12-дәріс. Экономиканың анықтамасы, мақсаттары және міндеттері. Экономикалық жүйелердің типтері



Дата17.07.2017
өлшемі301.33 Kb.
12-дәріс. Экономиканың анықтамасы, мақсаттары және міндеттері. Экономикалық жүйелердің типтері
Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаты:

11.4.1.1 Экономиканы басқарудың маңыздылығын түсіндіру және негізгі мақсаттарын талдау;

11.4.1.2 Қазақстан экономикасының ұлттық моделін зерттеу
Экономика – тауарларды және қызметтерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну жүйесі. Сондай-ақ, экономика - қолда бар шектелген ресурстарды мейлінше тиімді пайдалану тәсілдерін зерттейтін ғылым. Экономика-жекелеген өңірдің, мемлекеттің, мемлекеттер тобының, бүкіл әлемнің шаруашылығы. Осы үш мағынасы негізінде экономиканың барынша ортақ анықтамасын ұсынуға болады. Экономика - адамдардың өмірдің материалдық жағдайларын қамтамасыз етуімен байланысты кез келген қызметі.

Тауарларды өндіру экономиканың негізі болып табылады. Өндіріссіз сауда да, айырбастау да, тұтыну да болмайды.

Өндіріс үшін табиғи, өндірістік және еңбек ресурстары қажет. Ресурстар шектелгендіктен, оларды барынша тиімді пайдалану қажет. Бұл тиісті ресурстарды аз шығындап, барынша жоғары нәтижеге жету керек дегенді білдіреді. Айтылған ресурстарды сатып алу үшін не өзіндік, не қарызға алынған ақша қаражаты қажет.

Өндіріс - қандай да бір материалдық нәрсені дайындау немесе өсіру. Сонымен бірге экономика көзқарасы тұрғысынан "өндіріс" ұғымына адамдар ақша төлеуге дайын әртүрлі қызметтерді көрсету де қамтылады.

Бөлу-әртүрлі кәсіпорындарға және салаларға шектелген ресурстарды ұсыну. Сонымен қатар бөлу - кәсіпорынның қосалқы иелерімен оның жарғысына сәйкес пайданы немесе тауарларды беруді білдіреді.

Тұтыну - өзінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін тауарларды және қызметтерді пайдалану. Тұтынушылық тауарлар ұзақ уақыт және қысқа уақытта пайдаланылатын тауарлар деп бөлінеді.

Айырбастау - өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейін ілгерілетудің күрделі жүйесі. Оған тасымалдау, несиелеу, сақтандыру, жарнама, көтерме және бөлшектеп сауда жасау, сондай-ақ әртүрлі қызметтер қамтылады. Айыбастау барысында төлеудің жалпымен қабылданған құралы ретінде ақша туындады және пайдаланылып келеді.

Ресурстардың шектелуіне және адам қажеттіліктерінің шексіздігіне байланысты ресурстарды үнемдеу қажет. Экономиканың ғылым ретінде туындаудың себебі де осы болып табылады.

Экономика макро және микроэкономика деп бөлінеді. Макроэкономика заңдылықтарды сала, мемлекет және бүкіл әлем деңгейінде зерттейді, ал микроэкономика жекелеген кәсіпорын немесе бірлестік деңгейіндегі үдерістерді зерттейді.

Экономика кез келген қоғамда келесі сұрақтарға жауап беруі тиіс.



Қандай тауарларды және қызметтерді және қандай мөлшерде шығару қажет? Шығарылатын тауарға сұраныс болмауы мүмкін, ал тұтынушыларға қажетті тауар не шығарылмайды, не жеткіліксіз көлемде шығарылуы мүмкін. Бірінші жағдайда артық өндіру болса, екінші жағдайда - жетіспеушілік туындайды.

Тауарларды және қызметтерді кім үшін шығару керек? Тұтынушылар өзінің кірістері, талғамдары, дәстүрлері, жас мөлшері және т.с.с. бойынша ерекшеленеді. Экономика тауарлар үшін тұтынушылардың ауқымын анықтап қана қоймай, сондай-ақ оны табыстардың шамасына ықпал ету есебінен қалыптастыруы тиіс.

Тауарларды және қызметтерді қалай шығару қажет? Технологиясы қалыс қалған және көп еңбекті қажет ететін ұсақ кәсіпорындарды пайдалануға болады, сондай-ақ заманауи жабдығы мен технологиясы бар жаппай өндірісті реттеуге болады.

Барлық сұрақтарға жауап бергенде басты мақсатты - барлық шектелген ресурстарды пайдаланып, барынша жоғары тиімділікке қол жеткізуді ескеру қажет.



Экономиканың келесі аса маңызды мақсаттарын толығырақ келтіруге болады:

  • үздіксіз өсу;

  • толықтай жұмыспен қамту;

  • мейлінше жоғары тиімділік;

  • экономикалық еркіндік;

  • табыстарды әділетті бөлу;

  • әлеуметтік қамтамасыз ету;

  • халықаралық сауданың теңгерімі;

  • қоршаған ортаны қорғау және т.с.с.

Ресурстарды бөлу және өндіріс пен айырбастау үдерістерін басқару мәселелерінің қалай\ шешілетініне байланысты экономикалық жүйелердің келесі негізгі типтерін бөледі.

Дәстүрлі экономика. Ол дәстүрлерге негізделеді және өмірлік салтының ұзақ уақыт бойы өзгермеуімен, өмірдің салыстырмалы төмен деңгейімен және нені және қалай шығару және бөлу қажет деген сұрақтарға жауаптары бұрыннан белгілі болуымен сипатталады.

Нарықтық экономика. Ресурстарға қатысты жеке меншікпен және нарықтар жүйесінің болуымен сипатталады. Адамдарда өзіндік фирманы ашу-ашпау, нені және қалай шығару, өзінің табыстарын қалай жұмсау еркіндігі бар. Әдетте, бұл кезде адам жеке пайдасын көздейді. Ресурстарды бөлу нарықтағы бағалардың сұраныс және ұсынысқа байланысты табиғи өзгеруіне байланысты жүргізіледі. Жетіспеушілік болғанда бағалар өседі, артық өндіріс кезінде төмендейді. Кәсіпорындар жұмысының басты стимулы - пайда.

Командалық экономика. Экономикалық шешімдерді ұжымдық қабылдаумен және орталықтандырылған жоспарлаумен, материалдық ресурстарға деген қоғамдық меншікпен сипатталады. Кәсіпорындар мемлекеттің меншігі болып табылады және мемлекеттік органдардың директивалары негізінде әрекет етеді. Бағалар мемлекетпен белгіленеді және сұраныс пен ұсынысқа байланысты болмайды. Жетіспеушілік карточкалық жүйені енгізуге әкеледі. Кәсіпорындардың басты мақсаты пайда емес, мемлекетпен белгіленген жоспарды орындау болып табылады.

Аралас экономика. Дамыған мемлекеттердің экономикалық жүйелері экономиканың нарықтық та, командалық та элементтерін қамтиды. Бұл бір тип артықшылықтарын пайдалануға және оның кемшіліктерін басқасының элементтері есебінен өтеуге мүмкіндік береді. Мысалы, АҚШ нарықтық экономикағы мейлінше жақын. Алайда мемлекетте өзіндік кәсіпорындары бар. Ол басқа фирмалардың қызметіне экономиканы тұрақтандыру және ұлттық мүдделерді қорғау үшін араласады.

Тұтынушылардың қанағаттануын қамтамасыз ету мақсаттары

  • Қажеттіліктерді ұлттық, мемлекеттік, қоғамдық, жеке қауіпсіздігі, құқықтарды, бостандықтарды, азаматтардың мүлігін, жиналған ақшасын қорғауды қанағаттандыру.

  • Мемлекеттің барлық азаматтарына бірдей берілетін қоғамдық игіліктердегі қажеттіліктердің қанағаттандырылуын қамтамасыз ету.

  • Халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қорғау.

  • Халықтың өмірлік деңгейін қалыптасқан, қабылданған стандарттарға сәйкес қолдау.

  • Әлеуметтік саланың дамуы: бастапқы рухани қажеттіліктер мен денсаулық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мәденит, білім беру, денсаулық сақтау, физикалық мәдениет және спорт, рекреация құралдары, туризм.

  • Азаматтардың ең төменгі тұтыну бюджетінің нормаларына сәйкес келетін жеке және отбасылық табыстарының деңгейін қамтамасыз етуге септігін тигізу.

  • Қажеттіліктердің табыспен қанағаттануын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін халық басына шаққандағы жаппай ішкі өнім шамасына жету.

Экономика тұрақтылығын, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері

  • Мемлекеттің, салалардың, өңірлердің, экономиканың өндірістік және әлеуметтік секторларының инвестициялық-инновациялық әлеуетін қолдау.

  • Нарықтық қатынастарды, олардың дұрыс жұмысын қамтамасыз ететін тетіктерді реттеу, монополияға қарсы бағаларды, тарифтерді, баждарды реттеу.

  • Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

  • Өңірлік жұмыспен қамтылуды, жұмыссыздықпен күресуді қамтамасыз ету.

  • Инфляцияны шектеу.

  • Қаржылық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ұлттық валюта бағамын және ақша айналымын реттеу.

  • Мемлекеттік шығындардың бюджеттік қамтамасыз етілуі, соның ішінде қорғаныс және лаңкестікпен күрес шығындары.

  • Тауар өндірушілерге шектелген жүктеме кезінде мемлекеттік бюджетті қамтамасыз ету мүддесіне салықтық реттеу.

  • Меншік нысандарын және қатынастарын реттеу, мемлекеттік және мемлекеттік емес, жеке меншік секторының ұтымды арақатынасын қолдау.

Экономикалық әлеуетті өсіру және нығайту міндеттері.

  • Экономикалық өсуді қамтамасыз ету.

  • Мемлекеттің ұлттық байлығын арттыру.

  • Жаппай ішкі өнімнің өсуін қамтамасыз ету.

  • Экономиканың салалық, өңірлік, жаңғыртылған құрылымдарын жетілдіру.

  • Өндірістік әлеуетті жаңартудың мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру.

  • Қазақстандық тауар өндірушілерінің техникалық-технологиялық өндіріс деңгейін және бәсекелестікке қабілетін арттыру.

  • Әлемдік экономикаға қатысуды активтендіру.

  • Қазақстандық экономикаға инвестицияларды тартуға септігін тигізу.

Ресурстық әлеуетті пайдалану тиімділігін арттыру саласындағы міндеттер

  • Экономиканың барлық секторларында және салаларында еңбек сапасын және өнімділігін арттыру.

  • Өндірістің материалдық және энергиялық сыйымдылығын төмендеу.

  • Тұрғын үй, коммуналдық-тұрмыстық, жылу және энергиялық желілер, соңғы жылу, газ және электрмен жабдықтау құрылғыларында энергия үнемдеуге септігін тигізу.

  • Өндірістің негізгі құралдарын пайдалану және беру деңгейін арттыру.

  • Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану.

  • Күрделі қаржы салымдарының өтелімділік мерзімін төмендету.

  • Тиімді салаларды, өндірістерді ресурстармен қамтамасыз ету басымдықтарын құру.

  • Қазақстандық экономиканың соның ішінде ғылыми-теникалық бағдарламалардағы сапасын, тиімділігін, бәсекелестікке қабілетін арттыру бойынша нысаналы бағдарламаларға мемлекеттік қатысу.

  • Нарықтың мемлекеттік реттеу құралдарын қазақстандық экономиканың ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға бағдарлау.

Экономиканы басқару нысандарын, әдістерін, тетіктерін жетілдіру міндеттері

  • Макро-, микро- және мезодеңгейлерде экономиканы басқарудың тиімді ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру.

  • Экономиканы орталықтандырылған мемлекеттік басқарудың және нарықтық реттеумен, шаруашылық етуші субъектілерінің экономикалық дербестілігімен ұтымды үйлестіру.

  • Экономиканы аумақтық және салалық басқарудың бірлігін қамтамасыз ету.

  • Мемлекеттік меншік нысандарының бюджеттік тиімді басқарылуын арттыру.

  • Басқарудың бірыңғай жүйесі шеңберінде экономиканы (қаржылық, несиелік, банктік, салықтық, сыртқы экономикалық) мемлекеттің басқару институттары мен құралдарының жүйесін оңтайландыру.

  • Басқарудың заңнамалық-құқықтық қорын басқарылатын нысандардың, басқарудың құқықтық негіздерін қатар жетілдіру кезінде қатынастар үдерістерінің бүкіл жиынтығына қолдану.

  • Мемлекеттің басқару институттары ретінде заң шығарушы, атқарушылық, сот органдары әрекеттерінің келісілгендігіне қол жеткізу.

  • Жалпы қазақстандық экономиканың, жекелеген салаларын, кәсіпорындарының, тауарлардың, қызметтердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды нығайту.

  • Экономикалық қызметтің ашықтығын, көлеңкелі сектордың қысқартылуын, экономиканың қылмыстануын жеңу бойынша мемлекеттік шараларды қабылдау.

  • Адал, өнімді кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізетін моральдық-психологиялық климатты құру.



13-дәріс. Экономика субъектілері және өсу факторлары
Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаты:

11.4.1.3 Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ететін факторларды анықтау;

11.4.1.4 Қазақстанның экономикалық стратегияларын баға беру;

11.4.1.5 Қазақстан экономикасы мәселелерін шешу жолдарын ұсыну (жергілікті компонент негізінде кіші жоба түрінде)


ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ФАКТОРЛАРЫ

Экономикалық өсу ЖІӨ және оның құрамдас бөліктерінің сандық өсуімен және сапалық жетілдірілуінен көрінеді.

Макроэкономикалық деңгейде экономикалық өсудің сандық динамикасының жетекші көрсеткіштері мыналар болып табылады:


  • ЖІӨ көлемінің өсуі;

  • халық басына шаққанда ЖІӨ өсу қарқыны;

  • экономиканың негізгі салалары өндірісінің өсу қарқыны

Экономикалық статистикада экономикалық өсу динамикасын зерттеу үшін "өсу қарқыны" көрсеткішін жиі қолданады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ ТИПТЕРІ

Әлемдік экономикалық тарих экономикалық өсудің екі типін біледі.



Біріншісі - еңбек және табиғи ресурстар, капитал сияқты факторлардың сандық артуы арқасында ғана жүзеге асырылатын экстентивті өсу. Нәтижесінде еңбек өнімділігі, фондық беріліс өнімділігінен көрінетін экономиканың тиімділігі бұрынғы деңгейде қала береді.

Экономикалық өсудің екінші типі қарқынды деп аталады. Ол ЖІӨ артуы пайдаланылатын еңбек, табиғи ресурстар, капитал өсуін алдын алғанда және жаңа білімдер мен кәсіпкерлік негізінде жүреді. Осылай жаңа білімдер қалған ресурстарды пайдаланудың тиімдірек технологияларын құруға мүмкіндік береді, ал кәсіпкерлік осы технологияларды өмірге белсенді енгізуге мүмкіндік береді.

Шынайы өмірде экономикалық өсудің экстенсивті және қарқынды типтері бөлек таза күйінде тіршілік етпейді, белгілі бір дәрежеде араласып, үйлеседі. Сондықтан да бір-бірінің басымдығына байланысты экономикалық өсудің экстенсивті басымдылығы немесе қарқынды басымдылығы деп ерекшеленеді.

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ ЖӘНЕ СУБЪЕКТІЛЕРІ

Ұлттық экономика жекелеген мемлекет шегінде шектелген, оқшауланбаған және әлемдік экономика жүйесінің бөлігі болып табылады. Сондықтан оның қызметін қамтамасыз ететін факторларды екі өзара байланысты топтарға бөледі: сыртқы және ішкі.

Сыртқы факторларға ұлттық экономикаға сырттан әлемдік экономика тарапынан ықпал ететін экономикалық, саяси, демографиялық, мәдени факторлар жатқызылады.

Экономикалық факторларға:

- мемлекеттің ұлттық экономикасының нақты "бейінін" қалыптастыратын еңбектің халықаралық бөлінісінің дамуы;

- мемлекеттің әлем нарығындағы үлесі (оның басым болуы) және басқа мемлекеттердің жауапты реакциялары (мысалы, тауарлардың "импортқа қарсы" немесе "импорт алмастырушы" өндірісті ұйымдастыру);

- әлемнің әртүрлі өңірлерінде ұлттық экономиканың құрылымдық өзгеруіне әкелетін "сауда соғыстарының" дамуы қамтылады.



Саяси факторлар:

- қандай да бір тауарлардың жеткізіліміне "эмбарго" жариялау;

- неғұрлым қолайлы режимді (НҚР) ұсыну (немесе ұсынбау);

- мемлекеттің қандай да бір одаққа қабылдануы (немесе қабылданбауы);

- дипломатиялық қатынастардың белгіленуі немесе бұзылуы;

- әскери-саяси ұйымға кіру;

- қандай да бір мемлекеттермен соғыс жағдайында болу болып табылады.

Демографиялық факторлар:

- жұмыс күшінің көшіп-қону ағындарының бағыттарын өзгерту;

- мемлекетте жұмыссыздық қаупінің болуы;

- төлемдік теңгерімі құрылысының өзгеруін қамтиды.



Мәдени факторлар:

- мемлекетке жаппай шетелдік мәдениеттің экспансиясы, бұл экономиканың тиісті салалары жағдайына әсер етеді (мысалы, отандық кинематографияның құлдырауы);

- аудио-және бейне өнімі импортынан валюталық ресурстардың шетелге ағуын қамтиды.

Ішкі факторларға:

- субъектілердің саны және экономикалық жағдайы;

- экономиканы басқару нысандары және субъектілердің экономикалық қызметінің жағдайлары қамтылады.

Экономиканың қазіргі даму сатысындағы экономикалық өсуге келесі факторлар үлкен ықпал етеді:

1) экономикалық өсуге тікелей ықпал ететін табиғи ресурстар. Олардың тағайындалуы тажылмай артып келеді, себебі олардың қорлары шектелген және сарқылмалы. Табиғи ресурстардың шектелу мәселесі әлем экономикасының ілгері өсуін түпкілікті тоқтата алатын басты фактор болып табылады. Өсудің қазіргі екпінін сақтаудың жалғыз жолы өндірістік үдеріске жаңа, бұрын қолданылмаған ресурстардытартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды әзірлеу не болмаса қолда бар ресурстарды тереңірек және нәтижелі пайдаланылуын жүзеге асыру болып табылады;

2) халық санының, еңбек ресурстары көлемінің артуы. Бір жағынан, бұл экономикалық өсудің екпініне оң әсер етсе, екінші жағынан - теріс әсер етеді. Халық саны артқанда соған сәйкес оның қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті, шектелген ресурстардың көлемі де артады. Нәтижесінде ұлттық экономика жұмыссыздық, аштық, індет сияқты бірқатар әлеуметтік мәселелерге ұшырайды. Екінші жағынан, халық санының артуы - оң фактор, себебі ол жұмыс күшінің құнын төмендетеді, өндіріс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді;

3) өндіріс ауқымы мен көлемін арттыруға, жаңа ғылыми және техникалық әзірлемелерге, адам ресурстарына инвестициялауға мүмүкіндік беретін ұлттық экономика шеңберінде капиталдың шоғырлану дәрежесінің артуы;

4) экономикалық өсудің негізін қалаушы фактор болып табылатын ғылыми-техникалық революция, себебі ол экономиканың дамудың сапалық жаңа деңгейіне шығуымен байланысты.

Ұлттық экономика шеңберінде экономикалық факторлардың өзара ықпалы өзара байланысты. Мемлекеттің басты міндеті - қолда бар экономикалық факторларды барынша толық пайдалану, оларды экономикалық өсуді бүкіл халық мүддесін жүзеге асыруға бағдарлау үшін қажетті жаққа бағыттау.

Ұлттық экономика субъектілері:

1) Үй шаруашылықтары - еңбек, материалдық және қаржылық ресурстары бар, сондай ресурстарды экономикаға ұсынып, табыс алатын және алынған табысты өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланатын жеке тұлғалар (немесе отбасылар).

2) Кәсіпорындар - сатып алынған және қарызға алынған ресурстарды соңғы мақсаты - пайда алу үшін тауарларды және қызметтерді өндіру үшін пайдаланатын заңды тұлғалар. Бұл - өндірістік кәсіпорындар (фирмалар, зауыттар, фабрикалар, ауыл шаруашылық кәсіпорындар) және қаржылық (банктер, несиелік ұйымдар және т.б.) мекемелер.

3)Мемлекет - мемлекеттік институттардың жиынтығы. Мемлекет экономикамен жасалған табыстарды қайта бөледі, тауарларды және қызметтерді сатып алады, қоғамдық тұтыну игіліктерінің жасалуын қамтамасыз етеді, заңнаманы құрады және экономиканы реттейді.



14-дәріс. Геосаясаттың анықтамасы, оның әдістері және функциялары
Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаты:

11.5.1.1 Геосаясатты зерттеу әдістері мен құралдарын атау


ГЕОСАЯСАТ АНЫҚТАМАСЫ

Геосаясат(географиялық саясат; грек. γη - жер πολιτική - мемлекеттік немесе қоғамдық істер) ғылыми бағыт ретінде-кез келген рангтағы аумақ, кеңістікті бақылау, әртүрлі мемлекеттердің және мемлекетаралық бірлестіктердің ықпал ету (күш орталықтары) салаларын бөлу және қайта бөлу заңдылықтары туралы тұжырымдама. Саяси географияның бөлігі болып табылмайды, қоғамдық-географиялық ғылымдар қатарына жатады.

Ғылыми тұрғыда геосаясатты мемлекеттік әрекеттердің (саясаттың) мемлекеттің географиялық орналасуы (теңіздерге және мұхиттарға шығуы, ландшафт, таулар, шөлдер, батпақтар, су қатынастары, топырақ, климат, өсімдіктер, пайдалы қазбалар және т.с. сияқты табиғи шекаралардың болуы), аумағының көлемі, шекараларының созылуы және олардың конфигурациясы, мемлекетте тұратын халықтың саны және құрамы және т.б. сияқты факторларға тәуелді болуын түсіндіретін пәнаралық (кешенді) теория ретінде анықтауға болады. Басты геосаяси фактор - әрине, мемлекеттің алып жатқан аумағы: оның көлемі, құрамы және конфигурациясы болып табылады. Бұл факторға барлық қалған факторлар байланысты. Сондықтан да геосаясат теориялық тұрғыда - бұл ең алдымен мемлекеттің аумақтық мүдделері туралы ғылым.

Геосаясат саяси тәжірибе тұрғысынан алғанда - әлемдік ауқымдылықтың географиялық, экономикалық, демографиялық факторларды ескеріп жүргізілетін немесе негізделетін мемлекеттің саясаты.

Геосаясаттың субъектілеріне тұрақты саяси мүдделері бар және сондай мүдделерін белгілі бір географиялық кеңістіктерде де және бүкіл планета ауқымында да қорғауға қабілетті ұлттарды, мемлекеттерді, мемлекеттер одақтарын (біріккен бірлестіктер), халықаралық ұйымдарды және т.с.с. жатқызу қалыптасқан.

Геосаясаттың ғылым ретіндегі объектісі планеталық кеңістік, жүйе ретіндегі әлемдік қауымдастықтағы геосаяси үдерістер және құбылыстар болып табылады.

Геосаясатты зерттеу мәні геосаясат субъектілер арасындағы билікке жету немесе қайта бөлу және қандай да бір аумақтарда ықпал ету салдарынан ең бірінші кезекте географиялық факторлар ықпалымен жаһандық және өңірлік деңгейлердегі қатынастарының жүйесі болып табылады.

ГЕОСАЯСАТТЫҢ ӘДІСТЕРІ МЕН ФУНКЦИЯЛАРЫ

Кез келген ғылымда өзіндік әдіснама - тану қағидаттарының, нормаларының және әдістерінің жиынтығы болады. Геосаясатта әдістердің үш тобы пайдаланылады: теориялық, жалпы ғылыми және тәжірибелік.



Жүйелі әдіс негізгі қағидат ретінде құрылымдық-функционалдық ұстанымды пайдаланады. Оның мәні қоғамдық өмірдің кез келген саласын, ғылымды, атап айтқанда геосаясатты біртұтас, күрлері ұйымдасқан және өзін-өзі реттейтін, қоршаған ортамен жүйенің кіру және шығу жолдары арқылы үздіксіз өзара әрекеттесудегі ағза ретінде қарау болып табылады.

Ғылымдағы қызметтік әдісті психологиялық немесе әлеуметтік-психологиялық деп атайды. Ол индивидтер немесе топтардың жүріс-тұрысының оларды жаһандық қауымға қосуына тәуелділігін, сондай-ақ ұлттардың, таптардың, тобырдың, кіші топтардың және т.с.с. психологиялық сипаттамаларын зерттеуге бағдарланған. Геосаясатта бұл әдіс динамикадағы геосаяси бейнені талдауға және оны айрықша қызмет және қызмет мақсаттарын анықтаудан бастап шешім қабылдауға дейінгі белгілі бір кезеңдері бар циклдық үдеріс ретінде қарауға бағытталған. Қызметтік әдіс геосаяси шешімдердің әдіснамалық негізін құрайды.



Салыстырмалы әдіс қоғам туралы көптеген ғылымдарда пайдаланылады: тарихта, әлеуметтануда, географяида және әлеуметтануда. Геосаясат синтетикалық ғылым ретінде сондай-ақ осы әдісіті кеңінен қолданады. Осы әдіс өмірдің біртипті құбылыстарын ортақ белгілерін және айырмашылықтарын айқындау, міндеттерді шешудің тиімді жолдарын табу және т.с.с үшін салыстыруды көздейді. Салыстырмалы әдіс басқа халықтардың және мемлекеттің жағдайларға, жерге және уақытқа қатысты қолданған тәжірибесін жемісті пайдалануға мүмкіндік береді.

Тарихи әдіс те ертеден барлық қоғамдық ғылымдарда қолданылады. Ол өмірдің барлық құбылыстарын кезекті уақыт дамуында, өткенмен, қазіргі уақытпен және болашақпен байланысын анықтай отырып, зерттейді. Геосаясатағы бұл әдіс философия, әлеуметтану, тарих, саясаттанудағы аса маңызды әдістердің бірі.

Нормативтік-құндылық әдісі мемлекет, тұлға үшін қандай да бір фактілердің, құбылыстардың мәнін анықтауды, сол фактілердің немесе құбылыстардың мемлекеттің, индивидтің игілігі үшін бағалауды қамтиды. Бұл бағалау әділеттілік немесе әділетсіздік, басқа мемлекеттер халқын құрметтеу немесе олардың бостандығын оңшылдандыру тұрғысынан беріледі. Нормативтік әдіс, әдетте, саясатты және саяси көсемдерді идеалдандырады.

Функционалдық әдіс қоғамдық өмірдің әртүрлі салалары немесе мемлекет не болмаса мемлекет топтары арасындағы қатынастарды мұқият зерттейді: олардың экономикалық, саяси қатынастарымен, әскери байланыстары немесе қарама-қарсылықтарының деңгейлерімен, халқының урбанизациялану дәрежесімен, оның тығыздығымен, саяси белсенділігімен, адамгершілік-психологиялық ділінің биіктігімен және т.с.с.

Бихевиористік әдістің негізінде адамның жүріс-тұрысы әртүрлі сыртқы қоздырғыштар мен стимулдарға қатысты реакциясы деген болжам бар. Осы реакция санамен түсінілген күрделі үдеріс ретінде қарастырылады. Геосаясатта осы әдіс көмегімен, әдетте, адамдардың өмір жағдайларының өзгеруімен, саяси шешімдердің қабылдануымен және т.с.с. салдарынан саяси және геосаяси жүріс-тұрысындағы өзгерістерін сипаттайды. Геосаясат та саясат сияқты тұлғалық өлшемге ие. Адамдардың әрекеттері, олардың мүдделері нақты тұлғада жинақталады, өзектендіріледі және көрсетіледі. Ол зерттеудің басты объектісі болып табылады.

Зерттеудің тәжірибелік әдістері геосаясатқа және жалпы ғылымға әлеуметтанудан, статистикадан, кибернетикадан және басқа ғылымдардан келді және саяси көсемдердің геосаяси, шынайы ниеттері туралы, әртүрлі мемлекеттердің құндылықтық бағдарлары мен геосаяси нұсқамалары туралы, массалардың мемлекеттік басқарушылық шешімдерге қатысы және олардың геосаяси насихатқа деген реакциясы туралы ақпаратты жинауға бағдарланған. Осы мақсаттарға жету үшін геосаясатта келесі әдістер қолданылады:



  • қадағалау - геосаяси факторларды қасақана, мақсатты, жүйелі тікелей қабылдау және тіркеуді қамтитын бастапқы тәжірибелік деректерді жинау әдісі;

  • сұрау - зерттеушінің адамдардың-сұхбаткерлердің белгілі бір жиынтығына қойылатын, мазмұны зерттелетін мәселеге арналған ауызша немесе жазбаша өтініші түрінде болады. Геосаясатта сұраулар қоғамдық мәселелердің ең кең ауқымы бойынша пікірін зерттеу үшін жүргізіледі;

  • контент-талдау - белгілі бір құжаттарды (конституция, партиялық бағдарлама, нұсқаулық, заңнамалық актілер және т.с.с.) мақсатты зерттеуді көздейді. Қазіргі кезде осы әдісті қолдану, сондай-ақ, компьютерлік технологияларды кеңінен пайдаланумен байланысты.

Жалпы логикалық әдістер көбіне геосаяси әрекеттермен, өзгерістермен байланысты тану үдерісінің ұйымдастыруға және рәсіміне қатысты. Бұл топқа талдау және синтез, индукция және дедукция, дерексіздендіру және дерексізден нақтыға қарай жүру, тарихи және логикалық талдау үйлесімі, тәжірибенің барлық түрлері, модельдеу, кибернетикалық, математикалық, болжамдық және басқа әдістер жатады.

Геосаясат ғылым пән ретінде жекелеген мемлекет, мемлекеттер одағы, қарама-қарсы блоктардың өмірімен көп жақты байланыстарға ие. Ол шынайы өмірдің шынайы байланыстары мен заңдылықтарын көрсетеді, бұл оған белгілі бір функцияларды орындауға мүмкіндік береді.



Танымдық функция ең алдымен мемлекеттер мен халықтардың геосаяси даму үрдістерін әртүрлі құбылыстар, үдерістер, оқиғалардың өзгерісімен бірге зерттеу болып табылады. Геосаяси өмірді ғылыми тануда салыстыру, ұқсату, экстраполяция әдістерін пайдаланып, мемлекеттер, елдер және халықтардың өміріндегі теориялық білімдердің жиынтығын пайдаланады.

Геосаясаттың болжау функциясы танымдық функциядан туындайды.

Кез келген зерттеулер - теориялық және тәжірибелік - көбіне геосаяси күштер, алаңдар дамуына мейлінше дұрыс болжам беру, мемлекеттер немесе одақтардың конфиругациясын, олардың халықаралық, этникалық қатынастардың дамуына ықпалын белгілеу, мүмкін жергілікті жанжалдарды реттеу және оларды болдырмау немесе өтеу үшін ұсынымдарды әзірлеу үшін жүргізіледі.

Геосаясаттың басқарушылық функциясы тәжірибелік ақпаратты жинау және талдауда, нақты басқарушылық шешімдерді және ұсынымдарды әзірлеуден көрінеді. Демек, геосаясаттың басқарушылық функциясы оның қолданбалы бөлігі геосаяси оқиғаларды басқару үшін, оларды қалыптастыру және оларды басқару үшін тәжірибелік ұсынымдарды дайындауға және әзірлеуге тікелей қатысуында нақты көрінеді.



Геосаясаттың идеологиялық функциясы да алдыңғылары сияқты сондай көпқырлы. Пән өз бетімен көптеген онжылдықтар бойы КСРО-да жалған ғылым, жоғары дамыған мемлекеттердің әлемдік үстемдікке агрессивті талпынысын ақтайтын империализм, фашизм идеологиясы деп саналды. Шындығында да солай болған және қазір де де солай.

Осылайша, геосаясат - үлкен кеңістіктер, жаһандық саяси, экономикалық және басқа үдерістері туралы және оларды басқару өнері туралы ғылым.



15-дәріс. Геосаясат құралдары. Геосаяси жағдайды бағалау. Геосаяси қуат
Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаты:

11.5.1.1 Геосаясатты зерттеу әдістерін және құралдарын атау;

11.5.1.2 Қазақстанның геосаяси жағдайын және орнын талдау;

11.5.1.3 Қазақстанның геосаяси қуатын бағалау негізінде қауіпсіздікті нығайту бойынша ұсыныстарды әзірлеу



ГЕОСАЯСАТ ҚҰРАЛДАРЫ:

1. Әскери - қарсылас және оның заттай дәулеттері физикалық түрде (тұтқынға/құлдыққа алынады) суық, оқ ататын, жоғары дәлдікті және материалдық қарудың басқа түрлері көмегімен жойылады. Адамзат тарихының негізгі бөлігін бақталастармен күресудің осы тәсілін пайдаланды. Қазіргі сәтте геосаяси сахнадағы тайталасушы ойыншылар беделінің артуына байланысты сирек қолданылатын болды. Қарапайым тілмен айтқанда - күшті мемлекет әлсіз мемлекетке өзінің ұлттық мүдделерін қорғайтын және бірінші мемлекеттің нығаюына жол бермейтін екінші күшті мемлекет болмаған жағдайда ғана басып алуы мүмкін.

2.Биологиялық - зертханаларда әзірленген немесе табиғи көздерден пайдаланылған әртүрлі вирустар және инфекциялар.

3.Экологиялық - қарсыластың өмірлік қажеттілігі бар табиғи ресурстарын жою. Бұл тәсіл қарсыласты қарсыласу үшін ресурстардан айырып қана қоймай, сондай-ақ берілген аумақтағы халық санын қысқартуға, аздыруға, оны алып жатқан жерінен ығыстыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа бұл табиғи шекараны құруға мүмкіндік береді.

4.Экономикалық - мемлекеттің үкіметін, экономикасын, халқын несиелеу және қаржылық ауырлықтың басқа түрлерінің деңгейін және қаржы құралдарын пайыздық қарызға беретін тұлғаларға тікелей тәуелділікті арттыру.

5. Геосаяси қарсыласуды жүргізудің аса маңызды құралдары мәні бойынша экономикалық құралдардың құрамдас бөлігі болатын нарықтық және энергетикалық құралдар болып табылады. Нарықтық құралдар жеткізушінің тұтынушыға тәуелділігін құруды ғана көздемейді (ұранда көрсетілгендей "тұтынушынікі әрқашан да дұрыс"), сонымен қатар керісінше болуды көздейді.



6. Психологиялық - қарсыласта шарасыздық жағдайын, одақтастарына немесе көршілеріне деген жеккөрінішті сезімін қоздыру және т.б. көмегімен қарсыласуға деген рухын басу. Басылған психиканың қарсыласуға да, жасампаздыққа да қабілетсіз болатыны анық. Сонымен қатар психологиялық ықпал етудің биологиялық қыры туралы айтып өту қажет - ағзаның өсімпаздық функциялары болашаққа деген сенімі болмағанда төмендейді, адам оған көбірек ұнайтын балама шынайылықта (ішімдік, есірткі, компьютерлік және құмар ойындар) жұбаныш іздей бастайды.

7. Идеологиялық - психологиялықтан ерекшелігі - онда ұғымдар мен өмірлік құндылықтарды ауыстыру тәсілі жүзеге асырылады. Әрбір топта өз дамуының өзіндік идеологиясы және бағдары болады. Оларды мәжбүрлі құндылықтармен алмастыру халық бөлігінің геосаяси ойыншымен құрылған билік астына өтуін білдіреді.

8. Геосаяси қарсыласуды ақпараттық құралдармен жүргізу - оларсыз кез келген мемлекет бір тәулік ішінде толығымен жойылуы мүмкін спутниктер, антенналар, ЖСР және аса маңызды нысандар ғана емес, сондай-ақ ақпарат ағындары мен оларды құбылыс ретінде құру әлдеқайда маңыздырақ. БАҚ, Ғаламторды, ұялы байланысты және ақпаратты берудің басқа тәсілдерін бақылау қажетті ақпаратты жасауға, ал қажетсізді - жоюға мүмкіндік береді. Мұндай бақылау "каноникалық" пікірмен жанаспайтын кез келген пікірді білдіртпеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа күресудің ақпараттық құралдары көмегімен езілген халықтардың еркіндігі иллюзиясын құруға, езілу идеясының өзін қалеке етуге және жоюға болады (біз ХХІ ғасырдамыз, айналамыздың барлығы - өркениетті достар). Адамдардың көбі көптеген отандық компаниялар, ең бастысы банктердің, соның ішінде орталық банк активтерінің кімге тиесілі екендігін білмегені күлкілі ме екен, мұның барлығы ұлттық өкіметті қолдау және оған деген сенімнің жойылуына әкеледі. Жалпы жұмылдырусыз сыртқы және ішкі қиындықтарға толыққанды төтеп беруге болмайды, ал ақпараттық құралдар көмегімен жұмылдыру мүмкіндігі мен қажеттілігі идеясының өзін жоюға болады.

9. Жүзеге асыру үшін ең соңғы және ең ауыр құралдар - рухани құралдар. Бұл құралдар ақпараттық құралдардың туындысы немесе солардың негізі деп санауға болады. Геосаяси қарсыласта (халықтар, мемлекетте және т.с.с.) басқару және жеңу, жақсылық және жамандық санаттарын түсінуді өзгерту үшін қолайлы құндылықтар мен өмірлік бағдарлар жүйесін құру соның мәні болып табылады. Мысалы - дәстүрлі емес жыныстық қатынас, оны енгізу мемлекеттің құраушы элемент болып табылатын отбасы және неке институтының бұзылуына әкеледі. Өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жүзеге асыру және қоғамға пайдалы бола білу - өмірлік басымдықтары менменшілдікпен, тұтыну деңгейінің және нигилизмнің артуымен алмастырылған. Ешкім дерлік өзі тұрып жатқан қоғамға деген пайдалы болуы және міндеттілігі туралы ойланбайды да. Ешқандай өнімді (зияткерлік, физикалық, рухани және т.с.с.) шығармайтын мамандықтардың саны - осыған көрнекі мысал бола алады.

ГЕОСАЯСИ ЖАҒДАЙДЫ БАҒАЛАУ

Геосаяси жағдайлар - мемлекеттің саяси картадағы орнын, оның әртүрлі мемлекеттерге және геосаяси күштерге (одақтастар немесе жаулар және т.с.с.) қатынасын бағалау. Мемлекеттің жағдайын келесі деңгейлерде бағалауға болады:

  • макродеңгейде - экономика және саясаттың әлемдік орталықтарына қатысты;

  • мезодеңгейде - ірі өңірлер және мемлекеттердің топтарына қатысты;

  • микродеңгейде - шекаралас мемлекеттер және солармен қатынастарға қатысты.

Ынтымақтастықты немесе жауласуды көздеу мемлекеттердің өзара қатынастардың мүмкін күйінің келесі бес санатымен анықталады.

1.Одақтастар - бұл, әдетте, сауда-экономикалық одақтар шеңберінде біріктірілген мемлекеттер ғана емес, сондай-ақ әскери блоктарға мүше болу арқылы не болмаса қауіпсіздік саласындағы екіжақты немесе көпжақты келісімдер арқылы тығыз әскери-саяси өзара әрекеттесетін мемлекеттер.

2. Серіктестер - бір-бірімен белсенді өзара әрекеттесетін, әсіресе экономикалық салада, бірақ әскери-саяси міндеттемелермен төмен дәрежеде байланысқан мемлекеттер. Жалпы алғанда олардың өзара әрекеттесу деңгейі одақтықтан төмен.

3. Бейтараптар - қатынастарында оң да, теріс те жақтары бар мемлекеттер. Жалпы алғанда бұл деңгей мемлекеттер арасындағы салыстырмалы бейтараптылықты не болмаса жауласу сатысынан ынтымақтастыққа өту және керісінше болатын күйін көрсетеді.

4. Бақталастар - сауда-экономикалық және (немесе) әскери-саяси салалардағы өткір бақталастық ұстанымы ресімделген мемлекеттер.

5. Жаулар - қатынастары ашық тайталасумен сипатталатын мемлекеттер.

Қазақстан маңызды геосаяси жағдайға ие. Х.Маккиндердің "Тарихтың географиялық осі" еңбегіне сәйкес Қазақстанның аумағы Heartland –"Жердің өзегіне" жатады. Heartland-қа Ресей аумағының бөлігі және Қазақстан Республикасының аумағы тұтас кіреді. Онымен бұдан ертерек жасалған геосаясаттың басты постулаты былай дейді: "Шығыс Еуропаны бақылаушы, Heartland –ды басқарады. Heartland –ты басқарушы Әлем аралын (Еуразия мен Африканы) басқарады. Әлем аралын бақылаушы, әлемді басқарады". Х. Маккиндер табиғи ресурстардың орасан зор қорына байланысты, сондай-ақ көбіне - оның сыртқы жаулардан қорғалуы салдарынан Heartland-ке үлкен геосаяси мән берген. Ол Heartland –ты "ұлы табиғи бекініс" деп атаған. Қазіргі түсініктерге сәйкес Heartland "ішкі жарты аймен" қоршалған, ол "Жердің өзегін" белгілі бір дәрежеде қорғайды. Қазақстан Республикасының қазіргі жалпы әлемнің геосаяси бейнесінде салмақты рөлі оның осындай географиялық орналасуына байланысты. Аса ірі американдық геосаясатшы Маккиндердің пікірінше, Еуразияның ішкі континентальдық бөлігі бола отырып, жердің өзегі, "хартленд" әлем шегі, стратегиялық шикізаттың аса маңызды түрлеріне ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін күрестің жаңа кезеңін бастаған әлемнің ірі державаларының стратегиялық мүдделерінің қақ ортасында орналасқан.

Қазақстан Еуропа және Азияның көлік және коммуникациялық желілерінің қиылысқан, Батыс пен Шығыс қосылатын жерде орналасқан. КСРО кезінде Еуразиялық континент мемлекеттері арасындағы жол қатынастары одан тыс теңіздер мен мұхиттарда салынған болатын, себебі КСРО қоғамның жабықтығын насихаттаған болатын. Бүгінде Еуразия континентіндегі саяси-экономикалық қайта құрулар нәтижесінде, дәлірек айтқанда - Кеңес одағы ыдырағаннан соң, мемлекеттерде құрлық бойымен жол қатынасының ең қысқа жолын пайдалану мүмкіндігі бар, ал олардың негізгі жолдары саналы түрде болғанда Қазақстан арқылы өтуге міндеттейді, бұл жетекші державалардың біздің аумақты коммуникациялардың төмендегі барлық түрлерінің транзитті қатынастары үшін пайдаланудың өткір қажеттілігін туғызады: автомобильді, темір жол, авиациялық, құбырлық қатынастар мен телекоммуникациялар.

Өзінің географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстан әлемдік қауымдастықта үлкен геосаяси мүддені тудырады, бұл біздің республиканың сыртқы саяси қызметінің бағыттарынан көрінеді, бұл ретте мемлекеттің басшылығы бірінші кезекте өзінің геосаяси мүдделерінің пайдасы үшін орасан зор жұмысты атқаратынын атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасы көпұлтты мемлекет, әлем өркениеттерінің өзара әрекеттесу аймағында орнаса отырып, этникалық жанжалдардың әлеуетті қауіптері бар планета өңірлерін алып жатыр. С.Хангтинтон өзінің "Өркениеттердің қақтығысуы" кітабында былай деп жазған: "...Адамзат бөлінуінің негізін қалаушы - этникалық, діни және өркениетті-қағидаттар жаңа жанжалдардың себебі болған және болады да".

ГЕОСАЯСИ ҚУАТ

Геосаяси қуат - мемлекеттің немесе әскери-саяси блоктың әскери (соның ішінде ядролық), демографиялық, материалдық, аумақтық және рухани (құндылықты) ресурстардың жиынтығы. Оған саяси ерік, әскери қуат және ядролық қарудың болуы, демографиялық және экономикалық әлеует, аумақтың көлемі және басқа ресурстар қамтылады.

Геосаяси жүйеде тіршілік ететін кез келген мемлекет белгілі бір орынды алады, яғни мемлекеттік халықаралық қатынастар шеңберіндегі саяси және құқықтық жағдайының болуын көздейтін мәртебесі болады. Басқаша айтқанда, геосаяси мәртебе-мемлекеттің немес өзге саяси субъектінің жаһандық геосаяси жүйе шеңберіндегі оның әскери-саяси және экономикалық қуатын, мемлекетаралық қатынастардың қандай да бір саласында туындайтын мәселелерді шешу мүмкіндіктері, яғни - геосаяси әлеуеті барын сипаттайтын саяси-құқықтық орны. Геосаяси мәртебені анықтау үшін оны жан-жақты сипаттайтын және оның ажырамас және аса маңызды (басты) белгілері болатын бірнеше параметрлерді бөлуге болады. Олар кез келген мемлекеттің тіршілік ету негізін құрайды. Параметрлер негізгі (бастапқы) және динамикалық (екіншілік) болуы мүмкін. Геосаяси мәртебенің бастапқы параметрлері географиялық орнымен, аумақтық көлемімен, климаттық жағдайлармен, табиғи ресурстарының барымен немесе жоқтығымен, халқының қоныстану тығыздығымен және т.с.с. анықталады. Екінішілік параметрлер-мемлекет басшылығының саяси еркіне, оның негізінде мемлекеттің ұлттық мүдделері болатын қандай да бір геосаяси стратегияны жүзеге асыра алу қабілетіне және өзгермелі жаһандық геосаяси жүйеге байланысты мемлекеттің саяси, әскери, әлеуметтік-экономикалық атрибуттары. Геосаяси мәртебенің көптеген әртүрлі параметрлері қатарынан біз екі басты параметрді бөлеміз. Олар бірнешеу:



1. Аумақтық-географиялық орналасуы. Бүгінде аумақ дегенді белгілі бір құқықтық режимі бар кеңістік, яғни құрлықтары және сулары, жер қойнаулары және әуе кеңістігі, сондай-ақ-ғарыштық кеңістік пен сондағы аспан денелері бар жер шарының бөлігі деп қарастырады. Ол мемлекет тіршілігінің материалдық негізі болып табылады. Аумақтың сапасы табиғи және климаттық жағдайлармен, әлем мұхитына шығу жолдарының бар болуымен немесе жоқ болуымен, ішкі су коммуникацияларымен, табиғи және әсіресе энергиялық ресурстардың қорларымен және оларды игеру тәсілдерімен, мәдениет, экономика жетістіктерімен, сондай-ақ қоғамды саяси элита тарапынан жалпы басқару сапасымен анықталады. Аумақ мемлекеттің маңыздылығы бойынша барлық басқа ресурстардан асып түсетін стратегиялық ресурсты құрайды, себебі мемлекет мүдделерінің сипатына және негізін қалаушы параметрлеріне ықпал етеді.

2. Шекаралық кеңістік және шекаралардың жағдайы Шекаралық кеңістік ұлттық аумақтың құрлықтағы, әуедегі және су бассейндеріндегі шегінде мемлекеттің егемендігін және оның ұлттық мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететін арнайы құқықтық режим және әрекеттер тәртібі белгіленетін мемлекеттік шекараға ішкі және сыртқы жағынан іргелес жатқан бөлігін қамтиды. Мемлекеттік шекара және шекаралық кеңістік параметрлері мемлекеттің геосаяси жағдайының ажырамас компоненті болып табылады.

3. Қоныстанған халықтың жағдайы маңызды құраушы болып табылатын өмір сүру қабілеті: оның саны және сапасы. Сапа дегенді ұлттың физикалық денсаулығы, қоғамға тән көбею типтері, білім деңгейі және кәсіби біліктер және т.с.с. деп қарау керек.

4. Әскери-стратегиялық қуаттың болуы, соның ішінде тиімді әрекет ететін әскери-өнеркәсіптік кешен, соғысуға қабілетті әскер, ядролық қарудың бары немесе жоқтығы, стратегиялық технологиялардың дамуын қоса алғанда. Сонымен қатар мемлекеттің бітімгерлік операцияға қатысуы, мемлекеттің және ұлттың жаһандық ауқымда қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын дамыған күштік ұйымдастырылуы да маңызды. Қауіптерді баяндайтын және оларды болдырмау және жою құралдарын сипаттайтын әскери доктриналардың бар болуы басты рөлді атқарады.

5. Мемлекеттің және ұлттың ұлттық қауіпсіздік дәрежесі. Ұлттық қауіпсіздік ең алдымен мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделерінің, осы мүдделерге ішкі де, сыртқы да қауіптері бар өзара әрекеттесу және тайталасудың үдерістері үнемі жүретін аса күрделі көп деңгейлі функционалдық жүйені құрайды. Ұлттық қауіпсіздік жүйесінің басты жүйе құрушы элементі ретінде қанағаттандырылуы қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алатын қоғам мен мемлекеттің елеулі қажеттіліктерін қозғайтын ұлттық мүдделер болып табылады. Кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша сипатқа ие, себебі мемлекеттік және ұлттық мүдделердің және олардың жүзеге асыру ерекшелігімен анықталады. ХХІ ғасырда қауіпсіздіктің жаңа қырлары одан да өспелі рөлге ие болатыны анық, бірақ бұл ретте күштің дәстүрлі теңгерімін сақтау және әскери-стратегиялық паритет өз маңыздылығын жоғалтпас. Олар өзінің мәнін халықаралық қауіпсіздік жүйесінің негізгі элементі ретінде сақтайды.

6. Мемлекеттің бағдарламалық құжаттар жүйесінде жүзеге асырылатын геосаяси стратегияны әзірлеу дәрежесі: конституциялар, ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамалары, экономикалық қауіпсіздік стратегиялары, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және ұлттық дамуының ұзақ мерзімді стратегиялары.



7. Мемлекеттің және қоғамның геосаяси белсенділігі немесе пассивтілігін, олардың экономикалық қуатын, ғылым мен ғылымға сыйымды технологияларының даму дәрежесі, халықаралық іске қабілеті және мемлекеттің беделін қамтитын халықаралық қауымдастық дамуына үлес қосу қабілеті.


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет