және экскурсия саяхат маршруттарын ұйымдастыруға қолайлы орталықтары кіреді (6,1 мың га).

- Реакрациялық-шаруашылық аймағы (6 мың га). Бұл жерлерде парктің табиғат кешеніне кері әсер етпейтін шаруашылық түрлерін жүргізуге болады.

Осы аймақтардың бәрінде табиғат кешендеріне зиян келтіруге, табиғат қорын өндірістік пайдалануға болмайтын буферлік аймақ (6,5 мың га) жерді алып жатыр [102, б. 34]. Бұнда тек қана саябақтың табиғат кешеніне кесірі тимейтін шаруашылық түрлерін жүргізуге болады. Осы аймақтардың бәрінде табиғат комплекстеріне зиян келтіруге, табиғат қорын өндірісті пайдалануға, аң мен құс аулауға, көлдерден өндірістік балық аулауға тыйым салынған. 2000 жылы 21 шілдеде шыққан «Баянауыл ауданының аумағында аң аулауға тыйым салу туралы» облыс әкімінің №172 шешіміне байланысты Баянауыл өлкесін Республика жұртшылығының табиғи ортада демалып, сауықтайтын негізгі аймағына айналдыру көзделген. Мұнда 32 ірі демалыс кешендері, 34 сауда, ойын-сауық орындары, спорт алаңдары, туризм мен экскурсия орталықтары орналасқан. Суы күмістей мөлдір, майда құмды жағасы кең, айнала қоршаған қарағай орманын жамылған тау жоталарымен көмкерілген тау ортасындағы қазан шұңқырда орналасқан Жасыбай көлін ертеде «Шойынкөл» атаған.

Табиғат қорғау және ландшафттарды қалпына келтірудегі өсімдік атауларының рөлі де ерекше. Павлодар облысының аумағының көп бөлігін дала, қуаң дала зонасы құраса, ал, оңтүстік шығыс бөлігі шөлейт зонасымен шектеседі. Солтүстік – шығысында бауыр-беткейін көктеректі – қайыңды орман шоқтары, қарағай орманы басқан Баянаула мен мұндаласа, ал, шығысында реликті таспалы қарағай орманы қол бұлғайды. Ертіс жайылмасы болса өсімдік жамылғысының әркелкілігімен ажыратылып ерекшеленеді. Қазақтың ұсақ шоқылы далалы облыстарына еніп жатқан аумақта өсімдіктер бірлестігі табиғи аймақ, климат жағдайлары, топырақ түзілісіне байланысты өзгеріске ұшырайтыны сөзсіз. Мұнда әртүрлі – шымды, астық тұқымдасты, бозды – селеулі, сұлыбасты, құмбетегелі – бозды өсімдіктер бірлестігі кездеседі. Топонимдер құрамында жиі кездесетін жануар және өсімдік атауларын зерттеудің тарихи географиядағы маңыздылығы зор. Ертеден мал шаруашылығымен шұғылданған қазақтардың өзіне тән ерекшелігі – мал жағдайына байланысты көшіп жүретіндігі. Жас шөп қылтиып көрінісімен қазақтар ерте көктемде көше бастап, қай шөптің қандай түлікке жұғымдылығын ежелден-ақ аңғарған, яғни өсімдік атаулары геоэкологиялық мәлімет боп табылады . Өсімдік атауларында адам аттары да көрініс тапқан. Атап айтсақ Айгүл, Айдарша, Айдаршөп, Айрат, Ақжелкен, Ақкелін, Ақжұпар, Аққугүл, Ақмамық, Ақсауле, Ақүрпек, Ақшагүл, Алмас, Анар, Әсия, Әтіргүл, Бадам, Бақытгүл, Балауыз, Балғын, Баршынгүл, Берік, Гүлдариға, Еңлік, Жамбыл, Жанаргүл, Жауқазын, Жұлдызгүл, Жұпаргүл, Зәйтүн, Кәмила, Кәріқыз, Қызғалдақ, Қарақат, Ләйлі, Лалагүл, Маржан, Мәриямгүл, Райхан, Раушан тағы басқаларын атауға болады. Мысалы, Баянауладағы бұрынғы «Ақкелін болысы» атауы өсімдік атауы негізінде қалыптасқан деуге болады. Ақкелін өсімдігінің басқаша атауы – Ханделия деп аталады. Ерекшеігіне қарай түк жапырақты ақкелін .

Пайдаланған әдебиеттер:

/1/- Назарбаев Н.А.Нұрлы жол - болашаққа бастар жол: Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, Ақорда, 11 қараша 2014 жыл.//Егемен Қазақстан. – 2014. ж.,12 қараша. –1,8 б.



/2/- Еңсебаев Т. А. Павлодар өңірінің тарихы туралы очерктер. – Павлодар, «ЭКО» 2001. – 236 б.

/3/- Алпысбес М. А., Аршабек Т. Т., Қасен Е. Б., Кейкі Е. Көне Көктау, байырғы Баянаула байтағының тарихы (монографиялық зерттеулер). – Астана, «Парасат әлемі» баспасы 2005. – 480 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет